Абай облысында есепті кезеңде 465 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз. Алайда жол апаттарынан қаза тапқандар саны 38,9%-ға өсіп, 75 адамды құрады. Сонымен қатар 718 адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Данияр Нұрпейісов хабарлады.
Данияр Нұрпейісовтің айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғанымен, адам өлімінің өсуі қосымша профилактикалық шаралар қабылдауды талап етеді.
– Есепті кезеңде әкімшілік қадағалау аясында 319 627 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған. 276 797 айыппұл салынып, оларды өндіріп алу деңгейі 86%-ды құрады. Бұдан бөлек, 2 458 әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылып, 640 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Арнайы тұрақтарға 2 121 көлік қойылды, – деді Данияр Нұрпейісов.
Құқық бұзушылықтарды анықтау бағытында ERAP мобильді қосымшасы да қолданылуда. Оның көмегімен 131 897 құқық бұзушылық тіркеліп, айыппұлдар салынған және 39 601 ескерту берілген.
– Жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Есепті кезеңде автомобиль жолдары мен жол құрылыстарына 1 844 тексеру жүргізіліп, 1 952 нұсқама берілді. Жолдарды күтіп-ұстау талаптарының бұзылуына байланысты 182 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 1 698 жол белгісі орнатылып, ауыстырылды және 181 мың шаршы метрден астам жол жабыны жөнделді, – деп атап өтті полиция майоры.
Облыс аумағында барлығы 1 039 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның ішінде үшеуі жерүсті, сегізі жерасты өткелі. Жалпы 189 өткел бағдаршам нысандарымен жабдықталған, ал қалған 839-ы тиісті жол белгілерімен және жол таңбаларымен белгіленген.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алуда құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерінің де маңызы зор. Аталған жүйелер арқылы есепті кезеңде 200 428 нұсқама шығарылған.
Облыста «Сергек», ZEREK-2 және EKIN BOX SPOTTER кешендері, сондай-ақ патрульдік автокөліктерге орнатылған EKIN Patrol G2 және SERGEK PATROL BOX мобильді жүйелері жұмыс істейді. Бұл құрылғылар жылдамдық режимін және жол жүрісі қағидаларының өзге де бұзушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді.
Спикердің айтуынша, «Сергек» кешені арқылы 125 мыңнан астам нұсқама шығарылған. Ал EKIN Patrol G2 мобильді жүйесінің көмегімен 36 мыңнан астам нұсқама рәсімделген. EKIN Patrol G2 және SERGEK PATROL BOX жүйелері арқылы салынған айыппұлдарды өндіріп алу деңгейі 91%-ды құрады.







