Қазіргі кезде еліміздің барлық аймағында тұрғындар наразылығын тудыратын бір мәселе бар. Ол – азық-түлік бағасының шарықтауы. Осы орайда Президенттің тапсырмасымен қымбатшылықтың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Бұл ретте Абай облысына қарасты аудандарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды енгізу қалай жүзеге асуда? Ірі тауар өндірушілер мен сауда желілері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) тізбесіне кіретін тауарлар бағасын тұрақтандыру және төмендету бағытында қандай келісімдер бар? Біз төмендегі мақаламызда осы мәселеге үңілуге тырыстық.
Мемлекет қандай шара қолданды?
Елімізде азық-түлік бағасын, оның ішінде ӘМАТ тізбесіне кіретін азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және төмендету бағытында бірқатар жұмыстардың қолға алынғаны белгілі. Аталған мәселелер «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарында қарастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда Парламент Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінде ел тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен олардың табысының төмендігі сынды проблемаларға тоқталып, Үкіметке халықтың табысын арттыруға қатысты бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Осыдан кейін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылға дейінгі «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары қаралып, қабылданды.
Кешенді жоспар 4 бағытты қамтитын іс-шаралар бойынша жүзеге асырылады: біріншіден, бюджеттен төленетін жалақыны арттыру жөніндегі міндеттемелер, екіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысын арттыру, үшіншіден, халықтың сатып алу қабілетін қорғау, төртіншіден, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін жүйелі шаралар.
Халықтың сатып алу қабілетін қорғау бағыты азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, олардың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын алдын ала, 1,5-2 ай бұрын болжау арқылы жүзеге асады. Бұл бағыт аясында негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортты алмастыруды, нақты және болжамды теңгерімді мониторингілеуді, тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қабылдауды көздейтін Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспарын қабылдау, сондай-ақ баға бойынша іс жүзіндегі деректер және шикізат бағасынан бөлшек сауда бағасына дейін баға белгілеуге әсер ететін өзге де факторлар негізінде неғұрлым маңызды тауарлар бағасын болжау алгоритмін әзірлеу қарастырылған.
Қазақстанның ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бағдарлама шеңберінде халықтың сатып алу қабілетін қорғауға ерекше мән берілетінін жеткізді. Осы бағытта ӘМАТ тізбесіне енбеген азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту, ішкі нарықтың импортын негізгі азық-түлік емес тауарлармен алмастыру бойынша, халықтың проблемалы қарыздарымен жұмыс істеу бойынша банктердің жеке жоспарларын қабылдау іс-шаралары да жүргізілетін болады.
Жаңа тәсілдер арқылы тұрақтандыру
Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ӘМАТ-тың бағасын ұстап тұру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді. Талқылаудың негізгі мақсаты – күрт өзгеріс пен тапшылық болмайтындай, ӘМАТ бағасын тұрақтандыруға бағытталған жаңа тәсілдерді іске асыру. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың хабарлауынша, «айналым қаражатын» бөлудің жаңа тетіктерін іске асыру аясында әр аймақ бойынша қаржыландыруды қайта бөлу сызбалары әкімдіктер назарына ұсынылған. Қазір 9 облыс қаржыландыруды әлі де қажетті көрсеткішке жеткізбеген, ол – 14,9 млрд теңге.
20 қыркүйектен бастап әкімдіктер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірлесе отырып, үй жанындағы дүкендер, ірі супермаркеттер иелері және ӘМАТ-ты басқа да сатушылар арасында сауда саясаты туралы қолданыстағы заңнама бойынша өңірлерде ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Есте ұстайтын негізгі тұс – ӘМАТ өнімдеріне 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесінің белгіленген нормасын сақтау.
Сондай-ақ қыркүйек айының ортасынан бастап Сауда комитеті негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өсу серпіні деректерін талдаудың анықтығын арттыру үшін қоғамдық бақылауды енгізгенін атап өткен жөн. ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда Комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, ӘМАТ тізбесіне кіретін азық-түліктің шектен тыс жоғары бағасына шағымданған тұрғындардың өтініштерін қабылдау үшін ақпарат беру орталықтары, яғни call-орталықтар құрылды. Шағымдар әлеуметтік желілердегі Сауда және интеграция министрлігі парақшалары арқылы да қабылданады. Жұмыс істеген 9 күн ішінде жаңа арналар арқылы өңір тұрғындарынан 31 арыз-шағым келіп түсіп, олардың 18-і бойынша дүкен иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сауда үстемесінің мөлшерден едәуір асып түсуі бойынша анықталған фактілер жөніндегі материалдар тиісті атқарушы органдарға жіберілді. Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері әкімдіктерге сауда үстеме ақысының асып кетуіне қатысты 340-қа тарта шағым келіп түскен. Олардың басым көпшілігі — үйлердің жанындағы дүкендердегі шамадан тыс жоғары бағаларға қатысты шағымдар. «Аз ғана адамға қызмет көрсететін үйлердің жанындағы дүкендер әлеуметтік азық-түлікке бағалық бағдар ретінде қызмет етпеуі тиіс. 2 апта ішінде барлық өңірлерде сауда желілерімен, супермаркеттермен жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сауда үстемесін 10 пайыздан аспайтын мөлшерде сақтау туралы меморандумдарға қол қою бойынша жұмыс жүргізу қажет», – деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бұл жөнінде.
Бағаны тұрақтандырудың тағы бір маңызды міндеті – тауар балансын қалыптастыруды автоматтандыру бойынша жұмысты жолға қою. Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың айтуынша, ұлттық тауар өткізу жүйесінің бірыңғай автоматтандырылған платформасы қазан айынан бастап пилоттық режимде жұмыс істей бастады.
«Қазір – нағыз тиімді уақыт»
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйене отырып, ағымдағы жылдың 16 тамызындағы жағдай бойынша, еліміздегі ӘМАТ тауарларына баға индексі мен орташа бағалар көрсеткішіне тоқталайық. Он тоғыз атауды қамтитын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 18,1 пайызға қымбаттады, бұл 2021 жылғы сәйкес кезеңнен 0,9 пайыздық көрсеткішке жоғары.
Жуырда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ӘМАТ тауарлары бағалары және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев жыл басынан бері ӘМАТ бағасының 19,6 пайызға, оның ішінде қыркүйек айының соңында 0,1 пайызға көтерілгенін баяндады. Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Алайда соңғы уақытта елімізде бірқатар тауар позицияларының, соның ішінде пияз бен қант бағасы төмендеп келеді.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, күнбағыс майы, әлеуметтік нан, ұн, кеспе және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бағаны тұрақтандыру үшін 186,1 мың тоннаға жуық ӘМАТ қоры бар. Сонымен қатар өңірлерде көкөністерді жинау жұмыстары жалғасып жатыр, бұл тұрақтандыру қорларының азық-түлік базасын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Премьер-Министр қазіргі уақытта биылғы егіннен жиналған көкөніс өнімдерінің бағасы төмен екенін атап өтті. Осыған байланысты өңірлердің әкімдері тұрақтандыру қорларын белсенді түрде толықтыруы қажет.
— Наурыз айынан маусым айына дейін жалғасатын маусымаралық кезеңде тапшылықты болдырмау және қымбат көкөністерді сырттан тасымау үшін қоймаларды қазірден бастап пияз, картоп, сәбіз, қырыққабатпен толтыру қажет. Маусымдық кезеңде бағаны интервенциялау және көкөніс бағасының шарықтап кетуіне жол бермеу мақсатында оларды ең төмен бағамен сатып алатын мүмкіндікті қазірден тиімді пайдалану қажет, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру аясында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарындағы қаражатты резервке қойып, оларды өндірушілерді қаржыландыруға жіберу қажеттігін атап өтті.
ӘМАТ тауарлары бір жылда 20 пайызға қымбаттады
Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесіне сәйкес, еліміздегі ӘМАТ-пен қамтамасыз ету деңгейін өнімнің барлық санаттары бойынша жеткілікті деңгейде жоғары деп санауға болмайды. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысы бойынша, Қазақстан ӘМАТ тауарлары сегментіндегі өнімдер мен шикізаттың жекелеген түрлеріне, қой мен ешкі, ірі қара мал мен жылқы еті, бидай наны мен ұны, тауық жұмыртқасы, айран және күріш сияқты тауар топтары бойынша сұраныстың (ішкі нарықта өткізу және экспорт) 95 пайызын қамтамасыз етті.
Әлеуметтік маңызы бар сүт және қаймақ (93,8 пайыз), йодталған тұз (91,6 пайыз), қарақұмық (87,7 пайыз), макарон (83 пайыз), күнбағыс майы (82,8 пайыз) сияқты өнімдерде 95 пайыздан төмен қамтамасыз ету байқалады.
Елімізде сары май (74,3 пайыз), құс еті (70,3 пайыз, қант (57,8 пайыз), ірімшік және сүзбе (52,9 пайыз) сияқты өнімдер бойынша 75 пайыздан төмен қамтамасыз ету байқалады.
Бұл ретте өнімдер мен шикізаттың жекелеген түрлерін пайдалану жоспарында қолда бар йодталған тұздың 80,8 пайызы, ұнның 55,5 пайызы, күнбағыс майының 40,1 пайызы, макарон өнімдерінің 32,3 пайызы, күріштің 22,9 пайызы, қарақұмық жармасының 16,6 пайызы, сары майдың 10 пайызы экспортқа жіберіледі.
ҚР ішкі нарығында толығымен сатылатын барлық қолда бар (яғни өндірілген және импортталатын) қант пен нан, сондай-ақ жылқы еті мен шошқа еті экспортталмайды. Қалған санаттар бойынша экспорттың аз үлесі бар, ал қолда бар ресурстардың негізгі бөлігі еліміздің ішкі нарығында сатылады.
Ағымдағы жылдың 4 қазанына ӘМАТ өнімдері бір аптада 0,1 пайызға, жыл басынан бері 19,6 пайызға, бір жылда 19,7 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ бір апта ішінде жұмыртқа (1,2 пайыз), күріш, күнбағыс майы және пастерленген сүт бағасы (0,4 пайыз) айтарлықтай өсті.
Абай облысында 59,2 мың тонна күнбағыс майы өндірілді
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құрамына кіретін күнбағыс майының ішкі нарықтағы сату көлемінде өзгеріс байқалмаса да, бағалары өсуде. Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, 2021 жылғы қаңтар-шілдеде отандық компаниялар күнбағыс майына сұранысты (ішкі нарықта сату және экспорт) 80,7 пайыз қамтамасыз етсе, 2022 жылғы бұл аралықта 82,8 пайызды құрады. Осы кезеңде күнбағыс майын өндіру көлемі 36,9 пайызға өсті. Импорт көлемі 18,6 пайызға өсіп, 55,6 мың тоннаны құрады.
Күнбағыс майының экспорты бірден 2,6 есеге, биылғы қаңтар-шілдеде 129,5 мың тоннаға дейін өсті, ал ішкі нарықта сату тек 0,8 пайызға, 193,8 мың тоннаға дейін өсті.
Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде 308,5 мың тонна күнбағыс майы өндірілді. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,5 пайызға артық. Оның 47 пайызы, немесе 145 мың тоннасы тек Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Ал өндірістің едәуір көлемі Абай облысы (59,2 мың тонна) мен Шымкентте (32,1 мың тонна) байқалды.
Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша, күнбағыс майының бағасы жыл басынан бері 15,8 пайызға өсті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен біршама төмен, соған қарағанда күнбағыс майының бағасы біршама тұрақталған
Баға бақылауда ма?
Халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету қашанда өзекті тақырып күйінде қала бермек. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, өнімдердің сапасы мен қолжетімділігі ел тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етеді. Жуырда Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселесі бойыша селекторлық кеңес өткізді. Онда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесін сақтау туралы меморандумдар жасасу туралы мәселе қаралды.
Қазірдің өзінде Шымкент, Алматы қалаларында, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай облыстарында «Магнум», «Смол», «Анвар», «Астықжан» және тағы басқа ірі сауда желілерімен 40 меморандум жасалған. Бұл шара Қазақстанның ірі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.
Азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтау және негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында елімізде бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Ал Абай облысы аумағындағы ӘМАТ азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қандай шаралар қолға алынған? Бұл сұраққа жауап беру үшін кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі мамандарының мәліметіне сүйендік. Қазіргі күні үстеме бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында аудандардағы кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Мониторинг топтары түсіндірме жұмыстары барысында кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстеме бағасын 15 пайыздан асырмау және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертуде.
Инфляциялық үдерістерді тежеу мақсатында Семей қаласында және облыстың барлық аудандарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасына мониторинг жүргізілуде. Бұл шара азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тауарлардың бағасын ұстап тұруға ықпал етеді. Бағаның негізсіз көтерілуі байқалған жағдайда өсу себептері анықталып, оларды төмендету бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Мониторинг барысында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің белгіленген шекті бағасы тексеріледі. Жалпы, кәсіпкерлерге қойылған талап бойынша тауардың көтерме бағасынан 15 пайыздан асырмау міндеттелген.
Бағаға салыстырмалы талдау жүргізу және әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасының шектік деңгейден асып кетпеуіне бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының маңыздылығы ерекше. Тұрақтандыру қорларының негізгі мақсаты – маусымаралық кезеңде неғұрлым сұранысқа ие ӘМАТ тауарлары бойынша нарықтық бағалардың маусымдық ауытқуын реттеу. Семей қаласында биыл жыл басынан «Ертіс «ӘКК» АҚ-ның 9 сауда павильоны және тұрақтандыру қорының өнімін өткізуге шарт жасаған 17 дүкен жұмыс істеді.
ӘМАТ тауарларының бөлшек сауда бағаларына мониторинг жүргізу мақсатында жалпы 90 адамнан тұратын 30 жұмыс тобы құрылды. Олардың құрамына қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, әкімшіліктің дербес бөлімдерінің қызметкерлері енгізілді. Бірінші жарты жылдықта жұмыс топтары 177 рейд өткізіп, 1959 дүкенде мониторинг жүргізілген.
Бүгінгі таңда қала көлемінде күнбағыс майы, қарақұмық, сары май, тауық еті, тұз бағасына қосылатын үстеменің шекті мөлшерден асып кетуіне қатысты 5 өтініш түскен. Өтініштер бойынша хаттамалар толтырылып, әкімшілік жазалар қолданылатын болады.
Сауда комитетінің облыстық сауда басқармасының тапсырмасы аясында Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімі сауда кәсіпорындарының басшыларымен сауда-саттықты тұрақтандыру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасау бойынша жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылдың 29 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында 109 меморандум жасалған.
Аудандардағы жағдайға тоқталсақ.
Жарма ауданы. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасы аясында Жарма ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан, «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес, кәсіпкерлерге ӘМАТ тауарларына бөлшек сауда бағаларын қоспағанда, тауарларға бағаларды ішкі сауда субъектілері дербес айқындайтындығы туралы жаднама таратылған. Түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде азық-түлік дүкендерінде ӘМАТ тауарлары шекті бағада саудалануда.
Бесқарағай ауданы. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңдағы негізгі міндет инфляциялық процестерді тежеу болып отыр. Қазіргі уақытта ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын саудалайтын 2 наубайхана және 112 сауда нысаны жұмыс істейді.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында құрылған 10 мониторингтік топ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасына тексеру жүргізеді.
Жуырда «Бесқарағай — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан жүргізілген мониторинг барысында бағаны негізсіз көтеру жағдайлары анықталмаған. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жүргізіле беретін болады.
Бородулиха ауданы. Ауданда құрамында мәслихат депутаттары, қоғамдық топ өкілдері, сондай-ақ ауылдық әкімдіктер мамандары бар 18 мониторингтік топ құрылған. 7 қазандағы жағдай бойынша, жыл басынан бері 768 рейд өткізіліп, 3462 нысан тексерілген. Оның ішінде 121 бұзушылық анықталды, яғни баға белгілері жоқ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша объект басшыларына ауызша ескерту жасалды.
Сондай-ақ аудан тұрғындары үшін Жезкент кенті мен Бородулиха ауылында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Жыл басынан бері ұйымдастырылған 37 жәрмеңкенің төртеуі Семей қаласында өткізілді.
Үржар ауданы. «Үржар – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аудан тұрғындарынан келіп түскен шағымдарға байланысты азық-түлік бағасын жіті қадағалауда. Рейд барысында бірқатар дүкендерде тек мониторинг топтары келген кезде ғана азық-түлік бағасы төмендетілетіні, ал қалған уақытта шектен тыс қымбатқа саудаланатыны белгілі болған. Өңір бойынша ӘМАТ тауарларының бағаларын тұрақтандыру бағытында қолданылып жатқан шаралар туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Заира Абдулаева айтып берді.
— Аудан бойынша 249 дүкен әлеуметтік маңыздағы 19 түрлі азық-түлік тауарларын саудалайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында аудан әкімінің өкімімен 1 аудандық және ауылдық округтерде 27 жұмыс тобы құрылып, барлық сауда дүкендеріне жауапты етіп бекітілді. Комиссия құрамына аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, Жастар ресурстық орталығы мамандары, АМАNАТ партиясы филиалы өкілдері, көп балалы аналар, ауыл белсенділері енгізілді.
Барлық сауда дүкендерінің иелерімен 19 түрлі азық-түліктің үстеме бағасын 10-15 пайыздан асырмау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, өзара келісімде меморандумы жасалынды, — дейді Заира Абдулаева.
Оның айтуынша, жыл басынан жұмыс топтары тарапынан сауда дүкендеріне 1056 рейд жүргізіліп, 60 сауда дүкендерінде көтерме сауда құжатының болмауы, көрнекті жерде бағасының жазылмауы сынды бұзушылықтар анықталған. Тұрғындар тарапынан екі шағым түсіп, соның негізінде тексеру жүргізіліп, дүкен иелеріне ауызша ескертулер берілген.
ӘМАТ тауарларының көтерме және бөлшек сауда бағаларына мониторинг жүргізіліп, нәтижесі үнемі аудандық штаб отырысында қаралып отырады. Ауылдық округ әкімдері тарапынан да ӘМАТ бағаларына сараптама жүргізіліп, бақылануда, қазіргі күні бағаны негізсіз өсіру жағдайы байқалмайды.
Аудан бойынша жұмыс істеп тұрған азық-түлік дүкендерінің ішінен 134 әлеуметтік бұрыш ашылып, 332 аз қамтылған отбасылар бекітілген.
— Үржар өңірі шалғайда орналасқандықтан ауданда өндірілмейтін өнімдер Алматы, Семей, Өскемен қалаларынан тасымалданады. Қазіргі таңда жергілікті өнімдердің бағасы біршама тұрақты, атап айтқанда ұн өндірумен айналысатын «Береке» шаруа қожалығы бірінші сұрыпты ұнның 1 келісін 180 теңгеден, аудан халқын нан және нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған 17 наубайханада бірінші сұрыпты бір бөлке нанның босатылу бағасы 150 теңгеден, тұтыну бағасы 150-160 теңге, сүт және сүт өнімдерінің 14 түрін өндіретін «Арыстанбек Үржар» ЖШС 2,5 пайыздық сүттің 1 литрін 350 теңгеден саудалауда. Жеке кәсіпкерлер М.Абламбаев пен Р.Мадиевің шағын май тарту цехтарында тазартылмаған күнбағыс майының 1 литрі 700 теңгеден босатылады. Қазіргі күні көкөніс өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары өнімдерінің бағалары төмендеді. Атап айтқанда картоптың 1 қабы (37-38 келі) 4000-5000 теңге, қырыққабаттың 1 келісі 80-100 теңге, пияздың 1 келісі 85-90 теңге, сәбіздің 1 келісі 80-120 теңге аралығында, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі маманы.
Сондай-ақ, Заира Абдулаеваның айтуынша, көкөніс өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында 2022-2023 жылдарға аудан бойынша уақытша тұрақтандыру қоры құрылып, көкөніс өсіретін «Заря», «Надежда» шаруа қожалықтарымен меморандум жасалған, олардың өнімдері сәуір — мамыр айларында нарық бағасынан төмен бағамен саудаланатын болады.
Шалғайдағы елді мекендер тұрғындарын қолжетімді бағадағы азық-түлік және шаруашылық тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында жеке кәсіпкер О.Қаированың ұйымдастыруымен ай сайын Сағат, Шолпан, Қарақол, Көктал, Қарабұлақ ауылдарына азық-түлік керуені жеткізілуде.
Баға тұрақтылығын сақтауда еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінің септігі мол. Бүгінде Семей қаласында және өңіріміздегі барлық аудандарда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары өздері еккен егістік алқаптарынан жинап алған сапалы картоп, сәбіз, пияз, қияр, қызанақ және қауын-қарбыздарын, сонымен қатар ірі қара, жылқы, қой еттерін жәрмеңкелерге шығарып, халыққа тиімді бағада саудалап келеді. Жәрмеңке ұйымдастыру, біріншіден, тауар өндірушілердің өнімін өткізудің тиімді тәсілі болса, екіншіден, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға септігін тигізері анық.
Облыс орталығы Семей қаласындағы «Солтүстік» сауда-логистикалық орталығында апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде облыстағы шаруа қожалықтары мен қарапайым тұрғындар өздерінің өнімдерін делдалсыз саудалайды. Мұнда халық көптеп келеді, себебі азық-түлік бағасы мен сапасы көңілден шығады. Айта кетелік, болашақта Энергетик және Қарағайлы шағын аудандарының тұрғындары үшін гипермаркет ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ 5,5 мың тонна картоп пен көкөністі сақтауға арналған «Jolaman» көтерме-тарату орталығы да қалада бағаны ұстап тұру үшін жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылық жәрмеңкелері мен ондағы бағаның тұрақтылығы өңір басшыларының жіті бақылауында.
Мәселен, жуырда Жарма ауданы орталығы Қалбатау ауылында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне өңір басшысы Ж.Байсабыров барып, базар бағасымен, ондағы жасалған жағдаймен танысып, тұтынушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Күзгі жәрмеңкелерде халыққа бірінші кезекте қажетті өнімдердің барлығы — ет, май, көкөніс өнімдері нарықтағы бағадан 10 пайыз төмен саудалануда.
Ал Үржар ауданында, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Заира Абдулаеваның айтуынша, аудан әкімінің бекіткен кестесіне сәйкес, әр аптаның сенбі күндері Үржар, Мақаншы, Таскескен ауылдарында ауылдық округтер әкімдіктерінің ұйымдастыруымен жыл басынан 111 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліпті. 114,1 млн теңге көлеміндегі өнімдер нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағамен саудаланған. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы мұндай шаралар өз жалғасын таба бермек.
Дана ТАЛҒАТБЕК,
«Семей таңы»