"Семей таңы" газеті
ztlogo
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
ztlogo
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

ДОҢЫЗ ДИПЛОМАТИЯСЫ немесе АР АУКЦИОНЫ

Ұлттық намыс және жауапкершілік туралы ПАМФЛЕТ

19.01.2026
ДОҢЫЗ ДИПЛОМАТИЯСЫ немесе АР АУКЦИОНЫ
9
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

ДОҢЫЗ ДИПЛОМАТИЯСЫ немесе АР АУКЦИОНЫБіз бақытты халықпыз. Бізге енді атом бомбасы да түк болмай қалған секілді… Полигонмен уланған жерге тағы бір «инвестициялық бақыт» келіп жатыр — шошқа кешені. Қырық жыл радиация жұтқан топырақ енді шошқаның да рақатын көрсін деген қамқорлық шығар. Қазақ даласы азаптың барлық түрін көрді: жарылыс пен ашаршылықты көрді, қуғын-сүргінді де бастан өткерді. Енді доңызды да көрсін деген ізгі ниет те пайда болғандай…

Шаған ауылының әкімі Ирина Попова ханымға, инвесторларды әкеліп, жер мен ардың арасындағы делдалдықты кәсіпке айналдырған семейлік жерлестеріміз, қаланың кейбір құрметті азаматтары мен қоғамдық кеңестің белсенділеріне мың алғыс! Осы белсенділердің арқасында ұлттың, жердің жарасын доңызбен таптатып, оның «хош иісімен» емдейтін заманға жеттік. «Инвестиция», «халыққа жұмыс орны», «экономикалық даму» — бүгінгі қасиетті үш аят. Осы үшеуі жайлы сөз болса, кез келген күнә автоматты түрде сауапқа айналады. Ар бухгалтерияға өткізіліп, денсаулыққа келетін залал да есептен шығарылады екен. Ал ұят тендерден үлес ала алмай қалған фирма іспетті. Бүгін бізде жаңа құдірет бар: аты — Инвестиция. Ал оның құрбандығы — ар. Ол үшін доңыз өсіреміз бе, қоңыз сатамыз ба, бәрібір. Инвестиция болса болғаны.

Семей сынақ полигоны — қазақ халқының маңдайына жазылған ең ауыр қасірет. Бұл — жай ғана географиялық аумақ емес, ұлттың жан жарасы. Енді сол жараның дәл іргесіне — Бөдене, Бөкенші, Шақаман, Мұқыр ауылдары мен Шаған кентінің маңына ресейлік инвесторлардың шошқа бордақылау кешені, жем зауыты және сою алаңы салынбақ. Сырты жылтыр, әдемі қағазбен қапталған бағасы қымбат жоба. Ішін ашып қалсаң, иіс бұрқ ете қалады… Экономиканың емес… Сатылып кеткен ардың иісі. Шошқа кешенінің қалдығы топырақты улайтыны, иісінің айналаны тұншықтыратыны, Ертіс арқылы трансшекаралық экологиялық қатер төндіретіні айтылып жатыр. Бірақ мәселенің ең ауыр қабаты экологияда да емес.

Экологияға алаңдамаңыздар. Иіске де адам үйренеді. Бастысы, алғашқы кезде терезені ашып қою керек, кейін ұят сияқты иіс те сезілмей кетеді. Табиғат та шыдамды ғой: 40 жыл бойғы атом сынағын көтерді, оның жанында доңыз не? Бұл жердің тұрғындары таза, саф ауаның иісін білмейді де. Сондықтан доңыздың иісін білмей де қалады дейтін сияқты.

Адамзат табиғатты аямай-ақ сынап көріп жүр — шыдамы қай жерге дейін жететінін кім білсін… Полигон зардабын тартқан халық онсыз да әлсіз. Осындай өңірге жергілікті ұлт өкілдерінің рухына жат өндірісті әкелу — жараға тұзды аямай себу. Қазақ үшін шошқа төрт түліктің қатарына жатпайды. Ол — мұсылман елдерінің халқы үшін жай ғана жануар емес, ол — арамдықтың символы. Бұл тек асқа қатысты тыйым емес, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени иммунитет. Қазақ шошқаны қорасына жолатпаған. Мешіт пен шошқа қорасы ешқашан қатар тұрмаған. Бұл — кездейсоқ емес, рухани шекара. Ал енді сол шекараны бүгін өз қолымызбен бұзып отырмыз. 40 жылғы сынаққа шыдаған халық доңызға да үйренер, артынша сана көнер деп ойларсыздар… Ал ар қайда қалады? Намыс та сол инвесторлардың ақшасына сатылып кете бере ме? Дәл қазір «толеранттылық», «инвестициялық тартымдылық», «тиімділік» деген сөздер бәрін ақтауға негіз болып отыр… Тек осы ұғымдардың қатарында «қазаққа құрмет», «жергілікті халыққа құрмет» деген пункт неге жоқ?

Ең сорақысы — бұл шешім жергілікті тұрғындардың келісімінсіз, қоғамдық тыңдаусыз қабылданған. Бәрі Попова ханымның (№50, №51) шешімдерімен ғана жүзеге асып жатыр. Бұл шешімге қарап тұрып «қоғамдық тыңдау да үнемделетін ресурсқа айналғандай ма, қалай» деген ойға қаласың… Халықтың пікірі — міндетті емес, ал инвестордың қалауы — заң. Тұрғындардың пікірінсіз шешу демократияның жеделдетілген нұсқасы сияқты. Бұл істе жалған патриоттардың үлесі зор. Қазақстан Республикасының «Жер туралы» заңына сәйкес, ауыл шарушылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді.

Сондықтан жерді ресейлік инвесторларға тікелей емес, «елім, жерім» деген сөзді жиі ауызға алатын «патриоттардың» өз атына рәсімдеп алып беріп жүргенін де жақсы білеміз. Бұл — елде пайда болған жаңа әлеуметтік тип. Қажет кезде олар ұлтжанды, халыққа жақын. Мінбердегі айтатын сөзі — «Отан», «Атамекен», «Рух», «Ұлт». Ал мінберден түскендегі сөзі ақшаның айналасынан ұзап кетпейді.

Ұран естіген жанның жүрегін аударып-төңкереді, ал жоспарлары жеке бастың пайдасы. Айтпақшы, сол «отаншыл» азаматтардың біреуі аз уақыт бұрын ғана халықтың мүддесін қорғап жүрген қоғамдық ұйымның басында тұрып, «Семей сынақ полигонынан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан қолдау жоқ» деп ұрандатқан белсенділердің бірі еді. Бүгін сол азамат — келешек шошқа кешенінің жанашыры.

Қазақ ауылының маңына шошқа кешенін салу идеясының қолдаушысы және ұлт қасіретін жоқтаушы қоғамдық ұйым мүшесі болу бір адамның өмірбаянында қатар тұрғанына таңғалмайтын заманға жеттік. Шошқаның қорасына кірердің алдында ғана ол полигонның азабын арқалап жүрген халқының алдында тұрып, ауыр қасіретті жеңілдетуге атсалысушы ретінде жалынды сөзін арнап, көзіне жас алған еді. Халқының қасіреті әдемі пиарға өте қолайлы, ал доңыз ірі табыс көзі болып тұрған соң, таңдау ұзақ ойландырмағаны белгілі.

Кеше ел мүддесін тілге тиек еткен қасіретті сөз айтқан мінбер. Бүгін ақшаға лық толы доңыз қорасы. Кеше — көзде жас. Бүгін — миллион, миллиард рубль немесе доллар… Олар заң бұзылмағандай, еліне инвестиция тартып, көмек көрсету мақсатын көздегендей кейіп көрсетеді. Ал заңның бабы, елдің рухы жерленетінін түсінсе де, түсінбегендей болады.

Бұл — экономикалық айла емес, моральдық акробатика. Бұлар жерді сатпайды, тек уақытша басқа біреуге «сеніп тапсырады» деп өздерін іштей ақтайтын болар. Отан — сахнада, пайда — сахна сыртында. Ал шындық көрермен залында жылап отыр.

Қостанайдағы шошқашы болған қыздың тағдырын біреу білсе, біреу білмес. Кеңес дәуірінде Қостанай өңірінде шошқа өсіріп, Социалистік Еңбек Ері атанған Дәмелі Жақсылықова деген қазақ қызы болған. Ол небары жиырма бір жасында жоғары марапатқа ие болып, бүкілодақтық газеттерге аты шықты. Мәскеудің өзі үлгі қылып көрсеткен еңбек батырына айналды. Шошқаны топтап ұстау әдісін енгізіп, автосуару мен автоматты қоректендіру жүйесін алғаш қолданғандардың бірі де осы қазақ қызы болды. Никита Хрущевтің өзі қолынан Ленин орденін, «Орақ пен Балға» алтын медалін таққан. Баспасөз оны «жаңа дәуірдің қазақ қызы» деп дәріптеді. Тіпті қазақ ақынжазушылары да оны насихаттауға міндеттелді.

Бірақ атақ пен даңқ жеке өмірге бақыт алып келмеді. Туыстары одан теріс айналды. Анасы оны үйге жуынбай кіргізбейтін. Ыдысы бөлек, сүлгісі бөлек болды. «Шошқаның иісі сіңіп кеткен» деген психологиялық шекара жасалды. Ол өз үйінде өгейге айналды. Кейін ол Иван Рогальский деген тракторшыға тұрмысқа шығып, аты «Валяға» айналды. Үш баласының аты да орысша қойылып, ұлттары неміс деп жазылды. Қазақ ортасы оны мүлде қабылдамады. Ауылдастары «тфу, кәпір!» деп сыртынан түкіріп, табалай берді. Ақыры отбасымен көрші ауылға көшіп кетуге мәжбүр болды.

Тағдыр соққысы мұнымен бітпеді. 1993 жылы үйі өртеніп, үлкен ұлы мен үш немересі қаза тапты. Кейін екі ұлы бірінен соң бірі жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Күйеуі де дүние салды. Жалғыз қалған ана ішкілікке салынып, өмірінің соңын қасіретпен аяқтады. 2001 жылы ешкім елемеген күйде дүниеден өтті. Оны шошқа даңққа бөледі. Бірақ адам ретінде қорғай алмады. Бұл — бір адамның трагедиясы емес, тамырынан ажыраған сананың трагедиясы.

Мөде хан жайлы аңызды оқығандарыңыз бар болар. Мөденің патша болғанын естіген Дунху оған елші жіберіп, сәйгүлік атын сұрайды. Ол ақсүйек бектерін шақыртып алып, кеңес құрады. Ақсүйектер оған қарсы болады. «Тұлпар ғұндардың қазынасы ғой, беруге болмайды», — дейді. Бірақ Мөде: «Көршілерден бір жылқыны аяған болмас»,- дейді де, сәйгүлікті беріп жібереді.

Арада біраз уақыт өткен соң Дунху Мөдені өзінен қаймығады деп ойлап, тағы да елші жібереді. Бұл жолы одан ханымдардың біреуіне көңілі құлағанын білдіріп, сүйікті сұлуын атап сұрайды. Мөде өз төңірегіндегі жақын жүргендердің ақыл-кеңесіне тағы да жүгінеді. Төңірегіндегілер: «Дунху ұятсыз адам екен, сүйікті ханшайымды сұрауын қарашы,- деп таңғалысып, оған — соғыс жариялау керек»,- деп кеңес береді. Мөде бұл уәжге: «Көршілерден бір әйелді аяп қажеті жоқ»,- деп сүйіктісін де беріп жібереді.

Дунхудың айтқаны екі болмай, әбден кердеңдеп кетеді. Ғұндардың иелігінде Дунхудан батысқа қарай кең жатқан бос жер бар еді. Онда тек шекара бойлай екі жақта тұратын қарауыл күзеті ғана болатын. Дунху бос жерлерді алғысы келетінін Мөдеге айту үшін елші аттандырады. Мөде бектерінен ақыл сұраса, олар: «Бұл қолайсыздау жер ғой, беруге де, бермеуге де болады», — деп былқылдатады. Сонда Мөде терісіне сыймай, жерді беру керек деп ақыл айтқандардың бәрінің басын алады. «Жер — мемлекеттің негізі» деп ұран шақырып, жауларына аттанады. Әскерімен келген Мөде жеңіске жетеді. Себебі жер — сауда емес, тағдыр.

Біз де жерді Ана дейміз. Қырық жыл бойы жарылыстан көз ашпаған жерімізді енді доңызға бермекпіз. Сонымен, бәрі заңды. Құжат дұрыс. Қол қойылған. Инвестор разы. Шошқа дайын. Тек бір ғана нәрсе ұмыт қалып барады, ол — ұят. Бірақ ол бұл жобада қарастырылмаған. Сметаға кірмеген. Техникалық жобада да жоқ. Егер арды өлшеуге болатын болса, біз оны баяғыда тоннамен экспорттап, шекара асырып жіберер ме едік…

Бізде жер қасиетті, бірақ ол кейбір жалған патриоттардың биік мінберден сөйлейтін сөзінде ғана. Қолайлы инвестор кездескеннен кейін ол тек ақшаға айналады. Ертең иіске де үйренеміз. Бұған дейін радиацияға да үйрендік қой. Ар да сасымайтын сияқты — ол баяғыда өліп қалған-ау деймін… Жер бәрін көтереді. Ал сатқындықты ше?

Осы мәселені қоғамдық пікір деңгейінде ғана қалдырмай, нақты құқықтық алаңға шығару азаматтық борышымыз деп есептейміз. Біздің тарапымыздан экологиялық және санитарлық тәуекелдерді ескере отырып, Бөдене, Шаған–Мұқыр аумағында жоспарланып отырған шошқа кешенінің инженерлік инфрақұрылымына, әсіресе ағын суларды тазарту жүйесінің нақты мүмкіндігі мен Ертіс алабына төнуі ықтимал қатерлерге қатысты ресми депутаттық сауал жолданды… Бұл – эмоцияға емес, дерекке, жауапкершілікке және заң талабына сүйенген ұстаным.

Сөзімізді аяқтай келе шетелдік инвесторларға делдал болып Шошқа кешенін қолдап отырған досқа айтарым:

Досым, Сіз бен біз жақсы таныспыз. Мемлекеттік қызметте ел болашағы үшін еңбек еткен азаматтардың бірісің. Сондықтан бұл сөзді бөтен адамға емес, өзіңе арнап айтып отырмын. Қоғамдық сенім мен абырой бір күнде жиналмайды, бірақ бірақ сәтте жоғалтып алуың мүмкін. Егер халықтың денсаулығы мен жер тағдырына қарсы тұрған жобаның қолшоқпары болып қала берсең, бүгінге дейін жинаған абыройыңды өз қолыңмен жоясың. Марапат та, атақ та – қағаздағы жазу ғана. Ал халықтың қарғысы мен тарихтың үкімі – өшпейтін таңба. Таңдау алдыңда тұр. Сол қағаздағы атақтардан өзің ұялып, өзің безінетін жағдайға ұшырамау үшін ойлан. Кейін кеш болуы мүмкін. Ар алдында ақталмайтын іс тарих алдында да кешірілмейді.

Соңғы рет ойланып көр! Әлі де кеш емес!

Құрметпен, Абай облыстық мәслихатының депутаты Риза АСАНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

04.07.2026
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

«Әділет» партиясы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға толықтай дайын екенін мәлімдейді. Біз бұл сайлауды жаңа Конституцияны іске асырудың және Қазақстандағы демократиялық...

Толығырақ...Details

Абай облысында 4 мыңға жуық адам «Халықтық бухгалтер» акциясынан тегін кеңес алды

04.07.2026
Абай облысында 4 мыңға жуық адам «Халықтық бухгалтер» акциясынан тегін кеңес алды

Semeytany.kz – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бастамасымен өткен республикалық «Халықтық бухгалтер» акциясы өз жұмысын аяқтады. Алты айға жуық уақытқа созылған...

Толығырақ...Details

Қазағымның үнісің сен – домбыра: Абай облысында Ұлттық домбыра күніне арналған көрме ашылды

04.07.2026
Қазағымның үнісің сен – домбыра: Абай облысында Ұлттық домбыра күніне арналған көрме ашылды

Абай атындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Қазағымның үнісің сен – домбыра!» атты көрме ұйымдастырылды. Аталулы шара Ұлттық домбыра...

Толығырақ...Details

Курчатов қаласында конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды

03.07.2026
Курчатов қаласында конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды

Бүгін Курчатов қаласында қуаты 700 Мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының (КЭС) іргетасын қалау рәсімі өтті. Маңызды шараға облыс әкімі...

Толығырақ...Details

Бизнестен түскен ұсыныстар «Әділет» партиясының өнеркәсіптік саясатына енгізіледі

03.07.2026
Бизнестен түскен ұсыныстар «Әділет» партиясының өнеркәсіптік саясатына енгізіледі

Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау мәселелері «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің...

Толығырақ...Details

Заң бәсекелестіктің артықшылығына айналуы тиіс: Бас прокуратура Инвесторларды қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің жұмысын бастады

03.07.2026
Заң бәсекелестіктің артықшылығына айналуы тиіс: Бас прокуратура Инвесторларды қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің жұмысын бастады

Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың бұйрығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Аталған іс-шара мемлекеттік органдарды,...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

1 день бұрын

Абай облысында 4 мыңға жуық адам «Халықтық бухгалтер» акциясынан тегін кеңес алды

1 день бұрын

Қазағымның үнісің сен – домбыра: Абай облысында Ұлттық домбыра күніне арналған көрме ашылды

1 день бұрын

Курчатов қаласында конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды

2 дня бұрын

Бизнестен түскен ұсыныстар «Әділет» партиясының өнеркәсіптік саясатына енгізіледі

2 дня бұрын

Заң бәсекелестіктің артықшылығына айналуы тиіс: Бас прокуратура Инвесторларды қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің жұмысын бастады

2 дня бұрын

Қытай Astana AI Film Festival фестивалінің ресми серіктесіне айналды

3 дня бұрын

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысын өткізді

3 дня бұрын

Абай облысында жарты жылда еңбек заңнамасы 258 рет бұзылған

3 дня бұрын

«Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының басшылық құрамы жасақталды

3 дня бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС