Рубрика Тәуелсіздікке үлес қосқан тұлғалар
Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде еліміз толағай табыстарға қол жеткізді. Сол жетістіктеріміздің артында түрлі салада аянбай еңбек еткен көптеген азаматтар тұрғаны белгілі. Сондай азаматтардың бірі — танымал ғалым, профессор Амантай Исаұлы Исин.
Адам баласы дүниеге келген мезеттен-ақ оның алдында үлкен міндеттің тұратыны белгілі. Ол — Алла берген ғұмырында адам деген қасиетті атқа лайық болу, адамгершілік туын жықпай, жоғары ұстап өту. Ал мұның негізінде әрбір жанның өзінің ортасына, яғни қоғамына тигізетін игі істерінің жататыны аян. Осы ретте ұлы ақынның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан», «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген нақылдары ойға оралады. Осындай аталы сөздер бүкіл саналы ғұмырында әділдіктің, адалдықтың ақ жолымен жүріп, халқының игілігі үшін қызмет етуден жалықпаған, қайта содан қуат алған, қалдырған іздері сайрап жатқан ерекше жандарға арналып айтылатыны анық. Ер-азаматтың кемел жасы – жетпісті толтырғалы отырған жоғары мектептің ұлағатты ұстазы, елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал ғалым, профессор Амантай Исаұлы Исинді біз осы тұрғыдан білеміз. Кейіпкеріміздің азамат, тұлға ретіндегі қалыптасу жолына үңілсек, оның тағылымы мол өмір жолынан өткенін байқаймыз.
Амантай Исаұлы 1951 жылы 15 желтоқсанда бұрынғы Абыралы ауданындағы Қараөлең ауылдық кеңесіне қарасты Жалаулы тауының етегіндегі Қызылтас ауылында дүйім елге қадірлі болған Иса Биназарұлы мен Ғабида Оспанқұлқызының шаңырағында дүниеге келген. Осы берекелі үлкен отбасының кенжесі болған.
Амантай Исаұлының ата-бабаларының құтты мекені — халқымыздың небір ардақты перзенттерін дүниеге әкелген қазақ жерінің қасиетті бір пұшпағы Абыралы өңірі. Әбекеңнің арғы атасы Байназар мен үлкен әкесі Биназар кезінде ауқатты, елге сыйлы адамдар болыпты. Ал өз әкесі — халық ақыны Иса Биназарұлын заманында республика жұртшылығы жақсы білген. Иса Биназарұлы жауапты қызметтер атқарған. Мейірбан анасы Ғабиданың әкесі Оспанқұл молда да Абыралы өңіріне танымал адам болған.
Амантай Исаұлы 1969 жылы Алматыдағы № 25 орта мектепті аяқтағаннан кейін, 1969-1974 жылдары Семей педагогикалық институтының тарих факультетінде оқыды. 1934 жылы негізі қаланған Семей педагогикалық институты сапалы мамандар дайындауымен Одаққа белгілі болған республикадағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірі және бірегейі еді. Осы білім ордасының қабырғасында ғылымға аяқ басты. Ол институтта үздік оқуымен, ғылымға деген құштарлығымен, жеке басының мәдениетімен жұрт көзіне түседі. «Небір тамаша, өз ісіне берілген ұстаздардан тәлім алдым. Кәсібилігімнің, біліктілігімнің негізінде сол бір абзал жандардың еңбегі тұрғанын айтудан жалыққан емеспін. Мені алғаш рет ғылымға жетелеген ұстазым Ивашкин Серафим Семенович болды. Ұстазым архив ісімен айналысудың қыры мен сырын, ғылыми ізденіске мұқият болуды үйретті. Үшінші курстан бастап менің ғылыми жетекшім Гноевых Виктор Петрович болды. Осы бір өз ісінің білгірінің басшылығымен дайындалған ғылыми жұмысым 1972 жылы мені Республикалық және Бүкілодақтық студенттік ғылыми жұмыстары конкурсының лауреаты атандырды»,- деп, Амантай Исаұлы өмірінің студенттік кезеңін аса бір жылылықпен еске алады. Профессор В.П.Гноевых оның дипломдық жұмысына да ғылыми жетекші болыпты.
Әбекең педагогикалық институтты үздік бітіргеннен кейін, еңбек жолын Семейдегі № 13 мектепте мұғалім болып бастайды. Ғылымға деген қызығушылығы жоғары жас жігіт осында жүріп-ақ аймағымыздың әдеби және музыкалық мұрасын жинауды қолға алады. Бір тамашасы, осы іске бейімі бар шәкірттерін де тартады.
Халқымыздың бай әдеби және музыкалық мұрасын жинауы оның 1980-1981 жылдары Облыстық халық шығармашылығы орталығында еңбек еткен кезінде аса нәтижелі болды. Ол облыстың барлық аудандарын аралап, мол әдеби және шежірелік мұра жинақтады.
Осы кезеңдерде Әбекеңнің журналистикаға бейімділігі байқалады. Ол 1980-1982 жылдары «Семей таңы» газетінде тілші болып та нәтижелі еңбек етті. Кейінірек халықаралық «Абай» журналының редколлегия мүшесі және бөлім меңгерушісі болып қызмет еткенде де журналистік қырын таныта білді.
1983 жылы Семей педагогикалық институтының сол кездегі басшылығы жемісті еңбек етіп, ел аузына ілінген түлектерін оқытушылық қызметке шақырады. Міне, осы жылы Әбекеңнің қиындығы мен қуанышы қатар жүретін ұстаздық және ғалым ретіндегі өмір жолы басталды.
Әбекең жүрек қалауымен ғылыми ізденістер, зерттеулер жүргізу үшін тарих ғылымының аса күрделі және қызықты салаларының бірі – медиевистиканы, яғни ортағасырлар тарихын таңдап алады. Бұл сала, әдетте, ғалымдардан көне тілдер мен ескі жазуларды білуді талап ететіні белгілі. Жас ғалымды отандық тарихтың сонау көне түрік кезеңінен бастап Қазақ хандығының соңына дейінгі ақтаңдақтары мол кезеңі қызықтырады. Ол Алтын Орда дәуірінен кейінгі Қазақ хандығы мен Ноғай ордасы арасында қалыптасқан қарым-қатынасты өзінің кандидаттық диссертациясының зерттеу нысаны ретінде таңдап алады. Амантай Исаұлы Ресей архивтеріндегі орта ғасырлардағы Алтын Ордаға, Қазақ хандығына, Ноғай ордасына және Мәскеу мемлекетіне қатысты деректерді зерттемес бұрын ноғайлар мен қазақтар пайдаланған қадыми араб жазуының түрлерін меңгереді. Сонымен бірге ол ескі орыс тілін де білетін.
Амантай Исаұлы қазақ пен ноғай сияқты екі халықтың ортақ тарихына қатысты мәселелерді тыңғылықты зерттеу нәтижесінде тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Осы ретте айта кеткен жөн, Амантай Исаұлы содан бері және қазіргі күнге дейінгі қазақ — ноғай қатынастарын зерттеуші Қазақстандағы бірден-бір, ал шет елдердегі сирек мамандардың біріне айналды. Оның терең және тиянақты ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген «Әділ сұлтан эпикалық жыры», «Казахское ханство и Ногайская Орда во второй половине 15-16 вв» монографиялары және өзі қатысқан ұжымдық зерттеу «История Казахстана в русских источниках. Т.1. Посольские материалы Русского государства (15-17 вв.)» сол тарихи кезеңнің оқиғаларынан мол хабар беретін аса құнды еңбектер болып табылады. Амантай Исаұлы Ресейдің архивтерінен Қасым ханның 1521 жылы қыстың соңына қарай қайтыс болғандығы туралы қазақ жерінен Мәскеуге жеткен ақпар мәтінін тауып, оны зерттеп, 1985 жылы ғылыми айналымға шығарды. Ал 2005-2006 жылдары осы бағыттағы зерттеулерге жататын Ақназар ханның 1571-1572 жылдары Мәскеуге жіберген елшілігі, Есім ханның 1627 жылғы Тәшкен жорығы туралы деректерді тауып, зерттеді, ноғай мен қазаққа ортақ Доспанбет Азаулының өмір сүрген уақытының 1535-1595 жылдарға сәйкес келетінін Мәскеудің Қырым елшілік құжаттары арқылы нақтылап, оларды ғылыми айналымға енгізді. Тағы бір айтпағымыз, сол диссертациялық ізденістері кезінде Амантай Исаұлы ноғай халқының зиялы қауым өкілдерімен — жазушыларымен, ғалымдарымен, өнер адамдарымен тығыз байланыс орнатты, сол байланыс бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.
Амантай Исаұлы сияқты кең ауқымды зерттеушінің ғылымның белгілі бір саласымен ғана шектеліп қалмайтыны белгілі. Ғалымның ғылыми ізденістері, орта ғасырлар тарихынан бөлек, ортағасырлық нумизматика, орта ғасырлардың және жаңа заманның әдеби-музыкалық мұрасы, абайтану, шәкәрімтану, Шығыс Қазақстанның археологиясы сияқты салаларды да қамтиды. Амантай Исаұлын жасынан қызықтырған тарих ғылымының маңызды салаларының бірі көне заман құпияларын қойнына бүккен археология саласы еді. Ғалым соңғы отыз жылда Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, оның Астана филиалы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Лев Гумилев атындағы ЕҰУ, Назарбаев Университеті, Халықаралық Түркі академиясы, Семей тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған археологиялық экспедицияларға, Шәкәрім университеті археологиялық экспедициясының жетекшісі ретінде еліміздің бірталай өңірлеріндегі археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты. Осылардың ішінде біздің Шығыс Қазақстан жеріндегі Берел, Шілікті, Шыңғыстау, Тарбағатай, Зайсан, Күршім өңірлерінің әлемдік сенсация туғызған археологиялық ескерткіштерін Карл Байпақов, Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев, Ғани Омаров сияқты аттары ғылым әлеміне белгілі мамандармен бірлесе зерттегенін ерекше атап айтқан жөн. Осы ретте Әбекеңнің павлодарлық археолог ғалым Тимур Смағұлов басқарған экспедицияның құрамында 2013 жылы «Үржар ханшайымы» деп аталатын әйгілі ескерткішті ашқандардың бірі екенін де айтуымыз керек. Ғалым қаншама шәкірттерінің археологиялық зерттеулерге қызығушылығын оята білді, оларға талмай еңбек етудің, нәтижеге жетудің жолдарын көрсетті. Сөйтіп, елімізге қажетті археолог мамандарды дайындауға да өлшеусіз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда Амантай Исаұлының біздің университетті бітірген археолог шәкірттері түрлі ғылыми атақтарды қорғап, Алматы мен Астанадағы университеттерде, ғылыми орталықтарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл, сөз жоқ, біз үшін мақтаныш.
Амантай Исиннің қырық жылдан астам уақыттың ішінде жүргізген көп салалы ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде екі жүзге жуық ғылыми еңбектері, оның ішінде «Шыңғыстау. Берел. Шілікті. Абыралы: 1999-2003 жж. археологиялық зерттеулер», «Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық қорының катологі», «Қазақтың бата-тілектері», «Қара өлеңдер мен қайым айтыс үлгілері: Зерттеу, транслитерациясы, транскрипциясы, факсимилиесі», «Қазақ қолжазбалары», «Қазақ мемлекеттігінің тарихы», «Большой Атлас истории и культуры Казахстана», «Қазақ социумы.Ұжымдық монография» сияқты және басқа да монографиялар, ұжымдық монографиялар, энциклопедиялар, архив деректері мен құжаттарының, тарихи қолжазбалардың жинақтары және көптеген мақалалары жарық көрді. Ізденуден жалықпайтын Әбекеңнің 1997 жылы Семейдегі Абай музейінің қорынан Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған екі шумақ өлеңі бар хатын 101 жылдан кейін тауып алуы да кезінде үлкен жаңалық болған еді. Аматай Исаұлы сонымен бірге көптеген үлкенді-кішілі ғылыми форумдарда ұлт тарихының өзекті мәселелерін, ғылымда ашылған жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізіп келе жатқан ғалым.
Амантай Исаұлының екінші бір қыры – оның табиғаттан берілген ұстаздығы. Оның біліктілігі, өн бойындағы парасаты, әділдігі мен тазалығы, кішіге деген ілтипаты мен сенімі сияқты қасиеттері қашанда шәкірт жүрегіне жол тауып, оларды ұстаз маңына топтастырып отырады. Амантай Исаұлы жүргізетін «Ежелгі замандағы Қазақстан тарихы», «Ортағасырлық Қазақстан тарихы», «Археология», «Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштері», «Араб палеографиясы», «Ортағасырлық Қазақстан қалаларындағы ақша айналысы», «Көне түркі жазу ескерткіштері» сияқты пәндер студенттердің маман болып қалыптасуларына үлкен үлес қосып келеді. Ғалым сонымен бірге кафедрадағы студенттердің ғылыми ізденістерін шыңдайтын «Археолог» ғылыми үйірмесінің де жетекшісі.
Амантай Исаұлы әлеуметтік белсенділігі де жоғары адамдар қатарына жатады. Ол әсіресе отандық тарих ғылымының, оның ішінде археологияның жетістіктерін, халқымыздың бай шығармашылық мұрасын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа насихаттаудан әсте жалыққан емес. Соның нәтижесінде Әбекеңді аймағымыздың баласынан қартына дейін біледі десек, артық айтқандық болмас.
Әбекеңнің тұла бойындағы сегіз қырының біріне оның біреу білсе, біреу білмейтін күйшілік өнерін де жатқызуға болады. Біздер, әріптестері, кейде өздеріміз бас қосқанда Амантайдан күй шертуін, әсіресе Тәтеңнің «Сарыжайлауы» мен «Көкейкестісін» тартып бер деп қолқалаймыз. Әбекең күйді нақышына келтіріп, әдемі орындайды. Алайда, аруақты мазалауға болмайды деп, Тәттімбеттің күйлерін үнемі шерте де бермейді. Бұл оның серті. Осындай серт тамаша күйші әкесі Исада да болыпты. Күйшілік тегінде бар өнер көрінеді. Амантай Исаұлы 80-ші жылдары облыс аудандарында әдебиет пен музыка өнеріне қатысты фольклорлық зерттеулер жүргізгенде, Ақсуат ауданында тұрған атақты күйші, 1936 жылы Алматыда өткен өнердің онкүндігіне қатысып, лауреат атанған Бағаналы Саятүлековпен кездеседі, ол кісінің әңгімелерін жазып алып, оның орындауындағы сирек күйлер нұсқаларымен танысады. Әбекең 2006 жылы Өскеменде өткен «Мәңгілік мұра» музыкалық фестиваліне қатысып, күй тартып, елді тамсандырады. Сол жылы «Шығыстың шыңырау күйлері» ноталар жинағының шығуына да атсалысады.
Амантай Исаұлының ұзақ жылғы түрлі саладағы жемісті еңбегі тиісті орындар тарапынан бағаланып та келеді. Ол — Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарының, «Еңбек ардагері», «Абай», «Шәкәрім» медальдарының және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері.
Өзінің мағыналы өмір жолында қалтқысыз қызметімен еліне танылған Амантай Исаұлы туралы ойтолғауымды аяқтар кезде Қазақстан тарихшыларының көшбасшысы болған Манаш Қозыбаевтың: «Азамат деп заман талқысына көнбейтін, талап пен талантын жегіп, терін төгіп құлашын кең сермейтін, батыл да батыр, өр адамды айтады» деген сөздері ойыма оралды. Менің ойымша, сегіз қырлы, бір сырлы, қайыспас қара нардың жүгін көтеріп келе жатқан біртуар азамат, ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым Амантай Исаұлы Исин — осындай жан. Әріптесіме, замандасыма ұзақ ғұмыр тілеймін!
Мұхтарбек КАРИМОВ, Шәкәрім университетінің профессоры