«Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар: бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет»,- деген болатын Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында. Барлық деңгейдегі әкімдер бір жыл бойы атқарылған жұмыстары жайлы халық алдындағы есеп беру кездесулерін аяқтауға таяу. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов өткен бейсенбі-жұма күндері қалаға қарасты Знаменка, Қараөлең, Алғабас сияқты бірқатар ауылдық округтерде болып, ауылдардың ахуалымен танысты. Ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады, атқарушы билік тарапынан жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстар туралы баяндады.
Кездесу басында Знаменка ауылдық округінің әкімі Ә.Қарсақбаев есепті мерзімде ауылдағы атқарылған жұмыстар жайлы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен жылдың қорытындысы туралы баяндама жасап, жылдан-жылға көрсеткіштері жақсарып, дамып келе жатқан ауылшаруашылық саласына тоқталды.
«Өңірлерді дамыту», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларын дұрыс жүргізудің арқасында ірі қара мен ұсақ мал басы айтарлықтай өскен. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындарының да санын арттырып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде 2011 жылдан 2014 жылдың соңына дейін аталмыш салада жұмыс жасайтындарға 157 млн. теңге қаражат бөлініпті. Өңірде асылтұқымды мал басын көбейту жұмыстары да қолға алынып, бұл қажеттіліктерге жергілікті бюджеттен 36 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда осы ауылда төрт шаруа қожалығы асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. 2014 жылдың қорытындысы бойынша Знаменка ауылдық округіндегі ірі қараның жалпы саны 6873 басты құраған. Бұл 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 117,7 пайызға артық. Өңірде 3 665 аналық мал басы бар екен. Яғни өткен 2013 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 602 басқа көбейген.
Знаменка ауылдық округінде мал шаруашылығымен қатар материалдық-техникалық базаны жақсарту да дұрыс жолға қойылған. Мысалы, өткен жылы «Ақбота» шаруа қожалығы жаңа МТЗ – 82 тракторын сатып алса, «Сабыржан» шаруа қожалығы мал бордақылауға арналған төрт алаң салған. Бұл жұмыстарға 20 млн. теңге қаражат жұмсалыпты.
— Жыл сайынғы көрсеткіштеріміз жаман емес. Алайда, негізінен, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп келеміз. Бұл ретте ірі қара мен ұсақ мал басын көбейту мақсатында шаруа қожалықтарын қолдау үшін аз қаражат жұмсалып отырған жоқ. Есептік кезеңде «Нұр» шаруа қожалығына «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 66 млн. теңгеге 250 бас асылтұқымды мал сатып алынды. Ал «Құлан» шаруа қожалығына Абай ауданының Саржал ауылынан 77 млн. 545 мың теңгенің 200 бас асылтұқымды жылқылары сатып алынды. Биыл «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Қабылхан» шаруа қожалығы 11 млн. теңге қаржыға қой сатып алуға ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ «Алтай» және «Жарас» шаруа қожалықтары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 бас асылтұқымды мал сатып алуды жоспарлап отыр, — дейді Знаменка ауылдық округінің әкімі Әбусана Қарсақбаев.
Ауылдық округ басшысының айтуынша, өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінген. Бүгінгі күні ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимараты жалға алынған. Алайда өткен жылы тірек ауылы бағдарламасы бойынша Знаменкада жаңа амбулатория құрылысы басталған болатын. Заман талабына сай салынып жатқан сәулетті ғимараттың құрылысына 70 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. 2014 жылы жобаны жүзеге асыру үшін 5 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта аталмыш нысанның іргетасы қаланған екен. Ал құрылыс жұмыстары толықтай 2015 жылдың бірінші тоқсанында аяқталмақ. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарына 1 дәрігер және тоғыз медбике қызмет көрсететінін айтты ауылдық округтің әкімі.
Знаменка ауылындағы жалпы білім беретін орта мектепте бір ауысымда 178 бала білім алады екен. Ал шағын орталықта 35 бала тәрбиеленуде. Мектеп толықтай мұғалім кадрлармен қамтамасыз етілген. Оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ал балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін мектептегі асхана ұдайы жұмыс жасауда. Мысалы, 2014 жылдың 14 қаңтарынан «Алел» корпорациясы есебінен түскен 756 мың теңге қаражатқа көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың 1-4 сыныптарда оқитын 52 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Мектептегі салауатты өмір салтын ұстану мақсатында құны 130 мың теңге тұратын жаттығу құралы сатып алынған. Сонымен қатар өткен жылы Знаменка орта мектебіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 18 814 мың теңге қаржы бөлінген. Ал ағымдағы жылы аталмыш мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
2014 жылы ауылдық округті көркейтуге арнайы қаражат бөлінудің нәтижесінде Знаменка ауылының бірқатар көшелеріне жарық тартылып, электр желілері ауыстырылған. Қоқыс шығару жұмыстары да дұрыс жолға қойылған, жол жөндеу жұмыстары да тиісінше атқарылған көрінеді.
Әбусана Қарсақбаев Знаменка ауылдық округіндегі қылмыстық көрсеткіштер туралы ақпаратқа да тоқталып өтті. Қылмыс саны азайған, өткен жылы ауылдық округте бірде-бір ауыр қылмыс орын алмағаны көңілге қуаныш ұялатады. Дегенмен мал ұрлаудың 12 оқиғасы тіркелген, оның 10-ы тәртіп сақшыларының жедел іздестіру шараларының арқасында ізі суымай ашылған.
Знаменка ауылдық округінің әкімі Әбусана Қарсақбаевтың жұмысына қала әкімі Айбек Кәрімов оң бағасын берді. Қала басшысы өз сөзінде өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс орын алып келе жатқанын, бірқатар мәселелердің де оңды шешілгенін атап өтті.
— Егер ауылды жерлерді өткен жылдармен салыстыратын болсақ, айтарлықтай оң өзгерістер бар. Мәселен, ауылдықтарды өткен жылдары сапалы ауызсу, көшелер мен жолдардың жөнделуі, көшені жарықтандыру, мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты мәселелер толғандырған еді. Бүгінгі күні аталған мәселелердің барлығы жоспарлы түрде шешімін тауып келеді. Әрине, бұл экономикамыздың жақсарғандығын көрсетіп отыр. Өңірде сондай-ақ мал шаруашылығы қарқын алып келеді, — деді А.Кәрімов тұрғындармен кездесу кезінде.
Қала әкімі Знаменка ауылдық округіне ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар тапсырмаларды баса айтып өтті. Бүгінгі күні он алты ауылдық округтің бесеуіне жоба жасалған. Соның бірі Знаменка ауылдық округінің даму жоспары болып табылады.
— Ет өнімдері өндірісін дамыту қажет. Биыл Семейдің индустриялды аумағында екі ет комбинатының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Ол өңірдің ет өндірісін Иранға шығаруға мүмкіндік береді. Сондықтан шикізатқа сұраныс артады. Ауыл тұрғындарына ұсынылып отырған мемлекеттік бағдарламаларға назар аударуларыңызды сұраймын, — деді А.Кәрімов.
Атқарушы билік жұмысына жоғары баға берген ауылдықтар ауылдық округ әкімінің қызметіне және қолдау көрсетіп отырған Айбек Мүталапханұлына, облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Ауылдық округ әкімінің жұмысын қала және облыстық мәслихат депутаттары да бірауыздан қолдады.
Айнабұлақ ауылдық округіндегі кездесуді қала әкімі Айбек Кәрімов жиналған тұрғындар алдында ауылдағы көпбалалы ана Э.Қиналбаеваға «Күміс алқа» медалін салтанатты түрде табыс етуден бастады. Көпбалалы ана Э.Қиналбаева өз тарапынан мемлекеттің көпбалалы аналарға жасап отырған қамқорлығына, қала мен ауыл әкімдерінің жұмысына зор ризашылығын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.
Аталған ауылдың әкімі К.Смағұлова күн тәртібіндегі мәселеге орай «Жұмыспен қамту – 2020», «Өрлеу», «Өңірлік даму» бағдарламалары бойынша жұмыстардың қолға алынғандығын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықтың санын азайтуға көңіл бөлініп жатқандығын, соның негізінде 22 адамның 2011-2014 жылдары 55 млн. теңге несие алғанын баяндады.
Сондай-ақ өңірлерді дамыту бағытында шаруа қожалықтарының тарапынан мал басын асылдандыру үшін асылтұқымды ірі қара малдары сатып алынғандығын, «Ертай аға» шаруа қожалығы 7 бас асылтұқымды бұқа, 200 бас аналық сиыр малына қайтарымсыз субсидия алғанын, 50 бас сиыр, 50 жылқы, 600 бас қойға арналған бордақылау алаңы салынғанын айтып, мал басының артып келе жатқандығына тоқталды. Ауылдағы халыққа қызмет жасап отырған білім, мәдениет, денсаулық сақтау салалары бойынша да атқарылған жұмыстарды баяндай келе, өткен жылы ешқандай құқықтық тәртіп бұзушылық оқиғалардың болмағандығын атап өтті. Мал өнімдерінің Семей қаласындағы «Сары» базарында аптаның әрбір сенбісінде қала жұртшылығына арзан бағамен сатылатынын да айтып өтті. Сонымен қатар ауыл әкімі ауылдан қалаға ағылған көшті тоқтату, 9 жылдық мектептегі бала санын арттыру да назардағы мәселелердің қатарында екендігін айтып өтті. Әрине, бұл- бүгінгі таңда жалғыз Айнабұлақ ауылында емес, барлық елдімекендерде кездесіп отырған жағдай. Өткен жылы Семей қаласынан Айнабұлаққа бір отбасы қоныстан-ған. Ауылдық округке 2014 жылдың қаңтар айындағы әкімнің есеп беру кезінде халықтан түскен ұсыныс-пікірдің негізінде Айнабұлақ, Самай елдімекендерінде интернет желісі іске қосылыпты. Сол сияқты әкімшілік, мектеп, 2 тұрғын үйге сымсыз телефон орнатылыпты. Сондай-ақ ауыл әкімі өз сөзінде мал суаратын құдықты ауыл тұрғындары бірлесіп, қажетті жабдықтарды өз қаражаттарына сатып алып қалыпқа келтіргенін де айтып өтті:
— Биыл БҰҰ бағдарламасы негізінде жоба әзірлеп, ауылдың екі көшесін жарықтандыруды, лизинг арқылы трактор алуды, басқа жерлерден жас отбасыларының көшіп келуіне ықпал жасауды көздеп отырмыз. Малды жаз, күз айларында жайлауға шығарып бағуды ұйымдастыру жоспарлануда,-деді Г.Смағұлова.
Жиында сөз алған ұстаз С.Алдабергенов ауыл әкімінің жақсы жұмыс істеп келе жат-қанына тоқталып, атқарған жұмысына “қанағаттанарлық” деген баға берді. Сондай-ақ ол малды сойып, қалаға апарып өткізу үшін ветеринарлық анықтаманы алу қиын болып тұрғанын, оны алу үшін Ақбұлақ ауылына баруға тура келетінін айтты. Жергілікті билік өкілдерінен осы мәселені шешіп беруді сұрады. Бұл орайда қала әкімі Айбек Кәрімов ақбұлақтық мал дәрігерлеріне аптасына бір рет Айнабұлаққа келіп, тұрғындарға малының етін өткізуге анықтама беру жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырды.
— Біраз әкімдердің қызметін көріп келеміз. Жақсы жұмыс істеген әкімге ауыл халқы да жақсы баға береді. Ауылдарыңыздың әкімі заңның шеңберінде өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып жүр, — деп, ауылдық округ әкімінің жұмысына көңілі толатындығын білдірді Айбек Мүталапханүлы. Ауыл тұрғындарының тіршілік көзі мал шаруашылығы болғандықтан, оны көбейтуге, асылдандыруға көбірек көңіл бөлу керек. Сол сияқты малды өсіріп қана қоймай, сапа тиімділігін де басты назарда ұстау қажет. Жалпы, береке-бірлік пен татулықты ту етіп, алдағы маңызы зор, тарихи, саяси, мәдени айтулы мерейтойларды үлкен дайындықпен, ұйымшылдықпен өткізу қажет, — деді өз сөзінде.
Қала әкімі Айбек Кәрімов Ақбұлақ ауылына да арнайы барып, аталмыш ауылдың тұрғындарымен жүздесіп, есептік кездесу өткізді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімі Н.Теміржанов бір жыл бойы атқарылған істері жайлы қала әкімі алдында ауыл тұрғындарына есеп берді. Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталған ол ауылдық округ бойынша спутниктік байланыс жүйесінің іске қосылғанын, алдағы күндері ауыл тұрғындары мобильді «Beeline KZ» байланыс желісін қолдану үшін, жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Шаруа қожалықтары асылтұқымды мал сатып алу және селекциялық жұмыстарды жүргізу үшін 3 млн. 766 мың теңге көлемінде субсидия алса, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында екі азамат 6 млн. теңге несие алып, еңбекпен айналысып жатқанын, малдәрігерлік шаралар толықтай атқарылғанын айтты.
— Алдағы уақытта Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға, қоғамдық, әлеу-меттік өмір тұрақтылығын нығайтуға атсалысуды парызымыз деп есептейміз. Келешекте ауылды абаттандыруға көңіл бөліп, ауызсу құбырын БҰҰ арнайы бағдарламасы арқылы қазғызу жұмысы ұйымдастырылып, саябақты ретке келтіру, мал шаруашылығын дамыту мақсатында да жұмыстар жүргізілетін болады, — деді ауылдық округ әкімі Н.Теміржанов.
Ауыл әкімінен кейін ауыл тұрғындары Т.Мұңлықбаев, Б.Мадиянова сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды. «Жас келсе іске» дегендей, жас әкім Н.Теміржановтың және учаскелік инспектор Ж.Уәлиевтің жақсы істер ұйымдастырып жатқандарын айтып, әлі де нәтижелі еңбек ететіндіктеріне сенім білдірді.
Кездесу барысында Айбек Мүталапхан-ұлы тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді. Биылғы жыл елеулі тарихи, мәдени оқиғаларға толы болғалы тұрғанын, оның мәнін жастарға насихаттап, түрлі мәдени іс-шаралар өткізу керектігін жеткізді.
Абыралыда жиналғандар алдында өткен бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар, алда тұрған міндеттер жөнінде ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Г.Қалиева баяндама жасады. Жиынға қатысушылар атқарылған жұмыстарды нақтылайтын ақпараттық бейнекөріністі де тамашалады.
Ауылда жыл сайын қалаға қоныс аударушылар саны артып отырғаны байқалады. Соған байланысты мектептегі оқушылар саны да азайған. Баяндамашыға Айбек Мүталапханұлы: «Субсидия неге алынбай қалды? Халық неге көшіп жатыр?» деп сұрады. Бұл сауалдарға тұшымды жауап болмады.
Жиын барысында сөз алған қалалық мәслихат депутаты Бейсенғазы Тастекеев:
— Ауыл әкімдерінің есеп беруіне қатысып жүрміз. Әр ауылдың жағдайы әртүрлі. Қой малының өсім көрсеткіші кеміп кеткендей. Бұл жақсы емес. Егер мал ұстамасаңыздар, қалай жағдай түзеледі? «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламасы негізінде несие алып, жұмыс бастасаңыздар, жұмыссыздық қалыбынан шығасыздар ғой. Жол, су мәселесін көтеріп келе жатқандарыңызды білемін. Жол мәселесі шешімін таба бастады. Депутат ретінде айтарым — ауызсу мәселесін назарда ұстаймыз. Қайнардан интернат ашуға 94 млн. теңге қаражат бөлінді. Балаларды соған орналастырып, мектепке оқытып, қалаға көшуді азайтқан дұрыс деп ойлаймын, — деген пікірін білдірді.
«Төкен» шаруа қожалығының иесі Е.Төкенов өзінің несие алып, жұмыс бастағанын, бұл тұрғыда үкімет тарапынан және қалалық әкімдіктен көрсетілген қолдау үшін зор ризашылығын білдірді.
Қала әкімі Айбек Кәрімов Қараөлең ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында аталмыш ауылдық округтің әкімі Сағынғали Қапақовтың есебін тыңдады.
Қайнар ауылының Мәдениет үйі ғимаратында өткен жиында сөз алған ауылдық округ әкімі С.Қапақов аталған округте 1 жыл бойы атқарылған жұмыстары жайлы баяндады.
— Ауылдық округтегі ең басты сала ауыл шаруашылығы болып табылады. Қараөлең ауылдық округі бойынша 25 шаруа қожалығы тіркеуде тұр. Соның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғандарының саны — 16, — деді өз сөзінде С.Қапақов. — Өткен жылы округте мал тұқымын асылдандыру мақсатында жекелеген шаруа қожалықтары, атап айтатын болсақ, «Жекен», «Меңдеке», «Айдос», «Ұлан» шаруа қожалықтары асылтұқымды бұқалар сатып алып, мемлекеттен бұқаның басына, аналық сиырларға, жем-шөпке субсидия алған.
Бұл ретте ауылдық округ әкімі округтің басқа да шаруа қожалықтарының жетекшілері мал басын асылдандыру жұмыстарын қолға алып, мемлекеттің беретін субсидиясын алумен шұғылдану керектігін атап өтті. Сондай-ақ ол өткен жылдармен салыстырғанда ірі қара мен жылқы басының өскенін, қой мен ешкінің, керісінше, азайғанын байқауға болатынын айтып өтті.
Ауылдық округ бойынша 10 жеке кәсіпкер тіркелсе, оның көбі жеке наубайханалар, дүкендер мен монша, шаштараз және етік жөндейтін шеберхана сынды халыққа қызмет көрсететін орындарын ашқандар болып отыр. Ауылды ауызсумен қамтамасыз ету құдықтар арқылы жүргізілуде. Неше жыл бойы қиындық тудырып келген ауызсу мәселесі бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу 3 млн. теңгеге жасалған. Ауыл бүгінгі таңда ауызсумен қамтамасыз етілген.
Тірек ауылы ретінде округте «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 42 адамға 111 млн. 500 мың теңге несие берілді, оған 278 бас ірі қара, 35 бас ұсақ мал, 151 бас жылқы алынған. Бұған қоса мектептің жылу қазандығының жобалық-сметалық құжаттамасы 1,5 млн. теңгеге жасалып, былтыр қазан айында жөндеу жұмыстары толықтай аяқталыпты.
— Су құбырының жобалық-сметалық құжаттары 3 млн. теңгеге жасалды, бірақ биылғы жылғы бюджетке кіруі белгісіз болып тұр, осы сұрақ бойынша алдағы уақытта да биылғы бюджетке енгізуге көмек жасауды, Айбек Мүталапханұлы, сізден ауыл тұрғындары атынан сұраймыз, — деді ауыл әкімі Сағынғали Қапақов.
Қараөлең ауылдық округінің әкімі С.Қапақов өткен жылы халық алдындағы есебінде айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Бұл ретте бірінші кезекте жоғарыда айтылған ауызсу мәселесін түбегейлі шешу болып отыр. Бұған қоса Семей – Қайнар бағытындағы жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыру алдағы күндердің еншісінде екен. Аталмыш жолдың бүгінгі күні 60 шақырымы жөндеуден өткен, алдағы уақытта тағы 30 шақырымын жасау жоспарланып отырған көрінеді.
Бұған қоса ауылдық округ биыл мал шаруашылығын дамыту мақсатында шағын несиелерді көптеп алуды көздеуде. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының негізгі шаруасын дөңгелетуге септігін тигізері анық. Сонымен бірге жеке кәсіпкер күшімен қымыз өндіру мен оны сату цехын ашу жоспарда бар. Ал су құбырын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінбек.
Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов округте мал шаруашылығының мүмкіндігін барынша пайдаланып, мал басын арттыру қажеттігін ескертті.
— Ең алдымен тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз керек. Мысалы, Семей қаласы халқын сүт өнімдерімен толықтай қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оған барлық мүмкіндік бар. Егістік, суармалы, мал жайылымына арналған жерлер бар. Осыған қарамастан, сүт өндірісі ақсап жатыр. Жақында облыс әкімі әр аудан мен қалада кем дегенде екі жүз бас сүт фермасын салу керектігі жөнінде тапсырма берді, — деген А.Кәрімов аталмыш саланы дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, қазір өңірімізде осы мақсатта екі жоба жасалып жатқанын атап өтті.
Айбек Мүталапханұлы соңғы кезде Семей өңірі жылқы саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы бойынша бірінші орынға шыққанын, соңғы көрсеткіш бойынша өңірде 27 мың бас жылқы малы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі үш-төрт жылда жылқы 13-15 пайызға өсіп отырған. Қала әкімі сондай-ақ қой шаруашылығын жандандыру қажеттігіне тоқталып, алдағы уақытта аталмыш бағытта ауқымды шаруалар атқарылатынын жеткізді.
— Біз қазір Қытай мен Иран сынды екі нарықты қарап отырмыз. Иран — мұсылман мемлекеті. Олар қой етін жақсы пайдаланады. Жақында Ираннан бір топ адам келіп кетті, байқағанымыз — жақын тұрған Қазақстаннан қой етін алуға мүдделі. Енді жуықта келіп, қаржыларын шығарып, ет өндіретін үлкен комбинат ашпақ. Сонда бізге қойдың басы жетпей қалуы да мүмкін. Сондықтан өңірге қойдың өсімі қажет. Алдағы уақытта осы нарықты тиімді пайдалануымыз керек. Алдағы айларда өңірлерде нақты жұмыс жасалып, осы бағдарлама толықтай түсіндірілетін болады, — деді Айбек Мүталапханұлы.
Айбек Мүталапханұлы Семей қаласы көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Әрбір сала бойынша қол жеткен жетістіктерді саралай түсіндіріп, маңызды деректерге де жүгінді. Семей өңірі экономикасының көтерілуі мен соған сәйкес халықтың әл-ауқатының жақсара түскендігін хабарлады.
Ауыл тұрғындары әкімдердің атқарған жұмыстарына жоғары баға берді. Ал өз кезегінде Қайнар орталықтандырылған кітапхана ұжымы атынан Н.Омарова, қала әкіміне жасап жатқан игілікті істері үшін және кітапханаға автокөлік беруге көмек бергені үшін, алғысын білдірді
Кезекті есеп беру Алғабас ауылдық округінде жалғасты. Баяндама жасаған ауылдық округ әкімі Ш.Несіпбаев ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты тоқталды. Ауылда мал шаруашылығы дамыған екен. 3270 бас ірі қара, 10463 бас қой-ешкі, 2724 бас жылқы,140 құс бар көрінеді. Округ бойынша 35 шаруа қожалығы тіркелген. Мұнда барлығы 17 адам 37,08 млн. теңге несие алып, шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Қала әкімінің ауыл тұрғындарымен есептік кездесуінде айтылған ұсыныстары мен ескертпелеріне сәйкес, мектептің жылу қазандығы қайта салынғаны, мектеп шатыры мен жылу жүйесіне жөндеу жасалынғаны, компьютерлік сыныпқа компьютерлер алынғаны аталып өтілді. Ш.Несіпбаев ауылдық амбулатория ғимаратының апаттық жайын түзетуде шешуді қажет ететін түйінді мәселелерді, ауылдық округтің даму болашағын баяндады.
Есептік кездесуде тұрғындар ауылдың жарықтандырылуы, спутниктік ТВ жүйесіне қосылуы сияқты ауылдық округ әкіміне бірқатар өтініштерін жолдады. Ауылдық округ әкімі қойылған сауалдарға тиісінше жауап берді. Ой-пікір білдіргендер атқарған істеріне қарап, ауылдық округ әкімінің жұмысын “қанағаттанарлық” деп бағалады.
Қала басшысы тұрғындарды толғандырған, ауыл өміріне қатысты қойылған сауалдарға ұтымды жауап беріп, өтініш-тілектердің сатылап шешімі табылатынын, кез келген істе береке-бірлік қана табысқа жеткізетінін баса айтты. Ауылдардың негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, оны одан әрі дамыту, кәсіпкерлікті өркендету қажеттігіне ерекше назар аударды.
Қазима ҚАЖЫБЕКОВА,
Асан МЫРЗАХАНОВ,
«Семей таңы»