Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында: «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз.
Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деп атап көрсеткен болатын. Осы жоба аясында Абай облысында 11 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның ішінде бес білім ошағы Семей қаласында бой көтермек. Жалпы, қалада «Білімді ұлт» сапалы білім беру жобасында да көтерілген білім беру сапасын жақсарту, орын жетіспеушілін жою, қауіпсіз, жайлы білім беру мәселесін шешу бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда.
Әлеуметтік қолдау басты назарда
Семей қаласы білім бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде қалада 138 мектепке дейінгі, мектеп және мектептен тыс білім беру ұйымдары жұмыс істейді, оның 90-ы — мемлекеттік мекеме, 48-і — жеке меншік. Қалада 63 орта, 4 негізгі, 1 бастауыш – барлығы 68 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 53-ші қалада, 15-і ауылдарда орналасқан.
Жалпы орта білім беретін алпыс үш мектепте 45 631 оқушы, бір лицейде 927 оқушы, екі гимназияда 2875 оқушы, екі мектеп-лицейде 2168 оқушы білім алуда. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін 68 мектепте барлығы 52 857 оқушы бар.
Мектептерде 4420 мұғалім жұмыс істейді, олардың ішінде 1124-і — жоғары және бірінші санатты, 37-сі — педагог-шебер, 767-сі — педагог-зерттеуші, 521-сі — педагог-сарапшы, 539-ы — педагог-модератор санатындағы ұстаздар. (Биылғы оқу жылында педагог-зерттеуші санатындағы мұғалімдер 8,8 пайызға, сарапшылар 2,4 пайызға, модераторлар 5 пайызға артқан).
Білім бөлімі мамандарының айтуынша, соңғы алты жыл бойы көп балалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде қала мектептерінде 7137 оқушы білім алуда.
Қаланың 68 мектебінде 66 мектеп асханасы жұмыс істейді. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың барлық балалары тегін тамақпен қамтылған.
Екі жыл ішінде аз қамтылған отбасылардағы балаларға жалпыға бірдей білім беру қорынан мектеп формасымен тегін қамтамасыз етілсе, биыл бір балаға 38 000 теңгеден ақшалай өтемақы берілген. 2020 жылдың наурыз айынан бастап қалада әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүреді, яғни 7137 оқушы наурыз айынан бастап қоғамдық көлікте тегін жүруге әлеуметтік көлік картасын алған. Оқушылардың көлік карталары қоғамдық көлікте ғана емес, мектеп асханаларында да тамақ ақысын қолма-қол ақшасыз төлеуге мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған жаңашылдық түскі асты төлеуге кететін уақытты қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар ата-аналарға баласының шығынын, мектеп асханасында қалай тамақтанатынын қадағалап отыруларына мүмкіндік береді.
Қалада жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарындағы оқушыларға арналып «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке» акциялары өтеді. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында 1 289 балаға 56 млн 335 мың теңгеге көмек көрсетілген.
Жайлы мектеп – сапалы білім кепілі
Соңғы жылдары ел Үкіметі білім саласына ерекше көңіл бөле бастады. Елімізде әлі күнге үш ауысымды мектептердің саны азаймай тұр. Бұл тұрғыда Президенттің арнайы тапсырмасымен оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленді.
Семей қалалық білім бөлімінің мәліметінше, қалада үш ауысымдағы және апатты мектептер жоқ. Қаладағы 23 мектепте 5 956 оқушыға орын жетіспейді. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен 1500 орындық — Степной ауылында 300 және Шығыс кентінде 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл мектептердің салынуы 2022-2023 оқу жылында Семей қаласының бес білім ошағында 976 (№12 мектеп 272 орынға, №26 мектеп 7 орынға, №34 мектеп 339 орынға, №39 мектеп 39 орынға, №47 мектеп 296 орынға) оқушы орнының тапшылығын ішінара шешті.
Екі мектепте де оқу процесі биылғы қараша айынан басталды. Білім бөлімі басшысы Біржан Булабаевтың айтуынша, Мұхит, Жаңа құрылыс және орталық шағын аудандарында мектеп жүктемесін азайту мәселесі жер тапшылығына байланысты шешілмей отыр.
Алдағы жылдары облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 5 700 орынға арналған 11 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Оның ішінде Семей қаласында 3 900 орындық 5 мектеп, атап айтқанда Водный кентінде (600 орын), Шығыс кентінде (300 орын), Ақсай кентінде (600 орын) және Қарағайлы шағын ауданында екі мектеп (1200 орын және 900 орын (интернатпен)) салынады.
Степной халқы 30 жыл күткен білім ордасы
Қазан айының соңғы жексенбісі Республика күні қарсаңында Степной кентінде есігін айқара ашқан №46 жалпы орта білім беретін мектепте сабақ екінші тоқсаннан басталды. Степной кентінің тұрғындары аталған білім ордасының ашылуын отыз жылға жуық уақыт күткен еді. Бұған дейін кенттегі оқушылар қаламыздағы №№10, 11, 22, 39 және орталықтағы басқа да мектептерге қатынап оқып жүрді.
Білім ордасы 300 орынға арналған. Қазіргі таңда мектептегі 235 оқушыға 32 мұғалім білім мен тәрбие беруде. Оның ішінде 1 педагог-зерттеуші, 4 педагог-сарапшы, 1 жоғары санатты, 3 бірінші санатты, 6 педагог-модератор қызмет етуде. Мектепте төрт жас маман жұмыс істейді, оларға әкімшілік және тәлімгерлер тарапынан әдістемелік көмек көрсетілуде. Сонымен қатар әлеуметтік педагог, педагог–психолог, педагог–кәсіби бағдарлаушы мамандары да бар.
Оқу кабинеттері заманауи талапқа сай. Оқу ордасындағы барлық 19 кабинетте интерактивті және маркерлі тақта, теледидар орнатылған. Физика, химия кабинеттері арнайы су құбыры және кәріз жүйесі тартылған парталармен жабдықталған, кабинеттердің жанында зертханалары да бар. Қыздар еңбегі, ағаш өңдеу, металл өңдеу шеберханалары да қажетті жабдықтармен қамтылған. Мектепте сондай-ақ 108 орынға арналған асхана жұмыс істеп тұр, жуынатын және киім сақтайтын бөлмелері бар кең спорт зал, 100 орынға арналған акт залы бар. Мектеп ауласындағы баскетбол, волейбол, футбол алаңдарында оқушылар емін-еркін доп ойнап, спортпен шұғылдана алады.
— Оқушыларға арналған футбол, баскетбол, теннис, футбол секциялары жұмысын бастап кетті. Сағат 15.30-18.00 аралығында балалар осы секцияларға қатысып, салауатты өмір салтына дағдыланып, бос уақыттарын тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар мектеп оқушылары үшін сабақтан тыс уақытта тегін пән үйірмелері жұмыс істейді. Мектепте әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 42 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Мектебімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жұмыстар қолға алынды, оқу бұрыштары ұйымдастырылуда. «Кітап сыйлайық» акциясы аясында мұғалімдер мен оқушылар мектеп кітапханасына кітап сыйға тартуда.
Инклюзивті білім беруге келетін болсақ, бір сыныпта ғана ерекше білім беруді қажет ететін оқушы анықталып отыр. Ол баланың білім алуына барлық жағдай жасалған. Және бір оқушы үйден білім алады, пән мұғалімдері кесте бойынша сабақтарын жүргізуде,- дейді мектеп директоры Құралай Тайбурова.
Оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда. Бұл орайда мектепте 24 ішкі және 15 сыртқы бейнекамера орнатылған.
Жалпы, Абай облысы бойынша білім басқармасы басшысы Нұржан Ахметқалиевтың айтуынша, аймақтағы 301 жалпы орта білім беру мекемесінде 7 280 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, оның ішінде 300-ден астам оқушы контингенті бар 198 мектеп (65%) полиция басқармаларының жедел орталығына қосылған. Облыстағы 157 мектепке дейінгі білім беру мекемесіне 1 259 камера орнатылған, оның 813-і (76%-ы) ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар 24 қосымша білім беру ұйымында 223, жетім балаларға арналған 8 арнайы мектеп-интернатта 346, сондай-ақ 37 колледжде 960 бейнебақылау камерасы, барлық қосымша білім беру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында дабыл жүйесі орнатылған. Оларды қауіпсіздік нормаларына сәйкестендіру бойынша жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, 700-ден астам оқушысы бар білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыс орталығында орналасқан мектептерде турникеттер орнатылуы тиіс. Абай ауданында бұл санатқа білім беру ұйымының 61 нысаны кіреді. Облыстың білім беру мекемелерінің турникетпен қамтамасыз етілуі 93,4 пайызды құрайды. 101 мектеп мамандандырылған күзет органдарымен келісімшартқа отырса, 203 мектепте қауіпсіздік күзетшілер мен вахталар есебінен қамтамасыз етілуде.
Шығыс кентіндегі жаңа мектепте 1545 бала білім алуда
Шығыс кентіндегі көптен күткен мектеп құрылысы 2020 жылы басталып, биыл пайдалануға берілді. Қазір бұл білім ошағы «№45 жалпы орта білім беретін орта мектебі» КММ деп аталады. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Үш қабатты мектепте 1 545 бала, оның ішінде даярлық тобында 172 тәрбиеленуші, 1-9-сыныптарда 1 373 оқушы екі ауысымда білім алуда. Мектепте 116 мұғалім жұмыс істесе, оның 41-нің жоғары біліктілік санаты бар. Мектептегі 14 жас маманға жоғары санатты білікті ұстаздардан тәлімгерлер бекітіліп, жұмыс жоспарына сай әдістемелік көмектер берілуде. Сонымен қатар 53 кіші қызметкер жұмыс істейді.
— Мен №45 жалпы білім беретін орта мектебінде кәсіби бағдар беруші педагог ретінде қызмет етіп жүргенімді мақтан етемін. Жаңа мектепте жаңа ұжыммен бірлесіп білім сапасын көтеретініме сенімдімін. Ұстаз – ұрпақ тәрбиесіндегі басты тұлға. Жақсы мұғалімге тән қасиеттердің негізгісі — балаларға деген сүйіспеншілік. Оқушыларға бойындағы қарым-қабілеттеріне қарай мамандықты дұрыс таңдауларына көмектесіп, өмірден өз орындарын табуларына септігімді тигізуге тырысамын,- дейді кәсіби бағдар беруші педагог Аяулым Амангелді.
Мектепте спорт залы, жаттығу залы, 396 орындық асхана, 460 орындық акт залы, 10 мультимедиялық, 4 лингофонды және жабдықталған физика, биология, химия кабинеттері бар. Балаларға арналып баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, қазақ күресі, қол күресі және ұлттық ойындар секциялары ашылған. «Тарих өнерпаздары» дебат клубы, «Домбыра», «Ән», «Өнер» үйірмелері балалардың шығармашылық қабілеттерін ашып, дамытуға бағытталған.
— Біз бұл мектептің ашылуын көп күттік. Жаңа мектепте балаларға барлық жағдай жасалған. Мектептің іші кең, жарық, бәрі жаңа. Әсіресе спорт залы үлкен. Қыздарға арналған гимнастика залы да бар. Тоғызқұмалақ, бестас, шахмат, волейбол, баскетбол, футбол секциялары жұмыс істейді. Домбыра, ән, би үйірмелері де бар. Мектептің жабдықталуы және педагогикалық ұжым ата-аналардың көңілінен шығып отыр. Балаларымыздың осындай білім ұясында оқып, тәрбие алып жатқандарына өте қуаныштымыз, — дейді ата-аналардың бірі Әсел Бабажанова..
Мектепте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 380 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қаланың шеткі аймақтарында тұратын 286 оқушы тегін тасымалданып оқиды. 11 балаға инклюзивті білім берілуде.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Менің Отаным – Қазақстан!» инсталляция көрмесі, М.Әуезовтің шығармашылығына арналған 30-дан астам кітапқа QR код қойылған. Мектеп кітапхана қорын әдеби кітаптармен толықтыру мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы ұйымдастырылуда.
Инклюзивті білім беру – қоғам қажеттілігі
Инклюзивті білім беру — мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық бейімдеуге бағытталған мемлекеттік саясат. Семей қаласындағы 62 жалпы білім беретін мектептегі инклюзивті сыныптарда 609 бала, №№ 4, 20, 42 орта мектептерде 93 оқушы түзету-дамыта оқыту сыныптарында білім алуда.
Үйде оқитын 156 мүгедек бала арнайы құрал-жабдықтармен, интернет желісімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қаладағы 6 балабақшада: №4 «Балдәурен» бөбекжай-бақшасы (12 баланың сөйлеу қабілеті бұзылған); №5 «Бала-әлемі» бөбекжай-бақшасы (12 баланың тірек-қимыл аппараты бұзылған); №9 «Айгөлек» балабақша-бөбекжайы (7 баланың есту қабілеті нашар, 46 баланың сөйлеу қабілеті бұзылған, 39 бала нашар көреді, 16 баланың психикалық дамуы тежелген), «Алтынбесік» бөбекжайы» ЖШС (15 баланың ақыл-ой кемістігі бар), «Асылым» балабақшасы (12 баланың ақыл-ой кемістігі бар ), «Балғын» балабақшасы (36 баланың ақыл-ой кемістігі бар) — 195 баланы қамтитын 13 түзету тобы жұмыс істейді. Оларда инклюзивті білім алуға жағдай жасалған. Сонымен қатар 19 мектепке дейінгі ұйымда 34 бала инклюзивті білім мен тәрбие алуда.
Жалпы білім беретін мектептерде барлығы 29 арнайы педагог — 21 логопед, 8 дефектолог, мектепке дейінгі ұйымдарда 12 арнайы педагог – 9 логопед, дефектолог, сурдопедагог-тифлопед жұмыс істейді. Ал №20 Дамушы білім беру орта мектебі жанынан инклюзивті білім беруді дамытудың ресурстық орталығы ашылып, «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен 1 млн теңгенің құрал-жабдықтары алынған.
«Болашақ» қайырымдылық корпоративтік қорының қолдауымен 2019 жылдан бастап №17 орта мектепте Инклюзивті қолдау кеңсесі өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының «Қамқорлық» бастамасын жүзеге асыру аясында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен №36 орта мектепте Инклюзивті қолдау кеңсесі жұмыс істей бастаған. Бүгінгі күні аталған кеңседе 10 бала білім алса, бір балада оң көрсеткіштер байқалып, жалпы білім беретін сыныпқа ауыстырылды.
Қалада аутизм спектрі бұзылған 10 бала репетитордың қолдауымен коррекциялық көмек алып, жалпы білім беретін сыныптарда оқиды. 2020-2022 жылдар аралығында 9 бала тәрбиешінің көмегінсіз оқу жағдайына қол жеткізді.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап №49 орта мектеп ғимаратында да психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Қазір мұнда 56 балаға бір уақытта психологиялық-педагогикалық түзету жұмыстары жүргізіледі. 3 айдан 6 айға дейінгі мерзімде 150 балаға психологиялық-педагогикалық түзету жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ 2019 жылы «2018-2020 жылдарға арналған инклюзивті білім беруді дамыту» жобасы бойынша облыстық бюджеттен 63,0 млн теңге бөлініп, қаланың 10 мектебінде (№№ 2, 4, 11, 17, 23, 31, 35, 38, 49, Экономикалық лицей) нысанның аумағы, кіреберіс аймағы, нысанның айналасындағы жүру жолдары, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер инклюзивті білім беруге бейімделсе, 2020 жылы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу мақсатында төрт білім беру ұйымына (№3, №21, балалар музыкалық мектебі, балалар өнер мектебі) облыстық бюджеттен 38,2 млн теңге бөлініп, стандартқа сай пандустар орнатылып, дәретханалар жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі оқушыларға лайықталып, Брайль жазулары орнатылып, көтергіштер сатылып алынған.
Өткен жылы жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен 4,5 млн теңгеге 4 мектепте (№№8, 28, 40, 41) пандустар мен белгілер орнатылса, 2022-2023 жылдары №№7, 47 орта мектептерді бейімдеу жоспарланып отыр.
Сөйлеу қабілеті бұзылған балалар шығармашылыққа бейімделу арқылы шешендік қабілеттерін дамытуда. Бұл орайда Семейдегі Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық сарайында «4-қабырға» театры өз жұмысын жалғастыруда. Дистанциялық форматта сөйлеу қабілеті бұзылған әрбір баламен рөлдік ойындар арқылы шешендік өнер сабақтары өткізіледі. Балаларға арналған түзету-дамытудың қосымша спорттық секциялары ашылып, оған 80 бала қамтылған. Биологиялық орталықта 45 бала «Жас зерттеуші», «Аранжировка және флористика», «Дәрілік өсімдіктер әлемі», «Гүл өсіру және фитодизайн» үйірмелерінде арнайы әзірленген бағдарламалармен айналысады. Жалпы, қаладағы 36 мектепте санитарлық-техникалық нормаларға сай пандустар бар, 12 мектепте арнайы құрылғылармен жабдықталған санитарлық тораптар орнатылған.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында
Абай облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кітап оқудың рөлін арттыру мәселелері бойынша берген тапсырмаларын орындау, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асырудың кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітапханаларға көркем әдебиеттер тiзiмi төрт бағыт бойынша жеткізілуде. Олардың қатарына еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары еніп отыр. Жуырда Семей қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осы жобаны Абай облысында іске асыру бәсең жүріп жатқанын, бұған себеп қаржының жеткіліксіздігі екенін айтқан болатын.
Бүгінде Семей қаласының білім беру мекемесінде 65 мектеп кітапханасы, 46 оқу залы бар. Жалпы көркем әдебиет қоры 382 524 дананы құрайды. Соңғы 2 жылда көркем әдебиет қорындағы кітаптар саны 7447 данаға өскен. Елу бір мектеп кітапханасы жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде жабдықталған. Облыстың барлық мектептерінде оқушылар арасында кітап алмасуды жүзеге асыратын 72 буккроссинг желісі, коворкинг орталығы қызмет көрсетуде.
Мектеп кітапханаларында 2021-2022 оқу жылында облыстық жоспар аясында көптеген іс-шаралар өткізіліпті. Оның ішінде «Мектепке кітап сыйла», «Балалар кітабы апталығы» акциялары, «Мектеп кітапханасының үздік жобасы», «Ең көп кітап оқитын отбасы» облыстық байқауларын атап өтуге болады. Халықаралық кітап сыйлау күніне арналған іс-шаралар аясында «Мектеп кітапханасына кітап сыйла» акциясы және «Кітапты сүйіспеншілікпен сыйла» марафоны ұйымдастырылып тұрады.
2022 жылғы жазғы демалыс кезінде қалада «Жазғы мектеп» бағыты бойынша қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде, мектеп кітапханаларында балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, шығармашлықтарын дамыту мақсатында түрлі шаралар легі қолға алынған. Балалар жаз уақытында «Ойна, сана, тап», «Суретшілер қаласы», «Кітап та өмір сүреді», «Мен жазда кітаппен доспын», «Достар мерейтойға шақырады» атты акциялар мен сайыстарға белсене қатысқан. «Жазғы мектеп» бағыты бойынша 83 баланы қамтыған 180 іс-шара өткізіліп, 25 кітапхана қызметкерлері біліктіліктерін арттырған.
25 қазан — Республика күніне арналып «Менің Отаным — Қазақстан» атты челлендж ұйымдастырылып, оқушылар ақындардың өлең-жырларын мәнерлеп оқыды. «Қазақстан – қара шаңырағым», «Туған елім — Қазақстан», «Менің Отаным — Қазақстан» атты кітап көрмелері, викторина сағаты, шолулар, сұрақ-жауап, әдеби кештер өтіп, олар туралы ақпарат мектептерде #Менің Отаным Қазақстан хэштегімен әлеуметтік желілерде жарияланды. «Оқу құштар мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды Семей қаласының білім беру мекемелері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялап отырады.
Балабақшамен қамту – өзекті мәселе
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында балаларды балабақшамен, мектепке дейінгі тәрбиемен толықтай қамтуды тапсырған болатын. Бүгінде Семей қаласында 60 балабақша (оның ішінде 45 жекеменшік), мектептерде 21 шағын орталық жұмыс істеп тұр. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 11 588 бала қамтылған. Бұл 81 пайызды, оның ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі қамту 100 пайызды құрап отыр. Абай облысы, білім басқармасының бізге берген ақпараттарына сүйенсек, 2026 жылға дейін Абай облысында мемлекеттік — жеке меншік әріптестік аясында 2100 орынға арналған 9 балабақша ашылмақ.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, indigo24.kz автоматтандырылған деректер базасында 4665 бала балабақша кезегінде тұр. Оның ішінде 2-3 жас аралығындағы балалар саны 2316. Аудандар бойынша айтсақ, Жаңақұрылыс ауданында 577 орынға, Цементшілер кентінде 671, Затон және Мирный кенттерінде 213, Орталықта 629, Қарағайлыда 640, Бобровкада 436, 342, 343 квартал аудандарында 294, Теміржол вокзалы ауданында 396, Дальняя ауданында 346 орынға сұраныс бар. Қазіргі күні жекеменшік балабақшалар ашу үшін инвесторлар іздестірілуде.
Семей қаласында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы және «Жайлы мектеп» жобасындағы міндеттерді іске асыру мақсатында оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғаса бермек.
Бетті әзірлеген Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Семей таңы»