Биыл үш жүзге аты мәлім болған аға сұлтан, ұлы Абайдың әкесі, қажы, «Дала данышпаны» атанған қайраткер Құнанбай Өскенбайұлының туғанына 220 жыл. Осыған орай маусым айының 13, 14, 15 күндері үш күн қатарынан киелі Абай елінде Құнанбай Өскенбайұлының мерейтойы дүркіреп өтті.
Мұхтар Әуезов 1933 жылғы Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайдың кім болғанын білу қиын, бұлар заманның туындысы…» деп алып тұлғаға өз бағасын беріп кеткен еді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелқлы Тоқаев 2019 жылы Семейге келген сапарында «Ұлы Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы орнын ұмытпауымыз керек» деп аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының тарихымыздағы орнын ерекше атап өтті.
Соңғы жылдары қазақ тарихында өзінің лайықты бағасын ала алмаған Құнанбай баба есімі қайта жаңғырып, оны тануға даңғыл жол ашылуда. Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Құнанбай әулетінің қорымы орналасқан Ақшоқы бейіті қайта жаңғыртылды. Ақшоқыға баратын жол жөнделіп, қорым аумағы қоршалып, абаттандырылды. Бабаға арналған музей ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Абай жұртшылығының бастамасымен және іскер азаматтар қаржылай қолдауымен Қарауылда еңселі Құнанбай қажы мешіті салынып, сәулетті ескерткіш тұрғызылды.
Енді, міне, қасиетті Абай елінде Құнанбай баба рухына айтулы ас беріліп, ұлттық дәстүріміз бен салт-санамыз барынша паш етілді. Асқа еліміздің алыс-жақынынан зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, профессорлар да арнайы келіп, баба есімін ұлықтау мақсатында өткізілген дүбірлі тойға куә болды. Олардың қатарында Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев, «Абай ауданының Құрметті азаматы», филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Тұрсын Жұртпай, «Абай ауданының Құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, жерлес ақын- жазушы Бауыржан Жақып, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, PhD, Түркиядағы Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры Бекир-Түмен Сомунжуоғлы, Өзбекстандағы Ә.Науаи атындағы мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің доценті Жавлонбек Жовлиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, түріктанушы, әдебиеттанушы, жазушы, ғалым Ислам Жеменей, «Мәжһүр Жүсіп» халықаралық қорының төрағасы, Мәжһүр Жүсіп туған шөбересі Ертай Жүнісов, Ырғызбай әулеті ұрпақтары Қали Зиядаұлы, Мырзақұл Ертайұлы, Манатай Толғанбаев, Шәкәрім ұрпағы Бақытқан Лотұлы, Көкбай баба ұрпағы Амангелді Көкбаев, Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Мейрам Нұғыман, «Абай ауданының Құрметті азаматы», ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімов, «Абай ауданының Құрметті азаматы», халықаралық Абай қорының президенті, өнертанушы Отантай Кәріпжанов, «Абай ауданының Құрметті азаматы», 7 томдық «Тобықты Шыңғыстау» шежіресі тарихи еңбегінің авторы, этнограф, өнертанушы Молдабек Жанболатов, «Абай ауданының Құрметті азаматы», жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі Дәулет Сейсенұлы, «Ауыл» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Қайрат Смағұлов, Абай облысы мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов, «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Абдыкаримов, Абай облысының өкіл имамы Асқар қажы Әбітайұы, «Абай ауданының Құрметті азаматы», Абай ауданының бұрынғы әкімі Жарқынбек Байсабыров, «Абай ауданының Құрметті азаматы», мемлекеттік қызмет ардагері Шаған Жұмақсанов, «Абай ауданының Құрметті азаматы», меценат Балтабек Наурызбаев және өзгелері болды.
Республикалық қөлөнершілер байқауы, ат бәйгесі мен ұлттық күрестен және көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, асау үйрету сынды ұлттық ойындардандүбірлі сайыстар ұйымдастырылып, сән салтанаты жарасқан той болды. Қарауылда арқалы ақындар жиналып, Құнанбайына арналған өлең-жырларын оқыса, көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер Семейде бас қосып, халықаралық деңгейде Құнанбайды барынша ұлықтады. Бұл тойдың ерекшелігі – 500 баланың бір уақытта ашамайға отыруы және жеңімпаздарға жүлде қорларының қазақы дәстүрмен «үйірімен үш тоғыз» болып берілуінде болды.
Хош, сонымен мерейтой 13 маусым күні бабаның мәңгілік мекені Ақшоқы елді мекенінде құрбандық шалу рәсімімен басталды. Құрбандыққа түйе малы шалынып, Құнанбай Өскенбайұлы рухына және Құнанбай әулетінің отбасы мүшелеріне құран бағышталды. Іс-шараға аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы, мәслихат төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлы, ел ағалары және Ырғызбай ата ұрпақтары қатысты.\
Келесі күні 14 маусымда Шәкәрім университеті бас ғимаратында «Құнанбай Өскенбайұлы: Тарих.Тұлға.Феномен» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылып, Құнанбай қажының өмірі мен ел тарихындағы қызметі туралы ауқымды баяндамалар жасалды.
Осы күні Абай ауданында Қарауылтөбеде жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, асау үйрету сынды ұлттық ойындардың іріктеу кезеңі мен көкпар ойынының ақтық сайысы өтіп, қазақ күресі басталды.
Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойының ресми салтанаты 15 маусым күні еңселі Құнанбай ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталды.
Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс. Бұл той барысында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, тарихымыздан сыр шерткен салт-дәстүрлеріміз көрініс тапты. Қонақтар Абай ауданына қарасты ауылдық округтердің ұйымдастыруымен «Бала Құнанбайдан –Дана Құнанбайға» атты театрландырылған көріністі тамашалады. Әр ауылдық округтің өнерпаздары жеке киіз үй тігіп, дала данышпанының өмірге келген сәтінен бастап балалық және жігіттік шағын, дана Құнанбайға айналғанын және өмірінің соңында мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа Меккеге аттануын көрерменнің көз алдынан өткізді. Бұл көріністерді тамашағандар Құнанбай мен Абай өмір сүрген кешегі дүбірлі жердің киесі мен қасиетін сезінгендей, Зере әже мен Ұлжан аналарды көздерімен көргендей әсерде болды.
«Асыл мұра» республикалық қолөнер шеберлерінің фестиваліне қатысушы 21 шебердің қолынан шыққан ұлттық бояумен айшықталған бұйымдар да келгендерді тәнті етті. Жасыратыны жоқ, қолөнер шеберлері қазір елімізде саусақпен санарлықтай. Бұл жолғы көрмеге еліміздің үздік шеберлерінің туындылары қойылды. Әсіресе, Ақмола облысынан келген Бектас Каримнің жауырын сүйегін ойып жасаған кәдесыйлары жұртты таңқалдырды. Моңғолияда өмірге келген шебер 2005 жылы отбасымен тарихи Отанына қоныс аударып, Ақмола облысы Шортанды ауданына тұрақтайды. Сол уақытттан бастап аудандағы Мәдениет үйінде суретші болып қызмет етуде. Сүйек зергерлігімен 2014 жылдан бастап айналыса бастаған екен. 2015 жылы Астанада өткен облыстық және республикалық қолөнер байқауларының, 2017 жылы Моңғолияда, 2019 жылы Өзбекстанда өткен халықаралық көрмелердің бас жүлдесін иеленіпті. 2018 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған халықаралық көрмеде күміс медальмен, 2021 жылы Ресейде өткен көрмеде І дәрежелі дипломмен және былтыр Түркияда өткен көрмеде сертификатпен марапатталған.
— Қолөнермен 2014 жылы айналыса бастадым. Бұл қасиет маған анамның қанымен дарыған деп ойлаймын. Бала кезімен қолөнершілердің өнерін тамашалағанды ұнататынмын. Ұлттық тұрмыстық бұйымдардың жасалу жолына әрқашан тәнті болатынмын,- дейді өзі.
Көрмеге сондай-ақ Алматы облысынан келген Бекайдар Қоңыр қолдан соғылған ұлттық күміс әшекей бұйымдарын, Астана қаласынан келген Бибігүл Карденова жібек-жүннен тігілген мойынорамалдар мен ыңғайлы әрі жеңіл камзол, шапан секілді ұлттық киімдерін ұсынды. Сол секілді Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының қолөнер шебері Нұржан Есхожин, Қызылорда облысынан Гүлнар Анапияева, Қостанай облысынан Арлан Анкауов, Павлодар облысынан Ержігіт Тоқтаров, Қанат Асанов та өз туындыларын көрмеге қойды.
— Қолөнермен айналысқаныма төрт жыл болды. Жібекке жүннен өрнек басамын, жүннен әртүрлі заттар басып шығарамын. Осы уақыт аралығында АҚШ-тың төрт штатында, Франция, Германия, Бельгия сынды мемлекеттерде болып, халқымыздың ұлттық өнерін әлем халқына таныстырдым. Бүгін Астана қаласы әкімдігі тапсырмасы негізінде туған өлкем, киелі топырақта төл туындыларымды ұсынуға келдім,- деді Қолөнершілер Одағының мүшесі, «Urshyk» (Ұршық) республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті Бибігүл Карденова.
Бұл күні Қарауылтөбенің бауырына жиналған қонақтар мерейтойдың тарихи сәтіне куә болды. Ауданның тоғыз ауылдық округінен жиналған 500 баланы әкелері бір мезетте Ашамайға отырғызып, рекорд жаңартты. Бұрын-соңды бір уақытта 500 баланың ашамайға отыруы түркі тестес елдері арасында тіркелмегендіктен, бұл тарихи сәт КИНЭС-ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДТАР КІТАБЫНА енді. Әкелер мен балалардың ұлттық нақышта әрленген қазақы дәстүрге сай киім киіп, қаз-қатар тізіліп тұруының өзі аудан халқының ауызбіршілігін байқатқандай.
Осы орайда айта кетейік, баланың буыны мен бойы ер-тұрманды атты игере алмайтындықтан тайда ер-тұрман, үзеңгі болмайды. Ашамай – баланың тайына арнайы жасалынған ердің бір түрі. Тайды ерттеп мінген баланың сана-сезімі өседі, бойын қуаныш кернеп, мерейін өсіреді деген оймен бұл дәстүр бала 6-7 жасқа толғанда орындалған.
— Бұл шараға қатысу өзімізге де үлкен қуаныш сыйлап, мерейімізді арттырды. 500 баланың қатарында немерем де болды. Ауданымызда салт-дәстүрлеріміздің дәріптеліп, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп жатқанына қуаныштымын,- деді Саржал ауылының тұрғыны Төлеутай Амангелдіұлы.
Осылайша,
Шыңғыстаудың төрінде
Ұлылар туған елінде.
Бабалар дәстүрі қонсын деп,
Белі бекен болсын деп.
Ер баласын қолдаған,
Тарихта бұрын болмаған,
Құнанбай қажы тойында,
Ашамайға отырды,
500 бала сомдаған.
Мерекелік ашылу салтанатында Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев құттықтау сөз сөйлеп, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың арнайы сыйлығы — автобус көлігінің кілтін 50 жылдық тарихы бар «Қаламқас» халық ән-би ансамблі ұжымына табыстады.
— Бүгінде қасиетті Абай елінде Құнанбай баба рухына айтулы ас берілуде. Осынау мерейлі күні қасиетті Абай елінде ұлылар рухына тағзым етіп, дала данышпаны Құнанбай бабаға құрмет пен қошемет көрсету – баршамыздың адамшылық борышымыз деп білемін. «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл» деп ұлы Абай айтпақшы, мұқым қазақ баласы тегіс ақыл сұраған даңқты бабамыз Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өсиеті -әділдік жолын мұрат етіп, ырысты, ынтымақты, береке-бірлікті ту еткен елімізді өркендетуге бәріміз бірге атсалысайық,- деді Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «Абай ауданының Құрметті азаматы» Бауыржан Жақып та баба тойына арналған игі тілегін білдіріп, арнау өлеңін оқыды.
— Ассалаумағалейкум Құрметті Абай елі, Абай елінің азаматтары! Ұлы бабамыздың Алты Алашқа сауын айтып өткізіліп жатқан тойы құтты болсын! Биыл заманында дала данышпаны атанып, қарадан шығып хан болған, қазақ жазба әдебиетінің басы ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы Өскенбайұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Кешегі кеңестік кезеңде өзінің шынайы бағасын ала алмаған алты алаштың ардақ тұтар тұлғалары қаншама. Солардың бірегейі — өз алдына дербес ел болғанымызды армандап, Алладан адал тілек тілеген біртуарымыз Құнанбай қажы Өскенбайұлы екенін барша қазақ біледі. Құнанбай Өскенбайұлы Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болып сайланып, орысқа бодан болған қиын-қыстау кезеңде асқан мәмілегерлікпен, білім-білігімен, елге сыйлы қайраткерлігімен, имандылықпен, шешендікпен, көшерлікпен қалың қазаққа қадірлі билік жүргізген өз дәуірінің дара перзенті болды. Өз кіндіген тараған Ибраһим Құнанбайұлы білімдар, дана болып, кейінгіге мәңгі өшпес сөз қалдырды. Үлкен ұлы Құдайбердіден тараған немересі Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да Абай үлгісін жалғастырған данышпандығымен танылды. Немерелері Ақылбай, Тұрағұл, Әбдірахмандардың әрқайсысы мәңгі аласармас бір-бір шың іспеттес. Құнанбайдың Меккеге барған қажылық сапары туралы аңыз бен ақиқат ел аузында айтылып жүр. Соның ішіндегі мәңгі өшпес ескерткіш – Құнекеңнің Меккеде қазақ мұсылмандары үшін салдыртқан тәкие үйі. Еліміздің тәуелсіздігінің арқасында қазақ елін қара нардай алға сүйреген, ардан аттамаған, барынша әділ билік жүргізген, көзіқарақты тұтас ұрпақа тәлім-тәрбие берген өз заманының озық қайраткер тұлғасы Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейлі тойын бар қазақ болып атап өтіп отырмыз. Абай елінде өтіп жатқан осы торқалы той, беріліп жатқан ас қабыл болсын,- деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жерлес ақын-жазушы Бауыржан Жақып ақжарма тілегін білдіріп, арнау өлеңін оқып берді. КИНЭС-ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДТАР КІТАБІНІҢ ресми өкілі Қуандық Шыңғысұлы Құдайбергенов те арнайы келіп, баба тойына бір ауыз лебізін білдірді және Ашамайға отырудан рекорд жасаған Абай ауданы әкімдігіне сертификат табыстады.
Сахна төрінде көтерілген аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы алыстан ат терлетіп келген барша қонақтар мен аудан тұрғындарына Абай елі атынан алғысын білдірді. Осыдан соң жиналған қауым Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония, «Абай», «Дариға-ай» жастар театры мен «Қаламқас» халық ән-би ансамблі әртістерінің мерекелік бағдарламаларын тамашалады. Түскі үзіліс уақытында баба рухына қатым түсіріп, ас берілсе, түстен кейін ұлттық көкпар, аламан бәйге, қазақ күресі, топ бәйге, жорға жарыс, жамбы ату ойындарынан финалдық кезеңі өтіп, марапаттау рәсімі өтті.
Бұл киелі өлке мал шаруашылығын дамытуымен де ерекшеленеді. Саржал қымызы, абайлықтардың қазысы – ел ішінде танымал бренд екені көпке мәлім. Мерейтой аясында «Асыл тұқымды жылқы» республикалық семинары өтіп, көрме ұйымдастырылды. Көрмеге еліміздің әр өңірінен 20 бас қазақы асыл тұқымды жылқылар әкелінді. Ал «Асыл тұқымды жылқы» республикалық семинарына 50-ден астам шаруашылық басшылары, Торайғыров университеті коммерциялык емес акционерлік қоғамының қауымдастырылған профессорлары, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің “Технология және биоресурстар” факультетінің, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің “Ветеринария жэне агроменеджмент” факультетінің, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында баяндамалар тыңдалып, жылқы шаруашылығының болашағы мен даму жолдары талқыланды. Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев семинарды қорытындылап, «Мал шаруашылығы» күніне орай облысымыздың үздік шаруашылықтардың басшылары мен мамандарын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Аудан әкімінің орынбасары Қазыбек Төлегенұлы жәрмеңкеге қатысқан шаруашылық жетекшілері мен қонақтарға аудан әкімнің алғыс хатын табыс етті.
Торқалы тойдағы шоқтығы биік шаралардың бірі — «Қазақтың құдіретті – Құнанбайы» жыр мүшәйрасы. Аудандық мәдениет үйінде өткен сайысқа 10 ақын қатысып, Құнанбай Өскенбайұлына арнаған жыр шумақтарын оқыды. Мүшайраға ақын, Абай ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев, ақын, жыршы, қоғам және мәдениет қайраткері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Құсмілия Нұрқасым, Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын, журналист, «Мәдениет саласының үздігі» Қайрат Сабырбаев төрелік етті.
Баба ұрпағы, шырайлы Шымкент қаласынан келген Бауыржан Қарабековтің жауһар жырларымен жыр мүшәйрасының финалдық кезеңінің шымылдығы түрілді. Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы құттықтау сөз сөйлеп, биыл 75 жасқа толған ақын, жыршы, қоғам және мәдениет қайраткері Құсмілия Нұрқасымға «Ел алғысы» медалін табыстады және Бауыржан Серікбайұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. «Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елдос Азаматұлы өзінің туындысы Құнанбай Өскенбайұлының портретін аудандық музей қорына сыйға тартты.
Сонымен, бұл жыр додасында жүлделі І орынды Семейден келген жас ақын Бауыржан Игілік жеңіп алса, ІІ орын абайлық Нұржан Байтөске, ІІІ орын аягөздік Бауыржан Серікқалиға бұйырды.
Бұл күні «Асау үрету» сайысы да өтті. Қыры мен сыры, қауіп-қатері көп әрі қызыққа толы өнер түріне халқымыз ежелден қызыққан. Көз ілестірмес жылдамдықты талап ететін бұл сайысқа қатысуға ниет білдірушілер де аз болмады. Жүген-құрық тимеген асау жылқыға жас жігіт мінгенде қалың көпшілік демін ішке тартты. Адуын атқа мінген жігіттің де қолы ерекше қарулы екен. Шыңғыра тулап, көкке секірген жылқы малының жалынына жабысып, жібермеді. Қамбар ата төлі ары-бері ойқастағанымен, жүректі жігіт оны өз ырқына көндірді. Асау ат пен жас жігіттің арпалысын тамашалап тұрып халқымыз ер жүрек азаматтарын не себепті «жылқы басары бар…» деп даңқын көтеріп биік бағалайтынын тағы бір түсінгендей болдық.
Бұл сайыста Көкпекті ауданынан келген Дастан Каримханов өзгелерден басым түссе, Абай ауданының қатысушысы Жанай Қуанов екінші, ал павлодарлық қайсар жігіт Диас Төлеу үшінші орынды місе тұтты.
— Бұл халықтың мәртебесін көтеріп, еңсесін биіктеткен той болды. Құнанбай бабамыз мемлекетшіл адам болған, қазақтың азаттығын аңсаған, халқын алға сүйреуге тарысқан тұлға. Кенесары қозғалысына оң қабақ танытқан сұлтандардың бірі. Абайды оқытып, тәрбиелеп, оқуға баулып, болашақты болжай білгендігінің өзі оның тереңдігін көрсетеді. Кеңестік кезеңде Құнанбай жайлы айтуға тыйым салынды. Сол себепті Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында оны жағымсыз образ ретінде көрсетті. Бірақ сонда да ұлы тұлға болып бейнеленді, образы биік шыңға шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы Семейге келген сапарында «Абайды ұлықтағанда Құнанбайдың ел тарихындағы орнын ұмытпауымыз керек» деп қадап айтқан болатын. Содан бері Құнанбайдың ел бірлігі, азаттығы жолындағы еңбегі дәріптеліп жатыр, Соның дәлелі – бүгінгі мерейтой,- дейді Абай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазин.
Тойда Тәңірбердінің Әзімбайынан тараған ұрпақтарымен де тілдестік.
— Бүгін Абай елінде үлкен торқалы той. Құнанбай бабамыздың әкесі Өскенбайға ас бергенін еске түсіріп, аудан басшылығы мен жергілікті атқамінерлердің, жомарт жандардың қолдауымен баба мерейтойы сән-салтанатымен ерекше өтіп жатыр.
Мен Құнанбайдың Тәңірбердісінің Әзімбайынан тарағанмын. Бесінші ұрпағымын. Хәкім Абай: «Анадан төртеу» деп, Тәңірберді, Оспан, Ысқақ төртеуінің Ұлжан анадан туғандарын меңзейді. Халықтың рухани мәдениетін арттыру жолында Құнанбай қажы рухына құрмет таныту — маңызды іс. Абай жұмбағын шешуге тырысып жатырмыз. Енді Құнанбай жұмбағын шешу басталды,- дейді қажының бесінші ұрпағы Құсман Берлесов.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, тойдың тағы бір ерекшелігі – ұлттық ойындардың жеңімпаздарына берілген сый-сыяпатында болды. Жүлделердің барлығы мал басымен берілді. Ұйымдастырушылардың айтуларынша, кезінде Құнанбай қажы өзінің әкесі Өскенбайға ас бергенде жарыс жеңімпаздарын осылай марапаттаған екен. Тарихқа тағзым етіп, үзілгенді жалғап, өшкенді жандандыру мақсатында осындай сыйлық түрі таңдалыпты.
Тойдың сәнін келтірер бәйгені де той иелері жоғары деңгейде ұйымдастырды. Атшабарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, барлық талаптарға сай болуы қатаң қадағаланды. Алдымен «Топ бәйге» ұйымдастырылып, 25 жылқы 16 шақырымға шапты. Бұл топта Тарбағатай ауданынан келген Әділ Тисановтың қосқан жүйрігі Оқжетпес озды. Абай ауданының атбегісі Назир Рахымбаевтың Ақтанауы екінші келсе, Тарбағатай ауданынан келген Дарын Сағынбаевтың Нұрқасқасы мәрені үшінші болып өтті. Жүлдегерлерге 7, 4, 3 бас жылқы берілді.
7 шақырымдық «Жорға жарысына» 22 жүйрік жіберіліп, Күршім ауданынан келген Нұрлан Қасымқановтың Күнгейханы топ жарса, абайлық Қымбат Альтайырдың Ақжауыны мен Яро-Сим есімді сәйгүліктері мәре сызығын екінші және үшінші болып өтті. Сәйгүліктер сайысында орындар бойынша 5,3,2 жылқы берілді.
Ал 25 шақырымдық «Аламан бәйгеде» үржарлық Бауыржан Тілемісовтың Бәйтерек есімді сәйгүлігі алдына қара салмады. Топтан озған Бәйтерек бір бас түйе, сегіз бас жылқы ұтып алды. Алматы облысы, Қарасай ауданынан келген атбегі Секенай Бөкебайдың Тентек торысы екінші келсе, Алматы облысының Жамбыл ауданынан келген Талғат Темірланның тұлпары Тасмина үшінші орынға тұрақтады. Бесінші келген тұлпарға дейін жүлде берілді. «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Аударыспақ» сынды ұлттық ойындарымыз да той көрігін қыздырды.
Ел назарын елең еткізіп ойындардың бірі – балуандар белдесуі болды. Боз кілемге бұла күші тасыған 32 балуан шығып, кім мықтыны анықтауға кірісті. Араларында Ерасыл Қажыбаев, Дәурен Нұралинов сынды «Қазақстан барысы» жобасының жеңімпаздары бар. 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі «Өгіз палуан» жарысында жамбылдық Б.Ахметқали үшінші орын алса, Көкпекті ауданынан келген Дидар Тұтқышов екінші орын, кілем қожайыны Қуан Барыс үшінші орын иеленді.
«Түйе палуан» белдесуінде ұлылар елінің апайтөс балуаны Әділ Оразбаев үшінші орынға тұрақтаса, Семей қаласынан келген тәжірибелі балуан Ерасыл Қажыбаев екінші орын алды. Дәурен Нұралинов Құнанбай тойының түйе палуаны атанды. Түйе палуанның жүлдесіне 1 бас түйе, 3 бас жылқы берілді.
Ұлттық құндылықтар ұлықталып, дәстүріміз дәріптеліп, тарихымыздан тағылым алуға мүмкіндік жасалған бұл мерейтой кешкілік Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа сынды эстрада жұлдыздарының және Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның, Семей қалалық мәдениет сарайының, «Қаламқас» халық ән-би ансамблі әншілерінің қатысуымен өткен Гала концертпен сабақтасты.
Ұлыларымызды ұмытпай, дәріптеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру парыз десек, тағайындалғанына санаулы ай болса да, елді ұйыстырып, халқының бірлігі мен берекесінің арқасында осындай ауқымды шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлының еңбегі ерен.
Халқына рухани серпіліс сыйлаған Құнанбай тойының дүбірі талай жерге жетері сөзсіз…
Жадыра Төлегенқызы,
Әйгерім Сәрсенқали,
«Semeı tańy»