"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

АБАЙДЫҢ АҚЫН ҰЛДАРЫ

20.12.2022
АБАЙДЫҢ АҚЫН ҰЛДАРЫ
391
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Ақылбай мен Мағауия жырының аңысын аңдасақ…

Абайдың ақын ұлдарының мұрасы төл әдебиетіміздің төрінде тұратын дүниелер. Олар – ұлы ақын әрі қайраткер-ұстаз сөзінің сәулесі. Халқымыздың адамға құрметінің, өмірге сүйіспеншілігінің, егемен ел болуға деген арман-мақсаты мен мұң-зарының көрінісі. Ұлы ақынның жанын күйдірген отарлық езгі мен надандық  зардабына қарсылықтың куәгері. Бодандық бұғауы мен қараңғылық қыспағындағы «сырты дүрдей, іші у мен өртке толы» ақын-әкенің булыққан қайғы-шерінің перзент санасындағы сілкінісі. Ақылбай  мен Мағауия мұрасы/жыры, сондай-ақ Абайды терең танып, «бас ақын», «алтын хакім» деп ардақ тұтқан алаш арыстары арманының айғағы. Мәңгілік Абай мектебінің терең сыры мен аманат-хатының жарқын парағы.

АБАЙДЫҢ АҚЫН ҰЛДАРЫ

 

              Суретті сөздің самалы

Ғұлама Мұхтар Әуезов Абайдың ақын шәкірттері ретінде, ең алдымен, хакімнің немере інісі, кемеңгер Шәкәрім мен Көкбай ақынды және  ұлдары Ақылбай мен Мағауияны атап көрсететінін білеміз. Одан бері Абай мектебі мен ақындық дәстүрі қазақ әдебиетінде әуелі Мағжан мен Сұлтанмахмұтқа, Ілияс пен Сәкенге, кейін Қасым мен Жұбанға, Мұқағали мен Қадырға, Тұманбай мен Төлегенге, Фариза мен Ақұштапқа ұласып, уақытпен бірге көшетін өміршең өнер, жасампаз поэзия!

Ақылбай мен Мағауия ауыл молласынан сауат ашқан соң, одан арғы ілім-білімді, оның ішінде орыс тілін де өздері еңбек қылып табады. Бұл, әлбетте, жаратылысынан дарынды екеуі өсіп, өркен жайған «құнарлы топырақтың», яғни өнегелі әрі өрісті ортаның, ұстаз-әке тәлім-тәрбиесінің жемісі. Халық рухының қауына шоқ боп түссе, өртке айналар ақиқат ұшқыны болатын. Ағайынды қос ақын бақиға тым ерте қайтқандарымен оқу мен білімнің қадірін біліп, оған қамқор бола алды.

Ақын ұрпақтарының әкелерімен бірге Семейдегі Бастауыш білім беру жөніндегі қамқоршылық кеңестің мүшелері ретінде жарна төлегендері туралы жазбаша дерек сақталған. «Білмекке құмар, үйренуге тоймаған» олардың жыр-дастандарынан Абайдың көркем сөзі мен терең ойының алтын жүлгесін тауып, сүйініш пен күйінішке толы  тәмсілінің сырына қаныға түсеміз. Ақылбай мен Мағауияның талантты туындылары – Абайдың өмір мен өнер мектебінің мәуелі жемісіне еріксіз тамсандырады.

Зейін қойып, зер салған жан «өлсе де өлмегенге тең» (тырнақшаға алғанның бәрі Абай сөзі) терең тағылымға тәнті болады. Хакімнің ақын ұлдарының шығармалары табиғи дарындарын оқу-білім қуатымен  шыңдап, оқырмандарын жарыққа – ілім мен білімге жетелейді. Екеудің «сырты күміс, іші алтын сөз жақсысы» қандастарының кеше мен бүгін ғана емес, ертең де санасына сәуле сеуіп, өркениет жолын мегзейді.

Ақын-әке әңгімелері мен жырларынан олар «бес күндік» тірліктің сырын, өмір сүру өнерін көңілдеріне түйеді. Өткенге салауат айтып, бүгіннің де мәңгілік емесін ұғып, ертеңгі халге – ұрпаққа қалдырар мұраға алаң көңілмен оң мен солын таниды. Отаршыл Ресей патшасы қасақана қыспаққа алып, қырып, жойған аласапыран заманда да жыр-дастандарымен Абай жаққан үміт отын өшірмеді. Орыс билігінің талай ғасыр ұлы далаға тәуелді болғанын  естерінен шығармай, ол заманның ораларына да сенді.

Ағайындылар ұлттық ауқыммен тұйықталмай, төл шығармаларына барша адам баласы үшін қымбат әділет пен адалдық қасиеттерін арқау етеді. Ұстаз-әке кітапханасындағы шетелдің, әсіресе көрші Шығыс елдерінің әдебиетіне үңіліп, аңыз әңгімелері мен дастандарына құлақ түреді. Өлең-жырларында оқиға желісін көркем сөзбен бәдіздеп, өзгеге кіріптар болмайтын тәуелсіз халық пен еркін заман туралы ой толғайды. Қарындастарының «көзін қойып, көңілін ашуды» көздейді.

Ақылбайдың «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс» және Мағауияның «Медғат – Қасым», «Еңлік — Кебек» поэмалары ақын-әке үлгісімен адамзатқа ортақ мәселелерді көтергенімен құнды.  Әдебиетсүйер қауым сондай-ақ Ақылбайдың «Жаррах» (жоғалып кеткен – М. Әуезов), Мағауияның «Абылай» (қолжазба сақталса да оқушыларға тарамаған – М. Ә.) поэмалары туралы хабардар. Бұлар да, жаңа айтқанымыздай, Абай мектебінің ағартушылық қызметінің қисынды нәтижесі болып табылады.

Тегінде, ұлы ақын әрі ұстаз өз шәкірттеріне тірлік пен тарихтың көкейкесті мәселелері бойынша әр түрлі тақырыптар ұсынып отырғаны мәлім. Ал жазылған дүние ұстаз бен шәкірттер арасында сарапқа салынып, тыңдаушылардың көңілінен шыққан күнде ғана ауызша немесе жазбаша түрде ел ішіне тараған. Олардың қай-қайсысының да мағыналы ойы мен сөз саптауынан Абай үлгісі айқын танылады. Осынау мәуелі поэзия «бағының нәрлі жемістерінің» бірі – Ақылбай мен Мағауия шығармалары еді.

Әкесі туралы естелігінде Турағұл Абайұлы «Бастығымыз Шаһкәрім болып шәкірт секілденіп сөзін тыңдап, медреседегі шәкірттерінше: ақиқат олай емес, бұлай болады деп бір-бірімізбен дауласып жатушы едік», — деп жазады («Абайдың ақын ұлдары» кітабы, «Асыл кітап», 2020 ж., 472-б). Ағайынды екеудің жырларынан ұлы ақынның ұрпаққа өсиеті мен  ізгі тілегінің тынысы сезіледі. Амал қайсы, қып-қызыл диктатура Абай сөзін өзінің «тапшылдық»  сорақы саясатына пайдалануға жанталасты.

Осылайша, кеңестер билігі қазақты, оның біртуар перзентінің «сын тоқпағымен» жаныштап, «ұстарасыз ауызға түскен мұртын» небір қитұрқы амал-шарғымен бетімізге басты. Ұлы ақынның алты алаштың болашағына алаңдап, «мыңмен жалғыз алысқан» азапты халін көзге ілмей, бүркемелеп, «сен қазақ әуелден надансың» деп, ұлт рухын басып, жаншудың неше түрлі айла-шарғысын аяусыз қолданды. Патша үкіметінің екі ғасырлық әлегі аздай, тағы жетпіс жыл «желкемізге мініп», еңсемізді көтертпеді.

Шындығында, Абай қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы. Ол тіпті  арнау өлеңдерінде де, жалқыға қарата айтқанымен, өз сөзін жалпыға, «адамның баласы – бауырына» арнайды. Осы үлгімен Ақылбай мен Мағауия да замандастарының өзімшілдік, қатыгездік, «қарабай» ашкөздік секілді «сырқаттарын» өткір тілмен ұшықтайды. Хакімнің «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар» деген сөзі мен замандастарының естеліктері де осы ойды діттей түседі.

Демек, «Абай қазақты оңдырмай сынайды» деу, жұмсартып айтқанда, ақын сөзін бетінен қалқығандай таяздық. Оның ақын ұлдары да айдалаға беталды лаққан надандық пен қараңғылыққа шалма тастайды. Тіпті жат жұрттағы әділетсіздік құрбандарына да ара түсу арқылы тыңдаушысын адамгершілікке үндейді. Ақылбай мен Мағауияның тырнақалды өлеңдерінен бастап, жоғарыда аталған дастандарынан қайраткер әкенің адам бақыты туралы арманы құлаққа талып жетеді.

Асылы, адамзаттың ұлы тұлғаларының бәрі де адам мен оның бақытын ерекше ардақ тұтқаны белгілі. Қазақтың Әбу Насыр әл-Фарабиі «Адам өмірге бақытты болу үшін келеді» деп ұлағатты өсиет қалдырыпты. Олай болса, Абай үлгісімен, оның дарынды ұлдары да  адам бақытын жырға қосады. Мәселен, Абайдың ақын ұлдары махаббатты, туған жерге сүйіспеншілікті, адалдық пен адамгершілікті, еңбек пен өнерді сол бақытқа жетудің баспалдақтары деп біледі.

Ағайынды екеудің бізге жеткен өлеңдері мен дастандарынан  адамды бақытқа жеткізетін оқу мен білім жолын дәріптеуді  аңдау қиын емес. Тіпті, өзгесін былай қойғанда, Ақылбайдың «Мағауия өлгенде інісінің қызы Уәсилаға жазып берген жоқтауы» олардың тақырып таңдауындағы ұстаз — әке ұлағаты  мен көздеген биік мұратын әйгілейді: «Атаның туын ұстаған, Ғылымға жетіп жастайын… Сөзге де шешен бұлбұлым, Ғылымның таптың суатын…».

Ақылбай мен Мағауия тірі болғанда, Турағұл інілері секілді Алаш партиясы мен Алашорда  қызметіне араласатыны да кәміл. Олар заманның беталысын, ел келешегінің білім мен ғылымға, елжандылыққа тәуелді екенін ақын-әке сөзінен ерте түйсінді: «Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұсап» (Абай «Шығарм., екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2016 ж., 1/115). Хакім өз перзенттерін «Түпсіз терең дариядай… Кім көрсе қайран қалғандай…» азаматтар ретінде  көргісі келді: оларға  өлең арнап («Ата-анаға көз қуаныш», т.б.), әкелік тілегін жайып салады.

Соған орай ақынның дарынды ұлдарының азаматтық көзқарасы мен ақындық шеберлігі «талап, еңбек пен терең ой» үстінде қалыптасқаны түсінікті. Өкінішке қарай, ұстаз-әке мен оның перзенттерінің  биік мақсатының отарлық «құлдықта» алты алаштың игілігіне асуы мүмкін емес болатын. Ұлы Абайдың үміті сарқылып бара жатты: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған» (сонда, 2/12).

Абай арманының жалғасы – Ақылбай мен Мағауия жырларынан Абайдың сәулелі сөзі (табиғат пен махаббат лирикасы) мен терең ой-толғауының (ұлт тағдыры туралы)  самалы желпиді. Хакімнің өлеңге қояр талабы тым жоғары: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы…» немесе «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы». Ғұлама Әуезов Абайдың ақындығына «Суретті, сұлу сөздің атасы, Кең мағыналы, кестелі өлеңнің атасы» деген баға береді.

Олай болса, қанатты поэзияның самал лебін сезіну үшін Абай мен оның ақын ұлдарының шығармаларын енді өзара салыстыра оқып көрелік: Абайдың   «Теректің сыйы» (М.Лермонтов):  «Асау Терек долданып, буырқанып, Тауды бұзып жол салған, тасты жарып. Арыстанның жалындай бұйра толқын / Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып…  (сонда, 2/25). Хакімнің осы және басқа шығармаларындағы теңеу сөздер өз алдына, олардың мағыналық түп төркіні ақын ұлдарының туындыларымен үндесіп жатады.

Әлбетте, Ақылбай аталмыш поэмасында асау теректің «кім қақтықса жолында күйреткендей» екпінін суреттеуге көшпес бұрын Кавказдың тамылжыған табиғатын тамсана толғайды: «Қазақтың «Қап» дегені Кавказ серек, Тәңірім, сұлу биік еткен ерек… Кавказды сұлу қылған Құдай қалап, Көрген адам кете алмас тамашалап… Ақ жиек, көкшіл сұрғылт сәуле берген, Мұнартқан Кавказ буы көтерілген. Алтын шатыр сәулесі тау басында… Бұлбұл құс ұйқысынан көзін ашып, Түріне гүл-бәйшешек таңырқасып».

«Дағыстанда» табиғат пен халықтың тәкаппар болмыс-бітімі «егіз» суреттеледі. Ақынның көркем тілі мен көрікті ойына сүйсініп, риясыз қуанасыз. Кавказдың асқақ рухы мен халқының  мінез-құлқының сипаты сөзбе-сөз немесе мағыналық жағынан астасып жатады: «Ақырып айдаһардай жүз толғанып, Тауды бұзып, тас жарған долы Терек…» — «Жауменен жалығу жоқ шабысқаннан… Бір сөзге қанжар алып қағысқаннан… Әр жерінен ажалдың иісі шығып, Суық түспен қарайды кәрі Кавказ…».

Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде: «Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал / Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен… Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып… Түйе боздап, қой қоздап – қорада шу, Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду». «Дағыстанда»: «Көбелектей көп әскер сайда дулап, Қамданған қалың кісі шықты шулап».

«Жазғытұрыда» көз алдымызға мамыражай тіршілік келеді, айнала түгел мәз-мәйрам: «Гүл мен ағаш майысып қарағанда, Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су. Көл жағалай мамырлап қу менен қаз, Жұмыртқа іздеп жүгіріп балалар мәз». «Дағыстанда»: «Қозғаған жас қуатын мәуелі жаз, Мақұлық қыбырлаған бәрі де мәз». Осы мысалдардан-ақ Ақылбайдың «Дағыстан» поэмасының ақын-әке суреттеген табиғатпен біте қайнасып жатқанын аңдауға болады.

Ал енді әке мен бала немесе ұстаз бен шәкірт шығармаларындағы ғашықтық сырына үңіліп, сұлулардың суреттеріне көз салайық: Ақылбайдың «Дағыстанында»: «Тал бойының міні жоқ, қолаң шашты… Бұралған тал шыбықтай қыпша белі… Толқынды қара шашы жібек талдай... Аласы аз, нұрлы қара, ұялы көз, Жаралған бір денесі қапы қалмай. Кірсіз тіс, қырлы мұрын, мінсіз ерін… Алма бет, аппақ еті қар секілді, Көргенде онсыз дүние тар секілді».

Осы сұлу мен Мағауияның «Еңлік-Кебегіндегі»: «Тіп-тік жаурын, нәзік бел, бұрымы ұзын… Биік қабақ, ақ сұрлау, қара қасты, Тік маңдай, толық жүзді, қолаң шашты… Қыр мұрын, қызыл ерін, аппақ тісті» бойжеткеннің ажары да Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңіндегі арудың келбетімен жарасады: «Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлады».

Бұдан әрі Хакім былайша тебіренеді: «Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды… Сорақы ұзын да емес,  қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды… Қолаң қара шашы бар жібек талды, Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды». Абайдың «Қансонардасында»: «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл… Аппақ ет, қып-қызыл бет… Осы тұста Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым» өлеңіндегі сұлудың келбеті де көлбең қағады.

Көз алдымызға «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты… Аласы аз қара көзі айнадайын…, Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, Тісі әдемі… Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ…  Піскен алма секілді тәтті қыздың» бейнесі  келеді. Ал ғашықтардың кездесулерінің кездейсоқ куәгері болсақ, Абайдың «Желсіз түнде жарық айындағы» қыздың: «Дем ала алмай дамыл қып, Елең қағып, бос шошып; Сөз айта алмай, бөгеліп, Дүрсіл қаққан жүрегі» Мағауияның «Медғат-Қасымында» әлі басылмаған қалпы: «Бой дірілдеп, шошынып жүрек қағады».  

       

    Терең ойдың толғауы     

Абай заманында басқыншы үкіметтің басып, жаншуы аздай, ел ішінде сыпыра шенқұмарлық пен алтыбақан алауыздықтың «көзі ақшияды»: «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек… Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек, Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек» (сонда, 1/47). Олай болса, ұстаздың шәкірттерімен әңгімесінің бір парасы, ширыққан жанының тынысы – халқының жанына батқан отарлық езгі екені аян.

Ұстаз әрі ақын-әкенің шәкірттеріне ұсынатын тақырыптары да өзінің жанына әбден батқан жайлар: адамдық пен әділдік, махаббат пен ғадауат, еркіндік пен бодандық. Хәкім қару-жарақ орнына ата-бабадан жеткен сәулелі сөзді қалайды. Қарындастарының санасын өткеннің батырлық немесе ғашықтық оқиғаларымен алаңдатпай, заманның ширыққан мәселелерін аманат етеді. Оларды күнделікті күйбеңнен арашалап алып, ертеңгі күннің алдан тосқан қатерлерін  ескертіп, ой салуды көздейді.

Ұлы ақын айналасындағы «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» тірлікке найза кезеп, патша үкіметінің ел арасына жік салған «болыс сайлауы» секілді «сексеуіл саясатын» аластауды көздейді. Алайда, «көңілсіз құлақ – ойға олақ»: яки «Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, Көнгенім-ақ соған деп жүр табандаптың» кері баяғы (сонда, 1/74, 1/88). Тыңдаушылары ойлы сөзден гөрі оқиғалы, қыздырмалы әңгіме-дүкенге бейім: «Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек, Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек» (сонда, 1/46).

Соған қарамастан жаңағылар «Айтшы-айтшылап» жалынар, Ұққыш жансып шабынар. Ұқпай жатып жалығар / Ұйқылы-ояу бойкүйез» (сонда, 1/87). Дегенмен Хакім үмітсіз де емес, ағартушылықтың «бейкүнә»  жолында тынымсыз қам-қарекет үстінде. Шәкірт-балалары Ақылбай мен Мағауия да өмір өнегесінен өлеңмен сусындап, «көз қуанышына» айналып келе жатты. Олар Хакімнің «Ескендір», «Масғұт», «Вадим», «Әзімнің әңгімесі» және басқа шығармаларына ой жіберіп, ақын-әке сырына ден қояды.

Ақылбайдың «Дағыстан (кәрі Жүсіп»), «Зұлыс» және Мағауияның «Медғат — Қасым», «Еңлік — Кебек» дастандары — Абайдай «қазақтағы суретті, сұлу сөздің» және   «терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасынан» үйренуінің дәлелдері. Дарқан даланың тынысы Абай заманында барған сайын тарылып бара жатты.  Қанға боялған Кенесары көтерілісінің де қайғысы әлі тарқай қоймаған. Олай болса,  Абайдың ақындық мектебі дегенде, алдымен сол кезеңнің тамырын басып, ұлы ақын шәкірттерінің өлең сөзінің аңысын аңдап, ой торабына барлау жасаған абзал.

Орыстың заңы, әсіресе, жаңа айтқанымыздай, болыс сайлауы қалың қазақтың ортасына оңдырмай жік салды: «Болды да партия, Ел іші жарылды. Әуремін мен тыя Дауың мен шарыңды» (сонда, 2/20). Ұлттың турашыл, қайсар, жомарт мінезі «құрт» түскендей іріді. Мұны көре тұра үндемей қалу мүмкін емес еді. Ақын іштей булығып, жүрегі сыздайды: «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп».

Қоғамда өтірік пен өсек өңмеңдеп, арызқойлық пен жалақорлық етек жайды: «Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып… Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» (сонда, 1/50). Сол сияқты «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» деп, «ғаділетті жүректің әділетін бұзған… ұғымсыз» замандастарына деген ренішін жасырмайды.

Абай ел-жұртының бақытын көксеп, оның тағдырына алаңдаған өз уайымын улана да, дерттене отырып ортаға салады. Айталық, «Сорлы Көкбай жылайды, Жылайды да жырлайды… Мынау азған қу заман / Қалыбында тұрмайды» деген өлең туралы ақын шәкірті Көкбай: «…мен қылып қойып, (Абай) өзін айтып еді» — дейді (сонда, 1/205). Хакім «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар. Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар. Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,.. Cөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» — деп қынжылады.

Бұл – бас көтерер игі жақсының көпшілігі елге теріс айналып, орыс патшасының билігіне жалтақ күй кешкен кез еді. Белден басқан отарлық билікке және қарындастарының күйкі тірлігіне әбден ашынған ақын «бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық» екенін құлағымызға құяды. Өкінішке қарай,  атқамінерлердің ойына мансаптан өзге ештеңе кірмей, бос мадаққа мас: «Мәз болады болысың / Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға» (сонда, 1/85).

Билікке жағымпаздар көбейіп, олар екі жүзді мінез тапты: «Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап. Әлсіздің сөзін салғыртсып, Шала ұғамын қырындап… Оңашада оязға / Мақтамаймын елімді, Өз еліме айтамын: «Бергем жоқ, — деп, — белімді» (сонда, 1/81). Ең өкініштісі, ақынның, тым құрыса, жас ұрпақ ойланар деген үміті оты өшуге айналғандай: «Заманақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа –  Қойнына тыққан тастары» (сонда, 1/126).

Ақ патшаның жоғары лауазымды шенеунігі Сперанский дегеннің «Сексеуіл» саясатының салдарынан «Пысық деген ант шықты / Бір сөз үшін жау болып, Бір күн үшін дос болып, Жүз құбылған салт шықты».  Ал «Пысық кім деп сұрасаң — Қалаға шапса дем алмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай», міне, пысық сол екен (сонда, 1/67). «Құтырды көпті қойып аз ғанасы, Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (сонда, 1/103).

Әке мінезін, болмыс-бітімін жастайынан көріп, біліп өскен дарынды ұлдарына ақынның  «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен» (сонда, 1/135) деген «іші өлген, сырты сау» жайы әбден түсінікті. Олар бірақ тым аз еді: «Жалын мен оттан жаралған / Сөзді ұғатын қайсың бар? Партия жиып пара алған, Пейілі кедей байсыңдар» (сонда, 2/60). «Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды… Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды» (сонда, 1/71).                                 

Ақылбайдың «Зұлыс», Мағауияның  «Медғат — Қасым» поэмалары  Африка құрлығын шетелдіктердің отарлауына қарсы жергілікті жұрттың қайсар мінезін дәріптейді.  Олардың жыр-дастандары ақын-әке сөзімен сабақтас өріліп, қара құрлықтың қазынасына қызыққан келімсектердің тағдыры мен «бай мейірсіз ер құлдан саза тартқан» оқиғаның куәгеріне айналамыз. Тек бір айырмасы, оқиға Шыңғыстаудың баурайында емес, Африканың Ніл дария бойында өтеді.

Африка  зәңгілері туралы Ақылбай мен Мағауияның қатар қалам тартуы ақындардың бодандық зардабына іштей ширыққан қарсылығын көрсетеді. Бодандық зұлматы жалғыз қазақтың ғана басына түскен сор емес еді. Еуропаның сол тұстағы Англия мен Франция, Испания мен Португалия секілді әлеуетті  мемлекеттері  озық техника мен технологияның арқасында алыс құрлықтарға көз тігіп, ХVIII ғасырда кенже қалған халықтарды құлдануға білек сыбана кірісті.

«Крепостнойлық право» кеңірдегінен сығымдаған орыс патшалығы болса, мұхит асып әуре болмай-ақ, оңтүстікте қарай жөңкілді. Еуропалық отарлаушылар қазба байлығы бар жерлерді арзанға болса  да сатып алуға көшті. Ал орыс басқыншылары өз үстемдігін қару күшімен  ғана мойындатып, қарсы шыққанды қырып, жоюдан еш тартынбады. Демек, ақын ұлдарына Абайдың бодандағы елдер туралы жыр жазуға тапсырма беруі, іште қайнаған ыза-кекті шым-шымдап болса да сыртқа шығарудың «бейкүнә» жолы болатын.

Мағауия «Медғат — Қасымда» «Жаңа ашылған Африка бір Гүлстан, Кені қалың, егіні мол болған соң, Ізденіп барған жан көп неше тұстан» деп, отаршылардың қайраткер-әке жүрегін сыздатқан жауыздығын әшкерелейді. Сонымен Африканың Ніл өзені жағасына: «Мұрат деген бай кепті Мысыр жақтан… Құлды малша таяқпен жұмсаушы еді, Адам деп обалына бір қарамай. Бар еді Медіғат деген жалғыз ұлы». Бұдан әрі Қасым атты «тәкаппар» құл Мәрия деген қызға сөз саламын деп Медіғаттан аяусыз жаза тартады. Қасым есін жиған соң, жаны қысылғанда өзіне қарап күліп тұрған «ғашығын» жаһаннамға аттандырып, бой тасалайды.

Бұдан соң қашқын, мүлде хабар-ошарсыз кеткендей болып, ұмытыла тұрады. Ал Медіғаттың Ғазиза атты қарындасы әкесі мен ағасының жауыздығы үшін оларды әуелден жек көреді екен. Міне, осы қыз бен Сәлім атты жігіттің махаббаттары жарасады. Екі жас «Не дүние, не ахиретте қосылмаққа» сөз байласады. Дастанның осы тұсында Медіғаттың ысырапшылдығынан Мұрат байдың банкротқа ұшырағанына қанығамыз. Ол қалған дүниесін сатып, Мысырға қарай жолға шығады. Сарыбастық деген атаманның (баяғы Қасым)   қарулы қолының күткені де осы екен. Қарақшы топ Мұрат байдың көшін шауып, Медіғатты байлап алады.

Осы арада оқиғаға енді Сәлім мен оның Халит деген серігі араласады. Олар аңшы жолдастарының көмегімен Сарыбастық — Қасымның тобын жайпап салады. Атаман Ғазизаны атының алдына өңгере қашады. Дегенмен, оның «сорлы жандарға жақсылық қылатын» әдетімен, Ғазизаны Сәлімге қосуынан Мағауияның «Еңлік – Кебек» дастанындағы қос мұңлықтың тағдыры жан сыздатқан ақын әрі ұстаз әке өнегесін танимыз. Жан-жағынан өрекпіген әділетсіздікті көре тұра Абай мен оның перзенттерінің үнсіз қалуы мүмкін емес еді.

Хакім бодандағы ел-жұртының халін айтып, ақын ұлдарын да шығармашылықтың «бейкүнә» жолына қайрап салады: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» (сонда, 1/49). Ақынның  қарумен майданға түсуге емес, білім мен өнер бәсекесіне шақыруы өмірден түйген  ұлы сабыр болатын. Соған орай Абайдың ақын ұлдарының шығармаларында терең ой мен суретті сөз өзара үндестік тауып, Абайдың өмір мен өнер мектебінің көркемдік және елжандылық қуатын паш етеді.

 

                                                                                      Болат ЖҮНІСБЕКОВ,

                                                                                                              жазушы

 

Ұқсас жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

07.05.2025
Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

Жезқазғанда Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға әкімдік, ТЖД өкілдері, ардагерлер, қызмет қызметкерлері...

Толығырақ...Details

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

06.05.2025
Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

Төтенше жағдайлар министрлігінде дағдарыстық жағдайларда басқарудың тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған...

Толығырақ...Details

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

06.05.2025
Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

ҚР Көлік министрлігі мен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ инвестиция мәселелерін нақтылау, іске асыру кезеңдерімен және әуе айлағын одан әрі дамытуға...

Толығырақ...Details

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

06.05.2025
Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

Қазақстан Республика Туризм және спорт министрлиги 2024 года жылдың қорытындысысынша еліміздегі ең танымал спорт түрлері туралы деректерді ұсынды. Статистика бұқаралық...

Толығырақ...Details

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

05.05.2025
5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

Бүгін біз жаңа өмірдің бастауында тұратын жандарды — акушерлерді құрметтейміз! Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады,...

Толығырақ...Details

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

05.05.2025
ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

Қазақстан ТЖМ ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Осының шеңберінде жергілікті атқарушы органдарды өртке қарсы қорғауды нығайтуға...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

4 дня бұрын

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

5 дней бұрын

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

5 дней бұрын

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

5 дней бұрын

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

6 дней бұрын

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

6 дней бұрын

Биылғы құрылыс маусымы аясында бірқатар жол құрылысы басталады

6 дней бұрын

Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

6 дней бұрын

Семейлік шекарашылар “Бірлік жарысы” марафонына қатысты

1 неделя бұрын

Әуежайдың террористік қауіп-қатерге дайындығы тексеріледі

2 недели бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС