Біз соғысты көрмесек те, соғысты бастан кешкен, күн өткен сайын қатары азайып бара жатқан ұрпақтарды көрген соңғы толқынбыз. Жеңістің бағасын терең түсінуге болады. «Егер сол кезде «Одақ» атты ортақ Отанды мекендеген халық қаһармандық танытпаса, бүгінгі заман қандай болар еді?» деген ойдың да жиі келетінін жасырмаймын…
Бүгін арамызда жүрген барлық ардагерлеріміздің, жерлестеріміз Асылхан Бекбаев, Газиз Ахмеров, Николай Червинский, Петр Коломин, Александр Татаринов сияқты ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен ардагерлеріміздің және соғыста құрбан болған боздақтарымыздың рухының алдында бас иеміз.
{jcomments on}Ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен әкелеріміз бен әжелеріміздің өз аузынан сол қасіретті күндердің жанға да, тәнге де салған жарасын естіп, көріп, сезініп өстік.
Күні бойы ойынға қанбайтын балалық шақтан есте қалғаны — көршінің балаларымен жиналып алып, үйдегі ақ-қара түсте көрсететін кішкентай ғана «Рекорд» теледидарынан поляктардың «Төрт танкіші мен ит» атты сериалын қызыға тамашалаған сәттер еді. Бізге бүкіл жеңісті осы төрт танкіші мен ит алып бергендей көрінетін.
Сол сәтте Бауыржан Момышұлының өзгелерге ұқсамайтын батырлығы жайлы үлкендердің аузынан естіген аңыз бір сәт, ол кезде өзіміз жете түсінбесек те, бала көңіліміздегі ұлтымызға деген мақтаныш сезімін селт еткізіп, оятқандай болған.
«Майданда қазақ жауынгерін «Налево!», «Направо!» деген орысша бұйрықты түсінбегені үшін атып тастаған орыс командиріне Бауыржан Момышұлы қаһарына мініп жетіп келіпті де: «Оңға!», «Солға!» — деп ақырыпты. Қазақша түк ұқпайтындықтан бұйрықты орындамаған әлгіні Баукең орыс-қазағы аралас солдаттардың көзінше тапаншасымен қақ жүректен атып салыпты. Осылайша бір қазақтың кегін қай-тарған ол кілт бұрылып өз батальонына кете барыпты».
Бала кезімізде бұл аңызды шындық ретінде қабылдадық. «Қазақпын» деген сөзді қатты айтудан жасқанған коммунистік қоғамда ұлтжандылық мінез-құлқымен ерекшеленген халық батырының өзгелерден айрықша қасиетін естіген ересектер бізге ұлтын сүюді үйретудің бір үлгісі ретінде ойдан шығарған осы аңызды тамсана тыңдағанымыз есімде…
Мектепте оқып жүргенде Шерхан Мұртазаның «41-шы жылғы келіншек» деген әңгімесінің қатты әсер еткені есімде қалыпты. Оқығанды таза балаң көңілмен қабылдаудың жөні бөлек қой, санада әлі күнге сайрап тұр…
«41-шы жылғы келіншектегі» күйеуі соғыста өлген Хадишаның түсінде:
— Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт? Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде, мен жиырма сегізде едім ғой. Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың.Танымадың ба, Мақсұт? Мен Хадишамын ғой! Сені әне келеді, міне келеді деп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрсың ғой… — деп тілдесуі соғысқа жарын аттандырған әр арудың басынан кешкен оқиға емес пе?
Менің Ұрқия атты әжемнің (әкемнің ағайындас апайы ) жалғыз ұлы Әбіл майданда хабарсыз кеткен. Әжей жүзді еңсеріп дүние салды. Өмірден өткенше, майдангер көрсе: «Менің жалғызымды көрдің бе?»— деп сұрау салумен ғұмырдан өткен «Қара кемпір» әнінің біздің елдегі кейіпкерлерінің бірі де, жаны жаннатта болғыр, марқұм осы Ұрқия әжем еді…
Мен университетті бітіріп, «Семей таңы» газетінің редакциясына қызметке келгенде, корректор болып Меңдігүл атты апай қызмет істеп жүрді. Сол Меңдігүл апайымыздың қабағының бір ашылғанын, жадырап күлгенін көрмеппін… Артынан естіп білсем, Меңдігүл апай жарын майданға аттандырып салып, жаңа туған кішкене қызымен елде қалған «41 жылғы келіншектердің» бірі көрінеді. «Менің көкемді көрдің бе?» — деп, майданнан қайтқандардың жолын тосып, көзі жаутаңдаған сәбиі екеуі «қаралы қағаз» келсе де, “өлді” деген суық сөзге сенбеген, бір хабар болып қала ма деп, алаңдаулы күй кешетін. Жау қолына түсіп еліне жете алмай, шетелде жүргендердің қатарында ма деген үмітті ойын да талай естіп қалғаным бар еді…
Біздің редакцияда Ғифат, Күлбадан атты апайлар қызмет етті. Сүйгендерін соғысқа аттандырып, «Менің сүйіктімді көрдің бе?» — деп майданнан қайтқандарға сұрақ қойып, жолын тосумен өткен, «өлді» деген суық сөзге сенбеген осы апайларымыз да Жеңісті асыға күтіп, өмірден «мәңгілік қалыңдық» қалпында өтті… Айтпақшы, Әзілхан Нұршайықов ағамыз:
Қайран қыздар, сағындық,
амал қанша,
Жас қартайдық,
көп өмір сүрген жанша,
Жараланған жүректі
жазатұғын
Дәрі жасап қойыңдар, біз бар-ғанша,- деп майданнан өлеңмен хат жолдаған Кәмеш апай да редакциядағы қаламды қару етіп, майдандағы жауынгерлердің рухын көтеріп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан қыздардың бірі болғанын Әзағамның өз аузынан естіген едім.
Менің бүгінгі әңгімені кешегі «41 жылғы келіншектерден», өмірден «Қара кемпір» әнінің кейіпкерлері болып жарының жолын тосумен озған өзім көрген аналардан бастауымның да себебі бар.
Ресми деректерден білгеніміз — қанды қырғынның алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болыпты. Нақты айтар болсақ, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асса, Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде қыздардан 3 мыңнан аса өтініш, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсіпті.
Майданда қазақ арулары ерен ерлік үлгісін көрсетті, Әлия мен Мәншүк елінің даңқын әлемге паш етті. Халқы «қанатты қыз» атаған қазақ қызы Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының Батыры М.Раскова бас-қарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып, 300 мәртеден астам әуеге көтерілді. 2004-ші жылы Президенттің Жарлығымен Хиуаз Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Сафарбекова Жауһария Насырқызы Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болып, ерекше ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта арулары Курск иініндегі шайқасқа қатысып, көптеген марапаттарға ие болды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл өтті. Кеңес халқының бірлігі мен батырлығын, төзімділіктері мен қайсарлығын паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын бұл күн, ең бірінші, соғыстың алғы шебінде қайсарлықпен шайқасып, жастығын жалау, жүрегін алау етіп жауға қарсы соғысып, ерліктің сан үлгісін көрсеткен майдангерлердің ғана емес, жоғарыда айтып өткендей, жандарына соғыс салған жараның азабын ғұмыр бойы арқалап өткен ана мен баланың да мерекесі.
Өкінішке орай, мамыр айының басында Ресей телеарналарында көрсетілетін фильмдер 1941-1945 жылғы соғысты орыс халқының Жеңісі ретінде көрсетіп жатқандарын көргенде, сол кездегі ортақ Отанның амандығы жолында от кешкен ата-бабаларымыздың есімдерінің атаусыз қалатыны көңілге кірбің салатыны жасырын емес… Көрген адамды сол соғыста тек орыс ұлты ғана ерлік көрсеткендей әсерде қалдырады. Рейхстаг қабыр-ғасына тиген алғаш алақан да қазақтікі, Рақымжан Қошқарбаевтікі емес пе?! Тіпті сол ерліктің өзін «өзгелер» қазаққа қимай, көмейлеріне көлденең тұрып қалған сүйектей болған сәтте ерлікті дәлелдеп, қорған болған да біздің Бауыржан Момышұлы еді ғой?! Басқаны былай қойғанда, Бауыржан Момышұлының батырлығы туралы сөз болғанда, Сталиннің өзі: “Ол қазақ па?” – деп қайран қалғаны көпке мәлім. Фидель Кастро Рустан: «Екінші дүниежүзілік соғыстың бас қаһарманы кім?»- деп сұрағанда, «Бостандық аралының» көсемі: «Волокалам тас жолының» кейіпкері – қазақ Момышұлы»,- деп жауап қайтарған екен («Егемен Қазақстан» 16 қаңтар. 2015 жыл ).
Жау аспанында басқыншыларға қарсы қырғидай шүйілген кім еді? Қазақ батыр халық болмаса, қазақ Ұлы халық болмаса жауға аспаннан қырғидай шүйіліп, қорқуды ұмытып, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған Сұлтан Баймағамбетовті, жауға жолбарыстай қарсы шауып, гранатамен қоса жарылған Қарсыбай Сыпатаевты, екі рет батыр атанған Талғат Бигелдинов пен Николай Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров сынды қырандарды туар ма еді?! Бұлардың бәріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» атты жалынды жыры 900 күн жау қоршауында қалған ленинградтықтардың рухын көтеріп, жасыған жігерлерін жанығаны көпке белгілі. Жазушы Әзілхан Нұршайықов Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен…» деген өлеңмен жазған хатын оқығандағы сәтті: «Батальон болып жиналып тұрып тыңдаған жауынгерлер құдды бір өз үйлерінен, әке-шешелерінен келген хаттай көздеріне жас алып қабылдап еді. Міне, осы жүз жасаған Жәкеңнің батасымен, өлеңі арқылы берген қуатының күшімен біз жауды жеңіп, елге Жеңіспен оралдық»,- деп суреттейді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде палуан қазақ Қажымұқан Мұңайтпасов Мемлекеттік Қорғаныс Комитетіне хат жазып, өз өнерін көрсеткеннен түскен жеке қаржысына, 100 000 сомға, ұшақ жасау туралы өтінішін білдірген. Айтпақшы, «Сол ұшаққа қазақ отырса!» деген тілегін де білдірген деседі… Біздің жерлесіміз, семейлік Шалабаев тізгіндеген осы әскери ұшақ 1944 жылы күзде дайын болып, соғыс барысында 100-ден аса әскери тапсырма орындалған. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс шеруінде Қажымұқан ұшағы әуеге тағы да көтерілген. Ұшақ жасауға қаржы берген осы патриоттық әрекеті үшін Қажымұқанға Сталиннің өз атынан алғыс хат жолдағаны, майдан даласынан да көптеген жауынгерлік хаттар келгені де бүгін тарих сахнасында көмескілене бастағандай…
Соғыс жылдары 8- атқыштар дивизиясы біздің Семейде жасақталғаны белгілі.
Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен.
Тарих парақтарын ақтарар болсақ, біз Византияны қорғап қалған Кеген ханды, Грузияны сыртқы жаулардан аман сақтаған Артық ханды, Мысырды жауламақ болған басқыншыларды тас-талқан еткен Бейбарыс сұлтанды батыр бабаларымыз деп мақтан тұтамыз. Ал Ресей халқы Бауыржан, Қасым, Төлеген, Талғат, Мәншүк, Хиуаз, Әлия сияқты фашистік Германияның басқыншылығынан өздерінің қазіргі «Ұлы Отандарын» қорғап қалған қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары екендігін, сол Отанды қорғау жолында талай қазақ жандарын қиғанын неге айтпайды?
Кеңестік дәуірде орыс ұлтының қас-қабағына қарап, «Ұлы Отан» деген атауға көндік. Сол сұрапыл соғысқа жарты миллионнан астам ата-бабаларымыз аттанып, көбі ерлікпенен қаза тапқандықтан, сондай-ақ тылдағы қалың ел Жеңіске жету үшін «Бәрі де майдан үшін, бәрі де соғыс үшін!» деп төрт жыл аянбай тер төккендіктен де, әрі мықты насихаттың санамызға сіңіргені соншалықты — «Ұлы Отан соғысы» деген ұғымға әлі күнге қарсы шыға алмай келеміз.
9 мамыр — талай боздақтарымыздың қаны төгіліп жеткен Жеңіс күні, оны атап өту қажет. Дегенмен «Ұлы Отан» деген сөзді «Екінші дү- ниежүзілік соғыс» деген сөзбен біржола алмастыру қажет. Отан деген Ұлы сөз екендігі даусыз, ал біздің Отанымыз біреу, ол — Тәуелсіз Қазақстан.
Құрметті оқырман, Қазақ жерінде ешқандай Ұлы Отан соғысы болмағанын ескерсек, бүгін Ұлы Отан дегенде нені айтып жүрміз деген ой соңғы кездері жиі мазалайды. Кеңес Одағы кезінде құрамында болған 15 республика бас біріктіріп, неміс фашистеріне қарсы соғысқаны да, ол тұста Кеңес Одағы деп аталған алып империяның құрамында болған мемлекеттердің ортақ Отаны болғаны рас. Бірақ сол “Ұлы Отанның” ыдырап, келместің тұңғиығына батқанына 23 жыл өтті емес пе? Сонда жоқ мемлекетті «Ұлы Отан» деп неге айтамыз?
Дегенмен, талай боздақтарымыздың қанымен келген Жеңістің Ұлы екендігіне дау жоқ. Уикипедия — ашық энциклопедиясында:
«Ұлы Отан соғысы» ұғымы 1941 жылғы шілденің 3-інде Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін пайда болды. Сталин өз сөзінде «ұлы» және «отан» деген сөздерді бөлек-бөлек, бір-бірімен байланыстырмай қолданды. «Ұлы Отан соғысы» сөз тіркесі көптеген басқа тілдерде де қолданылады (орыс. Великая Отечественная война, ағылш. Great Patriotic War, нем. GroЯer Vaterlдndischer Krieg), кейбір авторлар «Екінші Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы» деген сөз тіркесін қолданады (бұл Германия қолданған «шығыс майдан» деген ұғымға жақын», – деген түсінік беріледі.
Риза МОЛДАШЕВА,
“Семей таңы”