Semeytany.kz – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ел көлемінде «Абайға құрмет» атты республикалық акция басталды. Бұл туралы Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысы көтерген бастамалар негізінде облыс орталығында тың жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар, облыс әкімінің «Туған жерге туыңды тік» атты бастамасы аясында аудан көлемінде бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Абай тойына орай он күндік мерекелік бағдарлама жоспарланған. Қадірлі қонақтар мен туристерге ұлы ақынға лайық рухани әсер қалдыру – басты мақсат.
Ауданның жолдары мен инфрақұрылымын жаңғырту бағытында облыстық бюджеттен елеулі қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған. Бұған қоса, туристер мен қонақтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру үшін Қарауыл ауылына кіретін үш негізгі бағыт пен ауыл ішіндегі аялдамаларға QR-кодпен жабдықталған заманауи стендтер орнатылмақ. Бұл арқылы келушілер мерейтой аясындағы барлық шаралар туралы толық мәлімет ала алады.