«Біздің жақта қыс ұзақ» деген Оралхан Бөкейдің сөзін қыс қарсаңында Қазақстанның шығысын мекен еткен халық жиі қайталайды.
5 қазан күні Семейде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қала әкімі Нұрбол Нұрсағатовпен бірге жергілікті БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырып, тілшілер қауымымен бірге бірнеше нысанды аралап шықты.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Semeı tańy»
Жылыту маусымы таяп қалғандықтан ба екен, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев журналистер қауымын сол жағалаудағы ЖЭО-1-де қарсы алды. Бұл жылу электр орталығы өткен ғасырдың бірінші жартысында, нақты айтқанда 1934 жылы пайдалануға берілген. 2010-2019 жылдары қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл орталық 564 коммерциялық, 30 әлеуметтік, 55 бюджеттік, 362 көп қабатты тұрғын үйге қызмет көрсетеді.
Жалпы, қалада бүгінде 1 ЖЭО, 21 қазандық, 76 орталық жылу пункті бар, жылу желілерінің ұзындығы 322,5 шақырым. «Теплокоммунэнерго» МКК кәсіпорнының негізгі жылу қуаттылығы сағатына 1067,01 Гкал болса, қазіргі қуаттылығы сағатына 880,82 Гкал. Оң жағалау бойынша жылу тапшылығы сағатына 125,82 Гкал-ды құраса, сол жағалау бойынша 9,59 Гкал/сағ артықшылық бар.
Биыл бюджет қаражаты есебінен 13, тарифтік смета аясында 22 жылу көзінде жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ бірқатар жылу желілерінде орталық жылу пункті мен кварталішілік, магистральдық желілер, жылу оқшаулағыштар қалпына келтірілуде.
— ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 қаңтардағы қаулысына сәйкес, Семей қаласындағы жылу көздері мен желілерінің құрылысына және қайта жөндеу жұмыстарына 26 жобаға 147 млрд теңге қарастырылды. Жөндеу жұмыстары аясында жылу көздерінің тозу деңгейі 20 пайызға, жылу желілерінің тозу деңгейі 40 пайызға азайып, оң жағалаудағы жылу тапшылығы азайып, сағатына 164 Гкал-ға артады деп күтілуде. Қазір жылу маусымына дайындық деңгейі 99,9 пайызды құрайды. Жылу беруге даярлық жұмыстары аяқталуға жақын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген аумақтардағы қазылған жерлер қалпына келтірілуде. Былтыр екі нысанда жөндеу жұмыстары кезінде ескі материалдар қолданылған екен. Қала басшылығы жұмысты жүргізген мердігерлерден осы мәселені шешуді талап етіп, кемшілік түзелді. Облыста көмір қоры жеткілікті. Барлық бюджеттік мекемелерге қажетті көмір толықтай жеткізілген. Бүгінгі таңда 15-20 мың тоннадай тұрмыстық көмір қоры бар,- деген аймақ басшысы Н.Ұранхаев жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының кеш басталу себебін де түсіндіріп өтті:
— Жылу желілеріне жөндеу жұмыстары мемлекеттік сатып алу байқауының қорытындысына байланысты басталды. Кейбір конкурстар әлі күнге өткен жоқ. Бізде дайын жобалар болмады. Жобалар мамыр айында ғана аяқталды. Содан кейін ғана Үкіметке қаржы мәселесімен жүгіндік. 16,3 млрд теңге бөлінді,- деді аймақ басшысы.
2023 жылы алдағы жылыту маусымына дайындық аясында мердігер «ВостокМонтажИнжиниринг» ЖШС-мен ЖЭО-1-дегі №5 ыстық су қазандығын жөндеуге келісімшарт жасалған болатын.
Осыдан соң журналистер ЖЭО-1-ден П-1-ге дейінгі магистральды жылу желілері аумағындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Семейде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЖЭО-3 құрылысы басталады. Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда, жыл соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, Семей қаласындағы «Теплокоммунэнерго» МКК 2003 жылы 11 тамызда құрылған. Бүгінгі күні кәсіпорында 1226 адам, жылыту маусымында 1832 адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа жалақысы – 194 434 теңге.
«Заря» жаңа ауданы пайда болады
Семейдегі Молдағалиева, Жамбыл көшелері аумағындағы 493 ескі үй сүріліп, мұнда «Заря» жаңа ауданы пайда болмақ. Ауданда 1200 орынға арналған мектеп, 240 және 140 орынға арналған балабақша, конгресс-хол, 9-12 қабатты 95 тұрғын үй салынбақ.
Молдағалиев көшесінде «KazMinerals» компаниясы мен облыс әкімдігі арасындағы келісімшартқа сәйкес 1200 орынға арналған мектептің құрылысы басталып та кетті.
— Алдын ала жоспар әзірленіп, құрылыс алаңы дайындалды. Ескі ғимараттар сүріліп, инженерлік желілер алынып, мектептің бірінші, үшінші блоктарының іргетасы қаланды. Қазір екінші және төртінші блоктардың іргетасы қалануда,- деді мердігер мекеме өкілі. Жобалау жұмыстары биыл 11 қарашаға дейін аяқталып, қаңтар айының ортасына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізілмек. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың шілдесіне дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қазір құрылыс басында 43 адам еңбек етуде.
Әуезов тас жолы ұзартылады
Осыдан соң облыс әкімі журналистермен бірге «Абай жолы» аллеясына барды. Мұнда жылу желілері ауыстырылып, қазылған жерлер қалпына келтірілуде.
Осы орайда айта кетерлігі, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының Бас жоспарында Әуезов даңғылын Алматы тас жолына дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді.
— Қазіргі уақытта біз Семей қаласының жаңа Бас жоспарын дайындап жатырмыз. Әуезов даңғылы Алматы тас жолына дейін ұзартылады. Заңға сәйкес, жол түсетін жерлер мемлекет мұқтажы үшін алынатын болады. Әрине, мұны ешкім тегін жасамайды,- деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта аллея аймағында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу аяқталғаннан кейін аллея мердігердің есебінен толығымен қалпына келтіріледі.
— Бұрынғы құбырлардың қалыңдығы небәрі 3 мм болды, олар жоғары қысымға төтеп бере алмады. Оның үстіне өткен жылы құбырдан су ағып, жұмысты бастауға қорықтық. Егер дәнекерлеу жұмыстары басталса, өртеніп кететін еді. Сондықтан біз бұл құбырларды ауыстырдық. Қазір әрбір қосылыс дәнекерленген және тексерілген. Жұмыс сапасына алаңдамыңыздар, — деді Нұрлан Ұранхаев.
Сөз арасында облыс әкімі биыл жыл соңына дейін Мақаншы және Жаңасемей аудандары бөлініп шығатынын, келер жылдан бастап өз алдына жаңа аудандар ретінде құрылатынын айтты.
— Біз бұған дейін Жаңасемей ауданының орталығы Шүлбі кентінде болуы мүмкін деп топшыладық. Бірақ ақсақалдармен ақылдаса келе орталық Семей қаласының ішінде болғаны дұрыс деп шештік. Жоламан кентінде Жаңасемей ауданының жаңа әкімшілік орталығы бой көтеруі мүмкін. Жаңасемей ауданы мен бұрынғы Абыралы ауданы біріктірілуде. Әр түрлі нұсқалар болды, бірақ біз осыған тоқтауды жөн көрдік, — деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.
Жер асты өткелдері жаңаруда
Осыдан соң облыс әкімі Н.Ұранхаев БАҚ өкілдерін Әуезов даңғылындағы жер асты өткеліндегі абаттандыру жұмыстарымен таныстырды.
Жалпы, қалада 8 жер асты өткелі бар. «ARLAN TRANS-LOGISTICS» ЖШС мердігерлік ұйымы 4 өткелге ағымдағы, 4 өткелге күрделі жөндеу жүргізді.
— Қаланың барлық жер асты өткелдері жаңартылып, қабырғалары ұлттық нақыштағы муралдармен безендірілді. Ішкі және сыртқы әрлеу, сырлау, әктеу, жарықтандыруды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жер асты өткелдерінің барлығына 65 дана “Сергек” бейнебақылау камералары орнатылып, олар орталық полиция басқармасының иелігіне беріледі,- деді аймақ басшысы.
Бұдан бұрын Шәкәрім даңғылындағы жер асты өткеліндегі жарықтандыру жүйесін бұзақылар қасақана істен шығарғанын атап өткен облыс әкімі қала тұрғындарын қоғамдық орындарды күтіп ұстауға, тазалықты сақтауға шақыру қажеттігін айтты.
Қаладағы барлық өткелдерде дыбыстық құрылғылар да орнатылуда. Таяу уақытта өткел ішінде әсем әуен ойнап тұратын болады.
— Семей қаласы еліміздің рухани орталығы болып саналады. Біз өз қаламыздың әр затын қызғыштай қорғап, шаһарымыздың дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек,- деді Н.Ұранхаев.
Аймақ басшысы Әуезов даңғылы бойындағы жабайы саудаға да тыйым салынатынын айтты. Саудагерлерге жабық сауда нысандарынан орындар ұсынылатын болады.
70 аула абаттандырылады
БАҚ өкілдері облыс әкімі Н.Ұранхаевпен бірге Бозтаев көшесіндегі №40 үйдің ауласындағы абаттандыру жұмыстарын көрді.
Биыл Семей қаласында «Менің аулам» бағдарламасы аясында 180 тұрғын үйді қамтитын 70 аула аумағын және 14 қоғамдық орынды абаттандыруға 2,5 млрд теңге бөлінді. Аула аумақтарына тақтатас төсеу, бағаналар мен күннен қуат алатын шамдар орнату арқылы жарықтандыру, апатты және қураған ағаштарды кесу, спорттық, футбол және балалар ойын алаңдарын салу, бордюрлерді ауыстыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Семей қаласында 576 аула болса, оның 90 пайызының тозығы жеткен. Биыл 70 аула күрделі жөндеуден өтсе, келесі жылы 100 аула абаттандырылатын болады. Әр жыл сайын аулаларды кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланған.
Жолдар жөнделуде
БАҚ өкілдерін Би Боранбай көшесінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарымен Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы А.Нұғманов таныстырды.
Жалпы, 2023 жылы облыс бойынша 362 шақырым жолды жөндеуге 16 млрд теңге қарастырылған. Оның 97 шақырымы – облыстық, 138,2 шақырымы — аудандық маңызы бар жолдар, 77 шақырым жол «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеуден өтсе, қалғаны — қалаішілік жолдар.
Семей қаласында 1179 көше болса, олардың жалпы ұзындығы 756 шақырым. Оның ішінде 476 көшеге асфальт төселген. 703 көше асфальтталмаған, оның 110 шақырымына қиыршық тас, 340 шақырымына топырақ төселген.
— Биыл қаланың 40 көшесін орташа жөндеуге 3,0 млрд теңге бөлініп, 60 шақырым жол қамтылды. Аулалардағы жолдарды асфальттауға 485,5 млн теңге бөлініп, 6,8 шақырымы жөнделді. Жарқын, Верхне-Березовский, Қыземшек ауылдарының кіреберіс жолдарын орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 595 миллион теңге қаржы бөлінді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, Көкентау кентіндегі 2,2 шақырымдық Майтқанова көшесі орташа жөндеуден өткізілді,- деді басқарма басшысы А.Нұғманов.
Биыл қалада жаңа көпірдің құрылысы басталғаны мәлім. Жаңа көпір қолданысқа берілген соң, ескі көпір жаяу жүргіншілер және велосипедшілер жүретін өткел болмақ. Облыс әкімі бұл жерде жаяу жүргіншілерге арналған тамақтану орындарын ашу жоспарланып отырғанын айтты.
Мұрат және Бобровка саяжайлары
жарықпен қамтылады
Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов тілшілерді «Мұрат», «Бобровка» саяжайлары аумағындағы абаттандыру жұмыстарының барысымен, Семей қаласының жаңа Бас жоспарымен таныстырды. Аталған екі саяжай алаптарында электрмен қамту ең өзекті мәселенің бірі екені оқырмандарымызға мәлім. Облыс әкімі тұрғындармен бірнеше мәрте жүздесіп, түйінді мәселені шешіп берген болатын.
— Бұрындары аумақта аялдамалар мен жол белгілері болған жоқ. Биыл біз бұл мәселені пысықтадық. Массивтерді электрмен жабдықтау бойынша екі сараптама жобасы әзірленді. «Мұрат» саяжай алабы бойынша конкурс жарияланды. Құрылысты биыл бастап, келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бобровка саяжайын электр жарығымен қамту бойынша конкурс жақын арада басталады. Электр шығындарын белгілеу ТҮКШ бөліміне немесе «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ-ға беріледі. Әрине, биыл бұл мәселе шешілмейді,- деді қала әкімі Н.Нұрсағатов.
Жоба жүзеге асса, 26 шағын станция орнатылып, 35 шақырым электр желілері тартылады, Бобровкада 5000, Мұрат саяжайында 2000 тұрғын электр жарығымен қамтылады. Саяжай аумақтарын сумен қамту жобасы да келесі жылы басталмақ.
2023 жылы «Арнайы құрылыс» ЖШС-мен Мұрат саяжайы аумағында балалар, ойын және спорт алаңын салуға келісімшарт жасалған. Келісім аясында балалар спорт кешенін, балалар ойын алаңының элементтерін орнату, балалар ойын алаңына резеңке жабын (тартан), жасанды жабыны бар футбол алаңын салу жоспарлануда.
Екі тұрғын үй алабында қазіргі күні екі балалар ойын алаңы, спорттық алаңдар мен футбол алаңы, 16 жаңа аялдама павильоны, 24 жол белгісі, сегіз көшеде 22 жарық бағаны орнатылған.
Қарағайлы дами түседі
Қаладағы Қарағайлы шағын ауданы — тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан ауданның бірі. Бүгінде мұндағы 227 тұрғын үйде 35,6 мың адам тұрады. Жуырда әлеуметтік нысандар да бой көтере бастайды.
«Samuruk-Kazyna Construction» АҚ 1200 орынға арналған мектептің іргетасын қалауда. Сондай-ақ «ӘлемЭнергосервис» ЖШС мердігер ұйымы нефрологиялық орталықтың (ауысымына 50 келушіге арналған емхана, 40 орындық гемодиализ кабинеті, 9 орындық нефрологиялық күндізгі стационар, 36 төсектік нефрологиялық аурухана бөлімшесі), емдеу-сауықтыру орталығы бар емхананың құрылысын да бастамақ.
Абай облысын дамытудың кешенді жоспары аясында Омбы — Майқапшағай тас жолынан «Северный» сауда-логистикалық орталығына дейін 1,5 шақырым жол салу жоспарлануда. Республикалық бюджеттің кезекті нақтылануында бұл жолдың құрылысын 900 000 мың теңге сомасында қаржыландыру қолдау тауып, мердігер «Мейір-М» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді алып тастау және жолдың іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан құрылысы 2024 жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы тиіс.
Жалпы, биыл Қарағайлыда 17 тұрғын үй қолданысқа берілсе, келер жылы 22 үйдің құрылысы басталады.
Жаңа қоғамдық кеңістіктер
Биыл қаланың сол жағалауындағы көпір астындағы аумақты абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Ғашықтар ескерткіші қойылып, көпір тіректеріне қабырға суреттері салынып, спорт алаңдары жасалды. Мұнда балалар, тренажерлері бар спорт және баскетбол алаңдары бар. Жасанды жабындысы бар футбол алаңын салу, шағын амфитеатр, учаскелік полиция пунктін орнату, көркейту, безендіру жұмыстары жалғасуда.
Облыс әкімі Н.Ұранхаев мұнда тәтті мақталар мен балмұздақтар сатуға жол берілмейтінін айтты. Бір ресторан-кафе және фастфуд сататын орын ғана болады.
— Көпір астындағы мұндай қоғамдық кеңістік ТМД елдерінде жоқ. Бұл қала тұрғындары демалатын, жастар бас қосатын жағалаудағы тамаша саябақ болады, — деді Н.Ұранхаев.
Жамақаев және Мәңгілік ел көшелері бойындағы аллеялар да абаттандырылуда.
Бүгінгі таңда Жамақаев көшесіндегі саябақ жарықтандырылып, спорт және балалар алаңдары мен амфитеатр орнатылып жатыр. Мәңгілік ел көшесі бойында тақтатас төсеу, кіші сәулет нысандарын орнату жұмыстары жалғасуда.
Бейбітшілік аралы
Шаһарымыздағы ең көрікті орындардың бірі Бейбітшілік аралында шағын этноқала орналасып, мұнда қазақ, татар, белорус, неміс, орыс, кәріс, өзбек, украин халықтарының ұлттық үйлері, автотұрақ, сахна, іс-шараларға арналған алаң, күркелер, балалар ойын алаңдары салынады.
Сонымен қатар ұзындығы 4 шақырымға созылатын балалар темір жолының құрылысы басталады.
— Қазіргі уақытта топографиялық түсіру жұмыстары аяқталып, құрылыс-монтаж жұмыстарының жиынтық құны белгілі болды. Ол 1,3 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар жалпы ауданы 4105 метрлік жаяу жүргіншілер жолын және бордюрлерді ретке келтіру жұмыстары аяқталды. Көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін карталар әзірленіп, электр желілерін тарту орындары дайындалды.
Сондай-ақ Ертіс жағалауынан Бейбітшілік аралына дейін жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады. Бұл жоба аясында теміржол салынып, түрлі ұлттардың киіз үйі тігілген этноқалашық, сондай-ақ балалар ойын алаңы салынады.
Бейбітшілік аралына дейін жаяу жүргіншілер көпірі салынады, ол жерде облыс қонақтары мен тұрғындарын этноқалашыққа, саябаққа және биологиялық орталыққа апаруға мүмкіндік беретін темір жол болады, — деді облыс әкімі Н.Ұранхаев.
Түйін
Баспасөз туры барысында жергілікті БАҚ өкілдері облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевпен және қала әкімі Нұрбол Нұрсағатовпен шағын автобуста бірге жүріп, көкейдегі сауалдарын тікелей қоюға мүмкіндік алды. Әкімдер облыс пен қаланы дамыту жоспарларын бөлісіп, журналистермен еркін пікір алмасты.
Жаңа облыс құру оңай емес. Қарбаласқа толы 16 ай ішінде біршама істер атқарылды. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев айтқандай, «бәрі бірден болмайды». Биліктің халықпен диалог орнатып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асуы, сеніміне ие болуы өзекті мәселелерді шешудің оңтайлы жолы болмақ.