Газетіміздің 14 қаңтар күнгі №3 санында «Сын шын болсын» деген атпен жарық көрген және 28 қаңтар күнгі №7 санында «Үндемей-ақ қоюға да болар еді, бірақ…» атты мақалаларда қоғамды дендеп бара жатқан арыз-қойлық жайлы ашық жазған болатынбыз. Кейбіреулер үшін демократиялық қоғамның «жетістігі» ретінде сипатталғанымен асқынып бара жатқан осы дерттің астарына соншалықты үңіле бермейтін сияқтымыз… Ал егер байыбына бойлап қарасаңыз, шынында да, салмағы санаға жүк боларлықтай жағдай.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қандасын қандасына қарсы қойып, баласын әкесіне айдап салатын сұрқия саясат тұсында, «Саптыаяққа ас құйып, сабына қа-рауыл қойған» заманда, осынау бір құбыжық құбылыс асқынып, талай ұлт зиялыларының түбіне жеткені тарихтан белгілі.
«Домалақ арыз» туралы деректерге көз жіберсек, осы дертпен ауырушылар саны жағынан бұрынғы одақтас республикалар арасында да көш басында болған сияқтымыз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары, одақ тұсында екінің бірінің қолы жете бермеген Лениндік сыйлыққа қазақ жазушысы Ілияс Есенберлинмен бірге грузин жазушысы Нодар Думбадзе қатар ұсынылыпты. Бүкіл грузин халқы талантты жазушылары Думбадзені қолпаштап, қолдап, үсті-үстіне жедел хаттар жіберіп жатқанда, біздің жақ Ілияс Есенберлинді жамандап құлаш-құлаш арыздарын бірінен кейін бірін қарша боратқан көрінеді. Нәтижесінде Думбадзенің Лениндік сыйлығын бүкіл грузин елі тойлап жатқанда, тарихымыздағы қайталанбас туындылар болып табылатын «Алмас қылыш», «Қаһар», «Жанталас» сияқты шығармаларды дүниеге әкелген талантты жазушымыздың сағын сындырып, шығармаларын жарыққа шығармай, жер қылдық. Рас болса, күні кеше ғана қазекем тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ғарышкерлер отря-дына қабылданар кезінде де бірнеше домалақ арызды домалатып жіберген деседі.
Бүгінде халқы қадірлеп, бірін «поэзияның Хан тәңіріне», екіншісін «Вальс короліне» теңеп жүрген Мұқағали мен Шәмші көзі тірісінде өздерінің лайықты бағаларын алды ма? Осы ретте Абайдың: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісінің жамандаудан аманы жоқ» деген аталы сөзі ойға оралады…
Бұл, әсіресе «жоқ болса бере алмайтын, бар болса көре алмайтындардың» қолайына жағатын сыңайлы. Сол дауасы табылмай келе жатқан дерттің «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгі өркениеттің заманында тоқталмай отыру себебі не? Әлде, замандастың шыққан заңғарына, азаматтың қол жеткен арманына, ауылдасының асқақтаған абыройына, інісінің ілгері өрлеген ісіне, көршісінің қымбат көлігіне, жұрағатының жайқалып тұрған жеріне, құрдасының көрікті келіншегіне қызығып, ілігерге қара таппай отырған көкірегі соқыр көрсеқызарлардың өз әлсіздігін жеңу үшін тапқан амалы ма?
{jcomments on}
«Ашық хат» деп ат қойып, тасада отырып «домалақ арыз», жасық хаттар жазуды ермекке айналдырып алған ағайын, бүгінгі сөзіміз тағы да өздеріңе арналады.
ҚҰРМЕТТІ «Трибуна: Ашық алаң» газетінің редакторы ЖАНБОЛАТ Мамай мырза!
Бұл дүниеде талай нәрсені көріп жүрміз. Бізді таңқалдыру да оңай емес… Бірақ Ресейдің «Битва экстрасенсов» хабарын да жолда қалдырып, әлем мойындаған сәуегейлер Ванга мен Нострадамустың да бойында болмаған ғаламның бұрын соңды қайталанбаған ғажайыбын меңгерген басылымның Қазақстанның ақпарат айдынында пайда болғанын көпшіліктің біле бермеуі мүмкін. Сөз етіп отырған Сіз басқаратын басылым үшін өз елімізді мекендеп жатқан қазақстандықтар мен шет елде қашып-пысып жүрген қандастарымызды да аздық етіп, оқырман санын көбейту мақсатында о дүниеге де тілшілеріңізді іссапарға жіберіп алатын тәжірибелеріңізбен бөлісуге болар ма екен? Әрине, қаламақысы қомақты болса, Сіздердің тілшілеріңізге ғарышқа ұшып барып, оқырман тауып қайту да қиын емес сияқты ғой… Оның үстіне бұрын құрылысшы болған тілшілеріңіз күн көріс үшін «құрт теріп» кетпей, арыз жазғанға ақша төлейтін кәсіп кездескенге тәубе деп, екі дүниенің ортасында арыз ұйымдастырып, «абырой жинап» жүргеніне мәз көрінеді. Кейбір адамдар «ана өмірге» барып келдік деп жатады. Шынымен-ақ, екі дүниенің арасында арлы берлі жолаушылап жүре беруге болатын таңғаларлық оқиғаны біз «Трибуна: Ашық алаң» газетін оқи отырып, көз жеткізіп, басылымның «ерекше қабілетіне» тамсана, тәнті болып отырмыз. Аталған басылым бүгінгі таңда бірнеше жыл бұрын дүниеден өтсе де жер бетіндегі әлеуметтік жағдайларға алаңдаулы аруақтардың о дүниеден жолдаған арыздарын да жарыққа шығарып, оқырмандарын таңқалдырып жүр. Байқауымызша, марқұмдар жер бетінде болып жатқан барлық саяси және әлеуметтік жағдайлардан хабардар сияқты. Жолдаған арыздарына қарағанда олар әсіресе, жергілікті шенеуніктер «жеп қойды ма?» деп қатты алаңдаулы көрінеді. Жемқорлық атты індет, Семейдегі жылу мәселесі, «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің сапалық құрамы да марқұмдардың жанын жай таптырмай жатқандай…
Бұл қарқындарыңызбен сіздердің АҚШ тағы: «The Wall Street Journal», «The New York Times», Германиядағы “Бильд” (Bild) (таралымы 5,7 млн ), Гиннестің рекордтар кітабына енген «Аргументы и факты» (таралымы 33 431 100) газеттерін де жолда қалдырып, тіпті «Playboy» журналын да оқырмандарынан айыратындарыңызға күмәніміз жоқ…
Ашық хат дегеннен гөрі «домалақ арыз» дегеніміз дұрыс болар, «Трибуна: Ашық алаң» газетінің үстіміздегі жылғы 29 қаңтар күнгі № 3 санында «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төр-ағасы Қайырбек Шошанұлы Сүлейменовтың атына жазылған, Семейдің 67 тұрғынының қолы қойылған хаты жарияланған еді. Аты «Ашық хат» деп жазылғанымен журналистік зерттеу жүргізу барысында кәдімгі «домалақ арыз» екендігіне көзіміз жетті.
Бүкіл Қазақстанды, соның ішінде Семейді жаппай жайлап алған жемқорлық атты індетке араша сұраған хат авторлары 2013 жылғы11 желтоқсан күнгі «Трибуна: Ашық алаң» басылымының Семей аймағы бойынша меншікті тілшісі Болатбек Темербаевтың «Нұр Отан» партиясының облыстық, республикалық деңгейдегі басшылығынан Семейдегі жемқорлыққа араша сұрап жарияланған мақаласына, сондай-ақ аталған автордың бұдан бұрын да «Трибуна: Ашық алаң» газеті мен жергілікті «Flash» басылымында жарық көрген мақалаларына қолдау көрсетуге шақырады-мыс. Қала басшысы өзінің «алаяқ командасымен» (жуликоватой командой) мемлекеттік бюджеттен жылу жүйесін қалыпқа келтіруге бөлінген мол қаржыны тиімсіз пайдаланып, шашып отыр дейді. Айтпақшы, бұдан бұрын «Жунусов» деген бүркеншік атпен жарық көрген бір мақаласында өзін «Шығыс Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы № 1 күрескер» деп атаған Болатбек Темербаев осы жолғы хатта «әлсіздердің жанашыры, әділетсіздіктің жауы» етіп көрсетіледі (біреу мақтамаса, өзіңді-өзің мақтаудан басқа амал жоқ болып тұр ғой. Авт.). Жарайды, хатта келтірілген фактілерді түгелдей тізбелеп, талдау жасап жату артық болар, біз де өз тарапымыздан журналистік әуесқойлықпен осы жарық көрген ашық хатта келтірілген деректердің рас — өтірігін анықтауды мақсат еткен едік. Осы жерде кейінгі кездері арыз жазуға маманданған құрылысшылар да күн көрістің қамы үшін өздерін «журналистпін» деп жариялап жүргендіктен жарық көрген жарияланымдардың бәріне сене беруге де болмайтынын оқырмандарымыздың есіне сала кеткіміз келіп отыр.
Енді басылымда 67 адам қол қойды делінген ашық хат авторларының бірқатарына тоқталар болсақ, Семей қаласындағы Аманов көшесіндегі 93 үйде тұрады деп көрсетілген, 1938 жылы туған Кравченко Нина Степановна, 2011 жылдың 25 мамырында дүниеден өткен. (Қайтыс болу туралы куәлігінің көшірмесі бізде бар. Авт.) Ашық хатта көрсетілген мекен-жайда бүгінгі таңда қызы Бабак Любовь Анатольевна өзінің жалғыз тұратынын айтып, әруақты мазалаған жалақорлар мен аталған басылымға деген наразылығын айтып, бізге хат жазып берді.
Келесі авторлардың бірі Қанапиянова Сая, қаладағы Титов көшесі, 137 үйдің тұрғыны, көрсетілген мекен-жайда 2005 жылдан бері жанұясымен тұратындығын, «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрап жазылған Ашық хат жайлы біздің аузымыздан бірінші рет естіп отырғанын айтса, 4 проезд 9 үйдің тұрғыны, 1988 жылы туған Коробкина Кристина Николаевна да, Титов көшесі 128 үйде тұратын, 1955 жылы туған Әмірханова Сәуле тағы да басқа хатта аты-жөні көрсетілген адамдар өздерінің ашық хат авторларының бірі болып шыға келгендеріне таңданыстарын жасыра алмады.
Сондай-ақ, өз тарапымыздан жүргізілген журналистік зерттеу нәтижесінде хатқа басылымда жарияланғандай 67 емес, 14 адамның атынан жоғарыдағыдай, сырттан қол қойылғандығына көз жеткіздік. Сол қол қойды деген адамдардың барлығы дерлік бізбен кездескен кезде «хаттың мәтінімен таныс емеспіз, қол қойған жоқпыз» деп, ыршып шетке шықты (өз қолдарымен жазылған түсініктемелері де біздің қолымызда. Авт.) Тіпті, сол хатты кім жазғаны, «қолды кім жинағаны» көпке белгісіз болғанымен, бізге белгілі…
Жанболат Мамай мырза!
Ақиқаттың жаршысымыз деп есептеп, газеттеріңіздің алғашқы саны жарыққа шыққанда қалың оқырманға өзіңіз: «Ашық алаң» — биліктегі, не оппозициядағы бір топты екінші топқа қарсы қою, біреуді жалаң айыптап, орынсыз сынау үшін емес, ұлттық мүддені, халықтың шынайы жағдайын бүкпесіз айту үшін құрылған басылым. Түрлі ой-пікірлер мен көзқарастарды, деректер мен мәліметтерді «Ашық алаң» беттерінде айтуға шақырамыз барлығын! Ақпарат айдынында тек қана шындықты жазамыз. Ақиқатты білгіңіз келсе, «Ашық алаңнан» көз жазбаңыз, құрметті оқырман! — деп үн қатқаныңыз есімізде. Енді жоғарыда келтірілген деректерге өзіңіз не айтасыз? Сіз жергілікті жердегі тілшіңіздің жіберген мақаласындағы деректерге сенсеңіз де, бұдан кейін жарық көрмес бұрын тексеру артық болмас… Шын мәнінде халықтың мүддесін ойлайтын басылым «домалақ арызды» жарыққа шығару арқылы билік пен бұқара арасына сына қақпаса керек.
Әр басылымның өз оқырманы бар десек, «Ашық алаң» мансабы барлардан мін іздеген, билікке өкпесі барлардың есебін түгендегісі келген қауымға арналған басылым екендігін дәлелдеп жату артық болар. Газеттеріңіз адам бойындағы төменгі инстинкттерді қоздыру, жалған дақпыртқұмарлық сияқты қасиеттерге сүйене отырып, әр қилы өсек-аяң, ақылға қонбайтын өтіріктерді де сықпыртып отырады. «Трибуна: Ашық алаң» белгілі бір топтың (Ел байлығын есепшоттарына аударып алып, шет елде қашып, өздерін әділетсіздіктің құрбанымыз деп жариялап жүргендердің. Авт.) құралы болып тұрғандығы көзі қарақты оқырманға белгілі.
Қазір мақтанға, марапатқа орын беретін кез емес те шығар. Әрине, елдің экономикалық, саяси жағдайын терең талдап, болжап отыратын салиқалы ресми басылымдардың жөні бөлек. Бірақ, оқырмандардың ең көп бөлігі үлкен мәселелерге қызыға бермейтін қарапайым жұртшылық екенін пайдаланып, жалған ақпаратпен халықтың санасын улаудың қылмыс екендігін естен шығармағанымыз да абзал. Ақпараттық кеңістіктегі орныққан идеялардың қоғам үшін қаншалықты маңызы бар екеніне кезінде коммунистік идеяға бүкіл дүние жүзіндегі миллиондаған адамдардың жан-тәнімен сенгендігі дәлел. Қоғамға қауіп туғызып отырған діни идеологияға сену де солай. Осы тұрғыдан алсақ, идеология дегенді халықтың санасын басқару деп пайымдауға негіз бар. Сондықтан, БАҚ арқылы берілген ақпарат қоғамдық пікірді қалыптастырып, көзқарас туғызатынын ескерсек, әрбір құбылысты дұрыс талдау, түсіндіру идеологиялық жұмыстың ең бір өзекті саласы болып қала бермек. Бұл егемендікті баянды етудің бір кепілі.
Әлемге аты мәлім медиа империяның алпауыты Руперт Мердоктың дүниежүзілік медиа корпорациясының құрамындағы «News of the World» газетінің айналасындағы дауды өздеріңіз білесіздер. Кез келген ақпаратты сары түске бояп алатын Мердок 1998 жылы Моника Левинскиден Билл Клинтонмен арасындағы аты шулы оқиғаны 3 млн. долларға сатып алған деседі… Ұлыбританиядағы атақты жаңалықтар медиа кеңістігін құрған Руперт Мердок мырзаның империясына қарасты «Fox News» корпорациясына тиесілі «Sun» газетінің 6 басшысы ақпарат кеңістігіндегі әдепсіздіктері үшін қамауға алынса, Руперт Мердоктың баласы — Джеймс Мердок өзінің басқару орнынан бас тартып шықты. Сөйтіп, лауазымды адамдарға, саясаткерлерге, өнер жұлдыздарына, спортшыларға, тіпті қарапайым, мыңдаған британдықтардың жеке өміріне қол сұғып, ар-намысына нұқсан келтіріп, өтірік хабар таратқаны үшін медиа алпауыттың аяғы неге ұшырағаны ақпарат тарататын басылымдардың бәріне сабақ болу керек деп ойлаймын.
ЖАНБОЛАТ МАМАЙ мырза!
Осы мақаланы баспаға дайындау үстінде, әріптес бол-ғандықтан да шығар, өзіме-өзім: «Егер мен басшылық ететін газетте жоғарыдағыдай жағдай орын алса не істер едім?» деген сауал қойып отырмын. Дүниеден баз кешкен аруақтардың атын жамылып, арыз ұйымдастыруға қандай жағдай мәжбүр етті екен деген ой да маза берер емес… Тілшіңіз өзінің немесе, тапсырыс беріп отырған нақты бір адамның жеке бас араздығына байланысты Сіздің басылым арқылы ЕСЕП АЙЫРЫСУ МАҚСАТЫН КӨЗДЕП ОТЫРҒАН ЖОҚ ПА? Ойланып көріңізші!
Құрметпен, Риза МОЛДАШЕВА