Спорттың ұлттық түрі-қазақ күресінен Семейде Х Азия чемпионаты бастау алды. Айтулы шара аясында шаһарымызға еліміздің және шетелдің үздік спортшылары мен өзге мемлекеттердегі Қазақ күресі федерациясының өкілдері келді. Байрақты бәсеке екі күнге созылып, қазақ күресінің кіл мықтылары анықталды.
Қазақ күресі бойынша Х Азия чемпионаты еліміздің Қазақ күресі федерациясы,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және Семей қаласының әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Палуандар боз кілемнің төріне шықпас бұрын, ұйымдастырушылар тарапынан баспасөз жиыны өткізіліп, тілшілер қауымына Азия чемпионаты жайлы мәліметтер берілді. Жиында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Марат Шамшінұров төл күресіміздің болашағы, жарыстардың маңызы және биылғы чемпионаттың ерекшеліктері туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы мерейтойлық чемпионаттың өзгешелігі — оған әлемнің 17 елінен, ерлермен қатар, тұңғыш рет қыздар да қатысуда. Әйелдер төрт салмақ бойынша сынға түссе, ерлер жеті салмақ және абсолютті салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Аталмыш сайыстың Семей жерінде өткізілуінің де өзіндік себебі бар екен. Өйткені өңірімізден осы күнге дейін талай дарынды спортшылар шығып, ел мерейін асқақтатып, ұлттық спорт түрінен мықты екендіктерін көрсетіп келеді.
— Осы жолғы жарыстың тең жартысы Шығыс өңірінің палуандарынан құралған. Атап айтқанда, өңірлеріңізден абсолютті салмақ санатында «Қазақстан барысы-2013» Айбек Нұғымаров, 55 келіге дейін Қуат Бекбаев, 90 келіден жоғары Мереке Тұрашев қатысады. Өзге спортшылар Алматы қаласы, Алматы, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарының палуандары. Чемпионатқа әлемнің 17 мемлекетінен 100-ден астам палуандар қатысып, күш сынасады, — деді Марат Оразбайұлы.
Төл күресіміздің ел тәуелсіздігін алған тұстан бастап қана дамып келе жатқаны жасырын емес. Сол сәттен бастап белгілі бір қағидасы белгіленіп, түрлі жарыстар ұйымдастырыла бастады. Ал қазір әлемге танылып келе жатқан спорт түрі — қазақ күресіне өзге елдер де қызығушылық танытып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Қазір шетелдерде қазақ күресі федера- циялары ашылып, ұлттық күрес түрінің дамуына мүмкіндік беріп отыр. Басқосуда сөз алған Қытай Халық Республикасындағы қазақ күресі федерациясының президенті, аталмыш жарыстың бас төрешісі Айдархан Қабдоллаұлы:
{jcomments on}- Қазақстандағы алғашқы Азия чемпионатынан бастап бүгінге дейін Қытай спортшылары команда бойынша қатысып келе жатыр. Қытайда тоғызыншы Азия жарысы да өткізілді. Өзім жиырма жылдан астам уақыт ішінде қазақ күресін зерттеп, Қытайдағы 1 миллион 600 мың қазақтармен бірге өзге ұлттарға да осы ұлттық спорт түрін дәріптеп келемін. Қазір әртүрлі дәрежеде көптеген жарыстар өткізіліп келеді. Бүгінгі күні қазақ күресі Шыңжаң — Ұйғыр автономиялық ауданының спартакиадасына кірді, — деген Айдархан Қабдоллаұлы.
Бұған қоса, Қытай елінің өкілі қазақ күресін басқа ұлттар да мойындап, ұлттық күресімізге қызығушылықтары артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан қандастарымыз ағымдағы жылдың желтоқсан айында Шаңхайда жастар арасында дүниежүзілік жарыс өткізбек ниетте екен.
— Қазір Қазақстандағы Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясымен меморандумға қол қойып отырмыз. Міне, қазақ күресінің Қытайдағы даму деңгейі осыншама жоғары дәрежеге жетті. Қытай басшылары, спорт комитеті — барлығы қазақ күресін мойындады, қазақ күресін таныды, қазақ күресіне осындай үлкен жолдар ашылып жатыр, — дейді Айдархан Қабдоллаұлы.
Қазақ күресінің даму қарқыны ерекше екенін осы жайттардан-ақ аңғару қиын емес. Дегенмен қазақ күресін дәріптеу мақсатында алдағы уақытта да түрлі жарыстар қолға алынбақ. Мәселен, осы мақсатта өткен жылы Тараз қаласында тұңғыш рет «Еуразия барысы» халықаралық турнирі өткізілген. Баспасөз жиынында сөз алған қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Сәрсен Абайұлы аталмыш турнирлерге қызығушылық жоғары болғандықтан, ұлттық арналардан өзге шетелдік арналарда әлемнің жүздеген елдеріне тікелей эфир арқылы көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
— Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылы тұңғыш рет қазақ күресінен әлемдік деңгейдегі, жер шарының бес құрылығының 32 мемлекеті қатысатын «Әлем барысы» деген атаумен халықаралық турнир ұйымдастырғалы отырмыз. Бұған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан, әр елдің чемпионы болып танылатын спортшылар қатыспақшы. Аталған турнир ауыр салмақ дәрежесінде өтеді. Бүгінгі таңда әлемнің 24 елі осы жарысқа қатысатындығы туралы ұсыныстарын жіберіп үлгерді. Біраз уақыт ішінде толықтай қатысатындардың тізімін алып үлгереміз. Қазақстаннан әр жылдарда өткізілген «Қазақстан барысы» жеңімпаздары мен биылғы жылғы күміс және қола жүлдегерлері осы жарысқа дайындық жүргізіп жатыр. Олардың ішінен ең үздік төртеуін таңдап алып, жарысқа қатыстыратын боламыз. Жарыстың жүлде қоры — 150 мың АҚШ доллары. Бірінші орыннан бастап оныншы орынға дейін жүлде қоры бекітілген, — деген Сәрсен Абайұлы алдағы қараша айында ІІ «Еуразия барысы» халықаралық турнирі өткізілетінін және екі сайыстың ерекшеліктерін атап өтті.
— Екі жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. «Әлем барысы» жарысында ауыр салмақтағы түйе палуандары күресетін болса, «Еуразия барысы» командалық сипатқа ие. Аталған турнирлердің барлығы тікелей эфирден көрсетілетін болады. Бүгінгі таңда «Қазақстан» және «Қазспорт» арналарымен келісімшарт жасастық. Сонымен қатар, шетелден халықаралық ТРТ АВАЗ және «Боец» халықаралық арналары жарыстарымызды көрсетуге ниет білдірді. Бүгінгі күні келісімшартқа отырдық, — дейді бас хатшы.
Сайыс алдындағы жиындарда қазақ күресіне қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қазақ күресінің тарихы, ұлтымыздың төл өнерінің дамуы мен қазақ күресін халықаралық Олимпиада ойындарына енгізу мәселелері сөз болды. Ұлттық күресіміздің Олимпиада ойындарына енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Сәрсен Абайұлы сөз етіп, үлкен арман мен биік шыңның өту жолы ешқашан оңай болмағанын, осы жолда аянбай еңбек ету керектігін атап көрсетті.
— Бұл бір ғана қазақ күресі федерациясының еншісіндегі дүние емес. Барша қазақ халқына түсіп отырған салмақ. Ал жол жүрсе бітеді, шыңды еңбектенген бағындырады. Арманға жұмыс істеген адам ғана жетеді деп ойлаймын. Бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстың барлығы — осы бағытқа жасалынып жатқан қадам. Неге біз тікелей эфирден көрсетіп жатырмыз? Осының барлығы, шындап келгенде, қазақ күресінің насихатын арттыру, көкжиегін кеңейтіп, шығатын биігін асқақтата беру. Әрине, Олимпиада бағдарламасына кіру оңай болмайды. Ол үшін біз алдымен Азия Олимпиадалық кеңесі арқылы, жабық Азия ойындарының бағдарламасына қосылуымыз керек. Содан кейін өздеріңіз білесіздер, «Спорт Аккорд» халықаралық спорт ұйымы бар. Бұл спорт ұйымы жекпе — жек түрлері бойынша төрт жылда бір рет ойындар өткізеді. Оның да бағдарламасына міндетті түрде кіруіміз керек. 2015 жылы Баку қаласында Еуропа олимпиадалық ойындары өткізілгелі жатыр. Оның да құрамына қосылуымыз керек. Сол сияқты Пан-Америка ойындары бар. Осылардан кейін барып Олимпиада ойындарына кезек келеді, — деді С.Абайұлы.
Расымен, осы бағыттағы атқарылып жатқан шаруалар шаш етектен. Ұлттық спорт жанашырларының айтуынша, ертеңгі күні әр мемлекеттің спартакиадасы мен ойындарына қазақ күресі кіретін болса, төл өнеріміз Олимпиада бағдарламасына міндетті түрде қосылатын болады. Дегенмен, бұл тұста ойланатын дүниелер де бар көрінеді. Ол қазақ күресінің атауына қатысты болып отыр.
— Өздеріңіз білесіздер, жапон халқының дзюдо күресі бар. Оны еш жерде жапон күресі деп атамайды. Атауы басқа болғанымен, заты жапон күресі екенін екінің бірі біліп тұрады. Алысқа бармай-ақ қоялық. Қытайда өздерінің ұлттық күресі бар. Ол қытай күресі деп аталынбайды. Сол сияқты Моңғолдың күресі де моңғол күресі деп аталынбайды. Қазақ күресінің тарихын бұрыннан зерттеп келе жатқан Елемес Әлімханов есімді ғалым бар. Оның зерттеуі бойынша 1928 жылға дейін «қазақ күресі» деген атау жоқ болған. Біз осы атау жағынан келуіміз керек. Болашақта дамимыз, осының барлығын басқа халықтың жүрегіне жеткіземіз, көкейіне құямыз десек, осы атауынан бастап қарауымыз керек сияқты. Бұл бағыт — болашақта атқарылатын шаруа. Жалпы жұрт болып талқылайтын дүние, — дейді Сәрсен Абайұлы.
Жарысқа келген шетелдік қонақтар мен еліміздің қазақ күресі жанашырлары қаламыздағы Семей мемлекеттік медицина университетінің базасында өткен «қазақ күресінің шығу тарихы мен дамуы, қазақ халқы арасындағы маңызы» атты дөңгелек үстелге қатысты. Айтулы жиынға Дүние-жүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Марат Шамшінұров, қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Сәрсен Құранбек, ҚР қазақ күресінен мемлекеттік бапкері Жақып Нұрмұхаметұлы, Моңғолия елінің өкілі Бақыт Одынай, ҚХР өкілі, жа-рыстың бас төрешісі Айдархан Қабдолла-ұлы және Өзбекстан, Иордания, Сирия, Шри-Ланка сынды елдерден қонақтар қатысты. Алдымен Семей мемлекеттік медицина университетінің дене шынықтыру кафедрасының магистрі Дамир Бекбосынов «Қазақ күресінің тарихы, бүгіні және келешегі» атты баяндамасын оқып, ұлттық спорт түрлері ішіндегі қазақ күресінің орны ерекше екенін, өйткені ол ұлттық спорт түрі ғана емес, ел іргесін қорғайтын сарбаздық тәлім-тәрбие саналғанын атап өтіп, қазақ күресінің даму тарихына қысқаша тоқталып өтті. Ал Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Марат Шамшінұров ұлттық спорт түрінің қарыштап дамып келе жатқанына тоқталып, қысқаша мәліметтер келтірді.
— Айта кетуіміз керек, қазақ күресі Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде жақсы қарқынмен дамып келеді. Аталмыш елдерде Олимпиада комитетімен мойындалған ұлттық федерациялар құрылған. Осыған дейін өткізілген тоғыз Азия чемпионаты мен төрт Әлем чемпионатында осы елдердің өкілдері айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, Моңғолия елінен төрт Әлем чемпионы және бес палуан Азия чемпионы атанды. Азия чемпиондары қатарында Иран, Қытай елдерінің өкілдері де бар. Сондай-ақ, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің палуандары көптеп саналады. Яғни аталған елдерде қазақ күресі айтарлықтай дамып келеді. Біздің мақсатымыз Азия чемпионатына көптеген елдердің қызығушылығын ояту. Олар тек қатысып қана қоймай, ұлттық федерациялар құрып, палуандар нақтылы жаттығу үшін бапкерлер тағайындағанын қалаймыз, — деді Марат Оразбайұлы.
Келесі кезекте сөз алып, осындай игі шаралардың Семей жерінде ұйымдастырылғанына алғысын білдірген Сәрсен Абайұлы елімізде қазақ күресін дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алып шыққалы бері, елімізде қазақ күресі федерациясы құрылып, осы уақытта бірнеше Әлем чемпионаты, екі дүркін Әлем Кубогы, осымен 10-шы рет Азия чемпионаты ұйымдастырылып отыр екен. Бұл жерде Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы мен шетелдердегі ұлттық қазақ күресі федерацияларының айрықша рөлін атап өтуіміз керек. Сонымен қатар, биылғы жылы осымен төртінші рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өткізіліп келеді.
— Шетелдерден қызығушылық түскен себепті біз былтырдан бері «Еуразия барысы» халықаралық турнирін өткізіп келеміз. Бұл турнирге Еуропа мен Азия құрлығында тұрған мемлекеттер қатыса алады. Жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, биылдан бастап әлемдік деңгейдегі қазақ күресінен «Әлем барысы» халықаралық турнирін ұйымдастыруды қолға алып отырмыз, — деді бас хатшы.
Білекті ұлдарымен танылған қарт Семей жерінде келесі күні әлемдік маңызы бар айтулы оқиға қазақ күресінен Х Азия чемпионаты басталды. Әлемнің 17 елінен жиналған кіл мықтылардың қатысуымен өткен ұлттық жарысқа қатысушыларды алдымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады:
— Спорт – денсаулық, бедел, абырой. Спорттың арқасында басқа ұлттар, мемлекеттер, қазақ деген ұлттың, Қазақстан деген мемлекеттің атын таниды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, егемендік алғалы бері Қазақстан спортшылары талай мәрте еліміздің Әнұраны мен Көк байрағын желбіретті. Егемендік алғаннан кейін, қазақ күресі қайтадан жаңғырып, тек қана республикалық қана емес, халықаралық жарыстар өтуде. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Арман Шораевтың іскерлігімен Қазақстанда соңғы жылдары дәстүрлі түрде «Қазақстан барысы» өткізіліп келеді. Қазақ күресі қазір әлемдік деңгейге жетті. Біздің азаматтарымыз сол әлемдік деңгейдегі федерацияны басқарады. Семей қаласында Азия чемпионаты өтіп, бізге 17 мемлекеттен спортшылар келіп жатқаны қуантарлық жағдай. Бұл, ең бірінші, Семей үшін, Шығыс Қазақстан мен Қазақстан үшін үлкен абырой. Осы өтіп жатқан жарыстың арқасында спортшылар үлкен спортқа өздерінің жолын ашады. Елімізде осындай жарыстар көп болсын, — деді құттықтау сөзінде Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін Әлем Кубогының екі мәрте жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Олимпиада жүлдегері, 12-ші Азия ойындарының жеңімпазы, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов сөз алып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ел ағасы, сондай-ақ, қазақ күресін дамытып жатқан азаматтарға шын жүректен алғысын білдірді. Балуандарға жеңіс тіледі. Салтанатты шара барысында еліміздің Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев сөз алып, айтулы шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Семей қаласы басшылығына ризашылығын білдіре келе, өңір басшысы Б.Сапарбаев пен Семей қаласының әкімі А.Кәрімовті «қазақ күресінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» төс белгісімен марапаттады.
— Бүгін қасиетті Семей жерінде Азия чемпионаты өзінің туын желбіретіп отыр. Семей жері — біздің күрес үшін ерекше жер. Семей — Дәулет Тұрлыханов сияқты батыр ағаларымыз шыққан жер. Оның ізін қуып келе жатқан Шалқар, Айбек, Мұхит бауырларымыз бар. Семей жері алдағы уақытта да жасай берсін, батырлар шыға берсін деп тілеймін. Қазақ күресі — ата-бабамыздан келе жатқан үлкен мұра, ұлттық намыстың қайрағы. «Қазақстан барысы» атағына ие болып жүрген біздің батырларымыз — жаңа өсіп келе жатқан бүлдіршіндер үшін үлкен тұлға. Осындай батырларымыздың арқасында еліміздің болашағы зор болады, — деді А.Шораев.
Қазақ даласы құрыш білекті балуандарға кенде емес. Кезіндегі Балуан Шолақ, Қажымұқандарды, берісі Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыхановтардың есімі күрес әлемінде ерекше құрметке ие. Қазір даңқты спортшыларымыздың ізін тәуелсіз елдің ұландары жалғау үстінде. Осыған орай ортаға тәуелсіз елдің батырлары, еліміздің мақтаныштары, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов ортаға шығып, сайысқа қатысушыларға тілектерін жеткізді.
Азия чемпионаты екі күнге созылып, Қазақстан құрамасы толықтай жеңіске жетті. Республика палуандары барлық салмақ санаттарында алтын медальдарға ие болды. Ал чемпионаттан кейін өткен Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, атақты спортшы Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін халықаралық турнирде 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров жеңімпаз атанды.
Тартысты өткен айқаста Азия чемпионы атақтарына Қуат Бектаев (55 кг), Абзал Арыстанбеков (60 кг), Нұржан Жұмажан (70 кг), Бегімхан Әділбеков (80 кг), Тоқтар Жиентаев (90 кг), Айбат Сейтен (+90) иеленді. Ал әйелдер арасында алғашқы Азия чемпионы атағына Зарина Байбатина (+75) ие болды. Бұдан кейін Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде абсолютті салмақ санатында «Қазақстан барысы-2013» Айбек Нұғымаров жеңіске жетіп, бас жүлде – автокөлікке ие болды.
— Соңғы жылдары біздің ұлттық спорт ойындарымыз мықты дамып келеді, оған Семей қаласында қазақша күрестен Х Азия чемпионаты өтуі дәлел. Оған 17 елден өкілдер қатысты. Шығыс Қазақстан облысының тумасы ретінде мені інілерім — палуандар «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың табыстары қуантады. Жыл өткен сайын республикада спорттың осы түрімен айналысатын палуандар қатары өсіп келе жатқанын атап өткім келеді, — деп пікірімен бөлісті Дәулет Тұрлыханов.
Қазақша күрестен Х Азия чемпионатына 17 елден: Ауғанстан, Бангладеш, Ливан, Моңғолия, Иордания, Иран, Ирак, Үндістан, Қырғызстан, Қытай, Йемен, Пәкістан, Қазақстан, Сирия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Шри-Ланка және Ресей елдерінен, жүзден астам спортшы қатысты.
Асан МЫРЗАХАНОВ, «Семей таңы»