идеологиялық активте кеңінен талқыланды
Жылқы жылының алғашқы саяси жаңалығы Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауымен басталды. Саусақ бүгіп санайтын болсақ, бұл 18-ші Жолдау. Жыл сайын жұртшылықтың асыға күтетін Жолдауы биыл тұңғыш рет Тәуелсіздік сарайында өтті. Қалың бұқара елең етіп, көз тіккен Жолдауға жіті назар аударсаңыз, жағымды жаңалығы, игі бастамалары баршылық. Қазақстанның алдағы отыз бес жылдағы дамуының даңғыл жолы болған «Қазақстан 2050» Стратегиясында нақтыланған меже мен міндеттерді мінсіз іске асыру үшін қажет шаралар пысықталды.
«Қазақстан жолы – 2050. Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!». Биылғы Жолдаудың жасампаздығы да осында. Біздегі мұрат – Қазақстанды озық отыздықтың ортасына қосу, осы отыздық ішінде ойып тұрып орын алу. Міне, Президент сол биікке жетер жолдағы атқарылар ауқымды істерді іріктеп, жұ-мыстарды жүйелеп берді.
{jcomments on}Жасампаз Жолдауды семейліктер де ыстық ықыласпен қабылдап, қолдау танытуда. Еліміздің басты саяси құжаты қазір қызу талқылану үстінде. Өткен жұма күні Семей қаласының активі де қала әкімі Айбек Кәрімовтің төрағалығымен Жолдауды екі сағатқа жуық қызу талқылап, ғалымы, кәсіпкері, ақсақалы мен жастары, қалалық және облыстық мәслихаттың депутаттары өз ойларын ортаға салды. Тағы да жаңалығы көп Жолдауда болашақта жалақы мен жәрдемақының өсетіндігі, ғылымға бөлінетін қаражаттың қомақты болатындығы, шағын және орта бизнестің ата кәсіпке айналатындығы, инновация игіліктерінің артатындығы жайында кеңінен айтылды.
Бұл жиын «қатып қалған» қағидаттан ада, өзгеше өтті. Былайша айтқанда, емен — жарқын әңгіме, пікірталас, орамды ойды жеткізу форматында өрбіді. Айбек Мүталапханұлының қалауы осылай еді. Сондықтан болар, биік мінберге Жолдау жүрегіне жеткендер шығып, ойы мен көзқарасын жұртшылықпен бөлісті.
-Еліміздің әр аймағында Елбасы Н. Назарбаевтың кезекті Жолдауы жіті талқыланып, әрбір қазақстандық азамат өзінің көзқарасын, пікірін және ұсыныстарын жеткізіп жатыр. Біз, семейлік тұрғындар да, жеке кәсіпкерлер, ардагерлер, жастар, мемлекеттік қызметкерлер — барлығымыз да өзіміздің болашаққа деген көзқарасымызды талқылауымыз керек. Бұл жай ғана талқылау емес, қазақ ұлтының, елінің болашағы. Сондықтан да бұл істен ешкім де тыс қалмауы керек. Әсіресе, жастар жағы Жолдауға белсене атсалысуы керек, — деді жиын басында қала басшысы Айбек Мүталапханұлы.
Ең басты мақсат — елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Ол — Мәңгілік Қазақстан жобасы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімді жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздік өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы деп білу керек. Бұл Елбасының Жолдаудағы сөзінен.
-Президент Жолдауында айтылған ең үлкен мәселе – ұлттық мүдде. Сонымен қатар, біздің 2050-ші жылға дейінгі Стратегиялық дамуымыз. Қазақстанның «Мәңгілік Ел» болу идеясы. Осы мәселені біз қалай түсінеміз. Болашақта еліміздің әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуының жолдары қалай болмақ. Жаһанда жалпы ішкі өнімінің 60 пайызын алып жатқан 34 ел бар. Олардың барлығы да экономикалық ынтымақтастық және даму деген ұйымның белсенді мүшелері. Сол отыздың санатына ұмтылатын тағы да алты ел бар. Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы да осы отыздықтың межесін көздейді. Міне, Жолдауда осы елдермен дамыған отыздықтың қатарына қосылу үшін иық тіресу міндеттері қойылған. Президенттің тікелей тапсырмасы да осы. Осыған әр өңір мен аймақтың атсалысуы керек. Бұл ретте Семей қаласының да орны ерекше екендігін айтқым келеді. Семей шаһары да үлкен стратегиялық орталықта тұр. Осыған орай бізде ортақ атқарар ауқымды міндеттер бар. Сондықтан, біздің талқылауымызда әрбір адам көкейіндегі ойын айтып, ұсынысын білдіретін талқылау болуы керек деп есептеймін, -деді жиын барысында қала басшысы.
Хакім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлең жолдары есімізде болар. Биылдан бастап ғылым қуып, түрлі зерттеулердің соңында жүргендердің айы оңынан туады. Тапқан ғылымына, іліміне мақтанатын, жаһанға жар сала алатындай жағдай жасалмақ. Президент жалпы ішкі өнімнің кемі 3 пайызын ғылымға бөлуді тапсырды. Өйткені, экономика жоғары технологияларға иек артсын, агрокешен серпінді дамысын десең де, ғылымның керегі анық. Иә, елдегі жетекші саналатын салаға ғылымды тереңдете енгізуді Елбасы мықтап тапсырды. Ал, оның орындалуы кешенді ғылыми орталықтарда, ЖОО – ның еншісінде, әлбетте.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті де Елбасы Жолдауында атап өткен ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөледі, бұдан былай. Университет ректоры Шәріпбек Әмірбеков осылай дейді. Әр кәсіпорын, ЖОО болсын жаңа технологияларды енгізу арқылы, оны жүзеге асыру негізінде ғана ғылыммен кешенді түрде айналысуға мүмкіндігі болмақ. Әрине, жаңа технологиямен жабдықталмай даму туралы айтудың өзі артықшылық. Қай мемлекет заманауи технологиялар арқылы ғылымды дамытса, сол елдің шоқтығы биік, мәртебесі жоғары. Бұл да ректордың пікірі мен пайымы.
-Соңғы Жолдаудағы ең басты идея – қазіргі Қазақстанның ұлттық идеясы. Қазір Қазақ елін үлкен экономикалық Одақтарға мүше ел ретінде әлем таниды. Экономикалық ұйымдарға кірген әр елдің мақсаты өзінің Тәуелсіздігін сақтап қалуы. «Мәңгілік Ел» идеясы соңғы он жылда жасалған интеграциялық идеологиямыздың түйіні. Елбасымыз алғаш рет 2004-ші жылы өз Жолдауында ғаламдастыру жағдайындағы бәсекелестік туралы айтып өткен еді. Міне, осы Жолдаудан бәскелес экономикадан бәсекелес ұлтқа айналу идеясы қойылған болатын, — деді Шәріпбек Ағабайұлы.
Шәріпбек Әмірбеков «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда ең бастысы барлық саланы ғылыми жетіс-тікпен қамтамасыз ету керектігіне тоқталды. Ректор соңғы жеті – сегіз жылда ғылымға баса мән беріліп, заңға өзгерістер енгізілгенін, қомақты қаражаттар құйыла бастағанын да атап өтті. Айтпақшы, Шәріпбек Ағабайұлы Жолдауды түсіндіру негізінде идеологиялық жұмысты жаңа деңгейге көтеру керектігін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, ректор «Мәңгілік Ел» идеясын қарапайым, түсінікті әрі нақты етіп жеткізу керектігіне де көңіл аудару қажет деп есептейді.
Елбасы Жолдауындағы сөзінен тағы бір үзінді. Н.Назарбаев «Шағын және орта бизнес — біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жекеменшік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық тиімсіз құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» деді.
Осыдан –ақ шағын және орта бизнестің алдағы жылдары үлес салмағының артатындығын анық аңғаруға болады. Қазақта ата кәсіп деген ұғым бар. Бизнестің осы бір саласы болашақта атадан балаға мирас, һәм мұра болып қалатын отбасылық табыс көзіне айналуға тиіс екендігін Елбасы атап өтті. Сонда кәсіп те өркендеп дамиды. Елімізде қазір шағын бизнес нысандарының жалпы саны 800 мыңнан асады. 2,4 миллион адам осы салада еңбек етеді. Соңғы төрт жылда дәл осы шағын және орта бизнестің өнім көлемі, 1,6 есе өсіп, 8,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл ағымдағы көрсеткіш. 2050-шы жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын шағын және орта бизнес өндіруі тиіс. Ал, әзірге саланың үлесі ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын құрап отыр. Қазір шағын және орта бизнеске деген құштарлық қарқынды. Қала ғана емес, дала қазағы да қолда барын ұқсатуды үйренді. Мал өсіру бір басқа, бау-бақша егіп, үйінің жанынан дүкен ашып, немесе, басқа да пайда әкелетін іспен айналысып жүрген азаматтар да аз емес.
Шағын және орта бизнестен бұйырған несібесін тауып, оны ұқсатып отырған Николай Молотковтың ойынша, биылғы Жолдаудың осы саланы серпінді дамытатындығына сенімі мол. Ол үшін басты құжаттың ерекшелігі де осында. Николай «Гамма Холдинг» ЖШС жетекшісі. Осы саланың қыр –сырын жетік білетін жетекші ретінде мінберге көтерілген Н. Молотковтың айтар ойы да ауқымды болды. Кәсіпкердің айтуынша, өндірісті дамыту мәселелерін шешу, шағын және орта бизнесті өркендетуде «Атамекен Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының пайдасы көп. Барлық шағын және орта бизнестен ырысын тауып жүргендер осындай үлкен ұйымдарда, палаталарда бас қосса, арқалар жүктің де жеңілдейтіндігін жеткізді. Бірінші кезекте ақпарат пен тәжірибе алмасу тетігі тұрақты түрде дамиды. Мемлекет пен жеке меншік бизнестің арасындағы алтын көпір болуға, екі жақты әріптестікті арттыруға «Атамекен Одағының» алар орны ерекше екендігін де атап өтті.
Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Төлебай Рахыпбеков те Жолдаудағы өзекті, һәм өміршең мәселеге назар аударды. 2050-ші жылға қарай еліміздің орташа өмір сүру жасы 80 жасты құрайды. Төлебай Қосиябекұлы медицина маманы, ғылым докторы ретінде бұл айтылған сөздің ақиқат екендігін жеткізді.
-«Мәңгілік Ел» идеясы болашаққа бағытталған. Қазір Қазақстан медицинасының мүмкіндіктері артып келеді. Қазақстандықтардың өмір сүру жасы 80 жасқа дейін ұзарады. Еліміз алдыңғы қатарлы Еуразиялық медициналық туризм орталығына айналатындығын Президент атап өтті. Осы аталған игі шаралардың барлығы Қазақстанның болашағы — жастардың бақытына бұйырады. Бұл бүгіннің немесе ертеңгі күннің емес, болашақтың бағдары, — деді Төлебай Рахыпбеков.
Болашақ демекші, біздің ертеңіміз жастардың қолында. Жалынды, жігерлі жастар ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азаматтар. Жолдауда ерекше мән берілген бағыттардың бірі – жастар мәселесі. «Жанам дейтін жүрекке от, шабам дейтін жігітке ат беруге» мемлекет әзір. Тек сенім артқан жастар сол сенімге селкеу түсірмей, мүдірмей, барлық ерік – жігерін мемлекеттің дамуына жұмсауы тиіс. Сонда ғана көздеген мақсат орындалып, мүддеміздің мүмкіндігі артып, болашағымыздың бағдары айқындалады.
Ал, бүгінгі күннің жастары Жолдауды қалай түсінді. Танымы һәм пайымы қандай?
-Елбасы, жастар — Қазақстанның бүгіні мен ертеңі. Ал, білімді жастары — болашағы деп айтқан еді. 2016-шы жылға дейін шәкіртақыны 25 пайызға дейін көтеру туралы Жолдауда айтылғанда, Семей шаһарындағы қырық мың студент қуанышпен қарсы алды. Бүгінде еңбек етемін, білім аламын, шығармашылықпен айналысамын деген жастар үшін жол ашық, қолдау бар. «Мәңгілік Ел» құру мақсатында мен барша өзім сияқты жастарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырамын, — деді жастар атынан Қайсар Еркінбаев.
Сондай-ақ, қалалық ардагерлер кеңесінің төр-ағасы Амантай Доғалақов, зейнеткер Серік Төлеуғалиев, Халықаралық “қазақ тілі” қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев, Сұлтан Картоевтар Жолдау жайында өз ойларымен бөлісті.
Елбасы Жолдауына арналған қала активінің жиынын Айбек Мүталапханұлының өзі қорытындылады. «Мәңгілік Ел» идеясы жолындағы басты құндылықтарға да қала әкімі тоқталып өтті.
-Біздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздік. Еліміздің жүрегі – Астана. Тату тіршілігіміз бен парасаттылығымыз, индустрализация мен экономикалық өсу, қоғамдық еңбек пен тамыры тереңде жатқан тарих, қазақтың тілі, мемлекеттік қауіпсіздік сияқты аса қасиетті ұғымдар біздің басты құндылықтарымыз. Ел Тәуел- сіздігін алғалы осы құндылықтарды біз сезініп келеміз, — деді өз сөзінде Айбек Мүталапханұлы.
Қала әкімі Президент Жолдауындағы ерекше көрініс тапқан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тоқталды. Агроөнеркәсіп қашаннан қазақтың оң жамбасына келетін сала. Бірақ, көне тәсілмен көшті алға сүйрей алмайтынымыз анық. Бұл салаға да ғылымды сыналап емес, дендеп енгізетін дәуір келді. Ғылым араласпаған сала қара күшпен игеріледі. Бірақ өнбейді, өспейді, өркендемейді. Мұны да ұмытпаған абзал. Ал, Семей өңірі бұл саламен мақтанатын жағдайда. Қала әкімі атап өткендей бізде ғылыми база қалыптасып, ғалымдар жемісті еңбек етуде.
Семей шаһарын шағын және орта бизнестің қаласы деп атауға әбден лайық. Шағын және орта кәсіпте біздің алар еншіміз өзге көршілес қалаларға қарағанда ауқымды. Атап айтқанда, ауыр өнеркәсібі дамыған Павлодар, Қарағанды, Өскемен мен Семейді салыстырсақ, шағын және орта бизнесте біздің ұтарымыз көп. Айбек Мүталапханұлы, өндірілетін өнімнің 80 пайызға жуығын шағын және орта бизнес саласы құрауы тиіс деген Президент тапсырмасына Семей қаласының іспен лайықты жауап бере алатынын да айтып өтті.
Қазақта жеті саны киелі саналады ғой. Биылғы Жолдауда дәл осы жеті саны қолданыста болды. Үкіметке Елбасы жеті бағыт бойынша кешенді жұмыс жүргізуді тапсырды.
-Үкіметке тапсырылған осы жеті бағыт бойынша Семей өңіріне қатысты салаларына тоқталып өтсем. Біріншіден, инфляция төңірегенде топтасып жұмыс жасауымыз керек. Кешенді шаралар қолданылып, инфляцияны төмендетуді қолға алуымыз қажет. Бұл күнде қаржы секторын дамытудың бағдарламасы жасалу үстінде. Әр кәсіпкер, ірі кәсіпорын басшылары мұны білуге міндетті. Осы жылдың бірінші тоқсанында 2014 -2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді бағдарламасы қабылданады. Мұны да біле жүріңіздер. Ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін Қазақстанның транзиттік әлеуетін 2030 жылға дейін арттыру бағдарламасы жүзеге асады. Міне, біз кәсіпкерлер, өндірістік кәсіпорындар бірлесе жұмыс жасаймыз. Семей географиялық жағынан алғанда транспорт-тық саланы дамытуға өте қолайлы, — деді Айбек Мүталапханұлы. – Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясы Жолдаудағы ең басты мәселе. «Мәңгілік Ел» деген ең бірінші біздің ұлтқа арналады. Елбасының Жолдауда жастарға ерекше сенім артып отырғандығын аңғару қиын емес. Енді алдағы 15-20 жылда мемлекеттің барлық тізгіні жастарға беріледі. Сондықтан жастар қазақтың жарқын үлгісін көрсетуі тиіс. «Мәңгілік Елдің» идеясы да осында жатыр.
P.S. Әлбетте, біз отыздыққа енеді екен деп, өзгенің қарап отырмасы немесе бәйгені шаппай бере салмасы анық. Бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып жұдырық болғанда, тынымсыз еңбек етіп, тындырымды іс қылғанда ғана белес бағындырылып, асу асамыз. Міне, Елбасы Жолдауына қолдау танытқан өңірлердегі атқарушы биліктің һәм бұқараның ойы осыған саяды.
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,
«Семей таңы»