Қазақ халқының дін туралы танымы, сенімі ерекше. Дінге ойсыз бас қойып, көзсіз құлдай жығылып, табынған да емес. Діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға өнеге, тәлім берер, пейілге мейірім ұялатар рухани күшке бағалаған. Өкінішке қарай, кейінгі кезде діннің атын жамылып, өзге мақсаттарды көздеген жат ағымдар пайда болды. Олардың түпкі мақсаты не? Жат ағымдарға қарсы күрес қалай жүруде? Алдын алу шаралары қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында Абай облысы Дін мәселелерін зерттеру орталығының директоры Мақсат Өмірхановпен сұхбат құрған едік.
— Мақсат Ерланұлы, көбінесе қандай адамдар жат ағымдардың жетегінде кетеді? Жалпы, жат ағымдарға қарсы жұмыс қалай жүруде?
— Жат ағымдармен күрес үш бағытта жүруде: алдын алу, оңалту шаралары және интернет алаяқтарымен күрес. Өмірде қиын жағдайларға тап болып, күйзелісте жүрген жандар және жалғыз басты адамдар жат ағымдардың жетегіне көп ілеседі. Теріс ағымдағылар ондай адамдарды әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына жазған постары мен пікірлеріне қарап таниды да, олармен виртуалды сөйлесу арқылы сенімдеріне ие болады. Күйзелісте жүрген адамның жан сырын біреуге ақтарғысы келетіні анық. Олар өзгелердің өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Сөйлесетін жан таппаған соң, интернетке жүгініп, жат пиғылдағы топтарға тап болады. Бұл орайда психологиялық фактор да маңызды рөл ойнайды. Көп адам ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын жасыру үшін күліп жүруге тырысады ғой. Ал ғаламтордағы бейтаныс достарға ақтарылу әлдеқайда оңай. Оның үстіне екеуара әңгімені ешкімге жарияламайтынын біледі. Ондайлар адамның іш бауырына кіріп, өзіне жақын тартады, сөйлеседі, тыңдайды. Ақырындап тұлғалық даму немесе желілік бизнес туралы тренингтерге апаруы мүмкін. Бірақ олардың түп мақсаты басқа.
Көпшілігі әлеуметтік желілердегі айлакерлердің құрығына ілініп жатады. Біз әлеуметтік желілердегі топтарға мониторинг жүргізіп отырамыз, егер күдік тудыратын жағдайлар байқалса, оларды бұғаттаймыз. Интернетте, жат ағымдармен қоса, әр түрлі арам пиғылдағы адамдар да болады. Алаяқтар — адамдарды еңбек және сексуалды құлдыққа сатушылар, адам ағзасын саудалайтындар және басқа да түрлі топтар — осындай әлжуаз адамдарды іздеп отыратынын да ұмытпаған жөн. Түрлі жағдайдар орын алуы мүмкін. Уағыздарды тыңдап, Сириядағы соғысқа кетіп қалған азаматтар мен азаматшалар бар.
Дінге қызығушылығы пайда болған адам, алдымен, ақпаратты интернеттен іздейді. Ал интернетте ақпарат өте көп, сауаты жоқ адам дұрыс-бұрысын ажырата алмай, адасқан топтарға еріп кетеді. Сондықтан, алдымен, мешіттердегі имамдармен, шіркеу қызметкерлерімен сөйлесу керек. Біздің орталықтағы теолог мамандардан да кеңес алуға болады.
Егер бұрын ашық-жарқын жүретін адам кенеттен өзгелерден оқшауланып, туыс-туғандармен араласпай тұйық болып кетсе немесе керісінше жағдайлар болса, күдік туғызады.
— Оңалтудан осы уақытқа дейін қанша адам өтті?
— Күнделікті өмірде, түзету мекемелерінде жат ағымдардың жетегінде кеткен адамдармен психологиялық жұмыстар жүргіземіз. Бұл өте ұзақ және күрделі үрдіс екенін айта кеткен жөн. Бұрындары адамның осындай ағымдардың арбауына түсуі үшін алты айдай уақыт кетсе, қазір бір-екі ай мерзім жеткілікті. Ал оларды толық оңалту үшін кем дегенде 3-5 жыл уақыт қажет.
Ең алдымен, адамның нақты қай бағытқа кеткенін, қай кезеңде екенін анықтаймыз. Егер күдік туса, ол азаматпен алдымен психологтер, сосын теологтер әңгімелесіп, жағдайын анықтайды, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ең маңыздысы – алдын алу шаралары. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына баса мән берген дұрыс. Көп нәрсе ата-аналарға байланысты. Баласымен әңгімелесіп, күні қалай өткенін сұрап, көңіл бөлуі керек. Егер көңіл бөлінбесе, бала оны интернеттен іздейді. Кез келген адам қарым-қатынасты қажет етеді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, күйзелісте жүрген, жақындарынан айырылған адамдардың түрлі ағымдардың жетегінде кету қаупі жоғары. Сондықтан ондай адамдармен көбірек сөйлесіп, жалғыз қалдырмау керек.
— Жат ағымдардың негізгі ұстанымдары қандай?
— Жат ағымдар, ең алдымен, халықтың салт-дәстүрлеріне қарсы. Мәселен, жеті шелпек пісіру, қайтыс болған адамның жетісін, қырқын, жылдығын өткізу, той тойлау, келіннің сәлем салуы және т.б. Олардың пайымдауынша, дін бізге тоқсаныншы жылдардан кейін ғана түскен. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ даласында ислам діні қараханид заманынан бастап тарай бастаған. Сонымен қатар олар намаз оқымаған адамды, оқыса да дәл олар секілді орындамағандарды мұсылман деп есептемейді. Ал ханафи мазһабы бойынша, адамның мұсылман болуы үшін кәлиманы айтып, шын ниетпен иман келтіруі жеткілікті. Және олар көбінесе орыс тілінде сөйлеп, араб сөздерін жиі пайдаланады. Тағы бір айта кетерлігі, жат ағымдар тек ислам дінінде ғана емес, христиан, будда діндерінде де бар. Олар да салт-дәстүрлерге, теледидар көру секілді қарапайым нәрселерге қарсы. Христиан бағытындағы жат ағымдарға кіріп кететін де көбінесе біздің қара домалақтар.
— Елімізде оқушылар мен студент қыздардың оранып жүруіне қалай қарайсыз?
— Мектепте оқушылар жалпыға ортақ форманы сақтауы керек. Тиісті салаға жауап беретін министрліктің 2016 жылғы бұйрығына сәйкес, оранып жүруге тыйым салынған.
Қазақстан діни емес, зайырлы мемлекет болғандықтан, мемлекеттік мекемелерде діни атрибутикаға тыйым салынған. Сондықтан киім үлгісі де зайырлы болуы керек. Діни тұрғыдан алсақ да, хиджаб киюге үлкен дайындықпен келу керек. Оқушыларға бұл жүкті алып жүру оңайға соқпайды деп ойлаймын.
Ал арнаулы орта және жоғары оқу орындарында бұл мәселе өзгеше. Студенттер мекеменің ішкі тәртібіне бағынады. Біз алдымен студенттермен әңгімелесіп,олардың бағытын анықтаймыз. Екінші жағынан алғанда, зайырлылық ұғымының өзі діни еркіндікті білдіреді. Сондықтан ересек адамдарға ешкім де тыйым сала алмайды.
Халқымыздың дәстүрінде хиджаб деген киім жоқ. Әжелеріміз кимешек, аналарымыз басына орамал тартқан. Ұлттық ерекшелікті сақтауымыз керек. Меніңше, бастысы — адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы, адамгершілігі, өзгелерге деген таза ниеті. Оранып жүрмеген адамдардың барлығын тура жолдан адасқан деп айта алмаймыз ғой. Кейде біз дінге көп көңіл бөлеміз де, адамгершілік, сыйластық секілді қарапайым нәрселерді ескерусіз қалдырамыз. Адам нағыз дін жолында жүрген болса, сөзі мен ісі өзгелерге үлгі болуы керек деп ойлаймын.
— Мақсат Ерланұлы, деструктивті ағымдағы адамдардың негізгі мақсаты не?
— Кез келген деструктивті ағымдардың мақсаты – билік пен ақша және мемлекеттің ішкі құрылысын бұзу. Мемлекеттің ішкі құрылысын бұзу арқылы топты басқарушылар билікке келуді көздейді. Сириядағы, Ауғанстандағы соғысты алып қарасақ, осы жағдайды көреміз. Мәселен, Ауғанстанда билікке талибандар келді. Олар бір мемлекетті жаулап алғаннан кейін, тоқтап қалмайды. Әрі қарай шабуылдауды жалғастыра береді. Қазір мұнай ресурстары таусылып келеді. Сондықтан қара алтынды иеленгендер үлкен күш пен ақшаға ие болады. Бұл жерде дін мақсатқа жетудің бір құралы ғана болып тұр. Жалпы, кез келген діннің миссиясы – мейірімділікті, ізгілікті насихаттау. Ешқандай дін адамдардың жазықсыз қанын төгуді құп көрмейді. Террористік ұйымдар діннің атын жамылып қара ниеттерін жүзеге асыруда. Ал христиан дініндегі жат ағымдардың негізгі көздейтіндері — ақша. Олар билікке қызықпайды. Былайша айтқанда, «күнәһарлардан» садақа алу арқылы алаяқтықпен ақша табады.
— Мақсат Ерланұлы, бүгінгі күні Абай облысындағы діни ахуалға қысқаша тоқталып өтсеңіз…
— Бүгінгі күні Абай облысы бойынша 168 діни бірлестік — 134 мұсылман, 12 православие, 5 католик, 17 протестанттық бірлестік тіркелген. Сонымен қатар 19 намазхана, 20 діни атрибутика және әдебиеттер сататын орын бар. ҚР Әкімшілік кодексінің 490-бабы бойынша, олар тіркеуден өтіп, рұқсат қағазды алғаннан кейін ғана жұмыс істей алады. Мәселен, діни белгілері бар әшекей бұйымдар сату үшін де арнайы рұқсат алу керек.
Абай облысы бойынша қазіргі күні 11 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істеуде. Оның ішінде біреуі облыстық, екеуі қалалық, сегізі аудандық деңгейде. Түсіндіру тобы, негізінен, жастарға, студенттерге, оқушыларға теріс пиғылдағы жат ағымдар туралы түсініктерін кеңейтіп, заңдық, діни тұрғыда кеңестер береді.
— Мақсат Ерланұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқа Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Семей таңы»