24 тамыз — ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы
«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ!» Бақытжан БАЙАХМЕТОВ:
Өмірбаян 1970 жылы 29 тамыз күні Алматы қаласында дүниеге келдім. Қазақстан Республикасының азаматымын. 1992 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтын «Ауыл шаруашылығын электрлендіру» мамандығы бойынша, 2008 жылы Орталық Азия университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірдім. 1992 жылдан 2005 жылға дейін ШҚО энергетика саласында қызмет еттім. 2005 жылдан мемлекеттік қызметтемін. 2005 — 2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары; — 2009 жылы — Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті Мемлекеттік сатып алу және ұйымдастыру — құқықтық жұмысы басқармасының басшысы; — Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас сарапшысы; — 2009 — 2010 жылдары — Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің басшысы; — 2010 — 2014 жылдары Аягөз ауданы Аягөз қаласының әкімі; — 2014 жылы — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі; — 2014 — 2019 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының әкімі; — 2019 жылы — Шығыс Қазақстан облысы әкімнің орынбасары; — 2021 жылдың маусым айынан қазіргі уақытқа дейін Абай облысы Семей қаласының әкімі лауазымын атқарып келемін. Жалпы еңбек өтілім — 30 жыл, мемлекеттік қызметтегі өтілім — 17 жыл. ҚР Президентінің 2020 жылдың 3 желтоқсанындағы № 461 Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталдым. — 2019 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен; — ҚР Президентінің 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 20» жыл мерекелік медалімен; — ҚР Президентінің 2016 жылғы 29 қарашасындағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен; — ҚР Президентінің 2016 жылғы Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен; — ҚР Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен; — Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № 3 бұйрығымен «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталдым. — ҚЭЭҚ еңбек сіңірген энергетигі атандым. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының және Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының Құрметті азаматымын. Отбасымда 4 бала тәрбиелеп отырмын.
Абай облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Б. К. БАЙАХМЕТОВТІҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ!»
Құрметті сайлаушылар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталатын үш облысты құру жайлы ұсыныс айтып: «Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деп атап өткен болатын. Көп кешікпей Жолдау жолдары Жарлыққа ұласып, халықтың көптен күткен арманы да орындалды. Еліміздің әр азаматының көкейінде жүрген мәселені дөп басқан бұл Жолдау ел дамуы мен халқымыздың өміріндегі жаңашылдықтың бастамасы деп айтуға болады. Біздің Семей өңірі қазақтың дана ұлы Абай есімімен аталатын облыс болып құрылды. Жасыратыны жоқ, бұл Семей облысы ШҚО-на қосылған ширек ғасырдан бері жерлестеріміздің аңсаған арманы еді. Үстіміздегі жылдың 24 тамызында жаңадан құрылған үш облыста Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтпек. Ашығын айтсақ, бұл сайлаудың жөні бұрынғы сайлаулардан өзгеше. Уақыт та бөлек, талап та басқа. Үкімет пен Парламенттің алдына қойылып отырған жауапкершіліктің жүгі де ауыр. Мен бүгін өзімді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер ретінде таныстыра отырып, ширек ғасырдан кейін жаңадан құрылған Абай облысы халқының өмір сүру деңгейін жақсарту үшін не істей аламын деген сауалға жауап іздеп көрмекпін. ШҚО әкімінің орынбасары, соңғы бір жылдан артық уақыттан бері Семей қаласының әкімі қызметін атқарғандықтан, бұл аймақтың жағдайымен жақсы таныспын. Абай, Шәкәрім, Мұхтарды дүниеге әкелген киелі топырақтың қасиетін сезініп қана қоймай, маңызды мәселелерін де жақсы білемін. Жалпы, Абай облысы стратегиялық жағынан қолайлы. Темір жол, автокөлік, су және әуе жолдарының қиылысында орналасқан. Ежелден рухани және мәдени құндылықтарымен ерекшеленеді. Халықаралық деңгейдегі экономиканың сауда жолы болған. Мен өз қызметімде осы және басқа да маңызды мәселелерге әрдайым басымдық беремін. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты: Қазақстан халқына Жолдауы мен еліміздің Даму Стратегиясын негізге аламын. Бүгінгі таңда облысымызда жедел шешуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтсақ: — халықтың әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету; — халықты сапалы инженерлік инфрақұрылыммен, кәріз жүйесімен, жылумен және сумен қамту; — туризм саласын дамыту; — ауыл шаруашылығының өркендеуіне атсалысу; — Семей ядролық сынақ полигонының жерлерін одан әрі пайдалануды жүзеге асыру; — әлеуметтік мәдени нысандарды дамыту сынды түйткілді мәселелер бар. Сенат депутаттығына сайланған жағдайда, мен осының барлығын ерекше назарда ұстайтын боламын.
ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУ
Экономикамыздың құрылымындағы негізгі құрамдас сала — тау-кен өндірісі. Мұндағы өндіріс көлемінің үлесі — 59,4 %. Бұл ретте облыстың ресурстық әлеуеті әлі толық ашылмағанын ескеру қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында тиімді Ұлттық геологиялық қызметті құруды тапсырған болатын. Оның негізгі атқаратын рөлі инвесторларға кешенді және сервистік жан – жақты қолдау көрсету болуы керек деп атап көрсетті. Геологиялық ақпараттың ашық сандық дерекқоры оған инвесторлардың қолжетімділігін қамтамасыз еткен болар еді. Баршаға белгілі, облысымыз табиғи пайдалы қазбаларға (мыс, алтын, көмір, әктас және т.б.) бай. Сондықтан да өңірімізді дамыту және тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыру мақсатында, өнеркәсіп өндірісін дамыту ісіне инвесторлар тарту қажет деп есептеймін. Облысымыздың әлеуетін одан әрі дамыту үшін жүргізіліп жатқан реформалар шеңберінде, жер қойнауын геологиялық зерттеу жөнінде Үкіметке және тиісті министрліктерге ұсыныс енгізетін боламын. Нәтижесінде тау-кен өнеркәсібіне 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3000-ға дейін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік болар еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы әртараптандыруға, өндірілетін тауарлардың түр — түрімен экспорт географиясын кеңейтуге баса назар аударды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық өнеркәсіп құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 37,4%-ды құрады. Осылайша, алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін, жаңа өндірістерді ашуға және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуға қолайлы жағдай тудыру қажет. Өңіріміз ежелден жеңіл және тамақ өнеркәсібінің орталығы болып саналады. Алдағы уақытта облыста ет — консерві бұйымдарын өндіретін («Yqylas — Invest» ЖШС, «Eurasia Agro Holding»), тері және былғары бұйымдарын өңдіретін («Semey Tannery» ЖШС) кәсіпорындарды дамытуды, құс фабрикасын («SEMEIQUS» ЖШС) кеңейтуді жалғастыру қажет. Мен осы тұрғыда өз тарапымнан Үкіметке және тиісті министрліктерге кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, оларға ыңғайлы мерзімдер тағайындау және несие төлеуде демалыстар беру тетіктерін енгізу және оларға қолдау көрсетудің басқа да шараларын қарастыру жөнінде ұсыныстар жасайтын боламын. Бұл бізге облыстың өңдеуші өнеркәсібінің көлемін 2026 жылы 2021 жылдың деңгейімен салыстырғанда 56,7%-ға арттыруға мүмкіндік бермек. Шағын және орта бизнес экономиканың маңызды секторы әрі өңірдің әлеуметтік – экономикалық дамуында негізгі рөл атқарады. Кәсіпкерлік құрылымдарды дамыту — нарықтық экономика кезеңінде мемлекетіміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Өзіміз көріп отырғандай, жыл санап кәсіпкерлікті дамытуда оң серпін байқалады. Жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл жыл сайын 2000 — нан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Экономика құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі — 38,2%, олар төлейтін салықтардың үлесі 43,4%-ды құрайды. Өңірдегі кәсіпкерліктің орнықты да теңдестірілген өсімін қамтамасыз ету, сондай– ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 — 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар барлық деңгейлерде назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселелер баршылық. Екінші деңгейдегі банктер арқылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында, кәсіпкерлер несиелерді рәсімдеу кезінде бизнестің дамуына кедергі келтіретін жағдайларға жолығады. Мысалы, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті бағалаған кезде олардың құнының төмендетілуі, несие қаржыларын рәсімдеу кезінде талап етілетін құжаттардың үлкен тізімі, екінші деңгейдегі банктердің ауылдық жерлердің жобаларын қаржыландыруға құлықсыздығы т.б. Осы кедергілерді мемлекеттік деңгейде шешу қажет деп есептеймін және өз тарапымнан шешімін табуға атсалыссам деген жоспарым бар.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ
Аймағымыз аграрлық өңір болып саналады. Бізде өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, ұқсатудың барлық мүмкіндіктері бар. Өңір аумағында тұрақты және жайылма суаруға арналған, су шаруашылығы үшін маңызды ашық су көздері орналасқан. Суармалы жерлер 130,575 мың га алаңды алып жатыр. Бұл ретте өңірдің ауыл шарашылығы құрылымдарының егістеріне су жіберуді қамтамасыз ететін жалпы тұрақты алаңы 70,3 мың га болатын гидротехникалық нысандардың көпшілігі «Қазсушар» РМК ШҚФ теңгерімінде (Аягөз, Жарма, Көкпекті, Ақсуат және Үржар аудандары) тұрғандығын атап өту қажет. Аумақта 1 топтық су құбыры, 3 су қоймасы, 20 гидроторап, 41 магистральдық канал орналасқан. Абай облысының бірқатар аудандарында қайта жаңартуға жататын құрылысы аяқталмаған гидротехникалық құрылыс нысандарын аяқтау үшін, қосымша қаржы бөлу мәселесін шешу міндеті тұр. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу жөнінде салалық министрліктермен жұмыс жүргізетін боламын. Бұл қажетті жеміс — көкөніс өнімдерін өсіруге, сондай-ақ мал басын көбейту үшін жем-шөп базасын құруға мүмкіндік береді. Абыралы өңірінің тұрғындарынан ядролық полигон аумағындағы алаңы 978,9 мың гектарды құрайтын жайылымдық алқаптарды шаруашылыққа қайтару жөнінде ұсыныстар жиі түседі. Бұл бағытта СЯСП аумағына экологиялық тексеру жүргізу үшін, ҚР Экология және табиғатты пайдалану және ҚР Энергетика министрліктерімен жұмыс жүргізілетін болады. Агроөнеркәсіптік кешенде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникасының шамамен 80%-ы әбден ескірген және жаңартуды қажет етеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың 14 шілдесінде, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, ӨКМ Операторының қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жеңілдетілген несиелендіру тетігін енгізуді тапсырды. Осыған байланысты, қазіргі уақытта МТЗ тракторларын шығарумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы техникасы түрлерінің ауқымды спекторын (комбайндар мен аспалы техниканың басқа да түрлері) шығаруды жолға қоюға мүмкіндігі бар деп есептеймін. Мал өсімі жергілікті жерлердегі мал дәрігерлерінің (ветеринарлардың) тиімді жұмысына тікелей байланысты деп санаймын. Ал бұл болса өз кезегінде халықтың әл — ауқатына оң әсерін тигізері сөзсіз. Заманауи ветеринарлық қызмет болмайынша, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын кеңейту мүмкін емес. Сондықтан да бұл салада дәйекті жұмыс жүргізу, яғни үрдістерді цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрлар даярлау және еңбекақыны көтеру қажет.
ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ
Абай облысы мәдени тарихи мұра нысандарына бай. Осы саладағы іске асырылуы тиіс міндеттердің бірі — туристік бағыттарды әзірлеу және туристік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларды қабылдау. Облысымыздағы Қазақстандағы ең ірі музейлерінің бірі – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музейіне «Ұлттық музей» мәртебесін беру мәселесін шешуге күш саламын. Мемлекет басшысы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде: «… Абайдың туған өлкесі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынды еске алуға келген жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау керек. Сонымен қатар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихимәдени және әдеби-мемориалдық музейіне ерекше назар аударып, оны толыққанды ғылымизерттеу орталығы етіп қайта құру қажет» — деп айтқан еді. Қазіргі уақытта бұл орталық қазақ халқының атақты тұлғаларына арналған Семей қаласындағы, Абай және Үржар аудандарындағы 8 музейді біріктіреді. Музей — шын мәнінде халқымыздың рухани орталығы және мақтанышы. Туристер санының артуына байланысты, осы кешенде тәулік бойына жұмыс істейтін «Келушілер» орталығын салу қажет. Жергілікті атқарушы органдармен және тиісті министрліктермен бірлесіп, алгоритмді әзірлеп, түпкілікті нәтижені іске асыра отырып, киелі жерлер мен туристік аймақтарға апаратын көлік инфрақұрылымын жақсарту мәселесін пысықтау керек.
КӨЛІК — ЛОГИСТИКА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ
Облысымыз сауда – көлік дәліздерін жетілдіруге және жаңаларын құруға қолайлы географиялық аумақта орналасқан. Абай облысының автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 6 697,1 шақырым (республикалық маңызы бар – 2 160, облыстық маңызы бар – 1 599, аудандық маңызы бар – 2 938,1 шақырым). Мен өңіріміздегі жолдардың сапасын, оларға ұзақ уақыттан бері тиісті күрделі жөндеудің жасалмағанын, сондықтан бұған баса назар аудару керектігін жақсы білемін. Облыс тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында, мен жергілікті атқарушы органдармен және салалық министрліктермен бірлесіп, республикалық маңызы бар жолдар бойынша іске асырылып жатқан жобаларды аяқтау үшін жұмыс жүргізетін боламын. Ал жергілікті маңызы бар жолдарды «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына және басқа да бағдарламаларға енгізіп, іске асыруға жәрдемдесемін. Келешекте «Семей қаласын айналып өтетін» автокөлік жолын салу жоспарланып отыр. Бұл біздің халықаралық және өңірлік транзиттік әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік береді. «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасы аясында келешекте «Бақты — Аягөз» темір жолы мен Семейде құрлық портын салу жоспарлануда. Бұл мультипликативтік әсер тудырып, жүк-жолаушылар тасымалын дамытуға жәрдемдесетін болады. Өңірді дамытуға қажетті шешуші факторлардың бірі — елдің негізгі ірі қалаларымен тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз ету. Нұр – Сұлтан – Семей және Алматы – Семей қалалары арасындағы әуе қатынасының үлкен сұранысқа ие екендігін ескере отырып, рейстерді ұлғайту мәселесін шешуге ықпал етемін. Туристердің жақын және алыс шет елдерге саяхатқа шығу қажеттілігін ескере отырып, халықаралық әуе қатынастарын қалпына келтіруге күш салатын боламын. Сонау 1964 жылы пайдалануға берілген Семейдегі екі жолақты автокөлік көпірін қайта жаңарту — қала мен облысымыз үшін маңызды жоба. Автокөліктер ағынымен қозғалыс қарқынының ұлғаюына байланысты, төрт жолақты қозғалысы бар жаңа көпір салу қажеттілігі әбден пісіп-жетілді. Бұл қаланың қажетті көлік логистикасын қамтамасыз ететін болады.
ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Облыстың инженерлік желілерінің жалпы ұзындығы 18 692,3 шақырымды құрайды (электр желілері – 14 360,5; су құбыры желілері – 3 319,5; кәріз желілері – 582,2; жылу желілері – 430,1 шақырым).
ЖЫЛУМЕН ҚАМТУ
Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында қайта құрылған Абай облысының инфрақұрылымының әбден тозғанына ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда 31 қазандық, 253 автономды жылыту жүйесі, 1 жылу электр орталығы (ЖЭО1) бар. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы — 430,1 шақырым. Облыс бойынша жылу желілерінің 60%-дан астамы тозған. Яғни, болашақта 258 шақырым жылу желілері қайта жаңартылуы керек. Семей қаласында қаланың оң жағалау бөлігінде 107 Гкал/сағ жылу қуатының тапшылығы бар. Облыстың тозығы жеткен жылу көздері мен жылу желілері күрделі жөндеуді және жаңартуды қажет ететіні баршаға мәлім. Мен өз тарапымнан Семей қаласында жаңа 3-ЖЭО салуға атсалысамын және өңірдегі жылу көздерін жөндеу жөніндегі комиссиямен осы тұрғыда бірлесіп жұмыс жүргізетін боламын. Сонымен қатар Аягөз, Курчатов қалаларын жылумен қамту мәселесін қарастыру керек.
СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Облыстағы 327 ауылдық елді мекеннің тек 290-ы ғана орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша көрсеткіштердің жоғарылығына қарамастан, су құбыры құрылыстары мен желілерінің басым бөлігі тозған. 2026 жылға қарай облыс бойынша 37,8 млрд теңгеге 56 сумен жабдықтау нысандарын салуды және қайта жаңартуды жүргізу қажет. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде 43 нысан, қалаларда 13 нысан (Семей қаласы – 11, Аягөз ауданы — 2). Халықты таза орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бейінді министрліктермен қайта жаңғырту жобаларын қосымша қаржыландыру арқылы, пысықтауды жоспарлап отырмын.
ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ
Облыста түрлі меншік нысанындағы электр жарығын өндіруші 2 кәсіпорын бар. Олардың құрамына 1 ЖЭО, 1 ГЭС кіреді. Бүгінде Абай облысында сағатына 9,3 млрд кВт электр энергиясы өндіріледі, бұлардың 65%-ы жаңартылатын энергия көздері есебінен жүргізіледі. Өңірдің әлеуетті су ресурстары сағатына 60 млн кВт-ты құрайды. Бұлақ немесе Семей ГЭС Шүлбі ГЭС контрреттегіші, Ертіс өзеніндегі бірқатар ГЭС-тің төртінші сатысы болып саналады. Тәуліктік реттелмелі су қоймасы бар ГЭС салу Шүлбі ГЭС-гі қазіргі шектеулерді алып тастауға және оның қуатын алдағы уақытта 500- ден 700 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, ГЭС жылына сағатына 300 млн кВт-қа жуық меншікті электр энергиясын өндіретін болады. Электр энергиясының қосымша көздерін ұлғайту және облыс халқын электрмен іркіліссіз қамтамасыз ету мақсатында, елдің электр жүйесіне қосымша қуат беретін салаға және өңірге инвестиция тарту қажет. Осыған байланысты жүргізілетін жұмыстарға атсалысамын.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ
Облыста 12 411 көп пәтерлі тұрғын үй бар. 2021 жылы Абай өңірінде 327,2 мың шаршы метр пайдалануға берілді. 2025 жылға дейін жалпы ауданы 910 мың шаршы метр 152 көп пәтерлі тұрғын үйді енгізу жоспарлануда. Тұрғын үймен 13,4 мың адам қамтамасыз етілетін болады. Құрылыс секторына инвестициялардың күтілетін көлемі – 282,1 млрд теңге. Қазіргі уақытта облысымызда тұрғын үй кезегінде 18 500-ге жуық адам тұр. Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында, Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, құрылысты ұлғайту және халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары мен жастар үшін жалгерлік тұрғын үй беру, сондай– ақ ипотекалық несиелендірудің жеңілдікті бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі мәселені бірлесіп шешуіміз қажет.
МӘДЕНИ-ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ
Білім беру саласында жалпы сомасы 25,6 млрд теңгені құрайтын 6850 орындық 25 мектеп салу қажеттілігі бар. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында, 11 млрд теңге сомасына 2520 орындық 11 балабақша салу керек. Денсаулық сақтау саласында 311 медициналық мекеме жұмыс істейді. 10 мың тұрғынға шаққанда төсек-орынмен қамтамасыз ету небәрі 65,1%-ды құрайды. 14,6 млрд теңгеге 13 денсаулық сақтау нысанын салу қажеттілігі орын алып отыр. Мәдениет мекемелері бойынша сомасы 2,5 млрд теңгеге 7 ауылдық клуб салу қажет. Спорт нысандары бойынша ауылдық елді мекендер мен қалаларда шағын дене шынықтыру – сауықтыру кешендерін салу қажеттілігі бар. Жергілікті атқарушы органдардың әзірлеп жатқан жобалары бойынша салалық министрліктермен бірлесіп осы жобаларды республикалық бюджеттің мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылатын жобалар тізбесіне енгізу мәселесін пысықтайтын боламын.
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!
Сөзімнің басында айтып кеткенімдей, бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше. Ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен ұлтымыздың асыл мұраттарын бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру арқылы оларды жаңа қоғамға лайықты азамат етіп тәрбиелеу біздердің еншімізге қалып отыр. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН деген сөзден ерекше астар іздеудің қажеті жоқ. Ол жаңаға ұмтылу, ілім-білімді меңгеруге талпыну, баға жетпес байлығымыз — тәуелсіздіктің тұғырының берік болуы жолында еңбек ету. Ортақ Отанымыз Қазақстанды бәсекеге қабілетті ең қуатты мемлекет деңгейіне көтеру жолында сын сағатта жұдырықтай жұмыла білу аса маңызды. Егер Сіздер маған сенім артып, көтерген бастамаларыма қолдау көрсететін болсаңыздар, өңір тұрғындарының мүдделерін ҚР Парламентінің Жоғарғы Палатасының деңгейінде көтеріп, нәтиже шығару үшін аянбай еңбек етіп, халық пен билік арасында өзара тиімді диалог құруға ықпал ететін боламын. Біз өз күш-жігерімізді біріктірген жағдайда ғана, алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін, менің кандидатурамды қолдап дауыс беруге шақырамын!