ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың халық алдындағы есеп беру жиыны биыл Бесқарағай ауданынан басталды. Есептік жиынға Шығыс аймағына жұмыс сапарымен келген ҚР денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, ҚР Президент әкімшілігінің бас инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғатбек Абайділдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова қатысты. Басқосуға Семей, Курчатов қалалары мен Абай, Аякөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар аудандарының өкілдері жиналды. Ал, аталмыш қалалар мен аудандардағы атқарушы билік өкілдері мен тұрғындар облыс әкімінің есебіне онлайн режимі арқылы қатысты. Сөзінің басында биылғы жылғы есеп беру жиынын жылдағы дәстүрден өзгеше өткізіп тұрғанын, осы уақытқа дейін жиындар тек Семей мен Өскемен қалаларында өткізіліп келгендігін тілге тиек еткен Бердібек Мәшбекұлы аймақтың өткен жылды ойдағыдай еңсергенін, қолға алған істердің жемісті аяқталғанын атап өтті. Әр сала бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес, өткен жылдың көрсет—кіштері көңілге қонымды екенін жеткізді. Есепті мерзімде Шығыстың шырайы ашыла түсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де жақсара түскен. Облыстың әлеуметтік—экономикалық даму көрсеткіші де еліміз бо—йынша алдыңғы қатардан табылды.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігі жүргізген сараптамаға сәйкес, жұмыс сапасы бойынша облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімшіліктері рейтингісінің қорытындысы нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық аймақтар мен қала басшыларын артқа тастап, көш бастап тұрғаны, әрине, Шығыс өңірі үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш. Бұл көрсеткішті білікті басшының өңірді өрге сүйреп, елдің өрісін кеңейту жолындағы ерен еңбегінің жемісі деуге болар. Ал, жиынның Бесқарағайда өткізілуі де бекер болмаса керек. Өйткені, естеріңізге салар болсақ, жылдан-жылға өркендеп, алға басып келе жатқан Бесқарағай ауданы облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар арасында рейтингтік көрсеткіш бо-йынша бірінші орынды иеленген болатын.
— Ең бірінші, кезекте «қандай да бір қиындықтар болмасын облыстағы экономиканың даму қарқыны 2012 жылдан төмен болмасын» деген мемлекет басшысының тапсырмасын орындауымыз керек. Дүниежүзіндегі, соның ішінде біздің де үлкен кәсіпорындардың шығаратын өнімдеріне сұраныстың төмендегенін білесіздер. Бірақ, соған қарамастан біз мемлекет басшысының берген тапсырмасын толықтай орындап отырмыз. ШҚО-да экономиканың даму қарқыны 6 пайызды құраса, жалпы, ішкі өнім 2 триллион теңгені құрады. Ішкі өнім бір адамға шаққанда жылына 10 мың доллар көлемінде болса, жалақыда да өсу бар. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында орташа жалақы 90 мың теңге. Халық тұрмысының артуына байланысты депозиттегі ақшалар да өткен жылмен салыстырғанда көбейіп, қазіргі таңда 158 миллиард теңгені құрап отыр. Біздің ең негізгі міндетіміз – жұмыссыздардың санын көбейтпеу. Қазіргі таңда жұмыспен қамтылмағандар саны былтырғы жылғы республикалық көрсеткіштен 4,8 пайыз төмендеген. Ал, бүгінгі күнде жалақы, жәрдемақы, зейнетақы жағынан кедергі жоқ. Алдымызда тұрған тағы бір үлкен міндет – бағаның өсуіне жол бермеу. Президенттің де азық-түлік бағасының қымбаттамауына баса мән беретінін білесіздер, — деген Бердібек Сапарбаев инфляция деңгейі 4,5% төмендегенін, бұл көрсеткіш жалпы, елдегі өзге де аймақтармен және былтырғымен салыс-тырғанда төмен екендігін атап өтіп, құрылыс саласына ойысты.
{jcomments on}– Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылы 2012 жылға 16,3% өсіммен 137,5 млрд. теңгені құрады. Өңірде денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларында қарқынды жүргізілді. Облыста мектепке дейінгі біліммен жалпы қамту 1,7% өсумен 97,4%-ды құрады. Өткен жылы облыс бойынша 1332 түрлі нысандар бой көтерді. Оның ішінде апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 10 мектеп, 26 мектепке дейінгі мекемелер пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да апаттық жағдайдағы мектептердің орнына жаңа ғимараттар бой көтеретін болады. Ағымдағы жылы 31 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Өкінішке орай, облыста апатты мектептер әлі де бар. Алайда, 2015 жылы бұл мәселе толықтай шешілуі тиіс.
Одан кейін баяндама барысында аймақ басшысы облыстағы ұйымдастыру жұмыстары жайлы сөз етті. Өзге өңірлер сияқты Шығыс Қазақстанда да барлығы 252 ауылдық округтердің әкімдерін сайланғандығын, олардың 26 пайызы алғаш рет әкім қызметіне тағайындал-ғанын айтқан облыс әкімі кейбір аудандар мен қалалардың басшыларын «А» корпусы таға-йындауға құқылы екенін де тұрғындардың есіне салып өтті.
— Ал, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста шағын және орта бизнес та-бысты дамуда, онда облыстың экономикалық жағынан белсенді тұрғындарының үштен бір бөлігі қамтылған. 2013 жыл ішінде 11,5 пайыз өсіммен 536,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, жұмыстар орындалды және қызметтер көрсетілді. Аймақ бойынша кәсіпкерлердің 31 пайызы шағын және орта бизнес түрімен айналысуда. Ал, өткен жылы олардың өндірген өнімі 230 млрд. теңгені құрап отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың бүгінгі таңдағы ең тиімді және сұранысқа ие, сондай-ақ, кәсіпкерлер арасында ең танымал түрі болып отыр. Қазіргі уақытта бағдарлама бойынша қолдау шараларымен 500-ден астам кәсіпкер қамтылған. 14,4 млрд. теңге көлеміндегі несиелерді субсидиялау бойынша 204 келісім шарт жасалды. Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету бойынша 16,9 млрд. теңге көлеміндегі несиелер бойынша 26 келісімге қол қойылды, 30 млн. теңгеге 9 грант берілді, — деді Б.Сапарбаев бір сөзінде.
Биылғы жылы Радиологиялық орталықтың құрылыс жұмысы аяқталатынын айтқан Бердібек Мәшбекұлы, сонымен қатар, Семейде Жедел медициналық жәрдем ауруханасының пайдаланылуға берілгенін, енді Сауд Арабиясы елінің инвестициялар есебінен Семейде балалар өкпе аурулары ауруханасының құрылысы аяқталатынын атап өтіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің үнемі қолдау көрсетіп отырғандығы үшін Салидат Зекенқызына алғысын жеткізді. Денсаулық сақтау саласына қатысты мұндай жұмыстардың 34 пайызының еңсерілгенін, ал, алдағы 2015 жылы толығымен аяқталатынын айтты. Алайда, денсаулық сақтау саласына жас мамандардың жетіспей жатқандығын, алдағы уақытта бұл мәселе де тиісті түрде өз шешімін табатынын, өңірдегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылып, жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын айтқан облыс әкімі бүгінгі таңда жас мамандарды баспанамен де қамтамасыз ету жағы қарастырылып отырғанын жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, келер жылы Өскеменде бірінші рет жас мамандарға арналған жатақхана салу да жоспарда бар көрінеді. Бұл тұрғысында Бердібек Мәшбекұлы Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандығын, жас мамандарға арналған мемлекеттік бағдарламаның да бар екенін, сол бағдарлама аясында өткен жылдары Өскемен мен Семей қалаларында жастарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етті.
Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының мәдениет мекемелері 110 ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара өткізген екен. Мысалы, Республиканың барлық облыстарының өкілдері қатысқан Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің ІX республикалық байқауы, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ІІ халықаралық форумы, Алматы және Талдықорған қалаларында шығармашылық ұжымдардың гала-концерттері, Алматы және Астана қалаларында Шығыс Қазақстан облысының күндері өткізілген.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қазақстан футболының 100 жылдығын мерекелеуге орай, шамамен 4 мыңға жуық, оның ішінде – 9 халықаралық, 29 республикалық және 143 облыстық іс-шараның өткізілгенін жеткізді. Ал, спорттың әр түрі бойынша Қазақстан Республикасы құрамасына кіретін спортшылар саны артып, 1000-нан аса спортшыны құраған (2012 жылы 947 адам). Жиында әлемдік дағдарыс жағдайында өңірлердің күштерін біріктіру және экономиканың өсу қарқынын сақтау мақсатында «Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары ықпалдастығы аясындағы өңіраралық бірлестік» республикалық форумы өткені жайлы да айтылды. Форум 4 облыстың жан-жақты іскерлік ынтымақтастығының бастапқы тілдесу «алаңы» болып, 2013-2015 жылдарға арналған әртүрлі салада өңіраралық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша іс-шаралар жоспары қабылданған. Форум қорытындысы бойынша облыстың ірі және орта кәсіпорындары жалпы құны 16 млрд. теңгеге ірі компаниялар айналасында шағын және орта бизнес серіктестігі бағдарламасы бойынша 40 шақты ниет шартына қол қойылған. Сондай-ақ, Республиканың бас-қа өңірлерімен, алыс және жақын шетелдермен ынтымақтастықты ықпалдастыру аясында Абай ауданы, Қарауыл ауылында бірінші рет «Шыңғыстау-2013» республикалық жәрмеңкесі өткізілгені белгілі. Ал, жәрмеңкеге барлығы 3 мемлекеттің 11 өңірінен өкілдер қатысып, өткізу кезінде 115 сатып алу-сату шарты бекітілген. Сату кезінде 960 млн. теңгеге мал сатылған.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, ақпараттық орталық арқылы облыстың дамуы, мемлекеттік саясаттың міндеттерін іске асыру мәселелерін кеңінен жариялау қамтамасыз етілген. Өткен жылы қалалар мен аудандар әкімдері мен облыстық басқармалар басшыларының 56 баспасөз-мәслихаты мен брифингтері ұйымдастырылған. 2013 жыл ішінде облыс әкімі облыстың қалалары мен аудандарына 115 рет жұмыс сапарымен шығып, сапар барысында 241 елдімекенді аралап, 747 әлеуметтік-мәдени және тұрғын үй-коммуналдық нысандарының жұмыс-тарымен танысып, облыстың 40000-нан астам тұрғыны қатысқан 186 кездесу өткізген екен. Ал, облыс әкімінің өткен жылғы есеп беру кездесулерінің қорытындысы бойынша 10 мәселе бақылауға алынған. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6 мәселе толық орындалған. Олардың қатарында облыстық мәдениет үйін және «Беловодье» фестивалі аясында іс-шараларды қаржыландыруды арттыру, Семей қаласында «Спартак» стадионын қайта жаңарту, Курчатов қаласының жедел жәрдем бекетін көлікпен қамтамасыз ету, Бесқарағай ауданы, Башкөл ауылында орта мектептің құрылысына құжаттамалар дайындау жұмыстары бар. Ал, қалған 4 мәселенің орындалуы бақылауда .
Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы-2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары аясында облыс алдына 2014 жылға бизнесті дамыту өнеркәсібінде: үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын және «Өнімділік-2020», «Экспорттаушы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» сынды салалық бағдарламаларды іске асыруды жал-ғастыру міндеттері қойылған. Сонымен қатар, Елбасы биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қорғалуы жағына ерекше тоқталып өткен еді. Бердібек Мәшбекұлы бұл тақырып туралы да сөз етті. Облыста 58 мың мүмкіндігі шектеулі жандар болса, олардың 4 мыңнан астамы балалар екенін тілге тиек етіп, екі орталық ашылғанын да атап өтті. Алдағы уақытта Жолдау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізген аймақ басшысы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қамкөңіл балалар жайын да назардан тыс қалдырмады.
— Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылуда. Сонымен қатар, «Мейірім» акциясы жүзеге асырылып, акция аясында өткен жылы жетім балалар мен ата-анасының қам-қорлығынсыз қалған балалар үшін 133 пәтер сатылып алынған. Акцияның іске асырылуынан бастап 1795 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ірі, орта кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субъектілерінен құралған 1883 қамқоршылық ұйымына бекітілген, олар балалардың есеп-шоттарына 143,8 млн. теңге аударған, — деген Б.Сапарбаев мейір-бандық танытып жүргендері үшін кәсіпкерлерге ризашылығын да білдіріп өтті.
Аймақ басшысы баяндамасы барысында «Туған ел – алтын бесігім» акциясы жайында да мәліметтерімен бөлісті. Аталмыш акция аясында аймағымызда 16 мәдени нысан 202 млн. теңге көлемінде аппаратура және қойылым костюмдерімен қамтамасыз етілген, бұл елеулі шараға елімізге танымал жерлестеріміз, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысқанын айта келіп, «Туған ел – алтын бесігім» және «Туған жерге тағзым» акциялары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Ал, жасыл экономика бойынша облыс әкімі мамыр айында Өскеменде «Мини ЭКСПО» көрмесін өткізу жоспарланып отырғанын, оған Ресей, Қытай елдерінің және бұрын ЭКСПО көрмесін өткізген елдердің өкілдері шақырылып, жергілікті қолөнер шеберлерінің үздік деп танылған туындыларын 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне облыстың атынан қатыстыру көзделіп отырғандығын жеткізді.
— Президент биылғы Жолдауында ядролық энергетиканы дамыту керектігін айтқан болатын. Курчатов қаласында өндірістік жағынан болсын, кадр жағынан болсын бұл саланы жандандыруға мүмкіндік мол. Әзірге 12 жоба бар. Құжаттары дайындалу үстінде, — деп атап өтті.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде Риддер қаласында коммуналдық жылу жүйелері қайта жаңартылатынын және нөсер кәрізі салынғанын, ал, Курчатов қаласында өнеркәсіп қалдықтары қо-ймасы салынып, балабақшаның шатыры қайта жаңартылғанын айтты облыс басшысы. Баяндама барысында Шығыс өңіріндегі атқарылып жатқан ауқымды істерден хабардар етіп, кемшін тұстары болса, мәселелерді бір жақты ету жұмыстарының жүргізілуі үшін құзырлы мекемелерге тиянақты тапсырмалар жүктеген облыс әкімі, экономика өсімін сақтау керектігін, бұл көрсеткішті келер жылы 7 пайызға арттыру қажеттігін қадап айтты.
— Барлығы өзімізге байланысты. Мемлекет басшысы айтқандай, «Мәңгілік Ел» болу үшін, еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін жұмыс істеуіміз керек. Оған біздің барлық мүмкіндіктеріміз бар. Бастысы, елдің ішінде бірлік пен ынтымақ бар. Мемлекет басшысының бізге жүктеген тапсырмалары бойынша экономиканы дамытуымыз, халықтың тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруын орындауымыз керек, — деп Бердібек Сапарбаев баяндамасын қорытындылады.
Облыс басшысының баяндамасынан кейін жиынға қатысушы тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады, ақжарма ақ тілектерін білдіріп, білікті басшыға алғыстарын да айтты. Тұрғындардың сауалын мұқият тыңдаған Бердібек Мәшбекұлы әр сұраққа тиянақты жауап қайтарды. Мәселен, жармалық Мәдина Бүркенова Зайсан ауданындағы сияқты басқа да аудандарға газ құбырларын тарту қаншалықты мүмкін екенін сұрады. Аймақ басшысы бұл сұраққа :
— Сұрағыңыз өте орынды. Зайсан ауданында көлемі 1 миллиардқа жуық газ табылды. Соңғы 7-8 жылда Қазақстан мен Қытай елінің біріккен Тарбағатай мұнай газ компаниясы 30 млрд. теңгеге жуық қаржы салды. Ұзындығы 92 шақырымды құрайтын газ құбырын тартты. Енді газды өңдейтін зауыт салынып жатыр. Ол жердегі бір мәселе, ол компанияның 50 пайызы біздің елге тиесілі болса, қалған 50 пайызы Қытай еліне тиесілі. Сонымен қатар, газды толықтай пайдалануға мүмкіндігіміз болмай жатыр. Әзірге 100 шақты үй мен 4-5 бюджеттік мекемелер газбен қамтылған. Енді бірінші кезекте газ құбыры бойындағы 9 елдімекен қамтамасыз етілетін болады. Одан кейін Тарбағатай, Жарма сияқты аудандарға тарту жоспарда бар. Бұл жөнінде Үкіметпен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз,- деп жауап берді.
Одан ары жиынға қатысып отырған әр қала мен ауданның тұрғындары өз өлкелеріне қа-тысты және жалпылама сұрақтарды қойды. Мысалы, Бородулиха ауданы тұрғынының: «Бер-дібек Мәшбекұлы, өңірімізде құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Сізге соның ішінде қай нысан қымбат?» деген сауалына облыс әкімі құрылыс нысандардың әрқайсысы ол үшін аса қымбат әрі бағалы екенін жеткізді. Абай ауданының тұрғыны: «былтырғы жылы өткен «Шыңғыстау-2013» жәрмеңкесі биыл да жалғаса ма?» деп сұраса, жиынға қатысушылардың тағы бірі «Туған жерге тағзым», «Туған жер – алтын бесігім» акцияларының болашағы жайлы сұрады. Бер-дібек Мәшбекұлы игілікті істердің алдағы уақытта да міндетті түрде жалғасатынын, сол сияқты Шыңғыстау жәрмеңкесі мен аталмыш акция- лардың да жыл сайын өткізілуі дәстүрге айналатынын айтты. Одан кейін Курчатов қаласының тұрғыны: «Курчатовта атом станциясы салына ма? Бұл жөнінде не айтасыз?» деп сұрады. Бұл сұраққа аймақ басшысы Курчатовтың атом станциясын салуға мүмкіндігі бар екендігін, бұл жөнінде әлем елдері арасында ядролық қарудан бас тарту жөніндегі бастамашы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүктеген тапсырмасында да бар екенін жеткізді. Үржарлық Се-рікхан Алтынбеков жастарға арналған спорт модулін салу туралы сауал тастаған еді. Облыс басшысы спорт модулдерін ең алдымен аудан орталықтарына салу керектігін, жалпы, жоспарға сәйкес, алдағы уақытта Мақаншы ауылына салу көзделіп отырғанын айтты. Ал, Аякөз ауданының тұрғыны: «Мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына арнайы оқу орындары салынса қалай болар екен?» деген сұрақ қойды. Алайда, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы оқу орындарын ашудың қажеті жоқ екенін айтқан Бердібек Мәшбекұлы жалпы білім ордаларында оқытуға жағдай жасау керектігін, одан кейін жұмысқа қабілетті мамандарға жұмыс тауып беруге көмек көрсетілетінін жеткізді. Аталмыш ауданның тағы бір тұрғыны махаббаттың символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың Аякөздегі кесенесін тамашалауға елімізден ғана емес, әлем елдерінен келуі үшін жағдай жасалғанын қалайтынын айтты.
— Аякөздегі Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың кесенесіне жол салынып жатыр. Жол жақсы болса, онда барушылар саны да көп болатыны белгілі. Ғашықтардың кесенесі Өскемендегі этнопарктің ішіне де қойылды. Енді алдағы уақытта Семейде де қойылатын болады. Некесін қиятын жас жұбайлар ғашықтардың кесенесіне барып, тағзым жасайды. Валентин күні мерекесін тойлағаннан гөрі жастарымыз Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың күнін атап өтуді үрдіске айналдыру керек. Мұны бәріміз бірігіп жасауымыз қажет. Мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтай отырып, оны әлемдік деңгейге көтеруіміз керек, — деп атап өтті.
Семей мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы Гүлжихан қажы Жұматаева жиынның тек Өскемен мен Семейде ғана емес, аудандарда өтіп жатқандығы дұрыс екендігін тілге тиек етіп, Семейдің гүлденіп келе жатқанына, қала басшысы Айбек Кәрімовтің атқарып жатқан жұмыстарына риза екендіктерін жеткізді де, полигон жайын сөз етті. Облыс әкіміне «Радиологиялық кластер тұрғындарға не береді?» деген сұрақ қойды. Денсаулық сақтау саласында тұрғындардың денсаулығын жақсарту бағытында бір-қатар жүйелі жұмыстардың атқарылып жат-қандығын, биыл бірінші рет басқа салалармен салыстырғанда денсаулық саласына қаржының 1,5 есе артық бөлінгендігін атап өткен облыс әкімі Радиологиялық кластер халық денсаулығының жақсаруы үшін салынып жатқанын, заманауи құрылғылар мен институттар бір жерде орын алып, тұрғындар бір жерден ем алу үшін жасалып жатқандығын жеткізді.
Бесқарағай ауылының тұрғыны Мағжан Қабылдиннің:
— Соңғы 2-3 жылда облысымызда тұрғын үй құрылыс саласы қарқынды дамуда. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы барлық аумақта іске асырылмайды. Осы бағдарлама аясында алдағы уақытта ауылды жерлерде тұрғын үйлер салу жоспарда бар ма? – деген сауалына Бердібек Сапарбаев:
— «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы бойынша Бесқарағайда да үй салынды. Сонымен қатар, бұл бағдарлама бойынша тек қана Өскемен мен Семейде ғана емес, Зайсан, Тарбағатай, Зырян сияқты аудан орталықтарында да тұрғын үйлер салына бастады. Сол сияқты Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов атындағы кентте де өткен жылы екі үй пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта тағы да екі үй салынып жатыр. Бұл бағдарлама алдымен қалалар мен аудан орталықтарында жүзеге асырылып жатыр, келешекте ауылды жерлерде жүргізілетін болады, — деп жауап берді.
Сонымен қатар, Жарма ауданының тұрғыны Шығыс Қазақстанның әсем табиғаты бар екенін айта келіп, «Екінші Швейцария» саналатын Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» сияқты біздің өңірімізде де балаларға арналған республикалық сауықтыру кешендерін салу жоспарда бар ма?» деген сауал қойды.
— Жоспарда бар. «Самұрық Қазына», «Қаз-мұнайгаз» сияқты ұлттық компанияларға Шығыс өңірінің табиғи байлығын ескере отырып, өзіңіз айтқандай сауықтыру кешендерін салу жөнінде өтініш білдірген болатынбыз. Өздеріңіз білесіздер, екі жыл бұрын «ҚАЗАТОМПРОМ» акционерлік қоғамының бөлген 1 млрд. теңге қаржысына бұрынғы «Мотросов» атындағы пионер лагері қайта қалпына келтірілді. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасын табады. Әрине, оның бәрі қаржыға байланысты. Бірақ, жоғарыда атаған ұлттық компаниялардың қолдауымен бұл тақырып тұрғысында алдағы уақытта да жұмыс жасайтын боламыз, — деді Б.Сапарбаев.
Сол сияқты Барлық — Арасан шипажайының қазіргі таңда жекенің қолына өтіп, жұмысы тоқтап тұрғанын айтқан Үржар ауданының тұрғыны аталмыш шипажайды Рахман қайнары сияқты ірі шипажайға айналдыру үшін қандай жұмыс жасау керектігі жайлы сұрады. Облыс басшысы бұл мәселе де назарында екенін, алайда, Барлық — Арасанды шипажай иесі мемлекетке қайтару керектігін айтты. Сонымен қатар, үржарлық тұрғындардың тағы бірі Үржар – Алматы бағытындағы ұшақтың тоқтап тұрғанын, бұл жағдайдың алдағы уақытта қалай болатынын сұрады. Республикалық бюджеттен 180 млн. теңгеге жуық субсидия бөлінгенін айтқан облыс әкімі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында бұл мәселенің шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ, жиынға қатысушылардың бірінің:
— Экология және табиғи ресурстарды үнемдеу мемелекеттік тапсырмалардың басым бағыттарының бірі. Мысалы, істен шыққан автокөлік дөңгелектері мен резіңкеден жасалған заттардың қалдықтарын лақтырып тастайды да, қоршаған ортаға үлкен залалын тигізеді. Кейбір аймақтарда, мысалға, Жамбыл және Қызылорда облыстарында резіңкені өңдейтін зауыттар бар. Біздің облысымызда осындай істерді жүзеге асыру жоспарда бар ма? – деген сауалына облыс әкімі:
— Қазіргі уақытта ондай ұсыныстар жоқ. Егер ұсыныс болса, қолдаймыз. Бірақ, бұл мәселені толықтай зерттеп, егер сатылымға шығару үшін сапалы болатын жағдайда ғана қолға алуымыз керек, — деп жауап берді.
Бесқарағай аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Владимир Казинский және басқа да азаматтар Бердібек Мәшбекұлына ақ тілегін айтты. Жиынға қатысушылар тарапынан жалпы 40-тан аса сұрақтар қойылып, барлығы тиісінше жауаптарын алды. Қойылған сауалдар мен көтерілген мәселелердің қай-қайсысы болмасын назардан тыс қалмайтынын, барлығы бақылауда болатынын айтқан аймақ басшысы өткен жылғы көтерілген мәселелердің барлығына дерлігі оңды шешімін тапқанын айта келіп, бүгінгі айтылған мәселелер бойынша құзырлы мекемелерге жүйелі тапсырмалардың жүктелетінін жеткізді. Жиын соңында мәртебелі меймандарға және барша қатысушыларға алғысын білдірді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңірдің өрден көрінуі тұрғысында атқарып отырған жұмысына шығысқазақстандықтардың ықыласы ерекше, берер бағасы да жоғары. Аймағымызды алға сүйреп, дамудың даңғыл жолын салған облыс басшысына аймақ тұрғындарының айтар алғысы зор. Президент Нұрсұлтан Назарбаев та барлық деңгейдегі әкімдердің басын қосып, жиын өткізгенде Бердібек Мәшбекұлының жұмысына жоғары бағасын берген болатын. Халықтың қамын, әр елдімекеннің жайын бес саусағындай білетін Бердібек Мәшбекұлының халық алдындағы дәстүрлі есебі жоғары деңгейде өтті. Халыққа жақын басшының алдағы уақытта да толағай табыстарға бастамашы боларына күмән жоқ.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ,
«Семей таңы»