Бұл мектептің оқушылары үш тілді: себебі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады. Бұл мектепті бітіріп, еліміздің немесе Гарвард, Оксфорд, Сорбонна, Кембридж, Йель, Лондонның экономика мектебі сияқты аттары әлемге әйгілі жоғары оқу орындарына түсу үшін қалталы ата-анаңның болуы қажет емес. Өйткені мектеп түлектерінің әлемдік білім сайысында кез келген беделді оқу орындарына түсе алатындай мүмкіндіктері бар.
Қай оқу орны туралы сөз қозғалып отырғанын түсінген боларсыз, ардақты оқырман!? 2008 жылы елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дарынды балаларға арналған зияткерлік мектептер ашыла бастады. 2011 жылы “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев зияткерлік мектептері”, “Назарбав қорының мәртебесі” туралы арнайы заң қабылданды.
Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері филиалдарының бірі Семей қаласында орналасқан. Бұл білім ордасы — 2009 жылдың 1 қыркүйегінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстандағы 20 мектептің бірі.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің миссиясы — Қазақстанның болашақ көшбасшыларының зияткерлік әлеуетін дамыту үшін үш тілді ортада сапалы білім беру.
2016 жылдан бері мектепте қалалық әкімдік өкілі, «Nur Otan» партиясы филиалының қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, ЖОО басшылары, мәдениет, спорт, білім салаларының танымал тұлғалары құрамына енген Қамқоршылар кеңесі жұмыс істеп, мектеп оқушыларына қолайлы жағдай жасау, тыңғылықты білім беру мәселелері бойынша бас қосып, кеңесіп отырады.
2017 жылы Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің филиалы халықаралық мектептерге қойылатын барлық талаптар мен шарттарды орындай отырып, алғашқыларының қатарында Халықаралық мектептер кеңесінде (CIS) аккредитациядан өтті. Бұл — білім беру саласындағы ең жоғары стандарттар мен соңғы жетістіктерге қол жеткізген, жоғары сапалы білім беруді одан әрі дамытатын мектеп екендігінің дәлелі.
Қазіргі уақытта мектепте Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім гранты негізінде 700–ге жуық оқушы білім алуда.
2016 жылы білім ордасы жаңа ғимаратқа көшті. Бұл — тек мектептің ғана емес, қаланың тарихындағы ерекше кезең. Өйткені қала картасындағы жаңа ауданның салынуына түрткі болған — аталған білім ордасы. Күн өткен сайын жайнап, қаланың келбетіне көрік қосып тұрған Қарағайлы шағын ауданының алғашқы құрылысы осы зияткерлік мектептен басталған болатын. Жаңа ғимаратта заманауи құрылғылармен қамтылған робототехника кабинеті, телестудия, техникалық клубтарға арналған зертхана, екі үлкен жабық спорт залы, футбол, баскетбол алаңдары, өсімдіктер бағы, кеңейтілген физика, химия, биология зертханалары, шалғайдағы елді мекеннен келген 120 балаға арналған жатақхана, кітапхана және медиатека жұмыс істейді, 370 адамға арналған кең акт залы бар.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде ең білімді, ең тәжірибелі ұстаздар сабақ береді.
120 педагогтің 31-нің магистр дәрежесі бар (4-і — Назарбаев университетінің, 2-і — РФ жоғары оқу орындарының магистрі). Айтпақшы, 10 мұғалім — «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2011 жылдан бастап бұл мектепте ағылшын тілін жетік білетін ортаны қалыптастыру, ұстаздардың тәжірибе алмасуы мен оқушылардың интернационалистік және мәдениетаралық түсініктерін дамыту мақсатында шетелдік мұғалімдер сабақ бере бастады. Қазіргі таңда Оңтүстік Африка, Хорватия, АҚШ, Филиппин, Үндістан, Германия, Румыния мемлекеттерінен келген 8 халықаралық мұғалім өз жұмыстарын жалғастыруда.
Білім ордасында педагогтердің кәсіби өсуіне де ерекше мән берілген. Мектептегі барлық ұстаздар республикалық деңгейде білімдерін арттырған, 18 оқытушы Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Польша, Финляндия, Оңтүстік Корея, Қытай, Греция, Малайзия елдерінде болып, өз біліктіліктерін халықаралық деңгейде арттырған. Мектептегі 5 мұғалім қоғамға пайдалы өнертапқыштық патентке және авторлық құқыққа ие.
Оқытушылар «Ғаламдық перспективалар және жобалық жұмыс», экономика, ағылшын тілі, биология, химия, физика пәндерін ағылшын тілінде жүргізеді.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату – Семейдегі білім ошағының басым бағыттарының бірі.
Орта білім беретін мектептер ұстаздарына жаңа бағдарламаны оқыту, үйрету, методикалық көмек беруді 2012 жылдан бастап қолға алды.
Алғашқы жылдары Көкпекті ауданының Үлгілімалшы ауылындағы Абай атындағы орта мектеппен, қаламыздағы №25 мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатылды. Осы әріптестік шеңберінде Зияткерлік мектеп ұстаздары жыл сайын ауыл мектебіне барып, түрлі пән мұғалімдеріне әдістемелік көмектер көрсетті.
Ал 2017 жылдан бері облыс мектептері мұғалімдерінің жаңартылған білім беру мазмұнын меңгеруіне күш салуда. Әдістемелік қолдау көрсету бірнеше саланы қамтиды. Мәселен, олардың қатарына конференциялар, семинарлар, ашық сабақтар, жаңартылған білім беру мазмұнын, критериалды бағалауды енгізу, педагогтердің кәсіби өсуіне атсалысу, мектепті басқару мен тәрбиеге қатысты іс-шаралар бар. Осы іс-шаралардың шеңберінде мектеп басшылары, орынбасарлары, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері, жатақхана тәрбиешілері өздеріне қажетті тың, жаңа әдіс-тәсілдермен танысып, оқып, үйренеді. Үйренгенімен бөлісіп, пікір алмасады.
Бүгінгі таңда Семейде жетекші 14 мектеп бар. Қаламыздың қалған мектептері осы 14 білім мекемесіне бекітіліп берілген. Ал жетекші білім мекемелерінің міндеті – Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ғана тән оқу, тәрбие бағыттарындағы озық іс-тәжірибелерді өздері ғана меңгеріп қоймай, бекітілген мектеп ұстаздарына да үйрету. Және аталған жұмыстарды жоғары деңгейде атқару үшін түрлі оқыту сессиялары, менторлық, бірлескен іс-шаралар мен өзге де түрлі жобалар жүзеге асырылады.
Тәжірибе тарату жұмыстары бұнымен ғана шектелмейді. Назарбаев Зияткерлік мектептері ұстаздары өз тәжірибелерін педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттерге де үйретуде. Осы мақсатта Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж сынды оқу орындарымен екі жақты келісім жасалды. Осы ортақ келісімнің арқасында аталған оқу орындарының студенттері мектепте іс-тәжірибеден өтіп, өз білімдері мен дағдыларын жетілдіре алады. Дәл қазіргі уақытта физика, химия, география пәндері бойынша білім алушы студенттер іс-тәжірибелерін жалғастырып жатыр. Студенттер үшін жыл сайын дәстүрлі конференция мен семинарлар да ұйымдастырылып тұрады.
Әлемде орын алып отырған эпидемиологиялық ахуал озық тәжірибенің таралуына еш кедергі келтіре алмайды. Өйткені Назарбаев Зияткерлік мектептері ұстаздары оқыту, үйрету дәрістерін онлайн өткізіп, қолға алған жұмыстарын жоспардан қалмай атқаруда. Сөзіміздің дәлелі ретінде олардың айына орта есеппен 15-ке жуық вебинарларды қашықтықтан өткізетіндігін айтуымызға болады.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебін ашылған сәттен бастап күні бүгінге дейін 778 түлек бітіріп шықты.
Олар қазіргі таңда еліміздің ғана емес, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, әр салада жауапты қызметтер атқарып жүр.
Мектеп түлектері Нью-Йорк және Пенсильвания (АҚШ), Ресей Федерациясының (Ломоносов атындағы ММУ, Мәскеу инженерлік физика институты, ИТМО және т.б.), Оңтүстік Кореяның (PNU, KAIST), Біріккен Араб Әмірліктерінің (NYUAD, Jumeira University), Финляндияның (Mikkeli University), Қытайдың (PolyU, NUST, CIT), Венгрияның (Corvinus University of Budapest) университеттерін бітірген. 441-і отандық жоғары оқу орындарының студенті атанды.
2014 жылы мектеп түлектері алғаш рет Қазақстан Республикасының білім саласы тарихында сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша Кембридж университетінің халықаралық сертификатының иегері атанды.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі жергілікті халықаралық әріптестік аясында 2016-2017 оқу жылында серіктес мектептермен байланыс орнату арқылы халықаралық деңгейге көтерілді.
2017 жылы Үндістанның Мумбай қаласындағы JBSN Халықаралық бакалавриат (IB) мектебімен, 2019 жылы Гавайидің Гонолулу қаласындағы Пунаху мектебімен серіктестік қарым-қатынас орнатылды. Бұдан бөлек, ZfA халықаралық неміс ұйымы, Гете неміс институты, РФ «Мәскеу экономикалық мектебі» гимназиясы, Семей қаласының Шәкәрім университеті, Семей медициналық университеті, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж сынды бірқатар білім мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған екі жақты меморандум бар.
2019 жылы білім ордасы Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО-ның ассоциацияланған мектептеріне мүше болды. Бұл, өз кезегінде, мектеп ұстаздары мен оқушылардың жаһандық азаматтық құзыреттіліктерін дамыту мен үздіксіз жетілдіруге кең жол ашты.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу үрдісі:
NIS-Programm білім беру бағдарламасымен жұмыс істейді. Бағдарлама моделі негізгі мектеп (7-10 сынып), жоғары мектеп (11-12 сынып) сынды 2 сатыдан тұрады. Бағдарлама оқушыны белгілі бір көлемде білім алуға ғана емес, оқу мен күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды шешуге үйретеді, сонымен бірге көздеген мақсаттарына жетелейді.
Мектеп бағдарламасында оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай олардың сыни ойлауы мен өзін-өзі тәрбиелеуін дамыту ескерілген. Бағдарлама сонымен бірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерін бірдей дамытуға бағытталған. Еліміздегі үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру үшін пәндер осы үш тілде қатар беріледі.
Мектепте қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытудан өзге, халықаралық сарапшылардың қатысуымен жасалған көп тілді білім беру саясатының моделі тиімді жұмыс істейді. Осыған байланысты оқушылар өз таңдаулары бойынша француз, қытай, неміс және корей тілдерінде дәріс ала алады.
2015 жылы мектепте жаһандық азаматтықты дамытудың негізгі бағыттарының бірін іске асыру мақсатында 7 — 10 сынып оқушыларына арналған Ғаламдық бастамалар клубы құрылды және «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс» пәні оқу бағдарламасына енгізілді.
2017 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үйлестірушілерінің қолдауымен MUN (БҰҰ Моделі) конференциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
2018 жылы 7 — 10 сынып оқушыларының қатысуымен ғаламдық мәселелерге арналған GIN NIS Semey конференциясы Қазақстанда алғаш рет мектепте өткізілді. Қатысушылар конференцияға түрлі әлеуметтік жобалар: балалар үйіндегі еріктілер жұмысы, жалғыз басты қарттарға қамқорлық, қоршаған ортаны қорғау, қайырымдылық акциялары және «Четыре лапы» ұйымы үшін қаражат жинау аукциондары туралы ой бөлісті. Ал 2019 жылы өткен GIN NISS екінші конференциясына Есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернат, Ана үйі, Қарттар үйі, «Жарқын болашақ» түзету орталығы, Lingua town тіл мектебі сынды әлеуметтік серіктестер қатысты.
2017 жылы «Әлемді жақсы жаққа өзгерт!» әлеуметтік жобалар фестиваль-байқауына, «Біз планетамыздың болашағы үшін жауаптымыз!» атты шығармашылық және әлеуметтік жобалар фестиваліне қатыса отырып, Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО-ның Ассоциацияланған мектептер кеңесімен ынтымақтастық орнатты.
Мектеп құрылғаннан бері шәкірттердің әлеуметтік, шығармашылық, еріктілік жобаларын жүзеге асыру жақсы жолға қойылған. Lingua Town тілдік мектебімен әлеуметтік-волонтерлік жоба, «Шығармашылық сенбі» жобасы, «Қоғамға қызмет ету», «Ата-аналар жұмысындағы бір күн», «Ата-аналар жұмысындағы 10 күн», «2 апта ауылда» әлеуметтік жобалары, «Мәдениет», «Мамандықтар әлемі», «Менің өз жолым», «Менің ертеңім», Stress resistance тәрбиелік жобалары және «Самұрық» әскери-патриоттық клубы оқушылардың негізгі құндылықтарын дамытуға ықпал етеді. NIS voluntiers еріктілер тобы қалалық іс-шараларды ұйымдастыруға көмектеседі, ADAL тобы Kazakhstan Waste Recycling компаниясымен ынтымақтастық орнатып, босаған пластик құтылар мен ескі қағаз жинаумен айналысады.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі білім мен ғылымда, спорт пен өнерде түрлі жетістіктерге жеткен оқушыларымен де мақтана алады. Мәселен, бұл мектепте білім алған шәкірттердің 1812–сі аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған.
2020 жылдың түлегі, «Алтын белгі» иегері Ұлан Сейітқалиев Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің 2015 жылғы күзгі Олимпиада мектебінің және 2015 жылы информатика, физика және математика пәндері бойынша өткен халықаралық олимпиаданың күміс жүлделеріне ие болған, ол сондай-ақ 2017 жылы математика пәнінен өткен Халықаралық European Math Cup олимпиадасының жеңімпазы, Республикалық Леонард Эйлер атындағы олимпиаданың күміс (математика) медалін, Халықаралық Жәутіков олимпиадасының (математика пәнінен) 2019, 2020 жылдардағы қола медальдарын жеңіп алған. Ұлан мектеп бітірерде әлемнің таңдаулы 4 бірдей рейтингтері жоғары оқу орнынан — Назарбаев Университеті, Корей жетекші ғылыми-техникалық институты (Korea Advanced Institute of Science and Technology) (KAIST), Мәскеу физика-техникалық институты (Moscow Institute of Physics and Technology), Катардағы Карнеги-Меллон университетінен (Carnegy Mellon University in Qatar) шақырту алды. Алайда оның таңдауы Катардағы Карнеги-Меллон университетіне түсті.
Мектептің 12 сынып оқушысы Ришат Еркінбек — 2019 жылы өткен ХХ Бүкілресейлік «Ғылым мен техникадағы жас зерттеушілер» атты зерттеушілердің конференция — сайысында жеңімпаз атанды.
Оқушылардың ғылыми жұмыстары да жеміссіз емес. Олар республикалық «Дарын» орталығы мен өзге де ұйымдар ұйымдастыратын сайыстарда танымал болды. Нәтижесінде әр сала бойынша қоғамға пайдасын тигізетін жобаларды дүниеге әкеліп, сәтті қорғап келеді.
2018 жылы Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Нұржан Бөдес пен Жансая Қанағатова тұрғын үйлерді жылытудың тиімді жолын ойлап тапты. Жас ғалымдар бұған бір жылдан астам уақытын сарп етіпті. Олар Пельтье элементін пайдалана отырып, жартылай өткізгіштерді тұрмыста қолдану арқылы жер үйді көмірсіз де жылытуға болатынын дәлелдеді. Яғни бұл — экологиялық таза энергия көзі ғана емес, сонымен қатар отбасының қаражатын үнемдейтін құрылғы. Сусорғыш арқылы радиаторға келген суды тұрмыстағы басқа мақсаттарға қолдануға болады. Бұл жұмыс Білім және ғылым министрлігінің арнайы өткізген байқауында күміс медальмен марапатталды.
Мектептің құлтемір (робот) құрастырушылар командасы дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасында жүлделі орынға ие болды. Канаданың Монреаль қаласында 2020 жылдың қараша айында өткен бұл додаға әлемнің 50–ге тарта елінен 450-ге жуық команда қатысып, Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мирас Мұратқанов пен Нұрбол Мақтаев жұбының «kzSGM» командасы жүлделі 6-шы орынға ие болды. Бұл — Назарбаев Зияткерлік мектептері тарихындағы үлкен жетістіктердің бірі.
Қос құлтеміршінің есімдері көпшілікке Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында домбырашы робот жасап, оған хакімнің «Тор жорға» күйін тартқызғанымен де танымал болған еді.
Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының 95 пайызы әр түрлі 49 үйірмеге тартылған. Олардың арасында интеллектуалдық, өнер – эстетикалық, шығармашылық, спорт, қызығушылықтары бойынша үйірмелер мен еріктілер клубы бар. Әсіресе TEDх, Википедия, GIN, MUN, «Көшбасшылық» мектебі, REАDx оқырмандар клубы ортақ ойлы шәкірттердің басын қосады.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің спорттағы жетістіктері де аз емес.
Мектепте баскетбол, волейбол, футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, кикбокс, скалодром сынды үйірмелер жұмыс істесе, «Самұрық» әскери-патриоттық клубы шәкірттерді отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде. Мектеп оқушылары әр жылдары өткізіліп келе жатқан республикалық, желілік спартакиадаларда волейбол, шахмат, тоғызқұмалақтан жүлделі орындардан көрініп жүр.
Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебіне тәжірибелі ұстаз, шебер ұйымдастырушы Бағдан Тоқтамысұлы Қайыржанов басшылық етеді. Елбасының білімді ұрпақ тәрбиелеу мақсатымен ашылған білім ордасының Қазақстанның жарқын болашағына қосар үлесі зор екеніне күмәніміз жоқ.
Риза МОЛДАШЕВА{jcomments off}