"Семей таңы" газеті
ztlogo
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
ztlogo
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

ТӨРКҮЛ ДҮНИЕ ТАРБАҒАТАЙҒА КӨЗ ТІКТІ

09.05.2014
ТӨРКҮЛ ДҮНИЕ ТАРБАҒАТАЙҒА КӨЗ ТІКТІ
20
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Өткен аптаның соңғы күндері тарбағатайлықтар үшін қарбалас істерге, есте қаларлықтай қызықты сәттерге толы болды. Төрткүл дүние Тарбағатайға көз тікті. Ақсуат ауылы Азия мен Еуропаның, еліміздің спорт жанкүйерлері елеңдей қараған, жақсылықтан қуанышты хабар күткен, жер жүзі назарын өзіне аударған орынға айналды десек артық емес. Ақсуаттағы орталық алаңға күрес кілемі төселіп, он мемлекеттің туы желбіреп, әлемге танымал, атағынан ат үркетін балуандардың осында келіп белдесуі бұрын соңды болып көрмеген жағдай еді.

 

Қазақ күресінен өткен бұл жарыс баршаға белгілі халық емшісі, әулие, көріпкел, тарихи ұлы тұлға — Ырғызбай Досқанаұлы атындағы  II халықаралық турнир еді. Облыс және аудан әкімдерінің, спорттық және қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкер азаматтардың, аудан халқының қолдауымен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткізілген бұл шара алдымен Күмістідегі Ырғызбай баба кесенесінде ас беріп, құран оқытудан басталды. Жарысқа Ресей, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Армения, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен балуандар келіп, күш сынасты.

Ақжар аймағында айтулы бастамалар көп

 

Осы оқиғаға орайластыра жұмыс сапарын белгілеп, жолға шыққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тарбағатай ауданына келді. Аудан әкімі Ділдабек Оразбаев өңір басшысын «Тірек ауылы» мәртебесіне ие болған Ақжар ауылында қарсы алып, онда атқарылып жатқан тірліктермен жан-жақты таныстырды. Бердібек Мәшбекұлы алдымен «Толағай» мөлтек ауданында салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысын аралап көрді. Бір пәтерлі 10 коммуналдық тұрғын үйді салуды бастаған Б.Құнапиянов жетекшілік ететін «Айзат Құрылыс» серіктестігінің жұмысымен Ақжар ауылының әкімі А.Боғырбаев таныстырды. Бұдан соң облыс басшысы Ақжардағы ауруханада болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Аурухана басшысы К.Дүйсебаев мұнда дәрігер де, дәрі-дәрмек те жеткілікті екенін айтты. Дәрігерлермен болған әңгімеде Бердібек Мәшбекұлы сырқаттанған адамға дәрігердің жылы сөзі де ем екенін, сондықтан да адамдарды ыстық ілтипатпен, дұрыс қабылдау керектігін ескертті. УЗИ, гинекология, хирургия бөлімдерінің жұмысымен танысып, онда ем қабылдап жатқан азаматтардың хал-жағдайларын сұрап білді. Аурухана төңірегін гүлдендіру керектігін айтты.

 

{jcomments on}Абай атындағы орта мектеп  Ақжардағы байырғы білім ордаларының бірі. Мектеп директоры Л.Ешеева білім сапасы жағынан ауданда алдыңғы қатарда екендіктерін, мектептің күрделі жөндеуден өткенін, әлі де жөндеуді қажет ететін кабинеттердің бар екенін айтты. Мектептегі шағын орталықта 4 топ жұмыс істейді. Әр топта 20 бала бар екен. Бердібек Мәшбекұлы мектеп оқушыларының бірыңғай киім үлгісін киіп  жүргеніне ризашылық сезімін білдіріп, білім сапасының жақсара беруіне тілектес екенін айтты.  Одан соң өңір басшысы Ақжардағы А.Құсайынова басқаратын «Балауса» балалар бақшасына барып, тәрбиешілер ұйымдастырып жатқан жұмыстармен танысты.

 

Тарбағатайда заман талабына сай ұйымдастырыла бастаған маңызды салаларының бірі — ауыл шаруашылығы. Жаңа бағытта, тың бастамаларымен танылған «Шәмшия» шаруа қожалығының жұмысы көпке үлгі болып отыр. Облыс әкімі осындағы мал бордақылау алаңын көріп, бұл саладағы ізденісті істерге көңілі толатынын айтты. Шаруашылық жетекшісі Д.Қожахметов қыс бойы 400 бас ірі қара, 200 бас қой семіртілгенін, олардың сойылып, сауда орындарына шығарылғанын және мал бордақылау, малды  сою пунктінің жұмыс істей беретінін  мәлімдеді.

Ақсуаттағы алқалы жиын маңызды мәселелерге арналды

 

Ақсуаттағы мәдениет үйінде түс ауа басталған аудан активінің жиналысын облыс әкімі Б.Сапарбаев алғы сөзбен ашты. Бүгін осы ауылда Ырғызбай бабамызға арналып халықаралық жарыстың өткізіліп жатқаны еліміздегі саяси ахуалдың тұрақтылығының, береке-бірліктің және нәтижелі еңбектің арқасы, Елбасы Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаттың іске асуының көрінісі екенін айтқан өңір басшысы жиынға қатысқандарды ел игілігін молайтуға, өндірісті дамыту қарқынын тұрақты ұстауға, ауызбірлікті нығайтуға шақырды.

Жиында Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев сөз сөйлеп, биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық салалардағы тапсырмалардың толық орындалғанын, сол арқылы даму жағынан облыста төртінші орында тұрақтап қалуға қол жеткенін мәлімдеді. Ауданның ауылшаруашылығын дамыту, мал тұқымын асылдандыру, суармалы жерлерді игеріп, оның көлемін биыл тағы да 5000 гектарға ұлғайту мүмкіндіктері қарастырылып отырғанын айтты. Азық-түлік молшылығын жасау, әсіресе, картоп, сәбіз, қияр, қызанақ сияқты көкөніс түрлерімен аудан халқының өзін-өзі толық қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Мал басын азықпен сенімді түрде қамтамасыз ету мақсатында жоңышқа егу, сиыр саууды қолға алып, Ақжар мен Ақсуатта бұрын болған сүт өңдеу кәсіпорындарын қайта қолға алу міндеттерінің белгіленіп отырғанын жеткізді.

Жиында Ақсуат ауылы ардагерлері кеңесінің төрағасы Т.Жүнісов, Тұғыл ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің директоры Б.Әміренова сөз сөйлеп, өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салды.

Төл күрестің төрінде «Түйе балуан»

 

«Қазақ қанынан айырылмайтын үш нәрсе бар, олар — аламан бәйге, айтыс, қазақ күресі» деген екен заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Күрес десе қаны қызатын күллі жұртымыз қарт Тарбағатайдың төсін дүбірге толтырып, Барқытбелдің баурайында тағы да бас қосты. Қазақтың халық емшілігінің қара нары, халық шипагерлігінің атасы, тән мен жан, рух тәрбиешісі, тірлігінде бүкіл қазақ  жұртына аты аңыз болып тараған Ырғызбай әулие барша қазақтың қасиетті де, қадірлі адамы болды. Медицина өркендемеген қазақ даласында дарын иесі бүтін қазақтың жанына жалау болды. Арада сан ғасыр өтсе де халықтың наным-сенімінен берік орын алған киелі де, қасиетті атаның рухы жылағанды жұбатып, адамзат баласына нұрлы шуағын төгіп, ақыл мен парасатқа, ынтымақ пен бірлікке бастап келеді.  Халқы әрқашан  да мақтан тұтатын Ырғызбай Досқанаұлына арналып  қазақ күресінен өткен ІІ халықаралық турнирді тамашалауға келгендердің қатары сәт сайын арта түсті.

Боз кілемдегі бәсеке көп күттірмей-ақ басталып кетті. Әлемнің әр шалғайынан келген   қырық үш балуан салмақ дәрежелеріне қарай алаңға екі топқа бөлініп шығарылып, таныстырылды. Кімнің кіммен белдесетіні алдын-ала жеребе арқылы анықталды. Қазақ күресін жетік меңгерген өнерлі де айлалы спортшылардың әрбір айқасы көрермендерді қызықтыра түскен еді..

Тарбағатай төсінде күш сынасуға келгендердің ішінде осалы жоқ. Олардың барлығы өз жерлерінде  дзюдо, самбо сияқты спорт түрлерінен сайыпқыран атанып, шың бағындырғандар, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Атап айтсақ, Армениядан Азат Абдрохмонян, Эдгар Сарухонян, Грузиядан келген Коберидзе Георги. Бапкері қазақ күресінен Еуропаның вице-президенті — Сероб Андряасян. Қытай Халық Республикасынан келген Идр Чеукеманула, Байыр Батыр, Аманжол Үсентай. Бапкерлері қытайдағы қазақ бауырымыз — Қадыр Исмаил. Қырғызстаннан Мирлан Эралиев, Чынгыз Чалабаев, Насредин Асанов, Кененбек Шамшидинуулу, Нурбек Кожобеков бақ сынауға келіпті. Литвадан — Лабалаукис Морюс, Моңғолиядан келген палуандар-Алтангэрэл Давааням, Чинчулуун Баярмагнайлар да боз кілемде алған еншісі бар. Олардың бапкері Моңғолияға еңбегі сіңген спортшы, Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері, Моңғол ұлттық күресінен мемлекеттік «Қаршыға» дәрежелі балуаны — Бақыт Одынайұлы бастап келді. Өзбекстаннан Олим Равшанов, Шахвоз Саидмурадов, Ильхон Жораев, Авазхан Тоймуратовтар да Ақсуатқа ат басын тірепті. Бапкерлері Өзбекстандағы қазақ күресінен бас бапкер — Сағит Абдрахмонов. Ресей балуандары Артем Ковалевский, Александр Гальцевтар да біздегі бозкілемнен енші алуға бекініпті. Бапкерлері дзюдо, самбодан Ресей Федерациясының  спорт шебері-Виктор Цеханович. Тәжікстаннан келген балуандарды Тәжікстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, қазақ күресінің бас бапкері Хусейн Закиров бастап келді. Балуаны Олимжон Авазов. Қазақстанның атынан «Қазақстан барыстары» Айбек Нұғмаров, Бейбіт Ыстыбаев, Мұхит Тұрсынов, Дәулет Махабаев, Мереке Тұрашев, Руслан Хайролданов, Әділ Оразбаев, Еркебұлан Сапарғалиев, Ерлан Канкеев, Қуаныш Мұратов, Дулат Құрманов, Саят Шәмшиев, Ерасыл Тұрсынбековтар ел намысын қорғады. Жарыс екі салмақ дәрежесінде өтіп, 80 келіге дейін 21 балуан күрессе, 80 келіден жоғары салмақта 22 балуан белдесті.

Дүбірлі додаға қазылық еткен төрешілер де сайдың тасындай іріктелген. Олар  турнирдің бас төрешісі — ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, Бақытжан Жаңбырбаев. Сондай  ақ, ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Шыңғыс Тұрсынов, Ұлттық дәрежедегі төрешілер Қайырбек Оңдағанов, Болат Ақжігітовтер, Өзбекстаннан ұлттық дәрежедегі төреші Сайджан Абдрахманов, Қырғыз елінен ұлттық дәрежедегі төреші Нұрхан Османәлиев, Турнирдің бас хатшысы халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушылары Серік Қоржыкенов, Қуаныш Нахановтар болды.

Осы жарысты ұйымдастыруға демеушілік жасаған еліміздің айтулы азаматтары Бәделхан Кәмелханұлы, Түкеев Серік Адамұлы, Дөңбаев Әбіл Бекетұлы, Талғат Мәзібаев, Ертіс Бұтабаев, Мұхит Тұмабаев сияқты көптеген азаматтарымыздың  қатарында жерлес аруымыз, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Құрманбаева Шырын Асылханқызы да болды. Көпке белгілі «Казцинк» компаниясы бұл шараға  10 миллион теңге бөлген бас демеуші екен. Алыстан ат арытып келіп, қонақ болып, ниеттес-тілектес екендіктерін білдіріп жатқан азаматтар баршылық. Солардың ішінде «Парасат» орденінің иегері, ақын Несіпбек Айтов,  қазақ күресінен ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушысы  Марат Жахитов, Шығыс елінің мақтанышы Шалқар Жоламанов, «Қажымұқанның інісі» атанған атақты палуан Тұрсын Қалмақбаев, ФИЛА халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы- Гинтаутас Вилейталар мен қатар қазақ күресінің жанашырлары болды.

Сайыстың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында  ұйымдастырылып жатқан жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

ФИЛА Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы- Гинтаутас Вилейта мырза  да биылғы спорт мерекесінің құрметті қонағы ретінде құттықтау сөз сөйлеп, қазақ  күресінің ұлттық тарихи құндылық, асыл мұра екенін айта келіп, оны дүниежүзіне таратып, олимпиадалық ойындар түріне кіргізу үшін жұмыстар жасалып жатқанын мәлімдеді.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеев өз құттықтауында былтыр он төрт облыстың балуандар қатысқан бұл жарыстың биыл халықаралық дәрежеге көтеріліп, Азия мен Еуропа мемлекеттерінің спортшыларын қамтыған беделді жарысқа  айналғанын атап көрсетті. Сонымен қатар, ол қазақ күресін дамытуға зор үлес қосқандары  үшін жерлестеріміз Бәделхан Кәмәлханұлын, Дөңбаев Әбіл Бекетұлын, Талғат Мәжінбаевтарды  «Қазақ күресіне қосқан ерен еңбегі үшін» деген арнайы жасалған  медальмен марапаттады. Осы жарыстың бас демеушісі «КАЗЦИНК-тің» демеушілігімен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы бұл жарыс 10 жыл қатарынан өткізілетінін атап айтты.  Бұл хабарды спортсүйер қауым орынды бастама деп бағалады.

Өнер шеберлерінің тамаша концертінен кейін көпшілік тағатсыздана күткен балуандардың ақтық бәсекесі де басталып кетті. 80 келі салмақ дәрежесіне дейінгі «Өгіз балуандыққа» таласқан жерлесіміз Қуаныш Мұратов пен алматылық Саят  Шамшиевтердің арасындағы айқас елдің делебесін қоздырып жібергендей болды. Тартысты өткен сайыста Қуаныш Мұратов жеңіске жетіп, «Өгіз балуан» атағын жеңіп алса, ІІ орын Саят Шамшиевтің, ІІІ орын өзбек балуаны Олим Равшановтың қанжығаларына байланды. ІV орынды Ресей балуаны Артем Кавалевский алды. Балуандарға жүлдесін жерлесіміз Шырын Асылханқызы мен Серік Түкеев мырза табыстады. «Түйе балуанды» анықтау үшін ақтық сынға  қалған төрт балуан өзара тартысқа түсті. Өзбек балуаны  Авазхан Тоймуратов пен Мереке Тұрашев күресіп, өзбек балуанының басымдылығы жоғары екендігі айқындалып, ол жеңіске жетті. Ақырғы жұпқа шығатын тартыс шырайлы шығысымыздың намысын қорғап жүрген батырлар арасындағы  кездесуі жұрттың  демін ішке тарта тамашалаған сайыс болды. Екеуі де бір-біріне беріспей тең түскен соң, белдесіп күресу сайысы  болды. Жарыс қорытындысында Айбек Нұғмаров басымдық көрсетіп, «Түйе балуан» атағын жеңіп алса, ІІ орынды Мұхит Тұрсынов, ІІІ орынды өзбек балуаны Авазхан Тоймуратов, ІV орынды  Мереке Тұрашев алды.

Бұл додада қазақ балуандары айқын басымдық көрсетіп, ел намысын қорғап қалды. Балуандар жүлдесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен  ФИЛА халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы Гинтаутас Вилейта мырза табыс етті. Барлық балуандарға ұйымдастыру алқасы тағайындаған ақшалай сыйлықтары берілді.

Осылайша, ел мен жердің мерейін өсірген балуандардың аламан бәйгесі, «Туған елге тағзым» акциясы аясында еліміздегі ең ірі кен-металлургия саласының алыбы «Казцинк» компаниясының демеушілігімен Ақсуатта  Ырғызбай бабамызға арналып өткен халықаралық дүбірлі дода аяқталды. Жүректі де білекті, балуан жігіттеріміз «мың өліп, мың тірілсек те» намысты қолдан бермейтіндігімізді төрткүл дүниеге тағы да бір мәрте дәлелдеп шықты.

Мектептеге кездесу мерекеге бергісіз болды

 

Орталық алаңда балуандар белдесулері  қыза түскен тұста Ақсуаттағы К.Нұрбаев атындағы орта мектепте тағы бір игілікті шара өткізіліп жатты. Мұнда ұстаздар және жоғары сынып оқушылары осы мектептің түлегі, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Құрманбаева Шырын Асылханқызын қуана қарсы алған еді. Мектептің үлкен залына жиналғандар алдында сөз сөйлеген Шырын Асылханқызы жас кезінде өзі білім алған мектепке, ұстаздарына деген сағынышты сезімін толқи тұрып жеткізді.

Шырын ханым бұл мектепке құрқол келмепті. Мектепке екі компьютер, өзінің анасы — Өжікен Тыныбаева атындағы қазақ тілін оқыту әдістемелік кабинетіне әдістемелік кітаптар, мектеп ауласына егу үшін Бельгиядан арнайы алғызған 10 түп шырша көшетін ала келген екен.

Кездесуде Шырын Асылханқызының  қасына ере келген әріптестері де сөз сөйлеп, беделді оқу орнының мүмкіндіктерін әңгімелеп берді. Мектеп шәкірттерін білім алуға шақырды.

Кездесу барысында Шырын Асылханқызының ұстаздары болған еңбек ардагерлері Нұржамал Тоқтағұлова мен Әнуарбек Әбсаләмов сөз сөйлеп,  мектепте оқып жүрген кезінде Шырын Асылханқызының өте алғыр, талапты, үздік оқушы болғанын еске түсірді. Он бірінші сынып оқушысы Еркебұлан Ризабеков Ө.Тыныбаева атындағы кабинетке бесінші сыныпта келіп ерекше әсер алғанын, сабақты жақсы оқуға сол кабинет ерекше жігер беріп, ықпал еткенін айтты.

Шырын Асылханқызы осы мектептің екі оқушысы Нұрболат Смағұлов пен Еламан Құдайбергеновқа өзі басқаратын университеттің оқу грантын тағайындады. Сонымен қатар, Шырын ханым биыл осы өзі білім алған мектептің бір кабинетін тарих кабинеті ретінде жабдықтап беретіндігін айтты.

Кездесудің соңында мектеп шәкірттері, ұстаздар Шырын Асылханқызы әкелген он шыршаны мектеп ауласына егіп, құрметті қонақтармен ескерткіш суретке түсті.

 

Динара ҚАБДІЛӘШІМҚЫЗЫ.

Шәкен КӨПШІКБАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан білім беру саласында жаһандық топ-20 қатарына еніп, дамыған жүйелер арасындағы позициясын нығайтып жатыр

08.04.2026
Қазақстан білім беру саласында жаһандық топ-20 қатарына еніп, дамыған жүйелер арасындағы позициясын нығайтып жатыр

Қазақстан Insider Global Education Index рейтингінде 0,092 балл жинап, 18-орынға ие болды және тұрақты дамып келе жатқан әрі халықаралық деңгейде...

Толығырақ...Details

Қазақстанда Мемлекеттік басқару академиясына қабылдау басталды

08.04.2026
Қазақстанда Мемлекеттік басқару академиясына қабылдау басталды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі...

Толығырақ...Details

Қазақстан мен Қырғызстан ТЖ саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

08.04.2026
Қазақстан мен Қырғызстан ТЖ саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығының базасында Қазақстан тарапының төрағалығымен Орталық Кеңестің он сегізінші отырысы өтті. Отырыс жұмысына...

Толығырақ...Details

Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді

08.04.2026
Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматы облысындағы туристік...

Толығырақ...Details

Абай облысында діни ғимараттардың қорғалуын қамтамасыз ету шаралары талқыланды

08.04.2026
Абай облысында діни ғимараттардың қорғалуын қамтамасыз ету шаралары талқыланды

Абай облысында террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына жатқызылған діни ғимараттардың қорғалу деңгейін қамтамасыз ету бойынша жұмыс күшейтілді. Кезекті жұмыс кездесуіне...

Толығырақ...Details

Балконды жөндеуден кейін анықталған кемшіліктер жойылмағанына байланысты Абай облысында соттың қаулысы шықты

08.04.2026
Балконды жөндеуден кейін анықталған кемшіліктер жойылмағанына байланысты Абай облысында соттың қаулысы шықты

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 35-бабының 4-тармағына сәйкес, жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) оны орындау (көрсету) барысында табылған кемшіліктер және...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Қазақстан білім беру саласында жаһандық топ-20 қатарына еніп, дамыған жүйелер арасындағы позициясын нығайтып жатыр

8 часов бұрын

Қазақстанда Мемлекеттік басқару академиясына қабылдау басталды

10 часов бұрын

Қазақстан мен Қырғызстан ТЖ саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

10 часов бұрын

Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді

10 часов бұрын

Абай облысында діни ғимараттардың қорғалуын қамтамасыз ету шаралары талқыланды

16 часов бұрын

Балконды жөндеуден кейін анықталған кемшіліктер жойылмағанына байланысты Абай облысында соттың қаулысы шықты

16 часов бұрын

Жаңасемей ауданында тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасып келеді

16 часов бұрын

Жаңасемей ауданында ауыз су жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр

16 часов бұрын

Жаңасемей ауданында көшелер жарықтандырылып, абаттандыру жұмыстары күшейді

16 часов бұрын

Тоқаев Таяу Шығыстағы бітім туралы келісімді құптады

16 часов бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС