САПАР САЙЫН — САН САУАЛ
Қазіргі таңда облыс әкімі аудандарды аралап, тұрғындармен кездесіп, есепті кезеңде атқарылған жұмыстар жайлы халық алдында есеп беруде. Сапар барысында ауылдардағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйі зерделеніп, елді мекендерде қордаланған мәселелер тұрғындардың өз аузынан айтылуда. Мұндай кездесулердің халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын саралау барысында қажеттігі сөзсіз. Өйткені ауылдың шынайы жағдайын кабинеттегі есеп пен ресми мәлімет арқылы толық бағалау мүмкін емес. Жолдың сапасы, ауыз су, жылу, интернет, мектеп пен медицина нысандарының ахуалы жергілікті жерге барып, халықпен жүздескенде ғана анық көрінеді.
Риза АСАНҚЫЗЫ,
«Semeı tańy»
Айта кету керек, аймақ басшысының аудандарға сапары есеп беру кезеңінде ғана басталған жұмыс емес. Қызметке кіріскен алғашқы күндерінен бері облыс басшысы, аудан орталықтарымен қатар, шалғай ауылдар мен бұрынғы аудан орталықтарына да бірнеше мәрте барды. Жұмыс сапарларының демалыс күндері де жалғасуы өңірдегі жағдайды жергілікті жерлерде тұрақты бақылауға бағытталғанын аңғартады. Әр сапардың маңызы барған елді мекендердің санымен емес, тұрғындар көтерген мәселелердің қаншалықты шешім тапқанымен өлшенуі керек екендігін әр кездесуде, әр ауылға барған сапарында қайталайтыны көзі қарақты, көкірегі ояу халықтың назарынан тыс қалған емес. — Басталған жұмысты біз аяқсыз қалдырмаймыз. Міндетті түрде соңына дейін жеткіземіз. Қазір тек біздің облыста ғана емес, көршілес өңірлерде де уақытша қаржылық қиындықтар туындап отыр. Мұндай жағдай әлем елдерінде де байқалады. Соған қарамастан, біз құрылысты тоқтатпаймыз. Бастаған нысандардың барлығын толық аяқтаймыз. Құрылысты бастап, аяқсыз қалдыру бізге де тиімсіз. Оның жауапкершілігі бар. Сондықтан өңірдегі құрылыс жұмыстарының барлығын өз бақылауыма аламын, – деді облыс әкімі Берік Уәли соңғы кездесулердің бірінде. Бұл жай ғана кезекті жиында айтыла салған сөз емес. Мұндай мәлімдеме жасау басшыға да, орындаушыға да нақты жауапкершілік жүктейді. Сондықтан атқарушы биліктің жұмысына берілетін баға да сапарлардың санымен емес, басталған жобалардың нәтижесімен өлшенетіні сөзсіз. Елді мекен тұрғындары үшін үлкен бағдарламалардан бұрын ауыз су, жол, жылу, жарық, интернет, мектеп және медициналық көмектің қолжетімділігі маңызды. Сондықтан әкім сапарының негізгі мәні нысанды аралап көру немесе тапсырма берумен шектелмей, көтерілген мәселенің кейін қалай шешілгенін бақылауда жатыр. Өңір тұрғындарымен есептік кездесулер қыркүйек айының басында Абай ауданынан басталды. Архат ауылындағы су құбыры жаңғыртылып, Медеу ауылына ауыз су берілді. Кеңгірбай би мен Құндызды ауылдарында құрылыс жалғасып жатыр. Қарауылдағы көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды орталық жылуға қосу үшін құны 1,5 миллиард теңге тұратын жаңа қазандық салынуда. Аягөз — Қарауыл — Семей — Қайнар бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың 51 шақырымын жөндеу жұмыстары басталды. Қарауыл – Архат жолының бес шақырымы аяқталып, тағы бес шақырымында жұмыс жүріп жатыр. Бекбосынов атындағы мектеп жөнделуде. Кеңгірбай би ауылындағы балалар лагерінің құрылысын аяқтау, Көкбай мен Саржал ауылдарындағы спорт модульдерін іске қосу да күн тәртібінде тұр. Бесқарағай ауданындағы сапарда да ауыз су, жол, ауыл шаруашылығы, медицина және байланыс мәселелері көтерілді. Морозовский орман шаруашылығы, Жыланды, Мостик, Башкөл және Малая Владимировка ауылдарына су берілді. Кривинка мен Глуховкада құрылыс жалғасуда. Канонерка, Бозтал және Белокаменка ауылдарында су құбырлары тартылып жатыр. Кривинка, Жетіжар, Долон және Бөденедегі сегіз көше жөнделді. Канонерка – Белокаменка жолының 8,5 шақырымын жөндеу жұмыстары басталды. Ауылдарда 11 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға беріліп, аудандық ауруханаға санитариялық автокөліктер табысталды. Бұған дейін газетімізде Бөдене ауылындағы ауыз су, жол, мектеп және интернет мәселелері көтерілген еді. Көп кешікпей осы шағын ауылдағы үйлерге ауыз су беріле бастады. Бұл — көтерілген мәселелердің шешімін тауып жатқанының айғағы. Облыс басшысы мектепті жаңғырту, жолдың сапасы мен байланысты жақсарту секілді түйткілдердің әлі де өз бақылауында болатынын айтып өтті. Бесқарағай өңірі үшін орман қауіпсіздігі де ерекше маңызды. Аудандағы 390 мың гектар орман алқабын қорғау үшін Дөңгелек орманшылығында бес техникаға арналған жаңа өрт сөндіру станциясы ашылды. Мұндай нысандардың қажеттігін дәлелдеудің керегі жоқ. Соңғы жылдардағы алапат өрттер өрттің алдын алу, жедел әрекет ету және орманшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің қандай маңызға ие екенін көрсетті. Үржар мен Мақаншы аудандарында да әлеуметтік және өндірістік жобалар қолға алынған. Мақаншы аудандық ауруханасының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Күнбағыс майын өндіретін «DI-NUR» кәсіпорны іске қосылды. Егінсу ауылында мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың әрқайсысы жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына және жұмыспен қамтылуына тікелей әсер етеді. Дегенмен жоспарланған жоба мен іске қосылған нысанның аражігін ажырата білу керек. Инвестиция көлемін жариялау жұмыстың басталғанын білдіреді. Ал кәсіпорынның тұрақты өнім шығаруы, жұмыс орындарының ашылуы және бюджетке түсім әкелуі – оның нақты нәтижесі. Журналистік сараптаманың мақсаты да жоспар мен нәтиженің арасын зерделеп, істің орындалу барысына қоғамдық бақылау жасау.
ҚАЗЫЛҒАН КӨШЕЛЕР: ҚОЛАЙСЫЗДЫҚ ПА, ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ?
Бүгінде Семейдің әр тұсында жылу желілерін жөндеуге байланысты қазылған көшелер автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып отырғанын жасырмаймыз… Кей көшелерде қозғалыс қиындап, кептеліс те көбейді. Жолдың жабылуы, айналма бағыттардың алдын ала түсіндірілмеуі және жұмыстың ұзаққа созылуына байланысты тұрғындардың наразылығы да орынды болар. Бұл сынға да көз жұма қарауға болмас… Біздің өңірде қыс ерте түсіп, ұзақ әрі қатал болатынын ескерсек, жөндеу жұмыстарының уақтылы әрі сапалы аяқталуы — кезек күттірмейтін міндет. Қыр астында тұрған қысқа қаланы толық дайындап, халықтың қысылмай шығуын қамтамасыз ету — дәл қазір аймақ басшысының мойнындағы үлкен жауапкершілік. Ендеше, бүгінгі уақытша қолайсыздықтың артында қаланың жылу жүйесін жаңарту секілді өмірлік маңызы бар міндет тұр. Сақылдаған сары аязда жылу желісіндегі бір ақаудың өзі жүздеген отбасыға ауыр тиері белгілі. Сондықтан қазір жүргізіліп жатқан жұмыс – жай ғана құбыр ауыстыру емес, халықтың қыстан қысылмай шығуына жасалып жатқан әрекет. Жуырда облыс әкімі Семейдегі №1 жылу электр орталығы мен «343-квартал» орталық жылыту пунктіндегі жөндеу жұмыстарын тексерді. 1934 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №1 ЖЭО 433 көп қабатты тұрғын үйді, 56 әлеуметтік нысанды, 30 бюджеттік ұйым мен 673 коммерциялық кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. «343-квартал» орталық жылыту пунктінде жылу желілері ауыстырылып, жаңа сорғылар мен жылу алмастырғыштар орнатылуда. Әкімдік қала ауа райы күрт суытқан жағдайда жылу беруге дайын екенін мәлімдеді. Қыс қыр астында тұр. Әр нысанның сапалы аяқталып, жол жабыны қалпына келтірілуі үшін жұмыс істеліп жатыр. Тұрғындарға қай көшеде қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны және оның қашан аяқталатыны туралы нақты ақпарат беріліп отыр. Уақытша қиындыққа түсіністікпен қарай алатын тұрғындар сол төзімнің өтеуі қыстағы тұрақты жылу мен қалпына келтірілген сапалы жол екенін білетіні сөзсіз.
СЕМЕЙЛІКТЕР СЕРУЕНДЕЙТІН КЕҢІСТІКТЕР КӨБЕЙЕДІ
Семейде тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Облыс әкімі Берік Уәли өткен аптада қаланы аралап, шаһарды абаттандыруға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Соның бірі — Шәкәрім университеті ғимараты алдындағы алаңды жаңарту жобасы. «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясында мұнда сегіз мың шаршы метр төсемтас төселіп, 2050 метр жиектас орнатылмақ. Автотұрақ жаңартылып, балалар және воркаут алаңдары салынады. Орындықтар, жарықтандыру бағандары мен шағын сәулет нысандары қойылады. Жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланған. Жоба бойынша, жаңарған алаң студенттер мен қала тұрғындары еркін серуендейтін, балалар ойнайтын және жастар спортпен шұғылданатын қолайлы қоғамдық кеңістікке айналуы тиіс. Аймақ басшысы Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония ғимараты алдындағы скверді жаңарту жұмысының барысын да көрді. Осы маңдағы 5,5 мың шаршы метр аумаққа тротуар тақталары төселіп, жиектастар орнатылған. Жарықтандыру жүйесі жаңартылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері де қойылған. Сонымен қатар 800 шаршы метр аумаққа асфальт төселген. Алдағы уақытта көгалдарды автоматты суару жүйесі іске қосылып, аумаққа кіреберіс жолдар да абаттандырылмақ. Берік Уәли абаттандыру кезінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға да баса мән беру қажет екенін атап өтті. Бұл талап қолға алынған әр жобада ескерілуге тиіс. Өйткені жаңа төсемтас пен жарық шамдары нысанның сыртқы көрінісін өзгерткенімен, оның шынайы құндылығы адамдарға қаншалықты ыңғайлы әрі қауіпсіз болғанымен өлшенеді. Семейде тұрғындар отбасымен серуендейтін, балалар мен жастар уақыт өткізетін орындардың көбеюі – құптарлық бастама. Алайда мұндай нысандарды салумен ғана шектелмей, кейін олардың тазалығы, жасыл желектің күтімі, жарықтандырылуы мен қауіпсіздігі тұрақты бақылауда болуы қажет. Шәкәрім университеті мен облыстық филармония маңындағы аумақтардың жаңаруы – қаланың қоғамдық кеңістіктерін біртіндеп өзгертудің көрінісі. Ал осы жобалардың ішіндегі көлемі мен қоғамдық маңызы жағынан ең ірісі – Семейдің Орталық алаңын жаңғырту жобасы.
ОРТАЛЫҚ АЛАҢ: БҰРЫН ЖӘНЕ БОЛАШАҚ
Семейдегі Орталық алаңды жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылғаны да халық арасында жиі айтылып жүр. Қаланың қақ ортасындағы құрылыс күн сайын жұрттың көз алдында болғандықтан, оған қатысты сын мен сауалдың көп болуы заңды. Орталық алаң Семейдің облыс орталығы мәртебесін алғанға дейін де бірнеше рет жөндеуден өтті. Әр кезеңде келген басшылар оның келбетін өзінше өзгертуге тырысты. Соның салдарынан қаланың басты алаңы бірізді тұжырымдамасы бар қоғамдық кеңістіктен гөрі әр басшы өз талғамына қарай өзгерте беретін берекесіз алаңқайға айналғандай әсер қалдырып келгенін де жасырмаймыз. Нақты айтқанда, 2009–2011 жылдары Орталық алаңды абаттандыруға 663,2 миллион теңге жұмсалғаны туралы дерек жарияланды. 2011 жылы бұрынғы субұрқақтың орнына жыл он екі ай белгісіндегі жануарлар бейнеленген нысан орнатылды. Осы кезде халық әзіл аралас «жануарлар алаңы» деп те атаған кездер болған. Семейліктер арасында түрлі атауға ие болған бұл субұрқақ уақыт өте келе жиі істен шығып, бастапқы тартымдылығын жоғалтты. 2016 жылы, Шығыс Қазақстан облысына Даниал Ахметов басшылық етіп тұрған жылдары алаңға құны 205 миллион теңге болатын жарық-әуенді субұрқақ салынды. Ол да қала тұрғындарын ұзақ қуантпады. Осылайша, әр кезеңде қомақты қаржы жұмсалғанымен, Орталық алаң семейліктер алаңсыз демалатын көрікті мекенге айналып кете алмады. Қазір бұрынғы екі субұрқақ та бұзылды. Олардың орнына мүлде басқа сипаттағы қоғамдық кеңістік жасау жоспарланған. Жоба бойынша алаңда заманауи жарық диодты жаяу жүргіншілер субұрқағы пайда болады. Оның су атқылайтын құрылғылары жер деңгейіне орналастырылады. Субұрқақ жұмыс істемеген кезде бұл аумақты мәдени-көпшілік шаралар өткізуге пайдалануға болады. Екінші субұрқақтың орнында іс-шаралар өткізетін ашық алаң салынып, айналасына көрермендерге арналған 600 орындық амфитеатр орналастырылмақ. Үлкен LED-экран орнатылып, концерттерді, мәдени бағдарламалар мен ел өміріндегі маңызды оқиғаларды көпшілік болып тамашалауға жағдай жасалады. Сондай-ақ алаңда перголалар, әткеншектер, парклеттер мен демалыс орындары салынып, жарық элементтері бар жаңа төсемтас төселеді. Ірі ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, автоматтандырылған тамшылатып суару жүйесі орнатылады. Жобаны жүзеге асырушы мердігер – «GM Company» ЖШС. Бастапқы жоспар бойынша, жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың қыркүйегінде аяқтау көзделген болатын. Жаңартылған алаң ресми шаралар өтетін әкімшілік аумақ қана емес, тұрғындар күнделікті келіп демалатын заманауи қоғамдық кеңістікке айналуы тиіс. Қала тұрғындары балалар субұрқақ маңында ойнап, жастар ашық аспан астындағы концерттерге қатысып, үлкендер тынығатын орын қалыптасады деп күтуде. Кейбір техникалық себептерге байланысты Орталық алаңның жөндеу жұмысы мезгілінен кешеуілдейтін сияқты. Үлкен істі атқару барысында жоспардан тыс бөгеттердің болатыны да заңдылық десек, қала тұрғындарына сәл сабыр етіңіздер, жаңарған алаңда жарқырып жүретін күн де алыс емес дегіміз келеді. Орталық алаңның жобасы қоғаммен жеткілікті талқыланбады деген сын да айтылуда. Қайсыбір қоғам белсенділері мұндай маңызды кеңістіктің тағдыры тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілуі керек деп есептейді. Орталық алаң – бір әкімнің, бір мекеменің немесе бір кезеңнің жобасы емес. Ол – бүкіл қаланың ортақ кеңістігі әрі Семейдің айнасы. Бұл — қаланың келешегіне, ұзақ мерзімге бағытталған жоба. Әрине, қоғамдық маңызы бар кеңістіктерге қатысты тұрғындардың пікірі ескерілгені жөн де шығар. Алайда қалада салынатын әр ғимарат пен қолға алынатын әр құрылыс жоспарын көпшілікпен жеке-жеке талқылай беру қаншама уақытты талап етері анық. Сондықтан мұндай істе кәсіби мамандардың біліктілігіне және билік пен халық сенім артқан жауапты тұлғалардың шешіміне де сену қажет. Ең бастысы, қабылданған шешім қаланың сәулеттік келбетіне сай болып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығына қызмет етуі тиіс. Жұмыс аяқталып, бүгінгі шаң-тозаң да артта қалар. Жаңарған алаңда семейліктер елдік мерекелерді бірге атап өтіп, үлкен LED-экраннан тарихи сәттерді тамашалап, амфитеатрда мәдени кештер өткізетін күн де алыс емес. Ең бастысы, Орталық алаң тағы бір әкімнің есімімен байланыстырылатын ғұмыры қысқа жобаға емес, бірнеше буынға қызмет ететін сапалы қоғамдық кеңістікке айналса болғаны. УӘДЕНІҢ ӨЛШЕМІ – ОРЫНДАЛҒАН ІС Облыс әкімінің аудандарды аралап, елді мекендердің мәселесімен жергілікті жерде танысуы – жұмыстың бір бөлігі ғана. Екінші әрі маңызды бөлігі – сол сапарларда берілген тапсырмалардың орындалуы. Жол салынды ма? Ауыз су үйге жетті ме? Мектептің жөндеуі аяқталды ма? Қазандықтар қысқа дайын ба? Қазылған көшелер қалпына келтірілді ме? Жаңартылған қоғамдық кеңістіктер тұрғындарға қолайлы ма? Орталық алаң белгіленген мерзімде әрі талапқа сай сапада ел игілігіне берілді ме? Халық үшін шешуші сауалдар – осылар. Бүгінде Абай облысында серпіліс бар. Құрылыс жүріп, өндіріс орындары ашылып, ауылдарда су, жол, мектеп, медицина мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Журналистік сараптамамызда биліктің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды ғана емес, халықтың пікірін де назардан тыс қалдырмай, бірін жасырып, екіншісін асыра көрсетіп емес, атқарылып жатқан жұмыстарды қаз қаллпында көрсетуге тырыстық. Берік Уәлидің «Басталған нысандардың барлығын толық аяқтаймыз» деген сөзі енді өңірдегі әрбір құрылысқа қойылатын ортақ талапқа айналды. Себебі халыққа көп сөз емес, аяқталған іс керек. Ал басталған істің шынайы бағасы – оның ел игілігіне берілуі.






