2021 жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Биылғы жыл бұрынғыдан өзгерек… Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы армандап, көре алмай кеткен Тәуелсіздік атты ұлы мұратқа қол жеткізгенімізге биыл 30 жыл толып отыр. Бұл — бір жылға емес, отыз жылдағы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, алдағы уақытқа жоспар жасалатын тарихи кезең. Шығыс Қазақстан облысы осы 30 жылдық мерекені айтулы табыстармен қарсы алып отыр. Облысымыз бүгін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудың даңғыл жолында. Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласында да өрелі істер аз емес. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовпен мереке қарсаңындағы сұхбатымыз атқарылған және алдағы күндердің еншісіндегі атқарылар істер жайлы болмақ
— Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы — Ұлт Көшбасшысы — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген табыстарымыз бен жетістіктерімізді саралайтын сәт. Осы орайда туындайтын бір заңды сауал: еліміздің осы айтулы мерекесіне облысымыз қандай жетістіктермен келді?
— Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев тәуелсіздігіміз жарияланған күннің ертеңінде: «Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» – деген еді. Бүгінгі қуатты елдегі еркін өміріміз бізге тәуелсіздіктің тартуы болса, біздің әр ісіміз — тәуелсіздікке тарту. Қазақстанның шығысында мерекелі жылы аймақ экономикасына серпін беретін іргелі істер аз емес. Облысымыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына барлық сала бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен келді. Кәсібі сан салалы біздің аймақ үшін биылғы жыл өркениетке нық қадамдар жасалған, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін бұрынғыдан да нығайта түсетін іргелі істер екпін алған табысты жыл болды деп ойлаймын. Жаһандық өзгерістер, қаржылық және экономикалық дағдарыстар, коронавирус пандемиясымен күрес жағдайында Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық сақталып қана қоймай, оның даму көрсеткіштерінің өсу қарқыны артты. Халықтың өмір сүру сапасы аймақтың әлеуметтік–экономикалық дамуымен тығыз байланысты. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тәуелсіздік жылдарында оң нәтижелермен сипатталады. Жалпы өңірлік өнімнің көлемі доллар мәнінде 466,8 млн АҚШ долларынан 11,5 млрд АҚШ долларына дейін, теңгемен 2,5 млрд теңгеден 5 трлн теңгеге дейін өсті. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ доллар мәнінде 1,5 мың АҚШ долларынан 8,8 мың АҚШ долларына дейін, теңгемен 116 мың теңгеден 3,8 млн теңгеге дейін ұлғайды. «Жұмыспен қамтудың Жол картасына» енгізілген жобаларды іске асыру тұрғысында атқарылған жұмыстардың жалпы сомасы 22,3 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 676 жұмыс орнын құруды көздейтін құны 9 миллиард теңгеге жоспарланған 9 инфрақұрылымдық жоба бар. Жыл басынан бері 26,5 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орны – 12,1 мың. Жыл соңына дейін қосымша 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан асқан жоқ (ҚР бойынша – 4,9 пайыз). Орташа айлық жалақы 18 пайызға өсіп, 216 мың теңгені құрады. Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 10 мыңға жуық шығыс жастары жұмыспен қамтылды. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін 3,4 пайыз деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетімізде өңірлердің әлеуметтік әл-ауқаты мен ел экономикасына басымдық берілді. Егемендіктің 30 жылдығы — өткенімізді саралап, жеткен жетістік, бағындырған белестерімізді бағамдайтын кезең. Атқарылған істер аз емес, атқарылатын істер одан да көп. Жыл соңына дейін облысымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне 323 іс-шара өткізу жоспарланған, оның ішінде 229-ы — қоғамдық саяси іс-шара. Сондай-ақ 94 инфрақұрылымдық нысан ашу жоспарлануда. Өткен жылы, ұлы жерлесіміз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, ақынның туған жері Сырт Қасқабұлақ және Жидебай елді мекендеріндегі тарихи-мәдени нысандарды жөндеу және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, ал Абайдың әкесі жерленген Ақшоқы шатқалында Құнанбай Өскенбайұлының мұражайы салынды. Құнанбай әулетінің қорымы да қайта жаңартылып, абаттандырылды. Өскемен қаласындағы «Ертіс концерт» және Семей қаласындағы Абай атындағы театр ғимараттары ауқымды күрделі жөндеуден өткізілді. Жалпы, құрылыс жұмыстарынан басқа, заманауи материалдарды қолдана отырып, залдардың интерьері, жарықтандыру жүйесі жаңартылды, бұл осы мекемелерге заманауи келбет пен ерекше мәртебе береді. 1991 жылдан 2021 жылға дейін облыстың мәдениет саласының қызметі үшін бөлінген қаражат көлемі 110,0 млрд теңгеден астам соманы қамтиды. 1991 жылмен салыстырғанда 2021 жылы бюджет қаражатының өсуі 8,1 млрд теңгені (немесе 3,6 есе) құрайды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына әлеуметтікэкономикалық саладан ғана емес, мәдени-рухани тұрғыдан да тарту жеткілікті. Биылғы жылы облыстық деңгейде ел егемендігінің 30 жылдығына арналған 300-ден астам ірі мерейтойлық іс-шара өткізілуде. Біздің облыс Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының сабақтастығын сақтай отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді табысты жүзеге асыруда деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттік органдардың барлық ресурсы әлеуметтік міндеттерді шешуге және тиімді экономикасы мен заманауи инфрақұрылымы бар өңірде өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
— Даниал Кенжетайұлы, әдетте, әкімдердің жұмысын әлеуметтің әл-ауқатының деңгейіне қарап бағалайды. Соңғы жылдары көп балалы отбасылардың мәселесі қоғамның назарын ерекше аударып отыр. Ендеше, әңгімемізді әлеуметтік салада атқарылған істер жайында жалғастыруға рұқсат етсеңіз…
— Әлеуметтік салаға қатысты мәселе жайлы сөз болғанда, бәрі ойдағыдай десек, асыра сілтегендік болар. Тіршілік ағымында проблемалардың кездесуі заңды екендігін де естен шығармаған дұрыс. Билік тарапынан сол проблемалардың салдарын анықтау үшін қандай әркет жасалды, оны шешу үшін не істелді десек, бұл — бөлек әңгіме. Мен облыс басшысы ретінде аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайына ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне, денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздігіне де жауаптымын. Облыс бойынша орташа айлық жалақы 114 теңгеден 216 мың теңгеге дейін, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 6,3 мың теңгеден 122,2 мың теңгеге дейін өсті. Жұмыссыздық деңгейі 11 пайыздан 4,8 пайызға дейін төмендеді. 470 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйге қолжетімділікті, әсіресе халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарын баспанамен қамтуды міндеттеп отыр. Баспана — халықтың өмір сүру сапасының маңызды факторы. Бұл орайда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Облысымызда 30 жыл ішінде 8 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, 88 мыңнан астам отбасы жаңа тұрғын үй алды. Қазір өңірде 280 миллиард теңгеге 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Осы жылы 647 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланған. 4 мыңға жуық отбасы қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жеке инвестицияларды тарту есебінен 104 миллиард теңгеге 86 коммерциялық үйдің (450,6 мың шаршы метр) құрылысы жүргізілуде. Инвесторларға инженерлік инфрақұрылымы бар жобалар мен жер телімдері ұсынылды. «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен жеке тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникациялар жүргізіледі. Сондай-ақ аймағымызда жеке тұрғын үй құрылысының қарқыны артты, жеке инвесторлар 15,4 миллиард теңгеге 744 бір қабатты үй салып жатыр. Ағымдағы жылы бір Семей қаласының өзінде ғана жалпы ауданы 15,9 мың шаршы метр болатын 3 жалға берілетін үйлердің (200 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде ауданы 5,3 мың шаршы метр болатын 64 пәтерлі 1 үйді осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Осы 64 пәтердің 16-сы көп балалы отбасыларға тиесілі. «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында Семей қаласының Қайнар ауылында кейінгі сатып алу арқылы жүзеге асатын көп балалы отбасыларға арналған 2 бір қабатты үй (4 пәтер) пайдалануға берілді. Жалпы, тұрғын үй құрылысы аймағымыздың барлық аудандарында қарқын алуда. Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп Өскемен және Семей қалаларында 4,8 миллиард теңгеге көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр. 16,7 мың шам ауыстырылды, биылғы жылдың соңына дейін тағы 3,8 мың жарық нүктелері жаңартылады. Осындай жұмыстарды барлық аудан орталықтарында жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар «Отбасы банкі» арқылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде Семей қаласында көп балалы отбасылар үшін 38 пәтер (оның ішінде 21 пәтер берілді, 17 пәтер мақұлданды) қарастырылған. Қазір аймағымыздың қай өңіріне барсаңыздар да қаз-қатар сап түзеген жаңа үйлер қалашығын көруге болады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайының бір көрінісі емес пе!
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында халқымыздың бай тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетін тиімді пайдалану тақырыбына ерекше тоқталған. Облысымызда бұл тұрғыда атқарылып жатқан істер аз емес. Осы мәселеге өзіңіз тоқтала кетсеңіз…
— Иә, Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің алдағы кезеңіне арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары белгіленген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы Жолдауда еліміздің тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше маңыз берілген. 2016 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның арқасында Қазақстанның алдыңғы қатарлы археологтері Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен Шығыс Қазақстанның бірегей археологиялық ескерткіштері – Берел, Елеке сазы, Шілікті, Көкентау зерттелді. Жұмыс нәтижелері бойынша қола, ерте темір, ерте және кейінгі орта ғасыр кезеңдерін сипаттайтын құнды артефактілер анықталды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры 22,5 мыңнан астам жәдігермен толықтырылды. Зерттеу нәтижелері бүкіл Еуразия кеңістігіндегі ғылыми қоғамдастықтарда мойындалды. 2021 жылғы 27 қыркүйекте Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Кембридж университетінің Fitzwilliam мұражайында «Ұлы дала алтыны» атты көрме Еуропа халқының назарына ұсынылды. 2022 жылдың 27 қаңтарына дейін жалғасатын көрмеге ата-бабаларымыздың мәдени және археологиялық жетістіктерін сипаттайтын алтыннан жасалған 15 мыңнан астам артефакт қойылған. Бұл көрме қалың жұртшылық пен ғылыми қауымдастықты бірегей жәдігерлермен таныстырып қана қоймай, Қазақстан мен Ұлыбритания Корольдігі арасындағы мультимәдени алмасу тізбегінің бір буынына айналды. Осылайша, біз әлемдік қоғамдастық үшін Ұлы дала көшпенділері тарихының жаңа беттерін ашып келеміз. Олар біздің ата-бабаларымыздың әлемдік өркениеттің қалыптасуына қандай үлкен үлес қосқанын көрсетеді. Алдағы уақытта археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында Ұлан ауданы Сағыр ауылының жанындағы Ақбауыр шатқалының ескерткіштері, Катонқарағай ауданындағы Ғұн-Сяньби дәуірінің ескерткіштері, сондай-ақ Шілікті алқабы мен Тарбағатайдың солтүстік баурайындағы ескерткіштерге зерттеулер жүргізіледі. 2018 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» кітап сериясы» жобасы іске асырылып жатыр. 52 мың данадан астам кітап жарыққа шықты, оның ішінде жергілікті авторлардың, сондай-ақ облыстың жас ақындары мен жазушыларының шығармалары да бар. Бұл кітаптар облыстың барлық кітапханасын толықтырды, ал электронды нұсқалары Қазақ ұлттық электронды кітапханасында (ҚазҰЭК) орналастырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Семей қаласының тарихи-мәдени объектілерін жаңғырту туралы тапсырмасына сәйкес, Семей қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтаудың 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Семей қаласының аумағындағы маңызды тарихи және мәдени ескерткіштерге күрделі және ағымдағы жөндеу және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Жалпы, мәдениет саласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталған көптеген мақсатты жобалар жүзеге асырылуда. Ең ірі 6 жобаның бюджеті 2 млрд 057 млн 901 мың теңгені құрайды. Музейлеріміз жаңа картиналармен, экспонаттармен толығуда, мысалы, «Арт Заман» жобасы аясында үш жыл ішінде облыстық өнер мұражайы Қазақстанның ең танымал суретшілерінің 66 картинасын сатып алды. Тарихи жадыны қалыптастыруда және азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеуде монументалды өнердің тиімді құралдардың бірі болып табылатынын ескере отырып, Шығыс Қазақстанда көрнекті тұлғалар — Әлихан Бөкейханов, Қабанбай батыр, Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбайұлына ескерткіштер орнатылды, Өскеменде «Нұрлы жол» монументі ашылды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның цифрлық кеңістікке белсенді көшуімен ерекшеленді. Бүгінде барлық мәдениет мекемелері Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілген және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға өз үлестерін қосуда, ал біздің кітапханаларымыздың тәжірибесі республиканың үздік кітапханалық практикаларының бірі болып танылады. Мысалы, Өскемен және Семей қалаларының облыстық кітапханалары құнды электронды ресурстар жасауда, олардың ішінде әлемнің 32 тіліндегі кітаптарды қамтитын «Біздің Абай» толық мәтінді электронды кітапханасын ерекше атауға болады. Электронды кітапханада ұлы жерлесіміз Абайдың шығармалары мен абайтанушылардың еңбектері бар. Сондай-ақ облысымыздан шыққан танымал тұлғалар жайлы естеліктерді сақтайтын «Алаш» электронды кітапханасы мен «Шығыс Қазақстан: танымал есімдер» дерекқорын атауға болады. Шығысқазақстандық авторлардың цифрланған кітаптары, оның ішінде латын қарпіндегі сирек кездесетін басылымдар және Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана қорындағы Абай оқыған кітаптар, Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасын (ҚазҰЭК) толықтыруда. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана Қазақстанда бірінші болып қазақ классигі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын Брайль жүйесімен шығарды, романның 4 томы бедерлі-нүктелі шрифтпен 24 кітапты құрады.
— Даниал Кенжетайұлы, ШҚО еліміздегі білім берудің жаңа форматына көшуде басқаларға үлгі болып отырған аймақ деп айтуға толық негіз бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Менің мектебім» жобасы аясында Сіздің бастамаңызбен робототехника сыныптарын ашуды біздің облыс алғаш болып қолға алды. Мектептердің білім беру деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептерімен теңестіру жайлы жиі тапсырма беріп жүрсіз. Бүгінде облыс бойынша ұстаздардың біліктіліктері қандай деңгейде? Инклюзивті білім беруді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Аймағымызда білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Аймақтың барлық мектебінде білімді жетілдіру мақсатында оқушылар мен мұғалімдерге ІТ-құзыреттіліктер бойынша халықаралық стандартқа сай тереңдетілген бағдарламалар енгізілуде. Облыстың 250 мектебі жаңа модификация кабинеттерімен жабдықталған. 221 білім беру нысанына, оның ішінде шекарадағы аудандардағы 25 мектепке, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың сәуір айынан бастап құжаттарды қабылдаудың электронды жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе арқылы барлығы 20 930 оқушы бірінші сыныпқа қабылданды. «Жас маман» жобасы бойынша базалық колледждер жанынан алты біліктілік орталығы ашылды. Онда кез келген оқу орындарының студенттері жаңа құрал-жабдықпен өндірістік тәжірибеден өте алады. Жыл соңына дейін тағы 5 орталық ашылады. Бұл орталықтарда өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны 3 мыңнан асады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелері шешілуде. Колледждер үшін жоспарланған 7 жатақхананың 5-уі пайдалануға беріліп (1 520 орындық), екеуінің (488 орындық) құрылысы жүргізіліп жатыр. «Білікті маман» жобасы аясында 410 гранттық орын бөлініп, соңғы бес жылда мектеп түлектерінің шетелдің жоғары оқу орындарына кетуі бес есеге азайды. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтердің бірыңғай порталы енгізілді. Кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 258 нысан бейімделетін болады. 2018-2019 жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Парыз» қорының қолдауымен облыста «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ стандарттары бойынша аймақтағы мектептерді жабдықтауға бағытталған «Менің мектебім» жобасы жүзеге асырылды. Екі жыл ішінде облыстың барлық 648 мектебі заманауи құралдармен жабдықталды, соның ішінде 2018 жылы демеушілік қаражат есебінен толық жинақталған 277 орта мектеп 476 жаңа модификация кабинетімен жарақтандырылды. 2019 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен аймақтың 371 шағын жинақты мектебінде 371 IT-сынып ашылды, мектептерге 2869 бірлік компьютерлік техника және 500-ге жуық интерактивті панельдер қойылды. Облыстың барлық мектептерінде ІТ-сыныптар ашылды. Онда оқушылар цифрлық технологияларға деген қызығушылықтарын дамытады және бағдарламалау, 3D модельдеу, робототехника бағыттары бойынша оқиды. 2019-2020 оқу жылында IT-сыныптардағы оқу бағдарламасы жетілдірілді, тереңдетілген бағдарлама әзірленді, оған жоғары деңгейлі Python тілінде бағдарламалау, ArduinoUno электрондық платформалары негізінде автоматтандырылған құрылғылар құру сияқты бөлімдер кірді. 2020 жылы білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу аяқталды, 2801 педагог екі жыл ішінде курстық даярлықтан өтті. Қысқа мерзімді курстарда пәндер бойынша 2 жыл ішінде 3656 педагог оқыды. Қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мақсатында шағын жинақты мектеп педагогтері үшін 725 курс ұйымдастырылды. Инклюзивті білім беру бойынша Жол картасын іске асыру шеңберінде республикалық бюджет есебінен 568 педагог, жергілікті бюджет есебінен 9 млн 600 мың теңге сомасына 695 педагог курстан өтті. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 470 мұғалім курстық дайындықтан өтті. Жергілікті бюджеттен IT-сыныптарында жұмыс істеу, үштілділік, цифрландыру, инклюзивті білім беру, жаңа модификация кабинеттерінде, кітапханаларда 2020 жылы 1622 педагог үшін, 2021 жылы 1110 педагог үшін курстар өткізілді. 2020 жылғы курстық даярлықтың негізгі міндеті педагогтердің цифрлық құзыреттіліктерін дамыту болды. Осыған байланысты, республикалық бюджеттен 20 654 педагог цифрлық ресурстармен жұмыс бойынша қосымша курстық даярлықтан өтті. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1127 педагог оқытылды.
Педагогтердің біліктілігін арттырудың 2022, 2023, 2024 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленді, оның шеңберінде тілдік пәндер мұғалімдерін, инклюзивті сыныптар педагогтерін, информатика, робототехника, физика пәндері мұғалімдерін және кітапханашыларды, оның ішінде 2022 жылы 2700 педагогті қосымша курстық даярлау көзделген. Облыс бойынша мектептердің білім беру деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептерімен теңестіру, жаңартылған білім беру бағдарламасына көшу 2016 жылы басталған. 2016-2017 оқу жылында барлық жалпы білім беретін мектептердің бірінші сынып оқушылары жаңартылған оқу бағдарламасына көшті. 2 0 1 6 — 2020 жылдар аралығында жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырыс негізінде облыстың 29195 мұғалімі біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оның ішінде мектеп директорларының 9 айлық курсы ұйымдастырылды, мұғалімнің тәжірибесіндегі зерттеу бойынша мектеп жаттықтырушылары, тапсырмаларды әзірлеушілер, пәндерді тереңдетіп оқыту бойынша және халықаралық PISA курстарында білімдерін жетілдірді. «Инклюзивті білім беруді дамыту» жол картасы жобасын және Қазақстан «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында «Инклюзивті білім беруді дамыту жағдайындағы білім беру ортасының мазмұны» тақырыбы бойынша ұстаздар қауымы инклюзивті білім беру курстарынан өтті. Білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау. Сапалы білім қоғамның әлеуметтiк – экономикалық дамуында жетекшi рөл атқарады. Ендеше, мұғалімнің кәсіби дамуы мен білімді ұрпақ тәрбиелеу — күн тәртібінен түспейтін мәселе.
— Облысымызда соңғы бес жылда неше мектеп салынды? Аймақта үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы мектептердің саны қанша?
— Соңғы 5 жылда облысымызда 19 мектеп салынды. 2016 жылы 7 мектеп бой көтерді, оның ішінде Өскемен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернаты бар. 2017 жылы – 6 мектеп, 2018 жылы – 2 мектеп, 2019 жылы – 4 мектеп, 2020 жылы 4 мектеп салынса, қазіргі уақытта Семей қаласында 2 мектептің, Риддер қаласында 1 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Облысымызда 2021-2022 оқу жылында 644 мектеп жұмыс істеуде, апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Оқушылардың орын тапшылығын жою мақсатында 2025 жылға дейін тағы 33 мектеп салу жоспарланып отыр.
— Енді денсаулық сақтау саласына тоқталсақ. Дәрігер мамандар жеткілікті ме? Облыстық және аудандық ауруханалардың дәрігер кадрлармен қамтамасыз етілуі қандай деңгейде? Осы ретте жас мамандарға, әсіресе «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге барған жас дәрігерлерге қандай қолдаулар көрсетілуде?
— Облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 16 415 медицина қызметкері, оның ішінде 4 420 дәрігер және 11 995 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. 2021 жылы осы салада кадрларға қажеттілік 313 маманды құрады. Бейінді мамандар бойынша анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог, ЖТД, офтальмолог дәрігерлер жетіспейді. Бүгінде облысқа 142 маман келді. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері ауылдық жерлерге келген жас мамандарды тұрғын үймен және көтерме қаражатымен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруда. ШҚО денсаулық сақтау басқармасы тоқсан сайын облыстың медициналық ұйымдарындағы дәрігер кадрлардың қажеттілігіне мониторинг жүргізеді. Облыстың медициналық ұйымдарына, жұмыс жүргізу үшін, Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің дербестендірілген тізімі жіберілді. Жас мамандарды тарту үшін облыстың медицина ұйымдарының басшылары қалалар мен аудандар әкімдіктерінің өкілдерімен бірлесіп, Семей қаласының медицина университетінің түлектерімен тұрақты негізде кездесулер өткізеді. Барлық медицина ұйымдарындағы бос орындар Enbek.kz сайтына орналастырылған. ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысына сәйкес, жас мамандарға әлеуметтік қолдау 100 АЕК мөлшерінде көтерме қаражат түрінде, 1500 АЕК мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті несие беру түрінде, ауылдық жерлерге келген жастар үшін жергілікті әкімдіктер тарапынан қызметтік тұрғын үй қарастырылған. Шет елдердің жетекші клиникаларында онкология, кардиология және кардиохирургия, инсульт орталықтары, нейрохирургия, медициналық оңалту, акушерлік және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша медицина кадрларын оқытуды жалғастырамыз. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап 60 маман Израиль, Польша, Ресейдің (Татарстан) жетекші клиникаларында оқып жатыр. Ауруларды бастапқы кезеңде анықтау үшін жыл басынан бері скринингтермен 449,4 мың адам қамтылып, 220 телемедициналық консультация өткізілді. Семей қаласында Ядролық медицина орталығы пайдалануға берілді. Облыс орталығындағы реанимация, маммология және гинекология, онкология және хирургия бөлімшелерінің операциялық блогы жаңғыртылды. Қабанбай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуда. Облыстағы жеті медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың басынан бері емханаларда 6,7 миллион келуші тіркеліп, стационарларда емделген адамдар саны 193,8 мыңға жетті. Облыстың медицина ұйымдарында дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар.
— Даниал Кенжетайұлы, Шығыс Қазақстан — ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған аграрлы аймақ. Шағын және орта бизнес гүлденген өңірдің бірі. Мал шаруашылығы, бордақылау алаңдары және ет өнімдерін қайта өңдеу, экспорттық әлеуетті арттыру, тауарлы — сүт фермаларының жұмысы облысымызда қалай жолға қойылған?
— Ауыл шаруашылығы қашан да ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған. Облысымызда ауылшаруашылық саласы заман талабына лайық даму үстінде деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі таңда облыс көлемінде аграрлық сектор тұрақты, нәтижелі дамуда. Ет, сүт өндірісін, етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында бордақылау алаңдарының санын көбейту арқылы мал басы мен өнімділігін арттыру — күн талабы. Бүгінгі таңда мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті болуына және экспортты ұлғайтуға баса назар аударылып отыр. Облыс бойынша сыйымдылығы 46,6 мың басқа арналған 92 бордақылау алаңы бар, оның 14-і өнеркәсіптік типте және 69 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді, онда 22,1 мың бас сауын сиыр бар. Мал шаруашылығы және құс шаруашылығы саласында 2,6 млрд теңгеге 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 7 мың басқа арналған 3 бордақылау алаңының құрылысы, Ұлан ауданының «Көкжал» шаруа қожалығы 5 мың басқа, Тарбағатай ауданындағы «Асыл –Агро-7» ЖШС мың басқа және «Мәуліт» шаруа қожалығы мың басқа (ірі қара мал басын 1000-нан 2000 басқа дейін арттыру бойынша жоба) арналған құрылысты аяқтады. Тарбағатай ауданының бордақылау алаңдарында құрылыс жұмыстары жалғасуда. 150 басқа арналған екі тауарлы-сүт фермасын салу және 480 басқа арналған екі тауарлы-сүт фермасын қайта жаңарту жоспарланған, олар: Күршім ауданының «Саят» ШҚ, Катонқарағай ауданының «Ағайын М.К.» ӘКК, Глубокое ауданының «ОХМК» ЖШС, Шемонаиха ауданының «Рулиха» ЖШС. Бүгінгі күні «Саят» ШҚ-да құрылыс жұмыстары аяқталды. Сауын жабдығын орнату күтілуде. 2021 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Шемонаиха ауданының «Рулиха» ЖШС 480 басқа арналған тауарлысүт фермасының құрылысын аяқтады. Қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты «Ағайын М.К.» ӘКК-де тауарлысүт фермасын салу жобасы қайта құруға өзгертілді, қазір қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы кезеңде 50 бас ірі қара мал сатылып алынды. Басқа объектінің (құрама жем зауыты) құрылысына байланысты «ОХМК» ЖШС тауарлы-сүт фермасын қайта құру бойынша жобаны 2022-2023 жылдарға ауыстырды. Глубокое, Ұлан аудандарында және Семей қаласында құс фабрикаларын қайта құру және кеңейту жобасы аясында сәуір айында «SEMEI QUS» ЖШС жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы тауарлық жұмыртқа шығара бастады. Семей қаласында өндірістік желілерді жаңғырту бойынша «Прииртышская бройлер фабрикасы» ЖШС-да қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Глубокое ауданының «Племптица» ЖШС және Ұлан ауданының «ӨҚФ» АҚ тәуліктік балапандарды 69 млн теңгеге сатып алу арқылы өндірістік көлемдерді кеңейтуді аяқтады. Облыста, жалпы алғанда, сүт өндіру, мал бордақылау бағытындағы жұмыстар табысты жүргізілуде.
— Облыстағы ауыл шаруашылығының дамуы туралы сөз болғанда өзіңіздің күнбағыс өсіру жайына баса маңыз беретініңізді байқаймыз… Аймағымызда күнбағыс дақылын өңдейтін жаңа зауыттар іске қосылуда. Осы өндеу кәсіпорындарының экономикамызға қосар үлесі қаншалықты?
— Өсімдік шаруашылығы — агроөнеркәсіптің маңызды саласының бірі. Өңірде дәнді дақылдар өсіру мен өнімді өңдеу ісі жақсы дамып келеді. Биылғы жылы Семейде күнбағыс тұқымын өңдейтін «Qazaq astyq group» ЖШС атты май экстракциялайтын зауыт іске қосылды. Жаңа кәсіпорында күнбағыс майын өндіру 2020 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өседі. 2020 жылы күнбағыс майын өндіру 226 мың тонна болса, 2021 жылы 232 мың тонна болады деп жоспарлануда. 2020 жылы 47 мың тонна күнбағыс майы экспортталды. Биылғы жылы жаңа іске қосылған кәсіпорын есебінен экспорттық өнім шығару көлемі 10-15 пайызға артады деп көзделуде. Республика бойынша соңғы жылдары өндірілген күнбағыс майының көлемі 153 пайызға өсті, ал облыс бойынша 154 пайызға артты. Бұл ретте облысымыз 2020 жылы жалпы республикада өндіріліген күнбағыс майының 65 пайызын өндірді. Республикада қүнбағыс майының экспорты 2020 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 4 есе, ал ШҚО-да 6 есе артты. Ел халқының күнбағыс майымен қамтылуы 147 пайызды құрайды.
— Биылғы жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақтоғайда құны 396 миллиард теңгені құрайтын жаңа кен байыту фабрикасы іске қосылғаны белгілі. Соның нәтижесінде жаңадан тұрақты 700 жұмыс орны құрылыпты. Өзіңіз жоғарыда айтып кеткендей, Семей қаласында «Qazaq astyq group» ЖШС-ның қуаты 300 мың тонна шикізат болатын май экстракциялық зауыты да биыл пайдалануға берілді. Осы тәрізді облыстың экспорттық әлеуетін арттыратын тағы қандай ауқымды жобаларды атар едіңіз?
— Шикізатты сатып, дайын өнімді басқа елдерден алу ел экономикасының көсегесін көгертпейтіні белгілі. Экспортты көбейтіп, импортты азайту дегеніміз — еліміздің экономикалық тұрғыдан өсуінің қуатты факторы. Біздің еліміз әлемге шикізат экспорттаушы ретінде танымал екенін білесіздер. Соңғы жылдары Қазақстанда шикізат өндірушілерді қаржыландыру және қолдау шараларының оң нәтиже беріп жатқаны байқалады. Елімізде экспорт көлемі жыл өткен сайын арта түсуде. Шығыс Қазақстан облысының экспорттық әлеуетті ұлғайту мүмкіндігі зор. Аймақтағы тауар экспорттаушылардың басым бөлігі — жер қойнауын пайдаланушылар. Шикізат өндіру мүмкіндігін басшылыққа алу нәтижесінде облыста ірі инновациялық жобалар қолға алынуда. Олардың қатарында «Бақыршық таукен өндіру кәсіпорны» ЖШС және «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС іске асырған тау-кен жер асты байлықтарын өндіру және металлургия өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларды ерекше атап өту қажет. Нақты мысалдар келтірер болсақ, 2022 жылы Берқара кен орны базасында қуаты жылына 4 мың тонна катодты мыс өндіретін жаңа зауыт салу жөніндегі «ARX Minerals» ЖШС жобасын іске асыру жоспарлануда. Тағы бір үміт күттіретін жоба — «ҮлбіТВС» ЖШС-ның жылу бөлетін құрастырма шығаратын зауыт құру және пайдалану жөніндегі жобасы экспортқа бағдарланған, өнім Қытай Халық Республикасының АЭС үшін өндірілетін болады (өнімділігі — жылына 200 тонна уран). Бұл жобаның мақсаты — «Улбі металлургиялық зауыты» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ үшін Азия нарығына өнімнің жаңа түрімен шығу. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, облыс экспортының көлемін 120,8 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. «East Copper» ЖШС Тарбағатай ауданында құны 216,6 млрд теңге және қуаттылығы жылына 25 млн тонна болатын кен байыту комбинатын салу жобасын іске асыру жоспарлануда (кәсіпорын өнімдері Қытай, Ресей елдеріне экспортталатын болады). 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Алтыналмас АК» АҚ жобасы бойынша «Мейзек» кен орнының алтын мыс кенін қайта өңдеу кәсіпорнын 2024 жылы пайдалануға беру өңірдің экспорттық әлеуетін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаның қуаттылығы — жылына 5 млн тонна кен, атап айтқанда — мыс, мырыш және алтын концентраттарын шығару. Бәсекеге сай отандық өнім өндіру арқылы импортқа тәуелділікті азайту — уақыт талабы. Импорт пен экспорттың арасындағы айырмашылық — бүгін қай елді болса да ойландырып отырған мәселе. Өйткені оның астарында экономикалық қауіпсіздік, баға тұрақтылығы, инфляцияның жоғарылауы сынды маңызды мәселелер бар. Аймағымыздың табиғи ерекшеліктерін ескерсек, экспорттық әлеуеттің келешегіне деген сенім мол.
— Шығыс Қазақстанның көркем табиғаты туристерді тартуға қолайлы ғой. Бұл саланың дамуына қатысты қандай тың ойларыңыз бар?
— Туризм – табыс көзі ғана емес, қазақ мәдениетін әлемге танытудың да бір жолы. Біз өз тарапымыздан туристік аймақтардың инфрақұрылымын жасақтауға көңіл бөліп отырмыз. Алакөл жағалауы бұрын қандай еді, қазір қандай? Демалушылар саны жыл сайын көбеюде. Шығыс Қазақстан табиғатының айрықша сұлулығымен әйгілі. Біздің өңірде ландшафттың барлық түрлері бар және туристік саланы дамытудың жоғары әлеуетіне ие. Соңғы 5 жыл ішінде облысымыз туристік саланы дамытудың барлық көрсеткіштерін екі есеге арттыруға қол жеткізді. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан туристерді орналастыру орындарының саны бойынша республикада жетекші орын алады. Аймағымызда туризмнің емдік-сауықтыру, қысқы, киелі, ауылдық, экологиялық, этнографиялық және гастрономиялық түрлері дамып келеді. Туристерді орналастыру орындарының санын ұлғайту, курорттық аймақтардағы демалыс базаларын, тарихи және киелі сәулет орындарын абаттандыру, туристік маршруттар санын ұлғайту және көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту есебінен туристер ағыны жыл сайын кемінде 3 пайызға өседі деп күтілуде. Үржар ауданындағы Алакөл жағалауында сауықтыру және жағажай туризмі қарқынды дамып келеді. Биыл 962 төсек-орындық 19 жаңа демалыс базасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 800 төсек-орынға арналған 5 демалыс үйінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Катонқарағай ауданында санаторлықкурорттық емдеу қызметін кеңейту мақсатында 130 төсек-орынға арналған қонақ үйлердің құрылысы аяқталды. Киелі жерлерге саяхат ұйымдастыру жұмысы да жолға қойылған. Бүгінде тарихи орындарға баратын 27 туристік маршрут әзірленді: «Жидебай — Бөрілі» Абай кесенелері, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу, қасиетті Қоңыр әулие үңгірі және «Алтай табиғатының кереметтері» Катонқарағай табиғи қорығы, Ақ бауыр шатқалы және тағы басқалар. Технотуризм саласы да дамып келеді. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталыққа барғысы келетіндер саны өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артып, 1 396 адамға жетті. 2019 жылы аймағымызға шамамен 600 мың адам келіп, облысымыз республика бойынша 4-ші орынды иеленді. Бұл орайда біз Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Алматы облысынан кейінгі орында келеміз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ШҚО-да 582 орналастыру орны жұмыс істейді, онда 11 132 нөмір бар, бұл ретте бір жолғы сыйымдылығы 34 886 төсекорынды құрайды. Инфрақұрылымды дамыту туризмді дамытудың негізгі шарты болып табылады. Негізгі туристік нысандарға, автомобиль жолдарын қайта жаңартуға облыстық бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлінді. Олар Алакөл, Сібе, Марқакөл көлдеріне, «Нұртау», «Алтай Альпі» тау шаңғысы кешендеріне, Семей қаласынан Қарауыл ауылына дейінгі жолдар. Алакөл жағалауының туристік инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды шаралар қабылданды. Соңғы 5 жылда облыстық бюджеттен 14,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ жүзеге асырылған ірі жобалар қатарында көл жағалауын абаттандыру, демалушылар үшін тегін Wi-Fi өткізу, Арбат аумағын жайластыру (сауда павильондары), Қабанбай ауылын абаттандыру және арнайы техника сатып алу, су құбыры құрылысы, ЭБЖ құрылысы, медициналық және полиция пункттерінің құрылысы, Үржар ауылының әуежайын қайта жаңарту бар. Алдағы 3 жылда жалпы сомасы шамамен 21 млрд теңгеге 3 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Инвестициялар тарту және санаторлық курорттық туризмді дамыту мақсатында жаңа демалыс объектілерін салуға арналған аумақ айқындалды. Ол үшін 24 жер учаскесін игеру көзделген инвестициялық алаңды (60 га) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Бұдан басқа, жыл сайын жаз мезгілінде Алакөлдің жағалауына дейін облыстық бюджеттен әуе және темір жол қатынастарын субсидиялау қамтамасыз етіледі, 4 тікелей бағыттағы автобус жүреді. Сондай-ақ республикалық бюджеттен мамыр мен қараша аралығында жыл сайын жүретін «Алматы — Үржар», «Нұр-Сұлтан — Үржар» авиамаршруттары субсидияланады. Киелі нысандарда инфрақұрылым дамуда. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 75 млн теңге бөлінді. Нақты айтар болсақ, 2017 жылы Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата кесенесінің айналасы 50 млн теңгеге абаттандырылды. 25 млн теңге қаржыға Қоңыр әулие үңгірі абаттандырылды. Риддер қаласы мен Зайсан ауданында жалпы сомасы 750 млн теңгені құрайтын танымал туристік нысандарға ЭБЖ құрылысы бойынша жобалар іске асырылуда. Катонқарағай ауданындағы Берел ауылында ауылдық туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. 24 адам «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті, олардың 20-сы жеке кәсіпкерлер (ЖК) ретінде тіркелді, 20 бизнес-жоспар құрылды. «БЖК-2025» аясында 5 млн теңгеге дейінгі гранттар беру бойынша конкурсқа 18 жеке кәсіпкер қатысып, комиссия шешімімен 1 жоба мақұлданды. Сонымен қатар 15 жеке кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы бойынша 583 мың теңгеден грант алды (жалпы сомасы – 8,7 млн теңге). Бұдан басқа, туризм басқармасының бастамасы бойынша 18 жеке кәсіпкер «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорынан 500 мың теңгеден (жалпы сомасы – 9 млн теңге) қаржылай қолдау алды. Бүгінгі таңда қаражат толық көлемде игерілді, туристерді қабылдау ағымдағы жылдың маусым айынан бастап жүзеге асырылуда. 2022 жылға 30 төсектік жаңа 5 қонақ үйдің құрылысы жоспарланған. Жаңа туристік бағыттар әзірлеу және облыстың туристік әлеуетін ілгерілету бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында Абай ауданы мен Семей қаласындағы нысандарды аралауға 14 маршрут әзірленді. Абай ауданының және Семей қаласының киелі объектілері ұсынылған екі «Абай жолымен» атты жолсілтемесі әзірленді. Облыстық экспедицияның қорытындысы бойынша, 7 бағыттағы маршруттардың (жол бойындағы сервистің барлық объектілерін, тамақтану және орналастыру пункттерін, банкоматтарды, туристік қызметтерді көрсете отырып) егжей-тегжейлі сипаттамасы бар «ШҚО бойынша автокөлікпен» бірінші жолсілтемесі шығарылды. Жалпы, облыста 72 туристік маршрут жұмыс істейді, олар облыстық Visiteast.kz. туристік порталда орналастырылған.
— Аймағымызда атқарылған жұмыстар туралы сөз болғанда маңызды салалардың бірі, әлеуметтік саланың құрамдас бөлігі болып табылатын инфрақұрылым тақырыбын айналып өтуге болмайды деп ойлаймыз…
— Инфрақұрылым тақырыбында ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз аз емес. Облыстың дамуында сапалы жолкөлік логистикасы ерекше маңызға ие. Осы жылы Өскемен қаласындағы, ал 2022 жылдың бірінші жартысында Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Алдағы уақытта Зайсан қаласындағы әуежайды қайта жаңарту жоспарланған. Инфрақұрылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салу, Семей қаласында автожол көпірін салу сияқты жалпы инвестиция көлемі 218 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобалар іске асырылатын болады. Қомақты қаражат республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ елді мекендер жолдарын дамытуға, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында шалғай ауылдардағы көшелерді жөндеуге бағытталмақ. 2020 жылы жол инфрақұрылымына 86 миллиард теңге, биыл 57,5 миллиард теңге бөлінді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі жыл соңына қарай 89 пайызды құрайды (2020 жылы – 85 пайыз). Биыл 413 шақырым жол жөнделді (оның ішінде ауылішілік жол – 213 шақырым). Әлеуметтік саладағы басым бағыттың бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы жылы 55,1 миллиард теңгеге 63 жоба іске асырылатын болады, оның 48- ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Шағын ауылдарды ауыз сумен барынша қамту мақсатында 52 блок-модульді су тазарту және тарату стансалары орнатылады. Нәтижесінде ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жыл соңына дейін 83,2 пайыздан 92,2 пайызға дейін артады. 2025 жылға дейін облыстың барлық тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Қосымша 154 ауыл, немесе 97,7 мың адам, ауыз суға қол жеткізеді. 2,5 шақырым жылумен жабдықтау және 250 шақырым электрмен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеу және реконструкциялау жүргізілуде. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Өскемен ЖЭО-да азот оксидтерінің қалдықтарын азайту жобасы іске асты. Риддерде «Эталон» фирмасы қалдықтарды кәдеге жаратудың жаңа технологиялары бойынша ішінара қайта өңдейтін қоқыс сұрыптау желісін іске қосты. Күн сайын 70 тоннаға жуық қалдық сұрыпталады. Облыс орталығында қоқысты қайта өңдеу кешенінің құрылысы іске асырылуда.
— Даниал Кенжетайұлы, қымбат уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Газет оқырмандары атынан өзіңізді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтауға рұқсат етіңіз!
— 30 жыл тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, біз үшін ғасырдың жүгін арқалаған уақыт болды. Еліміз қилы-қилы жағдайды бастан кешті. Сын сағатта сынай қарағандар көп болды, бірақ сынбадық, аяғымыздан тік тұрып кеттік. Кемел келешекке керуен тартқан 30 жылда бағындырған белесіміз аз емес. Бүгін әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылдық. Ендеше, бүгінгі қуатты, еркін елдегі өміріміздің қадірін білейік! Газет оқырмандарын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын! Тәуелсіз қазақ елінің әр тұрғыны бақытты ғұмыр кешсін!
Сұхбаттасқан Риза МОЛДАШЕВА