Кеше, 5 маусым күні, Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада, Мемлекет басшысының жаңа облыстар құру туралы Жарлығының күшіне енгеніне бір жыл толуына орай, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Аймақ басшысы Абай облысының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Облыс әкімінің баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзін басылым бетінде қаз қалпында жариялап отырмыз.
Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай облысын құру туралы Жарлығы шықты.
Біздің өңір енді ғана құрылып жатса да, Президенттің, Үкімет пен Парламент депутаттарының қолдауын әрдайым сезініп келеді.
Жылдар бойы жиналып, қордаланып қалған мәселелерді бір сәтте шешу мүмкін еместігін сіздер жақсы түсінесіздер.
Проблемаларымыз аз емес.
Соларды біртіндеп шешу үшін жоспарлы жұмыстарды қолға алдық.
Біздің мақсат – Мемлекет басшысы ұсынған стратегиялық міндеттерді лайықты орындап, ынтымағы жарасқан, көп ұлтты халқымыздың БҮГІНІ мен БОЛАШАҒЫН баянды ету!
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша оң динамика байқалады. Облыстың қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіші 104,9 пайызды құрады. Ең көп өсім жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінде — 120,4 пайыз, өнеркәсіп өнімінде — 109,7 пайыз, құрылыста — 108,8 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 106 пайыз тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 8,2 пайызға өсіп, 420,4 млрд теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы өнімін шығару 473,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 4,1 пайызға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп (104,1пайыз өсім), 3 352 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге оң әсер етті.
2022 жылдың қорытындысы бойынша орташа айлық жалақы 24,2 пайызға өсіп, 260,1 мың теңгені құрады.
Негізгі макро көрсеткіштердің оң динамикасы биылғы жылдың төрт айында сақталып отыр.
Мысалы, құрылыс секторы – 159,8 пайызға, инвестициялар – 112,9 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 121,3 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру – 105,3 пайызға, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім – 102,7 пайызға өсті.
Облыс бюджетіне өз кірістері бойынша (ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдайға сәйкес) 138,9 пайыз өсу қарқынымен 33,8 млрд теңге түсті (2022 жылдың салыстырмалы кезеңінде – 24,3 млрд теңге).
Биыл облыс бюджетінің көлемі 374,6 млрд теңгені, оның ішінде меншікті кірісі 10,4 пайыз өсіммен 92,1 млрд теңгені құрады (2022 жылы – 83,4 млрд. теңге).
Сумен жабдықтау объектілерін дамытуға қаржыландыру 2,5 есеге (7,5 млрд теңге), жолдарды жөндеуге — 2,3 есеге (9,9 млрд. теңгеге) ұлғайды. Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге (23,5 млрд теңге), денсаулық сақтау – 1,8 есеге (4,2 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 9 еседен астам (17,7 млрд теңге) өсті.
Облыс орталығы Семей қаласының бюджеті 86,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 49 пайызға артық. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 1,4 есеге және әлеуметтік қорғау 1,5 есеге ұлғайды.
* * *
Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілді (31.01.2023 ж. №63).
Кешенді жоспар инвестиция көлемі 1,9 трлн теңге болатын 102 іс-шарадан тұрады.
* * *
2028 жылға дейін инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 6,8 мың жұмыс орнын құрумен 870 млрд теңгеге 43 жоба енгізілді.
Оның ішінде биыл 1034 жаңа жұмыс орнын ашатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Құны – 29,3 млрд.теңге.
Агроөнеркәсіп кешенінде 5,6 млрд теңгеге 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
* * *
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған жерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы ауданы 297,7 мың гектар жер учаскелері анықталды. Биыл әзірге мемлекет меншігіне 99,7 мың гектар пайдаланылмайтын жайылым жерлері қайтарылды (2023 жылға арналған жоспар — 250 мың гектар).
* * *
Инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелік проблемаларды шешуге ерекше назар аударылып келеді.
Ең маңызды мәселелердің бірі – жылумен жабдықтау.
Семей қаласының оң жағалауында 118 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар.
Жылу қуатын 40 Гкал-ға ұлғайту мақсатында «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын қайта жаңарту жүргізілуде (2023 жылға РБ-дан 1,7 млрд теңге бөлінді. Жобалар 2023 жылы аяқталады).
Жылу желілерінің тозуы – саланың басты проблемаларының бірі.
Облыстағы желілердің жалпы ұзындығы – 455,2 шақырым, олардың орташа тозуы – 63,8 пайыз.
Желінің шамамен 290 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді.
Анықтама: Семей қаласында – 68 пайыз, Курчатовта – 35 пайыз, Жарма ауданында – 75 пайыз, Бородулиха ауданында – 63 пайыз, Аягөз ауданында – 53 пайыз, Үржар ауданында – 30 пайыз, Абай ауданында 25 пайыз желілер тозған.
Қаланың жылумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін 2023-2024 жылдары облысты дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін қайта жаңарту бойынша 11 жоба, желілерді жаңғыртудың 19 жобасы енгізілді, оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 150,4 млрд теңге қажет (жылу көздерін жаңғыртуға — 95,5 млрд теңге, желілерді жаңғыртуға — 54,9 млрд теңге).
Меморандум аясында 23 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, бұл 2,2 млрд теңге сомасына бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл жобалардың сметалық құны – 105,5 млрд теңге.
Үкіметпен бірлесіп жоғарыда аталған жобаларды іске асыруға бюджеттен қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр.
«Самұрық-Энерго» АҚ-мен ЖЭО-3 құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталды.
Оларды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сумен жабдықтау
Халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 17 млрд теңгеге 54 жобаны іске асыру жоспарланған. 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 19 жобасын салу жоспарланды.
* * *
Көлік инфрақұрылымы саласында Семей қаласындағы автокөпірді қайта жаңғырту жобасы (30,4 млрд теңге) жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Биыл құрылысқа 7,2 млрд теңге бөлінді. Жұмысты жапондық мамандар жүргізеді деп болжануда.
Жапон мамандары аспалы көпірге де зерттеу жүргізген. Жөндеу және жол бөлігін жаңарту үшін қажетті құжаттама дайындалуда.
* * *
Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1 қазаннан бастап Семей қаласында «Сергек» фото және бейнетіркеу жүйесі енгізілді.
1500-ден астам бейнебақылау камералары жаңадан құрылған «Ахуалдық орталыққа» қосылған.
Семей қаласы мен облыста бейнебақылау желісін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
* * *
2024-2025 жылдары көлік дәліздерін кеңейту үшін ұзындығы 270 км болатын «Бақты — Аягөз» темір жолының құрылысы жоспарланған.
Қазіргі уақытта темір жол трасса сызбасын Үкіметпен және «ҚТЖ» АҚ-мен бірлесіп жасап жатырмыз.
Әкімдік темір жол салу мақсатында жерлер белгілеп, резервке қойды.
Жобаны іске асыру Қытай Халық Республикасымен арадағы темір жол тасымалының көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
* * *
Облыс бойынша тұрғын үй алуға кезекте 19 мыңнан астам адам (19 570 адам, Семей қаласында 13 817 адам), оның ішінде көпбалалы отбасылар санаты бойынша 2 370 адам тұр.
Жалпы ауданы 459 мың шаршы метр (3 683 пәтер) 66 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Алдағы үш жылға (2024-2026 жж.) тағы 148 көп қабатты тұрғын үйді (шамамен 694 мың шарша метр) іске қосу жоспарланған, бұл 6,8 мың отбасына өз тұрғын үйін сатып алуға мүмкіндік береді.
* * *
Оқушы орындарының тапшылығын төмендету үшін (8,7 мың орын) облыс бойынша 2022 жылы 1 700 орындық 4 мектеп (Степной кентінде 300 орындық және Восточный кентінде 1200 орындық, Жарма ауданының Қапай Батыр ауылында және Бесқарағай ауданының Жыланды ауылында 100 орындық) салынды.
Жеке инвестициялар есебінен Семей қаласында 650 оқушыға арналған 1 мектеп ашылды.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 5700 орындық 11 мектептің құрылысы (42,7 млрд теңгеге) жоспарланған. Биыл 5 мектептің құрылысы басталады.
Осы жылы облыс орталығында «KAZ Minerals Management» ЖШС қаражаты есебінен 1200 орындық мектептің құрылысы басталды.
2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 6 шағын жинақталған мектеп, жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынатын болады.
Балаларды қосымша біліммен қамтуды одан әрі арттыру мақсатында (83,7 пайыз) көпфункционалды Оқушылар сарайын салу жоспарлануда.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» (тілдерді тереңдетіп оқытуға бағытталған) және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылады.
Облыстың жоғары оқу орындарына (Шәкәрім атындағы университет және «Alikhan Bokeikhan University» білім беру мекемесі) қосымша 500 білім гранты бөлінді.
* * *
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін облыс бойынша 10,8 млрд теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланған, оның ішінде 57 нысанның құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр.
Облысты дамытудың кешенді жоспарына Семей қаласында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысанның құрылысы енгізілген.
Инвесторлар есебінен қажетті құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізілуде (24 әлеуметтік жоба бойынша), осылайша 709,2 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделді.
Әлеуметтік қорғау
2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрады (республикалық көрсеткіш – 4,9 пайыз, 15 077 жұмыссыз халық).
Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында экономиканың түрлі салаларында жаңа жұмыс орындарын құру шаралары қабылданып жатыр.
Халық табысын арттырудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы қабылданды.
Бағдарлама ұлттық жобалармен өзара байланысты. Сонымен қатар бағдарламада 3 негізгі бағыт анықталды.
Жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайыз үстемемен шағын несиелер беру бойынша жұмыс басталды (1 055 млн. теңгеге 211 шағын несие беру көзделген).
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жас кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар беруге 100 млн теңге (5 млн теңгеден 20 грант) көзделген.
Шағын және орта бизнеске қолжетімділікті кеңейту шеңберінде биыл кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға – 500 млн теңге (мөлшерлеменің 6 пайызы бойынша субсидиялау: 20 млн теңге бойынша 25 субсидия), шағын және орта бизнеске ішінара кепілдік беруге — 100 млн теңге (6 пайыз бойынша ШОБ кредиттеріне ішінара кепілдік беру – 10 млн теңгеден 10 кепілдік).
Халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үй мәселелерін шешу үшін жеке тұрғын үй қорынан жалға алуға 50 пайыздық өтемақы төлеуге бюджеттен 865 млн теңге бөлінді.
Мүгедектігі бар адамдарға арналып 150 орындық оңалту орталығы ашылды.
Аталған орталықтың салынуы өңір тұрғындары үшін аса маңызды. Облыста 25 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар тұрады. Оның 3 мыңы – балалар.
Оңалту шараларын ұлғайту және одан әрі бейімдеу, өмір сапасын арттыру үшін Семей мен Аягөз қалаларында 150 орындық екі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын салу көзделіп отыр (бір жобаның құны – 8,0 млрд теңге). Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Мәдениет және спорт
Облыста 423 тарих және мәдениет ескерткіштері бар, олардың 13-і — республикалық, 410-ы – жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде.
Анықтама. Семей қаласының аумағында 67 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 10 республикалық және 57 жергілікті маңызы бар ескерткіш орналасқан.
«Саламатты ұлт» ұлттық жобасы аясында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде.
Облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылдануға 230 мың адам, немесе тұрғындардың 38 пайызы тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,5 пайызды құрады.
2022 жылы 5 спорт мекемесі ашылды (олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғарғы спорт шеберлігі мектебі; қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі; дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері; Олимпиадалық резерв дайындау орталығы; мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған клуб).
Жүзу бассейні (Көкпекті ауылы), дене шынықтыру-сауықтыру кешені (Бородулиха және Қайнар ауылдары), спорттық модульдерінің (Таскескен, Көкбай ауылдары) құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қысқы спорт түрлеріне қызығушылықтың артуын және облыс орталығында спорт ғимараттарының болмауын ескере отырып, инвестордың есебінен Мұз аренасы бар көпфункционалды спорт кешенін салуға ЖСҚ әзірленіп жатыр.
* * *
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Семей қаласын дамытудың бас жоспары әзірлене бастады.
Бас жоспардағы алғашқы жобалардың бірі – жалпы ауданы 72 гектар болатын қаланың сол жағалауындағы ескі тұрғын үйлерді бұзу және салу.
Өткен жылдан бастап 35 ауланы (54 тұрғын үйді қамтумен) абаттандыру бойынша жоспарлы жұмыс басталды.
Биыл тағы 70 аула аумағын (100-ден астам тұрғын үй), сондай-ақ 15 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланды.
Олардың бірінде татар ақыны Мұса Жәлелге бюст орнатуды көздеп отырмыз, сонымен бірге Қазан қаласында Абайға арнап ескерткіш (бюст) орнату жоспарланған.
Қаланы көгалдандыру бағдарламасы қоғамдық демалыс орындарын ретке келтіруден басталады.
Жасыл желекті күту үшін жергілікті суару жүйесінің бірыңғай схемасы жасалады.
60 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда, оның аясында тротуарлар да жабдықталады.
Сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін реттеуге, оның архитектуралық бірегейлігін қалпына келтіруге, неғұрлым біртекті тартымды қалалық ортаны құруға мүмкіндік беретін бірыңғай дизайн код құру жоспарлануда.
Көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Былтыр біз аспалы көпірдің оң жағалауындағы көпір асты кеңістігін пайдалануға бердік.
Бүгінде ол балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, жиналатын сүйікті орнына айналды. Бір аптадан соң, маусым айының 15-і күні, дәл осындай кеңістік сол жағалауда ашылады.
Сол сияқты семейліктердің ең сүйікті орындарының бірі Бейбітшілік аралы екенін білесіздер. Кезінде бұл жерде «балалар темір жолы» болған. Бала кезімізде сол жерге барып, серуендеп қайтатынбыз.
Өкінішке орай, қазір ол жоқ. Сол себепті біз аралда «БАЛАЛАР ТЕМІР ЖОЛЫН» салатын боламыз. Бұл жер, сөзсіз, балаларымыздың, таза табиғат аясындағы ең сүйікті демалыс орындарының бірі болады деп сенемін.
Тағы бір жоба – Ертіс жағалауынан аралға апарар ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР көпірі. Ол, қаламызға көрік берумен қатар, семейліктердің аралға барып, табиғат аясында серуен құруына қолайлы жағдай жасайды.
* * *
Өздеріңізге ұсынылған баяндама нақты шаралармен, тиісті қаржы көздерімен қуатталған.
Сондықтан біз, экономиканы басшылыққа алып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту жолында жасампаз еңбекпен, елді жұмылдырып, бірігіп жұмыс істейтін боламыз.
Баяндамадан соң облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев журналистердің сауалдарына жауап берді.