Қала әкімі Бақытжан Байахметов халық алдындағы есептік кездесулерін өткізуде. Апта ішінде шаһар басшысы Көкентау, Айнабұлақ, Алғабас, Қараөлең, Шаған, Абыралы, Достық, Ертіс, Озерки ауылдық округтері тұрғындарының алдында есеп берді. Кездесуде Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, өткен жылы атқарылған істер, орын алған кемшіліктер сараланып, алдағы жоспар, биылғы міндеттер таныстырылды. Тұрғындардың сауалдарына да жауап берілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы» № 826 Жарлығына сәйкес, енді мұндай кездесулер әр тоқсан сайын өткізілетін болады.
Көкентау
Қала басшысы өткен жылдың күзінде Көкентау ауылдық округіне іссапармен келген. Сол кезде желтоқсан айында бюджетке енгізілген бірқатар жұмыстар белгіленген болатын.
Аудан орталығы Семей қаласынан 60 шақырымдай жерде, «Семей-Қайнар» бағыты бойынша республикалық маңызы бар тас жолда орналасқан. Көкентау, Қыземшек, Жазық — үш елді мекенінде 1700 адам тұрады. Ауылдық округ орталықтандырылған электрмен қамтамасыз етілген. Көкентау ауылының кіре берісіндегі ұзындығы 1 шақырым болатын көше жарықтандырылды (35 көше жарықтандыру тіректері).
Көкентау ауылы орталық сумен қамтамасыз етілген, Жазық ауылына ауыз су арнайы автокөлікпен тасымалданады. Өткен жылы ауыз суды тасымалдауға бюджеттен 800 мың теңгеден астам қаражат бөлінді.
Округте 100-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Соңғы жылдары мал басы өсіп, 50 мыңнан асты. Асыл тұқымды мал шаруашылығы селекциясы бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 30 шаруа қожалығында 2249 асыл тұқымды ірі қара, 8777 бас ұсақ мал және 1701 асыл тұқымды жылқы бар.
Өндірілген өнім көлемі бойынша ет, сүт және жұмыртқаның айтарлықтай өсуі байқалады.
Округте дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Соңғы жылдары артериялық гипертония және қант диабеті ауруымен тіркелген онкологиялық науқастар саны айтарлықтай төмендеген.
Қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар санының кішігірім өсуі байқалады.
Биылғы жылы интернат ғимаратын ағымдағы жөндеу, Көкентау ауылының көшелерін жарықтандыру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу, Көкентау кентішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында, Знаменка жалпы орта білім беретін мектебі ғимаратының жылыту жүйесі мен спорт залына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы ауылдың көшелерін жарықтандыру және абаттандыру жоспарланған.
Есептік кездесуде шешімін күткен мәселелер жайлы да айтылды. Ауылдық округтің проблемалық мәселелерінің бірі — цифрлық телехабар таратылмайды. Ауылда тек екі мемлекеттік телеарна көрсетіледі. Өткен жылдың күзінде Қазтелерадио өкілдері кабельді созып, ретранслятор орнатуға уәде берген, содан кейін 14 телеарнаны тамашалауға мүмкіндік пайда болады деп сендірген, бірақ содан бері ешқандай өзгерістер жоқ. Сонымен қатар қарды тазалауға және қоқысты шығаруға арналған техника жетіспейді. Сондықтан жергілікті әкімдік тіркемесі бар МТЗ-80 тракторын бөлуді сұрады.
Тағы бір проблемалық мәселе Көкентау ауылының орталық көшесіндегі Қарасу өзені арқылы өтетін көпірге қатысты. Көктемгі кезеңде және жаңбырдан кейін көпір толығымен су, мұз астында қалады және ол арқылы автокөлік тасымалдау мүмкін емес. 63 миллион теңгеге смета бар, оған орталық цлицаны жөндеу, сондай-ақ көпірді қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу кіреді.
Кездесу барысында қала басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Зәмзәгүл Оспанова ауыз су құдықтарының мәселесін көтерді. Ауыз су ішуге жарамсыз. Арнайы тазартқыш сүзгі орнатылған, бірақ ол бұзылып қалған. Сондай-ақ ол ауылға су тасымалдайтын көлік бөлуді сұрады. Қала басшысы келесі аптада сынған сүзгіні ауыстыруды тапсырды. Содан кейін, ауыз су мәселесі толыққанды қаралатын болады. Тұрғындар жолдарды жөндеу жұмыстарына шағымданды. Көкентаудан 14 шақырым жерде орналасқан көрші Жазық ауылына дейінгі жол жағдайы нашар. Жұмыс жоспарында бұл жол учаскесін жөндеу қарастырылмағаны белгілі болды. Бақытжан Байахметов күн жылынғаннан кейін осы жолдың кемшіліктері бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Ауылда сумен жабдықтау кезінде кейбір үйлер суға қосылмаған. Тұрғындар оның ішінде зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар суды алыс жерден тасымалдап отырғандарын айтып шағымданды. Әкім сумен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражатты іздестіруді тапсырып (ұзындығы 700 метр), қаржыландырудың бір бөлігі «Семей Водоканал» мекемесі бюджетінен, екінші жартысы жергілікті бюджеттен бөлінетінін айтты.
Әсел Смайылова есімді тұрғын ауылда малдың саны көп болғанымен, ветеринар дәрігерлердің жетіспейтінін айтты. Бақытжан Байахметов, ветдәрігерлер мен медицина саласы қызметкерлерінің штаты облыстық басқарманың қарамағында болғанына қарамастан, бұл мәселені жеке өзі шешетінін айтып, бұл мәселені жазбаша түрде рәсімдеуді сұрады.
Келесі ауыл тұрғыны Нұрғали Койшыбаев кентішілік жолдарды тазарту мәселесін көтерді. Қысқы уақытта жолдарды қардан, қоқыстан тазарту үшін тиісті техника жетіспейді.
Көкентау ауылдық округінде 40 мыңға жуық түрлі мал басы бар. Фермерлер қала базарларында етті сата алмайтындарын айтты. Өйткені Көкентауда тиісті рұқсат беру анықтамасын беретін зертхана жоқ. Шаруашылық басшылары етті қалаға анықтамасыз алып келеді, сол үшін құқық қорғау органдары айыппұл салады. Бұл мәселе бойынша, Семей қаласының әкімі 2 ай ішінде ауылда мал сою цехын ашуды тапсырды.
Ауылдағы интернатты жөндеуге 30,2 млн теңге бөлінді. Бірақ тұрғындардың айтуынша, бұл қаражат тек терезелер мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына ғана жетеді, ал ғимаратта жылу мен жарық жоқ. Әкім күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, бұл жобаны аяғына дейін жеткізуді тапсырды.
Тұрғындармен кездесуден кейін, қала әкімі Бақытжан Байахметов азаматтарды жеке қабылдады.
Алғабас
Алғабас ауылы Семей қаласынан 346 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 900-ге жуық адам тұрады. Бақытжан Байахметов Семейдің өткен жылғы әлеуметтік — экономикалық даму нәтижелері мен ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Қаланың ауылдық округтерінде сумен жабдықтау бойынша 10 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Алғабас ауылында жалпы сомасы 167 миллион теңгеге жұмыстар жоспарланған. Бұл жергілікті клубтың күрделі жөндеу жұмыстары. Клуб бұрынғы интернаттың 2 қабатты ғимаратында орналасқан. Алғабас ауылдық клубы 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда «Асыл әже», «Дариға» ансамбльдері, би және драма үйірмелері бар. Клуб қажетті дыбыс күшейткіш аппаратурамен жабдықталған.
Өткен жылдың күзінде тұрғындар қала әкімінен баспанаға мұқтаж тұрғындар үшін үй салуға көмек көрсетуді сұраған болатын. Бұл мәселе осы жылға арналған бюджетте қарастырылып, екі отбасы үшін тұрғын үй салуға 32 миллион теңге бөлінді. Ауылда тағы бір жоба жүзеге асырылады: балалар, спорт алаңдары, сондай-ақ жасанды жабыны бар футбол алаңы орнатылатын болады. «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелендіру мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті шаруа қожалықтары мал сатып алуға несие алады. Жекелеген шаруашылықтар қаржыландыруды «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы алады.
«Қайнар – Алғабас» ауылдары арасындағы электр беру желілерінде қуаттың жетіспеушілігіне, сондай-ақ электр беру желісінің материалдық тұрғыда тозуына байланысты, округ бойынша электр энергиясы жиі ажыратылады. Бұл мәселе энергетиктердің бақылауында.
Округте ұзындығы 7,5 шақырым 11 құдық су құбыры желісі бар. Бірақ су сапасының жағдайы мәз емес. Кентішілік су құбыры желісі 1974 жылы пайдалануға берілді, материалдық тұрғыда тозуына байланысты құбыр желісі жиі бұзылады. Жаңа су құбырының құрылысы үшін 625 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптамаға жіберілген. Сараптама нәтижелері сәуір айының соңында дайын болады деп күтілуде.
Ауыл халқын экологиялық жағдай да алаңдатып отыр. Берікқара кен орнында «Арс Минералс» компаниясы алтын өндіруді бастаған. Алтын өндіру кезінде сілтілі-қышқыл әдісін қолданғанда қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына зиян келтірілмей ме? Жұмыстарды жүргізу кезінде экологиялық нормалар сақтала ма? Тұрғындарды осы сұрақтар мазалап отыр. Алғабастықтар Семей қаласының әкімінен зерттеу жүргізу үшін экологтарды жіберуді сұрады.
«Мен өзім арнайы комиссия құрамымен және сіздермен бірге кен орнына барамын. Біз барлық қажетті зерттеулерді жүргіземіз. Егер заң бұзушылықтар анықталса, әрине, біз талап қоямыз және компания заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», — деп жауап берді Бақытжан Байахметов.
Қала әкімі есептік кездесуге қатысқан аталған компанияның өкіліне әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпауды, жергілікті тұрғындардың тілектерін ескеруді және жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене атсалысуды талап етті.
Жақын арада Семей қаласының әкімдігінде компания басшылығымен жеке кездесу өтеді. Онда Алғабас ауылдық округі тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға Арс Минералс үлесіне қатысты нақты шаралар әзірленетін болады.
Есеп беру жиынында тұрғындар ауылдағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешіп бергені үшін қала әкіміне алғыстарын білдірді.
Қараөлең
Қайнар ауылы қаладан 278 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда бір жарым мың тұрғыны бар.
330 үйдің 160-сы және 4 мекемесі орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Су құбыры «Аймақтық даму» бағдарламасы аясында жүргізілді. Қалған үйлерде құдықтар бар.
Қайнар жері өзінің еңбек дәстүрлерімен танымал. Осы жерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Социалистік Еңбек Ерлері Әшімбек Әлімбеков, Қалыбай Қашағанов, Айтмолды Жақсыбаев, Мұратхан Бейсенбаев, Түйтебек Байскаковтың бюсттері орнатылды. Мәдениет қайраткері, композитор Сейтқали Қалыбековке ескерткіш орнатылды. Ауылдан шыққан танымал тұлғалар, меценаттар туған ауылына үлкен демеушілік көмек көрсетеді. Мәдениет үйінің бірінші қабатында бокс пен күреске арналған 3,7 млн теңгенің арнайы спорт бөлмесі ашылды. 3,8 млн теңгеге балалар спорт алаңы ашылды.
Қайнар ауылының мәдениет үйінде 3 халық ұжымы — «Қайнар» халық театры, «Қайнар» халық ән-би ансамблі, «Мейзек» үлгілі балалар ән-би ансамблі жұмыс істейді. 12 түрлі ән, би, оқу, драма, балалар хоры, сатира және әзіл үйірмелері бар. «Жас дәурен» жастар клубы мен «Ақ кимешек» әжелер ансамблі жұмыс істейді.
Қайнар орталықтандырылған кітапхана жүйесі 1991 жылдан бастап жұмыс жасайды. Кітап қоры 80 мыңнан асады. Кітапхана ғаламторға қосылған, «Онлайн орталық» жұмыс істейді.
Ауылда бірқатар мемлекеттік аймақтық әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 25 адам «Фермер» және «Мал шаруашылығы шебері» мамандықтары бойынша оқытылды. 14 585 000 теңге сомасына гранттар алынды. Қоғамдық жұмыстарға 20 адам тартылды. Жергілікті әкімдіктің жұмыс жоспарында – қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жер учаскесін заңдастыру мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бар. Бұл бұрын әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигоны орналасқан өңір үшін көп жылдық мәселе болып табылады. Бұл мәселені шешу үкіметтің құзыретінде. Биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сондай — ақ саябақ аймағын абаттандыру және даңқ аллеясын көгалдандыру жоспарлануда.
Кездесуде тұрғындар Семей қаласының әкімінен жергілікті полиция қызметінің бөлімшесін ашуды, сондай-ақ жергілікті ауруханаға дәрігерлердің қосымша штаттарын бөлуі керек. Қараөлең ауылдық округінің өрт сөндіру пункті 2012 жылы құрылды. Штатта 2 қызметкер, қосымша келісімшарт бойынша тағы екі қызметкер жұмыс істейді. Әкімдік балансында АЦ-40 «ГАЗ 53» автокөлігі бар. Биыл 13 өрт оқиғасы тіркелген. Штатты ең болмағанда, жазғы мезгілде күн ыстық болып өрт шыққан жағдайларда көбейту қажет.
Ауыл тұрғыны Ұ.Жанысұлы мал жайылымы тапшылығы мәселесін көтерді. Көрші аудандарда мал жаюға рұқсат етілмейді. Оның айтуынша, жер учаскелері өте тар орналасқан. Сондықтан тұрғындар шаруа қожалығын ашып, кәсіптерін кеңейте алмайды. Бақытжан Байахметов жастарды күш біріктіруге, өздерінің даму жобаларын дайындап, Семей әкімдігіне жүгінуге шақырды.
«Біз әрқашан инвестиция салуға дайын жастарға, жігерлі адамдарға көмектесуге қуаныштымыз. Орынбасарыма жас кәсіпкерлерді қабылдап, олардың жобаларын бір ай бойы зерттеп, жобаларды жүзеге асыруға көмектесуді тапсырамын», — деді Бақытжан Байахметов.
Тұрғындар сонымен қатар жеке мәселелері бойынша да көмек сұрады. Бақытжан Байахметов сұрақтарға жауап беріп, мүмкіндігінше көмек көрсетілетінін атап өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ақышев биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан жергілікті мектептің жөндеу жұмыстарына бөлінген 66 млн теңге үшін қала әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ ол заңгер мен экономистің жетіспеушілігі, мал ұрлығы, көмір бағасына қатысты мәселелерді қозғады. Барлық сұрақтар өз шешімін табады.
«Қайнар — тарихи орын. Көптеген атақты адамдар, тарихи тұлғалар осынан шыққан. Жолдарды жөндеп, округті абаттандыру керек. Мұнда көптеген қонақтар келеді. Бұнда бәрі жақсы болуы қажет», — деді Бақытжан Байахметов кездесу соңында.
Содан кейін қала басшысы азаматтарды жеке қабылдады.
Кездесуден кейін Семей қаласының әкімі орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жұмысымен танысып, кітапханашылардың еңбегіне жоғары баға берді.
Шаған кентінде
Шаған кентінде 550 адам тұрады. Кент тұрғындары жеке жер асты құдықтары арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Өткен жылы мұнда геобарлау және жер-кадастрлық жұмыстары жүргізілді. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. «Шаған ауылының су құбыры желілерінің құрылысы» жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталу сатысында. Су құбырының құрылысы биылғы жылдың 2-ші жарты жылдығына жоспарланған.
Шаған кенті «Семей – Курчатов» бағыты бойынша 75 шақырымда облыстық маңызы бар автожолда орналасқан.
Кентке кіреберіс жол төселді. Бұрынғы вокзал ғимараты жөнделді, енді мұнда ауылдық әкімдік орналасқан. Бұрынғы әкімдік ғимараты фельдшерлік-акушерлік пунктке берілді. Кент арқылы темір жол өтеді. Темір жолмен байланысты кәсіпорындар кенттің ірі салық төлеушілері — олар жылына шамамен 80 миллион теңге салық төлейді.
Кентте ауыл шаруашылығы жерлерінің жоқтығына байланысты шаруа қожалықтары да жоқ. Сондықтан тұрғындар ірі малдарды аулаларында ұстайды.
«Өткен жылы осында болып, тұрғындармен кездестім. Сіздерден өтініштер болды, олардың шешімін біз осы жылдың бюджетіне енгіздік. Мысалы, көше жарығын орнату, балалар мен спорт алаңын салу және тағы басқалары», — деді Бақытжан Байахметов есеп беру кездесуінде.
Биыл балалар алаңын салуға 3,3 миллион теңге бөлінді. Кентте волейбол, баскетбол алаңдары бар бірегей спорт алаңы пайда болады. Оның құрылысына 12,4 миллион теңге қаражат салынды. Сондай-ақ клубты ашу үшін ғимаратты жөндеуге 4,7 миллион теңге бөлу жоспарланған. Келесі жылы саябақ аумағын абаттандыру, 600 миллион теңгеге су жинау алабы бар су құбыры желілерінің құрылысы және көше жарығын орнату жоспарланған.
Кездесу барысында Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов тұрғындардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ұялы байланыс сапасы нашар, азық-түлік бағасы қымбат, халық жергілікті телеарналарды көре алмайды, сонымен қатар мектепте спорт залы жоқ. Ауылдықтар тарапынан толыққанды жалпы білім беретін мектеп ашу мүмкіндігі, жұмысқа орналасу, жарықтандыру, тағы басқа да сұрақтар қойылды.
«Сәуір айында мұнда Altel, Tele2 байланысы және осы жылдың желтоқсан айында Beeline 4G іске қосылады. Бағаның өсуіне келетін болсақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларының мониторингі бойынша арнайы комиссия құрылды. Соңғы күндердегі оқиғалар мен қант бағасын санамағанда, азық-түлік бағаларының 15 пайыздан аспайтын өсуі байқалады. Алайда қазірдің өзінде біз жасанды түрде көтерілген бағалардың айтарлықтай төмендеуін байқап отырмыз. Семейде негізгі азық-түлік өнімдерінің 5 негізгі жеткізушісі бар, олармен бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үкімет деңгейінде дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар қабылданып жатқанын еске салғым келеді. Коммуналдық қызмет бағасы көтерілмейді. Жанар-жағар май бағасының өсу жағдайлары тексерілуде», — деді Бақытажан Байахметов.
Кентте бала туудың төмен болуы және 16 жасқа дейінгі балалардың саны аз болғандықтан, жеке спорт залын салу мүмкін емес. Бақытжан Байахметов ауыл әкіміне құны 40 миллион теңгеге дейінгі ангарлық үлгідегі модульді спортзал құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырды. Ал жергілікті телеарналардың тұрғындар үйінде болмауы туралы мәселе Қазтелерадио облыстық филиалының басшылығымен талқыланып, нәтижесі туралы қосымша хабарланатын болады.
Ал жарықтандыруға келсек, кент көшелерін сыртқы жарықтандыру бойынша жұмыстар басталып, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге инвестициялық ұсыныс берілгенін жеткізді.
«Еліміз бір орында тұрмайды, дамып келеді. Бірте-бірте барлық мәселелер шешіледі. Шешілмейтін мәселе жоқ, сондықтан сіздердің барлық өтініштеріңіз бен тілектеріңіз мұқият зерттеліп, жауапсыз қалмайды», — деп қорытындылады Бақытжан Байахметов.
Абыралы
Абыралы ауылдық округі Семей қаласынан 240 шақырым жерде орналасқан, мұнда 428 адам тұрады.
Ауылдық округтің негізгі бағыты — мал шаруашылығы. 36 аула мал ұстайды, шөп мәселесі жоқ. Жергілікті ет қала базарларында сұранысқа ие.
Ауылда медбикелер мен санитар жұмыс істейтін медициналық пункт бар. Ауыл тұрғындары короновирусқа қарсы 100 пайыз екпе алды. Бірақ ауылға жедел жәрдем көлігі мен фельдшер жетіспейді.
Мұнда көмір бағасы көрші ауылдарға қарағанда біршама арзан, өйткені жергілікті жүк көліктерінің жүргізушілері жерлестеріне жеңілдіктер жасайды. Сондай-ақ демеушілер көмірді төмен бағамен жеткізеді.
Абыралы ауылдық округ электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Бірақ ескірген кабельдер мен қиғаш тіректерді ауыстыру керек.
Округ «Семей – Қайнар» бағыты бойынша республикалық маңызы бар тас жолда орналасқан. Ауылға кіретін жол — 5 шақырымды құрайды. Ешқашан жөндеу көрмеген жолдың бұл бөлігі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр.
Округ тұрғындарын ауыз сумен «Семей-Водоканал» МКК қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда ұзындығы 15 шақырымнан асатын су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауылда балалар ойын алаңын орнату жоспарлануда, қаржыландыру бар. Сонымен қатар құны 16 миллион 900 мың теңге болатын футбол алаңының сметасы жасалған.
Кездесу барысында Абыралы тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Жергілікті шаруа қожалығының басшысы Рысбек Жақышев мал бордақылау алаңын, сондай-ақ сою цехын ашуға көмек көрсетуді сұрады. Қожалық басшысының айтуынша, шөп пен жем қорын жинауға мүмкіндік жоқ. Қала әкімі күзге дейін қалада бордақылау алаңын ашуды тапсырды. Ал мал сою цехын ашуға арналған ғимарат бар, тек құжаттарды дұрыс рәсімдеп, тіркеуге тапсыру қажет. Сондай-ақ ол жол мәселесіне де назар аударды. Қайнарда Семей-Қайнар автожолының учаскесін тиісті деңгейде ұстауға жауапты жол пайдалану пунктінде трактор мен грейдер бар. Бақытжан Байахметов жолдарды күтіп ұстауға арналған техника көлемін ұлғайту үшін жол қызметтерімен келіссөздер жүргізуді тапсырды.
Абыралы ауылында фермерлер арасында жер мәселелері жиі туындайды. Қазіргі таңда жайылымдық жерлерді иелену құқығы үшін сот жұмыстары жүріп жатыр. Қала басшысы екі кәсіпкер арасындағы 880 гектар жер теліміне қатысты мәселені сот процестерінсіз шешуді сұрады. Егер бұл ауылдың әкімдік деңгейінде шешілмесе, онда қалада қабылдауға және бұл даулы мәселені шешу үшін күш салуға дайын екенін жеткізді.
Есептік жиыннан кейін қала әкімі жеке қабылдау өткізді. Қабылдауда болған Мүбәрак Ағыбаев есімді жеке шаруа қожалығы бар ақсақал көмек сұрап келді. Оның айтуынша, 2018 жылы алматылық жобалаушылар ауданы 16 мың гектар болатын елді мекеннің картасын жасаған. Бірақ есептеулерде жіберілген қателіктің нәтижесінде, шаруа қожалығының аумағы елді мекен шегінде орналасқан.
Бақытжан Байахметов құжаттарды қайта тапсырып, оларды қалыпқа келтіргеннен кейін бұл мәселені осы жылдың жазына дейін шешуге уәде берді
Достық
Ауылдық округтің Достық және Шақаман кенттерінде бір жарым мыңнан астам адам тұрады.
Тұрғындарды ауыз сумен «Семей-Водоканал» МКК қамтамасыз етеді. Аудан бойынша бір су мұнарасы бар. Ауылдарда – 13 құдық орнатылған, оның ішінде: Шақаман ауылында – 10, Достық ауылында – 3. Орталықтандырылған су құбыры жүйесімен – 394 үйдің, 243-і қамтамасыз етілген.
Ауылдық тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады, 100-ден астам отбасының ірі және ұсақ малы бар.
16 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде тұқымдық түрлендіруге үш шаруашылық және екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қатысады.
Шаруа қожалықтарының жерлері 22940 га құрайды, барлық жерлер жайылымдық болып табылады, 100% цифрландырылған.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 27 жұмыссыз 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтеусіз грант алды, тұрғындардың көпшілігі ірі қара мал, ұсақ қара мал, шошқа сатып алды және 1 адам техникалық қызмет көрсету станциясын ашу мақсатында грант алды. Тұрғындар жалпы сомасы 15751,8 теңге грант алды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы мен «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 27 адам оқытылды.
Шақаман және Достық ауылдарының тұрғындары өз өнімдерін қала жәрмеңкелерінде белсенді түрде сатады. Соңғы уақытта олар 50 бас ұсақ мал және 60 бас ірі қара мал, сондай-ақ, 16 тонна қымыз сатты.
Өткен жылы әкімдік ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Шақаман ауылында мәдениет үйі жөнделіп, көше жарығы орнатылды. 281,5 миллион теңге сомасына су құбырын қайта жаңарту жалғасуда.
Ахметов көшесін жарықтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттамаға 2.6 миллион теңге бөлінді. Биыл спорт алаңын салу жоспарлануда.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары ауылдың негізгі мәселелерін көтерді. Солардың бірі — жергілікті мектептің үшінші қабатында терезелердің болмауы. Қазір терезе полиэтиленмен ғана жабық тұр. Бұл туралы ауыл тұрғыны, көпбалалы ана баяндады. Ол әкімнен бұл мәселені шешуді сұрады. Жаңа терезелерге 12,5 млн теңге көлемінде өтінім берілді. Бақытжан Байахметов аталған мәселені шешу бойынша облыстық білім басқармасымен келіссөздер жүргізуге уәде берді. Тағы бір мәселе — қоқыс шығару. Бұл мәселе мәслихат депутатының демеушілік көмегі есебінен шешілетін болады. Сонымен қатар, ауылға балабақша керек.
«Бұл мәселені мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы шешуге болады. Менің білуімше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақша салғысы келетін кәсіпкерлер бар. Біз бұл жобаны қарастыруға және оған қатысуға дайынбыз», – деді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.
Сондай – ақ, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ауылдық округтен 7 шақырым жердегі Талды ауылына дейінгі жолдың қанағаттанарлықсыз жағдайы. Ол жерден балалар күн сайын арнайы автобуспен мектепке жеткізіледі. Бірақ жол өте нашар жағдайда, жаңбырдан кейін оған жету мүмкін емес. Қала әкімі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне осы жылы жолды жөндеуге дайындауды тапсырды, содан кейін осы жол учаскесін жөндеу мәселесі шешілетін болады.
Достық ауылдық округінің тұрғыны Шолпан Әміртаева көктем мезгілінде Ахметов көшесін су басатынын айтты. Көшемен жүру қиындық тудырады. Бақытжан Байахметов ауыл әкіміне осы жерде жұмыс жүргізіп жатқан компания есебінен жолды қиыршық таспен тегістеуді тапсырды. Бұл мәселе жақын арада шешілетін болады. Сондай-ақ, мұнда жарық жоқ. Ахметов көшесіне жарық орнату үшін ауыл әкіміне жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау және оны келесі жылға орнатуды жоспарлау тапсырылды.
Тұрғын Вера Смирнова саябақты қоқыстан тазарту тақырыбын қозғады. Оған жергілікті ақсақал Амангелді Исмағұлов жауап берді. Ол ауылдастарын да қоқыс тастауды тоқтатуға және мезгілімен сенбілікке шығуға шақырды.
Тұрғын Марал Жүнісова балалар ойын алаңы мен футбол алаңын салуды сұрады. Бақытжан Байахметов биыл футбол алаңының құрылысын қарастыруды, ал балалар ойын алаңының құрылысын келесі жылға жоспарлауды тапсырды.
Сондай-ақ, кездесуде тұрғындар мешіттің еденін жылытып, қиыршық тас төсеуге көмектесуін сұрады. 20 қиыршық тас көлігі қажет. Қала басшысы ауыл әкіміне бұл мәселені алдағы екі аптада шешуді тапсырды.
Төрт баланың анасы Марияш Есенгельдинова балаларын үйірмеге орналастыра алмай жүр. Жергілікті ауыл мектебінің директорына оның балаларын секциялар мен үйірмелерге тегін қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ, қала әкіміне ауыл жастарының өкілдері жүгінді. Олардың айтуынша, мұнда спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ. Ауылдағы жалғыз спортзал мектеп ғимаратында орналасқан. Онда оларға кіруге мүмкіндік жоқ.
«Неліктен спортпен айналысқысы келетіндерді спортзалға жібермейсіз? Спортзал бос болу үшін жасалмаған. Бұл адамдарға пайдалы болуы керек. Сондықтан да, спортпен шұғылданғысы келетіндердің барлығына спортзалдың есігін ашуды тапсырамын. Оқу процесіне кедергі болмас үшін және ауыл тұрғындары да спортпен шұғылдана алатындай етіп кестесін жасаңыз»,- деп Бақытжан Байахметов мектеп директорына тапсырма берді.
Кездесу қорытындысы бойынша, тұрғындарда ауыл әкімі деңгейінде шешілуі тиіс көптеген мәселелер жинақталғаны анықталды. Бақытжан Байахметов ауыл әкіміне халықпен тиісті жұмыстың жоқтығы үшін қатаң сөгіс берді. Оған 24 наурызға дейінгі мерзімде осы есептік кездесуде айтылған тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар дайындау тапсырылды.
Ертіс
Ертіс ауылдық округі «Семей – Курчатов» бағыты бойынша облыстық маңызы бар автотрассада орналасқан. Округ орталығына дейін 15 км-ді, ал Мұқыр ауылына кіретін жол –3,5 км-ді құрайды.
2021 жылдың күзгі-көктемгі кезеңінде шаруа қожалықтары техникаларының күшімен 1500 шаршы метр қоқыс ауылдық округ орталығынан қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісіне шығарылды. Мұқыр және Прииртышское ауылдарындағы саябақтарды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мұқыр ауылы тұрғындарының өз күшімен кірме автожолда шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті демеушілер мұқтаж адамдарға, аз қамтылған отбасыларға белсенді түрде көмек көрсетеді. Қарт адамдарға қайырымдылық көмек көрсетіледі. Оқушыларға тегін оқу құралдары беріледі. Мұқтаж отбасыларға ақшалай көмек көрсетіледі. Жалғыз тұратын зейнеткерлерге сүт беріледі. Көпбалалы отбасыларға ет жеткізіледі.
Мұқыр, Прииртышское, Мұрат ауылдарына көше жарығын жүргізу мәселесінің жобалық-сметалық құжаттама әзірлеудің жалпы құны — 6 894,0 мың теңге. Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 2022 жылы қалалық бюджеттен 300 мың теңге бөлінді (әр ауылға 100 мың теңгеден).
Қалған 6 594,0 мың теңге ағымдағы жылдың наурыз айында бюджетті нақтылау кезінде бөлінетін болады.
Мұқыр және Мұрат ауылдарына кіретін жолдарды орташа жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде: Мұқыр ауылына – 91,4 млн.теңге; Мұрат ауылына — 160 млн. теңге қаражат көзделген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды, қорытынды шығару мерзімі — 15.03.2022 жыл.
Мұрат ауылындағы орталық сумен жабдықтау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы құны 146,4 млн.теңгені құрайды. Су құбырының ұзындығы — 9 439,5 м.
2022 жылы құрылысты бастауға қалалық бюджеттен 100 мың теңге бөлінді. ТҮКШ бөлімімен облыстық бюджеттен энергетика және ТҮКШ басқармасына қаражат бөлуге өтінім берілді.
Прииртышское ауылында 2023 жылы жоғары жылдамдықты ғаламтор орнату үшін ұялы байланыс операторлармен мәселені шешу туралы келісім бар.
Округте жайылымдық жерлер жетіспейді — 3759 га. Бұл мәселе Жиенәлі ауылдық округінің Мұқыр ауылынан 130 км қашықтықта ауданы 5500 га жайылым учаскесін бөлу арқылы шешілетін болады. Қазіргі таңда құжаттар рәсімделуде.
Әкімдіктің жұмыс жоспарында: Прииртышское ауылында әмбебап спорт алаңын салу; «Түрксіб 1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 500 бас жылқыға, 500 бас ірі қара малға және 1000 бас ұсақ қара малға бордақылау алаңын салу; Мұқыр ауылында мал сою цехын салу; «Түрксіб 1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі вермитехнологияны дамыту үшін үй-жай салу.
Кездесу барысында тұрғындар қала әкіміне бірқатар сұрақтар қойды.
Болат Жүсіповтың шаруа қожалығы бар. Ол жем-шөп базасының жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Қазіргі уақытта 80 га жер бар, ол жерге Болат Жүсіпов беде еккісі келеді.
«Жұмыс істеп, қоғамға пайдасын тигізетіндерге көмектесу керек. Жер қатынастары бөліміне осы мәселені қарауды және қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешуді тапсырамын», — деді қала басшысы.
Ауылдық округте жайылымдық жерлер жетіспейді. Сонымен қатар, үлкен жер телімдерін иеленген шаруа қожалықтары бар болса да, оларда мал басы жоқ. Тіркелген 30 шаруа қожалығының 5-і нақты жұмыс істемейді. Егер олар жабылса, бір жарым мың гектар жер босайды. Жер қатынастары бөліміне осы мәселені толық талдауға және шешімін ұсынуға тапсырма берілді.
Кездесуден кейін әкім азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Бақытгүл Ахметова апатты үйде тұрады. Ол бағасы 4 миллион теңге болатын жаңа үйді қарастырғанын айтып, әкімнен оны сатып алуға көмектесуін сұрады. Бақытжан Байахметов тұрғын үйдің апаттылығы бойынша барлық құжаттарды дайындап тапсыруды, содан кейін мәселе қаралатындығын айтты.
Мұқыр ауылының тұрғыны Анар Мылтықбаева мүгедектік бойынша құжаттарды ресімдеуге көмектесуді сұрайды. Ол көру өткірлігін анықтау үшін әртүрлі дәрігерлерде қаралды, содан кейін мүгедектік белгілерін анықтау үшін жалпы практика дәрігерлерінің комиссиясы медициналық құжаттарды қайта қарайды. Бақытжан Байахметов оған емделуге көмек көрсетуге уәде берді.
Әділмұхамед Оспанов заманауи құрал-жабдықтары бар сүт фермасын ашқысы келеді. Оның жоспары бойынша жобаны іске асыру үшін бастапқы кезеңде 100 бас ірі қарадан бастауға болады. Ол қала әкімінен осы жобаға мемлекеттік инвестиция алу мүмкіндігі туралы сұрады.
Бақытжан Байахметов одан ауыл шаруашылығы бөліміне дайын жобамен жүгінуді ұсынды. Онда оны жүзеге асырудың мүмкін жолдары қарастырылады. Мұндай кәсіпорынды құру үлкен инвестицияларды қажет етеді және де барлық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді ескеру қажет.
Озерки
Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов Озерки ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Округтің 9 елді мекенінде 2700 адам тұрады.
«Алдын ала мәслихат депутаттары округтерге келіп, сіздермен кездесті. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша барлық ауылдық округтер бойынша 97 мәселе анықталды. Сұрақтардың барлығы талданып, зерттелді. Олардың бір бөлігінің шешімін біз осы жылдың бюджетіне енгіздік. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелерді 2023-2025 жылдарға арналған жоспарға енгіздік. Нақты әрекеттердің жоспары жасалды. Біз тек қалаға ғана емес, ауылдық округтерге де назар аударамыз. ОЛАРДЫҢ Әрқайсысында сумен жабдықтау, жол жөндеу, жарықтандыру сияқты өзекті мәселелерді шешуге тырысамыз. Мәселен, Озерки ауылдық округін дамытуға біз жарты миллиард теңге бөлдік», — деді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.
Озерки ауылдық округін қолдау шараларына келетін болсақ, Қаракөл ауылында өткен жылдың күзінде құны 12 969,4 мың теңге болатын блокты — модульді су дайындау станциясы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда, тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Озерки ауылында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған су құбыры желісі бар.
Половинки және Талица ауылдарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Половинки, Талица ауылдарының су құбыры желілерінің құрылысына» жобалық сметалық құжат әзірлеуге қаражат бөлінді.
Екі ауылдың су құбыры құрылысының құны 800 миллон теңгені құрайды.
Биыл Половинки ауылында ұялы байланыстың базалық станциясын орнату жоспарлануда. Әкімдік оған жер телімін бөлді. Станцияны орнатқаннан кейін Половинки, Каштак, Тепкаши, Талица ауылдарының тұрғындары жоғары жылдамдықты ғаламторға қол жеткізе алады.
2020 жылы «Семей-Талица» автожолының Озерки ауылына кіре берісіне дейінгі жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2021 жылы «Семей-Талица» автожолының учаскесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2020 жылы Озерки ауылындағы көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жарықтандырудың ұзындығы 11 км-ді құрайды. Озерки ауылының барлық көшелері мен жеке тұйық көшелері қамтылды.
2022 жылы Талицада көше жарығын салу жоспарлануда.
Ауылдық округ қызметінің негізгі бағыты мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы болып табылады. 2021 жылы округтің 317 ауласы мал шаруашылығымен айналысқан.
2021 жылдың басынан бастап жеке қосалқы шаруашылықтардан күнделікті сүт жинау жұмыстары 273 тоннаны құрады. Бағасы литріне 90-100 теңге.
Половинки ауылының ішкі кенттік жолдарының жол төсеміне ағымдағы жөндеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен 1 297 мың теңге сомасына жүргізілді.
Озерки ауылдық округінің аумағында ұйымдастырылмаған қоқыс тастайтын жерлерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша 12 стихиялық қоқыс орындары тіркелген. Оның ішінде 7 үйінді Талица ауылында, 4 үйінді Половинки ауылында және 1 үйінді Озерки ауылында орналасқан
Талица ауылында 10 миллион теңге сомасына балалар алаңын орнату жоспарлануда, қазіргі таңда жобалық сметалық құжат әзірленді, бюджеттік өтінім берілді.
Тұрғындар Семей-Талица автожолын орташа жөндеу мәселесін шешуді сұрайды.
Семей-Талица жолын жөндеу үшін жалпы ауданы 116 ш.м., 500 млн. теңге қарастырылған.
Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды, қорытынды шығару 15.03.2022 жыл.
Есеп беру кездесуінде Семей қаласының әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Светлана Баширова мәдениет үйі пен балабақшаның, дәріхана мен шаштараздардың жоқтығына шағымданды. Сондай-ақ, ол өзен арқылы өтетін көпірде рельстердің таяныштарының болмауына байланысты балаларға алаңдаушылық білдірді.
Ауылда мәдениет үйі салынады, жер актісі рәсімделді. Жобалық сметталық құжат әзірленуде. Дәріханалар мен шаштараздар ашу үшін бос орын берілді, алайда шығындарына байланысты олар жабылды.
Балабақшаға келетін болсақ, жергілікті кәсіпкер Бауыржан Қалиев 30 орындық балабақша салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, білім бөліміне мектеп жанындағы шағын орталықта қосымша орындар ашу тапсырылды.
Ал, Талицадағы автожолды жөндеу кезінде көпір де толығымен жөнделеді.
Тұрғындар футбол алаңын орнатуды сұрады. Осы мәселе бойынша барлық қажетті құжаттар әзірленді, жер актісі бар. Енді жоба тиісті облыстық басқармада қорғалатын болады.
Тұрғын Ерлан Тастанбековтың айтуынша, ауылда жастарға жұмыс жоқ. Көшелер шөптермен толып кетті. 15 млн теңгеге балалар алаңы орнатылды, оны жергілікті тұрғындардың өздері бұзды.
«Жыл сайын біз жұмысшылар қажеттігі туралы хабарландыру береміз, бірақ жастар назар аудармайды. Ал көшелердің шөппен толып кеткендігіне келетін болсақ, кәсіптің әлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс, оған сәйкес әрбір кәсіпкер өз аумағын көркейтіп, шөп шабу керек», — деп жауап берді ауылдық округ әкімі.
Әсел Қайдарбекова жайылымның жетіспеушілігіне шағымданды.
Осы мәселе бойынша Ертіс бойындағы округ аумағында су қорғау және орман қорғау аймақтары бар, онда мал жаюға қатаң тыйым салынады. Жалпы, ауыл әкімдігімен мал жаю үшін жалпы ауданы 861,49 га 8 жер телімі берілді.
Қосымша Қаракөл ауылының маңында жалпы ауданы 6196,908 га жайылымдық жерлер бөлінді.
Кездесу барысында тұрғындар Семей қаласына автобус көлігімен байланысты мәселелері туралы айтты. Тек 35 маршрут қала базарына барады. Бұл тұрғындарға жеткіліксіз. Сонымен қатар, аптасына екі рет қалаға маршруттық көлік жүреді.
Кездесуде жергілікті кәсіпкер Бауыржан Қалиев сөз сөйледі. Ол көлік қозғалысын аптасына үш рет арттыруға уәде берді.
Кездесуден кейін Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов азаматтарды жеке қабылдады.
Әсел Қайдарбекова жергілікті мектепте қосымша үйірме ашуға ниет білдірді. Оның мәселесі оң шешімін тапты.
Константин Квашнин әкімнен көлемі 30х60 метр болатын үлкен футбол алаңын салу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Оның айтуынша, бұқаралық спорт үшін шағын футбол алаңын емес, стандартты алаңды салу қажет. Ол жергілікті футбол командалары әрдайым жарыстарда жүлделі орындарға ие болғанын айтты. Енді алаңның жоқтығынан жастар бұл спорт түрімен айналысқысы келмейді.
Бақытжан Байахметов бұрынғы кәсіби футболшыдан үлкен футбол алаңының құрылысына есеп дайындауды сұрады. Егер бюджетте үнемдеу болса, бұл мәселе ағымдағы жылы шешілетін болады.
Әзірлеген Анар АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Семей таңы»