АЯҒЫҢА КИГЕНІҢ БЫЛҒАРЫ ЕТІК ПЕ, СӘУЛЕМ-АЙ?
Дана халқымыз «Ерінбеген етікші болады» деп бекер айтпаған ғой. Ықылым заманда әр ауылдың өз етікшісі болған және ол еңбегі жоғары бағаланатын құрметті мамандықтардың қатарына жататын. Ал бүгін ше? Тіпті аяқ киімді жөндету қызметі аса қажет болмай қалды. Етікшіге барып ескіні жөндеткенше жаңасын сатып алуды дұрыс санаймыз. Жағдайы көтеретіндер арғысы Италиянікін, бергісі Түрік пен көрші Қытайдың былғарыдан жасалған сәнді аяқ киімін тұтынуға талпынады. Бүгінгі өзекті проблема да аяқ киіміміздің отандық тауар өндірушілердікі емес, шет елдікі болып отырғаны… Бұл саланы кәсіп көзіне айналдырған зауыт-фабрикалар елімізде жоқ емес, бар. Алайда әлі де дұрыс жолға қойыла алмай отыр. Бүгін олардың өнімі неге шетелдік тауарлармен бәсекелес бола алмай келеді деген сауалға жауап іздеп көрелік.
ҚАЗАҚСТАНДА АЯҚ КИІМ ӨНДІРІСІ НЕГЕ БАЯУ?
Аяғыма кигенім былғары етік, сәулем-ай, Табанымнан барады ызғар өтіп, сәулем-ай, – деп әндеткен халқымыз ежелден-ақ сапалы киімді таңдай білген. Таза былғарыдан жасалған аяқ киімді кімнің кигісі келмейді дейсіз, табиғаттың төрт мезгілінде де жұрт сапалы аяқ киім іздейді. Бұл орайда қолы жеткен Италияның немесе Түріктің, Қытайдың табиғи өнімнен жасалған сәнді де сапалы аяқ киіміне таңдау жасары хақ. Жалпы, аяқ киім өндірісінен Италия көш бастапақ тұр. Бағасы удай болса да бұл елдің аяқ киіміне тұтынушы табылады. Қазақстан былғары өндірісінен тек шикізат еліне айналып отыр. Қолда барды ұқсата алмай отырғанымыз аяқ киім өндірісін өркендетуге қолбайлау болып отыр. Шикізатты шекара асырып жіберіп, дайын теріні сырттан бірнеше есе қымбат бағаға сатып аламыз. Біздің жақта қыс қатты. Сондықтан да аяқ киімнің жылы әрі сапалы болуы аса маңызды. Егер өз елімізде былғары аяқ киім тігу саласы қолға алынса, бағасы Италиянікіндей емес, арзандау болар ма еді… Тұтынушы табылмай ма деген қауіпке негіз жоқ. Ендеше, қолда бар шикізатты ұқсатып, сапалы өнімді неге өзіміз шығармаймыз? Шикізатты өзімізде өңдесек, сапалы тауармен тек өз елімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспортты да өркендетуге мүмкіндік болар еді ғой. Өкінішке қарай, қазір тері өңдеу саласы дамымай тұрғандықтан, барды ұқсата алмай, шетелдік тауар өндірушіге тәуелді күй кешудеміз. Мысалы, халық көп таңдау жасайтын италиялық Berluti — әлемдегі ең көне аяқ киім брендтерінің бірі 1895 жылы құрылды. Әр жұпты қолөнерші таңғажайып жайлылыққа кепілдік беретін арнайы төсемдермен жасайды. Зауыт 100 жыл бұрынғыдай тек қол еңбегін пайдаланады. Аяқ киім үшін арнайы өндірістің шынайы терісі таңдалады, ол боялмайды, бірақ қажетті көлеңке жасау үшін арнайы майлармен пататталады. Италиялық тағы бір фирма — Тод брендінің аяқ киімдері ең жақсы материалдардан тек қолмен жасалады. Бренд шамамен бір ғасырдай бұрын жасалған және осы уақыт ішінде ерлерге арналған аяқ киімнің ең жақсы бренді ретінде танымал болды. Тодтың мокасиндерін жұлдыздар мен бүкіл әлем элитасы киеді. Енді аяқ киім шығаратын отандық кәсіпорындар жайына тоқталайық. Ресми деректер бойынша, Қазақстандағы аяқ киімнің 96,7 пайызы шет елден тасымалданады. Нақты айтар болсақ, аяқ киімнің 60 пайызы Қытайдан, 20 пайызы Түркиядан, 10 пайызы Ресейден, 7 пайызы басқа елдерден келеді екен. Дәл бүгінгі таңда Қазақстан нарығындағы отандық аяқ киімнің үлесі 4 пайызға да жетпейді. Әр қазақстандық төрт маусымда бір аяқ киімнен сатып алғанның өзінде жылына кемінде 72 млн жұп аяқ киім қажет. Ал Қазақстандағы аяқ киім тігетін фабриканың саны 25-тен аспайды. Отандық аяқ киімнің 90 пайызы Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысына тиесілі. Айталық, жылына «Жетiсу» – 570 мың, «Казлегпром-Алматы» – 500 мың, «ТаразКожОбувь» – 500 мың, «Семей аяқ киім фабрикасы» – 100 мың, «Lux Shoes» – 120 мың жұп аяқ киім тігеді екен. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдауы түскен аяқ киім өндірушісі кентаулық Дәурен Рахманқұл — Қазақстандағы аяқ киім өндірісін тыңнан түрен салып бастаған кәсіпкер. Дәурен Рахманқұл шикізатты Түркия мен Италиядан алдырады екен. Шикізатты шет елден әкелетініне қарамастан, таза былғарыдан жасалатын аяқ киімдер арзан бағада сатылымға шығып жатқаны өнімнің өзіндік құнын ақтай ма? — Иә, ақтайды. Өзбекстанда таза теріні қолданып, бағалары аяқ киімдер сатылып жатқанын көріп, біз де өндірісті бастадық. Тауар өзін ақтайтынына көзіміз жетті. Оның үстіне бұл баға өзімізге де, халыққа да өте тиімді. Екі жаққа да пайдалы, — дейді кәсіпкер. — Қазақстандық шикізатты не үшін қолданбайсыздар? Бағасының қымбаттығынан ба, әлде сапасының төмендігінен бе? — деген сауалға: — Мәселе сапада, қазақстандық терінің бағасы түріктердікімен бірдей болғанымен, сапасында айырмашылық бар. Бізде өндірілетін былғарының сапасы төмен. Біз үнемі қазақстандық тері өндірушілерден шикізат алуға дайын екенімізді айтып, үлгі сұрап жатамыз. Бірақ бізге керек сапаны бере алмайды,-деп жауап берді кәсіпкер. Қазақстанда заманауи үлгідегі аяқ киім өндірісін жолға қойған кәсіпорындардың бірі — Ақтаудағы «Жамал-ай» фабрикасы. Аталған кәсіпорында тігілген Sharkey брендті мокасиндердің дүкен сөрелеріне шығарыла бастағанына да бірнеше жыл болды. Кәсіпорын басшылығы: — Ұлт жоспарында айтылғандай, ауыл шаруашылығына басымдық беріліп, аяқ киім өндірісіне қажетті былғары өз елімізде дайындалса, тауардың құны да халыққа қолжетімді болар еді,- дейді. Кәсіпорын күніне 400 жұп аяқ киім тігеді. Мокасиндердің материалы мен фурнитурасы арнайы тапсырыспен Ресейден алынады екен. Қазір кәсіпорын әлемдік дағдарысқа қарамастан отандық өнімдерінің өрісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Табаны фабрикада құйылып, таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер сәні мен сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді. Бүгінгі таңда фабрика мұнайшылар мен жұмысшылар үшін аяқ киімнің тапсырысын орындап қана қоймай, көпшілік тұтынатын шәркей және мокасиндер тігуде. Фабрика соңғы заманауи үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Фабрика еліміздегі ірі кәсіпорын ошақтарындағы қызметкерлерге арнайы киім тігеді. Шетелдікінен кем түспейтін мокасиндер қазақстандықтардың да көңілінен шығуда . «Жамал-ай» фирмасы жылына 120 мың жұп аяқ киім тігуге қуатты қондырғылармен қамтамасыз етілген. Өнімдеріне сұраныс бар, қазір бүкіл Қазақстанның сауда нарығына шыға бастады. Астана мен Алматыдан, Ақтау қаласының тұрғындарынан әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс алып жұмыс істейді. — Мемлекет басшысы Қазақстанда жасалған тауар сапалы, ыңғайлы, әдемі әрі арзан болуы керек деп нақты міндет жүктеді. Осы талапқа сай өнім өндіру — біздің ең басты мақсатымыз. Өкінішке орай, шикізат өндіру жұмысы Қазақстанда жолға қойылмағандықтан, былғарыны шетелден сатып аламыз. Аграрлық сектордағы қолбайлау болып отырған кейбір кедергілер азайса, былғары өндірісін жолға қоюға болар еді,- дейді кәсіпорын басшысы Забира Хасанова. «Қарағанды аяқ киім фабрикасы» — жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2011 жылы іске қосылған кәсіпорын. Еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласындағы үздіктердің бірі. Кәсіпорын тарихы сонау 1940 жылдан басталады. Украинадан Қазақстанға жаппай көшіріліп әкелінген кәсіпорындардың бірі — осы аяқ-киім фабрикасы. Алғашқыда соғысқа қажетті аяқ-киім өндірді. Одақ тұсында толық қуатта жұмыс істеп, ел экономикасын өркендетуге үлес қосқан кәсіпорын бүгін «тоқырау заманы» деп аталып жүрген жылдары жабылып қалды. Еліміз есін жинағаннан кейін аталмыш фабриканың ізін жалғастырушы кәсіпорын жұмысын бастап, бүгінде тек ерлерге арналған бәтеңке, етік шығаруда. Модельді аяқ киімдер шығаруға да талпыныс бар. Фабрикада қазіргі кезде 60 адам еңбек етеді. Өндіріс көлемі айына 4 мың, жылына 50 мың жұп аяқ киімді құрайды. Қазіргі таңда аяқ киім өндірісін жолға қоюда ірі кәсіпорындармен серіктестікпен жұ мыс жасауда. Түрік технологиясы негізінде әйелдер мен ерлерге, балаларға арналған аяқ киім өндіретін “Lux shoes” ЖШС Шымкент қаласында 2018 жылы іске қосылды. Өнімдер таза былғарыдан жасалады. Қазіргі таңда кәсіпорын, отандық тапсырыстарды қабылдаумен қатар, дайын өнімді ТМД және Орта Азия елдеріне экспортқа жіберуді жоспарлап отыр. Ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз ету үшін Қазақстанға жылына 570 мың жұп аяқ киім тігетін «Жетiсу» сияқты 125 ірі фабрика қажет екен. Әрине, бұл бір күннің жұмысы емес. Ол үшін қаржы мен шикізат мүмкіндігін жан-жақты жоспарлау қажет. Жеңіл өнеркәсіпті ашу жеңіл емес… Дегенмен елімізде шағын фирмалар ашып, аяқ киім өндірісін сәтті жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер бар. Соның бірі – кәсіпкер Әсел Болатқызы ашқан «Kadam.kz» шағын фабрикасы. Әсел Болатқызы ашқан аяқ киім тігетін шағын шеберханада әйелдер мен ерлерге барлық жыл мезгілдеріне арналған аяқ киім тігіледі. Аяқ киімдері таза былғарыдан жасалады. «Халық маркасы» белгісі берілген бұл кәсіпкердің аяқ киімдері ЭКСПО кезінде Астанадағы «Халық маркасы» павильонына қойылды. Алғашында інісі екеуі ғана жұмыс істеп бастаған шағын шеберхана уақыт өте келе аяқ киім өндірісіне үлес қосатын кәсіпорынға айналды. Қазір жаңаша жұмыс істейтін шеберлері, заманауи үлгіде аяқ киімнің дизайнын жасап, жұмыс процесін ұйымдастыратын мамандары бар. Өкінішке қарай, бұлар да сапалы материалдарды сырттан сатып алады. -Мен бұл кәсіпті 2015 жылы бастадым. Аяқ киім шеберханасын ашу идеясы маған қытайлық өндірістің зиянды әрі сапасыз аяқ киімдерін киетіндіктен келді. Оның үстіне шикізатқа бай кең-байтақ қазақ жерінде жүріп, таза былғарыдан жасалған сапалы аяқ киім киюіміз қажет. Аяқ киім шеберханасын ашқанға дейін мен ұлттық стильдегі киімдер тігумен және тойбастарға арналған теңдессіз кәдесыйларды жасаумен айналыстым. Қазақстанда ұлттық стильде киім тігетіндердің көп екенін, ал аяқ киімнің жетіспейтінін көп еститінмін. Сондықтан еш қорықпастан осы істі қолға алдым,- дейді кәсіпкер Әсел Болатқызы. Аяқ киім өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорындар елімізде өте аз. Солардың бірі — Тараз былғары аяқ киім фабрикасы. Еліміздегі аяқ киім шығаратын ірі өндіріс орны тоқырау кезеңінің қиындығын бастан кешіргенімен, жабылмай келе жатқан өндіріс орны. Негізі 1961 жылы қаланған Жамбыл былғары комбинаты 2002 жылдан бастап «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС болып қайта құрылып, отандық аяқ киім өндіруді қолға алды. Іргелі кәсіпорын жылына шамамен 6,5 миллион дециметр былғары жұмсау арқылы 150-200 мың жұп аяқ киім шығарады екен. Кәсіпорынның өнімін өткеруде қиыншылықтар бар екенін де жасырмаймыз. Бүгінгі таңда «Тараз былғары аяқ киім» фабрикасы өз өнімдерін Алматы және Тараз қаласындағы базарларға, сондай-ақ қаладағы ірілі-ұсақты дүкендерге ғана шығарумен шектеліп отыр. Біздің ойымызша, бұл орайда сауатты жарнама жеткіліксіз. Мысалы, Тараз аяқ киім фабрикасы тауарларының бағасы да қымбат емес. 9000 теңге мен 14000 теңгенің аралығында екен. Кәсіпорын мамандары өздерінде шығатын тауарлардың сапасының жоғары екендігін, ондаған жылдарға дейін шыдас беретінін сенімді түрде айтады. Өкінішке қарай, сұранысының төмендігінен кәсіпорын нарықтан өз орнын қанағаттанарлық деңгейде ала алмай отыр… Тараз былғары аяқ киім фабрикасы Одақ тұсында шикізатты өздері өңдеп, тері илеуден бастап дайын өнім беруді толық жүзеге асырған. Өндіріс орнының Қазақстандағы осы сала бойынша артықшылығы көп. Ең бастысы, шикізатты өңдеуден бастап дайын өнімді тігіп шығаруға дейінгі жұмыстардың барлығынан өткен, тәжірибесі жоғары. Кәсіпорын «Вет-блю», «Краст» деп аталатын жартылай фабрикаттарды экспортқа да шығарып жүр. Шығарылатын өнімге пайдаланатын шикізаттың сексен бес пайызы — өз елімізде дайындалатын өнімдер. Соңғы жылдары Ресейден модельер, Украина мен Пәкістан елдерінен аяқ киім және былғары технологі мамандарын алдыртып, жаңа заман талабына сай аяқ киім жасау жолында жұмыс жүргізуде. Бұл күндері кәсіпорын Ресей мен Еуропаның бірқатар мемлекеттерімен де байланыс орнатқан. Семей аяқ киім фабрикасы. Соғыстың алғашқы айларынан бастап Қазақстан экономикасын соғыс қажетіне бейімдеу науқаны қарқын алғаны тарихтан белгілі. Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды. Қазақстанға Москва, Ленинград облыстарынан, Украина, Беларусь елдерінен көптеген кәсіпорын, зауыт, фабрикалар көшірілді.
Кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру жұмыстары бір емес, екі мәрте жүргізілді. Оның біріншісі 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы болса, екінші көшіру жұмыстары 1942 жылдың күзінде жалғасын тапты. 1941 жылдың екінші жартысында Қазақстанға барлығы 142 кәсіпорын көшіріп әкелінген, тек Алматының өзіне 34 зауыт пен фабриканың цех жабдықтары жеткізілген. Олардың ішінде Луганск паровоз жасау зауытының бір бөлігі, Харьков вагон жөндеу зауыты және басқалар бар. Сондай-ақ жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп орнының жабдықтары келген. Семей аяқ киім фабрикасы сол науқанмен Қазақстанға 1941 жылы Киевтен көшірілген аяқ киім фабрикасы негізінде құрылған. Аталған кәсіпорында 1942 жылы 435 мың 400 жұп аяқ киім шығарылды. Алғашқы кезде 20,5 мың жұп аяқ киім өндірсе, 1983 жылы оның мөлшерін 5,2 млн жұпқа жеткізді. Өндірістік қуаты толықтай пайдаланылмағандықтан, кейін өнімі 1 млн аяқ киімге дейін азайды. Республикада отандық былғары аяқ киім өнеркәсібі нарық жағдайына бейімделіп, жаңа технологиялар негізінде сапалы өнімдер шығаруға талпыныс жасалғанымен, Семей аяқ киім фабрикасының бағы ашылмай тұр… Бүгінгі таңда Семей аяқ киім фабрикасы тапсырыс негізінде жылына шамамен 100 000 жұп көлемінде әскери аяқ киімдер шығарумен шектелуде. Ескі қондырғылардың қуаты да заман талабына лайықты аяқ киім дайындауға қолбайлау болып отырған сыңайлы. Жоғарыда көрсетілген өндіріс ошақтарының бірі нарықта өз орнын айтарлықтай иеленген болса, ал енді бірі қайраңдап қалған балықтай өлместің күйін кешуде.
САЛА ТЕРІГЕ ТӘУЕЛДІ
Кеше тері илеп, былғарыдан тон тігіп, саптама етік киген қазақ бүгін былғарыны өзгеге өңдетіп, сатып алатын күйге түсті. Бұл тек көшке ілесе алмағандығымыз емес, ұлттық танымымызды жоғалтып алғандықтың бір белгісі деп ойлаймыз. Бұл күндері ауылдық жерлерде теріні қабылдайтын орындар жаппай жабылған. Халық сойған малының терісін қоқысқа лақтыруға мәжбүр. Өңделмегентеріні ұзақ сақтауға келмейді, сапасы тез нашарлап кетеді. Қалаға жеткізіп, өткізуге болар еді, алайда алатын құны мардымсыз болғандықтан, жол шығынын өтемейді. Тері өңдейтін фабрика да жоқ. Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта тері қабылдайтын ресми түрде ашылған арнайы орындар жоқ. Ал қайта өңдеу кәсіпорындары тері жинауды делдалдар арқылы өздері ұйымдастырады. Тері арзан, ал одан жасалған бұйым қымбат. Біз терінің нарықтағы бағасы қанша деген сауалмен қаладағы бірнеше тері қабылдау пункттеріне бас сұққан едік. Мысалы, Семей қаласындағы тері қабылдайтын пункттер қой терісін соңғы 6-7 жылдай уақыттан бері мүлде қабылдамайды екен. Ешкі терісі — 400 теңге; Сиырдың терісі – 1500- 2000 теңге; Жылқынікі кезінде 15 000-20 000 теңге болғанымен, соңғы жылдары сұраныс жоқ болғандықтан, пункттер қабылдамайды. Жыл сайын елімізде 2,5 млн-ға жуық ірі қара мал сойылады екен. Сол малдың терісінің отыз- -ақ пайызын өзіміз өңдейді екенбіз. Қалған 70 пайызы қайда кетіп жатыр? Әрине, көрші Қытай мен Қырғызстан асып жатыр. Өзімізде шикізат өңдейтін былғары кәсіпорындары жоқ болғандықтан, мәжбүрліктен туған әрекет екендігі белгілі. Бұл фактілерді Қазақстанның былғары шикізаты мен тері өңдеушілер ассоциациясы да растап отыр. Міне, осы себептерден өзімізде бар шикізатты өзгеге беріп, басқаның өңделген өнімдеріне тәуелді болып отырмыз. Бұл тығырықтан қалай шығу керек? Осыдан бірнеше жыл бұрын теріні шекара асыруға тыйым салынған болатын. Алайда ол құжаттың күші қазір жойылды. Қазіргі уақытта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өтінішімен, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, теріні әкетуге тыйым салуды қайта енгізу мәселесі қарастырып жатыр. Егер бұл мәселе шешілсе, тері өңдейтін кәсіпорындарды көптеп ашып, оларға мемлекет тарапынан қолдау жасау жұмысын қолға алу керек. 2013 жылы Қазақстанда өңделген 1 260,2 мың дана ірі қара мал терісі Қырғызстанға экспортталғанда қуанғанбыз. Ол қуанышымыз ұзаққа созылмаған сияқты, 2015 жылы 118,7 мың ғана ірі қара мал терісі экспортталыпты. Бұл малдың азайып кеткенінен емес, өңделмеген терілердің сыртқа делдалдар арқылы қолжетімді түрде тасымалданып жатқандығынан екені даусыз. Қазақстан шикізат өңдеу жағынан әлемдік кәсіпорындармен бәсекелес болуға әзірге қауқарсыз. Елімізде тері өндірісімен айналысатын 113 кәсіпорынның 95 пайызы шағын. Он шақты ірі кәсіпорын ғана тауарды экспорттай алады. Тізбелеп айтар болсақ: ТаразКожОбувь, Алматы былғары зауыты, Петропавл былғары зауыты, Туран скин, КазЛидерМех, ПошРуно, тағы да басқа. Ал Семей былғары зауыты ұзақ жылғы үзілістен кейін еңсесін көтере ме деген үміт әзірге ақталмай тұр. Тараз аяқ киім фабрикасында дайындалатын Вет-блю, Краст деп аталатын былғары жартылай фабрикаты Қытай, Италия, Түркия елдеріне экспортталады. Осының өзі дәтке қуат болып отыр. Аяқ киім шығаратын ірілі – ұсақты кәсіпорындар еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Бірақ, өкініштісі, олар халықтың тең жартысын қамтуға да қауқарсыз. Отандық өнімнің әр аймаққа таралуы тұтынушының сұранысына байланысты. Қай мезгіл болмасын, аяқ киім таңдауда отандық өнімге назар аударсақ, елімізде ғана емес, өзге елге экспортқа шығуға мүмкіндік болар еді. Аяқ киім шығаратын кәсіпорындар өндіріс көлемін арттырсын, отандық өнімді көптеп шығарсын десек, мемлекет тұрғысынан қамқорлық қажет. Өйткені аяқ киім өндірісі — тіршілік үшін аса маңызды саланың бірі. Жоғарыдағы деректерден байқап отырған боларсыздар, Қазақстанда аяқ киім өндірісі қажетті қарқынды ала алмай отырғандықтан, импортқа тәуелді күй кешудеміз. Көпшілік тұтынатын тауарлар, негізінен, Қытай мен Түркияның өнімі. Әсіресе тез өсіп, аяқ киімді жылдам тоздыратын балаларға бір маусымда бірнеше аяқ киім сатып әперуге мәжбүрміз. Ал Қытайдың супинаторы жоқ, арзан, сапасы нашар тауарын кигізу бала денсаулығына қаншалықты зиян екендігіне мән береміз бе? Ортопед дәрігерлердің айтуынша, балалар аяғын жаңа басқан кезден бастап (шамамен, 9-12 айлық кездерінен) оларға міндетті түрде аяқ киім кигізу керек. Талапқа сай таңдалған аяқ киім бала табанының дұрыс қалыптасуына оң әсерін тигізіп, табан деформациясының алдын алады, жалпақтабандылықты болдырмайды. Сапасыз аяқ киім баланың жүрісін бұзып, ширақ қозғалуына кедергі келтіреді. Бастысы, кейін жалпақтабандылықтың салдарынан бала жүргенде тез шаршап, балтыры, табаны, белі ауыратын болады. Сондықтан аяқ киімді дұрыс таңдаудың маңызы зор. Қазір әскерге шақырылатын жігіттеріміздің екеуінің біріне жалпақтабан деген диагноз қойылады. Бұл еліміз тәуелсіздігін алған 30 жылдан бері нарықты жаулап алған Қытайдың сапасыз аяқ киімдерінің кесірі емес пе? Кейде қысық көз көршілеріміздің тарапынан біздің азаматтарымыздың отан қорғауға деген қабілетін әлсірету үшін қасақана жасалып жатқан диверсия емес пе деген ұры ойдың да қылаң беретінін жасырмаймыз. Өзге елдердің өнімдерін қолданып жүрміз. Дегенмен отандық аяқ киім өндірісін қарқынды дамытып, ел экономикасы мен халық тұтынатын тауарларды өзімізде көбейтуді қолға алатын кез келді. Ол үшін мемлекет жылына мыңдаған жұп аяқ киім тігетін ірі фабрикаларды көптеп ашуы керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қазақстандағы аяқ киім өндірісі бүгін қолдауды қажет етіп отыр! Дұшпанның аяққа қарайтынын да естен шығаруға болмайды.
Риза АСАНҚЫЗЫ