"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

Ерсін ЖҮНІСОВ: ХАЛЫҚ БІЗДІҢ КЕҢЕСІМІЗГЕ ҚҰЛАҚ ТҮРМЕСЕ, ІНДЕТПЕН КҮРЕС ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ

30.11.2020
2
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

«Семей медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы — COVID-19 вирусымен күресте алғы шепте жүрген ұжымдардың бірі. Өкінішке орай, қазір ШҚО-да вирус жұқтырушылар саны 16 000-ға жуықтап, «қызыл» аймаққа еніп отыр. Осы қауіпті вируспен дәрігерлердің қалай күресіп жатқанын білу мақсатында университет ректоры Ерсін Тұрсынханұлы Жүнісовпен сұхбаттасып, кеңестерін тыңдап қайтқан едік.

— Ерсін Тұрсынханұлы, коронавируспен күресте Семей медицина университетінің ұжымы алғы шепте жүргенін білеміз. Қазіргі жағдай туралы айтып өтсеңіз…

— Иә, қазіргі күні ғалымдар мен дәрігерлердің мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Бүкіл әлемнің ғалымдары, вирусологтер, зертханалар, ғылыми-зерттеу институттары, университеттер COVID-19 вирусын жан-жақты зерттеп, вакцина жасап шығаруды ойластырып жатыр. Бүгінгі күні ғалымдардың алдындағы негізгі мақсаттардың бірі – вирустағы мутацияның бар-жоғын, енді қандай бағытта жұмыс істеу керектігін анықтау.

Қазақстан да өз тарапынан вакцина жасаумен айналысуда. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық биотехнология зерттеу орталығы жасап шығарған екінші вакцина Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сайтында тіркеліп,  сынамадан өткізудің екінші сатысына көшті. Қазір ғалымдар бірінші кезекте вакцинация алуы керек адамдар тобын анықтауда. Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамырлары ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынады.
Бұл орайда еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарындағы ғалымдар шетелдік әріптестерімен онлайн-байланысқа шығып, шеберлік сыныптарын, ғылыми конференциялар, тренингтер өткізуде. Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында университеттің клиницист-ғалымдары коронавирусты емдеудің 5 әдістемелік ұсынысын әзірледі. Ұсыныста коронавирустық инфекцияны емдеуде асқынулардың болу мүмкіндігі, қиындықтар туралы айтылды. Мәселен, онкологтер онкологиялық ауруларға шалдыққандар үшін қауіптілік картасын жасап шығарды. Клиницист ғалымдарымыз  сонымен қатар қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірге санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы жөнінде жұмыс жүргізуде.

Коронавируспен күресте кіші медициналық персонал мен медбикелердің де еңбегі зор. Сондықтан медбикелер үшін де семинарлар мен тренигтер өткізудеміз. Біздің университеттің Павлодар және Өскемен қалаларында да филиалдары болғандықтан, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының аудандары мен қалаларының дәрігерлерімен, медицина қызметкерлерімен ойлайн және оффлайн түрде байланысқа шығып, COVID-19 вирусын емдеудегі тәжірибемізбен бөлісеміз. Жуырда коронавирустық инфекцияны емдеудің соңғы 10 хаттамасын талдадық. Университеттің бес кафедрасы сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының денсаулық сақтау басқармаларымен бірге COVID-19-ға шалдыққан науқастар арасындағы өлім-жітімге талдау жасайды. Бұл жұмысқа қазіргі уақытта университеттің 144 қызметкері мен студенттері, соның ішінде университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, интерндер, резиденттер, магистранттар мен докторанттар тартылған.

Қазіргі уақытта ШҚО бойынша 100-ден аса пациентке қан плазмасы құйылды. Сәуір — мамыр айларында біздің оқытушыларымыз ШҚО денсаулық сақтау басқармасымен бірге қан плазмасы туралы концепт ойлап шығарды. Яғни, коронавируспен ауырған адамды анықтау, плазманы алу, басқа адамға қауіпсіз құю жолы секілді мәселелер талданған болатын. ШҚО-да республика бойынша ең көп қан плазмасы дайындалғанын білесіздер.

Бүгінгі күні университет жанындағы №2 студенттер үйінде 150 орындық инфекциялық аурухана жасақталып, онда дәрігерлерімізбен қатар, интерн-дәрігерлер жұмыс істеуде. Жалпы, осы күнге дейін 2500 әріптесіміз Өскемен, Семей, Павлодар қалаларында және аудандардағы ауруханаларда жұмыс істеді.

19 қарашадан бастап университеттің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының басшысы, м.ғ.к., жоғары санатты дәрігер Имдат Эфендиев пен анестезиология, реаниматология және наркология кафедрасының ассистенті Дәулет Төкенов Өскемен, Риддер қалаларының және Шемонайха ауданының жұқпалы аурулар ауруханаларында жұмыс тобының құрамында науқастардың жағдайына талдау жасады. Аталған мобильді топтың құрамына университеттің қосымша 30 интерні тартылды. Кеңес беру жұмыстары ШҚО денсаулық сақтау басқармасы мен ШҚО тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің мамандарымен бірлесе жүргізілуде. Бұған дейін бұл жұмыстарға Өскемендегі филиалдың 10 қызметкері мен студенттері тартылған еді.

Өздеріңіз естіген боларсыздар, биыл елімізде, облысымызда ана мен бала өлімі көбейді. Бұл жағдайға коронавирус індеті де өз әсерін тигізіп жатыр. Бұл бағытта да біздің кафедралар сараптама жүргізуде. Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарындағы акушер-гинекологтермен бірге жүкті әйелдердің денсаулығын қадағалауды күшейту туралы талдау жасаудамыз.

— Коронавирусты емдеуде қандай жаңашылдықтар бар?

— Қазір біз еуропалық және ресейлік әріптестеріміздің тәжірибесін ескере отырып, өкпені ультрадыбыстық зерттеуден өткізу диагностикасын үйренудеміз. Ультрадыбыстық зерттеуді тек арнайы маман жүргізу керек деген түсінік бүгінде ескірді. Мәселен, шалғайдағы ауылдарда компьютерлік томография немесе рентген аппараты болмаса, дәрігер өзі ультрадыбыстық зерттеу жүргізе алуы керек. Себебі бүгінгі пандемия жағдайы осыны талап етіп отыр. Қазір мамандарды осы бағытта оқытып, даярлап жатырмыз. Егер дәрігерлер өкпеге УДЗ жүргізе алса, ауруды ерте анықтауға мүмкіндік туады. Бұл науқасты аман алып қалуға бір қадам болсын жақындатады.

Біздің университет әрдайым шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасып тұрады. Жалпы, ғылымда ғалымдар мен дәрігерлердің өзара байланыста болуы өте қажет. Кейбір елдерде коронавирусты емдеу тәжірибесі жақсы қалыптасса, кейбірінде тәжірибе аз.

Сондықтан қазіргідей пандемия кезінде білім алмасудың пайдасы ұшан-теңіз.

Біз Башқұртстандағы, Түркиядағы, Ресейдегі әріптестерімізбен онлайн-конференциялар өткізіп, коронавирус инфекциясының алдын алу, емдеу жайлы жаңашылдықтарды өз тәжірибемізде қолданамыз.

Өздеріңізге белгілі, соңғы үш аптада Шығыс Қазақстан облысында вирусты тасымалдаушылар мен ауырғандар саны көптеп анықталды. Еліміздегі вирусологтер Қазақстанда вирустың мутацияға ұшырағанын айтуда. Індеттің бірінші толқынында көбіне егде және орта жастағы адамдар ауырса, қазір жастар мен балалар да жұқтырып жатыр. Сондықтан бұл індетті жеңуге қоғам болып атсалысумыз керек. Егер халық біздің кеңесімізге құлақ түрмесе, санитарлық нормаларды сақтамаса, бізге бұл індетті жеңу қиынға соғады. Қоғамдық тәртіпті сақтамасақ, ешқандай аппарат пен дәрі-дәрмек көмектеспейді. Себебі халық жаппай ауырса, барлығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Тіпті ауруханаларда орын болмағанын халық бірінші толқында көрді. Індеттің алдында дамыған АҚШ, Италия секілді мемлекеттердің өзі дәрменсіз болып қалды. Халық береке-бірлігін көрсетіп, қоғамдық тәртіпті сақтаса ғана індетті ауыздықтау оңайға түседі. Темірдей тәртіптің арқасында Қытай бұл індетті жеңіп шықты. Қазір Қытайда вирусты жұқтырушылар жоқ деуге болады.

Біз Корея, Жапония секілді мемлекеттердің дәрігерлерімен де байланысқа шығып, жағдайды талқылаймыз.  Байқағаным, бұл мемлекеттерде халықтың сана-сезімі жоғары. Тәртіпті қатаң сақтап, дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындайды. Бізге де сондай деңгейге жету керек. Қазір 200 адамды жинап, той жасайтын уақыт емес. Өзімізді болмаса да, болашақ ұрпақтың қамын, денсаулығын ойлауға тиіспіз. Ертең олар «бас көтеріп, халыққа тоқтау айтатын бір адам болмағаны ма?» деп сөксе, не деп жауап береміз?!

Егер халықтың жаппай тойға немесе хатымға жиналуын тоқтатпасақ, антисептик пен маска да, аппарат та, мықты дәрігер де бізге көмектесе алмайды.

Әсіресе Семей қаласының жұртшылығы өзге өңірлерге ісімен үлгі көрсетуі керек деп ойлаймын. Себебі қазақ халқы Семейді рухани астана, Алаштың ордасы, киелі мекен деп бағалайды.

Бірінші толқында халық дәрігерлерді құрметтеп, ерекше ілтипат көрсетті. Ал қазір әлеуметтік желілерде, ақ-қарасын ажыратпастан, түрлі пікірлер жазады. Мұндай көзқарасқа шыдай алмай, қызметін тастап кетіп жатқан әріптестеріміз де аз емес. Қазіргідей жағдайда таңның атысынан түн ортасына дейін қызметте жүретін ақ халаттылардың жұмысы оңай емес. Бір күн ішінде қаншама өлім-жітімді көреді, қайтыс болған әрбір пациенттің анализін тексереді. Бірінші толқында күніне 15-20 адам көз жұмған жағдайлар болды. Дәрігерлер жетіспеген кезде біз резидент-дәрігерлерімізді алғы шепке шығардық. Менің кабинетімде арнайы құрылған медициналық штаб жұмыс істеді. Біз онлайн-байланысқа шығып, коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге кеңес беріп отырдық.

Осы орайда айта кеткім келеді, өз басым пандемия кезінде жастарға қатты риза болдым. Қаншама жастарымыз қауіп-қатерге қарамастан ерікті болып жұмыс атқарып, нағыз патриот екендіктерін көрсетті. Кейбір студенттер менің өзіме хабарласып, індетпен күресуге жіберуді сұрады. Тіпті бізді тыңдамай, қауіпке бастарын тігіп, алғы шепте жұмыс істегендері де бар. Кейбірі санитар болып жұмыс істеді. Студент қыздарымыз болса ауыр оттегі баллондарын көтеріп жүрді.

Менің негізгі мамандығым ортопед-травматолог болғандықтан, осы 20 жыл ішінде түрлі апатты жағдайларды көрдім.  Бірақ халықтың бір уақытта жаппай ауырып ауруханаға жатқанын алғаш рет көрдім. Бұл біз үшін өте ауыр жағдай болды.

Түсінеміз, қазір кейбір кәсіпорындар жабылып, бизнес өкілдеріне ауыр тиіп жатыр. Бірақ дәрігерлер үшін ең маңыздысы — адамның денсаулығы мен өмірі. Бизнестің уақытша тоқтап қалуын адам шығынымен салыстыруға келмейді. Сондықтан кәсіпкерлерді жағдайға түсіністікпен қарап, барынша салмақты болуға, сауатты әрекет етуге шақырамын.

— Ерсін Тұрсынханұлы, осыдан біраз бұрын Семейдің зертханаларында тапсырылған ПТР-тест қорытындысының жартысы жалған болып шықты. Бұл жағдай туралы не айтасыз?

— Біздің елде ғана емес, мұндай жағдай әлемде жиі кездеседі. ПТР-тест қорытындысы 100% дәл көрсетуі мүмкін емес. Мәселен, 10 адам ПТР-тест тапсырып, барлығында вирус анықталды делік. Бірақ, шын мәнінде, соның ішінде 7 адам ғана вирус жұқтырған болуы мүмкін. Қалған үш нәтиже тестің гиперсезімталдығынан қате болуы ғажап емес. Яғни ПТР-тестің 30 % -ы қате болуы қалыпты жағдай. Егер пациентте тест оң нәтиже көрсетсе және клиникалық белгілері болса, ол адам бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Егер тест оң нәтиже көрсетіп, бірақ клиникалық белгілері болмаса, науқас амбулаториялық емханада оқшаулап, бақылауға алынады. Егер тест теріс нәтиже көрсетсе, бірақ коронавирустың клиникалық белгілері болса, провизорлық емханаға жатқызылады.

Туберкулез, ЖИТС сынды ауруларға жасалған сынама да осындай жалған нәтиже көрсетуі мүмкін. Сол секілді онкомаркерлер де қателеседі. Бұл туралы медицина қызметкерлері жақсы біледі. Барлық адам бірдей емес. Әр адамның ағзасы әр түрлі. Сынамалар да орташа стандарттық жағдайларға негізделген.

ПТР-зертханаларының көп болғаны жақсы. Өткен апталарда күніне 250 адамнан инфекция анықталды. Әрине, бұл қуантарлық жағдай емес. Бірақ қорқудың қажеті жоқ. Кейін бір мезетте мыңдаған адамнан коронавирус инфекциясы расталғаннан гөрі, қазіргі уақытта вирус жұқтырған соңғы науқасқа дейін анықтап алған дұрыс. Облыс әкімі де осы мәселеге баса назар аударып отыр. Бір адам үш адамға дейін жұқтырып, әрі қарай жайыла береді. Сондықтан байланыста болған соңғы адамды анықтау өте маңызды.

— Семей медицина университетінде қашықтықтан оқыту қалай жүзеге асып жатыр?

— Семей медицина университеті жыл басында өз тарихында алғаш рет қашықтан білім беруге көшті. Жыл басында интернетке қосылмаған ауылда тұратын 40 студент анықталып, студенттер үйіне орналастырылды. Теориялық кафедралардың 60 пайызы қашықтықтан оқуға көшірілсе, қалған клиникалық кафедралар бұрынғыдай жұмысын жалғастыруда. Ал  60 жастан асқан клиницистерге жұмысқа келуге тыйым салынды.

Жасыратыны жоқ, қазір университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына өте үлкен күш түсуде. Олар, онлайн-сабақ берумен қоса, ғылыми жұмыстармен де айналысады.  Дегенмен қашықтан оқу сапалы жүзеге асуда деп айта аламын. Білім сапасы туралы студенттерден ай сайын сауалнама алынады, арнайы құрылған комиссия оқыту барысын тексереді. Оның үстіне өткен жылы елімізде халықаралық білім бағдарламасы енгізілді. Бұл өз кезегінде белсенді жұмысты, сапалы білім беруді талап етеді.

Кадр даярлау мәселесі де маңызды. Қазір Павлодар, Өскемен және Семей қалаларындағы филиалдарымызда 200-ден аса резидент дәрігер мен 700-ге жуық интерн дәрігер білім алуда. Биыл біз инфекционист дәрігерлерді даярлауда мемлекеттен тапсырыс алдық. Мемлекет қолдауымен бірінші рет реабилитолог мамандарды даярлап жатырмыз. Себебі коронавируспен ауырған науқастарды оңалту маңызды.

Университетімізде сонымен қатар Радиациялық медицина және экология ғылыми зерттеу институты, Өскемендегі филиалымызда стационар жұмыс істейді. Семейдегі университеттің де өз госпиталі бар екенін білесіздер. Госпиталь құрамында 130 орынға арналған балалар ауруханасы бар. Аурухана Семейге қарасты аудандар мен ауылдардан диагнозы табылмаған науқас сәбилерді де қабылдайды.

Семей, Өскемен, Павлодардағы ауруханаларда біздің профессорлық-оқытушылық құрам дәрігер ретінде қызмет атқарады. Біздің оқу орнының ерекшелігі де сол – студенттеріміз теориялық білімін ауруханаларымызда тәжірибемен ұштастырады.

Ғылыми жобаларымыз да сәтті жүзеге асып жатыр. Биыл үш жылға арналған сегіз жоба мәресіне жетті. Нәтижелері жаман емес.

Айта кету керек, білім беру сапасы жөнінен Семей медицина университеті 2019 жылы медициналық университеттер арасындағы рейтинг бойынша бірінші орынға шықты. Ал еліміздегі 70 жоғарғы оқу орны ішінде он бірінші орындамыз. Бұл да біз үшін жақсы көрсеткіш. Профессорлық-оқытушылық құрам мен ұжымның жемісті еңбегінің нәтижесі деп білемін.

Биылғы оқу жылында пандемияға қарамастан бірінші курсқа 500-ге тарта қазақстандық студент, 30-дан аса шетелдік студент қабылдадық. Халықаралық деңгейдегі білім беру жүйесінің енгізілуінің нәтижесінде биыл Үндістан мен Пәкістаннан ғана емес, Түркия, Ресей, Қытай мемлекеттерінен де студенттер келе бастады.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамытуға көп көңіл бөлудеміз. Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің арқасында Испания, Түркия, Жапония мемлекеттеріне баруға халықаралық гранттарды жеңіп алдық. Аталған мемлекеттерге пандемия басылғаннан кейін профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттеріміз барып, білім деңгейін көтеріп, тәжірибе алмасатын болады.

Өткен аптада ғана жас ғалымдар арасында халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырдық. Конференцияға 4 мемлекеттен 200-ден астам жас ғалым қатысты. Студенттер арасында да ғылыми конференция өтті. Желтоқсан айында травматология саласы бойынша тағы бір конференция ұйымдастыратын боламыз. Өкінішке орай, қазір әлемде онкологиялық аурулар, ана мен бала өлімі және жарақат алушылар саны көп. Конференция барысында осындай маңызды тақырыптарды қаузап, тәжірибе алмасамыз.

Конференция соңында қатысушылар шығарған қаулы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне табысталады. Әрі қарай жол картасы әзірленіп, жұмыстар жүргізіледі.

— Ерсін Тұрсынханұлы, сұхбатыңызға көп рақмет! Университет ұжымына табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ{jcomments off}

Ұқсас жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

07.05.2025
Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

Жезқазғанда Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға әкімдік, ТЖД өкілдері, ардагерлер, қызмет қызметкерлері...

Толығырақ...Details

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

06.05.2025
Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

Төтенше жағдайлар министрлігінде дағдарыстық жағдайларда басқарудың тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған...

Толығырақ...Details

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

06.05.2025
Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

ҚР Көлік министрлігі мен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ инвестиция мәселелерін нақтылау, іске асыру кезеңдерімен және әуе айлағын одан әрі дамытуға...

Толығырақ...Details

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

06.05.2025
Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

Қазақстан Республика Туризм және спорт министрлиги 2024 года жылдың қорытындысысынша еліміздегі ең танымал спорт түрлері туралы деректерді ұсынды. Статистика бұқаралық...

Толығырақ...Details

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

05.05.2025
5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

Бүгін біз жаңа өмірдің бастауында тұратын жандарды — акушерлерді құрметтейміз! Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады,...

Толығырақ...Details

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

05.05.2025
ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

Қазақстан ТЖМ ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Осының шеңберінде жергілікті атқарушы органдарды өртке қарсы қорғауды нығайтуға...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

3 дня бұрын

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

4 дня бұрын

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

4 дня бұрын

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

4 дня бұрын

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

5 дней бұрын

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

5 дней бұрын

Биылғы құрылыс маусымы аясында бірқатар жол құрылысы басталады

5 дней бұрын

Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

5 дней бұрын

Семейлік шекарашылар “Бірлік жарысы” марафонына қатысты

1 неделя бұрын

Әуежайдың террористік қауіп-қатерге дайындығы тексеріледі

1 неделя бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС