САУЫР, САЙҚАН СҰЛУЛАНЫП АЛЫСТАН,
ШЫҒЫСЫНДА ӨР-АЛТАЙМЕН ТАБЫСҚАН.
ЕЛЕСІҢЕ ЕМІРЕНІП ЖҮР ЕДІМ,
МІНЕ, БҮГІН САҒЫНЫСЫП ҚАУЫШҚАМ.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай «Семей таңы» газетінің 95 жылдығына орай басылым ұжымы өңіріміздегі таралымы көп аудандарда көшпелі редакция жұмысын ұйымдастырып, өз оқырмандарымен кездесулерін жоспарлаған болатын. Мақсат – халықтың көкейіндегі газет жұмысына қатысты ұсыныстарды естіп, елдің тұрмыс-тіршілігімен танысу. Мерейтой аясындағы іс-сапардың алғашқысы Шығыстың алтын қақпасы саналатын, соңғы үш жылдан бері біздің басылыммен тығыз байланыс орнаған, табиғаты көркем, елі жайсаң Зайсан ауданында басталды.
Газетіміздің мерейтойлы жылына арнал-ған оқырмандарымен кездесуін редакция алқасы Шығыстың шалғайда жатқан Зайсан ауданынан бастау жайлы шешім қабылдауы да жай емес. Зайсан мен Семей арасындағы тарих тереңінде жатқан байланыстарды айтпағанның өзінде, соңғы үш жылдан бері орныққан басылым мен аталған аудан арасындағы достық қарым-қатынас негізінде осы өңірдегі оқырмандарымызбен жүздесе отырып, өз ілтипатымызды бетпе-бет кездесу үстінде білдіру мақсатымыз еді.
Сәуір айының 8-і күні Зайсандағы кездесу аудан әкімі Алмас Оңдақановтың, ауылдық округтер әкімдерінің, ақсақалдар мен ардагерлердің қатысуымен бейресми дидарласу түрінде басталды. Дастархан басындағы сұхбаттасу барысында шынайы ілтипатқа толы құттықтау тілектер айтылды. Ең бірінші болып сөз алған Алмас Аманқолұлы:
— Мемлекетімізде іске асырылып жатқан шаруалар тек атқарушы биліктің күшімен жасалмайды. Халықпен бірге, оқырмандарыңызбен бірге атқарылады. Бұл жерде сіздердің еңбектеріңіз орасан зор. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы редакциялар тарапынан ұжымымен халықтың ортасына келіп, ілтипат көрсету бұрын соңды болмапты. Бұл қадамдарыңызды оқырмандарыңызға деген құрмет деп есептеймін, өз басым. Көршілес аудандарда, Зайсан жерінде болып жатқан жаңалықтар мен мемлекеттік саясаттың іске асырылу барысы жайлы халықты хабардар етіп, жазып жүрсіздер. Сондықтан сіздерге тілерім, қаламдарыңыз талмасын, өнерлеріңіз шыңдала берсін. Осы отыр- ған барлығымыз сіздердің тұрақты оқырмандарыңызбыз. Сіздерге деген тілек біреу-ақ, жазыңыздар, халықпен етене жақын болып жүре беріңіздер!
Кез келген жиынның кәдесіз болмайтыны анық. Басқосу барысында түрлі додаларда топ жарып бәйге алып, жергілікті жұртшылықтан бөлек облыс аумағында танылып үлгерген аудандағы өнер ұжымдарының қызметкерлері ән шырқады. Әсіресе, аудандық емхананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Бітімхан Қоспановтың орындауындағы Кәрәбіл дейтін күйшінің «Көрпедай көк» атты күйі ерекше әсерге бөледі. Мамандығы дәрігер бола тұра күйшілік дарынын шетке ысырмай, бойындағы өнерін өрістете түскен дәрігер күйшінің шеберлігіне жиналған қауым дән риза болды. Зайсан ауданының ардагерлер ансамблі де мақтауға әбден лайық екен. Тумысынан бойларына біткен талантты тот бастырмай шыңдап, халық алдында өнер көрсетіп жүрген үлкендердің ән айтуға, саз аспаптарында ойнауға ысылғандығы көрініп-ақ тұрды.
Өз кезегінде сөз алған ардагер — жур- налист, ұзақ жылдар бойы аудандық газеттің редакторы қызметін атқарған Бекен Жаппаров ақсақал сөзін Семей мен Зайсанның бір-біріне ежелден етене жақын екендігін айтудан бастады:
— Зайсанның ең алғашқы сызбаларын жасап, іргетасын қалаған Семейдің топограф ғалымдары болған. Уез кезінде де, аудан болып құрылған уақыттан бастап, біздің Зайсанның тыныс-тіршілігінен көп ақпарат беріп, мақала жазған осы басылым. Бүгінгі сіздердің келіп, мерейтойдың қарсаңында халықпен пікірлесу, тікелей сұхбаттасу мақсатында осындай шара өткізулеріңізді үлкен жаңалық деп білемін. Әрі мұны Зайсан ауданынан бастап отырғандарыңыз біздің ауданға деген «Семей таңының», құрметі екендігін білдіреді. Сіздердің басылым туралы таңды таңға ұластырып көп айтуға болады. «Семей таңы» Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың елінің газеті. Бұл қазақтың алтын бесігі – Семей өңірінің газеті. Сондықтан біз «Семей таңы» газетін ерекше қадірлейміз, бағалаймыз. «Семей таңы» газетін біздің өз газетіміз деп есептеймін, мен. Сондықтан сіздерге шығармашылықтарыңыз жемісті болсын, келешектеріңіз келісті болсын, «Семей таңы» жасай берсін, Семей жасай берсін демекпін.
Сондай-ақ, Бекен ақсақал өзі айтқандай, «аудан басшысы мен жергілікті мәслихат хатшысының отырғанын пайдаланып Зайсан қаласының бір көшесін Семейдің атымен атау туралы ұсыныс жасады. Тіпті, кезінде газетімізде осы бастаманы көтеріп өзінің мақала жазғанын да айтып өтті.
Кездесу барысында көненің көзі сана- латын ақсақалдардан осы аймақтағы жер-су аттарының тарихы, соларға байланысты аңыздарды сұраған едік. Атамекеннің өткені мен кеткенін зерттеп-зерделеп жүрген, газетіміздің осы аудандағы меншікті тілшісі Қалибек Алтыбай:
— Асан Қайғы бабамыз Зайсан өңіріне келгенде осы маңдағы ең биік Сары Толағай деп аталатын тауға шығып, қасындағы кісілерге жерді қаздырып қайтадан топырақты орнына салғанда шұңқыр толмай қалған екен. Сонда абыз: «астың кең, жерің бай екен, бірақ өзіңнен шыққан топырағыңа шұңқырың толмады, жалпы қанды сай болар ма екенсің деп Сайқан қойған аты екен. Ал енді Сауырға келсек, сырт пішіні аттың сауырына ұқсас болғандықтан солай аталған,-деді.
Алғашқысына байланысты аңызды естігенде абыз да болса бабамыздың болжамы теріске шыққай деп тіледік. Ал екіншісі… екіншісі табылған, өте орынды атау. Бұған өзіміздің де көзіміз жетті.
Әсем ән мен тәтті күй, жылы лебіз алмасып отырған көңілді басқосу барысында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тұқан Мырзаханов ақсақал да құттықтау сөзін арнады.
— Соңғы үш-төрт жылда «Семей таңы» газеті біздің ауданда ерекше танымал болып, көп дана боп тарала бастады. Бұған осындағы меншікті тілшілеріңіз, ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі Қалибек Алтыбайдың белсенділігінің де үлесі зор. Сіздердің газеттеріңіз, «Семей таңының» облысымыздағы өзге басылымдардан шоқтығы әлдеқайда биік. Оны мен ғана айтып отырған жоқпын, менің ғана пікірім емес, осында отырған көптеген азаматтардың ортақ пікірі. Неге дейсіздер ғой? Өйткені газеттеріңіз кең көлемде қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып жазады. Тағы бір айта кетерлік жайт, “Семей таңы” тәрбие мәселесіне көп көңіл бөліп, осы тақырыптағы мақалаларды жиі жариялап тұрады. Бұл аса құптарлық іс. Қадамдарыңыз құтты болсын, қаламдарыңыз мұқалмасын, оқырмандарыңыз көбейе берсін демекпін, — деп атап өтті Тұқан ақсақал.
{jcomments on}Кездесу барысында сөз сөйлеген дербес бөлім басшылары мен ауылдық округтердің әкімдері де газетімізге зор табыс, шығармашылық шабыт тіледі. Сондай-ақ, олар «Семей таңы» мен Зайсан ауданы тұрғындары арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға атсалысатындықтарын жеткізді.
Торқалы тойдың иесі меймандарын тарту таралғысыз жібермейтіндері дәстүр ғой. Сондықтан, Риза Асанқызы газетіміздің ауданда таралуына ұйтқы болып жүрген басылым достарына Алғыс хаттар табыс етті.
Әкімдіктегі әсерлі кездесу
Келер күні таңертең Зайсан ауданының әкімдігінде редакция алқасының көшпелі отырысы өтті. Кездесуде кіріспе сөз сөйлеген Алмас Аманқолұлы газетімізді мерейтойымен құттықтай отырып, ұжымның қолжеткізген жетістіктерін, марапаттарымен жинал-ғандарды таныстырып өтті. Басқа марапаттарды айтпағанның өзінде «Семей таңының» Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Грантының иегері атанған басылым екендігін, антиядролық тақырыпты жариялағаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің марапатын иеленген жалғыз басылым болып табылатындығын жеткізді. Сөзінің соңында аудан әкімі тағы бір мәрте құттықтап, газет ұжымының келешекте де қалың оқырманның шынайы ілтипатына бөленіп, толағай табыс-тарға жете беруіне тілектестік білдірді.
Әлқисса. Редакциямызда өткен арнайы жиындарда газетіміздің 95-жылдық мерейтойын тойлау барысында оқырмандарға жасалатын сый-сыяпаттың қандай болатындығы жайлы ой қозғалған болатын. Түрлі ұсыныстар жасалды, пікірлер айтылды. Соңында ең белсенді оқырмандарымызға бір жарым жыл көлемінде газетімізді тегін алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстау туралы шешім қабылданды. Редакция алқасының көшпелі отырысында Зайсан ауданындағы 12 белсенді оқырманға осындай құжаттар тапсырылды. Сонымен қатар, газетімізбен тығыз байланыс жасап жүрген бірнеше авторға «Семей таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі куәлігі табысталды.
Жалпы, мақаламыздың басында айтыл-ғандай, бұл іссапар негізінен жергілікті жерлердегі халықтың пікірін, ойын білу мақсатында ұйымдастырылған. Сондықтан жиын барысында газетіміздің Бас редакторы Риза Асанқызы «Семей таңының» тарихына қысқаша шолу жасап, жиналған жұртшылықпен сұхбаттасуға көшті. Аудан халқы өз кезегінде ойларын жасырмай, газет мақалаларына арқау боларлықтай тақырыптар төңірегінде пікір білдірді. Мәселен, жақындап келе жатқан Семей қаласының 300 жылдығы, Зайсан қаласының 150 жылдығы, аудандардың 90 жылдығына орай осы атаулы күндерге қатысты жеке-жеке айдарлар ашылып, материалдарды жарыққа шығарып отыру туралы орынды ұсыныс айтылды. Бастаманың авторы ардагер журналист Бекен Жапаров ақсақал, бұл өз кезегінде келе жатқан ұрпақтың санасына халқымыздың тарихын сіңірудегі таптырмас бір құрал боларына сенімді. Әр ауданда тұрғындардың некелерін тіркеп, арнайы куәліктерді табыстайтын мекеменің болғаны абзал. Жастардың отбасын құру мәселесіне алаңдаулы алтын құрсақты ана Қалима Исаева әжеміз Зайсанда АХАЖ бөлімінің жоқтығын тілге тиек етті. Осы тақырыпты «Семей таңының» беттерінде көтеруді өтінді.
Газет – ақпарат беру құралы ғана емес, кей кездері халықтың жоғын түгендеп, іздегенін табуға көмектесетін мағлұмат көзі. Осы орайда жиын барысында оқырмандар тарапынан айтылған тағы бір ұсынысқа тоқтай кетпесек болмас. Ол келер жылы аталып өтетін жеңістің 70-жылдығы мерейтойы қарсаңында майдан даласында шейіт болған жерлестеріміз хақында мақалалар жариялауға қатысты. Бұл бастаманың да өскелең ұрпақты ерлік пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге септігі тиетіні анық.
Ұсыныстардан бөлек жиын барысында оқырмандар тарапынан шын ниеттен туындаған құттықтаулар айтылып жатты. М.Дәуленов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Нұрғалиеваның лебізі тебіреніске толы болды. Өз сөзінде ол:
— Газеттің 95 жылдық мерейтойын атап өту ең алдымен, өз тарихымызға, сол тарихты табан ақы, маңдай терімен, көзінің жасы, көңілінің жұбанышымен бірге жасасқан газет қызметкерлерінің істеген ауыр еңбектеріне деген құрмет. Қазіргі шығармашылық ұжым үшін – аға ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті тереңірек түсіну, өз иығына қоғам, ұлт, қазіргі сауатты оқырман артып отырған міндетті терең сезіну. Газет ұжымы Семей өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты. Ұжым қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеу-меттік мәселелерін батыл көтеріп келеді,- деп газетіміздің өңір тарихындағы, халықтың қоғамдық-саяси өміріндегі рөліне осылай сипаттама бере отырып, «Семей таңының» әлі талай биіктерді бағындыруына тілектес екендігін жеткізді.
Айнабұлақ ауылдық округінің тұрғыны, жергілікті ақын Бекбақыт Мұхамедиұлының білдірген лебізі жиын көркін аша түсті. Сөзінің басында ол Жүсіпбек, Мұхтар сияқты Алаш арыстары іргесін қалаған газетіміздің 95-жылдық мерейтойымен барша жиналған қауымды құттықтап, ұжымымызға табыс тіледі. Бекбақыт ақсақал Семейге, «Семей таңына» деген өзінің тілегінің соңын жырмен өрнектеді:
Парасаттың бастауы тұнып тұрған Семейім,
Тәрбиелеп жастарын, шынықтырған Семейім.
Тәуелсіздік тұғырын сақтап келген Семейім,
Болашақтық ғұмырын баптап келген Семейім.
Бостандықты аңсаған – Бойтұмарым Семейім,
Борыштымын мен саған, бұдан басқа не дейін?!
Қашан да отты жыр, қуатты сөзге құмартып жүретін, қазақ халқының бағзы замандардан бері қалыптасқан дәстүріне сәйкес, жиналған қауым бұл өлеңді де ыстық ықыласпен қабыл алды. Бір жағынан халықтың қошеметін, ақынның өзінің риясыз көңілінен шыққан жырына арқау еткен Семей қаласының ұлылығын тағы бір мәрте мойындау деп түсінуге болады.
Жиын соңында сөз сөйлеген газетіміздің директор-Бас редакторы Риза Асанқызы оқырман қауымның ықыласына разылығын айтып, ұсыныстардың ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Зайсандағы жағымды жаңалық
Жағымды жаңалық әрқашан халық ауызында, көптің көңілінде жүреді ғой. Зайсан ауданының әкімдігінде редакция алқасының көшпелі отырысы өтіп жатқан сәтте аудан тұрғындарының Шілікті мен Біржан ауылдарына шағын автобустар жүре бастағанын қуанышпен айтып жатқандығын естіп, біз де жаңалықты жұртшылыққа жеткізуге асықтық. Автобекет басына барып, ауылдардан келетін шағын автобустарды күтіп алып, ауыл тұрғындарымен жүздестік.
Жалпы, жол мәселесінен өзге жолаушы тасымалын да барлық жерлерде жүйелі түрде жүзеге асыру кезек күттірмес іс. Әсіресе, ауылдардан аудан орталығына қатынау үшін кезінде автобустар ағылып жататын еді. Ауылдағы ағайынның сол автобустарды ұмыта бастағаны қашан. Орнын темір тұлпар тақымдаған «таксистер» қауымы басып, кәсіптің көзіне айналдырған. Бірақ, бағасы аспандап тұр. Шаруаң шешілсін десең, еріксіз айтқан бағасын беріп, діттеген жеріңе барасың.
Бұл мәселені облыс бойынша бірінші болып жөнге келтіруді Зайсан ауданы қолға алды. Аудан әкімі Алмас Аманқолұлының тікелей тапсырмасы негізінде бірнеше ауылға шағын автобустар жүре бастады. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында тоқтап қалған істің екінші тынысы ашылғандай. Әсіресе, аудан орталығы Зайсан қаласына қатынауда жол қиындығын бастан кешкен ауылдағы ағайындардың аудан басшысына айтар алғысы шексіз. Әзірге шалғай жатқан Шілікті, Біржан сияқты ауылдарға шағын автобустар үздіксіз жүріп, барыс келіске жол ашылған.
— Шілікті ауылына соңғы жиырма жыл көлемінде автобустың жүрмегенін айта кеткен жөн. Аудан әкімі Алмас Оңдақановтың тапсырмасына сәйкес, Шіліктіге күнделікті бір шағын «Газель» автокөлігі екі уақыт жүреді. Жолақысы да жұртшылықтың қалтасына сай. Адам басына 250 теңге. Бұрын таксиге 700 – 900 теңгеге шығындануға тура келетін. Халықтың сұранысы артып, бір шағын автобус жетпей жатыр. Осыған орай жақында екінші автобусты шығару көзделіп отыр. Сол сияқты Біржан ауылына да бір бағыт ашылып, жұртшылық ризашылықтарын білдіруде. Бұл бағыттың игілігін тек Біржан ауылының ғана емес, жолда орналасқан Жамбыл, Дайыр, Қуаныш сияқты елдімекендердің тұрғындары да көруде. Шағын автобус күніне үш уақыт жүрсе де, халықтың сұранысына орай алдағы уақытта үлкен автобус шығару ойымызда бар, — дейді Зайсан ауданы тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақыт Көшербаев.
Сондай — ақ, Бақыт Нүкешұлы Алмас Аманқолұлының тапсырмасы негізінде басқа да ауылдарға болашақта осындай автобустар жүретіндігін жеткізді. Сәтін салса, Қаратал, Үлкен Қаратал, Көгедай сияқты ауылдардың тұрғындары автобуспен жүретін күн алыс емес. Бөлім басшысы атап өткендей, бұл жұмыстар ағымдағы және келер жылы толық шешімін табатын болады.
Әлбетте, мұндай игілікті іс таксиге телміріп, қалтасындағы қаржысы барып – қайтуынан аспайтын ауылдағы ағайын үшін жүйелі жүре бастаған автобустардың орны да, жөні де бөлек. Жақсы істі жарыққа шығаруға, өзге аудандар үшін үлгі қылуға бекінген біздер автобекет басында Біржан ауылынан келген кезекті автобусты күтіп алдық. Ауданға келген жолаушылармен тілдестік, лебіздерін тыңдадық.
Зайсанға көп келетіндердің қатарында Есен ақсақал Шаяхметұлы да бар. Қуаныш ауылының тұрғыны. Есен ақсақал Қуаныш ауылының шынымен қуанышқа бөленіп жатқандығын айтады. Күніне үш уақыт жүретіндіктен қалаған кезде келіп, қалаған уақытта қайтуға мүмкіндік жасалғанына ақсақалдың айтар алғысы шексіз.
Гүлнара Рахымжанова Біржан ауылдық округінде әлеуметтік қызметкер. Қызметіне орай аудан орталығына жиі келеді. Бұрын-ғыдай емес, қазір жол жүру біршама жеңілдегенін айтады.
— Осындай жақсы бастаманы жүзеге асырып отырған Алмас Аманқолұлына ризашылығымды білдіремін. Әлеуметтік қызметкер болғандықтан аудан орталығына көп келеміз. Балаларды тасымалдаймыз. Таксиге қарағанда тиімді. Таксимен жетіп алып, қайтарда қалай жетеміз деп алаңдап тұратын едік. Бұрын таксиге барып – қайтқанға 800 теңге жұмсайтын болсақ, қазір осы қаражаттың жартысына барып қайтамыз, — дейді Гүлнара Рахымжанова.
Қазір «Алма піс, ауызыма түс» дейтін заман емес. Кім еңбек қылса, соның көйлегі көк, қарыны тоқ. Қол қусырып қарап отырып, «берден» басқаны білмейтін қазір бекер әурешілік. Талпынған, теңге табамын деп тынымсыз еңбек қылғанға қолдау бар мемлекеттен. Кәсіптің көзін тапсаң, көмек тағы сол мемлекеттен. Міне, Зайсанда белгілі бір кәсіп арқылы тасын өрге домалатқандар көп. Осындай жандардың қатарында таксилерге «конкурент» болып, тасымалмен айналысуды бастаған Күләш Ғабитқанқызы. Алмас Аманқолұлының қолдауымен қолында бар көлігімен жолаушы тасымалымен айналысып кеткеніне екі айдың жүзі. Міне, бұл кәсіпкер Шілікті, Біржан, Дайыр, Қуаныш, Жамбыл ауылдары тұрғындарының алғысын арқалап жүр.
-Аудан әкімдігінің көмегімен басқа да бағыттарға жол ашуға тырысамын. Ойға ал-ған ісімнің бастамасы жаман емес. Халықтың қалауы болса, жазда күн ұзарғанда аталған ауылдарға тағы бір мәрте рейс қосуға мүмкіндік бар, — деп отыр Күләш Ғабитқан-қызы.
Елбасы тапсырмасына орай
Әлбетте, өмірде сау адам мен сал адамды бөліп жаруға болмайды. Олардың барлығына бірдей көзқарас танытуымыз қажет. Сондықтан мүгедек жандарға тосырқап қараудың орнына, керісінше мейірім-шапағатпен қараған жөн болар. Олардың да ақыл – есі түзу, өмірге құштар жандардың бойларында асқан дарын, талант жатуы мүмкін. Көпшілігі мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамай, мүмкін емес істер атқара алатындықтарын дәлелдеп те жүр. Бүгінде мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектер жоқ емес, айтарлықтай жағдайлар жасалынуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін ерекше айтты. Мұқтаж жандарға қамқорлық әрқашан да қоғам алдындағы парыз болып қала бермек.
Осындай мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау танытатын Зайсан ауданындағы орталықта Сәбиолда Мәкейұлы төрағалық ететін ерікті мүгедектер қоғамы бар. Дертке шалдықса да, өмірге құштар жандардың жанына жылу сыйлаған ерікті қоғам мүшелері талай іске қозғаушы, қолдаушы болып жүр.
Мұнда шебер жандар жетерлік. Мәселен, 2-ші топтағы мүгедек Нәзигүл Шәрібаеваның салған суреттерінен өмірге деген құштарлық пен өнерге деген сүйіспеншілікті аңғару қиын емес. Екі қолы бірдей жоқ болса да, қыл-қаламның құдыретін тани білген Нәзигүл тума талант екенін мойындатып, талайға таңдай қақтырып үлгерді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылатын, дарыны мен қарымын танытуға, өмірге құштарлығын артыруға бағытталған «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» атты сайыс ұйымдастыру біздің елде дәстүрге айналған. Облыстарда іріктеу арқылы бастау алатын бұл шараға Нәзигүл де қатысып, өзінің шеберлігімен ерекшеленіп, 1 орын алған болатын. Осыдан –ақ Зайсан ауданындағы ерікті мүгедектер қоғамы қоғамдық шаралардан шет қалмай, аудандық, тіпті, облыстық деңгейде өтетін іс – шаралардың бел ортасында жүретіндігін көруге болады.
Ерікті мүгедектер қоғамында Ыриза Тұрдықан есімді қандасымыз бар. Он саусағынан өнер тамған Ыриза туа біткеннен мүкіс. Есту қабілеті нашар болса да, өзін қоғамның толыққанды мүшесімін деп санайды. Кесте тігіп, сырмақ сырудың сырын анасынан ұғынған Ыризаны Зайсан ауданында білмейтіндер кемде –кем. Әлдекімдер сырмақ сырып, ою оятындай, құрақ құрайтындай болып жатса, міндетті түрде Ыризаға келіп, ақылын сұрайды, кеңесін алады.
-Бала күнімізден анамыздың кесте тігіп, құрақ құрағынан көріп өстік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ бекер айтпаса керек. Шешеміздің жанында көмектесе, көре жүріп ұлттық өнерге деген өзімнің де қызығушылығым оянды, — дейді Ыриза Тұрдықан.
Ыризаға қазір тапсырыс берушілер де көп. Себебі, қолынан шыққан әр бұйымына аса ұқыптылықпен қарап, ыждаһаттылықпен іс жасайтын шеберге сенім мол. Ерікті мүгедектер қоғамында шағын шеберханада жұмысын жасай жүріп, қоғамға мүше мүмкіндігі шектеулі 18 жастан асқан жандарға еңбек пәнінен сабақ та беріп жүр. Міне, өмірге деген құштарлық, талпыныс.
Осындай игілікті істі бастап жүрген Зайсан ауданының құрметті азаматы Сәбиолда Мәкейұлы. Қажыр – қайратының, ерік – жігерінің арқасында Зайсан ауданындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды топтастырып, таланттарын танып, намыстарын жанып, қайсыбірін қоғамның қалтарысында қалмасын деп жүрген азаматтың ел ескерер елеулі істері бар. Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Жарма сияқты аудандармен әріптестік байланыс орнатып, кемтар жандарға қолдау танытуда ортақ мақсатқа жұмылып жұмыс жасау да ойында бар. Сәбиолда Мәкейұлының бар ойы Елбасы Н. Назарбаевтың биылғы жылғы Жолауында айтылған мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғам болып қолдау көрсету бағытындағы тапсырмаларын жергілікті жерлерде, өңірлерде жүзеге асыруға үлес қосу.
— Мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа жұмыс орындарының ашылуын, олардың қоғам өмірінен шеттетілмей, өздерін толыққанды бір мүшесі ретінде санауына, Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды атқарушы билікпен бел шеше бірге атқаруға күш салу ерікті мүгедектер қоғамының негізгі жұмысы, — дейді Сәбиолда Мәкейұлы.
5000 оқырманы бар кітапхана
Дәл осы мүмкіндігі шектеулі жандар орталығы орналасқан ғимаратта Зайсан ауданының орталық кітапханасы озық ойлы оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. «Семей таңы» газетінің Зайсан ауданындағы күндері өтеді дегенді естіген кітапхана ұжымы есіктерін айқара ашып, күтіп алды. Жақсыны көрмекке деген емес пе! Ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына саналатын кітапты бүгінгі буын таң асырып оқымаса да, алдыңғы толқынның кітаптан – кітап «тауысып» оқығаны баршаға аян. Жастықтарына жастай жатып, талай томдарды тауысып, романдарды парақтағандар да бүгінде ел ағалары атанып жүргендер.
Іргетасы осыдан 120 жыл бұрын қаланған кітапхананың бай қоры бар. Ең бірінші апалы –сіңлілі Ольга, Марина Владимировалар ашқан кітапхана қазір заманауи талапқа сай. Бүгінде аудан бойынша 106 мың кітап қоры болса, бір ғана Зайсан ауданының кітапханасында 46 мыңнан аса кітап бар.
-2012 жылдан бері Өскемендегі А. Пушкин атындағы облыстық кітапханасы Ресейден «Ирбис» бағдарламасы арнайы алдыртқан. Осы бағдарлама негізінде кітаптар, жинақтарды кіргізіп жатқан жайымыз бар. Бағдарламаға бес мыңға тарта кітаптар атауы енгізілді. Кітапхана ғаламтор жүйесіне қосылған. Келушілерге есік ашық. Ғаламторды тегін пайдалануға мүмкіндік те бар, — дейді кітапхана меңгерушісі Райса Самарханова.
Ғылым дамып, заманауи технологиялар күн сайын қарыштап жатса да, кітапханаға келіп рухани азық алатындар қатары әлі де сирей қоймағанын Зайсан ауданында аңғардық. Бір ғана аудан орталығы Зайсан қаласында бес мыңға тарта оқырман бар болса, соның мың жарымға жуығы балалар екен. Міне, материалдық тұрғыдан рухани құндылыққа бет бұрушылықтың бір айқын дәлелін кітапханаға келушілермен де өлшеуге болады. Себебі, жергілікті жердің әлеуметтік – экономикалық қуаттылығы жақсы болса, тұрғындарының да жағдайының түзелгені.
“Семей таңының” арнайы жүлдесін Серік Қалиолда алды
Түске қарай Қаратал ауылдық округіне келіп, Қаратал орта мектебіне ат басын тіредік. Аталмыш білім ордасының іргесі қаланғанына ғасырдан астам уақыт өткен екен. Мектеп директоры Майгүл Сәрсен- баеваның айтуынша, 45 жылдан бері жөнделмеген ғимарат, соңғы үш жылда облыс әкімінің қамқорлығының арқасында толық күрделі жөндеуден өткізілген көрінеді. Бұл жұмыстарға жұмсалған қаржының көлемі 147 миллион теңгеден астам. Оқушылардың да білімге деген ынтасы жоғары екені белгілі болды. Әр жыл сайын кемінде бір мектеп түлегі “Алтын белгі” иегері атанатын көрінеді. Пәнаралық олимпиадаларда да жетістіктер бар. Мектеп оқушылары физика-математика бағытында нәтижеге қол жет-кізген екен. Әртүрлі деңгейдегі өнер байқауларында топ жарған оқушылардың жетістіктерінің өзі бір төбе. Сондай-ақ, Майгүл Сәрсенбаева білім ордасының өзінде де әр қилы сайыстардың өткізіліп тұратынын тілге тиек етті. Соның бірі — ақын, сыншы, ғалым, әрі осы мектептің түлегі Асқар Егеубаев атындағы аудандық оқулар. Биыл екінші рет ұйымдастырылған байқауға аудандағы 22 мектептің 5-9 сынып аралығындағы оқушылары қатысты. Байқаудың ашылу салтанаты барысында Асқар Егеубаевтың ғалым, сыншы, ақын ретіндегі атқарған еңбектері мен туындылары жайлы сөз қозғалды. Бұдан бөлек оның перзент әрі аға, тіпті дос ре-тіндегі мінез-құлықтары, адами қасиеттері жайлы естеліктер айтылды. Бұл тұрғыда Асқар Егеубаевтың туған қарындасы Әлия Егеубаева мен бөлесі Ардақты Бөлдек- баева тебіреніске толы сөздер айтып, терең сыр шертті.
Балғындардың өнерін тамашалау үшін арнайы қонақ болып барған филология ғылымдарының кандидаты Риза Асанқызы да университетте сабақ берген ұстазы Асқар Егеубаев шығармашылығы жайлы, сондай-ақ ғылым жолында аса бағалы ақыл-кеңестер, кандидаттық диссертация қорғау кезінде бағыт — бағдар беріп, қамқорлық көрсеткенін айтып, ғалым ұстазын ерекше ықыласпен еске алды.
Байқау шарттарына сәйкес бірінші кезеңде қатысушылар Асқар Егеубаевтың өлеңдерін жатқа оқулары, екінші кезеңде шешендік дарындарын паш етуге тиіс болатын. Ең үздік өнер көрсеткен оқушыға «Семей таңы» газетінің арнайы жүлдесі тағайындаған. Алайда, бірінші кезеңнің өзінде жарыс көркі қызды. Қатысушылардың көпшілігі өлеңдерді жатқа оқып қана қоймай, жұрт алдында орындаушылық таланттарын да таныта білді. Құр сайыста “жеңсем” деген талпыныстан талас қызбайтыны белгілі. Демек, балғындардың аталмыш байқауға асқан ыждаһаттылықпен дайындалулары олардың поэзияға деген, оның ішінде Асқар Егеубаев шығармашылығына деген ерекше іңкәрлігінің нышаны болса керек. Оқушылардың өнеріне тәнті болған газетіміздің директор-Бас редакторы Риза Асанқызы бастаған ұжым байқау барысында қосымша тағы үш арнайы жүлде тағайындады. Жалпы Зайсан жері таланттарға бай өлке екендігі жыр сүйер қауымға белгілі. Өмірден небары 56 жасында өткен Асқар Егеубаев ғалым,сыншы,ақын, аудармашы сан қырлы талант иесі болса, осы мектептің түлектерінің қатарында ақын Ұлықбек Есдәулетов, жазушы Марат Қабанбаев та бар екендігі белгілі. Бір ғана мектептен бірнеше белгілі талант иесі шыққандығы білім ордасының киелі қара шаңырақ екендігін паш етіп тұрғандай.
Қаратал — көрікті ауыл
Осы кезде «Семей таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Ерзат Жанат-ұлы Қаратал ауылдық округінде атқарылып жатқан шаруалар жайлы мағлұмат алып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысу мақ-сатында ауылды аралауда еді.
«Семей таңы» газетінің Зайсан ауданындағы күндері аясында аудандағы Қаратал тірек ауылының тынысымен танысудың сәті түсті. Зайсан ауданындағы ең ірі ауыл да дәл осы Қаратал. Тірек ауылдардың тізіміне енгелі Қараталдың қазіргі ажары өзгеше. Аудан орталығы Зайсан қаласынан кейінгі тұрғыны көп ауылдың соңғы үш жыл көле-мінде ісі айтарлықтай оңға басып келеді.
Зайсан қаласынан Майқапшағай бағытына бет алып, 30 шақырым жүрген соң «Қаратал» деген үлкен қақпаға тап келесіз. Қақпаның төбесінде һәм қақ ортасында Қазақ елінің байрағында бейнеленген күн мен қыран бейнесін де бірден көз шалады. Әлбетте, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Ал, күн астында қалықтаған қыран (бүркіт) бейнесі – қуат-күштің, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Алтын бүркіт кескіні ауылдың алға қарай ұмытылысын көрсетіп тұрғандай. Қақпаға қараған кез –келген адамның санасында әлбетте осындай ойлардың орамы оралатындығы жасырын емес.
Қараталдың қақпасынан аттай бере, біз де қақпадағы бейнемен ауыл тынысы тікелей ұштасып жатқандығын байқадық. Майқап-шағайға өтетін республикалық маңызы бар күре жол Қараталды қақ жарып жатқандықтан ба, ауыл қайнаған тіршіліктің ортасы екен. Оның үстіне көктемгі егіс науқанының қызып тұрған шағы екендігі де бар.
Ауылдық округтың құрамында Қаратал ауылынан өзге Үлкен-Қаратал ауылы, Жіңішкесу, Қос-Қора, Қабырғатал сияқты төрт елдімекен бар. Тірек ауылында тындырымды істер көп – ақ. Ауыл әкімі Талғат Жұмақанұлы Дүйсембаевтың бастауымен өзгелерге үлгі болар игілікті істермен таныстық. Ауыл әкімі де алыстан емес,осы Қаратал ауылының тумасы. Туған ауылының жаңаша түлеуіне, гүлденуіне үлес қосуды азаматтық борышы санаған Талғат Жұмақанұлы үш жылдың жүзі болды атқа мініп, әкімдік қызмет атқарып келе жатқан жайы бар.
Әлбетте, атқарған шаруасына қарай әділ бағасын беретін халық қой. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақановтардың тапсырмаларын тындырымды атқарып, тынымсыз еңбек ете білген Талғат Жұмақанұлы Зайсан ауданы халқының алдында зор беделге ие.
Хош. Тірек ауылында салынып, іске асқан, халық игілігіндегі нысандарды Талғат әкім өзі бастап жүріп таныстырды. 2012 жылы «Жастар саябағын» абаттандыруға республикалық бюджеттен 13 миллион 671 мың теңге, жергілікті бюджеттен 9 миллион 329 мың теңге, жиыны 23 миллион теңге бөлініп, бұл күнде «Жастар саябағы» «жарқырап» тұр десек әбестік болмас. Жаз мезгілінде жастардың, ауыл тұрғындарының демалыс орынына арналған саябақ сол қалпы сақталған. Бәз бір ауылдарда салынған «Жастар саябағының» бұл күнде «мастар саябағына» айналып кеткенін ескерсек, ауыл тұрғындары да қолда бар дүниенің қадірін біліп, қажетінше күтіп – баптаудағы азаматтардың еңбегін еш кетірген емес. Жыл сайын боялып, жаңарып, жасыл желекке оранып тұратын саябақты тамашалауға барғанда көктемгі тазалау жұмыс-тарының үстінен түстік. Әкімнің айтуынша, ауылға сырттан мейман келсе, бірінші кезекте осы саябақты тамашалаудан бастайды екен. Біз Қаратал ауылының мәдениет үйіне де бас сұқтық. Мәдениет ошағы да қайта жөндеуден өткен. Ағымдағы емес, күрделі жөнделген мәдениет үйіне 22 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Тағы да сол тоқсаныншы жылдардың басында талан – таражға түсіп кетудің аз – ақ алдында қалған нысанды сол кездегі ауыл әкімі Зиядабек Асубаев деген азамат аман алып қалған.
Мәдениет үйінде хореографиялық би үйірмесі, кітапхана, спортзал топтасқан. Айтпақшы, мұнда қазақ күресі секциясы жұмыс жасап тұр. Болашақ «Қазақстан барыстары» дәл осы мәдениет үйінің спорт залында тер төгіп жүруі де бек мүмкін.
Кітапханада ауыл тұрғындарын ақпараттық қолдауға бағытталған «Онлайн орталығы» да бар. Зайсан қаласындағы аудандық орталық кітапхана сияқты Қаратал ауылының кітапханасы да А. Пушкин атындағы облыстық кітапхана негізінде ғаламтор желісіне қосылған. Ақпарат аламын деушілерге әрқашан кітапхананың есігі ашық. Айтпақшы, ақпарат дегеннен шығады ғой. Ауылдағы кейбір келіндер жасайтын салаттарының құрамын да кітапханаға арнайы келіп ғаламтордан алып жүр екен. Кітапхана меңгерушісі Роза Бурашева ғаламтордың көмегіне жүгінетіндердің күн санап көбейіп келе жатқандығын жеткізді. Күніне орташа есеппен кітапхана есігін 50 –ден астам адам ашады. Бірі ғаламтордан «ғажайып» алуға келсе, енді бірі әлі де болса кітаптан қол үзбегендер.
— 2012 жылы жергілікті бюджеттен балалар ойын алаңына 1 млн. 904 мың теңге, хоккей кортына 810 мың теңге, К.Омаров көшесін жарықтандыруға 3 млн. 200 мың теңге қаражат жұмсалды. Өткен жылы да ауылды көркейту мен дамытуға облыс әкімі Б. Мәшбекұлының көмегімен футбол алаңына 9 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. К.Рамазанов көшесін жарықтандыруға 4 млн. 115 мың теңге, оның ішінде республикалық бюджет 3 млн. 704 мың, жергілікті бюджеттен 411 мың теңге бөлінді. Үлкен-Қаратал ауылындағы спорттық алаңды абаттандыру бойынша игерілген қаражат 3 млн. астам. Қаратал ауылының кіре-берісін абаттандыруға 2.5 млн. жуық қаражат жұмсалды, — дейді ауыл әкімі Талғат Жұмақанұлы.
Айтпақшы, ғасырға жуық тарихы бар Қаратал орта мектебі де өткен жылы күрделі жөндеуден өтті. Шатыры, мектептің қоршауы мен іші толықтай күрделі жөнделген білім мекемесі алыстан көз тартып тұр.
Талғат Жұмақанұлы биыл да атқарылар шаруалардың көп екендігін алға тартады. Атап айтқанда қатты қалдықтар алаңын салуға 22 млн. 419 мың теңге қарастырылса, 140 орындық балабақша құрылысының сметалық – құжаттамасын жасауға 4 млн. 314 мың теңге жергілікті бюджеттен бөлінген.
— Ауылда көктемгі егіс науқаны басталып та кетті. Ауыл тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Негізгі әлеуеті де осы екі сала. Биыл 1214 гектар жерге дәнді — дақылдар егілсе, 2147 гектар жерге көпжылдық шөп, картоп, орамжапырақ, жүгері, күнбағыс сияқты көкөніс түрлерін егу көзделуде, — дейді ауыл әкімі Талғат Дүйсенбаев.
Қараталдағы қолында бар азаматтар да қарап қалып отырған жоқ. Шаруашылықтарын ширату бағытында өз қаражаттары есебінен бірқатар кешенді жұмыстар басталатындығын айтады, ауыл әкімі. Мәселен, «Ақбай» шаруа қожалығы 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын ұлғайтуға 30 млн, 1000 бастық мал қорасын салуға 16 млн. теңге жұмсауды көздеп отырса, Жеңіс Әміренов атты азамат келер жылы 10 млн. теңгеге қымыз дайындау цехын іске қоспақ. Айтпақшы, Үлкен – Қаратал ауылының тұрғындары биыл бұйырса «Ақ бұлақ» бағдарламасымен таза ауыз суға қол жеткізеді. Мердігер компания «СМУ Шығыс» ЖШС ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында таза ауыз суды іске қосуды жоспарлап отыр. Жалпы жұмсалатын қаржы көлемі 301 млн. теңге.
Бұйырса аудан әкімі Алмас Оңдақановтың ұсынысы бойынша облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен ҚХР-мен бірлесе Үлкен-Қаратал мен Қаратал ауылының ортасынан шағын трактор шығаратын құны 2 млрд. 270 млн. болатын шағын кәсіпорын салу да жоспарда.
Міне, тірек ауылының тынысы. Көз жүгіртсеңіз көп істің тындырылғанын байқайсыз. Қараталдың қазіргі тіршілігі осындай.
«Семей таңы» газетінің аудандағы күндері қарсаңында Барқытбелдің баурайынан Үржар ауданының өнерпаздары да Зайсанда мәдени күндерін өткізді. Қос аудан арасындағы әріптестік байланыс Зайсан ауданының тумасы, Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин мен Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақановтың өзара сыйластығының нәтижесі. Аудандық мәдениет үйінде өткен үржарлық өнерпаздардың концертін зайсандықтар ыстық ықыласпен қабылдап, қошеметтерін аямады.
Ғасырлық тарихы бар мектеп
Іссапардың соңғы күнінде көшпелі редакция Зайсан қаласының Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде ұстаздар қауымымен кездесті. Бұл білім ордасының тарихы да ғасырдан ұзақ уақытты құрайды екен. Қазіргі таңда 800-ден астам оқушы білім алып жатқан көрінеді. Өнер сайыстарында топ жарған оқушылар жетерлік. Ұстаздар қауымы да өте ұйымшыл, білікті мамандардан құралған. Мектеп директоры Нұрзада Жекенованың берген сұхбатынан қысқаша осындай ой түйдік.
Жиын барысында ұстаздар қауымына газет ұжымы арнайы дайындаған сый- сияпат табысталды. Сондай-ақ, мұғалімдер «Семей таңы» газетіне деген лебіздерін білдіріп, өздерінің ұсыныстарын жеткізді.
Мұхтар Әуезов атындағы мектептің тағы бір жетістігі – өзінің жеке жылыжайының болуы. Білім ордасының директоры Нұрзада Жекенова аталмыш нысанның жұмысы жайында баяндап өтті. Редакция қызметкерлері мектеп жанындағы жылыжайды көріп, мектеп ұстаздарының бұл орайда да атқарып отырған жұмыстарын тамашалады.
Аудан әкіміне алғыстары шексіз
Зайсанда біз барған мекемелердің бірі – психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті болды. Жалпы іссапар барысында Зайсан ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлінетініне, оларды оңалту мен бейімдеуге ерекше назар аударылып отырғандығына көзіміз жетті. Балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің жұмыс істеуі, әрі оған биыл арнайы ғимараттың берілуі соның бір айғағы десе де болады.
— 80-ге жуық бала қазір бізге келіп жүр. Логопедтер бар, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, педагог-дефектолог, баланың қоз-ғалысын дамыту педагогы жұмыс жасайды. Барлығының арнайы кабинеттері бар. Аудан әкімі Алмас Аманқолұлына алғысымыз шексіз. Көптен бері шешілмей келе жатқан ғимарат мәселесін Алмас Аманқолұлы шешіп берді. Тура жаңа жылдың алдында бізге сыйлық жасады. Жас болса да жақсы істерімен аз уақыттың ішінде халықтың ілтипатына бөленіп үлгерген әкімімізге разымыз,-дейді мекеме басшысы Толқын Уалынова.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға деген ауданда көрсетіліп жатқан көмекке разылығын жасырмаған Риза Асанқызы:
— Елбасы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету нақты айтыл-ған болатын. Атқарылған жұмыстарды Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауын басшылыққа алып, нақты жүзеге асырудың алғышарттары деп айтуға әбден болады, — деп өз пікірін білдірді. Мекеме ұжымына арнайы сыйлықты табыстаған соң көшпелі редакция аудандық ардагерлер үйіне жол тартты.
Қазына қарттармен кездесу
Иә. Газетіміздің Зайсан ауданындағы күндерінде ұйымдастырылған келелі кездесулердің бірі — ауданның қазыналы қарт- тарымен жүздесу. «Мұрагер» қоғамдық ұйымдар, ардагерлер және жастар үйіндегі кездесу көптің көкейіндегі сауалдарды дөп басып, бүгінгі күннің өзекті һәм өміршең мәселелерін көтерді.
Айта кету керек, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер мен жастарды аудан басшысы Алмас Аманқолұлы жеке ғимаратпен қамтамасыз етіп, бір ортада шоғырландыруға жағдай жасаған. Мұның өзіндік мәнісі бар. Аталы сөз айтатын, баталы тілегі бар ақсақалдар қауымына жастар жағы жақын жүрсін, алдыңғы толқынның өнегелі өмірін үлгі тұтсын, өсиеттерін тыңдасын деген салмақты ойға саяды.
Ардагерлермен кездесудегі басты мақсат- аудан көнекөздерінің ой – пікірін, басылымға деген ұсыныстарын, ақыл – кеңесін тыңдау болатын. Біздің басылымның Бас редакторы Риза Асанқызы қашан да алдыңғы толқынның ақылына жүгініп отыруды өзінің міндеті санайды. Сондықтан кездесудің басылым үшін берері көп екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне көнекөз қарттардың назарына іліккенді қалт жібермейтін қырағылығы тағы бар.
«Семей таңы» Зайсан ауданында кең таралатын басылым қатарынан. Әсіресе, қариялар жағы газеттен ауданның тіршілігін жете танып отырады. Басылымның ұжымы ардагерлермен арнайы кездеседі дегенді естіген әжелер ұлттық үлгіде киініп келіп, қазақы дәстүрмен шашу шашып, әсем әнмен қарсы алды. Зайсан ауданының ардагерлері әрқашан қандай іс – шара болмасын қалыс қалып көрген емес. Аудан өміріне қатысты істердің бел ортасында ,белсенді түрде ат салысып жүргендерін байқаймыз. Сондықтан болар облыстағы ардагерлер ұйымдары арасында да шоқтығы биік, мәртебесі зор.
Кездесудің негізі барысын, мәнісін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева таныстырып, «Семей таңы» газеті Зайсан ауданында кең таралып, өз оқырмандарының көкейінде жүрген тақырыптарға қалам тербеп, игілікті істердің жаршысы бола білгендігін атап өтті.
Кездесу кезінде Мұрат Жұмағалиев ақсақал Семей арқылы ҰОС аттанған зайсандықтар туралы ескеріп, осы бағытта жұмыс жасасаңыздар деген өз ұсынысын білдірді. Бұл ретте, Риза Асанқызы Зайсан ауданындағы меншікті тілші Қалибек Алтыбаймен аудан ардагерлері тығыз байланыс орнатса, газет редакциясына көп көмек болатындығын жеткізді. Сонымен қатар, Риза Асанқызы ТМД кеңістігінде таратылатын «Жди меня» телебағдарламасымен ғасырға жуық тарихы бар «Семей таңы» газеті де әріптестік байланыс орнатқандығына біраз уақыт болған-дығын, қапыда көз жазып қалғандарымен табыстыратын іргелі жоба арқылы ҰОС хабарсыз кеткен зайсандық азаматтарға іздеу салуға болатындығын атап өтті.
Зайсан ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұқан Мырзаханов ақсақал өз сөзінде жақында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өткізген арнайы жиынына қатысып қайтқандығын тілге тиек етіп, онда көтерілген негізгі мәселе бүгінгі күннің береке – бірлігіне облыс әкімі айрықша тоқталғанын жеткізді. Сонымен қатар, Бердібек Мәшбекұлы жастар тәрбиесіне де аса ден қойып отырғандығын айта келе, жастар тәрбиесінде баспасөздің алар орны ерекше екенін Тұқан ақсақал атап өтті. Осыған орай Тұқан Мырзаханов жастар тәрбиесіне қатысты танымдық мақалаларды жиі беріп,тың тақырыптар қозғалса деген өз ұсынысын жеткізді.
Тұқан ақсақалдың ұсынысын Риза Асан-қызы қолдайтындығын жеткізіп, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының біріне айналған бала мен жастар тәрбиесі жайында ой қозғалғанына өзінің қуанып отырғандығын айтып, бүгінгі жастар тәрбиесі ертеңгі болашақтың іргетасы, кемел келешектің бастауы екендігіне баса назар аударды. Бұл тақырып тек ардагерлерді ойландырып, толғандырып қана қоймай, қоғамдық тұрғыда сипат алып, атқарушы билікте жастар тәрбиесіне көптеп көңіл бөлу керектігі жайында өз ойын білдірді. Бұл ретте, Риза Асанқызы Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, жастармен жиі кездесулер өткізіп, ұлттық дәстүр мен болмыс, қазақтың қылықты қызы мен ұлықты ұлының бүгінгі бет – бейнесіне байланысты өз ойын ашық жеткізіп жүргендігін мысалға келтірді.
— Сіздер көпті көрген көнекөз қарияларсыздар. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой – пікірлеріңізді, пайымдарыңызды, таным – түсініктеріңізді ақ қағазға түртіп отырсаңыздар «Семей таңы» басылымында «Тағылым» атты арнайы бетті осы ұрпақ тәрбиесі, бүгінгі бозбала мен бойжеткеннің бет – бейнесіне арнайтын боламыз. Сол кезде сіздердің ақыл – кеңестеріңізге жүгінетін боламыз, — деп атап өтті Риза Асанқызы.
Облыс әкімінің Зайсан ауданындағы қоғамдық көмекшісі Қуанышбек Әшімханов кездесудің өзі ерекше жағдайда өтіп жатқандығын, себебі, газет ұжымдарының арасынан арнайы сапарлап келіп, халықпен тілдесіп, жүздесіп, жақындаса отырып жағдайды білген жалғыз «Семей таңы» газеті екендігіне ерекше тоқталды. Қуанышбек Әшімханов қазіргі кезде мақтау деген ұғым баспасөзде «брендке» айналып, әділ сынның азайып кеткендігіне көңіл аударды.
Осыған орай Риза Асанқызы сынның да шыны болатынын атап өтіп, қазіргі жаһандану дәуірінде ел бірлігін, берекесін сақтауда игілікті істердің, жағымды жаңалықтардың, Елбасы саясатын насихаттаудың маңыздылығын баян- дады. Осы жағынан алғанда сынның екінші кезекте қалып, жақсы істер арқылы халыққа рух беріп, демеу болу, ел арасындағы жақсы істердің жаршысы бола отырып, Тәуелсіз қазақ елінің татулығы мен бірлігін дәріптеу де басылымның басты мақсаты екендігін атап өтті.
Қазақ қашаннан жетімін жылатпаған халық. Жетім көрсе жебеп, қолтығынан демеп, қолынан келсе қолдау танытатын мәрттігі бар. Міне, кездесуге Сарытерек ауылдық округінен келген Бикен апа Бордықаева да сол қатардан. Қазақтың қаракөздері ғана емес, өзге ұлттың баласын бауырына басып, қанаты қатайғанша, бұғанасы бекігенше тәрбиесін берді. Кеңестің кезінде малдың соңында жүрсе де төрт жетімнің көз жасын құрғатқан нағыз батыр ана. Бикен апаның жүрегінің кеңдігін Зайсан жұртшылығы жақсы біледі. Қазір панасыз қалған мүмкіндігі шектеулі әйелді қарап отыр. Міне, расында да нағыз батырлық, кеңпейілділік осы емес пе! Бикен апа Зайсан ауданындағы мал баққандардың озаты. Еңбегі ескерусіз қалмай заманында халықтың қалаулысы атанып, депутат та болған. Нағыз еңбек адамы. Өмірін еңбекпен байланыстырған ақ жаулықты ананың қиымылы ширақ, сөзі мірдің оғындай. Суырып салмалық қасиеті тағы бар.
Аудан орталығына қолына қарап отырған кемтар жанға дәрі – дәрмегін алуға келген сәтте, кездесу болады дегенді естіген Бикен апа арнайы келіп ақ батасын берді:
Биік болсын тұғырың,
Мықты екен сөзге ұғымың.
Айналайын Риза,
Ұзақ болсын ғұмырың, — деп аналық ақ батасын арнады.
Өз кезегінде Советқан Сакиев ақсақал мен Бану Құпиева газет ұжымына шығармашылық табыс тілеп, биіктерден көріне беруге тілек білдірді.
Мұнайлы ел — шырайлы ел
Іссапардың соңында көшпелі редакция Шығыс өңірінде «Қара алтын» өндірісіндегі алғашқы кәсіпорын «Тарбағатай мұнайда» болып қайтты. Риза Асанқызы дөңгелек үстел басына жиналған кәсіпорын өкілдеріне газет ұжымының Зайсан ауданына келу мақсаты жайлы айтып өтті. Өз кезегінде Сайлау Бер-кінұлы Бажбенов бастаған зауыт мамандары өздерінің жұмысы жайлы мол ақпарат берді.
— Қазіргі таңда Зайсан мен Қараталды қосқанда 300 миллион кубометр газ жіберілді. Болашақта ауданның басқа да ауылдарына газ құбыры тартылады деген жоспар бар. Мұнайға келетін болсақ, қазір барлығы барлау деңгейінде. Сондықтан қара алтынның қоры қанша екенін айта алмаймыз. Бір айта кетерлігі, біздің мұнайдан жанар-жағар май өте аз шығады. Есесіне оның құрамында гудрон, былайша айтқанда шайыр көп. Бұл да біз үшін тиімді дер едім. Қазір біздің битум зауыт- тары гудронды шетелден өте қымбатқа сатып алып жатыр. Бізде өткенде сатқан 400 мың тонна гудрон өңделіп, Тарбағатай мен Ақжардың арасындағы асфальтқа төселді. Кәсіпорынның жұмысына қатысты тағы бір мәлімет, қазір зауытта вахталық әдіспен 300-дей жұмысшы еңбек етеді. Жұмыс жағдайы толық жасалған,- деді Сайлау Беркінұлы.
Міне, Зайсан ауданының бүгінгі даму қарқыны осындай. Әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатыр. Білім саласында да үлкен жетістіктер бар. Энергиямен қамту мәселесі де көп ұзамай дұрыс шешімін табатын сияқты. Біз соның бәрін өз көзімізбен көріп қайттық. Әлі қырықты да еңсермеген жас басшы Алмас Аманқолұлы Оңдақановтың жұмысына халықтың разылығын сапар барысында жиі естідік. Ең бастысы — халыққа жақын, үлкенге ілтипатты басшы деген пікір көп болды. Сырт көз қашан да сыншы ғой. Жалпы Зайсан елінің түтіні түзу, шаруасы бекем, ынтымағы мен бірлігі жарасымды екендігі де байқалып тұрды. Ауыл біздің ұлттық бесігіміз ғой. Бәріміз де ауылдан шыққанбыз, сағынып қалыппыз… Зайсанда ақ сақалды қазына қарттармен де, ақ жаулықты ақылы дария аналармен де, ауылына қарап өздерін танытатын азаматтармен де кездесіп, дидарластық. Кезінде Дінмұхамбет Қонаев төбесінен Зайсанға қарап тұрып: «Мынау Алматының кіші макеті ғой»,-деп тамсанған «Көк төбеге» де шықтық. Ел іші деген керемет қой! «Қазақ Елі» ауылдан басталады десек, ешкім де қарсы дау айта алмас…
P.S: “Семей таңы” газетінің 95 жылдығына арналған Зайсан ауданындағы күндерін өткізуге қолдау көрсеткендері үшін аудан әкімі Алмас Оңдақановқа, аудандық мәслихат хатшысы Дәулет Ыдырышевқа, аудан әкімі аппаратының жетекшісі Марат Уәлиге, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаеваға, аудандық “Достық” газетінің редакторы Ардақты Бөлдекбаеваға, Қаратал ауылдық округінің әкімі Талғат Дүйсенбаевқа және барлық ауылдық округ әкімдеріне өз тарапымыздан алғыс айтамыз.
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,
Мирас ҚҰСАЙЫН,
Суреттерді түсірген
Дархан АХМЕТОВ,
“Семей таңы”