Қуатты өңір — ел дамуының драйвері
Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтіп, оған Үкімет басшылығы, салалық министрліктер мен ведомстволардың, бірқатар ұлттық компаниялардың басшылары қатысқан болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап көрсетіп, өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор екенін айтты. Дегенмен геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты.
Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды.
Президент отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Бұл орайда Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керек екенін айта келіп, осы мақсатта балама темір жол бағыттарын қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Президент жаңадан құрылған Абай облысына қарасты жаңа көлік дәлізі — Бақты — Аягөз темір жолы жобасын да жүзеге асыру керектігін атап көрсетті.
Сонымен қатар автожол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де маңызды салалардың бірі екенін жеткізген Мемлекет басшысы магистральды бағыттардағы Талдықорған – Өскемен жолын қайта жаңарту жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Осы орайда Президент атап өткен өңірлердегі логистиканы дамыту жайына тоқтала кетсек. Абай облысы — Ресей мен Қытайдың транзиттік жүк ағынының дәл орталығында орналасқан. Семей қаласы аумағынан Майқапшағай және Бақты кеден бекеттеріне тікелей халықаралық автокөлік жолы бар. Бұл логистикалық жобалардың тиімділігін еселей түседі. Тағы бір маңызды ақпарат, бүгінде Қытай үкіметі ішкі Моңғолияның Хохотэ қаласынан Бақты кеден бекеті аралығында темір жол желісін салуға мүдделі болып отыр. Бұл желі өз кезегінде Аягөз қаласына дейін созылып, магистральмен түйіссе, екі елдің де логистикалық әлеуетіне зор серпін бермек.
Бұл орайда Қытайдың Шыңжаң — Ұйғыр автономды ауданы Тачэн (Шәуешек) округінің ресми делегациясы жаһандық пандемия басталғанға дейін ШҚО-да арнайы жұмыс сапарымен болып, осы мәселені талқылаған болатын. Шыңжаң — Ұйғыр автономды ауданы Тарбағатай округі партия комитеті хатшысының орынбасары Ян Цзюньшэн бастап келген топ бірнеше мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіп, Шәуешек – Аягөз темір жолын салу, жаңа жобаға инвестиция салу жөнінде кеңес өткізген еді. Айта кетерлігі, осыған дейін Қытай Үкіметі, Солтүстік шыңжаң темір жолының бір тармағы ретінде, Қарамай — Тачэн қалалары арасында жобалық құны 3,6 млрд юань болатын жалпы ұзындығы 306 шақырымдық телім құрылысын жүргізіп шыққан-ды. Ендігі меже байырғы Түрксіб темір жолына шығу арқылы жүк тасымалының жаңа ағынын қалыптастыру болып отыр. Алайда коронавирус індеті бұл мәселенің басын ашық қалдырған-ды.
Жалпы, шекаралық сауда аумағын дамыту, транзиттік жүк тасымалын арттыру, туризмді өркендету мәселелерінде тиімділігі мол Бақты – Аягөз жобасы осыған дейін де талқыланып келе жатқаны белгілі. Ежелден сауда керуенінің күре жолы саналатын Аягөз қаласы мен Шәуешек шаһарының аралығы небары 270 шақырым ғана екен. Айта кетерлігі, аталмыш жобаны жүзеге асыруға Қытай тарапы ғана емес, жаңадан құрылған Абай облысының әлеуетін арттыруда транзиттік-логистикалық шараларды дамытуды көздеп отырған ел Үкіметі де мүдделі болып отыр.
Жалпы, логистикалық ортақ жүйе құру үшін екі немесе одан да көп көлік қызметі пайдаланылатыны белгілі. Ал бұл ретте, логистика саласы мамандарының пікірінше, Семей қаласының геосаяси маңыздылығы зор. Халықаралық автокөлік желісі, Ертістегі Ресей мен Қытайды жалғайтын су жолы, әуе жолы, Транссібір магистраліне шығаратын темір жол мен Трансазия магистралінің солтүстік және орталық дәлізі біз үшін үлкен мүмкіндік береді. Сол себепті Президент атап көрсеткен өңірлерде логистикалық хаб құру мәселесі Абай облысында өміршең .
Әйтсе де аймақтың көліктік-транзиттік әлеуетін арттыру, соның ішінде Бақты – Аягөз жобасы бойынша нақты дәйектемелер қажет. Атап айтсақ, жүк жөнелтушілер мен қабылдаушылардың алдағы уақытқа арналған болжамы керек. Яғни экспорт пен импорт және жүк спецификасы туралы мәліметтер әзірленуі тиіс. Транзиттік әлеуетті пайдаланушы клиенттер көлік-логистика саласын дамытушы мамандарға өз ұсыныстарын беруі тиіс. Яғни, тығыз әріптестік қажет. Бұл ретте облыс орталығындағы «Қаражыра ЛТД» ЖШС, «Семей силикат» зауыты, «Семей цемент» АҚ сынды бірқатар алпауыт компаниялар белсенділік танытса, құба-құп.
Ал қазіргі таңда Абай облысының орталығы болған Семей қаласында тауар қоймалары көптеп салынуда. Жаңадан салынған бір ғана «Жоламан» көтерме-саула логистикалық орталығы — осыған мысал. Енді қалада контейнерлік тұрақжай, сусымалы жүктерге арналған алаңдар, қонақ үйлер мен кедендік нысандар салынуы тиіс. Аталған маңызды жоба жүзеге асса, аймақтардың өзара байланысы жақсарып, Абай облысының ішкі әлеуеті артады. Көршілес облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтып, ел ішінен тың нарықтар ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық дәрежедегі сауда-көлік, қаржылық-іскерлік, инновациялық – технологиялық және туристік маңыздағы транзиттік дәлізін қалыптастырады.
Жалпы, жүк тасымалын жеделдету және ұлғайту, ел арқылы өтетін транзит көлемін арттыруда Семей қаласының мүмкіндігі зор. Бұл ретте тек темір жол, автожол ғана емес, Ертістегі су жолы да пайдаланылмақ. Бұл жайында жуырда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың арнайы шақыруымен Семей қаласына келіп кеткен Парламент депуттаттары мен бірқатар министрліктер өкілдері де өз пікірлерін білдірген болатын.
Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму мәселелері бойынша комитетінің төрағасы Альберт Рау:
— Келесі жылдың өзінде бюджет аясында бүгінде басымдыққа ие заттарға қаражат бөлінетін болады. Облыс бастамашы болған барлық жобаларды біз қолдаймыз және алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын қарауға қосымша бастамашылық етеміз. Стратегиялық мәселелер де бар. Қазіргі уақытта облыстың әлеуеті бар. Бірінші кезекте, логистикалық. Мысалы, біз су көлігінің жұмысын қалпына келтіруді, Қытай мен Ресей арасындағы жағдайды нәтижелі талқыладық. Мұның бәрі стратегиялық сипаттағы мәселелер санатында тұр. Яғни, облыста орта мерзімді кезеңге арналған даму бағдарламасын әзірлеу қажет, — деп пікірін білдірген еді.
Демек, жаңа облысқа Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болды. Алдағы уақытта Абай облысының көлік-транзиттік әлеуеті арта берері анық. Олай болса, ежелгі Жібек жолы бойындағы Семей шаһары өзінің тарихи рөлін де қайтадан қалпына келтіріп, Еуропа мен Азияның арасындағы өзіндік көпір ретінде Орта Азиядағы ірі іскерлік транзиттік орталыққа айналатын күні алыс емес деп сенеміз.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ,
«Семей таңы»