Президент тапсырмасы аясында
Қазіргі таңда әлем күрделі кезең, құбылмалы күйді бастан кешіп тұр. Әсіресе соңғы уақытта қалыптасқан геосаяси жағдайдың тауар нарығына, жеткізу тізбегіне, инфляцияға және несие шарттарына тигізіп отырған әсері әлемдік экономиканың баяулауын жеделдетіп, қаржы құрылымына айтарлықтай салқынын тигізгені жасырын емес. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай уақыт өте келе, дамыған экономикалардағы ақша-несие саясатының күрт қатаюына түрткі болып, ол, тиісінше, кейбір елдердің қалыптасушы нарықтары мен дамушы экономикаларындағы қаржылық күйзелістің туындауына ықпал етуі мүмкін.
Ләйла ЕДІЛ,
«Семей таңы»
Азық-түліктің кейбір түрі 80%-ға қымбаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфляция мәселесіне айрықша назар аударуы бекер емес. Президент: «Халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар», — дей келе, бүгінде инфляция көрсеткіші 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түскеніне ерекше тоқталған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселеге айналған. Бұған қоса, бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы да кері әсер етіп, оның деңгейі 19,2%-ға жеткен.
«Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80%-ға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», — деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Ұлттық банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс екендігін жеткізген еді. Ендеше, Ұлттық банктің бұл бағыттағы ендігі қадамы қандай болмақ?
«Біз теңге бағамының шектен тыс ауытқуын шектедік»
Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде Ұлттық Банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов геосаяси жағдайдың нашарлауынан құбылулар мен тәуекелдердің артқанын тілге тиек ете келе, осындай жағдайларға байланысты банк қаржы жүйесін тұрақтандыруды қамтамасыз ету бойынша жедел шараларды қабылдағанын айтты. «Біріншіден, нарықтарда бұрын-соңды болмаған өзгерістерге толы оқиғалар кезінде Ұлттық Банктің жедел шаралары қаржы нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Біз теңге бағамының шектен тыс ауытқуын шектей отырып, оның инфляцияға ауысуын тежедік. Екіншіден, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және теңгедегі активтерді сақтау үшін Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы қабылданды. Үшіншіден, нарықтардағы құбылмалылыққа қарамастан, Ұлттық қор мен зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кезеңдегі кірістілігі оң күйінде қалып отыр. Төртіншіден, биылғы жылдың сәуірінен бастап Үкіметпен бірлескен жұмыс аясында Қазақстан Республикасы мемлекеттік бағалы қағаздары FTSE Frontier ЕМ Government Bond индексіне енгізілді. JP Morgan дамушы нарықтардың мемлекеттік бағалы қағаздарының индексіне енгізу үшін елдің мемлекеттік бағалы қағаздарын «жіті бақылауға» алды. Бесіншіден, 1 шілдеден бастап Ұлттық Банк Лездік төлемдер жүйесін және Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға қосты. Пайдасы мен шығындарын бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделі әзірленді»,- деді Ғ. Пірматов.
Осылай деген Ұлттық банк төрағасы бүгінгі күнге дейін қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, тәуекелдердің де бар екен екенін айтты.
Мәселен, биылғы 1-жартыжылдықта Қазақстан экономикасы сыртқы факторлардың елеулі ықпалы аясында дамыған. Әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстанда мұнайдың жоғары бағасына және жалғасып отырған фискалдық ынталандыруға байланысты тұтыну бағаларының жоғары деңгейімен қатар жүретін ішкі сұраныстың оң динамикасы сақтала отырып, экономиканың өсуі жалғасқан. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, жаһандық экономиканың өсуі жөніндегі болжамдар төмендеуде, ал бұл геосаяси тәуекелдердің іске асуына, ақша-кредит саясатының күшеюіне, бюджеттік шоғырлануға, жоғары инфляцияға және инфляциялық күтулерге байланысты болып отыр. «Бұған қоса, энергия тасымалдаушылардың және ауыл шаруашылығы тауарларының жоғары бағасы барлық жерде дайын тауарлар бағасының өсуіне алып келуде. Нәтижесінде, инфляцияның жаһандық өсуі байқалады, оның аясында әлемдегі ақша-кредит талаптары қатаңдатылуда», — деді Ғ. Пірмататов.
Оның айтуынша, Қазақстанда жылдық инфляция көбінесе азық-түлік бағасының 9,9%-дан 19,2%-ға дейін екі есе өсуі салдарынан жыл басынан бері 8,4%-дан маусымда 14,5%-ға дейін өсіп, оның жалпы инфляцияға үлесі жартысынан астамын құраған. Айлық инфляцияның наурызда 3,7% болған ең жоғары мәннен маусымда 1,6%-ға дейін бәсеңдеуіне қарамастан, оның мәні соңғы 5 жылдағы маусымның орташа тарихи нормасынан 3 есеге жуық асып отыр. «Бағаның өсуін тұрақтандыру үшін ақша-кредит саясатының шаралары қабылдануда. Биылғы жылдың басынан бері базалық мөлшерлеме 14%-ға дейін көтерілді. Бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысым аясында бұл өте қажетті шара болып табылады, онсыз бағаның бақылаусыз өсу қаупі бар. Бұл ретте мөлшерлеменің әсері уақыт өте көрініс табатын болады», — деді Ұлттық банк Төрағасы.
Сонымен қатар, Ғалымжан Пірматов Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының шаралары Үкіметтің тұтыну нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныстың айырмашылығын барынша азайту жөніндегі шараларымен қатар қабылданып отырғанын, Президенттің тапсырмасы бойынша, ақпанда Үкімет инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін жаңартқанын, инфляция базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын шешімдер және жоспарланған контрциклдік бюджет қағидалары аясында 2023 жылдан бастап баяулауы мүмкін екенін, бұл ретте, азық-түлік нарықтарын теңгерімді дамытудың тиімді шараларын қабылдау маңызды болатынын атап өтті.
Бұған қоса, ол геосаяси тәуекелдер мен рубль бағамының жоғары құбылмалылығы теңге бағамына қатты қысым көрсеткенін, бұл жағдайда қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету және теңге бағамын тұрақсыздандыратын ауытқуларға жол бермеу мақсатында валюта нарығын теңдестіру жөнінде бірқатар шаралар қабылданғанын, Ұлттық Банктің нақты валюталық интервенциялары дағдарыс кезеңінде валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз еткенін жеткізді. Сөзін түйіндеген Ұлттық банк төрағасы: «Ұлттық Банк геосаяси шиеленіс жағдайында санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалай отырып, нарықтардағы ахуалға мониторинг жүргізіп, баға тұрақтылығы мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады»,- деді.
Теңге құбылмалылығының болуы — қалыпты нарықтық жағдай
Әрине, болашақта елдің қаржы жүйесінің қандай сын-тегеуріндермен бетпе-бет келетінін алдын ала ешкім дөп басып айта алмасы анық. Десек те, сала мамандары өздерінің әртүрлі болжамдарымен қазірдің өзінде бөлісуде. Мәселен, Дүниежүзілік Банк инфляция биылғы жылдың ортасында шарықтау шегіне жетеді деп болжаса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректері бойынша ол 2023 жылдың басындағы мерзімді көрсетіп тұр. Сарапшылардың айтуынша, одан кейін инфляция әлемдік экономика дамуының баяулауынан, сұраныстың аздығынан, тауар жеткізуге байланысты жағдайдың жақсаруынан төмендей бастауы мүмкін.
Жалпы, Ұлттық банктің бізге берген мәліметі бойынша, қазіргі таңдағы геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық жеткізу тізбектеріне байланысты қалыптасқан мәселелер бұрынғыдай азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуінің басты айқындаушы факторларына айналған. Мәселен, Ресей мен Украина бидай экспортының төрттен бір бөлігін, жүгері экспортының 15%-ын және күнбағыс майының экспортының 75%-ын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Ресей Федерациясы ЕО-дағы барлық газ импортының шамамен 45%-ын және әлемдегі мұнай экспортының жалпы көлемінің шамамен 10%-ын қамтамасыз етеді.
«Азық-түлік тауарлары қоржынының халықаралық бағаларының қозғалысын көрсететін ФАО азық-түлік бағаларының индексі 2022 жылғы маусымда 154,2 тармақты құрап (2022 жылғы наурызда рекордттық көрсеткіш – 159,7 тармаққа жетті), тарихи ең жоғары көрсеткіштерге жуықтады. 2022 жылдан бастап энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі аясында АҚШ-та инфляция 2022 жылдың маусымында 9,1%-ға дейін (1982 жылдан бастап максимум) өсті. ЕО-да алдын ала бағалау бойынша 2022 жылдың маусымында тұтыну инфляциясы 9,6% — ға (г/г) дейін жеделдеді. Қазақстанның ірі сауда серіктесі саналатын Ресейде инфляция іс жүзінде 2 есе, яғни 8,4% — дан 15,9% — ға дейін жеделдеді, бұл РФ-дан келетін импорт арқылы Қазақстандағы ішкі бағаларға әсерін тигізеді. Сыртқы факторлардан басқа, экономиканың фискалдық ынталандыруымен, тұтынудың өсуімен қолдау көрсетілетін ішкі факторлар орын алып, қосымша проинфляциялық қысым көрсетеді», делінген Ұлттық банктің мәліметінде.
Мұндай жағдайда, Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу режимінің қағидаттарын және оның орталық элементі болып табылатын базалық мөлшерлемесін басшылыққа ала отырып, дезинфляциялық ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастыра бермек. «Бірінші жартыжылдықта теңге бағамының әлсіреуі, дүрлікпе сұраныс, жеткізу тізбегіндегі іркіліс пен фискалдық ынталандыру аясында өсіп келе жатқан инфляциялық қысымды ескере отырып, базалық мөлшерлеме 14% — ға дейін көтерілген. Базалық мөлшерлеменің артуы макроэкономикалық тұрақтылыққа және теңгелік активтерді қорғауға ықпал ете отырып, сыртқы шок салдарының ел экономикасына таралуының алдын алуға мүмкіндік берген. Бұдан кейінгі шешімдер инфляция фактісі мен болжамын, инфляциялық күтулер серпінін, сондай-ақ ішкі және сыртқы тәуекелдер теңгерімін ескере отырып қабылданатын болады», делінген Ұлттық банк берген мәліметте. Екіншіден, ақша-кредит саясатының әрекеттері Үкімет тарапынан қабылданған 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шараларымен нығайтылмақ. Бұл шаралардың 5 негізгі бағыты: өнім өндіру көлемін ұлғайту; тауарларды сақтау, логистика және көлік; тауарлардың бөлшек саудасы; баға белгілеуді бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу; жүйелі шаралар бойынша орта мерзімді және жедел іс-шараларды іске асыру.
Ұлттық банктің хабарлауынша, әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай, геосаяси аренадағы тұрақсыздық және инфляцияның жеделдеуі секілді факторлар дамушы елдердің де, сол сияқты дамыған елдердің де валюталарына ықпал етіп отыр. Бұл ретте, Ұлттық банк айырбас бағамының икемді режимін немесе еркін құбылмалы айырбас бағамын ұстанып келеді. Ал АҚШ долларының теңгеге қатысты айырбас бағамы нарықтық жағдайларда, валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады.
«Соңғы уақытта теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі байқалды, бұл ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікке байланысты орын алды. Теңгенің нарықтық бағамы валюта нарығы қатысушыларының сол уақыттағы күтулерін көрсетеді. Яғни, нарықтық бағам теңгенің «нақты» бағамы болып табылады»,- дейді Ұлттық банк мамандары.
Сондай-ақ, Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, теңгенің айырбас бағамы ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығымен айқындалады. Теңге бағамына әсер ететін сыртқы факторларға сауда-әріптес елдердің валюта бағамдары, әлемдік пайыздық мөлшерлемелер, әлемдегі геосаяси жағдай жатады. Ел экономикасының құрылымында энергетикалық сектордың жоғары үлесі барын ескерсек, мұнай бағасы да нарық қатысушыларының күтулерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ал ішкі факторларға төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, ҚР Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, экспорттаушы компаниялардың салық төлемдерінің кезеңдері, бюджет қаражатын игеру қарқынын жатқызуға болады.
Әдетте, халық тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы да ұлттық валютаның динамикасына теріс әсер ететіні белгілі.
Сондықтан, Ұлттық банк теңге құбылмалылығының болуы қалыпты, нарықтық жағдай деп есептейді. Осы ретте, ол валюта саясатында айырбас бағамының еркін жүзу қағидаттарын ұстанады және тек кейбір айрықша жағдайларда ғана бағамдық күрт ауытқуларды бәсеңдету, нарыққа және бағаны айқындау тетіктеріне деген сенімді қалпына келтіру үшін ішкі валюта нарығында бір жолғы интервенция жүргізуге құқылы. Бұл жағдайда, ішкі валюта нарығындағы операциялардың ауқымы оларды жүргізу себептері түсіндіріле отырып жарияланады.
Жалпы, сарапшылар дәл қазір доллар, яғни шетелдік валюта аламын деп даурығудың қажеті жоқ деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл ішкі нарықта негізсіз сұранысты арттырып, ұлттық валюта бағамын шынайы құнынан көтеріп жібереді. Демек, мұндай жағдайда, барынша салқынқанды болған абзал.
Мамандар не дейді?
Қазақстан Ұлттық Банкі монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов дамыған және дамушы елдердің валюталары инфляция мен геосаяси тұрақсыздыққа қарсы күрес аясында қысымға ұшырап отыр деп есептейді. Оның пікірінше, ұлттық валюта да орнығып қалған ішкі факторларға байланысты және сыртқы өзгерістердің әсерінен құбылмалы күй кешуде. «АҚШ долларының жаһандық нығаюымен, энергия тасымалдаушылар бағасының төмендеуімен, сондай-ақ Қазақстандағы Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалының қызметін тоқтата тұру тәуекелдеріне байланысты нарыққа қатысушылар сентиментінің нашарлауымен қатар қазақстандық компаниялардың импорттық операциялары теңге динамикасында әсер еткен негізгі факторлар болды. Ал ішкі факторлар арасында импорттық операцияларды жүзеге асыру үшін валютаға сақталып отырған сұраныс, сыртқы борыштарды өтеу, сондай-ақ жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына тұрақты сұраныс теңге динамикасының негізін қалады. Жалпы алғанда, энергия тасымалдаушылар бағасының төмендеуіне байланысты нарыққа қатысушылар сентиментінің нашарлауы байқалады. Еркін өзгермелі бағам жағдайында теңге үшін құбылмалылықтың орын алуы – нарықтағы қалыпты жағдай», деді Нұржан Тұрсынханов.
Сондай-ақ, ол қаржылық тұрақтылыққа төнетін қауіпті болдырмау үшін Ұлттық Банк шамадан тыс бағам құбылмалығы кезінде валюта сауда-саттығына араласу құқығын өзіне қалдыратынын, қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы импорттық операциялар мен демалыс маусымы аясында қатысушылар тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуына байланысты болатынын, ал көршілес өңірлердегі геосаяси ахуал, сондай-ақ әлемдік нарықтардағы жағдайлар дамушы елдердің валюталарына қатысты инвесторлардың жалпы сентиментіне ықпалын сақтайтынын жеткізді.
ҚР ҰБ ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектордың мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтың айтуынша, 2022 жылдың маусым айында елдегі жылдық инфляция 14,5%-ға (мамырда – 14,0%) жеделдеген, ал аймақтар бойынша жылдық инфляция 16 өңірде жеделдеп, 1 облыста баяулаған. Жоғары инфляция Маңғыстау (мамырдағы 15,2%-дан маусымда 17,0%-ға дейін) және Ақмола облыстарында (13,9%-дан 15,3%-ға дейін) тіркелсе, маусымда азық-түлік тауарлар бағасының өсу қарқыны 19,2%-ға дейін (мамырда – 19,0%) ұлғайған. «Осы топтағы тауарлардың бағасының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында (23,6%) болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 13,2%-ға дейін (мамырда – 11,9%) артты. Ең жоғары мәні Нұр-Сұлтан қаласында (16,4%), ал төмен мән – Шымкент қаласында (10,8%) тіркелді. Ақылы қызметтердің бағасы маусымда 9,2%-ға өсті (мамырда – 9,1%), бұл ретте Түркістан облысында жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары (11,4%) болды, ал Атырау облысында айтарлықтай баяу (6,0%) өсті. 2022 жылдың маусым айында елдегі айлық инфляция 1,6% болды. Бұл соңғы 5 жыл ішінде маусымдағы инфляцияның орташа мәнінен айтарлықтай жоғары (2017-2021 жылдары: 0,5%) көрсеткіш. Барлық өңірде 2022 жылғы маусымда баға орташа тарихи нормасынан жоғары өсті. Айлық инфляцияның айтарлықтай қарқыны Маңғыстау облысында (2,6%) тіркелді», — деді бұл орайда Игорь Осипов.
Ал Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюктің пікірінше, валюта нарығындағы ахуалға, ондағы динамикалық құбылысқа себеп болған басты нәрсе – валютаға деген сұраныстың артуы және нарықтағы сатушылардың шектеулі болуы. Бұл ретте: «Акционерлік қоғамдарда акционерлердің жалпы жиналысы өтті, біз дивиденд төлеудің басталуына байланысты долларға деген сұранысты көріп отырмыз. Импорттық операцияларды жүзеге асыру үшін валюта сатып алуға сұраныс әдеттегідей сақталып отыр. Енді шетелдік валюта ұсынысының шектеулігіне келсек, мамыр айының соңында экспорттаушылар пайдалы қазбаларды өндіруге салық төлеу және «үлкен салық аптасы» аталатын мерзімде экспортқа рента салығын төлеу үшін валюталық түсімді сатты. Маусым айында біз сатудың мұнша көлемін байқамадық. Сондықтан, банктер барлық сатып алушы клиенттерді биржалық сауда-саттыққа жіберді, оның ішінде қарсы ағындар болмағандықтан, бұл валютаға қосымша сұраныс тудырады. Дегенмен, маусым айында орташа күндік сауда-саттық көлемі 95 млн АҚШ долларын құрады, бұл мамыр айымен салыстырғанда 18%-ға аз. Қазіргі уақытта сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,6 млрд АҚШ долларына тең. Яғни, валюта нарығы тұрғысынан экономикалық белсенділік айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр. Жалпы алғанда, теңге динамикасы жалпы әлемдік үрдіске сәйкес келеді. АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуі мен АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығаюы көптеген дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті», — деді Иван Сердюк.
Оның айтуынша, маусым айынан бастап дамушы нарықтардағы валюталардың динамикасы көбіне теріс болған. Мәселен, Бразилия реалы 10,7%-ға, түрік лирасы 5,8%-ға, Индонезия рупийі мен Мексика песосы және Оңтүстік Африка ранды шамамен 2%-ға әлсіреген. Ал, J.P. Morgan дамушы елдерінің валюта индексі 2,2%-ға төмендеген.
Сондай-ақ, ол наурыздан бастап теңге бағамының құбылмалылығы 1,2%-ға бағаланғанын, салыстырмалы түрде Бразилия реалының осы уақыт ішінде құбылмалылығы – 1,2%, Мексика песосы – 0,7%, дамыған нарықтардан фунттың құбылмалылығы – 0,7%-ға, еуро – 0,6%-ға бағаланып отырғанын жеткізді. «Валюталар бағамы сыртқы іргелі факторлардың өзгерістеріне тікелей сәйкес келмейді, соңғы күндері көріп отырғанымыздай, ішкі факторлар басымырақ ықпал етуде. Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады», — дейді Иван Сердюк.
«Валюта нарығының тұрақтылығы – геосаяси турбуленттілік жағдайында Қазақстан экономикасының тұрақтылығының негізі», — деп есептейді сарапшылар. Жалпы алғанда, қазіргі геосаяси жағдай 2022 жылы жаһандық өсімнің 2,9%-ға дейін төмендеуін жеделдетеді деген болжам бар. Нәтижесінде тауар бағасы көтеріліп, жеткізу тізбегіндегі кедергілер, азық-түлік тұрақсыздығы мен кедейлік, экономикалық саясаттың белгісіздігі артып, сондай-ақ несие тетігі күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайда экономикалық өсуді жеделдету, макроэкономикалық негіздерді нығайту, қаржы жүйесінің осал тұстарын азайту және халықтың әлсіз топтарын қолдау үшін кең ауқымды саяси шаралардың қажет екені анық.