Семей қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында «Адалдық марафоны: Әділетті қоғам – менің таңдауым!» атты марафон ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің қолдауымен өтті.
Бастаманың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау арқылы мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу.
Марафон қатысушылары спорттық белсенділікпен қатар, әділетті қоғам қалыптастырудағы әр азаматтың рөлі мен жеке жауапкершілігінің маңызын айқындайтын бастаманы қолдады. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына және парасаттылық қағидаттарын күнделікті өмірде ұстануына ықпал етеді.
Марафонның қорытындысы бойынша өткен марапаттау рәсіміне Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Камалов қатысты. Олар жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табыстап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Адалдық марафоны» – салауатты өмір салтын қолдаумен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және әділетті қоғам құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған бастама.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Абай облысы бойынша департаменті







