Өткен сенбіде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жұмыс сапарымен Бесқарағай ауданына барды. Іссапар аясында аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, соңынан азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудандық балалар өнер мектебінде болып, өнерлі өрендермен жүздесті.
Мәдениет үйінде өткен жиында алдымен Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов ауданның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және биылғы жылға арналған жоспарлары жайлы баяндады. Талғат Батырұлының баяндамасынан соң Нұрлан Тельманұлы Абай облысының даму көрсеткіштерімен таныстырып, ондағы Бесқарағай ауданының үлесіне тоқталды.
— 2022 жылдың қорытындысы бойынша, облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,1 трлн теңгеден асса, Бесқарағай ауданының үлесі 1,5 млрд теңгені құрады. Бұл ретте аудандағы тау-кен өндіру саласындағы «Семей Орда», «Казхимтесснаб», өңдеу саласында «Лесресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Суды жинау, өңдеу және тарату» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын атап өткен орынды,- деді аймақ басшысы.
Өткен жылы Бесқарағай ауданында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 89,3 пайызға орындалып, 1459,5 млн теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9 681,4 млн теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 291,5 пайызға артты.
Аудан аумағында жер қойнауын пайдаланумен айналысатын 3 кәсіпорын бар. Олар Долон ауылдық округінің аумағында орналасқан. «Электрум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Кульское кен орнында гранитті тас өндірсе, «Семей Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Левобережное кен орнында әктас өндіреді. Ал «Казникель» жауапкершілігі шектеулі серіктесті Горностаевское кен орнында силикат кобальт-никель кендеріне барлау жұмыстарын жүргізеді.
Облыс әкімі бөлшек тауар айналымының өсімі жайлы да айтып өтті. Облыс бойынша бөлшек тауар айналымы көлемі 19,3 пайызға ұлғайып, 438,8 млрд теңгеге жеткен. Бесқарағай ауданы бойынша бұл көрсеткіш 4,9 млрд теңге көлемінде. Жұмыс істеп тұрған 49 693 шағын және орта бизнес субъектісінің 1060-сы осы ауданға тиесілі.
Бесқарағай экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген аудандар қатарында. Аймағымызда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға өссе, ауданның үлесі 7,7 пайызға тең.
Жалпы, ауданда 471 шаруа қожалығы, 26 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10 ауыл шаруашылығы кооперативі бар.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі былтыр 36 634,5 млн теңгені құрады.
Аграрлық аудан үшін әр сүйем жерді ұтымды пайдалану маңызды екені белгілі. Жер қатынастары саласында нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында жұмыстар атқарылуда. Жиында айтылғандай, өткен жылы облыс бойынша жалпы алаңы 125,9 мың гектар 152 учаске анықталып, 84,7 мың гектарды алып жатқан 134 учаске мемлекет меншігіне қайтарылды. Бесқарағай ауданы бойынша жалпы ауданы 8,2 мың гектар болатын 17 учаске анықталып, 5,3 мың гектардағы 5 учаске қайтарылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – инженерлік инфрақұрылымдарды жақсарту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл ретте тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
— Өткен жылы 19,8 млрд теңгеге 38 сумен жабдықтау нысанының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады. Бірнеше ауылда сумен жабдықтау желілерінің құрылысын аяқтау және су тарту жұмыстарын бастау жоспарланған. Сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. 2026 жылға қарай облыс бойынша жалпы 96, оның ішінде Бесқарағай ауданында 10 сумен жабдықтау нысанын салу және қайта жаңарту жоспарлануда,- деп атап өтті Нұрлан Тельманұлы.
Кездесуде әр сала бойынша облыстың және ауданның дамуы жөнінде кеңінен айтылды. Ерекше атап өтерлігі, бүгінде облысымызды газдандыру мәселесі қарастырылып жатыр.
— Сіздерге бір құпияны ашқым келіп отыр. Алдағы уақытта Абай облысына газ тартылады. Әрине, Бесқарағай ауданы да тыс қалмайды. Қазір бұл мәселе Үкіметте қаралуда. Бір-екі жыл ішінде мәселенің нақты шешімі табылады деп ойлаймын, — деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Еске сала кетсек, Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етудің бірнеше нұсқасы туралы айтқан болатын, яғни Ресей Федерациясымен Павлодар қаласына тарайтын Барнауыл-Рубцовск-Семей-Өскемен газ құбырын салу және Өскемен тармағымен Омбы-Павлодар-Семей газ құбырын салу нұсқасы бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Кездесуде аймақ басшысы бесқарағайлықтардың көкейде жүрген сауалдарына жауап берді.
Аудан тұрғыны зейнеткер Мұхтар Сұлтанұлы Бесқарағай ауылында бой көтерген жаңа үйлердегі балалардың мектепке қатынауы қиындық туғызып отырғанын айтып, автобус қатынасын енгізуді сұрады. Бұл сауалға жауап берген Талғат Батырұлы қазіргі таңда аялдамалардың орны бекітіліп, маршруттық бағыт әзірленіп жатқанын жеткізді. Ал ардагер Тимофей Глазинский ауданда бірқатар сала бойынша маман жетіспейтіндігін айтып, жастардың тұрақтап қалуы үшін оларға жағдай жасалса дейді.
Жергілікті тұрғындар салынып жатқан үйлерде орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ екенін атап өтті. Бұл қалалардан келетін мамандар үшін үлкен кедергі болып отыр. Нұрлан Ұранхаев алдағы уақытта орталықтандырылған жылумен қамту мәселесін оң шешуге болатынын атап өтті.
Аудан басшысы Талғат Мұратовтың айтуынша, биыл орташа жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Аудандағы жолдардың жалпы ұзындығы 578 шақырымды құрайды. Оның 389,5 шақырымы асфальтталған, 188,5 шақырымы — қара жол. Бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бесқарағай, Малая Владимировка, Беген ауылдарында жолдарды орташа жөндеу жұмыстары аяқталған.
– Биыл Бесқарағай, Старая крепость, Бөкебай ауылдарында көшелерді, Өндіріс, Жыланды, Қарабас ауылдарында кіреберіс жолдарды орташа жөндеу жоспарлануда, – деді Талғат Мұратов.
Ауданда сондай-ақ құрылыс пен абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қоянбай, Өндіріс ауылдарында ауылдық клубтар, Бесқарағайда жүзу бассейні салынады. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысқа мемлекеттік сараптама да алынған.
Сонымен қатар Қара-Мырза ауылындағы «Амад» шаруа қожалығын электрмен қамту желілерінің құрылысы аяқталды. Бесқарағай, Малая Владимировка, Беген ауылдарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл Бозтал, Қарағайлы, Канонерка ауылдарында көшелер жарықтандырылмақ.
— Бесқарағай ауылында жеке құрылыс салушылардан 2 пәтерлі екі жеке тұрғын үй сатып алынды. Сондай-ақ биыл Бесқарағай ауылындағы 90 орындық балабақшаны, Канонерка ауылындағы ауылдық клуб ғимаратының шатырын күрделі жөндеуден өткізу, Куликовское, Камышановка, Доманское көлдерінің қорғаныс бөгетін жөндеу жоспарлануда, – деді Талғат Мұратов.
Облыста оқушы орындарының тапшылығы (8 698) мәселесі бар. Оны шешу мақсатында өткен жылы жиыны 1700 орынға 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның бірі аудандағы Жыланды ауылында орналасқан. Жалпы, Бесқарағай ауданында 21 орта мектеп, 3 балабақша мен 16 шағын орталық жұмыс істеп тұр.
Аудан әкімі Талғат Мұратов атап өткендей, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толықтай қамтылған, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 95 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ 2022 жылы Рысқұлбеков, Глуховка, Беген, Семияр, Бөденелі, Семеновка және басқа да мектептер жөндеуден өтті.
– Биыл Глуховка орта мектебінің өртке қарсы су құбырын және Қара-Мырза орта мектебінің спорт залын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда, – деді аудан әкімі.
Естеріңізге сала кетсек, 2024-2025 жылдары Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп, Белокаменка ауылында 50 орынға арналған шағын жинақты мектеп салу жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында аудан орталығындағы балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Бесқарағай ауданында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 82,1 пайызды құрайды.
Аудан әкімі Талғат Мұратов атап өткендей, 2022 жылы Ерназар ауылында су құбыры желілерінің құрылысы басталған. Жоба 2023 жылы да жалғасады. Ал Глуховка мен Бөденеде су жинағыш ғимараттың құрылысы қолға алынып, Жетіжар және Бесқарағай ауылдарының су құбырларына конкурстық рәсімдерді өткізуге қаражат бөлінді.
Бесқарағай кентінде су құбыры желілері бойынша жұмыстарды жүргізу, Кривинка, Башкөл, Канонерка, Бозтал және Малая Владимировка елді мекендеріндегі су құбырын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда.
Аудан тұрғындарына 72 спорт нысаны қызмет көрсетеді. Жергілікті бюджет есебінен Долон ауылында спорт алаңы орнатылды.
Іссапар аясында облыс басшысы Балалар өнер мектебіне барды. Нұрлан Тельманұлы санаулы күндер бұрын Семей қаласында өткен республикалық өнерпаздар байқауының облыстық кезеңінде хор ұжымдары арасында Гран-при иегері атанған ұжымды құттықтады.
Аудан әкімі Талғат Батырұлы талай дарындыларды түлеткен өнер ұжымы 1964 жылғы ескі ғимаратта 160-тан астам оқушыны өнерге баулып отырғанын айтып, жаңа ғимарат салуға қолдау көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі бұл мәселе қарастырылатынын айтып, өнер ордасының ұжымына қазақтың домбырасын тарту етті.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Семей таңы»