Нұрдәулет КӘКІШЕВ, «Семей таңы»
«Білім – өмір шырағы» дегендей өрелі өрендерді білім нәрімен сусындатып, талай тарланды түлеткен Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң универсиеті 15 жылдық тарихы бар өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі.
28 мамандық бойынша бакалавриат, 6 мамандық бойынша магистратура, сонымен қатар, PhD докторантурасы бар, Шығыс аймағын былай қойғанда, бүкіл республикаға білікті ғылыми-педагог мамандар даярлайтын университетте бүгінде халықаралық деңгейдегі жиындар үнемі өтіп тұрады. Аталмыш білім ордасында өткен бейсенбі күні «Тағам өнімдерін өндіруде дәрілік өсімдіктерді қолданудың ғылыми және практикалық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары өтті.
Семинарға шетелдік және еліміздегі бірқатар белді ғалымдар қатысып, адам ағзасына пайдалы тағамдар мен тағамды тұтыну және тамақтану мәдениеті, дәстүрлі тағамдардың емдік, шипалық қасиеттерінің зерттелуі жайлы, сүттен жасалған өнімдер және дәрілік өсімдіктердің химиялық құрамы туралы әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, осы тақырыптар тұрғысындағы өзекті мәселелерді талқылады. Келелі бас қосуға Анкара қаласынан арнайы келген Гази университетінің профессоры, әлеуметтанушы ғалым Хаяти Бечирли түрік хал-қының тамақтану мәдениеті жайлы баяндама оқыды. Баяндама барысында Хаяти Бечирли түбі бір түркі халықтарының, соның ішінде қазақ пен түрік ұлтының салт-дәстүрлерінде ұқсастықтардың жиі кездесетінін тілге тиек етті.
— «Сүлейман сұлтан» телехикаясынан байқаған болсаңыздар, ондағы ақсүйектер мен орта таптағы адамдардың және шаруалардың тамақтану мәдениеттері әртүрлі екенін көруге болады, — деген Х. Бечирли, — дала мәдениетіне көшіп-қонушы түрік тайпаларындағы дастархан басында отыру тәртібі, тамақтың бөлісіп желінуі сияқты символикалық еңбектердің қуат, билік, бағыну және адалдық тұрғысынан зерттелген. Жұмыста халықтардың дамуындағы азық табу және оның тартылу үлгісінің өзгеруіне екпін жасалып, түрік мәдениетінде тамақтану дәстүрінің кезеңдер бойынша өзгеруі берілген, — деді бір сөзінде.
Хаяти Бечирлиге семинарға қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар да қойылды. Мысалы, «түрік халқы жылқы етін неге жемейді?» деген сауалға ол былай деп жауап берді:
— Арабтар да жылқының етін жемейді. Сондықтан, бұл үрдіс Түркияға Ислам дінімен бірге келген. Сол сияқты түрік халқы да көлік ретінде санағандықтан, жылқы малына құрметпен қарайды.
Ал, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Клара Жарықбасова:
— Бүгінде тәуелсіздіктің жемісі болып отырған ҚазИГЗУ бұрын тек заң саласының мамандарын ғана дайындайтын еді. Университет 15 жылдың ішінде 150 жылға бергісіз үлкен даму сатысынан өтіп, қазіргі уақытта бренд ретінде қалыптасып қалды десек артық айтқандық емес. Оның айғағы — осы оқу орнында білім алған түлектеріміз. Бүгінде ҚазИГЗУ дипломы табыстың кепіліне айналып отыр. Университеттің ғылыми әлеуеті де артқан. Материалдық базасы, 8 оқу корпусы бар. 500-ге жуық ғылым кандидаттары, PhD докторлар, магистрлер қызмет атқаруда. Оқу орны кейінгі жылдары ғылым саласында да айтулы жетістіктерге жетіп отыр. ҚР білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруымен гранттық ғылыми жобаларға конкурс жарияланса, сол конкурс-тарға қатысып, кейінгі 2-3 жылда грант ұтып отырған жайымыз бар. Қазіргі таңда АҚШ пен Ресейдің Кемерово облысындағы және өзге де шетелдік оқу орындарымен, сол сияқты «Ақсу-Жабағылы» қорығымен тығыз қарым-қатынас орнап, бірқатар жүйелі жұмыстар жасалуда, — деп аталмыш білім ордасы жайлы ақпаратпен түрік ғалымы Хаяти Бечирлиді құлағдар етті.
Журналистерге берген сұхбатында қызметтік сапармен Қазақстанға осымен екінші рет келіп тұрғанын, бірнеше жыл бұрын Түркістан қаласында болғанын айтқан Хаяти Бечирли осы жолы тарихы тереңде жатқан Семей қаласына келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, сұхбат барысында Түркия мен Қазақстанның тығыз қарым-қатынаста болып, білім-ғылым саласындағы мамандардың етене араласып, еркін пікір алмасуына барынша жағдай жасап, қолдау көрсетіп отырған Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына алғысын айтты. Туысқан екі елдің арасындағы достықтың ұзағынан болатынына зор сенім білдірді. Одан әрі түрік халқының тамақтану мәдениеті жайлы жеке сұхбатында да айтып өткен ол тамыры бір халықтардың тағамды тұтыну мәдениеті мен салт-жоралғылары бір болғанымен, қазіргі уақытта географиялық орналасуы жағынан бір-бірінен шал-ғай жатқандықтан, түркиялықтардың сәл де болса еуропалық мәдениетке жақын болып кеткенін, сондықтан, түрік халқы етке қарағанда көкөністі көбірек қолданатынын, сондай-ақ, Измир қаласындағы тұрғылықты қазақтардың жыл-қы малының етін жеп, қымызын ішетінін де айта келіп, бұл семинардан өте жақсы әсер алғандығын жасырмады. Сөзінің арасында өзі қызмет істеп жүрген Гази университеті жайлы да айтты.
— Гази университеті Түркиядағы 5 ірі ұлттық оқу орындарының бірі. Онда көптеген зерттеу орталықтары бар. 21 факультет бойынша 70 мыңнан аса студенттер білім алуда. Оның 20 пайызы шетелдіктер болса, 7 пайызы қазақстандықтар, — деген Хаяти Бечирли алдағы уақытта ҚазИГЗУ-мен байланысты нығайтып, аталмыш оқу орнында дәріс оқитынын жеткізді. Сөз соңында Семей жұртшылығын жақында ғана өткен қазақ елінің Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, университет ұжымына толағай табыс тіледі.
Сонымен қатар, семинарда Семейдің маңайында өсетін дәрілік өсімдіктердің химиялық құрамын анықтап, соны қажетке жарату төңірегінде де сөз болды. «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығы жайлы сөз еткен аталмыш қорықтың аға ғылыми қызметкері Самат Жұманов өтпелі кезеңде көптеген жануарлар түрінің азайып, бүгінгі таңда қайта қалыпқа келгенін, онда қазіргі уақытта 20-30 аңның, 1800-ден аса өсімдіктің түрлері бар екенін, сондай-ақ, алманың 185 түрі бар екенін, өсімдіктердің қандай түрлері өсіп жат-қаны жайлы үнемі зерттеліп отыратынын да жеткізді. Оның бәрі қатаң бақылауда болатынын да айтты.
Ал, семинарға қатысушылардың бірі, Тұран – Астана университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты Нұркен Мырзаханов журналистерге сұхбат беріп, келелі бас қосудан алған әсерімен бөлісті.
— Күн тәртібінде дәрілік өсімдіктер, оларды қолдану, көбейту туралы мәселелер қозғалмақшы болған. Алайда, семинарда бұл мәселелер жай ғана емес, өте кеңінен қозғалды. Тіпті, өсімдіктердің философиялық тұрғысынан да талдаулар жасалып, әркім өзінің ойын айтты. Белгілі бір дәрежеде семинарға қатысушылар сауаттанды деп айтуға болады. Ғалымдардың зерттеп жүрген бағыттарын шыңдауға бір-бірінен үлгі алатындай семинар болды. Өте жақсы баяндамалар жасалды. Өте сирек кездесетін өсімдік «Ақсу — Жабағылы» қорығында өсетін өсімдіктердің химиялық құрамын, қасиетін, содан соң біздің аймақта өсіру мүмкіндіктерін зерттеу туралы баяндама болды. Өсімдіктің құрамындағы дәрілік заттар туралы да жақсы пікірлер айтылды, — деген Н. Мырзаханов, — бұрынғы семинар-конференцияларға қарағанда бұл жолғы жиын ерекше өткен сияқты. Тіпті, үйде отырып әңгімелескен сияқты еркін пікір алмастық. Жалпы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің осындай отырыстарды жаңаша өткізуі мені, сонымен қатар, өзге де ғалымдарды тәнті етті. Шынында да, мұнда инновациялық әңгіме өрбіді. Әдемі отырыс болды. Өз басым келгеніме өте риза болдым. Себебі, жақсы-жақсы ойлар айтылды. Енді алдағы уақытта бұл университетпен тығыз байланыста болып, осы тақырыптар аясында жас мамандарға, магистрлерге тапсырмалар жүктейтін боламыз, — дейді.
Сондай-ақ, семинарға қатысқан Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенттері Жалғас Ержанов пен Лаура Айтқұлова да жүйелі ой айтқан ғалымдардың сөздерінен үлкен сабақ алып, отырыстан үлкен әсер алғандарын айтады.
— Ғалымдардың қасында отыру біз үшін үлкен құрмет. Атқарып жатқан жұмыстары мен шешімін таппай жатқан мәселелерді сөз еткен олардың әрқайсысының жасаған баяндамалары да өте қызықты болды, — дейді Жалғас Ержанов.
Алыс-жақын шетелдер мен еліміздегі бірқатар белді ғалымдардың бас қосып, бір-біріне көкейдегі сауалдарын жолдап, еркін пікір алмасып, салмақты ой айтуы білім-ғылым саласындағы мамандардың да біліктілігінің артуына мол септігін тигіз-гені анық. Семинарға қатысушылар келелі отырысты ұйымдастырғаны үшін аталмыш білім ошағының ұжымына ал-ғыстарын айтып тарқасты.
PS: Іргелі оқу орнында әр апта сайын ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар болып тұрады. Олардың басым көпшілігі ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Бет қатталып жатқанда университеттің PhD докторанттары Думан Жампейісов пен Мәлік Қаражанов PhD докторы атағын алу үшін докторлық диссертациясын табысты қорғағаны туралы сүйінші хабар келіп түсті. Сонымен қатар, қаржы-экономикалық факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, жас ғалым Саябек Зиядин дарынды жас ғалымдар-ға арналған мемлекеттік стипендиясының иегері атанды. Жыл аяғында толымды табыстармен тыныстаған Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің профессор-оқытушылар құрамын жаңа жылда зор жетістіктер күтіп тұрғанына күмән жоқ.