Әр аптаның сейсенбісінде облыс орталығындағы аймақтық баспасөз орталығында өткізілетін аудан әкімдерінің брифингісі мәресіне жетті. Аудан басшылары мен БАҚ өкілдерінің жүздесуін Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин қорытындылады. Осыған дейін де газет оқырмандарын өзге аудандардың әкімдері өткізген осындай шаралар жайлы ақпараттармен таныстырған болатынбыз.
Аталған басқосуда БАҚ өкілдері аудан басшыларынан ақпарат алып қана қоймайды, жергілікті жердегі «А»корпусының өкілінің қабілет қарымына да баға беретіні белгілі. Бұл жолғы басқосу да тың мәлімет, тосын жаңалыққа толы болды. Іргелі ауданда бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстар және болашақтағы жоспарлармен бөліскен Серік Зинабекұлы журналистер сауалдарына да жауап берді. Аграрлық салада алдыңғы қатардан табылатын ауданға тағайындалғанына небары 8 ай ғана болған әкім барлық сала бойынша толыққанды дерек беріп, көпшілік алдында «шпаргалкасыз» баяндамажасап өтті.
Еңбеккерлер үлесінде жаңартылған рекорд бар
Үржар ауданының әкімі ақпарат құралдары өкілдері алдындағы сөзін Елбасының Жолдауы аясынан туындайтын басымдықтардан бастады. Бұл орайда аудан халқы есепті мерзім ішінде бір кісідей еңбек етіп, ортақ нәтижеге қол жеткізе алған. Серік Зинабекұлының ауылшаруашылық саласындағы атқарыл-ған шаралар жайлы ақпаратынан байқағанымыз өңір экономикасын тіреп тұрған басты салада қадау-қадау шаралар жүзеге асырылыпты. Жоспарда тұрғандары одан да көп. Ең бастысы айтарлықтай нәтиже бар. Қоңыржай климатты, ылғал мол түсетін ауданда әсіресе астық бітік шыққан. Өткен жылы ауа райының қолайлы болуы да септігін тигізді. Қарап қалмаған диқан қауымы қамба қамы үшін қарманып табысты еңбек ете білді. Аудандағы егістік жер көлемі 172 мың гектарды құраса, соның ішіндегі 46 мың гектары дәнді дақыл. Шығыста жоқ соны жаңалық ретінде үржарлық шаруалардың соя өсіруге ден қойғанын айтуға болады. Азықтық әрі техникалық пайдасы зор бұл дақыл негізінен Қытайға шығарылып, ауданның экспорттан келетін
бүйірін толықтыруда. Сонымен қатар, өткен жылы жеміс-жидек, көкөніс өнімдері де айтарлықтай мол болды. Тағы бір жағымды жаңалық астық түсімі ерекше болып,гектарына 2,2 центнерден өнім алыныпты. Бұл соңғы 15 жылдағы жаңартылған рекорд болып табылады.
Үржарды өзге аудандардан ерекшелеген тағы бір жайт — асылтұқымды мал басының көбеюі және осы орайда жасалынған жұмыстардың жемісті жүзеге асуы болып отыр. Мәселен, Аустралиядан әкелінген «Ангус» атты ірі қара тұқымы «Алғабас» шаруа қожалығында өсірілуде. Бұл мемлекеттік «Агробизнес – 2020» бағдарламасының игілігін сәтті пайдаланудың нәтижесінде қол жеткізілген жайт. Сондай-ақ, аталмыш шара Елбасының жылына 60 мың тонна етті шетке экспорт-тау жөніндегі тапсырмасын орындаудағы нақты қадам екені хақ. Осы орайда аудан көлемінде 15 мал бордақылау орындары жұмыс істеп, 29 қасапхана, 27 малдәрігерлік мекемелер қызмет көрсетуде.
Әлбетте, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе ауылшаруашылық құрылымдарының қарқынды дамуы қиын. Аталмыш мақсатта жергілікті атқарушы билік жүйелі жұмыс жүргізіп, түрлі сала бойынша субсидия алуға қол жеткізілді. Жалпы, аудандағы бұл сала бірінші кезекте назарда тұр. Шаруаларға көмек пен дұрыс бағыт-бағдар беріліп, бірқатар құрылымдарды ірілендіру жұмыстары жүргізілді. Қорыта айтқанда, бекем бірліктің арқасында ел несібі еселеніп, молшылық арта түскен.
— Бірақ, бұл жетістіктермен тоқмейілсуге болмайды. Алға қойылған жоспар көп. Тек өнім өндіруге ғана емес, оны өңдеуге де баса мән беруіміз керек. Мәселен, аудандағы бұрынғы сүт зауыты тоқтап тұр. Оны қайтадан іске қосу жоспарымызда бар. Бұл шара өз кезегінде ауылшаруашылығы саласының даму қарқынын арттыруға айтарлықтай ықпал етпек, — дейді Серік Зинабекұлы.
{jcomments on}
Білім беру саласына басымдық берілуде
Аудандағы білім беру саласында да біраз шаралар жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда 52 мектеп, 28 балабақша жұмыс істеп тұр. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Әсіресе, білім беру сапасын арттыра түсу қажеттілігі туындауда. Ұстаздар қауымы тарапынан ҰБТ бойынша түлектер жинайтын балды жоғарылату міндеті тұр.
Сонымен қатар, соңғы үш жылда Үржар өңірі бойынша 11 мектеп пайдалануға беріліпті. Осы жерде айта кететін бір мәселе, құрылыс жұмыстары баяу жүріп жат-қан кейбір нысандар Серік Зинабекұлының ауданға басшылыққа келуімен қайта жанданыпты. Қазіргі таңда тағы бес мектептің құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Рас, өз ісіне жауапсыз қараған мердігер компаниялармен қатаң шараға баруға тура келген. Олардың бірқатары сотқа беріліп, құрылыстар қайта қолға алынды. Ер Қабанбай, Үржар, Жаңатілек, Қабанбай ауылдарындағы мектептер биыл пайдалануға берілмек. Бір бұл емес, тағы 4 мектеп апатты жағдайда деп танылуда. Алайда, аталған мәселелердің оң шешімін табуы да көп күттірмес, өйткені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың көмегімен қаражат бөлінді. Қазір тендер мәселесі шешілуде. Құрылыс жұмысы таяу арада басталатын болады.
— Бір сөзбен айтқанда аудан көлеміндегі салынып жатқан мектеп ғимараттарын 2016 жылға дейін толығымен аяқтау міндетін алға қойып отырмыз. Бұл мені осы ауданға тағайындаған кезде аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлының маған қатты көңіл бөлуді тапсырған міндеттерінің бірі, — дейді Серік Зайнулдин.
Сондай-ақ, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту шарасы да кедергісіз жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта ауданға 87 млн. теңге бөлінген болатын. Биыл Елбасының жарлығымен бұл орайда тендер өткізу ісі жойылды. Мұнымен қоса балаларға бал беру, аптасына екі рет сүт беру ісі де оңынан жолға қойылған.
36 мектеп жанында мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталықтар жұмыс істеп тұр. Елбасы тапсырмасы бойынша балалар 100 пайыз қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғастырыла беретін болады. Мұның барлығы білім сапасының жоғарылауына да ықпал етері сөзсіз.
Мәдениеті мәйекті
Ауданда мәдениет саласында да бірқатар жұмыстар жасалынды. Үш мәдениет үйі, 7 ауылдық клуб қызмет көрсетіп тұр. Облыс басшысы жастарды туған жерде тұрақтандыру, жас мамандарды ауылға қызметке тарту мақсатындағы қадамдардың ең бірінші кезектегі шарттарының бірі –елді мекендерде мәдениет ошақтарының болуы қажеттігін баса айтқан еді. Бұл орайда атқарылып жатқан істер баршылық. Таскескендегі мәдениет үйі пайдалануға берілді. Биыл Ақшоқы мен Қарақол ауылындағы осындай мәдениет ошақтарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қарабұлақтағы мәдениет үйін жекешелендірген меншік иесі қайтарып берді. Сонымен қоса, таяу уақытта іргелес Қабанбай ауылында да мәдениет ошағы да іске қосылмақ.
«Туған ел-алтын бесігім» акциясы аясында өткізілген байқау бойынша үржарлық мәдениет саласының қызметкерлері «Облыстық ең үздік концерт» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Жалпы, өткен жылдың екінші жартысы аудандағы мәдени сала үшін үлкен жаңалықтарға толы болды деуге толық негіз бар. Оның айғағы ретінде мәдениет саласы қызметкерлерінің жаңа жабдықтармен жарақтандырылуын, концерттік костюмдерінің жаңартылуын да айтуымызға болады.
Спортшылар сүйсінтіп тұр
Үржар өңірі өзінің даңқты спортшыларымен мақтана алатын аудан. Бұл сала бойынша озық көрсеткіштерге қол жеткіз-ген спортшылар тек Қазақстанды ғана емес, әлемдік деңгейде өнер көрсетуде Дәулет Тұрлыхановтан бастап, Алмат Ке-бісбаев, Диас Кенешев, Елена Ланчакова, Әсет Иманбаев, сондай-ақ, Сочи олимпиа-дасында Қазақстаның көк байрағын ұстау-шы Ердос Ахадиевтер жерлестерінің мақтанышына айналған. Үржарда әсіресе қысқы спорт түрлері жақсы дамыған. Ел абыройына айналған жерлес спортшыларға еліктеуші жастар қатары көп. Бұл орайда спорт саласына зор көңіл бөлу қажетілігі туындайтыны белгілі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың көмек көрсетуімен Мақаншы ауылында спорттық модул салу мақсатында қомақты қаржы бөлінбек. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар рәсімделу үстінде. Ол мақсатта республикалық бюджеттен 186 млн. теңге бөлінді. Аудан орталығындағы стадионды жөндеуге 29 млн. теңге қарастырылған. Тағы да бес хоккей қорабы жасалынбақ. Мектептер мен ауылдық мәдениет үйлерінен футбол, баскетбол, күрес, бокс сынды спорт түрлерінен көптеген секциялар ашылып, жалпы бұқара спорттық шараларға тартылуда.
Рейтинг бойынша ілгерілеу бар
Үржар ауданы облыстағы қалалар мен аудандар арасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер рейтингісі бойынша алтыншы орынға көтерілді. Бұл алған бағыттың оң екенін көрсетсе керек. Аудандағы бірінші кезекте көңіл бөлініп отыр-ған сала ауылшаруашылығын дамыту мен әлеуметтік шараларды мемлекеттік бағдарламалар негізінде тиімді түрде жүзеге асыру. Бұл бағытта өткен жылы Елбасының Жолдауы аясында бағдарлы жұмыстар жүргізіліп, нәтижесі елдің игілігіне айналды.
Үржар ауданының қазіргі даму қарқыны әсіресе әлеуметтік салаға қарасты шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағыты бо-йынша облысымыздың іргелі екі шаһары Семей мен Өскемен қалаларымен деңгейлес. Демек, әлеуеті кең, мүмкіндігі мол өңірдің бағындырар белес-тері әлі де алда дееген сөз.
***
Ернұр Бурахан, ШҚО ішкі саясат бас-қармасы басшысының орынбасары.
— Теңге девальвациясына байланысты ауданда баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған қандай шаралар атқарылуда?
— «Теңге бағамының өзгеруі экономикаға кері әсерін тигізбеуі керек» деген Елбасы сөзін негізге ала отырып, іргелі шаралар жасалды. Бұл бағытта аудан көлеміндегі кәсіпкерлерді жинап, басқосу өткіздік. Баға негізсіз көтерілмейді. Ауданда 533 сауда дүкендері бар. Барлығы да түсіністік танытып, қолдау көрсетті. Мен бұл орайда қолдау танытқан барша кәсіпкерлерге рахметімді айтқым келеді. Ауданымызда бүгінгі күні азық-түлік бағасы тұрақты. Әлеу-меттік нанның бағасы 45 теңгеден сатылуда. Бір кәсіпкер келіп тіпті 42 теңгеден сатуды ұсынды. Осындай түсіністік танытқан ел азаматтарына алғыстан басқа не айтамыз. Сонымен қатар облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткізген селекторлық кеңесте біз Өскемен қаласында ауыл шар-уашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізуді ұсындық. Аудандағы кәсіпкерлер өз тауарларын, ет, балық, көкөніс өнімдерін алдағы сенбі күні облыс орталығына әкеліп саудалайтын болады. Бүгінде өңіріміз бойынша азық-түліктің мол қоры бар. 5 мың 200 тонна астығымыз, 1 300 тонна ұн, 200 тоннадай өзімізде өндірілген шекілдеуік майы сақтаулы. Одан өзге де күнделікті тұтынылатын азық-түлік өнімдері жеткілікті әрі бірқалыпты бағада тұр. Кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізе отырып, дәрі-дәрмек бағасын да қымбаттатпау туралы меморандумға қол қойдық. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғаса бермек.
Қуаныш Жолымбет,
«Семей таңы» газеті:
— Үржар ауданында соңғы үш жылдың көлемінде аусыл дерті шыққанын білеміз. Осы індетті жою және алдын алу мақсатында қандай шаралар атқарылды? Сондай-ақ, өңірдегі төрт түлік малдың саны қанша?
— Иә, аусыл дертінің орын алғаны рас. Оны жою және алдын алу бағытындағы бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, 1 200 бас ауру мал жойылды. Үкімет тарапынан 174 млн. теңге қаражат берілді. Жалпы, аусылдың кесірінен шығынға ұшыраған малдың орны бүгінде толтырылды. Шаруалар 3 мың 800 бас қой, 3 мың бастай ірі қара сатып алды. Өткен жылы мүйізді ірі қара саны ауданымызда 64 мың болса биыл, 68 мыңға жетті. Өсу деңгейі жоғарылады. Жалпы, мал басын көбейту, індеттердің алдын алу мақсатында бірқатар тапсырмалар берілді. Аудан көлеміндегі малдәрігерлерінің басын қосқан үлкен жиын өткізілді. Жалпы бұл жағдай біздің қадағалауымызда тұр. Бүгінде аусыл ауруы ауданда толығымен жойылды деуге негіз бар.
Ерзат Жанатұлы, «Семей таңы» газетінің жауапты хатшысы:
— Ауылшаруашылығы саласына инновацияны енгізудің берері көп екені белгілі. Бұл Елбасының Жолдауында да баса атап көрсетілген болатын. Аталмыш бағытта өңірлеріңіз бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Ауылшаруашылығы саласына ғылыми жаңалықтарды дендеп енгізудің берер тиімділігі мол. Мәселен, Үржар ауданындағы суармалы егістік жерлерге түрлі тыңайтқыштар пайдаланылады. Өсімдік шаруашылығы бойынша соя, рапс өсіру ісі кеңінен жолға қойылуда. Сондай-ақ, мал тұқымын асылдандыру бағытында да жемісті түрде жүзеге асқан шаралар бар. Диқандар ылғалды сақтау технологиясын пайдалануға көшіп жатыр. Бұл тарапта ауданымыздағы «Бәтуа» ЖШС жаңашыл істерімен көшбасында тұр.
Мейрамтай Иманғали, «Дидар» газетінің тілшісі:
— Алакөлде мұнайдың табылғаны жайлы дерек бар. Осы туралы айта кетсеңіз. Сондай-ақ, Алакөл жағалауында биыл қандай жұмыстар жасалынбақ? Туризмді дамыту бағытында қандай шаралар қолға алынбақ?
— Алакөлден мұнай іздестіру жұмыстары осыған дейін жүргізілген болатын. Бірақ, әзірге тоқтап тұр. Ал, көлге байланысты шаралар биыл қауырт жүргізілмек. Жағалауды ретке келтіруге байланысты тапсырмалар облыс әкімі тарапынан қо-йылған болатын. Бұл бағытта көлде тол-қын тоқтатқыш пирстар орнату мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін ғалымдардың кеңесіне жүгініп отырмыз. Қазіргі күні жобалық-сметалық құжаттамалар жасалынуда. Сәтін салса бұл бағыттағы шаралар биыл қолға алынатын болады. Сонан соң үлкен көңіл бөлетін тағы бір жайт — Алакөл бойындағы туризмді дамыту болып отыр. Жағажайда жылына 200 мыңның үстінде турист келіп демалады екен. Бұл бағыттағы шараларды ілгерілету күн талабында тұр. Бірінші кезекте көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту қажет. Санитарлық талаптардың сақталуын да қадағалаумыз керек. Облыс әкімінің тапсырмасымен «Алакөл тазалық» коммуналдық мекемесін құрып отырмыз. Ол үшін аймақ басшысы 50 млн. теңге қаржы бөлгізіп берді. Біз жергілікті бюджеттен 16 млн. теңге қаражат қарастырдық. Аталмыш мекемеде 32 адам жұмыс жасамақ. Тағы бір кезекті мәселе, көл жағасы көркейтіліп, жарықтандырылатын болады. Автотұрақтар салынып, туристер үшін барынша жағдай жасалмақ. Жолдарды жөндеу көзделуде. Жалпы, Алакөл маңа-йын дамытудың бас жоспары жасалын- ған болатын. Осы мақсатта атқарылатын шаралар негізінде туристерді көптеп тарту мәселесі қарастырылып отыр. Көршілес Қытай елінен де демалушылар келеді деп күтілуде. Дегенмен, Алакөл жайлы сөз еткенде бірінші кезекте жол мәселесі ауызға оралады. Бұл жайт алдағы бір-екі жылдың ішінде шешімін табады деп үміттенеміз. Қазір Алматы-Үржар бағытында әуе рейсі ашылды. Сондай-ақ, аптасына екі рет Семейге де жолаушылар ұшағы қатынайды. Осы арқылы да туристер санын арттыру көзделуде. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға септігін тигізбек.
Елена Пашкевич, «Рудный Алтай» газеті:
— Үржар ауданындағы жастар саясаты жөнінде айтып өтсеңіз. Үржардағы жастардың КВН командасы премьер лигага өтіпті. Осы жайында ой бөліссеңіз.
— Үржар КВН командасы республикалық сайыстарға қатысып, финалға шықты. Бұл бізді қуантады. Біз демеушілер арқылы да, бюджеттен қаражат бөлу арқылы да олар-ға көмектесетін боламыз. Жалпы, ауданымыздағы жастар өте жігерлі. Түрлі па- триоттық шараларға қатысып, отаншыл екендіктерін көрсетуде. Белсенділіктері өте жоғары. Биыл шілде айында «Алакөл алауы» атты республикалық жастар форумын өткізбекпіз. Оған еліміздің әр түкпірінен жастар ұйымдарының белсенділері, ел патриоттары жиналмақ. Қазір бұл мақсатта жұмыстар жасалынып жатыр.
Жандос Қасенов, «Вести Семей» газеті:
— Үржар ауданындағы ауыз су мәселесі қаншалықты деңгейде шешімін тапты? Бұл бағытта алдағы уақыттарда қандай жұмыстар жасалынбақ?
— Ауданда елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы не бары 47 пайызды ғана құрайды. Бұл әрине көңіл толтырмайды. 55 елді мекеннің ішінде 30-ы таза ауызсумен қамтылмаған. Біз қазір бұл тараптағы мәселелерді шешу бағытында жобалық-сметалық құжаттамаларды даярлап жатырмыз. Тек осыдан кейін ғана мемлекеттен тиісті қаржы бөлінбек. Сол үшін де қазіргі күні құжаттамаларды даярлауға аудандық бюджеттен 28 млн. теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар менің тікелей қадағалауымда тұр.
Надежда Михеева, «Агрожизнь» газеті:
— Үржар алмасының дәмі де жұпар иісі де ерекше екенін білеміз. Осындай жеміс түрлерін алдағы уақытта Өскемен қаласына әкеліп саудаға шығару туралы жоспарларыңыз жоқ па? Сонымен қатар, соя өсіру бойынша облысымызда алдыңғы қатардасыздар. Бұл дақылды өсіру шаруалар еңбегін ақтай ма? Өнімді қайда, қалай өткізесіздер?
— Соя дақылын өсірумен ауданымыз бойынша «Бәтуа» ЖШС шұғылдануда. Өткен жылы серіктестік 1 мың 700 38 гектар жерден өнім жинады. Қамбалары тоқ. Даяр шикізатты негізінен Алматы облысына жөнелтеміз. Сонымен қатар, қазіргі күні сояны өңдеу жұмыстарын Үржарда жүргізу туралы келісім жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл дақылды әлем бойынша өте мол тұтынатын ел Қытай. Аталған мемлекетте жылына 20 млн. тоннадай соя дақылы пайдаланылады. Яғни, басты сатып алушыларымыз Қытай елі болмақ. Ал алма жемісінің отаны Үржар өңірі, Тарбағатай таулары екені баршамызға белгілі. Бұл орайда жерлесіміз Жанат Есенаманов есімді жігіт алманың апорт сортын өсіруді қолға алды. Нәтижесін уақыт көрсетеді деп білеміз.
P.S. Облыс орталығында өткен брифингте Үржар ауданының бүгінгі жаңар-ған, жасарған бет-бейнесі айқын көрініс тапты деп анық айта аламыз. Жиын барысында журналистердің сауалдарына дәлелді жауап қайырған аудан әкімі Серік Зайнулдиннің алға қойған жоспарларының да мол екендігін аңғардық. Төскейде мал, іргеде бау-бақшасы жайқалған өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы да ауыз толтырып айтуға тұрарлық тың жаңалықтарға толы екен. Елбасының «Қуатты өңірлер қуатты Қазақстанды құрайды» деген сөзін әкім ретіндегі қызметіндегі бір ұстанымы еткен аудан басшысы айтулы шаралардың жүзеге асуына ұйытқы бола білді деуге негіз бар. Президент тапсырмасы осылайша Үржар ауданында нақты істер арқылы жүзеге асып жатқанына брифинг барысында журналистер де ризашылық білдірді.
Иә, тек әлеуметтік сала мен экономикада ғана емес, мәдениет пен руханиятта да атқарылған істер көп. Брифинг барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісованы да сөзге тартып, патриоттық шаралардың жүргізілу барысы мен Елбасы Жолдауын насихатау тарапындағы жұмыстарының да нәтижелі екеніне көз жеткіздік.
Брифинг соңы журналистер қауымына арнап жайылған, Үржардың өз өнімде-рінен әзірленген дастархан басындағы жылы пікір, ілтипатты тілекке ұласты.
Еңсерілген ісТЕР
Өнеркәсіп. 4 783,1 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің табиғи көлем индексі 103,1 %-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы. Өндірілген өнімдерінің көлемі 30 561,3 млн. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 34,4 %-ға көбейді.
Есепті мерзімде мал және егін шаруашылықтары саласындағы барлық негізгі көрсеткіштердің өсу тенденциясы сақталды.
Бөлшек тауар айналымы. Көлемі 10 328,1 млн. теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 115,1 %-ға көбейді.
Инвестиция. 2013 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға жұмсалатын инвестиция көлемін 6977,2 млн. теңгені құрады. Соның ішінде : жеке меншік қаражаты есебінен жұмсалған инвестиция көлемін былтырғы жылмен салыс-тырғанда 2,2 есеге дейін көбейді.
Кәсіпкерлік. Есепті жылы 14 дүкен, 8 наубайхана, 2 қонақ үй, 7 шаштараз, 3 дәріхана, 1 сауда үйі, 6 қоғамдық тамақтандыру орны, 1 май тарту цехы, 1 қасапхана, 1 мал базары, 2 сауна, 1 қоғамдық монша, 1 ағаш бұйымдар жасайтын цех, 1 техника жөндеу орталығы жаңадан іске қосылып, қосымша 89 жұмыс орны ашылды.
Бюджет. 2013 жылғы ауданның жоспарланған бюджет шығыстары 6 123,4 млн теңге, нақты кассалық шығыстары 6 115,9 млн. теңге, яғни аудан бюджетінің шығыстары 99,9% — орындалды.
Жыл қорытындысы бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аудан бюджеті меншік кірістерінің көлемінің өсу қарқыны 110,8 % — ды құрап, жиналған салық көлемі 886,0 млн. теңгені құрады.
Білім беру. Ауданда 52 мектеп, «Үржар колледжі», 1 музыка, 1 спорт мектебі, балалар үйі, «Балалар шығармашылық үйі», 28 балабақша жұмыс істейді. 52 мектепте толық және қысқа күнді шағын орталықтар ұйымдастырылып, оған 3755 бала қамтылды.
Әлеуметтік сала. 2012 жылмен салыстырғанда жұмыссыздардың саны 5,9 %-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 32,9 %-ға, және балалар жәрдемақысын алушылар саны 13,2 %-ға азайды. 373 адам жұмысқа орналастырылып, 399 адам төлемді қоғамдық жұмысқа тартылды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін 2013 жылға 15 110,0 мың теңге бөлінді.
Жастар іс-тәжірибесін ұйымдастыруға 2013 жылға барлығы 8 176,0 мың теңге бөлініп, 74 түлектер жастар практикасына жолданып, соның ішінде 22 түлек тұрақты жұмысқа орналасты.
Денсаулық сақтау. 2013 жылы облыстық бюджеттен барлығы емдеу мекемелерінің жөндеу жұмыстарына 72,9 млн. теңге қаржы бөлініп, межеленген жұмыстар атқарылды.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ,
«Семей таңы»