Жуырда Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай түсірілген «Сәкен» фильм-концертінің премьерасы өтті. Туынды ақынның халыққа кең тараған әндерін қамтып, шығармашылығымен жақынырақ таныстырады. Фильм режиссері — әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүнісов.
Көрсетілім алдында жергілікті ақын Қуандық Кенжебеков Қанат Жүнісовпен сұхбаттасып, шығармашылығы, Сәкен Сейфуллинің өмір жолы, қайраткерлік еңбегі туралы сұрақтарына жауап алды. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Сәкентанушы Қанат Жүнісов — көп қырлы талант иесі. Екі жүзден астам әннің сөзін жазған. «Біржан сал», «Мағжан», «Жамбыл» фильмдерінде ойнаған. Театр сахналарында, деректі фильмдерде С.Сейфуллиннің рөлін сомдаған. 2014 жылы Анкара қаласында «Түрксой» ұйымы өткізген шарада С.Сейфуллин рөлін ойнағаны үшін Қырғызстанда «Тоқтағұл» атындағы медальмен марапаттаған. «Біржан сал» фильміндегі сал-серілердің сөз қағысуын, «Құнанбай» фильміндегі Жанақ ақынның жырын жазған. 2006 жылы «Ханшайым», 2014 жылы «Ән қанаты» атты ән жинақтары жарық көрген. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2014 жылы қазақ өнері тарихында тұңғыш рет бірнеше жанрды қамтыған шығармашылық апталық өткізген.
— Қанат аға, бүгін, міне, туған өлкеге, туған топыраққа табаныңыз тиіп жатыр. Сізбен қауышып отырғанымызға біз де өте қуаныштымыз. Жалпы, драматургия – әдебиет пен театрдың ортасында алтын көпір болып тұрғаны белгілі. Қалай ойлайсыз, осы драматургия жанрын біздің халық толықтай түсінді ме? Өзіңіз драматургияға қалай бет бұрдыңыз?
— Биыл ердің жасы елуге келіппін. Мерейтойыма орай еліміздің қалаларын аралап, шығармашылық есеп беріп жүрмін. Бұған дейін мұндай кездесулер Астанада, Жаңаарқада өтті. Енді Көкшетау, Қарағанды, Атырау қалаларына баруды жоспарлап отырмын. Бүгін, міне, туған жеріме, туған өлкеме келіп, қуанып отырмын.
Иә, дұрыс айтасыз, драматургия — қазақ әдебиетіне кеш келген жанр. Жалпы, тек қазақ әдебиеті емес, әлем әдебиетінің өзінде драматургияның үлесі аз. Себебі бұл — қиын жанр. Жазуды ғана емес, театр өнері мен сахна заңдылықтарын қоса игерген қаламгерлер ғана осы жанрға бара алады. Қазақтың атақты драматургтері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтер — ұлы жазушылар ғой. Оның үстіне өздері де театрдың басы-қасында жүрген, спектакльдерде ойнаған. Сондықтан театр заңдылықтарын өте жақсы білген. Сол кісілердің ізін басқан Дулат Исабеков, Әкім Таразилер де театрда жүрген. Менің драматургия жанрына келуіме де театрда жұмыс істеуім әсер еткен болар. Өйткені негізгі мамандығым — әнші, актер.
Менің намысыма ниетін бір дүние — қазақ театрлары репертуарының 70-80 пайызы шет ел әдебиетінің аудармалары. Бірақ қазақтың шығармалары шет елдерде ондай сұраныспен қойылып жатқан жоқ. Драматургия мәселесіне ұлттық мәселе деп қараймын. Драматургияны оқытатын Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы, Астанадағы Ұлттық өнер университеті осыған аса мән берулері керек. Драматургияны оқырманға емес, көрерменге арнап жазу керек. Өте жақсы шығармалар бар. Оқысаң, керемет, бірақ сахнаға қоюға келмейді. Өйткені сахна заңдылықтары сақталмаған. Дегенмен Дулат Исабековтің, Рахымжан Отарбаевтың, жерлес апайымыз Роза Мұқанованың шығармалары шет елде қойылды. Біз драматургияны әлі де дамытуымыз керек.
— Сіздің ең танымал шығармаларыңыздың бірі — «Алғашқы махаббат» пьесасы. Пьеса Ресей елінде өткен театр фестивалінде «Ең үздік шығарма» номинациясын жеңіп алды. Бұл туынды қалай өмірге келді?
— Бізде комедия жазсаң, лезде қолдан-қолға тарап кетеді ғой. Ал тарихи шығармаларға, өкінішке қарай, көпшілік қызығушылық таныта қоймайды. Ол үшін ең әуелі мәдениет саласы басшыларының қолдауы қажет.
Иә, менің ең көп қойылған шығармам – «Алғашқы махаббат» пьесасы. 2009 жылы Шәкәрім университеті менің «Ғашықтар хикаясы» деген комедиямды қойған еді. Сол жылы осы премьераға қатысу үшін Семейге арнайы келдім. Ол кезде Шәкәрім университетінде Ерлан Бәтташұлы ректор болатын, қойылымнан соң театрға автобус сыйлады. Театр ұжымы шабыттанған болуы керек, араға уақыт салып тағы бір комедия жазып беруімді сұрады. Біраз шығармаларымды ұсынып едім, қабылдамады. Содан бір түнде осы «Алғашқы махаббатты» жазып шықтым. Бұл шығарма менің басымнан өткен оқиғаға негізделген. Онда менің сыныптастарым, мұғалімдерім туралы айтылады. Алғаш Семейде қойылып, әрі қарай кең тарап кетті. Пьеса Ресей елінде өткен театр фестивалінде «Ең үздік шығарма» номинациясын жеңіп алды.
— Сіздің актерлік қырыңызды барлығымыз жақсы білеміз. Ал «Біржан сал» фильміндегі сал-серілердің айтысын да өзіңіз жазып шығыпсыз…
— «Біржан сал» фильмі түсірілетіні туралы мен естімеген де екенмін. Қазақфильмде актерлер анкета толтырып кетеді, сол жерде барлығының суреті сақталып тұратын. 2007 жылы ғой деймін, Досқан Жолжақсынов менің суретімді көріп: «Мына жігітті шақырыңдар, табыңдар»,- депті. Содан маған хабарласты. Қазақтың дәстүрлі ән өнеріне үлкен көңіл бөлініп, кино түсірілетінін естігенде көңілімде үлкен толқу болды. Шабыт болмаса, жоспармен өлең жаза алмайтын адаммын. Пойызда кетіп бара жатқанда «Біржан сал» атты өлеңім өмірге келді. Кейін сценарийді оқыдым, онда сал-серілердің рөлі шағын ғана болып шықты. Сол жерде Досқан ағаға өз ұсынысымды айттым. Марқұм Таласбек ағамыз сценарийдің авторы екен. Сол кісілердің рұқсатымен «Біржан сал» фильміндегі сал-серілердің айтысын жазып шықтым.
— «Сәкен» фильм-концертінде Сіздің режиссерлігіңіз де, актерлігіңіз де, әншілік қырыңыз да көрінеді. Жалпы, фильм-концерт деген — біздің қоғам үшін жаңа дүние. Өйткені біз осы уақытқа дейін фильмді бөлек, концертті бөлек көріп жүрміз? Соны көрерменге түсіндіріп өтсеңіз…
— Фильм-концерт біздің елімізде бірінші рет түсіріліп отыр. Фильм-концерт деген — жанрдың ерекшелігі. Бұның ішінде көркем фильмнің де, театрдың да, деректі фильмнің де элементтері болады. Фильм-концертте, ең бастысы, әнге бағынасың. Фильмде Сәкеннің халыққа кең тараған әндерін негізге ала отырып, ақын жайлы мәліметтер қостық. Өлеңдерінен үзінділер бердік. Жалпы, фильм-концерттің өз ерекшелігі бар, қиындығы да көп.
Мысалы, көркем фильмде оқиғаны беру үшін диалогтер арқылы, ойын арқылы, режиссерлік шешім арқылы қанша уақыт қажет болса да соза беруге болады. Ал фильм-концертте әнге бағынғандықтан, бір ән төрт-бес минутқа ғана созылады, соның ішіне бәрін сыйғызу керек. Сондықтан, сол әннің мағынасына сай, түсінікті, қысқа-нұсқа, мәнді кадрлар түсіруге тырыстық. Тіпті бес минуттық кадрды бес көлікке мінген адам Қазақстанның бірнеше өңірін апталап аралап жүріп түсірген кезіміз де болды. Мәселен, түрме сахнасы ( сахналанған эпизод) бір-екі-ақ минутқа созылады. Сол эпизодты түсіру үшін екі-үш күн ұйықтамай, әбден шаршап, көз қызарған сәтте барып қана камераның алдына шықтық. Фильм түсірген соң сондай қиындықтар болады.
Әндер жеке дауыста да, көп дауыста да айтылды. Фильм-концерттің уақыты да көркем фильмдегідей ұзақ болмайды. Өйткені талабы басқа. Түсірілім барысында еліміздің көптеген өңірлерін араладық. Бетпақдала түсірілді. Сәкеннің туған жерінде Жетіқұдық деген өлке бар. Інісінің естелігінде Сәкеннің осында шабыттанып, домбыра тартқаны туралы айтылады. Сонда арнайы бардым. Көкшетауды Сәкеннен артық жырлаған ақын жоқ қой. Көкшетауды, Карлагты түсірдім. Түсірілім жазда басталып, күзде аяқталды. 14 қазанда тұсаукесерін өткіздік. Енді бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар. Көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын.
— Қанат Құрмашұлы, Сәкен Сейфуллиннің өміріне, қайраткерлігіне қызығушылығыңыз қай кезде басталды және оған не түрткі болды?
— Мені 2004 жылдан бастап Сәкен Сейфуллиннің рөлін ойнауға шақыра бастады. Мен болайын, басқа болсын, жалпы кез келген актер өзі ойнайтын тұлғаны, кейіпкерді жан-жақты зерттейді. Менің де ізденісім осылай басталған еді.
Мектепте оқып жүрген кезімізде әдебиет сабағында Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын терең талдайтынбыз. Әдебиет пәнінен өзімнің нағашым Мәулен Исабеков, Бағила апамыз сабақ берді. Бұл кісілер менен сабақ сұрағанда, Сәкеннің өмірін болмаса прозасын ғана сұрамайтын. Ең соңында бәрін қорытындылап айтып беретінмін. Сол кезден бойыма сіңген ғой. Кейіннен одан әрі терең зерттеуіме, сәкентанушылардың еңбегімен танысуыма Сәкеннің рөлін сомдауым себеп болды.
Сәкен Сейфуллин — қазіргі уақытта да басы сауғада жүрген қайраткердің бірі. «Тар жол, тайғақ кешу» романын алғаш оқыған кезде менің өзім де «Сәкен Алаш азаматтарын қалайша жамандайды?» деген ой болған. Сәкентанушылардың ғылыми зерттеулерімен таныса келе кеңестік идеологиямен бұл романның бірнеше рет өзгертілгенін білдім. Кітаптың түпнұсқасы араб әрпімен 1927 жылы Қызылордада жарыққа шыққан. Оны зерттеген — Күләш Садыққызы Ахметова. Ол кісі өз зерттеуінде түпнұсқа мен көшірме арасындағы айырмашылықтарды жіпке тізгендей атап көрсетеді. Кеңес өкіметі кезінде роман алты-жеті рет басылса, Сәкен өмірден өтіп кеткеннен кейін әр жарыққа шыққан сайын, сексенінші жылдарға дейін, Сәкеннің атымен өзгертіліп отырған. Түпнұсқа – басқаша. Осыған көзім жетті.
Одан кейін — Сәкеннің Сталинге хат жазуы. Естеріңізде болар, бұл хат мәселесі әр жылдары бінеше рет көтерілді. Мен де осы хатты зерттеуге кірістім. Бұл хат Президент архивінде, аса құпия құжаттардың ішінде, 811-ші қорда тұр екен. Оныншы, он жетінші беттерден бұл хатты көрген кезде қатты жүрегім ауырды. Бұл — бар-жоғы машинкаға басылған, не Сәкеннің қолы, не Сталиннің оқығаны туралы тіркеу белгісі жоқ көшірме хат болып шықты. Содан кейін архивтің барлық басшыларын шақырып, хатты тауып беруін сұрадым. Хатты қай жылы, кім өткізген? Ешқандай ақпарат жоқ.
Хатты 2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген жинақта Мәмбет Қойгелді ағам бастаған ғалымдар шығарған. Жинақ 2011 жылы қайталап басылған. Бұл хатты 1983 жылы Академик Манаш Қозыбаев оқыпты. Кейін Жұмажан Сүлеймен, одан соң Грибанова деген ғалым оқыған. Содан кейін — мен. Енді «Бұл хат жинаққа неге енді?» деген заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Сөйтсем, Грибанова 2007 жылы шыққан «Алаш қозғалысы» кітабын құрастырушылардың бірі екен. Грибанованың қателігі – «Сәкеннің қолы жоқ, тіркеу белгісі жоқ» деген ескерту бермеген.
Бұл — 1925 жылы жазылған хат. Хат: «Мен сізге бірінші рет хат жазып отырмын»,- деп басталады. Сөйтіп жүргенде Мәскеудің мемлекеттік архивінен бұрын қоғамға белгісіз болған Сәкеннің өз қолымен Сталинге жазған хаты табылды. Бұл жерде Сәкеннің өз қолы қойылған, мөр басылған, Сталин оқыған. Ал бұл хат 12.07.1923 жылы жазылған. Басқа — басқа, екі жылдан кейін Сәкен Сейфуллин Сталинге «Мен сізге бірінші рет жазып отырмын» деп өтірік айтатындай басы екеу емес. Көшірме хат өте сауатсыз жазылған.
«Сәкеннің Сталинге хат жазғаны рас па?» деген менің мақалам abai.kz-те, «Егемен Қазастан» газетінде, Әдебиет порталында жарияланған болатын. Сол кезде бұл мақала қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Айналып келгенде, мен Сәкен Сейфуллинге қатысты қолдан жасалған бірнеше фальсификацияны таптым. Маған дейін бұл туралы Тұрсынбек Кәкішев те айтқан. Бірақ ол кезде аса дау болмаған ғой. Мысалы, мұрағаттан алынған бір құжатта Сәкен Сейфуллиннің 1938 жылы 25 ақпанда, ал екінші архивте тұрған құжатта 1939 жылы қазанда атылғаны айтылады. Екеуі де архивте тұрған құжат. Сондықтан архивтегі құжаттардың бәріне бірдей сенуге болмайды.
— Қанат Құрмашұлы, Алаш қайраткерлері мен Сәкен Сейфуллинді бір-біріне жау етіп көрсеткісі келетіндер көп. Шынымен солай болған ба?
— Дұрыс айтасыз, Алаш қайраткерлері мен Сәкен Сейфуллиннің ортасына Ұлы Қытай қорғанын салып қойып, қас жау еткісі келетіндер көп. Мен, керісінше, олардың арасынан сабақтастық, байланыс іздеп отырамын.
Сәкен Сейфуллин 1922 жылы, бар-жоғы жиырма сегіз жасында, үкімет төрағасы болып келді. Төраға болып 1924 жылға дейін істеді. Сәкен ең әуелі «қазақ» деген атты қайтаруға барын салды (оған дейін қырғыз болып жүрдік қой). 1922 жылы 22 қарашада кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізуге қол жеткізді. Жер комиссиясының құрамында да жанкешті еңбек етті.
Алаштықтар І жалпықазақ съезінде он төрт үлкен мәселені көтерді ғой. Ішінде елдік мәселе — жер, тіл, дін, тағы басқалары бар. Бірақ олар соған қол жеткізе алмай қапыда кетті. Себебі заман өзгерді, Кеңес үкіметі келді. Алаштықтардың осы ұлттық мүддесін Сәкен кеңестік кеңістік аясында жүзеге асырды. Үкімет төрағасы болып келген кезінде толығымен қазақтардан тұратын қазақ үкіметін жасақтады. Оның алпыс пайызы кешегі алаштықтар болды. Осыдан кейін Алаш пен Сәкенді бір-біріне жау деп айта аламыз ба?
Сәкен 1923 жылы ұлт ұстазы Ахаңның елу жас мерейтойын өткізді. Сол кезде өзінің қол астында істейтін Әбдірахман Әйтиев деген жігіт «Сәкен Сейфуллин кешегі Алашты дәріптеп жатыр, ұлтшыл, оңбаған» деп үстінен арыз жазады. Ал Сәкен не істеді? Алады да «Тағы да Ахаң туралы» деп газетке мақала басты. Ерлік пе? Ерлік.
— Сәкен Сейфуллин де Кеңес үкіметіне қарсы шыққан ба?
— Сәкен Сейфуллин — үкімет төрағалығына ең қиын кезеңде келген қайраткер. Оның алдында өткеннің салдарын жою, мемлекеттің әлі аяққа тұрмаған салаларын қалыптастыру міндеті тұрды. Сәкеннің істеріне мен кейде қайран қаламын. «Социалистан» деп өлеңдерін жазды. Сөзі социалистік болғанымен, істері ұлттық сипатта болды. Ахаңның тойын өткізеді, «қазақ» деген атты қайтарып алу мәселесі бойынша тоғыз мақала жазады. Шәкәрім атамызды «халық жауы» деп атып тастаған кезде «Еңлік — Кебек» дастанын жарыққа шығарды. 1931-1932 жылдары ашаршылық кезінде «Қызыл ат» деген поэмасын өмірге әкелді. «Біздің тұрмыс» деген драмасында Кеңес үкіметін сынап тастайды. Оның алдында ғана қырық төрт Алаш азаматы ұсталып кеткен. Ахаңдар түрмеде, соның барлығын көріп отыр. Ертең өзінің де ұсталатынын жақсы біледі. Бірақ халық аштықтан қырылып жатқан кезде, ожданы жібермесе керек, осындай дүниелер жазып, «Лениншіл жас» газеті мен «Әдебиет майданына» бастырған. Сол заманда Сәкенді кінәлағандардың бәрі «ұлтшыл» деп айып таққан ғой. Сол ұлтшылдығы үшін атылып кеткен. Бұл кісі кеңес өкіметінің қызығын көрген адам емес.
— Сәкен Сейфуллин жер комиссиясының құрамында болды дедіңіз ғой, сол туралы тарқатып айтып кетсеңіз…
— Мен қысқартып айтуға тырысайын. Сәкеннің қайраткерлік еңбегінің ішіндегі ең үлкені — осы жер комиссиясындағы жұмысы. 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру және әкімшілік шекараларын белгілеу кезінде қазақ жерін түгендеу оңайға соқпағаны белгілі. Бұған дейін де Әлихан Бөкейханов 1910 жылы шыққан «Қырғыздар» деген еңбегінде қазақ даласының қай жерінде қанша қазақ тұрады, қанша ұлт бар, жер көлемі қандай деген сияқты көптеген мәліметтерді қағазға түсірген. І жалпықазақ съезінде осы еңбек негізге алынса керек деп ойлаймын.
Сол 1920 жылы Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декрет жарияланған кезде Ақмола облысы мен Семей облысы Сібір революциялық комитететінің кесірінен қазақтарға берілмей, Сібір ревкомының құрамында қалып қойған. Кейін қайтадан комиссия құрылады. Мақсат — Семей облысы мен Ақмола облысын қазақ өлкесіне қосу еді. Ол кезде Семей облысына Павлодар, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездері, Ақмола облысына Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл, Омбы уездерінің біраз бөлігі қосылатынын ескерсек, бұл — үлкен территория.
Омбыдағы Сібір ревком өкілдері ашық қарсылық танытады. Өйткені бұл өлкелер — Орталық Ресейдің астық дайындайтын аумағы. Азық-түлік дайындау осы екі облысқа жүктелген. Қазақ үкіметі амалсыз орталыққа жүгінеді де, Сәкенге 1920 жылы 11 желтоқсанда 715-ші мандат беріледі. Сол 715-ші мандатпен Сәкен Мәскеуде Бүкілодақтық атқару комитетінің төрағасы М.Калининмен кездеседі. Семей мен Ақмоланың қазақтың байырғы жері екенін, тарихын, этникалық құрамын, географиялық жағдайын айтып түсіндіріп, тағы бір дәлелдейді. «Тағы бір дәлелдейді» деген себебім — Лениннің алдында қазақ шекарасын қорғаған кезде Әлімхан Ермеков те осылай дәлелдеген болатын. Бірақ тағы да осы Сібір елі өкілдерінің қарсылығымен бұл кейінге қалып қойған еді.
Қайтадан комиссия құрылып, Калинин төтенше комиссия құру жөнінде кеңес береді. Сәкен елге келеді. 1921 жылы 16 ақпанда комиссия құрылып, Сәкенге 654-ші мандат беріледі. Екі жақтың 10 адамынан біріккен комиссия 26 күн жұмыс істейді. Комиссия 1921 жылдың 12 мамырына дейін жиырма бір рет жиналыс өткізіпті. Әуелі 20 сәуір күні Семей облысын қайтару туралы келісімге қол жеткізген Сәкен бастаған комиссия Ақмоланы қайтаруда 11 мамыр күні ғана жеңіске жетеді. Қазақ комиссиясының төрағасы Сейітқали Меңдешов болған. Осылайша, біз 1922 жылдың 26 қаңтарында ғана Семей мен Ақмоланы қайтарып алыппыз.
Сәкен Сейфуллин сияқты қайраткерлердің ұлт үшін істеген осындай жанкешті еңбегін біз ұмытпауымыз керек.
— Қанат Құрмашұлы, ердің жасы — елу жасыңыз құтты болсын! Сәкен Сейфуллин секілді Алаштың ардақты ұлының еңбегін елге, халыққа танытып жүрсіз. Мұның өзі де үлкен ерлік деп білеміз. Сүбелі сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбатты жазып алған Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Semeı tańy»