Биыл рухы асқақ, тұғыры биік мемлекетіміз төртінші онжылдыққа қадам басты. Өткен жылдарға көз салсақ, еліміздің жеткен жетістіктері аз емес. ҮШ ҒАСЫРҒА бергісіз ҮШ ОНЖЫЛДЫҚТА ұмыт болған ұлы тарих қайта оралды. Рухымыз жаңғырып, өшкеніміз жанды. Шекара шегенделіп, мемлекеттілігімізді айқындайтын рәміздеріміз, төл теңгеміз, Ата Заң, ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарымыз қабылданды. Мемлекетіміз ядролық қарудан бас тартып, әлемге бейбітшілік идеясын паш етті.
Ерке Есіл жағасында елордамыз бой көтерді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы қазіргі заманның жаһандық мәселелерін шешу бойынша диалог алаңына айналды.
Әлем дінбасыларын бір үстел басына жиып, ЭКСПО көрмесін жоғары деңгейде өткіздік.
Әрине, мұның барлығы ұлы замандасымыз — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.
Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты, көрегендігі арқасында еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан Семей сынақ полигонын жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде әлемге танылды.
БІРІНШІ ОНЖЫЛДЫҚ
Бейбітшілік кіндігі
Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі – Семей ядролық полигонының жабылуы. Тұңғыш Президент бастамасымен орасан зор ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартып, Семей сынақ полигонын жауып, бүкіләлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылған мемлекет екенін көрсеттік.
Тарихқа көз жүгіртсек, Семей полигонында ядролық қаруды сынау 1949 жылдан 1989 жылға дейін жүргізілді. 1963 жылға дейін халық пен қоршаған орта үшін аса қауіпті жер үстіндегі жарылыстар жасалды. Барлығы 468 сынақ өткізілді, олардың жалпы қуаты 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп. Әлемдегі ядролық қарудың барлық сынақтарының төрттен бірі дәл осы Семей полигонында өткізілді.
Осындай, елді дүрліктіріп, жерді дірілдеткен ең ірі полигонның үні Елбасы Жарлығымен 1991 жылы 29 тамызда мәңгілікке өшті. Бұл — қазақ тарихында алтын әріппен жазылған күн еді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы Жарлығы бүкіл әлем бойынша басқа да ядролық полигондардың жабылуына жол ашты. Біздің елден кейін Ресей, АҚШ, Франция және Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер өз полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялаған еді.
Елбасының бейбітшілік идеясы өз жалғасын тапты. Қазақстан Семей ядролық полигонын жауып қана қоймай, әлемдегі қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Осылайша, Қазақстандағы Семей полигоны мен одан кейін бүкіл әлем бойынша ядролық полигондардың жабылуы 1996 жылы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың қабылдануына жол ашты деп айтуға болады. Әрине, бұл әлем жұртшылығы үшін маңызды оқиға болды. Біздің еліміздің ұсынысы бойынша 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
Тұңғыш Президенттің бастамалары арқылы еліміз халықаралық қоғамдастық тарапынан сенімге ие болды. 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Семей шартына қол қойылды. Бұл Елбасы бастамаларындағы жаңа қадам еді.
Орталық Азия аймағының барлық қатысушылары – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан 2014 жылы бес ядролық мемлекеттен қауіпсіздік кепілдігін алды. Бұл біздің аумақта ешқандай жағдайда ядролық қару орналастырылмайтынын білдіреді.
Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағы бір бастамасы – 2016 жылғы 31 наурызда Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммитте жарияланған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесі. Бұл құжатта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемге төніп тұрған сын-қатерді, болып жатқан келеңсіз оқиғаларды айта келе, ядролық қарусыз әлем құру бүкіл адамзаттың және барлық дүние жүзі үшін өзекті мәселе екендігін айқындап берді. Елбасының «Қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі» деген тұжырымы әлем жұртшылығын және мемлекет басшыларын үлкен жауапкершілікке шақыратыны сөзсіз.
Әлем таныған Абай
Тәуелсіздік тарихындағы мәдениет саласындағы маңызды оқиға ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мерейтойлары болды.
1995 жыл ЮНЕСКО көлемінде Абай жылы деп жарияланды. 10 тамызда салтанатты іс – шаралар Ұлы ақынның Отаны – Семей қаласында өтіп, облыстық музыкалық — драма театрында ақынның мерейтойына арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды. Салтанатты кешке ЮНЕСКО Бас хатшысы Федерико Майор, Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Абай Құнанбаевтың 150 жылдығын мерекелеу жөніндегі салтанатты іс-шаралар ЮНЕСКО қамқорлығымен Қазақстанның мәдениетаралық ынтымақтастығының жаңа заманауи кезеңін ашты. Салтанатты шараға мемлекет басшылары, премьер-министрлер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері бастаған 25 елдің және халықаралық ұйымдардың делегациялары қатысты.
Көрнекті гуманист және ағартушының мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар Германия, Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Венгрия, Түркия, Қытай, Египет, Үндістан, Пәкістан, Моңғолия және т.б. елдерде ұйымдастырылды. Осы ретте қазақтың бас ақынының 150 жылдығына арналған салтанатты мереке Қазақстан үшін ғана емес, жалпы түркі әдебиеті мен мәдениеті үшін ЮНЕСКО қамқорлығымен бүкіл әлем бойынша өткізілген алғашқы мерейтойлық іс-шара болғанын атап өткен жөн. Бұл, әрине, қазақ елі үшін үлкен мақтаныш.
Осы орайда ғұлама ойшылдың мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуіне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан. Неге десеңіз, ереже бойынша, ЮНЕСКО көлемінде соңы бірнеше нөлмен аяқталатын сандарға сәйкес келетін мерейтойлар ғана аталып өтілетін еді.
1993 жылғы 3 қарашада ЮНЕСКО Бас конференциясының 180 елдің мүшелері жиналған 27-сессиясында бір ауыздан Абайдың туғанына 150 жыл толуын ірі мәдени оқиға ретінде әлемдік ауқымда өткізу туралы шешім қабылданды.
Бұл жақсы хабар Ұлы даланы лезде шарлап өтіп, Қазақстанның көп ұлтты халқын қуанышқа кенелткені сөзсіз.
ЕКІНШІ ОНЖЫЛДЫҚ
Достықтың алтын көпірі
Тәуелсіздік жылдарындағы қала тарихындағы орасан зор оқиғалардың бірі деп қарт Ертіс арқылы өтетін көпір құрылысын айтуға болады. 1998 жылы Семейде салынатын аспалы көпір құрылысының жобасына халықаралық тендер жарияланып, бас мердігерлікті құрылыстың осы түрімен айналысуда әлемге танылған жапондық «Аячай» компаниясы жеңіп алған еді. Аспалы көпір құрылысының жобасын жасаған – жапондық Исакавадзима Харима Хеви Индастриз Компаниясы. Көпірдің негізгі жабдықтары 67 мың шақырым қашықтағы Жапония елінен су және құрылық жолдары арқылы тасымалданды. Мацузава басқарған «Аячай» фирмасы Америкада, Түркияда, Оңтүстік Кореяда осындай көпірлердің құрылысын жүргізген, тәжірибесі мол болғандықтан құрылыс жұмысында айтарлықтай кедергілер болмады. Екі мемлекет арасында жасалған келісімге орай, Жапония елі көпір құрылысына 165 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп, 2,7 пайызбен 30 жылда қайтару мәселесі де алдын ала пысықталған.
Көпірге келіп тірелетін ұзындығы 16 шақырым жол құрылысын жүргізумен Түркияның «АлсимАларко» фирмасы айналысты. Жаңа көпірдің үстіне төселген табиғи асфальт Кариб бассейніндегі Трининад көлінен Семейге арнайы жеткізілген болатын. Аспалы көпір құрылысына өз елімізден 30-ға жуық фирмалар қатысса, жұмысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құрады. Тәуелсіздігін енді алып, етек-жеңін әлі жинап үлгермеген жас мемлекет үшін бұл құрылыс үлкен қолдау болды. Жұмыссыздар жұмысқа тартылды.
Аспалы көпір бүкіл қазақ елі үшін тарихи маңызы зор құрылыс болды. Семейдегі аспалы көпір әлемдегі осындай 17 көпірдің бірі болса, ТМД-дағы бірінші көпір. Ертіс бойындағы осы тарихи оқиғаға – көпірдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп қатысып: «Бұл көпір – Қазақстан тарихындағы ең үлкен құрылыс»,– деп баға берген болатын.
Тек Семей мен Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия мен Батыс Сібірді байланыстыратын халықаралық маңызы зор бұл аспалы көпір – Тәуелсіздіктің төл туындысы.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «IHI» фирмасы арасындағы келісімшартқа сәйкес, жаңа көпірдің құрылысы 42 айда аяқталуы қажет еді. Дегенмен нысан рекордтық мерзім — 30 ай ішінде дайын болып, белгіленген мерзімнен бұрын, 2000 жылдың 16 қазанында пайдалануға берілді.
Мердігер ұйым «Алсим Аларко» түрік фирмасы болды, ал асфальт төсеу үшін «Қазжолдор» мен Шығыс Қазақстан облысының жол ұйымдарының үздік күштері тартылды.
Бірегей құрылымның құрылысына алты елдің өкілдері қатысты. Халықаралық көпір салушылар жасағының құрамында қазақстандықтар, жапондықтар, түріктер, британдықтар, қытайлар және филиппиндіктер болды.
Семипалатинск емес — Семей!
2007 жылдың 19 маусымында семейліктердің өмірінде ерекше оқиға орын алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей қаласына сапарынан қала тұрғындары үлкен жаңалық күткен болатын. Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өткен алқалы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы қаланың «Семипалатинск» деген орыс тіліндегі ресми атын орысша да, қазақша да «Семей» деп өзгерту жайлы ұсыныс тастады, қазақ мәдениеті мен руханиятының отаны болып саналатын қарт Семейдің тұрғындары тарапынан бұл ұсыныс бірден қолдау тапты. Көп күттірмей, сол жылдың маусым айының 21-і күні, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласын Семей деп қайта атау туралы арнайы №351 Жарлығы жарыққа шықты. Елбасы өзі атап өткендей, бұл, бір жағынан, әлемдік қауымдастық алдында Семей ядролық полигонын еске түсіретін негативті атау. Оның үстіне тәуелсіздік таңындағы ұлттық идеология тұрғысынан да қазақы ұғым-түсінікке кереғар болатын. Бұл ретте Елбасының көреген саясатының бір көрінісін байқаймыз. Яғни егемендікке қол жеткізіп, ел еңсесін көтеріп отырған шақта қарт шаһардың бабаларымыз атап келген байырғы атауын ресми түрде қайтару үлкен қажеттілік болатын.
Қаланың қайтадан Семей аталуы тарихи тұрғыдан да әділетті шешім болды. Себебі, тарихшылар мен түркітанушылардың пікіріне сүйенсек, «Семей» сөзі көне түркі тілінде «рухани орын» деген мағына береді екен. Ал ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан Семей шаһарының Қимақ дәуірінен бері қарайғы тарихы мың жылдан асатынын зерттеуші ғалымдар жиі айтып жүр.
Өңір өндірісінің өрісі кең
Тәуелсіздік жылдарында Семей қаласының өнеркәсіп кешенінде экономикалық реформалар жүргізілді. Жаңа өндірістер, цехтар іске қосылып, технологиялар мен өнімдердің жаңа түрлері игерілді.
Осылайша, 1994 жылы Қаражыра көмір кен орнын пайдалану басталып, «Қаражыра» АҚ өңірдің тау-кен өндіру саласының негізіне айналды. Қазіргі уақытта көмір өндіру жылына 7,0-8,0 млн тоннаны құрайды.
Осы жылдары металлургия өнеркәсібі де одан әрі дамыды. Сульфидті кендерді қайта өңдеу бойынша BIOX® жаңа технологияларын пайдалана отырып, «Алел» ФИК» АҚ-ның «Суздальское» кен орнында жаңа тау-кен өңдеу кешені салынды.
Тәуелсіздік жылдарында қалада қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп салаларының бірі – машина жасау өнеркәсібі.
2007 жылғы 27 қыркүйекте қаламыздың «СемАЗ» ЖШС өндірістік алаңдарында Daewoo автобустарын өндіру зауытының ашылу рәсімі болып өтті.
«DaewooBusKazakhstan» автозауытын құру Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» даму стратегиясында қойылған мақсаттарға толық жауап береді. Автобус зауытының басты мақсаты – Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамыту.
Бұл өндіріс Қазақстандағы импортталатын машина жиынтықтарынан тораптар мен агрегаттарды құрастыруды ғана емес, сондай-ақ шанақтарды құрастыру-дәнекерлеуді және сырлауды қамтитын толық циклді бірінші автоқұрастыру кәсіпорны болды. Инвестициялар 5 млн долларды құрады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1200 автобусты құрайды.
Аталған кәсіпорынның құрылуы республикамыздың экономикасына 2,5 млн доллар сомасында шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта «СемАЗ» ЖШС-да «Беларус» тракторларын, «Урал», «Фотон», «Шасман» жүк автомобильдерін, Газель көлігінің түр-түрін, «Dong Feng» және «ZHONGTONG» автобустарын, сондай-ақ «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-да автобустар мен шағын автобустарды құрастыру өндірісі қалыптасқан. Сондай-ақ «Казэлектромаш» ЖШС және «EAST INDUSTRY COMPANI Ltd» ЖШС кабельді-өткізгіш өнімдерін құрастыратын жаңа зауыттар салынды. «Семей механикалық зауыты» ЖШС-да жүк автомобильдеріне арналған аудармалы шанақтар өндірісі енгізілді.
Уақыт талабына сәйкес құрылыс материалдарын өндіру қарқынды дамып келеді. «Alina Group» ЖШС (Алина Групп) филиалында құрғақ құрылыс қоспаларының, желімнің, полимерлер негізіндегі бояулардың, цемент-құм жабындық черепицаның, қаптауыш тақтайшалардың, тротуар тақтайшаларының, «Семей құрылыс материалдары» ЖШС-да автоклавты газобетонның, «Фирма «Азия» ЖШС-нің темірбетон бұйымдары зауыты филиалында көп қуысты темірбетон жабын тақтайшаларының және электр желілері бағаналарының, сонымен қатар басқа да өнімдер «Олжас» ЖШС-да шығарылуда. «Семей механикалық зауыты» ЖШС-да темірбетон бұйымдарының жаңа өндірісі іске қосылды. «Сәт Транс» ЖШС-да үй құрылысы комбинаты іске қосылды.
Құрылыс саласының көне кәсіпорындары «ПК Цемент зауыты Семей» ЖШС, «Силикат» ЖШС бұрынғыдай жаңа құрылысты цементпен, силикат кірпішпен қамтамасыз етеді.
«ФИК» «Алел» АҚ металлургия зауытының қазіргі процестерін жаңғырту мақсатында «Суздальское» кен орнында 2,3 млрд теңге сомасына «Көмір десорбциясы мен электролизінің жаңа цехын салу» жобасы жоспарлануда. Жобаны іске асыру зауыттың қуатын 7,5 текше метрден 16 текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл алтын шығарудың 4 пайызға және 100 жаңа жұмыс орнын құра отырып, бюджетке төленетін салық төлемдерінің жылына орта есеппен 277,0 млн теңгеге ұлғаюына әсер етеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, құрылысқа арналған алаң дайындалды. Жобаны іске асыру 2022 жылға жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, Берқара кен орнының базасында «ARX Minerals» компаниясы кен өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде. Жобаны іске асырумен бірге жылына 500 мың тонна кен өндіру және 4 мың тонна көлемінде катодты мысты қайта өңдеу жоспарлануда. 300 жұмыс орны құрылады. Инвестицияның жалпы көлемі 12,7 млрд теңгені құрайтын жоба келесі жылы іске қосылады деп күтілуде.
Биылғы жылдың шілде айының соңында «QAZAQ ASTYQ GROUP» ЖШС-нің жеке инвестицияларының арқасында 20 жылдан астам уақыт бойы тоқтап тұрған әйгілі «Семей Су» кәсіпорнының базасында күнбағыс, рапс және соя сияқты мультикультураларды өңдеудің автоматтандырылған кешені пайдалануға берілді. Өңдеу қуаттылығы — тәулігіне 1200 тонна күнбағыс тұқымы немесе тәулігіне 800 тонна рапс тұқымы. Кәсіпорында 220 жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар он жылдық үзілістен кейін өндірістік қуаты жылына 6 000 (350 мың тері) тоннаға дейінгі шикізатты өңдеуге мүмкіндік беретін былғары-тері комбинаты кәсіпорны қайта жаңғырды.
ҮШІНШІ ОНЖЫЛДЫҚ
Білімді ұрпақ – ұлт болашағы
1991 жылдан бері Семей қаласында жеті жалпы білім беретін мектеп (№37 гимназия, №№47, 48, 11, 44, 49, Жарқын орта мектебі), сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Білім инновация» лицейі және «Жас Ұлан» лицейі ашылды. Бұл білім мекемелері оқушылардың жаһандық қоғамның болашақ көшбасшылары ретінде өзін-өзі қалыптастыруы үшін сапалы білім береді. Білім беру сапасын жақсарту мақсатында Экономикалық лицей Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғимаратына көшті, оқушылар контингенті 900 балаға дейін өсті, қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылды.
Қазіргі уақытта Шығыс кентінде 1200 орындық және Степной кентінде 300 орындық жалпы білім беретін орта мектеп құрылысы жүргізілуде.
№26 орта мектепте, №6 гимназияда спорт залдарының қосымша ғимараттары салынды.
Қазіргі уақытта жеке меншік балабақшалар желісі қарқынды кеңеюде. 28 жеке меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 2 мемлекеттік, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде салынып жатқан Қарағайлы және Ұшақтар аудандарында 280 және 320 орындық (барлығы 5 мыңнан астам орын) екі балабақша ашылды. Бұл орын тапшылығын қысқартуға және үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды жүз пайыз қамтуға мүмкіндік берді.
Балалардың қабілеттерін дамыту үшін қосымша білім беру мекемелері — Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы, Татар өнер мектебі, балет мектебі, қаланың әр түрлі аудандарындағы 24 клубты біріктіретін аула клубтарының қауымдастығы және ғылыми-практикалық білім беру және туризм орталығы ашылды. Бұрынғы Семей облысы мен Семей қаласының құрылу тарихын зерттеу мақсатында Білім мұражайы ашылды. Мұражай Семей Семей қаласының білім беру жүйесінің қалыптасу тарихы, қаланың білім беру жүйесінің көрнекті қайраткерлері, Педагогикалық әулеттер, Ұлы Отан соғысына қатысқан педагогтер, «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру», «Жас Ұлан», «Жас Қыран» бөлімдерінен тұрады.
Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Мектептердің көпшілігі интерактивті жабдықтармен, мектептердің 80 пайызы жаңа модификация кабинеттерімен қамтамасыз етілді. Барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернет жүйесіне қосылған, «Күнделік KZ», «Білім Медиа» жобалары енгізілген.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің бастамасымен «Менің мектебім» жобасы аясында мектептерде жаңа модификациядағы 92 кабинет ашылды. Оның ішінде 50 мектепте IT-сыныптар жаңа компьютерлік техникамен, робототехникаға арналған құралдармен қамтамасыз етілген. IT-сыныптарда оқушылар бағдарламалауды, 3D модельдеу мен роботтарды құрастыруды үйренеді. Жобаны іске асыруға қаламыздың меценаттары да үлес қосты. Жыл сайын 20 жаңа модификация кабинеті сатылып алынады.
Орта білім берумен қамтуды қамтамасыз ету көрсеткіштерінің бірі инклюзивті білім беруді іске асыру болып табылады. Қалада мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін түзету-дамыту білім беру сыныптары, қаланың 60 мектебінде инклюзивті білім беру сыныптары ашылды. 50 мектепте психология кабинеттері және оқушыларға психологиялық көмек көрсету үшін ресурстық аймақтар жұмыс істейді.
Жыл сайын біздің қаламыздың педагогтері педагогикалық шеберлік сайыстарының жеңімпаздары атануда.
Саламатты Семей
Денсаулық сақтау саласы қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы ғана емес, еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін орасан зор қаржы бөлінуде, жеке меншік секторды қоса отырып қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізілуде. Дәрігерлерді оқыту мен олардың қызығушылығын арттыру бойынша жаңа кадр саясаты қалыптасты.
Сапалы денсаулық сақтау жүйесі – ХХІ ғасырдағы ел дамуының айрықша әлеуетті факторы. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың денсаулығын қорғау мемлекетіміздің басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде аталған саланы дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асты.
Осы ретте тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Үкімет пен облыс басшылығының қолдауымен Семей қаласында да денсаулық саласында жағымды өзгерістер орын алуда. Медициналық жабдықтар жаңартылып, жаңа инновациялық технологиялар енгізілуде.
Медицина кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау мақсатында біліктілікті арттырудың көшпелі циклдері мен шеберлік сыныптары, сондай-ақ шетелдік (Ұлыбритания, Варшава, Жапония, Ресей, Молдова) мамандардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар және шет елде оқу ұйымдастырылды.
«Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бағдарламасы бойынша 2019-2021 жылдары қаламыздың 74 медицина қызметкері әлемнің жетекші клиникаларында оқытылды, оның ішінде 35 Ядролық медицина және онкология орталығының қызметкері, 33 жедел медициналық жәрдем ауруханасы қызметкері, 6 перинаталдық орталықтың маманы бар.
Семей қаласының медициналық ұйымдарын медициналық жабдықтармен жарақтандыру 2019 жылы – 87,58 пайыз, 2020 жылы – 87,76 пайыз, ал 2021 жылдың 9 айында 87,49 пайызды құрады.
«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған, құрамында 10 мамандандырылған бөлімшесі бар, қуаттылығы 375 төсек-орындық Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасы қарқынды дамуда.
ШҚО денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы аясында
— 2018 жылы политравма және отохирургия орталығында жаңа жабдықтар сатылып алынды. Ашылған сәттен бастап жаңа жабдықта жамбас, тізе, иық буындарын эндопротездеу, буындардағы артроскопиялық операциялар сияқты жоғары технологиялық операциялар жасалуда.
2019 жылы 30 орынға арналған урология және гинекология бөлімшесі ашылып, жабдықтар сатылып алынды. Қазіргі уақытта операциялардың барлық түрлері жүргізілуде. Мамандандырылған бөлімшелердің ашылуы осы мекемеде шұғыл медициналық көмектің барлық түрлерін көрсетуге мүмкіндік берді.
2019 жылы гибридті операциялық бөлме үшін аурухананың 1-қабаты жөнделіп, жаңа жабдықтар сатылып алынды. 2019 жылдың шілдесінен бастап жылына 3000-ға жуық операция (тромбоэкстракция, эмболизация, ми ісіктерін жою және т.б.) жүргізілетін гибридті операция бөлмесі ашылды.
Ядролық медицина және онкология орталығы онкологияның бірнеше бағытын — химиотерапия, хирургия, оның ішінде маммология және онкогинекология, қатерлі ісіктердің сәулелік терапиясын біріктіреді.
2020 жылдың соңында 4К экраны кеңейген «Олимпус» эндобейнесі сатылып алынды, осы жабдықтың көмегімен торакоскопиялық және лапароскопиялық операциялар жүргізіледі. Бүгінге дейін 50-ден астам ота жасалды. Бұл жабдықтың артықшылығы аз инвазивті, жұмсақ емдеу әдісі болып табылады. Өз кезегінде, бұл пациенттерді операциядан кейінгі кезеңде тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында семейліктер үшін жағымды жаңалық – Ядролық медицина және онкология орталығында радиойодтерапия жүргізілетін Қазақстандағы алғашқы радионуклеидті терапия бөлімшесі ашылды.
Қазір Алматы қаласының ядролық физика институты өндіретін «технеция-99м» отандық препаратын қолдана отырып, БФЭКТ (бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография) және БФЭКТ/КТ арнайы аппараттарында радиоизотоптық зерттеулер жүргізілуде.
Радионуклидтік терапия бөлімшесінде қалқанша безінің радиоактивті йод ауруларымен ауыратын 149 пациент емделді (қазір 13 науқас емделуде).
Радионуклидтік диагностика бөлімшесінде (БФЭКТ-КТ гибридтік технологиясы) 399 пациент диагностикалық, 15 пациент ПЭТ/КТ тексеруден өтті.
Радионуклидтермен емдеуді отандық денсаулық сақтаудағы аса тапшы медициналық емшаралардың қатарына жатқызуға болады. Орталықтың диагностика бөлімшесінде жылына 6000 пациентті, терапия бөлімшесінде жылына 600 пациентті жоспарлы түрде өткізу қабілеті бар.
Осылайша, біздің пациенттер шет елге шықпай-ақ жоғары мамандандырылған медициналық көмекті тегін алатын болады. Ағымдағы жылдың қараша айының басында радиотерапиямен еліміздің түкпір-түкпірінен 120 науқас емделді.
ҚР Тұңғыш Президентінің «Қамқорлық» Қорының қолдауымен Семей қаласының перинаталдық орталығы базасында балаларды оңалту және катамнез орталығы ашылды.
Семей ядролық полигонының аумағында сынақтардың салдарынан зардап шеккен мүгедектер үшін құны 5,2 млрд теңге болатын 150 төсек-орынға арналған оңалту орталығының құрылысы басталды.
Денсаулық сақтау саласындағы басым бағыт ана мен баланы қорғау болып қала береді. Осы мақсатта ағымдағы жылдың шілде айында 85 орынға есептелген перинаталдық орталықтың жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Болашақтың қаласы
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей қаласын ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Елбасы Семей өңіріне, Абай еліне ерекше қамқорлықпен қарайды. 2013-2017 жылдары Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары іске асырылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы сәуір айында Семей қаласына жұмыс сапары барысында 2017 жылы Семей қаласын əлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың бесжылдық кешенді бағдарламасының аяқталғанын айтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын лайықты арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Облыс басшылығына Семей қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарламасын əзірлеуді тапсырып, бұл орта мерзімді перспективаға жоспарланған шаһарды өркендетудің міндеттерін жандандыруға мүмкіндік беретіні атап өтті.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, 2019 жылдың қазан айында Семей қаласының 2020 – 2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді.
Жалпы, инфрақұрылым, абаттандыру, тұрғын үй құрылысы, білім беру нысандары, денсаулық сақтау, спорт, кәсіпкерлік, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және т.б. салаларға қатысты жеті бағыт бойынша 56 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған.
Қаржыландырудың жалпы сомасы 260,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 98,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 85,5 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 76,2 миллиард теңге мемлекеттік-жеке меншік әріптестік және т.б. көздер есебінен бөлінеді.
Семей қаласын дамытудың кешенді жоспары бойынша 51 жобаны жүзеге асыруға өткен жылы 101,9 миллиард теңге, 2021 жылы 41,8 миллиард теңге бөлінді.
Мәселен, Восход кентінде бұрынғы «Семей Су» зауытының базасында жалпы инвестиция көлемі 9 млрд теңгені құрайтын мультикультураларды (күнбағыс, рапс, соя) өңдейтін автоматтандырылған кешен іске қосылды.
Денсаулық сақтау саласында Облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы ашылды. Бұл алдыңғы қатарлы әлемдік жетістіктер негізінде тек облысымыздың ғана емес, көршілес өңірлердің де онкологиялық ауруларын сапалы емдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «ИнВитро+» консультативтік-диагностикалық емханасының қосымша бөлігі салынды. Өз кезегінде, бұл тұрғындарды медициналық әлеуметтік оңалту үшін қосымша жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ биыл Қарағайлы шағын ауданында қаржыландыру көлемі 5,2 млрд теңге болатын 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының құрылысы басталды.
Оқушылар орнының тапшылығын жою мақсатында Шығыс кентінде 1200 орындық, ал Степной кентінде 300 орындық екі жалпы білім беретін орта мектептің құрылысы аяқталуда.
Жол саласында да бірқатар істер атқарылды. Мысалы, Жангелдин көшесінен Омбы — Майқапшағай жолына дейінгі ұзындығы 2,5 шақырым жол төсемі ауыстырылды. Республикалық бюджет есебінен республикалық маңызы бар Семей – Қайнар автожолында ұзындығы 99 шақырым жолдарға 3,7 млрд теңгеге орташа жөндеу жүргізілді. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 42,3 шақырым болатын қаланың 30 көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарына 3,2 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін Қарағайлы тұрғын ауданында 3,5 шақырым кварталішілік жолдар салынады.
Қарағайлы тұрғын ауданының құрылысына және тиісінше жылу энергиясына қажеттіліктің артуына байланысты желтоқсанға қарай РК-3 қазандығының қайта жаңарту жұмыстары (екінші кезек) аяқталады, бұл қазандықтың белгіленген қуатын сағатына 70 Гкал-ға дейін — екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Осы ауданда жалпы ауданы 328 мың шаршы метр болатын 65 көп пәтерлі тұрғын үй салынуда, оның ішінде ағымдағы жылы жалпы ауданы 119,6 мың шаршы метр (1478 пәтер) 26 тұрғын үйді салу жоспарлануда.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында ауданы 11,2 мың шаршы метр болатын 64 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Бейбітшілік, Смычка, Затон және Мирный аудандарында жалпы ұзындығы 1,7 шақырым болатын Ертіс өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Халықты таза ауыз сумен қамту жұмысын күшейту мақсатында Шақаман және Абыралы ауылдарына жалпы ұзындығы 40,3 шақырым су құбыры желілерін салу, Суық бұлақ ауылында ұзындығы 24 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Тәуелсіздік алғаннан кейін облыстарды оңтайластыру саясаты нәтижесінде Семей мен ШҚО біріктірілгенін жерлестеріміздің әр түрлі қабылдағанын да білеміз. Облыстар мен аудандардың біріктірілуі ел тәуелсіздігінің бастапқы он жылындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Дана Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын»,- деген болатын. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, киелі мекенге құрмет! Ендеше, Семей болашақтың қаласы деген сөзге сеніңіздер!
Тәуелсіздік атты киелі ұғым басына бақ болып қонған сәттен бері егемен Қазақстан түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, елеулі өзгерістерді басынан өткерді. Небары 30 жылда қазақ ұлты өзін күллі әлемге мойындатты. Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның стратегиялық реформалары мен алға қойған міндеттері түгелдей тәуелсіздігігімізді нығайтуға, адами және әлеуметтік капиталды арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту, азаматтық, патриотизм, білімділік, салауатты орта қалыптастыруға бағытталып отыр. Бүгінгі ұрпақтың пешенесіне жазылған ең үлкен бақыт – тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Бақытжан БАЙАХМЕТОВ,
Nur Otan партиясы Семей қалалық филиалының төрағасы,
Семей қаласының әкімі