облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа жыл қарсаңында журналистермен жүздесіп, жыл бойы атқарылған негізгі жұмыстар жайлы ақпарат берді
Жаңа жыл мерекесінің басқалардан ерекшелігі де сол , бір жыл бойы не тындырдым, қандай жетістіктерге қол жеткізіп, келер жылдың еншісіне қалып отырған қандай шаруалар бар деп, әр адамның өзіне -өзі сауал қойып, есеп беретін сәті.
Желтоқсан айының соңында «Время» газеті және «Саясат-Monitoring» зерттеу тобының ұйымдастыруымен республикамыздағы облыс әкімдерінің негізгі көрсеткіштер бойынша атқар-ған жұмыстарына баға беріліп, сарапшылардың әкімдерге берген бағасы бо-йынша үздік деген облыс басшыларының рейтингісі шығарылған.
Жабық түрде өткен бұл сауалнаманы жүргізген сарапшылардың құрамына саясаткерлер, блогерлер, журналистер және қоғам қайраткерлері кірді. Бірнеше көрсеткіштер бойынша сарапталып, соңында ортақ арифметикалық шешім қорытындысымен анықталған әкімдердің көшбасында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, екінші орынды Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ал үшінші орынды біздің Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев иеленді.
Бұған дейінгі сараптау қорытындылары кезінде де бірінші, екінші орындарды ешкімге бермей келе жатқан екі Бас қаланың әкімдерінің алдыңғы екілікті алуы бізді таң қалдыра қойған жоқ. Ал, республикадағы деңгейлес облыстар арасында жоғарыдағы екі қаладан кейінгі орыннан көріну — үлкен жетістік, БІРІНШІ орын деп есептеуге лайық көрсеткіш екені сөзсіз. Соңғы жылдары ел аузында ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫС деп аталып жүрген біздің облысымызда атқарылып жатқан игілікті істерге берілген шынайы бағаға бәріміз қуандық. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына берілген баға Қазақстанның бүкіл шығысындағы елдің бүгінгі қол жеткен жетістігіне, әлеуметтік- тұрмыстық жағдайына берілген баға екендігі белгілі. Жаңа жыл қарсаңында облыстағы журналистердің басын қосып, жыл қорытындысы бойынша ақпарат берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы жағымды жаңалықпен құттықтады. Облыс әкімі Шығыс Қазақстанда жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жайлы журналистерге қысқаша ақпарат берді:
-ШҚО– ғы атқарылып жатқан жұмыстарды барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Барлық өтіп жататын іс – шараларға өздеріңізді шақырамыз. Атқарылып жатқан істерге сіздер куәсіздер. Облысымызда жүзеге асып жатқан жұмыстардан тек біздің аймақ қана емес, республика халқы да сіздер арқылы құлақтанып отырады. Біздің ең негізгі мақсатымыз — Елбасы Н.Назарбаевтың берген тапсырмаларын орындау, экономиканың алға дамуын қамтамасыз ету. Осының нәтижесінде халықтың тұрмысын, әл –ауқатын, жағдайын жақсарту. Негізінен 11 айдың қорытындысы бойынша Елбасының тапсырмасы орындалып жатыр. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына орай, экономиканың даму қарқынында былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеушілік болмауы керек. Қазір әлемде әлі де болса дағдарыстың қауіпі сейілген жоқ. Әсіресе, түсті металға деген сұраныс артып отыр. Бізде өндірістің көлемі де, сол салада жұмыс істейтін қызметкерлердің саны да, жалақысы да төмендеген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, негізгі тапсырма – экономиканың қарқынында өткен жылмен салыстырғанда өсу бар. Ең негізгі 11 әлеуметтік – экономикалық даму динамикасының көрсеткіштері өткен жылдан жоғары, республика деңгейіндегі көрсеткіштерден төмен болмайды. ШҚО негізгі көрсеткіштері өнеркәсіп саласы. Осы жылы біздің кәсіпорындар 1 триллион теңгенің өнімін өндірді. Бұл жаман нәтиже емес. Мұндай жағдай біздің облыста көптен бері болмаған.
Сіздер халықтың ортасында көп жүресіздер. Тұрғындар мұң – мұқтажын, арыз – шағымын сіздермен бөліседі. Сондықтан да, баспасөзде жарық көрген сыни тұрғыдағы жазылған мақалалар бізге көп көмегін тигізеді. Менің сынға деген көзқарасымды жақсы білесіздер. Сын тұрғысында жазылған мақалалардың назардан тыс және жауапсыз қалмауын үнемі қадағалап, қызметкерлерге әр сынның артында халықтың мұң-мұқтажы тұрғанын айтып отырамын.
Индустриялық – инновациялық бағдарламасына ШҚО – нан 53 жоба енген. Осы атал-ған жобалардың 33-нің жұмысы аяқталды. Олардың барлығы да жұмыстарын істеп тұр. Тек, Семей қаласының тері – мех комбинатында шешуін күткен проблемалар болған. Қазір бұл комбинат та өз жұмысын бастады. Осы жобалар аясында біз қосымша 4 мың жұмыс орынын аштық. 190 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 10 млрд. теңге көлемінде салық түсімі кірді.
Әрине, біз ең бірінші кезекте Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған сын – ескертпелері мен тапсырмаларын жүзеге асыруға көңіл бөлеміз. Елбасы отырыста өңіраралық интеграцияны дамытуды қатты тапсырған. Осы ретте, сіздер білетіндей біз бірнеше аймақаралық форумдар, кездесулер өткіздік. Бұл іс – шаралар алдағы уақытта өз жемісін береді. Әсіресе, қазақстандық өндірістердің өнімділігін арттыруда, инновация, жасыл экономика тұрғысынан алғанда да мұндай өңіраралық кездесулердің тиімді тұстары көп. Қарағанды, Павлодар облыстары және Алматы қалаларымен арадағы ықпалдастықты, аймақаралық қарым – қатынасты дамытуда бастамашы болдық. Халықаралық интеграцияны дамытуда да біздің үлес басым. Көршілес Ресейдің Алтай өлкесімен, Қытай жағымен интеграциялық қарым – қатынас тығыз орнаған.
Біздегі басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Осы сала бойынша өндірілген өнім көлемі 270 млрд. теңге көлемінде. Соңғы он жыл ішінде биыл жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, миллион тонна астық алдық. Әр гектардан 18 центнерден өнім жинадық. Яғни, біздің өзімізді қажетті тауарлармен, өнімдермен қамтамасыз етуге қауқарымыз жетеді деуге болады. Тұрақтандыру қорын да құрдық.
Ірі қара мал басына келер болсақ, шешімін таппаған мәселе жоқ. Ірі қара мал басының өсімі бар. Құс өсіру де оңтайлы жолға қойыл-ған.
Президент тапсырған басты міндеттердің бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Облыс бойынша халықтың 31 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысады. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Осы саладан бізге 200 млрд. теңге көлемінде салық та түсіп отыр. Елбасының тапсырмасына орай несие мөлшерлемелерін субсидиялауды реттеу бойынша 1 млрд. 400 млн. теңге қаржымен біздің өңір бірінші орында келеді. Сондай-ақ, ,кәсібін енді ғана бастаған жас кәсіпкерлерге 30 млн. теңгенің 31 гранты берілді.
Құрылыс саласында да қарқынды жұмыстар бар. Бұл орайда жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Баспанамен қамтамасыз ету бойынша биыл 270 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүрді. Баспана салу Семей мен Өскеменде ғана емес, аудан орталықтарында да жүзеге асуда.
Инфляцияны тежеу де күн тақырыбынан түскен емес. Жыл сайын жүзге тарта жәрмеңкелер ұйымдастырылып, 2 млрд. теңгенің өнімі саудаланады. Жәрмеңке аймақтағы барлық аудан орталықтары мен қалаларда тұрақты түрде өтіп тұрады.
Бөлшек сауда айналымы да 20 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Биылғы жылы да орташа жалақы мөлшері көтерілді. Орташа жалақы көлемі биыл 90 мың теңгенің айналасында болады деп жоспарланған. Ол көрсеткішке жеттік.
Инвестиция тарту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, әлеуметтік салаларда атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Осы жерде айта кету керек, әлеуметтік салаға облыс қазынасынан 57 пайызға жуық қомақты қаражат бөлінеді. Бүгінгі күнде облыс бойынша 31 мектеп салынуда. 16 емдеу мекемесі пайдалануға берілді.
Мәдениет саласында ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Ірі елді мекендердің барлығында мәдениет үйлері қайта жөндеуден өтті.
Спорт саласында да серпін көп. Осы күнге дейін облыс бойынша 150-ге тарта спорт нысандарының іргетасы қаланды. Келесі жылы аймақтың барлық аудандарында жабық спорттық сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтаймыз. Бұлардың барлығы да демеушілердің, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде жүзеге асуда. Өскеменде жекпе – жек сарайын салдық. Келер жылдың бірінші тоқсанында Өскеменде салынып жатқан жеңіл атлетика манежі, жабық үлгідегі суда жүзу бассейні қолданысқа беріледі. Барлық спорт нысандары халықаралық талаптарға сай,бәсі жоғары байрақты сайыстар өткізуге әбден лайық.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде жұмыс жасау үрдісі қалыптасқан. Бұл ретте, «Туған жерге — тағзым» акциясы аясында 18 млрд. теңге, «Туған ел – алтын бесігім» акциясы арқылы облысқа 5 млрд. теңгеге жуық қосымша кіріс кірді. Бұл жұмыс-тар өз жалғасын алдағы уақытта да таба береді.
«Агробизнес -2020», «Жайлау», «Сыбаға» сияқты бағдарламаларды орындау бағытындағы жұ-мыстар да алдағы жылдары толастамақ емес. Ал, «Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету облыс бойынша 96, 7 пайызды құрап отыр.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша да атқарылған істер көңілге қонымды. Тек осы бағдарлама негізінде ғана облыс-қа 15 млрд. теңге қаражат бөлінген. Оның 9 млрд. теңгесі ауылшаруашылығы кәсіпкерлігін несиелен-діруге бөлінді. Бұл бағдарламаның басты мақсаты да ауыл кәсіпкерлігін дамыту екендігі белгілі.
Тірек ауылдарды өркендету саласы бойынша да атқарылған жұмыстар біршама. Облыс бойынша елу ауыл осы тізімде. Осы жылы тірек ауылдарды одан әрі дамыту мақсатында 10 млрд. теңге қарасты-рылған. Оның 50 пайызы демеушілерден болса, 50 пайыз қаражаты бюджеттен бөлінген.
Осылайша, облыстағы жыл бойы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталған Бердібек Мәшбекұлы , журналистермен кездесуде өзіне қойылған сауалдарға да жауап берді:
Айтмұхамбет Қасымов, ардагер журналист:
– Бердібек Мәшбекұлы, мен Сізге өңірлік БАҚ мұражайын құру жөнінде өз ұсынысымды білдіргім келеді. Оған негіз де бар, біздегі тарихы ғасырға таяу облыстық газеттер, сондай-ақ, еліміз бойынша ең алғаш болып ашылған облыстық телеарна тағылымы мол жәдігерлерге кенде емес.
– Құптарлық, қолдайтын іс. Облысымызда түрлі бағыттағы құнды мұрағатымен мұражайлар жетерлік, солардың бір бұрышын, не болмаса, бір бөлігін өңірдегі БАҚ тарихына арнауға әбден болады.
Ирина Якунина, «Астана» телеарнасы:
– Сіз тілшілер үшін әркез қолжетімдісіз, кез келген сауалымызға жауап беруге әзірсіз, Сіздің орынбасарларыңыз да сондай. Бірақ, жекелеген департаменттер басшылары туралы олай айта алмаймыз. Олардың тарапынан біз «Сауалдарыңызды ресми түрде жазбаша жолдаңыз» деген жауапты жиі естиміз.
-Олардың бұл әрекеті дұрыс емес. Атын атаңыз. Мен олармен сөйлесемін. Әсте мұндай бюрократияға жол беруге болмайды. Барлық басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеледі. Ақпарат дер кезінде берілгенде ғана маңызды, уақыт өтіп кеткен соң, оның ешкімге керегі жоқ. Ал қағазбастылық біраз уақытты талап ететіні белгілі.
Оңдасын Елубай,
«Егемен Қазақстан» газеті:
– Өскеменде Жазушылар одағының филиалы табысты жұмыс істеп келеді. Өңір жазушыларына белгілі бір тақырыптарға көркем шығармалар жазу жөнінде міндеттемелер беріліп тұрса жөн болар еді.
– Мен келер жылдың қаңтарында өңірдегі жазушылармен жүздесуді жоспарлап отырмын. Сол басқосуда осы және өзге де мәселелерді егжей-тегжей қарастыратын боламыз.
Екатерина Гуляева,
«Рудный Алтай» газеті:
– Жуырда Семейде екі әріптесімізге пәтер кілттері табыс етілді. Өте қуаныштымыз, Сізге айтар алғысымыз шексіз. Осы іс жал-ғасын табады деп сенеміз.
– Рахмет! Жас мамандарды, әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлерді, өзге де аса қажетті мамандық иелерін пәтермен, жатақханамен қамту ісі, әрине, алда да жүргізіле береді.
Кездесу соңына қарай Бердібек Мәшбекұлы соңғы кездері «түрлі фестивальдер, форумдар, конференциялар көбейіп кетті, олар не үшін керек?» деген сөздердің жиі айтылып жүргенін де тілге тиек етті. Ол өзге өңірлермен, елдермен қарым – қатынас орнатуда, ақпарат алу үшін және өңіріміздің имиджін арттырып, өз өнімдеріміз бен мүмкіндіктерімізді насихаттау үшін қажет екенін айтқан облыс әкімі осы жылы ғана осындай басқосулар нәтижесінде өңірге 15 млрд. теңге қаражат тартылғанын да жеткізді. Сонымен қатар, ол облыста жұмыс істейтін «Парыз» қорында жинақталатын қаржының жұмсалуы қатаң қадағаланатынын да айтты.
– Қаражат негізінен әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға, ауыр науқастанған балаларды емдеуге жұмсалады. Аталмыш қаржыға Өскеменде облыстық мешіт және жекпе-жек сарайы бой көтерді, сондай-ақ, жеңіл атлетикалық манеж бен жүзу бассейні салынуда. Мен қор қаржысының қандай мақсаттарға бағытталғаны туралы ақпаратты облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттеріне жариялауды тапсырамын.
Барлықтарыңызға жұмыстарыңыз үшін өз атымнан ризашылығымды білдіремін, Жаңа жыл құтты болсын, отбасыларыңызға береке-бірлік, табыс тілеймін! – деді кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Міне, жылқы жылының табалдырығын аттағалы тұрған сәтте облыс басшысының аузынан, өз аймағымызда жыл бойы атқарылған ауыз толтырып айтуға лайықты қол жеткен жетістіктерді естіп, тағы бір серпіліп қалдық. Ақпараттар шығыстың болашағының алдағы жылы биылғыдан да шырайлы болатынынан үміт күттіретіндей.
Бердібек Мәшбекұлының кабинетте отырып, телефон арқылы басқаратындардың қатарынан емес, өз жұмысында «Халық деген – Құдайдың бір аты» деген сөзді басшылыққа алып, ел арасында жиі болатыны, облыстағы аудандарды жиі аралайтыны, Шығыс Қазақстанның қос қанаты іспетті Өскемен мен Семейді бөліп жармай, екі қаланың қатар дамуына көп көңіл бөліп отырғаны, халықтың назарынан тыс қалып отырған жоқ. Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына әкім болып келгелі аймақтың жаңа бір тынысы ашылып, түрленді, гүлденді. Облысымыздағы барлық салада атқарылып жатқан игілікті істер соның айғағы. Таяуда ғана Семей қаласында бірнеше емдеу мекемелерінің ашылу салтанатында болып, жылдар бойы баспана кезегінде тұрып, тұрғын үйдің ауыртпалығын бастан кешкен семейліктердің қуанышына келіп ортақтасып, пәтерлердің кілтін өз қолымен тапсырып тұрып, халықпен бірге қуанған облыс басшысына халық разы.
Семей соңғы жылдары көркейді. Қалада жылдар бойы шешуін күткен жылу мәселесі дұрыс жолға қойылды. Тозығы жеткен жолдар жөнделді. Жұмысы тоқтап тұрған талай кәсіпорындар облыс басшысының қолдауымен жұмысын бастады.
Облыс бойынша аграрлық сектордың дамуы жақсы жолға қойылды, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, білім беру салаларында ілгерілеушілік көп. Өнеркәсіпті дамытуға байланысты көптеген іс-шаралар қолға алынды. Өндірілетін өнімдердің көлемі өсті. Индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жұмыстар да өз жемісін беруде. Қоғамдық саяси ахуал тұрақты.
«Туған жерге тағзым», «Туған ел — алтын бесігім» акциялары аясында тәуелсіздік алғаннан бері ауыл халқы үшін арман болып қалған мәдениет ошақтары қайта шаңырақ көтеріп, аталған акциялар халықты шал-ғайда жүрген жанашыр перзенттерімен қауыштырды. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда жастармен жүргізіліп жатқан істер бір төбе. Шағын бизнеспен айналысамын дегендерге қолдау көрсетілді. Үйі жоқтар үйлі болып, қоныс тойын тойлады. Жұмысы жоқтарға жұмыс орындары ашылып, қызметке орналасты.
Халық арасында өзі жайлы “өзі де дем алмайтын, басқа әкімдер мен қызметкерлердің де, кабинетте қалғып отыруына жол бермейтін тынымсыз, халыққа жақын әкім” деген пікір қалыптастырған Бердібек Мәшбекұлының жұмысына ең басты бағаны беруші халық десек, аймақ халқының облыс басшысының атқарып отырған істеріне берер бағасының жоғары екендігіне күмән жоқ.
Р. МОЛДАШЕВА.