Semeytany.kz – Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданының тұрғындарын жеке қабылдап, көтерілген мәселелерді тыңдады.
Қабылдауға келген тұрғындар негізінен шаруа қожалықтарына электр қуатын тарту, ауыл қауіпсіздігі, нақтырақ айтқанда, қасқыр шабуылына байланысты мәселелерді қозғады. Зейнеткер Талғат Ерденбеков Кеңгірбай би, Көкбай, Тоқтамыс, Архат және Құндызды ауылдық округтеріндегі мал шаруашылықтарына жыртқыш аңдардың жиі шабуыл жасайтынын айтып, көмек сұрады.
Аймақ басшысы әрбір өтінішті жеке қарастыратынын, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтты. Оның айтуынша, жарық желілері – облыс көлемінде өзекті мәселе.
– Қазір бұл бағытта нақты шаралар атқарылып жатыр. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы Экономика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Жобаның 10 пайызы облыстық, ал 90 пайызы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Биыл облыс тарапынан өз үлесін бөліп, жобаны бастауды көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі.
Қабылдауға дейін аудан тұрғындарын басқарма басшылары да жеке қабылдап, сауалдарына жауап берді.