Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов Новобаженов ауылдық округінің және Шүлбі кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде қала басшысы тұрғындарды ауылдық округті дамытуға бағытталған жоспарлармен таныстырды.
Бүгінде Новобаженов ауылдық округіне қарасты Новобаженово, Баженово, Бұлақ, Климентьевка ауылдарында 2 158 адам тұрады.
Жиында айтылғандай, округті дамытуға 3 жылда 26,1 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат Баженово және Климентьевка ауылдарында блокты-модульді станциялар орнатуға, сондай-ақ әкімдік ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізуге жұмсалған.
Қала әкімінің айтуынша, Новобаженово ауылындағы Мир көшесін жарықтандыруға «Kaz Story Orda» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Бұлақ ауылында көше жарығын орнатуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жариялады.
Жалпы, 2025 жылға дейін Новобаженово ауылын кешенді дамыту аясында 201,6 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бөлінген қаражатқа Бұлақ ауылында балалар ойын алаңы мен футбол алаңы орнатылады.
Сондай-ақ Бұлақ ауылында көше жарығын орнату және Новобаженово ауылындағы Советская және Мир көшелерінің жолдарын, Бұлақ және Новобаженово ауылдарындағы мектеп қазандықтарын жөндеу жоспарланып отыр.
Қала басшысы өткен кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Округ тұрғындарын толғандыратын мәселелердің бірі — жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі. Өткен кездесуден соң қала әкімі орынбасарының төрағалығымен комиссия құрылып, мәселені шешу жолдары қаралған. 1 сәуірде комиссия мүшелері жергілікті қоғамдастық өкілдерімен және ауылдық округтегі халықпен жиналыс өткізіп, шешімдер қабылдады. Қабылданған шешімдерге сәйкес, Г.М.Сүлейменованың «ПТ Куаныш» ШҚ 1,3 мың гектар бос жатқан жайылымдық жерді халықтың мал жаюына берді. «Ba Agro Group» ЖШС директоры А.Ж.Аубакиров тұрғындар мал жаюы үшін иелігіндегі учаскені, сондай-ақ ірі қара мал табынын кедергісіз айдап өту үшін Ертіс өзенінің жағасындағы ені 200 метр аумақты тұрақты пайдалануға берді. Сонымен қатар 2 жер учаскесі — Бұлақ ауылынан 1828 гектар және Новобаженово ауылынан 20 шақырым қашықтықта мемлекеттік жер қорынан 2507 гектар және Көкентау ауылдық округінің мемлекеттік жер қорынан 7910 гектар – барлығы 12245 гектар жер телімі бөлінді.
Ауылдық елді мекендердің шекараларын белгілеу жөнінде жерге орналастыру жобалары әзірленген. 2700 бас ірі қара малдан 9 табын, 1500 бас ұсақ малдан 2 отар ұйымдастырылып, қазір жайылымдарда жатыр. Мал Шар, Кіші Қарасу өзендерінен суарылады. Дегенмен, тұрғындарға толық түсінікті болу үшін, арнайы құрылған комиссияға жергілікті халықтың белсенді тобымен бірге жер телімдерін аралап, жан-жақты түсіндіруге тапсырма берілді. Қажет болса, шешімге қосымша монитор кескіндерін ұсыну керектігі де айтылды.
Новобаженово ауылындағы тұрғындар көп жыл бойы бейберекет төгілген қоқыс үйінділерін шығару үшін қаражат бөлуді өтінген болатын. Бұл мәселе де шешілді. 2022 жылға арналған бюджетте қоқысты шығару үшін 1,5 млн теңге бөлініпті.
Жергілікті халықтың Бұлақ ауылында футбол алаңын салу туралы өтінішіне орай, ауылдық округ әкімдігімен футбол алаңын орнатуға 16 млн теңгеге сметалық есеп жасалды. Жоба конкурсқа қатысу үшін 100 үздік жоба аясында енгізілген. Бұл мәселе пысықтауды қажет етеді.
Тұрғындар сонымен қатар ауылдық округ үшін жедел жәрдем көлігін бөлу мәселесін шешіп беруді сұраған болатын. Бұл мәселеге орай қазіргі уақытта жеке жедел жәрдем көлігі бөлінбейтіні айтылды. Себебі «Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ КМК қала тұрғындарына және 80 шақырым радиустағы жақын ауылдарға, соның ішінде Новобаженов ауылдық округінің елді мекендеріне қызмет көрсетеді. Соңғы уақыттарда тұрғындар тарапынан жедел медициналық көмек көрсету мен шақыртулар бойынша шағымдар болмаған.
Тұрғындардың тағы бір өтініші Бұлақ, Новобаженово ауылдарында кәріздік тазалау жүйесі құрылысын салуға қатысты болатын. Бұл сұраққа орай, ауылдық елді мекендердің су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау мәселелері ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1054 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының «ТҮКШ-ті жаңғырту және дамыту» тармағына сәйкес, барлық ауылдар сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етілгеннен кейін шешілетініні айтылды.
Тағы бір өтініш Бұлақ және Новобаженово ауылдарының мектептеріндегі қазандықтарды жөндеуге қатысты болатын. Бұлақ орта мектебі қазандығында 2016 жылы 3,8 млн теңге қаржыға ағымдағы жөндеу жүргізілген. Мектепте 2 қазандық бар, біреуі ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Аталған мектептердің қазандықтарына ағымдағы жөндеу жүргізуге сметалық құжаттамалар жасалған, оның ішінде Бұлақ мектебіне 4 млн теңге, Ыбыраев атындағы мектепке 10,3 млн теңге қаржы қажет. Білім бөлімі тарапынан жалпы сомасы 14,3 млн теңге қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берілді. Мәселе бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады.
Тұрғындар аудан орталығынан үш шақырым жерде орналасқан ескі Баженово ауылындағы басты көшеге жарық орнатып, кіреберіс жолды жөндеп беруді сұраған болатын. Бұл мәселе бақылауға алынды.
Кездесуде қала әкімі, алдағы Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, Новобаженов ауылдық округі әкімдігінің бас мамандары С.Итжанова мен А.Жақыпованы құрмет грамоталарымен марапаттады.
Жиыннан соң қала басшысы Бақытжан Байахметов ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Жеке қабылдауға келген І топтағы мүгедек Танзира Жаман тұрғын үй алуға көмек көрсетуді сұрады. Айтуынша, ол 2020 жылдың 6 маусымынан бері Семей қаласында тұрғын үй кезегінде тұр. Қазіргі уақытта жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Тамыз айында Танзира Жаманға отбасылық жатақханадан баспана берілетін болды.
Келесі кезекте қала әкімі Бақытжан Байахметов Шүлбі кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, толғандырған мәселелерін тыңдады. Мұнда 183 жеке меншік және 1382 пәтерлік 12 көп қабатты үйде 3 мыңнан астам адам тұрады.
Жиында айтылғандай, 3 жыл ішінде округті дамытуға 206,5 млн теңге бағытталған. Аталмыш қаражатқа Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен тыл еңбеккерлерінің құрметіне стелла орнатылып, әкімдік ғимараты мен мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, Шүлбі дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізіліп, амбулаторияға гематологиялық автоматты талдағыш сатып алуға жобалық-сметалық құжат әзірленді.
Қазіргі күні саябақтағы сахна мен әкімдік ғимаратының ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Шүлбі дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының шатырына күрделі жөндеу жүргізу үшін конкурс өткізілуде. Жақында «Ертегі қалашығына» ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалды. Сонымен қатар биыл РК-2 қазандығы ағымдағы жөндеуден өткізілетін болады.
Жалпы, округтің 2025 жылға дейінгі даму перспективасына 310,5 млн теңге бөлінеді. Бұл қаражат көпфункционалды спорт кешенін салуға және саябақта спорт алаңын орнатуға жұмсалатын болады. Сондай-ақ Шүлбі кентінің жолдары жөнделеді.
Қала басшысы тұрғындардың өткен кездесуде көтерген мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен кездесуде тұрғындар қала әкімінен Халық банкі филиалының кенттегі бөлімшесінің жұмысын жалғастыруына ықпал етуді сұраған болатын. Тұрғындарға Halyk HomeBank мобильді қосымшасында барлық банк операцияларын жүзеге асыруға болатыны түсіндірілді. Барлық қызметтер онлайн режиміне ауыстырылды. Қолма-қол операцияларды жүзеге асыру үшін банктің екі банкоматы жұмыс істейтін болады.
Тұрғындар сондай-ақ бұрылыстан өрт сөндіру бөліміне дейінгі жол учаскесін жарықтандыруды сұраған болатын. 2022 жылы көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту аясында тұрғын үй-коммуналдық қызметтер шамдарын жарық иодты шамдарға ауыстыру, сондай-ақ жаңа оқшауланған сым — кабельді орнату жұмыстары жүргізілмек. Техникалық шарттар алынып, сметалық есеп пен құжаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырылды. Көшені жарықтандыру бойынша конкурс ағымдағы жылдың шілде айында өтеді деп күтілуде.
2022 жылы кентішілік жолдарды ағымдағы жөндеуге 2,5 млн теңге бөлінді. Жұмыстар шілде айында жүргізіледі. Сондай-ақ Гидроқұрылысшылар кентіндегі көшелерді орташа жөндеуге бюджеттік өтінім берілетін болады.
Тұрғындар қала басшысынан кенттегі мешіттің құрылысын аяқтауға демеуші табуға көмек көрсетуді сұраған болатын. Қазіргі уақытта мешіт құрылысы тұрғындар мен жастардың күшімен жүргізілуде. Қалалық мәслихат депутаттары мүмкіндігінше қажетті құрылыс материалдарын ұсынуға жәрдем көрсетеді.
Гидроқұрылысшылар кентін жылу желілерін қайта құру арқылы орталық жылуға қосу мәселесіне келер болсақ, кенттің орталық жылуға қосылуын тұрғындардың бәрі бірдей қалап отырған жоқ. ТҮКШ бөлімімен жылу трассасын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Ол үшін тұрғындар арасында жазбаша әлеуметтік сауалнама жүргізіледі.
Кездесуде тұрғындар Семей қаласының әкіміне аулаішілік жолдарды жөндеуге қаражат бөлу туралы өтініш жасады. Шүлбіде бірнеше ондаған аула бар. Бұл мәселе бюджетті түзету кезінде қаралатындығы айтылды. Мәселені жан-жақты зерттеп, қажетті құжаттама дайындау керек және әрбір ауланы абаттандыру құнын есептеу маңызды.
Сонымен қатар тұрғындар зиратқа баратын жол салуды сұрады. Бұл мәселе демеушілік көмек есебінен алдағы уақытта шешілмек.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл ішіндегі және демалыс аймағындағы тазалық жұмыстары көншітпейді. Кент әкімі жылына кемінде төрт рет іргелес аумақты тазалау бойынша ауқымды рейдтер жүргізілетінін жеткізді. Кент басшысына бұл бағыттағы жұмысты жандандыру міндеттелді.
Тұрғындар бос тұрған ғимараттарды қорғау мәселелерін көтерді. Бақытжан Байахметов кент әкімдігі мен сәулет бөліміне ғимараттарды заңсыз бұзуға жол бермеуді тапсырды.
— Жылыту маусымына дайындыққа көп көңіл бөлінеді. Қыста адамдар жылу мен ыстық сусыз қалмауы маңызды, — деді Бақытжан Байахметов.
Кездесуден кейін қала әкімі «Психиатриялық аурухана» мен РК-2 қазандықтарындағы жөндеу жұмыстарын көріп шықты. «Психиатриялық аурухана» қазандығы арқылы коттедж үйлер жылытылады, онда 591,341 мың теңге қаржыға өз күштерімен жөндеу жұмыстары жүргізіледі. РК-2 қазандығы арқылы Шүлбі кентінің барлық тұрғын үйлері мен мекемелері жылытылады. Мұнда да қазіргі күні ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Анар АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Семей таңы»