"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

ҚЫЗЫМДЫ ҰЗАТҚАН КҮН: ДӘСТҮР МЕН АРМАН ТОҒЫСҚАНДА

18.12.2025
ҚЫЗЫМДЫ ҰЗАТҚАН КҮН: ДӘСТҮР МЕН АРМАН ТОҒЫСҚАНДА
20
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Қазақтың тойы – қазан-ошақтың ғана емес, жүректің де қызатын, елдік пен тектіліктің сыналатын сәті. Соңғы уақытта көпшіліктің той туралы әр алуан пікірде екендігін байқап жүрміз: бірі «шашылуды, ысырапты тоқтатайық, той жасаудың қажеті жоқ» деп шырылдаса, енді бірі «қызды қызыл көйлекпен ұзатпасақ, салт бұзылады» деп дабыл қағуда. Құдалықтың өзі бұрынғы байыпты қалпынан алыстап, әр қадамына «жаңалық» қосуды сән көретін кезеңге жеттік.

Әуелде қарапайым танысудан басталған қуаныштың соңы «сырға салу», «құда түсу», «қыз ұзату», «келін түсіру»  деп тізіліп, әрқайсысы өз алдына бір-бір салтанатқа айналады. Той, әрине, қуаныш. Бірақ сол қуаныштың жолында біз кейде ата-бабаның асыл өлшемінен аттап кетіп жатқан жоқпыз ба деген ой мазалайды. Құдалыққа апаратын сыйлықтың өзі  бәсекеге ұқсап барады: «ана сүті», «өлі-тірі» дегендерге көз үйреніп еді, соңғы жылдары «әке күші», «нан-9», «дос-9», «ақ -9»  секілді бұрын-соңды естілмеген жоралғылар қаптап кетті. Белгілі этнограф Серікбол Қондыбай мен Болат Бопайұлы еңбектерінде «тоғыз» ұғымының өзі тек сый-сияпаттың саны емес, әлеуметтік мәртебе мен құрметтің өлшемі болғаны айтылады. Құдалықта «құйрық-бауыр асату», «киіт беру», келіннің «отқа май құюы» секілді дәстүрлер сақталған.  Ал  «нан-9», «ақ-9» немесе «дос-9» деген атаумен рәсім жасау дәстүрі қазақтың салтында  болмаған.

Құдалық кезінде әкелінетін «өлі-тірі» — әулеттің өткеніне құрмет, тірісіне ізет білдіретін салт. «Өлі-тірі» әдетте көңілі жақын, сыйлы адамға «құран оқыт» деп табысталып жатады. Ұзатылатын қызға өлі-тіріге арнап сойған малдың етінен  ауыз тигізу жаман ырымға баланады. Қазақ энциклопедиясында: «Өлі-тірі» – құдалық кәдесінің бірі, құдалардың қыз жағына алдын ала әкелген малы. Әруақтардың ризашылығына арналғандықтан, өлі-тіріге келген мал еті сойылып, қыздың туыстарына таратылады. Әлі ұзатылмаған қызға ол еттен жеуге тыйым салынады»,- деп жазылыпты.

ҚЫЗЫМДЫ ҰЗАТҚАН КҮН: ДӘСТҮР МЕН АРМАН ТОҒЫСҚАНДА

ҚЫЗЫМДЫ ҰЗАТҚАН КҮН: ДӘСТҮР МЕН АРМАН ТОҒЫСҚАНДА ҚЫЗЫМДЫ ҰЗАТҚАН КҮН: ДӘСТҮР МЕН АРМАН ТОҒЫСҚАНДА

Сол сияқты соңғы жылдары пайда болған «әке күші» ұғымы да этнографиялық еңбектерде кездеспейді. Қазақ дәстүрінде қыздың әкесінің орны мен беделі «қалың мал», «құда күту», «жол-жоралғы» арқылы айқындалған. Әкенің абыройы мен жауапкершілігі жеке бір «күш» ретінде саудаланбаған. Бұл да кейінгі жылдары той мәдениетіне енгізілген, коммерциялық сипаттағы жаңа ұғымдардың бірі екені анық.

Біздің ойымызша, мұндай жасанды жоралғылар дәстүрдің эволюциясы емес, бұрмалануы. Ұлттық салт-дәстүр уақытпен бірге түрленуі мүмкін, алайда оның түпкі мәні мен тарихи негізі сақталуы тиіс. Әйтпесе өңірлік ерекшелік пен халықтық танымнан ажыраған той рәсімдері ұлттық мәдениетті байытпай, керісінше, көмескілендіре түсуі мүмкін. Бұл салт па әлде салмақты дәстүрдің үстіне жапсырылған жасанды жоралғы ма – ойландырмай қоймайды.

Осындай сан тарау пікір мен сан құбылған үрдістің ортасында қыз ұзату тойы да өзгеше кейіпке еніп келеді. Қыз ұзату – бір үйдің ғана емес, бүтін бір әулеттің қуанышы, бойжеткеннің бақытқа бет алған  жолы, ананың қимастығы мен үлкендердің ақ батасы төгілген қасиетті сәт. Сондықтан бұл қуаныш  жай ғана сән-салтанат емес, өткен мен бүгінді жалғап, ұлттық болмысымызды таразыға салатын тағдырлы дәстүр.

Қыз өсіріп, бой жеткенін көрген әр ананың жүрегіндегі  асыл арман – перзентінің  жар таңдаудан қателеспеуі, текті де тәрбиелі әулетке келін болуы. Өтіп бара жатқан 2025 жыл менің өмірімде айрықша із қалдырған, жүрекке жылу, көңілге толқу сыйлаған ерекше жыл болды. Жалғыз қызым Нұрайды өз босағасынан ұзатып, құтты жеріне қондырдым…

Қазір құдалармен алғаш танысуды жұртшылық “тәтті шай” деп атап жүр. Қазақтың байырғы дәстүрінде болашақ құдалармен танысу әртүрлі жолмен өткенімен, дәл осылай атала қоймағаны рас. Дегенмен екі әулетті жақындастыратын, үлкен қуаныштың бастауы болатын осы бір әдемі атау ұлттық дәстүрімізде болмаса да, көңіліме ерекше  ұнайды. Аты тәтті болса, ниеті де, дастарқаны да, алдағы күндері де тәтті болсын деген ниеттен туғаны анық. Сондықтан бұл кездесуді “тәтті шай” деп атау жарасымды, жүрекке жақын деп ойлаймын.

Өткен жаңа жылдың қарсаңында құдам мен ең жақын туыстары қаладағы әдемі мейрамханалардың бірінде ақ дастарқан жайып, таныстықтың алғашқы қадамын жасады. Бүгінде «тәтті шай» деп аталып жүрген сол қарапайым да мағыналы басқосу екі жақтың бір-біріне деген ниетін, ықыласын аңғартқан жылы жүздесу болды. Сол дастарқан басында айтылған ақ тілектер мен шынайы әңгімелер құдалықта жалғасты.

Құдалық — екі жастың ғана емес, екі әулеттің туыстығын бекітетін дәстүр. Оның бастауы — сырға салу, яғни қызды ресми түрде айттырудың белгісі. Бұл салт құдалық кезінде жасалып, қыздың айттырған  қалыңдық екендігін айқындаған. Алайда бүгінде бұл салт өз мәнінен алшақтап, той күні ғана келіп сырға тағу әдетке айналып барады. Соның салдарынан ол құда түсудің, қыз айттырудың нышаны емес, қалыңдыққа сыйлық ұсыну ретінде қабылданып жүр. Бұл — ұлттық дәстүрдің мазмұны өзгеріске ұшырағандығының көрінісі.

Қызыма ұзату тойынан жарты жыл бұрын құда түсіп, сырға салу дәстүрі жасалып,  үкі тағылды. Баламның барған жері өсіп-өнген әулет екен. Құдам  да, құдағыйларым да — ниеті түзу, пейілі кең, сөзі мен ісі жарасқан жандар. Әулеттің үлкен анасы — күйеу баламның әжесінің болмысы тіпті ерекше әсер қалдырды. Балалары мен келіндерін, немере-шөберелерін ақылмен, сабырмен,  қабақпен-ақ тәрбиелеп, үлкенді де, кішіні де дауыс көтермей, қатты сөйлемей  орнына қоя білетін парасатына сүйсінбей тұра алмадым. Осы көріністерге қарап отырып  қызымды дұрыс жерге ұзаттым деп қуандым.

Қыз ұзату тойын қалай өткізсем екен деген ой мені де көп толғандырды. Ізденіп, ютуб арналарын ақтарып, талай ұзату тойларын тамашаладым. Сонда бір байқағаным — Қазақстанның батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігінің тойларының бір-бірінен өзгешелігі, әр өңірдің өзіне тән бояуы, өз салты бар екен.  Оңтүстікте ұзатылып бара жатқан қыздың иығына анасы қызыл орамал жауып, ақ жол тілесе, батыс өңірде қызды қызыл киіммен ұзату дәстүрі кең таралған. Ал Абай өңірінде халқымыздың  ежелгі салт-дәстүрі  сақталғанымен, соңғы жылдары басқа өңірлерден келген  кейбір  өзгерістердің бізді де айналып өтпегені   байқалады.

Осы  ойлардың бәрін таразылай келе, мен қызымды қызыл емес, күміс түсті, інжумен көмкерілген ұлттық киіммен ұзатуды жөн көрдім. Қазір той киімдерін жалға алу да қалыпты үрдіске айналған. Рас, бір күн ғана киілетін киімге қомақты қаржы жұмсағаннан гөрі, жалға алу тиімдірек те шығар. Дегенмен ырымға сенетін, әр нәрсеге мән беретін халықтың ұрпағымыз ғой. Той киімін жалға алып жатқандарды  көргенде осыған дейін кім киді екен, (әсіресе бас киімді…) өмірі бақытты әлде тағдыры ауыр болды ма деген ой бұрыннан  көңілімде жүретін… Сондықтан қызымның жаңа өмірге өзіне арнап ақ ниетпен дайындалған киіммен аттанғанын қаладым. Өйткені ана жүрегі үшін ең бастысы – баласының бақытына күмәнмен емес, сеніммен қарау ғой.

Қыз ұзату – ұрпақ сабақтастығын жалғаған қасиетті сәт. Бүгінде кей ортада қызды әкесі алып шығып, «қол ұстату» дәстүрін өзі жасағанын да көріп жүрміз. Бұл қазақы танымға жат. О заман да, бұ заман, әкесі қызы мен күйеу жігітті табыстырушы ма еді?  Менің қызымды екі жеңгесі  алып шықты. Екеуі де әрқайсысы үш баланың анасы, әулетімізге құт дарытқан келіндер. Солардың қолынан ұзатылған қызымның да жолы ашық болсын, шаңырағы шаттыққа толсын, ұрпағы көп, ғұмыры баянды болсын деп  тіледім.

Қазақ үшін той — даңғаза емес, тәрбие. Ол – аста-төк дастарқанмен емес, салт-санамен, сөздің салмағымен, айтылған ақ тілектің қасиетімен өлшенетін дүние. Бүгінде тойдың мол дастарқаны  ешкімді таңғалдырмайды. Ал, керісінше, бірінен соң бірі, жиырма-отыз адам тізіліп тұрып, жарыса тілек айту қонақтарды шаршатып  жіберетінін байқап жүрміз.

Тіпті соңғы кездері тілек айтып тұрған ер-азаматтың қолынан дыбыс күшейткішті жұлып алып, әйелі де жарыса сөйлеуге ұмтылатын көріністер қалыпты жағдайға айналғандай. Ал мен  мұны дәстүрге де, тәртіпке де жат құбылыс деп есептеймін. Қазақ танымында ер-азамат — әулеттің сөз ұстар тірегі, ал әйел – сол үйдің ырысы мен берекесінің ұйытқысы. Ерінен кейін жарыса сөйлеп, көпшілік алдында бәсекеге түсу – біздің ұлттық болмысымызға тән мінез емес. Тойдың сәні сөздің көптігінде емес, салмағында екенін ұмытпаған дұрыс-ау…

Осыны ой елегінен өткізе келе, келген қонақтардың шаршамай, демалып, рухани ләззат алып қайтуын мақсат еттік. Сондықтан той барысында бар болғаны үш тостқа ғана уақыт бөлуді жөн көрдім. Бұл шешімімді туыстарым да толық қолдады. Әулетімізде үлкендердің жоқтығын (ата-анамыздың өмірден өткенін) ескере отырып, олар бұл тойдың өздері үшін де аса қастерлі екенін, ақ тілектің той науқаны басталған сәттен-ақ үздіксіз ағылып  жатқанын айтып, алғашқы сөзді тойға шақырылған ақ сақалды ел ағаларына беруді ұсынды. Ал туыстардың ақ батасын, үлкен сөздің орнын құдалардың тойына қалдыруды жөн санады. Мен бұл ұсынысты қабыл алдым.

Сөйтіп, тойға шақырылған қонақтардың арасындағы жасы үлкен, жолы үлкен, сөзі орнықты ағаларымызға ғана сөз берілді.  Әр айтылған тілек ұзақ емес, жүрекке жетерлік, ойға қонарлық болды.

Мемлекеттің тірегі рухани, адамгершілік негізінде қаланған, ынтымағы жарасқан, инабатты отбасы екендігін әрдайым айтып жүретін облыс әкімі Берік Уәлидің  қуанышыма ортақтасуын  парасаттылығы мен азаматтық биігі деп бағаладық.

 

Құрметті  Риза Асанқызы!

 

Сізді  қызыңыз  Нұрайдың  ұзату тойымен  шын жүректен  құттықтаймын!

Бұл — әрбір ата-ана үшін  ерекше қуаныш, жүрек тебірентер сәт.  Бала өсіру,  оларды үлкен өмір жолына  салу мен  ұшыру — жауапкершілік  пен  зор мәртебе.

Қызыңызды  қияға қондырып жатқаныңыз — Сіздің  отбасылық құндылықтарға  негізделген  тәрбиеңіз  бен аналық  мейіріміңіздің жемісі.

Жас жұбайлардың  отбасылық өмірі сыйластық пен  шаттыққа толы  болуына  тілектестік білдіремін.

Қызыңыздың  қадамы құтты,  жолы ашық болсын!

Құрметпен,

Абай облысының  әкімі   Берік Уәли

 

Ақ тілекпен бірге абайлық ақын Төлеген Жанғалиев ағамыз арнайы жазып  әкелген өлеңін оқыды. Өлең – жай ғана сөз емес, ұлттың жадын оятатын, көңілді тербейтін рухани күш. Сол сәтте той думаннан гөрі, тағылымға, көңіл көтеруден гөрі, ойға жақындай түскендей болды.

 

Сұраған соң  бере салған Құдайым,

Ұлың да сол,  қызың да сол Нұрайың.

Ол бар кезде  оттан,  шоқтан қорықпай,

Оттай жанып жүруші еді шырайың.

 

Ол бар кезде  жалғыздықты  жат қылмай,

Тау қопарып кетуші едің тасқындай.

Айналаңды толтырушы ең  арайға,

Ай аузынан  түсіп қалған  жас қыздай.

 

Енді бүгін жалғыз қалып отырсың,

Енді сенен алыстайды  ақылшың.

Оттай ыстық  құшағыңды суытып,

Жат жұрттыққа  қыз бергелі жатырсың.

 

Бұл жалғанда  қиын екен қыз берген,

Қысқа жібің тұйықталып, күрмелген.

Қимастықтың  қинайды екен  тұзағы,

«Қыз өріс» деп  қызықтырып  жүргенмен.

 

Өмір заңы — өскеннен  соң үйлену,

Әрбір пенде  өз бетінше  күн көру.

Махаббаттың  майсасына  малынып,

Машақаттың  әліппесін үйрену.

 

Сондықтан да  солықтама, Ризашым,

Жанардағы  жастың шығы құрғасын.

Бүкіл халық  сені қалай сыйласа,

Нұрайыңды  барған жері сыйласын.

 

Қол ұстасып  өтсін мәңгі  қос ғашық,

Алыс-алыс  армандарға  қақпа ашып.

Сен де енді  әлдиі көп әже бол,

Айналаңа  ұл мен қызды қаптатып,-

деген жырымен көңілімді босатты.

 

Ал Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, бес жыл бірге оқыған курстасым әрі досым Ермұрат Бапи  тойға  жиналғандарға қазақтың ауыз әдебиетінің үлгісі «Аужар» айту дәстүрі жайлы әңгімелеп, бала  күнінде көрген Зайсан өңіріндегі қыз ұзату тойларын еске алды:

Апам тойға кеткенде,

Не деп кетті, жар-жар,

Тары түйіп, талқаннан

Же деп кетті, жар-жар,

Жемей кеткір қу талқан,

Қайдан жедім, жар-жар,

Апам тойдан келген соң,

Таяқ жедім, жар-жар.

Сылдыр-сылдыр қамысқа

Сырғаң түсті, жар-жар!

Сырғаң түскен жерінен

Тарғақ ұшты, жар-жар !

Апам үшін қабырғам

Қайысады, жар-жар…

 

Бұл бүгінгі сахналық ән емес, көшпелі қазақтың көз жасымен, қимастығымен, ананың ақ батасымен астасқан ескі сарын еді. Әнмен бірге өткен күннің елесі оралып, тойға жиналған қауым бір сәтке болса да ұлттық тамырымен қайта табысқандай күй кешті.

Сол бір сәттер маған тағы да бір ақиқатты ұқтырды: тойды көрікті ететін – микрофон емес, тәртіп; сәндейтін – жарыса айтылған сөз емес, жолы бар дәстүр; есте қалдыратыны – ас емес, рух.  Егер осыны ұмытпасақ, тойымыз да, тәрбиеміз де, ұрпаққа қалдырар өнегеміз де өз орнын табары анық.

Қазіргі таңда Батыстан енген қалыңдықтың гүл шоғын лақтыру дәстүрінің орнын қазақтың төл салты – шарғы салу дәстүрінің басып келе жатқаны көңіл қуантады. Шарғы салу  дәстүрі ұзатылып бара жатқан қыздың  өзіне таяу сіңлісіне, тұрмысқа шықпаған құрбыларына үкі тағу арқылы  «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап» дегенді білдіреді. Осы дәстүрді біз де ұмытпадық.

Тойға дайындық кезінде тойбастарға не қоямыз деген сауал міндетті түрде болады. Қызымды ұзату тойы ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз қызымның бұл қуанышын  «Көзімнің қарасы» деп атадым. Осы әнді  тойдың негізгі арқауы етіп, тойбастарға арналған бас орамалдарға арнайы тапсырыспен сурет салғызып,  қуанышымды бөлісуге келген әр адамға ұсындық. Бұл  қазақ халқының «қуаныш бөліссе, көбейеді» деген терең мағыналы ырымымен байланысты жасалған жоралғы, ақ ниетпен келген әр қонаққа арналған  алғыс пен ақ тілегіміз еді.

Қызымды ұзатар сәт таяғанда, оның аттанар жолына жай ғана базардан алынған оюлы ақ мата немесе  той ұйымдастырушылардың  дайын жол матасын емес, өсіп-өнген, өнегесі мен бірлігі жарасқан әулеттің алтын тойында жайылған ақ жолды іздедім. Өзімнің кенже бауырымның ата-енесі — ардақты Ахметқали мен Гүлмәрия құда-құдағиымның  алтын тойында жайылған  ақ төсенішті сұратып алып, қызымның жолына төсеп, ырымдадым. Сол ақ жол  қызым мен күйеу балама  жұғысты болсын, мәуелі бәйтеректей өсіп-өнсін, оларды да алтын тойға жеткізсін деп тіледім. Ақ жолдың әр талшықтарымен бірге аналық жүрегімнің ақ батасын қостым. Сәукеле кигізіп тұрып, қызымның маңдайынан сипап, жүрегімдегі ең асыл тілегімді сыбырладым: «Жолың ақ болсын, құлыным. Бірлігі бекем, берекесі мол,  алтын тойға жететін  шаңырақ болыңдар! Сенің бақытың – менің бақытым! Өмірлеріңде қуаныш көбейіп, көңілді құлазытар сәттер аз болсын. Сенің әр күліп, әр қуанғаның менің жаныма жарық сыйлайтынын ұмытпа! Аузыңа адал сөз, жүрегіңе таза ой тілеймін! Өмір жолыңда әрдайым жақсы адамдар көп  болсын!»- деп ананың  ақ тілегін арнап тұрып, «артыңа  қарама!»- дедім… Бұл сөздің астарында анаңның «бізге алаңдама, бағыңды  аттағалы тұрған ақ босағаңнан тап, жаңа өмірді  сеніммен атта, бағың байланған жер – алдыңда» деген ізгі тілек пен «бақытты бол !» деген  батасы жатқанын ұғарсың, ботам!

Қызымның осы күнге жеткеніне қуанып, жүрегім тулап жатты. Кешегі  кішкентай балапанымның бойжетіп, бүгін өзге шаңырақтың келіні болуға аттанып бара жатқанын ойлап, ана жүрегімнің бір бөлігі қимастыққа, бір бөлігі үмітке толып  толқып тұрдым. Балапанымның әр қадамының  бақытқа апаруын Жаратушыдан сұраумен болдым. Жас шаңырақта  бақыт пен береке үстем болсын, екі баламның жүректері  әрқашан тыныштық пен махаббатқа толсын деп тіледім. Барған жұртыңнан қолыңнан келген жақсылықты аяма, жүрегіңді жүрекке байла, адалдық  жол сілтесін деп тіледім.

Қызымның жасауын дайындай жүріп, ата-баба аманатын, келінге жүктелер міндет пен ибалылықты санасына сіңіре жүруді аналық парызым деп білдім. Жалғыз баланың еркелігі мен үй шаруасына әлі толық төселмегені көңілде алаң қалдырмай қоймайды. Алайда қазақтың салт-дәстүрі — баланы бір күнде емес, өмір бойы тәрбиелейтін ұлы мектеп.

Той аяқталып, қонақтар тараған соң, үй іші оңаша қалады. Сол  тойдың соңғы нүктесі, ең жүрекке жақын сәті – келін қолынан шай ішу дәстүрі. Сол кезде жақын-жуық жиналып, келіннің өз қолымен жайған дастарқанына отырады. Бұл жас келінді сынау емес, оны әулеттің қалыптасқан дәстүрімен таныстырып, ақ босағасының жылуына бөлеу сәті деп білемін. Кесені сылдырлатпай, баппен шай құйған әр қимылынан келіннің тәрбиесі, ұқыптылығы, ибалылығы аңғарылады. Дастарқан басындағы тыныштықтың өзі тәрбие екенін де ескерте кетуді де қажет деп санадым.

Ал ата-ене үшін келін қолынан шай ішу – өмірдің бір асуының артта қалғанының белгісі. «Бала өсірдік, ұрпақ жалғадық, шаңырағымызға келін түсті» деген ризашылық осы бір қарапайым ғана шайдың дәмімен бірге сезіледі. Бұл — мәртебе, бұл — қуаныш, бұл – үнсіз айтылған алғыс.

Келін болған қызымды көріп, көңілім бұзылды,

Танымайтын жат елдің шайын құйып, сызылды.

Көлегейлеп көзімді, көзімнен жасым үзілді,

Еркелігі үйдегі елес боп көзге ілінді»,-

деп шырқалатын ән қызын ұзатқан әр  ананың көңіліндегі толқуын жеткізетін жолдар екенін өзім  бастан өткеріп отырып түсіндім. Шай ішілген соң, жас келін осы үйдің бөтен адамы емес, өз баласындай қабылданады. Ол енді тек келін емес – шаңырақтың берекесіне, отбасының тынысына жауапты жан.

Келін қолынан ішілген шай – сол мектептің алғашқы сабағы. Ол – ананың батасы, әулеттің аманаты, шаңырақтың берекесіне апатын  жолдың бастауы.

Қыз ұзату   ана жүрегінің нәзік толқынысы, туған-туыстың шын ниетпен өрілген ақ батасы. Бұл — бір шаңырақтан ұшқан үміттің жаңа босағаға қонған сәті, жаңа өмірге бағыт алған жастарға арналған  ақ  тілек. Жақын жандармен қуанышты бөлісу үшін жайылатын дастарқан  бүгін, кейбір адамдар айтып жүргендей,  ысырап, артық шығын шығару  емес, жүректерде мәңгілік із қалдыратын сәттегі  шынайы тілектер мен баталарды қабылдайтын  шаттыққа толы ғажайып сәт.

Ендеше, 2026 жылы әр отбасының өмірі осындай шуақты сәттерге толы болсын. Әр шаңырақтан күлкі кетпей, әр жүректе махаббаттың әуені үзілмесін. Отбасылық бақыт өмірдің ең асыл байлығы болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

 Құрметпен, Риза АСАНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

1915 жылы салынған Семей вокзалы қайта жаңарып, аумағы кеңейеді

18.12.2025
1915 жылы салынған Семей вокзалы қайта жаңарып, аумағы кеңейеді

Semeytany.kz – Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы теміржол вокзалы ғимаратын қайта құру жұмыстарының барысын қарап, мердігер ұйым өкілдерінен...

Толығырақ...Details

Семейде заманауи картон қаптамалар цехы ашылды

18.12.2025
Семейде заманауи картон қаптамалар цехы ашылды

Semeytany.kz - бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдегі ірі экспорттаушы кәсіпорындардың бірі – «Казполиграф» ЖШС базасында ашылған «Gable Top»...

Толығырақ...Details

Берік Уәли аутизмі бар балаларды оңалтатын орталықтың жұмысымен танысты

18.12.2025
Берік Уәли аутизмі бар балаларды оңалтатын орталықтың жұмысымен танысты

Semeytany.kz - Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласын аралау барысында аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған оңалту орталығына барып, мекеменің...

Толығырақ...Details

Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қаржылық тәртіп мәселесі бойынша кеңес өткізді

18.12.2025
Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қаржылық тәртіп мәселесі бойынша кеңес өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша қойған міндеттері шеңберінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесі бойынша кеңес...

Толығырақ...Details

Абай облысындағы автожолдарда 127 жылыту пункті орналасқан

18.12.2025
Абай облысындағы автожолдарда 127 жылыту пункті орналасқан

Қысқы кезеңде ауа райының және жол жағдайының күрделенуіне байланысты Абай облысының полиция бөлімшелері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының...

Толығырақ...Details

СЕНАТ «ЛГБТ» НАСИХАТЫНА ТЫЙЫМ САЛУ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ МАҚҰЛДАДЫ

18.12.2025
СЕНАТ «ЛГБТ» НАСИХАТЫНА ТЫЙЫМ САЛУ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ МАҚҰЛДАДЫ

Отбасы құндылықтарын бірінші орынға қоятын қазақ халқы үшін ЛГБТ– жат ұғым. Алайда әлеуметтік желілердегі ақпараттың ашықтығы осы бір ұғымды кеңінен...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

1915 жылы салынған Семей вокзалы қайта жаңарып, аумағы кеңейеді

33 минуты бұрын

Семейде заманауи картон қаптамалар цехы ашылды

39 минут бұрын

Берік Уәли аутизмі бар балаларды оңалтатын орталықтың жұмысымен танысты

43 минуты бұрын

Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қаржылық тәртіп мәселесі бойынша кеңес өткізді

49 минут бұрын

Абай облысындағы автожолдарда 127 жылыту пункті орналасқан

1 час бұрын

СЕНАТ «ЛГБТ» НАСИХАТЫНА ТЫЙЫМ САЛУ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ МАҚҰЛДАДЫ

2 часа бұрын

Сенат ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады

2 часа бұрын

ЛГБТ насихатына тыйым: Сенат заңды бірінші оқылымда мақұлдады

2 часа бұрын

ҚЫЗЫМДЫ ҰЗАТҚАН КҮН: ДӘСТҮР МЕН АРМАН ТОҒЫСҚАНДА

3 часа бұрын

«Таза Қазақстан»: Абай облысында 349 мың адам қатысқан тазалық жұмыстарының есебі тыңдалды

18 часов бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС