"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

МЕНІҢ АУЫЛДАСТАРЫМ

Әлеуметтік  очерк

16.01.2026
МЕНІҢ АУЫЛДАСТАРЫМ
22
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

АЛҒЫ СӨЗ

Менің туған ауылым Семей сынақ полигонына жақын еді деуден гөрі, жерінің астында жарылыс болса, біз оның үстінде өмір сүрдік деген дәлірек болар… Жарылыс тек тасты емес, талай тағдырды да қақ айырды.

Бөдене — шағын ғана ауыл. Бірақ әр үйінде бір-бір өмір, әр ауласында бір-бір үнсіз тарих жататын. Бұл ауылдың адамдары бір-біріне  туыстай болып кеткен, барлық басқа ауылдар сияқты  олар да бір-бірінің тағдырына куә еді. Кімнің қалай өмір сүргенін бәрі білді, бірақ бәрін айту парыз емес екенін, үнсіздік те кейде ең үлкен құрмет екенін жүрекпен түсінетін.

Ауыл туралы әңгіме, әдетте,  тарих, еңбек, соғыс, ерлік жайлы басталады…

Ал менің ауылым сол сөздердің арасында үнсіз жүрген адамдарымен есте қалды.

Олар биік мінберге шықпады.

Өздерін өздері үлгі етіп көрсетпеді.

Қарапайым ғана өмір сүрді…

Бірақ сол қарапайым тіршіліктің ішінде бір ауылды ұстап тұрған салмақ бар еді. Үй өртенсе – көмекке жүгіріп жеткен, жетім  жыласа — жұбатқан, жоқшылық қысып тұрса — үндемей көтерген адамдар болатын.

Олардың атын ешкім тақтаға жазбады. Бірақ олардың ісі бізді бүгінге жеткізді. Бұл очерктерде үлкен оқиғалар жоқ. Мұнда бір күн, бір түн, бір үй, бір әйел, бір шешім ғана бар.

Себебі ауылға тағдыры байланған адамдардың өмірі ұлы сәттермен емес, үнсіз қабылданған шешімдермен өлшенеді.

«Менің ауылдастарым  —  батырлар галереясы емес, адамдықтың тыныш тарихы. Мен бұл адамдарды көріп өстім. Кейбірін білмей-ақ үлгі тұттым. Қайсыбірін анамның әңгімесінен таныдым. Олар бізге ақыл айтқан жоқ, бірақ өмірді  өмірлерімен үйретті.

Ешқандай асқақ сөзсіз.

Еш боямасыз.

Тек есте қалдыру үшін.

Очеркте айтылған кейбір жайттар — тағдырдың ішкі қатпарлары. Оны ашып жазу арқылы ешкімді айыптау емес, бір дәуірдің адамдық салмағын көрсету мақсат етілді. Бұл очерктер сериясы — сол үнсіз өткен ғұмырларға қойылған қарапайым ескерткіш деп қабылдарсыздар.

 

ӘКЕМ МЕН АНАМ

  Біздің ауылда әкем мен анамды ешкім бөлек-бөлек танымайтын. Олар бір үйдің ғана емес, бір тағдырдың иелері еді. Әкем үндемей тұрып-ақ бар салмағын сездіретін адам болатын. Анам сол салмақты көтеріп жүріп, өзі байқалмайтын. Бірі сыртта, бірі іштe тіршіліктің тепе-теңдігін ұстап тұрды.

Таңертеңгі ауылдың тыныштығын ең алғаш анам бұзатын. Пештің есігі сықырлап ашылып, отқа салынған шоқтың сыбдыры естілген сәттен бастап үй оянып кететін. Сол дыбыс біздің шаңырақтың жүрек соғысы сияқты еді. Әкем ол кезде әлі үнсіз. Бірақ оның сырт киімін баяу киіп, табалдырықтан ауыр аттаған сәті бүкіл аулаға тәртіп орнататын.

Анамның қолы бір сәт тыным таппайтын. Баланың басынан сипап тұрып, қазанға көз салып, сырттағы тірлікке де үлгеретін. Ол ешқашан «шаршадым» демейтін. Ал әкем шаршағанын білдірмейтін. Екеуінің үнсіз келісімі бар сияқты: біреуі шыдаса, екіншісі сүйенеді. Кешкісін ауыл баяу тыншитын. Көрші үйлерде жарық біртіндеп сөнгенде, біздің үйде анамның соңғы ісі — ұршықтың айналуы болатын. Ол ұршықты иіріп отырып, сөз айтпайтын, бірақ сол айналған жіпке күннің бар ауыртпалығын қосып жіберетіндей көрінетін. Әкем болса сол жіптің үзілмей шығуын үнсіз күзетіп отырған адам сияқты еді. Мен кейін  түсіндім: біздің ауылдағы талай тағдыр осылай басталған екен. Бірі — сөйлеп, бірі — тыңдап; бірі — көтеріп, бірі — тосып. Менің ауылдастарым — сол үйден, сол ұршықтың тоқтаусыз айналысынан тараған адамдар.

Әкем мен анам ауылдағы мыңдаған қарапайым адамдардың бірі еді. Бірақ сол қарапайымдылықтың ішінде үлкен бір ұстаным, үнсіз күрес, болашаққа деген табанды сенім жатты. Таңды от жағып, күл шығарып қарсы алып, малды жайлаған соң әкем жұмысқа кетеді. Анам ұзақ күнді үйдің  мазасыз тірлігімен өткізетін. Малдың жайы, қора-қопсы, қазан-ошақ — бәрі олардың мойнында болды. Бірақ сол тіршіліктің ортасында жүріп, балаларының маңдайына білімнің жарығы түссе деп армандады.

Кешкісін мал жайлап келген соң, үй ішіміз бір сәтке тыншитын. Тамақтан кейін бәріміз кітапты қолға алатынбыз. Алдымен «Батырлар жыры» оқылады. Кейін — «Шешендік сөздер». Сол кітаптардан біз ауылдың ғана емес, ұлттың мінезін таныдық. Қаз дауысты Қазыбек би әкемнің санасында сөздің киесі мен елдің намысын бір бойына жинаған феномен болушы еді. Сөздің салмағын, әділдіктің бағасын сол кісінің атынан таныды. Кенже ұлына Қазыбек бидің ұлы — Бекболаттың есімін қоюы да тегін емес-ті. Бұл — ұрпаққа бағытталған үнсіз аманат болатын.

Анам мен әкемнің өзара сөйлесіп отырып:

— Балаларымыз  қалада, от жақпайтын, күл шығармайтын биік үйде тұрса екен,- дегенін талай естідік…

Бұл сөздің астарында ауылдан безіну емес, баласының тағдырын ауыр еңбектен арашалау жатты. Сондықтан болар, бізді бастауыш  кластан кейін түгел қалада оқытты. Ал өздері ауылда малды көп ұстап, құсты көп өсірді. Анам болса үйде отырып сүт өткізді, жұмыртқа сатты, қарын-қарын май жинап, қаладағы  туыстарын да қамтамасыз етті. Ауыл әйеліне тән үнсіз еңбек, көрінбейтін жанкештілік — бәрі соның бойында еді.

Әкем мінезді адам болатын. Ұнамаса, шындықты бетке айтатын. Ал анам салмақты, байыпты, сөзден бұрын істің бабын білетін жан еді. Кейде әкем біреуге ренжіп отырғанда, анамның: «Қайтесің ашуланып, сен оны өзгерте алмайсың. Әр адамның  туғанда өзіне арнап жасалған қалыпы болады. Ешкім де сол жаратылған қалпынан асып алысқа бара  алмайды»,-  дегенін талай естідім. Қазір ойласам, бұл — ауыл даналығының бір түйіні екен. Текті өзгерту қиын, адамды қайта жасау мүмкін емес деген философия.

Алты баласына да білім берді. Қазір бәріміз әке-шешем армандағандай қалада тұрып жатырмыз. Бірақ сол арманның қандай бағамен келгенін біз кейде кеш түсінеміз…

Мен ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, «Семей таңы» газетіне жұмысқа орналасқан кезімде, ауылдан әкем іздеп келді. Кеше ғана студент болған қыздың редакциядағы алғашқы орны кішкентай кабинеттегі есік жақтағы бір үстел еді. Оқу бітіріп келген қызын кабинеттің төрінен көргісі келген болар.

— Осы ма бес жыл оқығанда тиген орын?- деп көңілі толмай қайтқаны әлі есімде.

Анам да, әкем де қазір бұл дүниеде жоқ. Менің олар армандаған кабинет төріне шыққанымды көре алмады.

Әкем бір атадан жалғыз еді. Өмір бойы соны арқалап өтті. Кетерінде бір ғана емес, екі өсиет айтты.

Біріншісі:

— Немерелерімді менің емес, әкем Молдаштың атына жаздырыңдар, әкемнің аты өшпесін, — деді.

Өзі де бір атадан жалғыз еді, сонда да  әке атының  ұмытылмауын ойлады.

Тағы бір өсиетін ол баяу айтты, бірақ салмағы ауыр еді:

— Сендердің аналарыңа дейін қайтыс болған бірінші жұбайым — Райхан апаларыңнан ұрпақ қалмады. Артынан Құран оқытар туыстары да жоқ. Аналарың мен маған Құран оқытқанда, Райхан апаларыңды да атай жүріңдер, — деді.

Әкем үшін артында қалған дүниеден гөрі,  айтылар  бір ауыз сөз бен оқылған бір ауыз дұғаның құдіреті маңыздырақ  еді.

Сондықтан біз Құран оқытқанда, әкемнің де, анамның да, біз көрмеген  үлкен анамыз Райхан апамыздың да атын қатар атаймыз. Сол сәтте бір атадан жалғыз өткен әкем жалғыз емес сияқты көрінеді. Өзіме сол арқылы тірілер мен өткендердің арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ үзілмеуге тиіс жіп сақталып қалғандай көрінеді…

От жаққан қолдардың жылуы, кешкісін кітап оқылған тыныш сәттер, үнсіз еңбек пен шыдам – бәрі сол өмірдің өзегі болды. Әкем мен анам өз ғұмырларын тарих деп атаған жоқ, бірақ сол қарапайым тіршілік арқылы бізге адам болудың жолын қалдырды.

Қазір ойласам, бұл тек біздің жанұяның, әкем мен анамның өмірі емес екен. Бұл – бір ауылдың сабыры мен бір ұрпаққа қалған аманаты екен.

Олардың тағдырынан ауылға тән төзім мен үнсіз жауапкершілік көрінді.                          

РАХИЛА АПА (РӘТӘЙ ТӘТЕМ)

(Аналардан басталған әңгіме)

  Анам апайы  Рәтәй апаны «Рахила» деп атаған емес. Ауылдағыдай бәрі де оны «Рәтәй» дейтін. Бұл еркелету емес, тағдырды жеңілдетіп айту сияқты екен. Анамның оны өзгеледерден бөліп қарайтыны сезілетін. Өйткені Рәтәй апаның көтерген жүгі ауылдағы аналардың бәріне ұқсас болғанымен, бәрінің маңдайына бірдей жазыла бермейтін салмақ болатын.

Рәтәй апа — соғыстың зардабын өмір бойы арқалап өткен әйелдердің бірі. Оның жастығы ерте таусылды. Он сегізге де толмай  Әубәкір атты азаматқа  тұрмысқа шықты. Жар қызығын, келіндік өмірдің қызығын көріп үлгермей жатып Әубәкір майданға аттанды. Рәтәй апам аяғы ауыр болып қалды. Сол күннен бастап ол  үміт пен үрейдің арасында өмір сүрді. Келін болып түскен үйінде қуаныштан гөрі күту басым  болды. Күйеуі соғысқа кеткен соң сол уақыттың жоқшылығы мен соғыстың ауыртпалығы ол үйдің табалдырығынан аттап үлгерген болатын.

Соғыс бітті. Елге жауынгерлер оралып жатты. Бірақ Рәтәй апамның күткен жары оралмады. Әубәкір жезденің не тірі, не өлі екені белгісіз болып қалды. Ол  хабарсыз кеткендердің бірі еді. Хабарсыз кеткен адам  тірі де емес, өлі де емес. Ал оны күткен әйел — жесір де емес, жар да емес. Жесірдің тағдырын уақыт емес, заман шешкен кез болғанын көрмесек те тарихтан білеміз… Рәтәй апамды күйеуінің ағасы Абайділдә екінші әйел етіп алғалы жатқаны жайлы хабар көрші ауылдағы нағашы әжеме жетеді. Бұл бір ананың ғана емес, бір әулеттің намысына тиетін сөз еді. Төрт баламен жастай жесір қалған әжем жаяулатып жолға шығады:

— Мен қызымды Абайділдәға емес, Әубәкірге бергенмін. Әйел үстіне беретін қызым жоқ, — дейді ол жеткен бетте.- Жинал, алып кетемін! Бұл тағдыр таразыға түскен сәт еді.

Бірақ сол кезде Абайділдә:

— Інімнен қалған жалғыз ұл жат болып кетеді, қалсын…- деп жылайды. Әжем сөзінен қайтпай, қызы мен енді ғана апыл-тапыл басып жүрген жиенінің киініп, жиналуын күтіп отырады.

Ал Рәтәй апамды  бір ауыз сөз өзгертеді… Ол анасына ілеспей  қалады. Бұл таңдау емес, көну еді. Содан бастап оның өмірі сол шаңыраққа байланады. Абайділдәнің бәйбішесіне келіндей қызмет етіп, мінезі ауыр, мазасыз адамға қарсы сөз айтпады. Өйткені ол кезде әйелдің тағдыры шыдаммен өлшенетін.

Ауылдағы әйелдердің тағдыры бір-біріне ұқсайтын. Бірақ әрқайсысының ішкі жарасы бөлек еді. Рәтәй апа жарасын сыртқа шығармай, бәрін үнсіздікпен басатын. Көп сөйлемейтін. Бірақ қимылынан, көзінің түбінде тұнған мұңнан өмірдің оған жеңіл тимегенін аңғару қиын емес болатын. Анам кейде кешкісін пештің түбінде отырып, Рәтәй апаның жайын айтатын. Дауысы бәсең, сөздері ауыр еді. Өйткені ауылда біреудің тағдырын дауыстап айту оның жүрегін  жаралау сияқты сезілетін.

Рәтәй апа да ауылдағы барлық әйелдер сияқты таңды ең бірінші қарсы алатын. От жағып, күл шығарып, қорадағы тірлікті түгендейтін… Бұл  менің анамның да күнделікті әдеті еді. Бүгін ойлап қарасам, балалық шағымда ауылдағы аналарымыздың таңды қарсы алуының өзі бір жарыс секілді болыпты. Сол себепті болар, менің санамда ауыл әйелдерінің бейнесі бір-біріне ұқсап кеткен: иықтары еңкіш, бірақ рухы сынбаған; қолдары күс-күс, бірақ жүрегі жұмсақ.

Кейде Рәтәй апа біздің үйге кіріп, анаммен үнсіз отырып шай ішетін. Екеуінің арасында көп сөз болмайтын. Бірақ сол үнсіздіктің өзінде бір түсіністік бар еді. Бұл  еркектерге айтылмайтын, қағазға түспейтін әйелдер философиясы болатын. Мен кейін ұқтым: ауылды ұстап тұрған — еркектердің күші емес, әйелдердің сабыры екен. Егер сол сабыр бір сәтке үзілсе, ауыл да, әулет те, тіпті тарихтың өзі шайқалып кетер еді.

Уақыт өтті.

Абайділдә да кетті,

Бәйбіше де кетті.

Жалғыз ұлы мен келіні де дүниеден озды.

Ал Рәтәй апам бәрінің артында жалғыз ұлдан туған  немерелерімен қалды. Ұрпақ қызығын көрді, бақытты қарттық бұйырды  деп те айта алмаймын…

Қазір өткенге ой жүгіртсем, ол өз өмірін емес, өзгенің өмірін түгендеп жүріпті… Бір  шаңырақтың тарихын жалғыз өзі арқалап, соңғы куәгері болып, ақыры өзі де өмірден өтті.

Рәтәй апамның өмірінде айқай жоқ. Ерлік деген сөз де жоқ. Бірақ оның ғұмыры үнсіз көтерілген ауыр жүк еді. Осындай әйелдердің арқасында ауыл аман қалды. Осындай тағдырлар арқылы ел еңсесін тіктеді.

Жесірін жатқа жібермеген ауылда өмір сүрді… Алайда сол заңды орындағанда жүрек есепке кірмейтін қосалқы нәрсе болғанын ешкім таразыламады. Өйткені ол кезде біреудің жалғыздығы емес, әулеттің амандығы маңызды болатын. Менің Рәтәй апам  да сол тәртіптің ішінде қалды. Қарсы бола алған жоқ… Олар қарсы тұруға дағдыланбаған еді. Тағдырды таңдауды емес, тағдырға көнуді үйреткен заманда өсті. Оның бақытты болуын да, бақытсыз болуын да ешкім ойламады. Сұрақ қоюға дағдыланбаған жұрт  тағдырды шешуді қажеттілік санады. Рәтәй апам сол уақытта өмір сүрген үнсіз көптің бірі.

«Менің ауылдастарым» — атақты адамдар емес.

Бұл — тарихқа енбеген тағдырлар.

Сол тарихтың ең ауыр салмағын көтергендер де — осылар.

 

БАҚЫТ ТӘТЕМ

Қатал заң мен үнсіз мейірім туралы очерк

    Бақыт тәте — менің анамның жеңгесі. Мен ол кісіні жақсы көрдім. Ол да бізді жақсы көрді, еркелетті.

Санап көрсем, бұл әулетке ол елуінші  жылдардың ортасында  келін болып түскен екен. Соғыстан кейінгі халықтың әл-ауқаты әлі дұрыстала қоймаған кезең… Нағашы атам анамның алты айлығында  Ертіс өзеніне ағып кеткен екен. Сүйегі табылмапты. Артында екі ұл мен екі қыз қалады. Сол күннен бастап нағашы әжем өмірді бір ғана өлшеммен бағалады: әлсіздікке жол жоқ.

Әжем қатал болды дейді басқалар. Ал мен білетін нағашы әжем шексіз мейірімді жан еді.  Қатал болса, қатал болған да шығар. Бірақ соқыр қатал болмағаны  анық. Ол өмірді сезіммен емес, жауапкершілікпен өлшеді. Бақтияр нағашымның алғашқы әйелі бұл үйге сіңбеген екен… Себебі айтылмады. Бұрынғы келіні жайлы артық сөз естіген емеспін… Бірақ әжем біреуді қабылдамаса, ол адам бұл шаңырақта ұзақ қалмайтыны белгілі еді. Ақыры солай болыпты. Кейін әжем Бақтияр нағашыма Бақыт тәтемді өзі қосыпты. Аяғы ауыр екенін де білді. Басқадан екенін де білді. (Марқұм Бақыт тәтемнің аруағына бас ие отырып, артық кетсем, кешірім сұраймын.)

Бірақ нағашы әжем Бақыт тәтемді ұлына өзі жақсы көріп қосты. Бұл  әлсіздік емес еді. Бұл бір әйел мен бір азаматтың тағдырына қатысты саналы шешім болды деп ойлаймын… Бірақ жеңіл кешірім  де болмаған сыңайлы. Бұл үйге келген соң Бақыт тәте өз жүгін өзі көтеруі керек болған сияқты. Солай да болған шығар. Мен білетін Бақыт тәтем бәрін түсінетін жан болатын… Оның қатты дауыс шығарғанын естімеппін. Енесіне, туыстарына, күйеуіне қарсы сөз айтқанын көрмеппін.

Бала болсам да менің байқағаным, әжем де  оның өткенін алға тартпады. Ермекті туған немерем деп бауырына басты. Бізден туған немере, жиендерінен артық көргенін қазір есіме алсам, дала заңына бағынып өскен қазақтың қара кемпірінің даналығы таң қалдырады. Бақыт тәтем де бақыт іздеп емес, парыз арқалап келгенін  ұқты.

Жылдар өтті. Бақтияр нағашым ертерек қайтыс болды.

Әжем қартайды, көзі көрмей, ұзақ жылдар отырып қалды. Сол кезде Бақыт тәте әжемді жас балаша мәпеледі. Тамақтандырды, киіндірді, түнде шошып оянса, жанынан табылды. Бір кездері өзіне қатал талап қойған адамға ол еш өкпе артпады. Әжем өмірден өткенде, Бақыт тәте оны ақ жауып арулап, мәңгілік мекеніне өзі жөнелтті. Бұл парыз ғана емес, үнсіз ризашылық еді. Бақыт тәтемнің де арамыздан кеткеніне біраз жыл болды. Алайда біз үшін Бақыт  тәтем ешқайда кеткен жоқ. Ол — бір әйелдің тағдырын біліп тұрып қабылдаған жүректе қалды. Қатал заңның артында жасырын тұрған мейірімде  қалды.

 

ӘЖЕМНІҢ ЗАҢЫ

 Нағашы әжемнің өмірінде заң көп болған жоқ. Бірақ бар заңы — мызғымайтын. Өмір ешкімді аяп тұрмайтынын ол ерте түсінді. Ол адамдарды жақсы көріп немесе жек көріп емес, керек не керек емес деп бағалады. Сол қатал өлшемнің арқасында шаңырақ шайқалмай тұрды. Бақытты аяғы ауыр екенін біле тұра қабылдауы — кешірім емес, жауапкершілік еді. Ал Бақыт тәтем  сол заңды үнсіз орындап шықты. Әжем артында өсиет қалдырған жоқ.

Тек бір ғана өлшем қалдырды: адамды тағдырымен қоса қабылдай алу.

 

Бақыт тәтемнен ешкім «бақыттысың ба?» деп сұраған жоқ.

Сұрамады, өйткені ол сұрақтың жауабы ешкімге керек емес еді.

Жалғасы бар

Риза АСАНҚЫЗЫ

 

Мақалада: Әлеуметтік  очеркМЕНІҢ АУЫЛДАСТАРЫМ

Ұқсас жаңалықтар

ДОҢЫЗ ДИПЛОМАТИЯСЫ немесе АР АУКЦИОНЫ

19.01.2026
ДОҢЫЗ ДИПЛОМАТИЯСЫ немесе АР АУКЦИОНЫ

Біз бақытты халықпыз. Бізге енді атом бомбасы да түк болмай қалған секілді... Полигонмен уланған жерге тағы бір «инвестициялық бақыт» келіп...

Толығырақ...Details

Абай облысында 379 млрд теңгелік құрылыс жоспары әзірленіп, 35 нысан салынуда

19.01.2026
Абай облысында 379 млрд теңгелік құрылыс жоспары әзірленіп, 35 нысан салынуда

Semeytany.kz - Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтіп, өңірдің 2026 жылға арналған құрылыс жоспары мен...

Толығырақ...Details

Абай облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі қаралды

19.01.2026
Абай облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі қаралды

Semeytany.kz - облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңір аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі мен оларды қорғау бағытындағы...

Толығырақ...Details

Абай гарнизонында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары өтті

16.01.2026
Абай гарнизонында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары өтті

Абай гарнизонында орналасқан 54835 әскери бөлімінде жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары ұйымдастырылды. Әуе базасының ұшқыштары жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес Ми-17 және Ми-24...

Толығырақ...Details

Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады: Олжас Бектенов ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің басқаруына беруді тапсырды

16.01.2026
Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады: Олжас Бектенов ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің басқаруына беруді тапсырды

Semeytany.kz - Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметін талдап,...

Толығырақ...Details

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Рауза Қонаева өмірден өтті

16.01.2026
Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Рауза Қонаева өмірден өтті

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, ғалым-биолог Рауза Қонаева 92 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Дінмұхамед Қонаев атындағы Халықаралық қор жеткізген. Марқұм Рауза...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

ДОҢЫЗ ДИПЛОМАТИЯСЫ немесе АР АУКЦИОНЫ

22 минуты бұрын

Абай облысында 379 млрд теңгелік құрылыс жоспары әзірленіп, 35 нысан салынуда

59 минут бұрын

Абай облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі қаралды

1 час бұрын

Абай гарнизонында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары өтті

3 дня бұрын

Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады: Олжас Бектенов ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің басқаруына беруді тапсырды

3 дня бұрын

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Рауза Қонаева өмірден өтті

3 дня бұрын

Бесқарағайдың Беген, Глуховка, Ерназар ауылдарында 100 орындық мәдениет үйлері бой көтереді

3 дня бұрын

Абай облысындағы Крещение мерекесі: құтқарушылар қауіпсіздік шараларын еске салады

3 дня бұрын

Семейде «Абайдың зияткерлік ізімен» тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды

3 дня бұрын

Қазақстанда Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды

3 дня бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС