Биыл еліміздегі ең байырғы оқу орындарының бірі, арғы замандағы қазпедтехникумның заңды мұрагері М.О.Әуезов атындағы педагогика колледжінің құрылғанына 120 жыл толып отыр. Ал сол оқу орнының айтулы түлектерінің бірі, ұлттық кадрлардың ішінен алғашқы болып республика Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалған, бірақ, өкінішке қарай, Теміртау оқиғасына байланысты жазықсыз жазаланған, абырой болғанда, сабырлығы мен төзімділігі, ең бастысы, біліктілігінің арқасында ақталып, екінші қайыра министр болып оралған және мұның сыртында милициясы, әскері, басқасы бар, қазақ азаматтарының арасынан генерал-лейтенант шеніне бірінші болып қол жеткізген Шырақбек Қабылбаевтың туғанына 115 жыл толды.
Міне, осы қарсаңда Ішкі істер министрлігінің Қостанайдағы полиция академиясының экс-бастығы Мирлан Қызылов пен жерлес қаламгер Дәулет Сейсенұлының «Министр Қабылбаев» деп аталатын көлемді деректі кітабы «Алматы» баспасынан жарыққа шығып жатыр. Онда айбынды генерал, реформатор министрдің қиын да қызықты өмір жолы нақтылы дерек, құжаттармен, замандастарының естеліктерімен баяндалып, фотодеректерге де молынан орын берілген. Кітаптің алғы сөзін жазған қазіргі Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов мырза айтқандай, бұл кітап ішкі істер органдарының түрлі оқу орындарында оқып жатқан курсанттар мен барлық офицерлер құрамына министр Қабылбаевтың өнегелі өмір жолы арқылы жол көрсететін тартымды оқу құралы десе де болады. Ол сонымен бірге қалың оқырманға да арналған.
Төменде аталмыш кітаптің бір тарауын министр-генералдың жерлестерінің назарына ұсынып отырмыз.
Шырақбек Қабылбаев 1908 жылдың көктемінде, нақтылап айтсақ 9 наурызда Абыралы тауларының бір сілемі болып табылатын Қарашоқыда туған болатын. Қарашоқы — кезіндегі Абыралы ауданының орталығы Қайнар ауылынан сонша қашық емес жердегі атына сай қоладан қолдан жасағандай биік шоқы. Әлемдік деңгейдегі классик ақын Байрон: «Өз елін сүйе алмаған адам ештеңені де сүйе алмайды»,- деген екен. Өзінің ұлтын, оның салты мен дәстүрін, қазақ әдебиеті мен мәдениетін, жалпы қазақ сахарасын бір кісідей сүйе білген Шырақбек кіші отанын да ешқашан ұмытпаған. Абыралы таулары, соның ішінде етегінде өзі өмірге келген Қарашоқы күндіз ойынан, түнде түсінен кетпеген десек, мұны әсіре қызыл сөз үшін айтып отырған жоқпыз. Соның бір айғағындай, ол 1973 жылы елге келген сапарында Қарашоқының етегінде ескерткіш ретінде суретке түскен екен. Бұл атақты генералдың елге келіп қайтқан соңғы сапары болатын. Арада үш жылдан соң ол келместің кемесіне мініп, өмірден өтіп кете барған. Сол шақта оның жасы алпыс сегізде еді. Ал мұны аз демесек те, соншалықты көп дей алмаймыз. Қалай болғанда да, оның өмірбаяны бай да мағыналы, сонымен бірге заман қыспағымен қайшылыққа толы болғандығы шындық.
Тағы бір классик ақын Гетенің «Ұлы адамның туған, тұрған, еңбек еткен жерлері ардақты да қадірлі. Ғасырлар өтсе де ұрпақтарға оның сөзінен де, ісінен де үні естіліп тұрады деген мағынада артында қалған сөзі бар. Ал екі классиктің бұл сөздерін «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген хакім ақын Абайдың өлең жолдарымен түйіндесек, жарасып тұр емес пе! Ұлы қаламгерлер сияқты Шырақбектің артында сөзі қалмаса да, ісі, ардақты адами аты қалған адам.
Министр-генерал туралы деректі кітабымыздың алғашқы тарауында оның туған жері, өскен елі туралы сөз қозғаған едік. Ал екінші тарауда кейіпкеріміздің ата-анасы, ата-бабасы туралы кеңейтіңкіреп айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Кейіпкеріміз өзінің әр жылдарда жазған өмірбаяндарында әкесінің кедей шаруа болғандығын айтады. Кеңес өкіметі енді орнығып келе жатқан жиырмасыншы, отызыншы жылдары қазақ даласында шындығында бай-бағландар қалмаған. Ал ондайлар болса да өткенін жасырып баққан. Заман ыңғайына орай сол шақта оқыған, тоқығандар кедейден шыққанын мақтан тұтқан. Бұлай дегенде одан Шырақбек те сол ыңғаймен кеткен екен ұғым тумаса керек.
Рас, жиырмасыншы жылдары оның әкесі Қабылбайдың басында анау айтқандай керемет болмаса да, ауылға келген сыйлы қонақты ұялмай қабылдайтын боз киіз үйі, мыңғырған малы болмаса да сол сыйлы қонаққа ұсақ жандықты союға шамасы келген. Тегінде, Шырақбектің ата-анасы, ата-бабасы туралы тым көп болмаса да біраз деректер бүгінгі күнге жеткен екен. Сондай деректің бірі мұның әкесі Қабылбайдың ана ғасырдың 1860 жылы өмірге келгенін айғақтайды. Ал анасы Масура әкесінен бір мүшел жас кіші екен. Байқап отырғандарыңыздай, сонда Шырақбек өмірге келгенде әкесі — ердің жасы елуге келіп қалған адам. Яғни, осы жасқа дейін нәрестелері тұрақтамай шетіней берген екі мұңлық бұған дейін өмірдің біраз тепірешін көп көрген жандар. Сол себептен де әкесі Қабылбай бұл өмірге келгенде нәрестенің атын шырағы сөнбесін деп ырымдап өзі қойған екен. Болмаса халқымызда Шырақбек есімді азаматтар көп дей алмасақ керек. Осындайда көңілінде қалаңы жоқ қазаққа қайтіп сүйсінбессің!
Ал Қабылбай ақсақал отызыншы жылы колхозға мүше болып кіргенде жасы жетпіске келген адам. Мұның өзі оның жаңа өкіметтің саясатын соншалықты мойындай қоймағанын аңғарта ма дейміз. Айтқандай-ақ, арада үш жылдан соң ол Семейдегі ұлының қолына көшіп кетеді. Демек, оқығаны аз болғанмен, өмірден тоқығаны мол ақсақал бір сойқанның жақындап келе жатқанын қапысыз ұғынып, білген секілді ғой. Бірақ, өкінішке қарай, сол шақта қаланың да шекесі майға шылқып тұрмаған еді. Үлкен кісі қалаға келіп орныға бастағанмен, арада үш жылдан соң өмірден озған. Бұл кезде Шырақбек қызметке енді іліге бастаған еді. Шырақбек немере сүйсем деген әкесінің тілегімен ерте үйленгенімен, алғашқы нәрестелері шетінеп кеткен. Сондықтан мұның бәрі ашаршылық салқыны емес деп кім айтады?
Енді әңгіме ауанын Шырақбектің ата-бабаларына қарай бұрғанымыз жөн болар. Сонда кімнің кім екендігі анықталып шыға келеді. Қазақтың алғашқы таныстықты жеті атадан бастап сұрайтыны сондықтан. Бұлар Орта жүз Арғынның Қаракесек тайпасынан. Ал Қаракесектің сол маңайдағы біраз өңірге ұрпақ жайып, өскен атаға айналғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі деп ойлаймыз. Бұлардың арғы аталарының жаз жайлауы Қарқаралы жағы болса, қыс қыстағы Абыралы өңірі болыпты. Ал Қаракесек Қаз дауысты Қазыбектің бір тайпа, болмаса іргелі бір рудың ғана емес, арғы замандағы Төле, Әйтеке сынды айтулы тұлғалар қатарындағы исі қазақтың ақылман биі болғандығын бәріміз білеміз.
Қазыбек баба қазақ елшілігінің құрамында қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданның алдына барғанда жасы небәрі он төртте ғана екен. Яғни соның алдындағы жылы ғана алғашқы мүшел жасынан аттап өткен ғой. Ал соған қарамастан ежелгі дұшпан билеушісінің алдында қасқайып тұрып азаматтың сөзін айта білген. «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз» дей келіп тұрысатын, болмаса ұрысатын жеріңді айт демеуші ме еді!
Сонда жеткіншектің бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де қапысыз аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігін бағалай отырып: «Даусың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», — деген екен. Сөйтіп, бала бидің арқасында елшілік жау қолындағы шабылған мал, тоналған мүлкін шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралыпты. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан көрінеді. Жасы жүзге жақындап дүниеден озған Қазыбек баба қашанда биліктің төрінен, өмірдің өрінен көріне білген. Біз кейде шешендік өнер туралы сөз қозғалғанда аузымыздан сілекейіміз ағып, таңданып та, табынып та ертедегі грек ділмарлары Демосфен, Цицерондарға бас ұратынымыз бар. Шындығында, солар есіп емес, кесіп, тасып емес, басып сөйлейтін қазақ билерінің шылбырын есуге жарай ма екен десеңізші! Ал Қаз дауысты Қазыбек би ұрпақтарының бұдан сәл кейініректе сөзбен де, жөнмен де хан Абылайдың өзін тәубесіне келтіретіні екінші кезектегі әңгіме. Осының бәрі қосыла келгенде ғасырлар бойы қалыптасқан дала демократиясының дамып, жетілген көрінісі екендігін айғақтаса керек.
Бірді айтып, бірге кетіп қалғандай болмайық. Десе де айтулы ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбеков ерекше дәріптеп кеткен «дат» ұғымы, былайша айтқанда даланың ауызша тарихы тағы бір ежелгі грек ойшыл-тарихшысының пайым-танымдарынан және кем түспейді дейміз. Ендігі кезекте сол даланың ауызша тарихынан түйін түюге ұмтылған кейінгі толқын өкіліне жүгінсек несі айып?! Яғни, Қабылбаевтардың арғы тарихын солардың пайымына сүйене отырып сөйлетсек дейміз. Бірақ алдымен бұлардың ата тегін рулас туыстары Ғабиден Мұсайновтың жазып бергені бойынша таратып айта кетейік деп отырмыз.
Ондағы Арғын атаның бұларға қатысты тармағы былайша тарқатылады: Арғын – Қаракесек – Ақша – Бошан – Байбөрі — Олжашы батыр (1625 жылдары Есім ханның әскери қолбасшыларының бірі болып Ташкенттің ханы Тұрсын ханмен текетіресте аты шыққан) – Үсен – Жылкелді – Бекбай – Шәкүлік — Артық. Ал Артықтан Бұхарбай, одан Қабылбай, одан Шырақбек – Марат — Арыстан.
Енді осы әңгімені ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқытушы-әдіскері, тарих магистрі, полиция капитаны Қуаныш Мырзахмет мырза төменде былайша кеңірек мазмұнда баяндапты. Бұл бауырымыз Шырақбек Қабылбаевтың туған жері, өскен ортасы туралы оқырманға мәлімет бере келе, тарих қатпарларына үңіле білген. Және сол білгендерін кейінгі ұрпаққа ұғынықты тілде жеткізе білген.
«Арғын руынан тараған ұрпақ басқа да қазақ тайпаларымен бірге тізе қоса отырып, қазақ сахарасын билеген хандармен ел қорғаған бабалары хақында мынадай дастандар бар. Солардың бірі «1550 жылы орыс патшасының Қазанды жаулап алғанын естіген Хақназар хан 100 мың әскермен Жайық, Елек өзені бойына аттанып, ноғайларды өз құрамына қаратады. Осы соғыста Арғынның Мейрам сопы тайпасынан тараған Болат батырлығымен Хақназар ханның көзіне түсіп, мыңбасы болып тағайындалып, беделі артып, жеңіс олжасын артынан ерген сарбаздарына бөліп береді. Батыстан Сібірге аттанған хан оның билеушісі Көшім ханды соғыссыз мәмілеге көндіріп, тату көрші, одақтасына айналдыра біледі. Солайша Хақназар ханның мемлекеті күшейіп, нығая түсуі үшін көрші елдерді өздерімен санасуға көндіріп, салық төлеуге міндеттейді. 1580 жылы қайтадан көтерілген Ташкент билігіндегі Баба сұлтаннан Сауран қаласын қайтарып алған соғыста Хақназар хан мерт болады.
Осы оқиғадан кейін Болат батыр сарбаздарымен Шаған өзенінің төменгі сағасындағы Тасқұдықтағы ауылына оралады. Ағайынды төртеуі – Шұбыртпалы, Қамбар, Жалықпас, Болат бірігіп, бір қауым ел болыпты. Кейін Болат батырдан Ақша, Түйте, Үкібай атты үш ұл өрбиді. «Ақшадан Бошан жалғыз туған, іш Бошаны елде қалып, сырт Бошаны жауды қуған» деген бір ауыз өлең тұмардай болып, аталардан сөз қалған. Бошаннан бес ұл – Жанту, Таз, Байбөрі, Машай, Манат, Қаракесек тайпасында бес ата. Немесе «Бес Бошан» деп те аталып кеткен.
Таздан атақты Қаз дауысты Қазыбек би, оның кіндігінен өрбіген билер Бекболат, Тіленші, Алшынбайлар заманында елді аузына қаратқан. Бошанның немересі Көкбөрі Керней Есім хан, Жәңгір хан тұсында қол бастаса, Кернейдің немересі батыр Балта «ақтабан шұбырынды заманынан Бөгенбай батырдың айнымас серігі, жаугершіліктегі батыры болып, Абылай ханның тұсында бес ата Қаракесек сарбаздарының мыңбасысы болған. Енді бірі «Еңсегей бойлы ер Есімнің заманында оның қол астында талай жорықтарға қатысқан, ерлігі мен батырлығы үшін ер Есімнен үлес алған Олжашы батыр Байбөріұлы да қазақтың мақтанышы болған.
Олжашы батыр — Орта жүз Арғын тайпасының ішінде Қаракесек руынан шыққан ер. Қаракесектің Ақша деген баласы болған. Оның баласы Бошан. Бошаннан Байбөрі, Байбөрінің екінші баласы Олжашы батыр еді. Есім ханның тұсында 1627 жылы «Хан Тұрсынды ант ұрсын деп Қатаған Тұрсын ханға қарсы жорыққа баруға қол жинаған. Сондағы қолбасшылардың бірі — Арғын Олжашы батыр. Тұрсын ханның әскері Сайрамның атырабында жеңілгені тарихтан бәрімізге аян.
Тұрсын ханның ордасы Ташкент қаласында еді. Тұрсын хан Аштарханид әмірлерімен одақ құрып, Есім ханмен бәсекелес болған. Ташкентті алғаннан кейін Тұрсын хан қаза табады. Тұрсын ханның артында бірнеше қызы қалады. Айбике, Нұрбике мен Қызданбике деген ғажайып періштедей сұлу қыздарын Шаншар деген қолбасшы олжа ретінде алады. Қоңырбике деген қызды хакім Абайдың бабасы Әли алады. Кенжесі Оразбике сұлу Олжашы батырға тиесілі болады. Олжашының Жүгіней деген ағасы болған. Оразбикені батыр осы ағасына берген. Одан Қойке, Есбалақ, Баян, Ханкелді, Кенжек деген бабалар туған. Тағы бір әйелінен Қыдырәлі, Кедей деген балалар туған. Жұрт арасында «Қыдырәлі, кедейсің, Қойке келсе, не дейсің» деген мәтел бар. Ал Олжашының кіндігінен Асан, Үсен деген балалар тарайды. Ақтабан шұбырынды кезінде Асанның ұрпақтары Сырдың ар жағына кеткен. Үсендер және Жүгінейдің ұрпақтары Арқада қалып, өсіп-өнген.
Қотыр би (жобамен, 1675-1745 жылдары) — Қаракесек ішінде Бошан — Байбөрі, оның ішінде Олжашы батырдың ұрпағы. Олжашы батыр Еңсегей бойлы ер Есімнің қолбасыларының бірі болған. Сондықтан да Есім хан 1628 жылы Қатағанның ханы Тұрсынды опасыздығы үшін жазалағанда, Тұрсынның кенже қызы Оразбикені олжаға осы сарбазына берген. Қанша қол бастап, соғыс ісіне жетік болса да, Олжашы өзі бастап баратын қолға қажетті күш-көлік, азық, қару-жараққа тапшылау болғандықтан, бай ағасы Жүгінейге жүгінген екен. «Ағаң 55-ке келіп, ұрпақсыз қартайып келеді, олжаға қыз тисе, ағаңа бересің» деген жеңгесіне сөз берген Олжашы уәдесін орындап, Оразбикені ағасының бауырына салыпты. Қотыр бидің атасы Үсен де Олжашы батырдың баласы екенін ақтап, халқына беделді, ардақты азамат болған.
Осындай «Жаным — арымның садағасы» дейтін ортада өскен Қотырдың да елі мен жеріне, халқының бастандығына деген ыстық жүрегінің лебі аталмыш «Ақтабан шабылғанда» деп аталатын толғауында анық көрінеді. Қотырдың өмірі жасынан елінің еркіндігіне ауыр сын болған жоңғар шапқыншылығына сәйкес келгендіктен, елін, жұртын, халқын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуге арнағанын осы толғаулары дәлелдеп тұр.
Желі тартқан елім-ай
Көкмайсалы шым жерге.
Кемшілігіңді білдіріп,
Дұшпаныңа сыр берме, —
деп, елінің намысын жоғары ұстау керектігін, ол үшін азаматтың:
Жарығы жалтақ қаратпас,
Үздік туған шын ерге.
Онымен арымас,
Шомылғанмен тұлпар бір терге, —
дейді.
Жоңғарлардан босаған жерлерді Қаракесек қосындарының алдыңғы шебін Байбөрі Бошан батырлары бастаған елдің шамамен 1738 жылы қоныстанғаны, оның ішінде Қотыр бидің елін бастап Абыралы өңіріне орныққанын Әлихан Бөкейханның жазғандарынан байқаймыз. Шежіреші, Қотыр би ұрпақтарының бірі Рақым Иманақышұлы Қотыр бидің Жібек жолы бойында Қотырбұлақ деген жерде керуенсарай ұстағанын, Қытай елі мен Ташкент арасында керуен жүргізгенін айтқан еді. Бұқар жырау бабамызға арнап қалам тартып жүрген жазушы-тарихшы Жамбыл Омарұлы Қотыр биді бізге таныстыра келіп, оның 1883 жылы туып, 1973 жылы қайтыс болғанын айтады.
Шырақбек Қабылбайұлы — жиырмасыншы ғасырдың перзенті, қазақтың аяулы азаматы, Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, халық құрметіне бөленген, сонымен бірге кеңес заманындағы неше түрлі қиянаттың ыстығына күйіп, суығына тоңып, тоталитарлық әкімшілік-әміршілдік жүейенің қыспақ-қиянатына төзе жүріп, қазақ халқына адал қызмет ете білген тарихи тұлға.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген халық нақылында айтылғандай, генерал Шырақбек Қабылбаев Ішкі істер министрі болған жылдарда Ішкі істер органдары жүйесінде күрделі өзгеріс, реформалар жасау қажет екенін терең түсіне білді. Мұндай мәселелерді жүзеге асыру тез орындала салатын шаруа емес еді. Бұл іс ішкі істер жүйесіндегі барлық кадрлардың күш-жігерін дұрыс жұмылдыра отырып, жүзеге асыруды талап етті. Ішкі істер министрлігінің мемлекет қалыптастыруда және қоғам өмірінде атқаратын рөлі ерекше. Ол қоғамдық тәртіпті нығайтып, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауда маңызы айрықша зор орган деп танылды. Шырақбек Қабылбаев, бір сөзбен айтқанда, алдыңғы ата-бабаларының сара жолымен адал өмір сүріп, аяғын жаңылыспай нық басқан азамат!»
Міне, егемен елдің, жаңа заманның ішкі істер органының қызметкері алдыңғы толқынның алып тұлғалы өкілі туралы автор осылай дейді. Жоғарыда кейіпкеріміздің әкесі туралы әңгімені қысқа қайырып, оны кедей шаруа, кейінде колхозшы болған еді деумен шектелгенін айтқан едік. Ал ата-бабалары туралы тіптен де жақ аспаған. Өйткені жоғарыдағылар саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отырған. Халқымыздың айтулы ақыны Ғафу Қайырбековтің «басқалардың хан-батырларының бәрі жақсы да, біздердікі неге жаман» деп күйінетіні де сондықтан. Ал енді өз қолымыз өз аузымызға жетіп отырған шақта бүгежектеп іштен тынғанымыз дұрыс болмас.
Ал енді Шырақбек сынды айтулы тұлғаға арналған кітабымыздың екінші тарауында Абыралы, Қарқаралы, Шыңғыстаумен жапсарлас жатқан қазіргі Шет ауданының тумалары болып табылатын Жанқұтты би мен Шортанбай ақын сынды есімдері елге мәлім жандардың хакім Абаймен және өзара сыйластық қарым-қатынастарын айғақтайтын мысал, әңгімелердің бір үзігін оқырман назарына ұсынғанды дұрыс па дейміз. Себебі бұлар арғы замандағы Сарыарқаның ғана емес, қазақ сахарасының аузымен құс ілген, жөнсіздікке тоқтам айта білген дала данышпандары болатын.
Соның бірі Жанқұтты Ботантайұлы он тоғызыншы ғасырдағы зиялылардың бірі болған. Жақсы Жанқұтты Қаракесек, оның ішінде Сарым руынан шыққан Шуашбай ұлы Ботантай баласынан 1810 жылы қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы тауының баурайында өмірге келген. Яғни, жас жағынан Абайдың әкесі Құнанбаймен тұстас адам. Ауыл молдасынан мұсылманша сауатын ашқан болашақ шешенді әкесі он төрт жасында Қарқаралы медресесіне әрі қарай оқуға жібереді. Медресені бітірген соң Жанқұтты түрлі әкімшілік лауазымдарды атқарып, ел ішінде әділ би ретінде құрметке бөленген.
Ол Абайға бата берген деседі. Жанқұтты сол замандағы халқымыздың ел билеген Құнанбай, Алшынбай, Құсбек төре секілді жақсыларымен жақсы қарым-қатынаста болған. Сол себеп болып, бала Абайға бата беру құрметін иеленген. Ол жөнінде «Абай» журналының 1993 жылғы №7 санында шыққан «Адамзатқа ортақ тұлға» деген соңғы естеліктерінде Д.А.Қонаев «Мұхтар Әуезовтен естіп едім» деп Жанқұтты Абайға бата бергені жөнінде былай дейді: «Жанқұттыны, көзі қарақты қариялар жағы болмаса, әдебиетті зерделеп, соның рухани ләззатына сусындап жүрген жастар болмаса, жалпы жұрт біле де бермес. Он жеті жасынан сөз өнеріне араласып, дуалы ауызды би Шабанбайдан бата алған Жанқұтты жаман мен жақсының, адалдық пен аярлықтың, қысқасы, өмірдің мәнін терең білген кісі екен.
Жолы түсіп, Құнанбайдың үйіне ат басын тірейді. Ондайда игі жақсыға сәлем бермек, бір ауыз аталы сөзін естіп қалмақ — ел дәстүрі. Ауылдың үлкен-кішісі қоғадай жапырылып келіп Жанқұттыға сәлем беріп жатады. Солардың ішінде Абай да бар екен. Ол кез ақынның дүниеге сергек қарап, үлкен ой түйіп, салмақты сөзге ден қоя бастаған тұсы деседі. Ділда шешемізге жаңа ғана үйленіп, Алшынбай еліне барып қайтқан тұсы көрінеді. Жанқұтты Абайды көп ішінен жазбай таниды. Алысқа жібермей, Абайды оң жақ тізесін ала отырғызады. Есен-саулық сұрасып болған соң шешен Абайға жүзін салып: «Абай, шырағым, дүние неге сүйенеді? — деп сұарайды. Сонда Абай аспай-саспай, аса бір ықыласты көңіл шуағымен бұрылып: «Дүние үмітке сүйенеді»,- деп жауап береді.
Шешен ойы қалай ұшқыр болса, ақын алғырлығы да одан кем емес еді. — «Ал көздің көрмесі бола ма?». — «Иә, көз қабағын көрмейді». — «Шам шырағы түспес жер бола ма?». — «Шам шырағы түбіне түспейді». — «Болат пышақтың кеспесі бола ма?». — «Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді». — «Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?». — «Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды»,- дейді Абай.
Жанқұтты: «Абай, шырағым, осы айтқандарыңды өлеңмен шумақташы»,- дейді. Сонда Абай:
Сіз сұңқар, самғап ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұйдағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем —
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз жанары түспейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табанына.
Болат пышақ өз сабын өзі кеспес,
Мақлұқат тартпай қоймас тамағына, —
деп жауап береді.
Осы сұрақ-жауап айтысы елді тәнті етеді. Абай сөздің майын тамызған шешенге: «Ата, сізден бір сауал сұрасам, рұқсат етесіз бе?» — дейді. — «Ата баладан сұраған сұраққа бала атасына қойса несі айып. Сұра, шырағым», — депті Жанқұтты. — «Ата, сұрасам, онда: арзан не, қымбат не, дауасыз не?». — «Е, шырағым, арзан — өтірік, қымбат — шындық, дауасыз — кәрілік. Мұны сен текке сұрамадың-ау, балам?» — дейді Жанқұтты. — «Оныңыз рас, ата. Артыңызда айта жүрер өсиет болса, соны естиін деп едім. Оны естіп көңілім жай тапты», — дейді Абай. Сонда Жанқұтты тебіреніп отырып: «Балам, мен бүгін бір жасап қалдым. Құнанбай мырзаның әкесінен оза туған, Өскенбай атасына жете туған баласы бар деп естуші едім. Соған көзім жетіп қана қойған жоқ, көріп, көңілім тасып отыр. Жанарыңның оты бар екен — елің сусағанда шөл қандырар бұлағы боларсың», — деп батасьн беріпті. Жауынменен жер, батаменен ер көгереді», — деген осы.
Абайдың «Жидебай — Бөрілі» қорық-музейінің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай мақаласында: «…Енді бір Құнанбайға қатысты осындай адам – Жанқұтты Ботантайұлы да екі рет қажылыққа барған деседі. Соңғы барарында Құнанбайдың келесі жылы барайық деп қолқа салғанында: «Келер жылға қарар едім, ажал қарамайды ғой»,- деп жүріп кетеді. Бұл шамамен 1873 жыл болса керек. Сол сапарында Меккеде қайтыс болған. Ал Құнанбайдың бір жыл өткен соң, 1874 жылы, бала-шаға, үрім-бұтағымен кеңесіп, жанына өзінің өкіл бауыры Ізғұттыны алып, Қарқаралыдан қасына Өндірбай қалпені ертіп қажыға сапар шеккені белгілі. Жанқұтты мен Құнанбай арасындағы осы бір байланыстан-ақ Жанқұтты шешеннің болашақты болжағыш қасиетінің бар болғанына, әулиелігіне тағы көз жеткізіп отырмыз. Құнанбай қажылық сапарынан қайтарда Жанқұтты шешеннің басында дұға оқып болғаннан кейін айтқан «Жанқұтты, сені жақсы деп мен айтушы едім. Құнанбай, жақсысың деп сен айтушы едің. Ақыры, Жанқұтты, сен жақсы болдың. Сенің сүйегің қасиетті Меккеде қалды. Мен алдамшы өмірге қайтып бара жатырмын» деген сөзі қажы сапарынан соң ел арасында кеңінен таралыпты. Қажылық сапарын бірге өтеуді мақсат тұтқан Құнанбай мен Жанқұттының өте жақын, сыйлас болғанын аңғару қиынға соға қоймас.
Енді зар заман ақыны атанған Шортанбайға келетін болсақ, бұл кісі — әйгілі Әуезовтің тарапынан өз бағасын алған айтулы ақын. Сол Шортанбай өмірден Жанқұтты биге риза көңілмен аттаныпты дейді. Оған соңында қалған мына бір жырлары айқын айғақ.
Жан тәсілім таянды,
Айта көр, Жәке, иманды.
Кеудені дерт қамады,
Амал да кетіп барады.
Есендікте бол, Жәке,
Қияметтік досым-ай!
Және сізге тапсырдым
Бала менен қатынды.
Жалғанда досым сіз едің,
Аяй көрме ақылды.
Қояр ма екен құдайым,
Қиямет күн қасыма-ай,
Жүгірмек болған жасым-ай!
Әр жұмада жүре көр,
Дұға қылып басыма-ай! –
депті.
Міне, кешегінің адамдарының бір-біріне деген құрметі осындай болған. Бүгінде сол Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда Жақсы Жанқұтты би мешіті, мүсіндік ескерткіші және Шортанбайға қойылған ескерткіш белгі, музейде арнайы бұрыштар бар.
Елдігімізді сақтаймыз десек, кейінгі толқынның рухы мықты болсын десек, осындай өткенге құрметтен айырылып, ажырап қалмауымыз керек!
Шырақбек Қабылбаев заман қанша қиын болғанымен ауылдағы қазыналы қарттардың арқасында көзі ашық, көкірегі ояу болып өскені анық. Соның нәтижесінде, ол өмірін, негізінен, ішкі істер органына арнағанмен, кешегі Алаш қайраткерлерінің ізімен жүрген асыл азамат. Оған өмірінің алғашқы кезеңдерінде Семейдегі сол Алаш қайраткерлерінің ізі қалған оқу орнында оқығандығы, солардың ұрпағы оқыған оқу орнында еңбек жолын бастағаны айқын дәлел.
Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,
запастағы полиция генерал-майоры.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Суреттерде: Шырақбек Қабылбаев туған жері Қарашоқыда; хакім Абайдың зиратының басында; атақты генерал-министр жерлестерінің ортасында