Оюлы киім, күмістен соғылған әшекей, қолдан жасалған бұйым – әрқайсысы халқымыздың тарихы мен талғамынан сыр шертеді. Бүгінде осы мұраны сақтап қана қоймай, заманауи өнермен ұштастыру маңызды. Осы бағыттағы ізденістерді тоғыстырған «ABAI ШЕБЕР FEST» облыстық этнофестивалі Семей қаласында өтті.
Абай облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған шара ұлттық қолөнерді насихаттап, шеберлердің тәжірибесін көпшілікке таныстыруға арналды.
Фестиваль аясында «Ұлттық қолөнердің бүгіні мен болашағы» атты семинар ұйымдастырылды. Оған0 шебер Гүлмира Айтбаева, профессор Нұрәлі Адамқұлов, этнодизайнер Бибігүл Карденова және зергер Ертай Сарсенов қатысып, дәстүрлі өнерді сақтау мен дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
«Шебер қол – ел мұрасы» атты шеберлік сабақтарында қатысушылар киіз басу, домбыра жасау, ою-өрнек салу, этноаксессуарлар мен ұлттық әшекейлер әзірлеу тәсілдерімен танысты. Ал «Ұлы дала мұрасы» көрмесінде киізден, ағаштан, былғарыдан жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен ұлттық киімдер ұсынылды.
Бағдарламаның көрнекті бөлігі – «Ұлттық мұра – заманауи сән» этно-көрсетілімі. «Zeken-MoDa» мен Қазақ ұлттық дизайн академиясының сән студиясы ұлттық нақыштағы заманауи топтамаларын таныстырды. Сондай-ақ Жанна Корпешевнаның ұлттық киімдер топтамасы көрсетілді. Еламан Құжимановтың өнері мен М. Төлебаев атындағы музыка колледжі студенттерінің қазақ биі кештің мазмұнын толықтырды.
Фестиваль дәстүрлі қолөнердің тек өткеннен жеткен мұра емес, бүгінгі мәдени өмірдің де бір бөлігі екенін көрсетті. Ұлттық өрнектің заманауи сәнмен үйлесуі, шеберлік сабақтарында қолөнер тәсілдерінің таныстырылуы – ата кәсіпты жаңа қырынан дамытуға мүмкіндік барын аңғартты.
Ұлттық өнердің болашағы оны дәріптеумен ғана шектелмейді. Оны күнделікті өмірде қолданып, кейінгі буынға үйрету қажет. «ABAI ШЕБЕР FEST» осы құндылықтарға назар аударып, ұлттық қолөнердің бүгінгі қоғамдағы орнын айқындай түсті.







