ЖАУЫНГЕР ЕЛДІҢ БАТЫР ҰРПАҒЫ
Кейде маған қайтпай қалған майданнан,
Қайран ерлер ерте үзілген гүлдердей,
Қабірде емес, сонау биік заңғарда
Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей.
Расул Ғамзатов
Соғыс – адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс — тірілердің тамұғы.
Бауыржан Момышұлы
Бүгінгі Ресейдің бүкіл ақпараттық құралдарының жарнамалайтыны: «Ұлы Отан соғысының жеңісі – біздің жеңіс», «Бұл — біздің халқымыздың жеңісі» («Победа в Великой Отечественной войне — это наша победа», «Это победа нашего народа»).
«Кеңес Одағы халқының жеңісі» дегенді ауыздарына да алмайды. Бұрынғы Одақ кезіндегі «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұранымыз қайда!?
Ұлы Отан соғысының жеңісі – бүкіл Кеңес Одағы халқының жеңісі. Бұл ақиқат! Бұл — Отан соғысында құрбан болған кеңес жауынгерлерінің қанымен жазылған шындық. Сондықтан бұл мәселені бүгінгі билік пен саясаттың ыңғайына қарай бұрмалауға болмайды. Әсіресе өз жері мен елі үшін емес, басқа халықтың жері үшін жанын аямай соғысқан қазақ жауынгерлерінің ерлігін ұмытуға болмайды. Ал тарихи шындық пен әділдік тұрғысынан қарасақ, осы соғыс саны өте аз қазақ халқына ауыр тигені аян.
Кеңес үкіметі билікке келмей тұрғанда, 1917 жылы Қазақстандағы қазақтар саны 4 млн 980 адам болатын. Мұхаметжан Тышыпаевтың мәліметіне жүгінсек, бүкіл одақ бойынша барлық қазақтың саны шамамен 6 млн адамды құрайтын. Ал Отан соғысының алдындағы 1937 жылғы бүкілодақтық санақ бойынша Қазақстандағы қазақтардың саны бар-жоғы 2 млн 181 мың 520 ғана адам еді. Халықтың шамамен 65 пайызы (1918-1920 жж.) төңкеріс кезінде, (1932-1933 жж.) ашаршылықтан және (1937-1938 жж.) қуғын-сүргін зардабынан опат болған.
Кеңес үкіметі өзі ұйымдастырған қырғыннан қалған қазақты енді Отан соғысына жекті…
Бірақ аңқау, сенгіш, астындағы жалғыз атын түсіп беретін халқымыз басқа елдің жері үшін жанын аяған жоқ.
Қазақтардың ерлік туына есімі алтын әріппен жазылған ерлер қаншама!
Жалпы, әскери статистика бойынша, осы соғыста қаза болған қазақтардың саны пайыздық қатынаста 90 млн орыстардан басым болған.
Тарихқа жүгінсек, патша үкіметі соғыс уақыттарында қазақ халқын ұтымды пайдаланған. Себебі қазақтардың жауынгер халықтардың бірі екенін жақсы білген. Тіпті Алтын Орда заманында өзара жауласқан орыс князьдіктерінің бірі көмек сұраған кезде, орда әскерлері ханның рұқсатымен майданға жіберілген.
Жауынгер, қайратты ата-бабаларымыз кең-байтақ жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, келешек ұрпағына аманат еткен. Аруақты батыр бабаларымыздың ерлік, қайраттылық, жігерлілік сынды қасиеттері қанымызға дарыған…
Қандай соғыс болмасын, Б.Момышұлы айтқандай, «адамзат өмірінің ұлы трагедиясы». Сондықтан да бүкіл әлемде бейбітшілік туы желбіресін деп тілейміз…
Қазақ халқына аса ауыр тиген 1941-1945 жылдардағы соғыста еліміз майдан шебінен шалғай болса да, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен қазақстандықтар майданда ерлікпен шайқасып, тылда жанкештілікпен еңбек етіп, патриотизмнің үлгісін көрсетті.
Ресей жерінен көшіп келген мыңдаған адамға пана болды. Қонақжай халқымыз оларға төрінен орын берді…
Осы мақаланы жазуға себепші болған ардақтымыз, бірімізге аға, бірімізге ата болатын Зүлкәрім Карсұлтанұлы да Отан соғысында қаза тапты. Көп жылдар бойы іздестіру салғанда ешбір дерек табылмаған еді. Тек 2018 жылы аталас ағайыны Жұмақан Смайылұлының немересі Данияр Молдахмет ғаламторды парақтап отырып, Зүлкәрім аға туралы «Халық жадында» («Память народа») деген сайттан біраз мәліметтер тапты.
Атамыз Карсұлтан Ералыұлы — мыңғырған мал айдаған бай және елге ықпалы бар беделді би болған адам. 1930-1932 жылдары байлардың малын жаппай тәркілеу кезінде, Кеңес үкіметі бүкіл малын, дүние-мүлкін тартып алып, өзін бала-шағасымен Алтай жаққа жер аударады. Карсұлтан атамыздың мәңгілік орын тепкен жері Қазақстан мен Ресейдің шекарасында, Қараөзек деген елді мекеннің ескі зираты.
Карсұлтан атамыздың үш ұлының екеуі — Зүлкәрім аға 1920 жылы және Базылкәрім аға 1922 жылы елде, атамыздың Қызыл су бойындағы қыстауында дүниеге келген (бұрынғы Семей облысы, Таврия ауданы, Соцшығыс ауылы, Ертістің сол жағы).
Қазақстанға кейінірек қоныс аударған Карсұлтан ұрпағы алдымен Ертістің оң жағасындағы Ново-Шульба ауданындағы Пролетарка деген елді мекенінде тұрады. Содан тек 40-шы жылдардың аяғында ғана аңсаған ата жұртына жетеді.
Карсұлтан атамыздың үлкен ұлы Зүлкәрім осы Ново-Шульбаның әскери комиссариатынан 1940 жылы 20 жасында әскерге алынып, 1941 жылдың қаңтар айының басында Карелия жеріне аттанады.
Зүлкәрім аға ұзын бойлы, алып тұлғалы, келбетті жігіт болған. Алтайда, орыстар арасында ержеткендіктен орыс тілін жақсы меңгерген. Ал Отан соғысы кезінде қазақтардың шамамен 95%-ы тек ана тілінде ғана сөйлеген. Мінезі ашық жарқын, өз ортасында беделі бар, балалайкада шебер ойнайтын жігіт сұлтаны болыпты.
Енді ғана ел шетіне жетіп, отбасын құрмақшы болып жүрген жерінен, бүкіл арман-мақсатының тас-талқанын шығарып, әскерге, содан кейін соғысқа алып кетеді.
Кеңес-фин соғысы КСРО мен Финляндия арасында 1939 жылы 30 қараша – 1940 жылы 12 наурыз аралығында болған.
1939 жылдың қыркүйек айында Германиямен бірігіп Польшаны талқандаған Кеңес Одағы Украина мен Белоруссияның батыс аймақтарын басып алды. Осыдан кейін КСРО басшылығының назары Финляндияға ауысты. Өз тәуелсіздігін қорғаған Финляндияға қарсы КСРО басшылығы арандатушылық пен күш көрсету саясатын жүргізе бастады. Осыған дәлел — соңғы кездерде ғана белгілі болған Хельсинкідегі КСРО өкілі Деревянконың 1939 жылы 17 қарашада В. Молотовқа жіберген құпия кеңестері. Ол финдерге қысым көрсету үшін кеңес-фин шекарасындағы жағдайды ушықтыру, Финляндияға қарсы ақпарат науқанын жүргізу, тіпті екі ел арасындағы шабуыл жасаспау туралы пактіні бұзу және т.б. ұсыныстар жасаған.
Қысым көрсету Кремльдің Финляндия жеріне қол сұғуынан басталады. Кеңес үкіметі Карель мойнағын КСРО-ға беріп, оның есебіне Карелиядан жер алуды және Ханко түбегінде кеңестік әскери-теңіз базасын салуды талап етеді.
Финляндия үкіметі ол талаптарды орындаудан бас тартқандықтан, Қызыл армия 1939 жылдың 30 қарашасы күні шамамен 760 мың қарулы күшпен шабуылды бастайды. КСРО агрессор ретінде Ұлттық Лигадан шығарылады. Сондықтан да Финляндия Отан соғысы басталғанда Германияға қосылып, ұрысты қайта жалғастырады.
Зүлкәрім аға сол Карелиядағы 1046-шы атқыштар полкінің 289-шы атқыштар дивизиясының қатарында ақ финдерге қарсы майданға тап болады. Бұл орманды, батпақты өлкеде қаншама қанды майдан болғаны туралы мұрағатта сақталған «боевой путь» деген анықтамадан көруге болады. Анықтамада көрсетілгендей, Зүлкәрім Карсұлтанұлы 289-шы дивизия қатарында 1941 жылдың 26 маусымынан бастап 1944 жылдың 7 шілдесіне дейін барлық шайқаста болып, ерлік көрсеткен. Осындай шайқастар арасында жүріп, Кеңес үкіметі қырып-жойған байдың баласы болса да, сол үкімет үшін жанын аямай жауынгерлік, азамат борышын адал өтеді. Орасан қайраты мен жігері үшін және тіл білгендіктен әскери басшылар оны бірінші пулемёт ротасының командирі етіп тағайындайды.
Соғысқан жері орманды, батпақты өлке болғандықтан, онда аяқты тұсаулы аттай, кібіртіктеп қана басу абзал. Аяғың сәл бұрыс кетсе, тартпа балшық адамды айдаһардай жұта салады. Қазақтың кең-байтақ жерінің қасиетін сонда білсе керек. Мұз жастанып, қан кешіп жүріп Зүлкәрім ағамыз қол астындағы жауынгерлерімен иық тіресіп, қатерді бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және оларды қауіпсіздендіруге тырысып, азаматтық ары мен намысын паш етеді.
КСРО сыртқы істер министрлігінің Подольск мұрағатында сақталып, бізге жеткені — Зүлкәрім ағаны марапаттауға ұсынған екі бұйрық. Екеуі де Карелия майданынан: «Бірінші пулемёт ротасының бөлім командирі сержант Корсультанов Зулкарым (ол кезде басқа ұлттың жауынгерлерінің аты-жөнін жазғанда көптеген қателіктер кете беретін) «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталсын, себебі ол 1943-ші жылы қыркүйектің 21-нен 22-не қараған түнде бақылаушы тұтқынды ұстап алу үшін басқа да жасақ мүшелерімен ақырын жылжи отырып финдердің жеркепесінің кіре берісінде ашылған есіктен танкке қарсы қолданатын гранаталарды қолданып, 20-дан астам ақ финдердің гарнизонын жер жастандырады.
Осы қақтығыста ол жеке өзі алты ақ финді өлтіріп және жасағымен өз қорғаныс шебіне қарай шегінгенде, жарақаттанғанына қарамастан, әлсіреген ақ финді алып шықты».
Осылай, өмір мен өлім арасында жүріп, алыстағы Отаны мен елінің намыс туын биік көтеріп, қазақ жауынгері бабаларының «Жаным — арымның садағасы» деген ғибратты сөзін жадында берік ұстай білген. Әскери ант пен борышын адал орындап, өзінің ақылымен, қажыр-қайратымен, күш-жігерімен, төзімділігімен көзге түскен Зүлкәрім Карсұлтанұлы жаяу барлаушы жасағының взвод командирі болып тағайындалады.
Мұрағаттан алынған екінші бұйрық 1944 жылғы 8 шілде күнімен белгіленген: «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Төралқасының атынан жаяу барлаушы жасағының взвод командирі, сержант Карсултанов Зүлкәрім «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталсын.
Барлау қызметі кезінде тұтқынды ұстауда көрсеткен батылдығы мен ержүректігі үшін. Және де 1944 жылдың 21 маусымында жалғыз өзі 8 ақ финнің көзін жойып, екі мылтықты алғаны үшін».
Ағамыздың ерлігін осы екі бұйрықтан-ақ байқауға болады. Ең өкініштісі — үш жарым жыл қанды қырғыннан аман шығып, соғыстың аяқталуына жарты жылдай ғана уақыт қалғанда қаза табуы. Сүйгеніне қосыла алмай, арманда кетті, артында ұрпақ қалмады. Асыл ердің артында аты аталар ұрпақ қалғанға не жетсін!
Ел қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан осындай батырларымыздың есімін мәңгілік ел жүрегінде сақтау мақсатымен ең болмаса туған өлкесінде, Семей қаласының бір көшесіне Зүлкәрім Карсұлтанұлының есімі берілсе, өшкеніміз жанғандай болар еді.
Қағаз жүзінде «батыр» атағына ие болмағанымен, Зүлкәрім Карсұлтанұлы нағыз батыр екенін жоғарыда көрсетілген құжаттар дәлелдеп тұр. Ал батыр атағы тіпті Отан соғысы кезінде аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлына да берілмеген. Кейбір шовинистік пиғылдағы әскери қолбасшылар басқа ұлт өкілдеріне ең жоғарғы марапатты беруден қашқақтаған.
Сайтта ағамыздың жерленген жері көрсетілмеген. Атасы Зүлкәрім Карсұлтанұлының жерленген жерін тек соңғы жылдары Ринат Асхатұлы тапты (Асхат — Зүлкәрімнің туған інісі Базылкәрімнің ұлы). Іздестіру барысында Зүлкәрім ағамыз қатысқан соңғы шайқастардың бірі Куолисмаа деген деревня жанында болғаны белгілі болды. Ринат қашықтықтан арнайы іздеушілер мен жергілікті әскери комиссариат арқылы атасының зираты Ресей мен Финляндияның арасындағы бейтарап аумақта екенін анықтады.
Бұндай бауырластар бейітіне күтім жасайтындар жоқтың қасы, себебі ондай жерге бару үшін арнайы рұқсат алу қажет. Ағамыздың жерленген жеріне барып қайтуды өздеріне парыз санаған туған-туыстары жолға шықпақ болған кезде пандемия басталып кетіп, жол жабылып қалды.
Бірақ Ринат іздестіруді жалғастыра берді. Ол жаққа бару үшін алдымен Ресей мемлекетінен арнайы рұқсат қажет екен. Рұқсат алудың өзі бірнеше айға созылды. «Мен ақырын тізбектеп, көптеген адамнан сұрастырып жүріп, ерікті іздестірушілерге шықтым. Олар бар мән-жайды айтып, ешбір мемлекеттің, не Ресейдің, не Финляндияның шекаралық заңын бұзбай, бұрынғы әскери іздермен қалай жүріп өтуге болатынын түсіндіріп берді», — дейді Ринат.
Сәтін салып, бауырластар зиратына апаратын жергілікті жол іздеуші Михаил деген фин жігіті де табыла кетті. Бұл жігіттің өзі де шешен соғысына қатысқан болып шықты. Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерді іздестіру жұмысымен ешқандай төлемақысыз, жүрегінің қалауымен айналысып жүргеніне біраз жылдар болыпты. Михаил осы бауырластар зиратының орналасқан жерін, онда қанша жауынгер жерленгенін, олардың ішінде командир Зүлкәрім Карсұлтанұлының есімі бар екенін анықтап, ағаның зиратына өзі бастап апаратынын айтты.
2022 жылдың тамыз айында ғана ұзақ сапарға аттанудың сәті түсті. Асхат Базылкәрімұлы бастаған топ, ұлы Ринат, інісі Мұрат Жұмағазыұлы мен келіні Зульфия (Зина) төртеуі, Карсұлтан әулетінің атынан Зүлкәрім ағаның жерленген жеріне барып, тағзым етіп, Құран бағыштап қайтты. Әрине, ұзақ жол (Семей – Қостанай –Челябинск – Санкт-Петербург – Карелия және тағы да 300 шақырым жол) жүру оңай болған жоқ. Екі мемлекеттің арасындағы бейтарап аумақ дегеннің өзі көп мағлұмат береді: жол жоқ, ешбір белгі, көрсеткіштерсіз, соғыстан кейінгі жылдары адам аяғы баспаған қалың орман мен батпақ… Көлікпен біраз жолсыз жерді өткеннен кейін, ары қарай тек шекарашылар мен шекара қызметінің командирінің арнайы рұқсатымен ғана жүруге болады екен.
Ринат: «…Атаның зиратына дейін ұзақ жүрдік. Алдымен машинамен 20 шақырым жерді 2 сағат жүріп өттік, ары қарай жаяу жүруге тура келді. Айналамызда соғыс кезінде қазылған жеркепелер мен траншеялардың орны. Батпақтан аяқ алып жүру өте қиын. Бір уақытта алдымыздан жан-жағы биік, өте әсем ақ қайыңдармен қоршалған алаң көрінді. Жүргенімізде қатты жел тұрған, ал мына жерде тыныштық! Алаң ортасында бетоннан құйылған тұғыр, төбесінде ескі жұлдыз және қаза болған солдаттардың тізімі… Сол тізімнің ішінде біздің атамыздың аты-жөні жазылған…»
Тұғырдағы тақтайшада әр түрлі ұлттан 30 ердің аты-жөні жазылған. Бәрі дерлік 1899-1927 жылдары туғандар, 1944 жылы шілде мен тамыз айында қаза болған 289-атқыштар дивизиясының солдаттары мен командирлерінің тізімі.
Зүлкәрім ағаның есімінің қарсысында «1920 — 29.07.44» деген жазу тұр. Бар-жоғы 24-ақ жаста. Осыдан 5 жыл бұрын сол Михаил деген фин жігіті мұрағаттардан керекті құжаттарды тауып, осы табақшаны өзі жасапты. Бұл «госпитальные захоронения» деген жерлеу екен. Қатты жарақатпен шайқас алаңынан әскери госпитальға әкелінген жауынгерлер, бірақ оларды ажал тырнағынан алып қалу мүмкін болмаған.
Ринат: «Біз атаның Отанынан, оның туған жерінен топырақ ала бардық. Қызыл жұлдызға ақ орамал байлап, Құран оқыдық. Бұл бәріміздің жанымызды тебірентіп, көз жасымызды еріксіз төгетін оқиға болды…»- дейді.
Зүлкәрім ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы жолдас болғай. Елі үшін, жері үшін өмірін қиған адамның орны пейіште, жаны жаннатта болмақ. Қаншама боздақтар туған жердің топырағы бұйырмай, шет жерде белгісіз болып қалып жатыр. Аталарының жерленген жерін іздеп тауып, туған жердің бір уыс топырағын бұйыртқан бауырларына Алла ұзақ ғұмыр берсін…
Мария Жұмақанқызы СМАИЛОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты