29 тамыз — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні. Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қарар негізінде ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс – қимыл күні болып жарияланды.
Ядролық сынақтың зардабын қырық жыл тартқан Семей өңірінің қасіреті кімнің де болса қабырғасын қайыстырары хақ. Ел болып, егемендік алып, Тәуелсіздігімізді жарияламасақ, Елбасымыз Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қоймаса, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы құрылмаса, әлі де зардабын тартып, зиянын шегіп, запран құсқан халық зар илей берер ме еді, кім білсін…
Жоқ. Әлемде әділеттілікке бастар жол бар екен. Ол – бейбітшіліктің жолы. Тәуелсіз Қазақстанның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әу баста таңдап алған сара һәм дара жолы. Міне, әлемге бейбітшілікті бейнелей білген еліміз өз еркімен ядролық қарудан бас тартты. Қайсібіреулер қарумен қамданып жатқанда бейбітшілікке бастау болған біздің ел бұл күнде әлем назарында. Ал, бейбітшіліктің кіндігі – Семей қаласы десек, артық айтып, мақтанғандық емес. 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшілік миссиясы — 2009» атты әлемдік қауымдастықты ядролық қаруға қарсы күрес үшін Қазақстанмен бірігу бастамасын жариялағаннан бері жыл сайын 29 тамызда біздің қаламыз халықаралық деңгейдегі бейбітшілікке бастайтын басты оқиғалар өтетін алаңға айналған.
Жыл сайын 29 тамызды айшықты түрде атап өту дәстүрі қалыптасқан Семей қаласында биыл да халықаралық деңгейдегі басқосу болды. «Невада — Семей» қозғалысының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық жиынға әлемнің әр түкпірінен келгендердің қатары көп болды. Биылғы шараға әлемнің 17 елінен 120-дан астам қонақтар қатысты. Атап айтқанда Ресей, АҚШ, Канада, Франция, Германия, Италия, Испания, Австрия, Голландия, Норвегия, Жапония, Қытай, Корея, Малайзия, Моңғолия, Үндістан, Түркия, Белорусь, Украина сынды шет елдерден және еліміздің әр түпкірінен келген ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері ортақ ойдың аясында жиылды. Мәртебелі меймандар екі топқа бөлініп, Семей және Курчатов қалаларындағы бірқатар нысындарды аралады. Курчатов бағытына сапарлаған қонақтар «Бейбіт мақсаттағы бейбіт атом» атты жиынға қатысты. Басқосудан кейін делегаттар «Ядролық технологиялар паркі» мен «Токамак» термоядролық реакторын көрді. «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдығына орайластырылған негізгі іс-шаралар Семей қаласында өткізілгендіктен мұнда шетелдік меймандар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, шаһарымыздағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болды. Онда меймандар Семей ядролық полигоны трагедиясының, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Абай атындағы театрда өткен «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысына 25 жыл. Ұлттық қасіреттен ұлттық мақтанышқа» атты халықаралық конференциясына қатысып, Түйемойнақ аралындағы мыңдаған адамдардың қатысуымен өткен «Өлімнен де күшті» мемориалына гүл шоқтарын қойып, Жапониядан арнайы әкелінген ағаш көшеттерін отырғызды.
Мәртебелі меймандар ең алдымен қазақтың Бас ақыны Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етуден бастады. Келесі кезекте облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Нагасаки ұлттық бейбітшілік мемориалдық кешені ұйымдастырған «Хиросима мен Нагасаки туралы естелік» атты көрмені тамашалады. Көрменің басты идеясы — бейбіт әлемге деген ұмтылыс, атом жарылысының тигізетін зиянының орасан екенін көрсету. Мұражайдың бұл залын тамашалағандар ядролық қаруды қолданудағы трагедияның тереңіне үңіліп, салдарынан туындайтын қайғы — қасіреттерді түсінуге бағытталған. Көрмеге бомбалау салдары көрсетілген Хиросима мен Нагасаки суреттері қойылған фото-стендтер де бар. Атом трагедиясын бастан кешірген адамдар жайында деректі фильмдер көрсетіліп, трагедияны бастан кешірген адамдардың басынан өткерген жағдайлар жазылған күнделіктері де көрмеге шығарылды. Сонымен қатар, мұражайда Семей полигонынан сыр шертетін көрме де ұйымдастырылған. Экспозиция алғашқы ядролық бомба сынағының ойдағыдай өткені туралы ТАСС хабарымен ашылған. Мұнда кеңестік бомба жасаушы ғалымдар: академиктер Сахаров, Курчатов, Харитон туралы ақпараттар мен олардың суреттері қойылып, келушілердің назарына жер астында сынақ жүргізуге арналған ұңғыма макеті де ұсынылды.
{jcomments on}«Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының құрылуына арналған стеднте әр жылдардағы суреттер қойылған. Мемлекет басшысының «Семей ядролық полигонын жабу туралы» 1991 жылғы 29 тамыздағы №409 тарихи Жарлығы көрмеде басты орын алады. Жалпы, көрменің Семей қаласындағы мұражайда ұйымдастырылуы орынды жағдай. Себебі, Семей қаласы мен Күншығыс елінің Нагасаки және Хиросима қалаларының тартқан тауқіметі бір, тағдырлас. Адам аждаһасы бізге де, оларға да таңсық емес. Көрме ұйымдастыруға рұқсат сұрай жазған хатындағы Нагасаки қаласының мэрі Тауэ Томихиса: «Нагасаки қаласының тұрғындары қасіреттің шынайы бейнесін және атомдық жарылыстың салдарын жеткізу мақсатында түрлі іс-шараларға қатысады. Ядролық қаруға тыйым салуды қолдайды»,- десе, Хиросима қаласының мэрі Мацуи Кадзуми: «Ядролық қарудан азат бейбіт өмірге деген ынтамызбен көптеген адамдармен бөліскіміз келеді», — деп көрсеткен сөздері көрмедегі бүктемелерде көрініс тапқан.
Жәдігерлермен танысу барысында Хиросима мәдени қорының төрағасы, «Мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысының бас хатшысы Комизо Ясуеши мырза:
— Мен Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан қайсар ел ретінде үлгі тұтамын. Жас мемлекетті әлем елдері ядролық сынаққа тосқауыл болған батыл ел ретінде таниды. Қазақстандағы Семей полигонының жабылуы — адамзат қауымының алдында қаншалықты батыл саяси шешім болғандығын айқын сезіне түстік. Біздің елдің халқының тағдырында ұқсастықтар бар. Өйткені, қос мемлекет ядролық қарулану мен оның сынағынан ең көп зардап шеккені белгілі. Біздің бірлестіктің басты мақсаты — ядролық қарусыз әлемді насихаттау, сынақтан зардап шеккен адамдарды емдеу мәселесі жөніндегі ортақ тәжірибемен алмасу. Ең бастысы — ғасырларға жалғасқан қасірет әкелетін ядролық қаруды жою, бұл қауіпті болдырмау,- дейді мәртебелі мейман.
Өткен тарихтың ауыртпалығы мол кезеңдерін, аға буынның ядролық қаруға қарсы күрес жолындағы атқарған еңбектерін бүгінгі өскелең ұрпақтың білуі маңызды. Бұл жарылыссыз, сынақсыз бейбіт өмірдің қаншалықты бағалы екенін ұғыну үшін қажет. Осы орайда, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 25 жылдығын атап өту аясында қала жастарымен, халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізілді. Жиынға аталмыш қозғалыстың еліміздегі және шетелдердегі белсенді мүшелері, қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Мұрат Әуезов, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, қала басшысы Айбек Кәрімов, АҚШ, Жапония, Малайзия, Түркия және тағы да басқа елдерден келген меймандар, қаламыздағы жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Басқосуда Айбек Мүталапханұлы ядролық сынақтарды тоқтату мақсатында құрылған халықаралық «Невада-Семей» қозғалысы негізі қалан-ған сәттен бастап, қалың бұқараның кең қолдауына ие болғанын атап өтті.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл шешімінің арқасында 1991 жылы 29-шы тамызда Семей ядролық полигоны мәңгілікке жабылды. Сол сәттен бастап, еліміздің, Семей қаласының бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылған жаңа тарихы басталды. Бұл тек қана біздің өңіріміз үшін ғана емес, тек қана біздің еліміз үшін ғана емес, жалпы бүкіл дүниежүзіндегі әлеуметтік-саяси мәні бар шара деп білеміз, — деді Айбек Мүталапханұлы.
Сондай-ақ, қала басшысы ядролық сынақтардың зардаптарын жою, халықтың денсаулығын нығайту бойынша қабылданған кешенді шаралардың негізгі бөлігінің жемісті жүзеге асырылғанын тілге тиек ете келе, Семей қаласы тұрғындарының Елбасының саясатына жан-жақты қолдау білдіріп, әлемдік қауымдастықты бейбітшілікке үндеу мақсатымен жыл сайын халық-аралық антиядролық форумдар мен акция-лардың өткізілуіне мұрындық болып келе жатқанын атап өтті. 2012 жылы Семей «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының құрамына енсе, биыл Қазақстан бойынша қалалардың орталығы атанып отыр. Жиын барысында сөйлеген сөзінде осындай мәліметтер келтіре отырып, қала басшысы ойын былай деп жалғастырды:
— Мұның барлығы ертеңгі болашағымыздың баянды болуы үшін қабылданып жат-қан іс-шара. Ядролық қарудан азат елді құру идеясы бүгінгі күннің жастарын ойландырып, олар өз кезегінде келешек ұрпақтың қамы үшін белсенді жұмыс істеуі қажет. Сондықтан да, бұл кездесудің әсіресе, жастар, сіздер үшін берері мол әрі елжандылықты бойларыңызға сіңіруде септігі тиеді деп ойлаймыз.
Жиын барысында сөз алған қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Невада-Семей» қозғалысының құрылуы мен ядролық полигонның жабылуын еліміздің ғана емес, әлемнің тарихындағы елеулі оқиға, жаһан жұртшылығын бейбітшілікке шақырудағы ғажайып бастама болғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол жойқын қаруға қарсы күрес жолында белсенділік танытып келе жатқан қазақ халқы мен ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдаған Елбасының батылдығын да айрықша атап өтті. Сынақтардан зардап шеккен халықтың жан айқайына бей-жай қарамай, халықаралық деңгейде мәселе көтеріп, үлкен қозғалыстың жұмысын бастаған Олжас Омарұлы Сүлейменовтің азаматтығы мақтауға да, мақтануға да лайық деген ойын жеткізді.
— «Невада-Семей» сияқты халықаралық қозғалысты құру — өте үлкен қайсарлықтың, табандылықтың, батылдықтың белгісі. Осының арқасында еліміздегі ядролық сынақ алаңының жабылуы, жойқын қарудан бас тартуымыз – біздің бәрімізге ортақ жетістік, тіпті, баға жетпес байлығымыз, қазынамыз десе де болады. Бұл орайда айта кетерлік жайт — миллиондаған адам болып осы қозғалысқа қосылуымыз, оған қолдау білдіруіміз ядролық қаруға қатысты ойымыздың бір жерден шыққанын ғана емес, бірлігіміздің, ынтымағымыздың бекем екендігін паш етті, паш етіп келеді және алдағы уақытта да айдай әлемге әйгілей береді деген сенімдемін,-деді Мұрат Әуезов.
Басқосу барысында жастардың атынан Семей мемлекеттік медициналық университетінің студенті Рафаэль Хамитов сөз сөйлеп, ағымдағы жылдың 14-24 тамыз күндері аралығында «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» халықаралық ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған велошеру жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, ол Семей жастарының ядролық қаруға қарсы күресті жалғастыра беру қажеттігін қолдайтындарын жеткізді.
Бұдан бөлек кездесу кезінде «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының мүшелеріне «Невада-Семей» қозғалысына 25 жыл» мерейтойлық медальдерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Шаралар легі Абай атындағы театрда «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысына 25 жыл. Ұлттық қасіреттен — ұлттық мақтанышқа» атауымен өткен халықаралық конференцияға ұласты. Алқалы жиынға «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысының бас хатшысы Ясуеши Комизо, МАГАТЭ-нің Бас хатшысының стратегия мәселелері бойынша арнайы көмекшісі Зеф Мази және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік меймандар қатысты. Конференция барысында өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы бейбітшілікті сақтау мен ядролық қарудан бас тартудың маңызы жайлы айта келе, Елбасының еңбегіне де тоқталып өтті.
— Өздеріңіз жақсы білесіздер, осыдан бес жыл бұрын Семей өңірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл дүниежүзіне 29-шы тамызды «Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні» деп атау жөнінде үндеу тастады. Ол бастама халықаралық қауымдастық тарапынан кеңінен қолдау тауып, БҰҰ бұл ұсынысты қабыл алған болатын. Міне, 29-шы тамыз — «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні» ретінде аталып келеді. Бұл Елбасымыздың сарабдал саясатының, көрегендігінің арқасында орын алып отырған жағдай, — деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ядролық сынақ полигоны орналасқан Семей өңірінің халқы үлкен зардап шеккендігін айта келе, осы орайда, мемлекет тарапынан азаматтардың денсаулығын оңалту бойынша, зардаптарды жою бойынша көптеген шаруалардың атқарылып жатқанын сөз етті. Соның ішінде, өңір басшысының айтуынша, Семей қаласында арнайы медициналық кластер құру жоспарда бар екенін атап өтті.
Конференцияда сөз сөйлеген «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов қозғалыстың ардагерлеріне, жастарға, шетелдік меймандарға жиынға келгендері үшін ризашылығын білдірді. Жиналған қауымға ядролық қаруға қарсы күрестің қазіргі таңда қаншалықты өзекті мәселе болып тұрғаны жайында өз ойын жеткізді. Сондай-ақ, өз сөзінде Олжас Омарұлы «Невада-Семей» қозғалысының тарихы жайлы қысқаша айтып берді.
— Қырық жылғы жарылыстардың зардабын шеккен халықтың ядролық сынақтарға қарсы наразылығы «Невада-Семей» қоз-ғалысын құруға негіз болды. Сол уақытта тек Қазақстанның өзінде екі миллионнан астам адам сынақтарды тоқтату туралы талабымызға қолдау көрсетіп, қозғалыстың мүшесі атанды. Әлбетте, олардың саны көбейе түсті. Табанды күрестің арқасында сол жылы жоспарланған он сегіз сынақтың 11-ін болдырмадық. Семей полигонындағы ең соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазан күні жасалды. Бұл датаны да ұмыт қалдырмауымыз керек. Өйткені, содан кейін полигонда жарылыстар болған жоқ. Одан соң 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигоны мүлде жабылды. Бұл — жүргізген күресіміздің ең басты жемісі, бейбітшілікті қолдаған, бейбіт өмірді қалаған халықтың жеңісі деп білемін. Соның арқасында 1992 жылы АҚШ пен Ұлыбритания Невададағы сынақтарға мараторий жариялады, біраз уақыттан соң, Францияның полигонында жарылыстар тоқтатылды, ал, 1996 жылы ҚХР Лобнор шөліндегі полигонында сынақ жүргізуге мараторий жариялады. Бұл да қалың бұқараның қолдауына ие болған қозғалыс атқарған жұмыстың және ядролық қарудан ең бірінші болып бас тартып, дүниежүзі мемлекеттерінің көшбасшыларына үлгі көрсеткен Елбасының шешімінің арқасында қол жеткізген жеңісіміз деп білеміз, — деді Олжас Омарұлы.
Сондай-ақ, ол ядролық қарумен күрес әлемдегі қалған полигондар жабылып, сынақтарға мүлде тыйым салынғанша жал-ғаса беретінін тілге тиек етті. Себебі, оның сөзінше, сынақ алаңдарын толығымен жауып, ядролық арсеналды біржолата жоймайынша және тағы бір басты мәселе – сынақтардан зардап шеккен халықтың денсаулығын толық оңалтпайынша, жарылыс жасалған жерлерді толық қалпына келтірмейінше, түбегейлі жеңіс туралы айту ертерек көрінеді.
Конференцияда сөз алған «Мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысының бас хатшысы Ясуеши Комизо, МАГАТЭ-нің Бас хатшысының стратегия мәселелері бойынша арнайы көмекшісі Зеф Мази және тағы да басқа мәртебелі меймандар жоғарыда айтылған ойларға қосылатындарын білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдары туралы пікірлерімен бөлісіп, өз ұйымдары тарапынан атқарылып жатқан шаруалар жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, олар бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырудағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін жоғары бағалап, «Невада-Семей» қозғалысының да рөлі зор екенін атап өтті. Конференция соңында Олжас Омарұлы жиынға қатысқан халықаралық ұйымдардың өкілдеріне, шетелдік меймандарға және «Невада-Семей» қозғалысының мүшелеріне салтанатты түрде «Невада-Семей» қозғалысына – 25 жыл» мерейтойлық медальдерін табыстады.
Конференция Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» мемориалының қасында мыңдаған адамның қатысуымен өткен жиынмен жалғасын тапты. Сынақтан зардап шеккендерді мәңгі адамзат баласының жүрегінде қалдыру мақсатында «Өлімнен де күшті» монументі басына гүл шоқтарын қойып, Семей ядролық полигон сынақтары құрбандарын еске алып, бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Бейбітшілік акциясы барысында «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының бас хатшысы Ясуеши Комизо және «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Мэрлер бейбітшілік үшін» ескерткіш тасының маңына Хиросимадан әкелінген «Гингко» ағашының көшетін отырғызды. «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдығына орай аталған көшетті Жапониядан Хиросима қаласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының президенті Мацуи Кадзуми сыйға жіберген. «Гинкго» ағашы — Хиросимадағы атом бомбалауынан аман қалған ағаш. Сол кезден бастап ол Хиросима қаласы тұрғындарының ерлігі мен үмітінің нышанына айнал-ған. Осыдан кейін акцияға қатысушылар «Бейбітшілік» стелласы алдында сөз алып, әлем елдерін бейбітшілікке үндейтін бұл күннің маңыздылығына тоқталды.
— Адамзатты талай қайғылы апатқа алып келген ядролық жарылыстар бүгінде жабылды. Оның жабылуына үлкен әсер еткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Мемлекет басшысының ұсынысымен жарияланған 29 тамыз күні — Халықаралық ядролық жарылысты тоқтату күні болып есептеледі. Өздеріңіз білесіздер, жылда осы жерде Бейбітшілік акциясын өткізу дәстүрге айналды. Бүгінде 17 елден, 21 халықаралық ұйымнан келген қонақтармен бірге біз Сіздермен тағы да кездесіп отырмыз, — деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, — Қазақстанның қазіргі жүргізіп отырған саясатының ең негізгісі- еліміздегі бейбітшілік, тыныштық және тұрақтылық. Міне, соның арқасында Қазақстанның абыройы артып, беделі көтерілді. Қазір ядролық сынақты тоқтату жөнінде Қазақстан дүниежүзінде көшбасшы болып есептеледі. Осының барлығы біздің болашағымыз үшін. Жастарға айтарымыз, қазіргі жасалып жатқан істердің — барлығы сіздер үшін. Ертең сіздер дамыған, білімді және мәдениетті мемлекетте тұрсын деген мақсатпен ауқымды істер атқарылуда. Сондықтан, осыны дұрыс пайдаланып, еліміздің болашағы үшін жақсы білім алуларыңыз қажет. Ең бастысы мемлекетімізде бірлік пен ынтымақ болса барлығы да болады. Елімізде тек бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық болсын. Еліміздің абыройы арта берсін, — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, митингте сөз алған ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов өткізіліп отырған акцияның маңыздылығына тоқталды.
— Біз бүгін Семейде ауқымды істерге қатыстық. Қазір шара үлкен митингпен аяқталды. Осында жастардың көптеп жиналғанына толқып тұрмын. Біз сынақтың жастар үшін тоқтатылғанын айтуымыз керек. Әрбір ел — «Мәңгілік Ел» болуы керек. Ал мәңгілік ел тек қана тыныштығы бұзылмаған, дені сау әлемде ғана бола алады. Сондықтан да, біздің мақсатымыз — Қазақстанды салауатты елге айналдыру, әлем бізден үлгі алуы керек. Біз осыны айтып келеміз және алдағы уақытта да айтуды жалғастыра бермекпіз, — деді Олжас Омарұлы.
Митингтің ресми бөлімінен кейін, жинал-ғандар еліміздің танымал өнер жұлдыздары – Алтынбек Қоразбаев және «МузАрт» ансамбілінің концерттік бағдарламаларын тамашалады.
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ, Мирас ҚҰСАЙЫН, Асан МЫРЗАХАНОВ, «Семей таңы»