Көші-қон саясаты: сан мен сапа
Өмірұзақ ЖҰМАҚАНҰЛЫ:
БІЗ «ОРАЛМАН» ЕМЕС, ҚАЗАҚ ДЕГЕН ҰЛЫ ХАЛЫҚТЫҢ БІР БӨЛШЕГІМІЗ!
Таяуда редакция табалдырығын аттаған ер тұлғалы жігітті алғашқыда студент емес, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер ме деп қалдық… Ұялшақтықтан гөрі бойында өзіне деген сенімділігі басым болғандықтан да болар… Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан Өмірұзақ Жұмақанұлы атты азамат еліміз тәуелсіздігін алған кезде тарихи отанына оралған бауырларымыздың бірі екен. Редакцияға алғашқы қолжазбаларын ала келіпті. Ой-пайымының басқа студенттерге қарағанда өзгешелігін байқадық. Бүгін болашақ әріптесіміздің тарихи отанына оралғандағы әсері мен бүгінгі Қазақстан жайлы толғанысын назарларыңызға ұсына отырып, шығармашылық жолына сәт сапар тілейміз!
Жөргегінде туған жердің талай тағдырлы перзенті дүниеге келген атамекеннің қасиетін сезінгің келсе, мәңгілік сағыныштың таңбасын жүрегіңе мөр қылып таңбалап, қиыр жайлап, шет кет… Міне, сол кезде туған топырақтың қадірін шындап ұғынар едің, көкіректі жарып шыққан запыран қайғыны сонда түсінер едің…
Жырақта жүргенде жаныңа маза таптырмас сарытап сағыныш — үдере көшкен ұлы жосқынның артында қалған шұбатылған шаң емес, қаны бір қарындастың қам көңілі… Жат жұртта жүрегі шайлығып, «өлгенде туған жерден бір уыс топырақ бұйыра ма?!» деп артына жалтақтап, келместің кемесіне бет алған қарияның қанды көз жасы.
Жүректегі жарақаттан тәуелсіздіктің таңы атып, ақ ордамыздың уығы көтерілгенде айыққандай болдық. Қазақ елінің егемендігін алғаны жайлы жаңалыққа алыс жұрттағы ағайын ерекше қуанды. Сүйінші хабарды естіген бетте ақсақалдар ақ түйенің қарны жарылды деп қауқылдасып, ақ батасын берсе, ақ жаулықты аналар қуаныш шашуын шашты. Алыстағы бауырластың елі мен жеріне деген махаббатын бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны бастан кешкен жан ғана жақсы түсінер…
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген тәрбиемен өскен өжет ұрпақ, көк байрағымыз көк аспанда желбіреген алғашқы сәттен-ақ, ат-көлігін сайлап, ұлы көштің бағытын бұрды. Бөтен жұртқа емес, Қазақтың қасиетті тәуелсіз шаңырағына.
Мен де сол ұлы көштің ұрпағымын!
Шаңы шыққан қарапайым ауылдың қара домалақ баласы үшін, ата–анамыздан естіген ата жұртқа оралу жайлы әңгіме бір күні көктен түскендей жаңалық болып еді. Содан сәл бұрынырақ мен оқыған мектептегі оқушылар арасындағы төбелес, жаппай ұлтаралық (қазақ, қытай, дүнген) қақтығысқа ұласып, қалашық қатаң тәртіптің аясында болатын. Білек сыбанып жанжалды ұйымдастырмасақ та, қатардағы төбелестен шет қалмағанымыз үшін Қытай еліндегі 12 сағаттық жастар тәрбиелеу орталығындағы қамаудан әкем үйге алып қайтып, мектептегі тәртіпсіздігі үшін деген хаттаманы «сыйға алған» шақ еді.
«Неге төбелестің?» деген сауалға айтар жауабымыз біреу-ақ еді: олар (қытай, дүнген) қарындастарымызға тиісті. Нақты айтқанда, жанжал қазақ және қытай мектебі біріктірілгенде қытай, дүнген оқушыларының қазақ қыздарына сезім хатын жазудан басталған еді. Біз қазақ қыздарын қызғандық, намыстандық. Ұлтшылдық деген сөзден арланбадық. Қазақ қыздарын басқа ұлтқа тең көрмедік. Бүгін ойлап қарасақ, жат жерде жүрсек те біздің өз ұлтымызға деген сүйіспеншілігіміз ежелден тегімізде бар тегеуріндік екен.
Сол келеңсіз уақыттардың бір кешкі мезгілінде әкемнің жақын, жамағайын туысқандары үйге қонаққа келді. Қысыр әңгіме айтылып, алыс-жақын хал сұрасып болған соң, әкем келелі кеңестің күрмеуін ағытып:
— Мен Қазақстанға кетемін, осы жаздан бастап құжаттарды жинаймын да, азын-аулақ қараң -құраңды сатып, келесі күз көшемін,- деді.
Ол кезде «Нұрлы көш» бағдарламасының арқасында қазақ еліне бет алған Ұлы көштің қарқыны тым қатты-ақ еді. Әкемнің шешіміне ешкім таң қалмаса да, өз уәждерін айтып, қарсы шығушылар болды.
— Неге кетесің?- деп әңгімесін бастаған кіші әкем: — Жұмысың бар, ештеңеден таршылық көріп отырған жоқсың. Бір басыңа жетер дәулетің, хан сарайындай қора-жайың бар, ұл-қызың оқуда. Қазақстанға барғанда аспаннан май шелпек жауып тұр ма? Ол жақта ешқандай туысың да жоқ,- деп біраз қарсылық айтты.
Басы қосылған туыстардың бірі олай, бірі былай дескендерімен әкемді ешкім райынан қайтара алған жоқ. Әкемнің де жауабы қысқа да нұсқа болды: «Ұрпақ үшін кетемін!».
«Ұрпақ үшін кетемін!» деген әке сөзінен кейін қарсылық сап тыйылды. Сол кезде осы «Ұрпақ үшін кетемін!» деген сөз Ұлы көштің ұраны іспетті болатын.
Қытайдағы қазақтардың арасында Қазақстан туралы пікір екі ұдай, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, бәрінің де бір бүйрегінің ата жұртқа бұрып тұратынын аңғару қиын емес еді…
Жасыратыны жоқ, «Қазақстанға барғанда, орыс тілін білмесең, өмір сүре алмайсың» деген пікір басым болды. «Қазақстанда да Қытайдағы сияқты. Қытай тілін білмесең, бұл жақта сен өмір сүре алмайсың, Қазақстанда да солай, қазақ тілін білсең болды» деп даурығатын еді қарсы топ…
Біз жоғарыдағы пікірдің ақиқаттан алыс емес екендігін туған елге оралғанда бірден байқадық… Отанымыздағы ана тілімізге деген құрметтің жұтаңдығы көңілімізге көлеңке түсіргенін жасырмаймын. Төрде отырған «төбе билердің» орыс тіліндегі шүлдірін естігенде «әттеген-айымыз» ішімізден әлі күнге сан мәрте айтылып жүр… Қандастарымызды жаппай қаралап, «ана тілін білмейді» деп таңба басқымыз жоқ, «тілім, салтым, дәстүрім!» деп аласұрып жүрген азаматтар да жетерлік. Дегенмен, өз тілімізден гөрі өзгенің тілінде сөйлейтіндердің көптігі «ұрпағымыз өзге тілде шүлдірлемесін» деп көшіп келген көп қандастың жанына жара салғандай болды. Бұл бір жарым миллиард қытайдың ішінен туған тілімізді ұмытпай келген біздер үшін ғана емес, біз секілді әлемнің әр тарапынан келіп, тарихи отанында елдің салт-дәстүріне, қоғамдық формациясына, өмір сүру дағдысына орай жаңадан бейімделіп жатқан барша қандастар үшін жағымсыз көрініс болғанын жасырмаймын.
Ақиқатына келсек, Қытай жемқорлықтың отаны болатын, бірақ соңғы кездері қатал заң сол жегінің желкесін қия бастаған. Алғаш қазақ еліне келгенде бітпейтін қағаз жұмысы бізді біраз сергелдеңге салды. Бір құжат үшін әкеміз бір барған мекемеге бірнеше қайтара жүретін. Ақырында, оның дауасын білдік, сан қайтара жүріс жасамау үшін ақшамен, таныстық арқылы шешуге жүгіндік. Бір қызығы, екі-үш айлап уақыт алатын қағаз құжаттың ақшаның күшімен бір аптада даяр болатынын байқадық…
Жемқорлықтың жегі құрт болып, ұлтымыздың өзегіне түсуге шақ қалғанын да байқап, көңілімізге қаяу түсті. Бұрын менмұндалап тұратын сол сорақылықтарға соңғы жылдары тосқауыл қойылып, інінде тұншығуға таяғанын байқаймыз. Байқаймыз да, қуанамыз… Қазір елімізде көп өзгерістер болып жатқанына өзіміз куәміз.
Сөйтіп, тиісті құжаттарды рәсімдеп болғаннан кейін, 2015 жылы біз де ұлы көшке ілесіп, Қазақстанға келдік.
Қазақстанға ең алғаш Майқапшағай кеден бекеті арқылы өттік. Алғашқы көргеніміз Зайсан жері болды. Қаз-қатар тізілген шатырлы орыс үйлері тәрізді қатарлас орналасқан ауылдар өзге мәдениеттің иісін аңқытқанымен, ұшы-қиыры жоқ кең дала, оның салқын самалы, желбіреген көк ту — бәрі-бәрі көңілімді босатып, жанарыма жас ұялатып еді. Алғаш туған жерге табаным тигенде, «Ата-бабамыз ұрпағы үшін жанын пида қылған қасиетті топырақты басып тұрғаным рас па?» деген ой келген еді. «Бұдан артық қандай бақыт болады!» деп толқып едім ішімнен. «Мен сені сүйемін, ұлы дала! Ұлы орданың уығы болып қызмет етпекке ант етемін» деп, өзіммен өзім серттесіп едім. Көк байрағымыз желбіреп тұрған шекара бекетінде шексіз бақыт пен мақтаныш қанымда қатар тулағанын жасырмаймын.
Қытайда жүргенде елге оралуға жүрексінген кейбір қандастарымыз «Қазақстандағы әлеуметтік–экономикалық жағдай Қытайдың ХХ ғасырындағыдай деңгейде, жан баға алмайсыңдар» дегенін де жасырмаймыз. Жоқ. Қазақстан, бәзбіреулер айтқандай, артта қалған мемлекет емес екен. Тәуелсіз Қазақстанда тентіреп теңге іздеп кетпедік, құжаттарымыз толық реттелгеннен кейін мемлекет тарапынан көші-қон қаражатын алдық. Әкем елге оралуға дайындық барысында Қазақстан бізге не береді деп емес, біз еліміздің қажетіне қалай қызмет етеміз деген қағидамен өмір сүру керектігін айтумен болды. Өзі де ақ адал еңбегімен бір үйлі жанды аш қалдырған жоқ. Әкем Қытайдағы саяси-әлеуметтік өзгерістерді өз көзімен көрген буын өкілі болғандықтан да болар, бізге әр нәрсеге сабырмен қарай білуді үйретті. Рас, алғашқыда көңілге жайлы қоныс таппай, біраз ары-бері сабылған жағдайды да бастан кешірдік. Оның да өз қызығы мен шыжығы, ел көріп, жер тануға ықпалы болды.
Алғашқы ат басын тіреген мекеніміз Марқакөлдің Ақбұлақ ауылы болды. Бұл өңір жазда салқын, шабындығы бітік, мал шаруашылығы үшін қолайлы, жанға жайлы жер екен. Адамдары да қарапайым, бауырмал екен. Өзегімізден итерген ешкім болған жоқ, өз қандасымыз деген дарқан пейілмен жанашыр, жақын тартқан меймандостығы, жат жерден келіп орнығып үлгермеген, артта қалған туған-туысты сағынып жүрген біздер үшін зор қолдау болды. Шекаралық аймақта орналасқан бұл ауыл қаладан шалғай жатқан елді мекен екен. Жергілікті халықтың көбі қалаға қоныс аударып, біз көшіп барған жылдары санаулы-ақ тұрғындары, мектепте сексенге тарта оқушы қалыпты. «Шеттен келген ағайынның арқасында шағын ауылдың тамырына қан жүгіре бастады» дегенді де естідік. Дегенмен, жол қатынасының қиындығы және ауылда интернет байланысының жоқтығы, мал шаруашылығын өзек еткен бұл жерден басқадай жұмыс табылмауы бізді басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр етті.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген сөз бекер айтылмаса керек, сол ауыл адамдары қалаға бару үшін жазда пароммен ұзын-сонар кезекке тұрып, Зайсан көлінен өтіп, кедір-бұдыр жолмен күн ұзақ жүретін, қыста қалың қар қымтап тастайтын сол Ақбұлақты Ақордадан кем көрмейтін еді. Әлі есімде, мал өрістен қайтатын кешкі апақ-сапақта Бауыржан деген көрші ақсақалымыз дөң басынан айғай салып ән айтатын. Әні де, сөзі де өзінікі, қысқа:
Айналайын, туған жер, Ақбұлағым,
Ішкізген бақытымның балбұлағын.
Кетпеймін сені тастап мен жыраққа ,
Жүрегім бірге өзіңмен, алтыным, Ақбұлағым.
Біз үнсіз, мәз болып тыңдайтынбыз, ал әкем болса Бауыржан ақсақалға сүйсіне қарап және ақырын ғана ән сөзін қайталайтын:
Айналайын, туған жер, Сарбұлағым,
Ішкізген бақытымның балбұлағын…
Әкем елуді еңсергенде базарлы балалық шағы өткен, азамат болып өскен жермен қоштасып, тарихи отанына қоныс аударды. Жасыратыны жоқ, ол туған жұртын көп сағынатын, тек біздер үшін ұлы топыраққа қоныс аударды… Ұрпақ үшін!.. Ұрпағының болашағы үшін!
Қазақстанға келгенде әр өңірдің салт-дәстүрінде бір-біріне ұқсамайтын өзгешеліктердің бар екендігін аңғардық. Әдет-ғұрып та сол өңірдің топырағына қарай біте қабысатынға ұқсайды. Олай деуге себеп — мен бірқатар қалаларда және шет ауылдарда болғанда әр жерде әр түрлі ырым—тыйым, салт-дәстүр сақталғанын байқадым. Бәріміз бір қазақтың баласы болғанымызбен, тұратын өңірге қарай мінез-құлықта да ерекшеліктер бар сияқты… Біз Ақбұлақтан кеткеннен соң, Өскемен қаласының Алтай кентінде біраз уақыт тұрдық. Ол жердің халқы жартылай орыс ұлтының өкілдері екен. Көп ұлтты түсті металлургия шығаратын шағын қалада кен шығаратын өндіріс орны бар. Алтай қаласының өзі екі тау тәріздес дөңестің қуысында орналасқан екен. Жер астынан кен шығатындықтан ба, кім білсін, ауасы да тымырсық еді. Елге оралғанда ең алғаш көңілге кірбің ұялатар сөзді де осы жерден естігенім бар.
— Қазақстанға неге келдің?- деп еді Тимур дейтін бір жігіт әңгіме үстінде. — Сендер кезінде қазақтың басына күн туғанда қашып кеткенсіңдер, енді жағдай жақсарып, еліміз тәуелсіздігін алған соң қайтып келдіңдер, ұялмайсыңдар ма?- деп бетіме бажырая қарағаны бар.
— Ата-бабаларымыздың жасаған ісіне біздің не кінәміз бар?- деп ақталғанмын басында.
Ол кезде шынайы тарихтан хабарсызбыз. Қытайда да тек қытай тарихын оқығандықтан қазақ тарихынан зердеміз шолақтау еді. Ал қазір әлем тарихын, қазақ тарихын оқып, түсіну арқылы өзіміздің қашқын ұрпақ емес, ұлы түрік дейтін державаның бөлініп қалған бір бұтағы екенімізді түсіндік. Шығыс Түркістан ежелден-ақ түркінің түп шаңырағы, бесігінде әлдиленген құт мекені болғанын білдік. Кезінде сақ, ғұн дәуірінен бастап түрік қағанаты ту тіккен, ұлы Шыңғыс баһадүрдің моғол ұлысы иелік еткен ата қонысы. Бертінде Оспан батыр бастаған ерлердің тәуелсіздік үшін күресі, қан кешкен ізі қалған қасиетті өңір. Бір кездері бодандықтан босанған, жеке егемен мемлекеті мен елтаңбасы болған, соңында алып державалардың саяси ойыны салдарынан ұлы қазақ жерінен бөлініп қалған қасіретті де қасиетті мекен.
Ендеше, біз өзге елдің топырағын пана еткеніміз жоқ, біз уысымыздан шығып кеткен ұлы мемлекетіміздің бір бөлшегінен оралдық. Ұлы даланың қан соқты тарихында біздің жоғалтқандарымыз да, қанжығамызға бөктерген жеңістеріміз де жетерлік. Ал бүгінгі Қазақстан — түркінің түп шаңырағында тәуелсіздіктің ұлы байрағын тіккен киелі мекен.
Қазақстанның бас қаласы — елордамызды алғаш көргендегі көңіл толқуы бөлек әңгіме! Еліміздің тәуелсіздігін паш етіп, салтанаты жарасқан Қазақстанның астанасының небәрі 30 жыл ішінде керемет дамығанын көргенде таңдай қақтық, тамсандық! Күллі әлем көз тіккен еңселі Ақорданың көре алмағандардың мысын басатын айбарын, халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын байқағанда көңілімізді мақтаныш сезімі биледі. Астананы халық «Арман қала» деп жай атамағанына көрген кезде көзім жетті. Шынында да, күн санап құлпырған шаһарды көрген де арманда, көрмеген де арманда. «Астана Опера» опера және балет театры, «Астана — Бәйтерек» монументі, «Хазірет Сұлтан» мешіті, халық арасында «Пирамида» деген атпен танылған «Бейбітшілік пен келісім сарайы», «Астана Арена» стадионы, тағы да басқа сән-салтанаты көрген жанды қызықтыратын сәулет өнерінің керемет туындыларын көріп тамсандым!
Қазақстанның бас қаласы — қазақ елінің жаңа тарихының бастауы. Еуразия жүрегінде орналасқан бүгінгі астанамыз — ел егемендігінің бастауы, қазақ деген ұлттың ЖАҢА ТАРИХЫ. Ендеше, жұрт не десе де еркінде, ал өзім қазақ елінің бүгінгі жетістігін, әсем астананы көріп тұрып, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбегін жоққа шығара алмаймын.
Әлемдегі бүгінгідей құбылмалы саясатта қазақ елінің өзінің тұрақтылығын сақтап отырғандығы біздің көңілімізде болашаққа деген сенім ұялатады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 16 наурызында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын барша отандастарым сияқты мен де зор ынта қойып тыңдадым. Әсіресе Жаңа Қазақстан құру идеясы, жаңа өзгерістер жасау жолындағы қадам көп үміт күттіреді. Жолдауда айтылған Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға айналу идеясы ерекше көңілден шықты. Әрине, бұл орайда әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасау қажет.
Өзім болашақ журналист болғандықтан, осы Жолдауда БАҚ саласына ерекше көңіл бөлінгені де әсер етті. БАҚ демократия негізі емес пе? Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы екендігін, елдегі қордаланған мәселелерді көтеруді жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керектігін айтты. Журналистер қауымына сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеу арқылы қоғамды ыдырататын келеңсіздіктерге жол бермеуді тапсырды. «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін…»- дей келіп, мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін айтты. Сөз бостандығына Жолдауында ерекше маңыз берген ҚР Президентін өсер елдің басшысы деп қабылдадым.
Қазақстанның әр азаматы — қазақ елінің мызғымас күшін қалыптастыратын рухани құндылықтың бір бөлшегі. Ұлы елді ешкім де табанына таптап, құл қыла алмаған, қанымызда бар тектілік қасиет пен жүрегімізде бұлқынған ұлтқа деген махаббат күллі қазақ баласы жоғалтпауға тиіс қазына.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихи отанына оралған қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» терминін пайдаланғанымыз жөн. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады»,- деп тарихи отанына қайтып келген біздерді «қандас» деп атауды ұсынды. Бұл Мемлекет басшысының елге оралған ағайынға деген құрметі деп ойлаймыз.
Бүгінгі тілегіміз, әлемде әр қилы саяси жағдайлар мен соғыстар болып жатқан ауырлау кезеңде елдігімізді сақтау үшін, ел бұза алмас бірлігіміздің бекем болуы.
Біз «оралман» емеспіз, біз қазақ деген ұлы халықтың бір бөлшегіміз!
2021 жылдың қорытындысы бойынша, 17 540 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алыпты. Олардың:
76,2%-ы — Өзбекстаннан;
9,7%-ы – Қытай Халық Республикасынан;
6%-ы – Түрікменстаннан;
2,6%-ы – Моңғолиядан;
5,7%-ы – басқа елдерден келген.
Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы көшіп келген қандастардың 55,2 пайызы еңбекке қабілетті жаста, ал еңбекке қабілетті жастан кішілер — 28 пайыз.
Зейнеткерлер 16,8 пайызды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 11,1 пайызының жоғары білімі бар. 40,1 пайызы — орта кәсіби білім, 45,6 пайызы орта білім алған, 3,1 пайызында білім жоқ.
2022 жылдың 1 мамыры күнгі жағдай бойынша, жыл басынан бері өзге елдерден 4 502 қазақ Қазақстанға оралып, қандас мәртебесін алған. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында айтылады. 1991 жылдан бері шетте жүрген 1 миллион 92,4 мың қазақ тарихи отанына оралған.
Биыл қандастардың көбі Өзбекстаннан (68,2%) келген. 9,8%-ы – Қытайдан, 10,4%-ы – Түрікменстаннан, 2,6%-ы –Моңғолиядан және 9,2%-ы басқа елдерден келген.
Олар, негізінен, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарына, сонымен бірге Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына қоныстанған.
Ақпаратқа қарағанда, биыл келгендердің 63 пайыздан астамы еңбекке жарамды, 23% пайызы еңбекке қабілетті жастан кіші, 13,9 пайызын зейнеткерлер құрайды.
Еңбекке қабілетті қандастардың 10,9 пайызының жоғары білімі бар. 40,7 пайызының орта кәсіби білімі бар. 46,6 пайызы орта білімді. Шамамен 1,7 пайызының білімі жоқ.
Тәуелсіздік кезінде отанына оралған танымал тұлғалар:
Мұстафа Өзтүрік
1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи ата жұртына келеді. «Ұшаққа отырғанда қазақша сөйлеген адамдарды көрдім, ұшақта қазақ күйін естідім. Ондай толқыған сәтті сезінбеп едім», – деп еске алды ол елге келген сәтін. Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы Ыстамбұлда туған.Ол қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. 1995 жылы қайтыс болды.
Ғалым Кен Әлібек
Оның шын аты – Қанатжан Байзақұлы. АҚШ-та Кен Әлібек немесе Кеннет Әлібек деген атпен танымал болған дәрігер, ғалым, иммунология және инфекциялық аурулар маманы. Ол Құрама Штаттар өтінішімен, биологиялық қаруға қарсы тұра алатындай медициналық препаратты іздестіру жөніндегі ғылыми жұмысымен шұғылданады. Сөйтіп, табысты еңбегі үшін АҚШ-тың үкіметтік марапатына ие болады. Кен Әлібек – 2000 — 2006 жылдар аралығында, BBC-тің шешімі бойынша, ең ұлы тарихи тұлғалар тізіміне енді. Америкадағы Джордж Мейсон Университетінің профессоры, АҚШ Биологиялық қауіпсіздігі ұлттық орталығының басқарушысы болды.
Қазір «Назарбаев Университеті» АҚ президентінің кеңесшісі болып жұмыс істейді. «Менің әйелім америкалық болғанымен, мен өз түп тамырымның Қазақстанда екенін жақсы білемін», – дейді ол.
Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы
Тәуелсіздік жылдары елімізге шет елден келген қандастардың ішінде әр саланың ғалымдары жетерлік. Солардың ішінде тарихшы Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы, қытайтанушы Нәбижан Мұхаметханұлы, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы, Жапонияда ұзақ жыл ғылыммен айналысқан, медицина саласы бойынша докторлық қорғаған Уатқан Сәйпілұлы, дінтанушы Мұртаза Бұлұтай, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы, одан өзге жаратылыстық ғылымдар саласында докторлығын Еуропа, АҚШ, Қытай елдерінде қорғаған көптеген ғалымдар бар.
Композитор, ақын-жазушы Ермұрат Зейіпхан
Өзінің өнерімен де, болмысымен де жұртшылықты тәнті етіп, елге ерте танылған Ермұрат Зейіпханұлы 2011 жылы беймезет бақилық болды.
Әлемге танылған әнші Майра Мұхамедқызы
Майра Мұхамедқызының есімі аталса, танымайтын қазақ жоқ. Ол – қазақ ән өнерін әлемге танытқан санаулы әншілердің бірі. Опера әншісі, дауысы кең диапазонды, бірегей тенор иесін Еуропа жұртшылығы Францияның әлемге әйгілі «Гранд Опера» сахнасында шырқаған әндерімен таныды. Майра Мұхамедқызы 1965 жылы Қытайдың Іле аймағы Құлжа қаласында дүниеге келген. Қазақтың әлемге танымал опера әншісі. Париждегі «Гранд Операда» Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера жұлдызы.
Мың бұралған Шұғыла
Шұғыла Сапарғалиқызы 1971 жылы Қытай Халық Республикасы Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Бесінші сыныпта Бейжің қаласына хореографиялық мектепке қабылданады. Ол 1991 жылы Бейжіңде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне қабылданып, Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді. 1992 – 1995 жылдары Қытай Орталық Ұлттар университетінің халық биі факультетінде білім алады.
Қанат Ислам
Әлемге танымал боксшы Қанат Исламның лақап аты – «Қазақ». Бейжің олимпиадасына Қытай құрамасының атынан қатысып, қола жүлдеге ие болған Қанат Ислам көп өтпей елге оралған. Қазір кәсіпқой бокстан бірнеше серия бойынша жеңімпаздар қатарында. 20-ға жуық кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен оның жұлдызды шағы алда деген болжам жасайды спорт мамандары. Қанат Ислам 1984 жылы Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы Алтай аймағында дүниеге келген. «Менің арманым – спортпен ақша табу емес, қазақтың атын әлемге таныту. Мен Қазақстаннан өзге елде өмір сүре алмаймын. Өзімді тек Отанымда ғана еркін сезінемін. Шет елге кеткен сайын осы байтақ даламды сағынамын»,– дейді Қанат.
Pедакциядан: Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін елге оралған қандастарымыздың жас мемлекеттің керегесін бірге көтерісіп, уығын бірге шаншысқанын мойындауымыз керек. Ауыл тұрғындары урбанизация көшіне ілесіп, қаланы жағалаған тұста халық саны азайып, мектептері мен әлеуметтік нысандары қираған талай елді мекенді шеттен келген ағайындар сақтап қалды. Мемлекеттік тілдің кемелденуіне, ұлттық иммунитеттің күшеюіне, ұмыт болған салт-дәстүріміздің жаңғыруына елге оралған бауырластардың оң ықпал еткені анық.