Semeytany.kz — Семей қаласында Абай облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Балалар мен жасөспірімдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шараға тәжірибелі психологтар қатысып, өз әдістемелерімен бөлісті.
Семинарда Абай облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Анна Симоненко «балалар жарақатының психологиясы», «зорлық-зомбылық белгілері мен диагностикасы», «балалардың зорлықты қабылдауы» тақырыптарын түсіндірді. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасына қарасты Семей қаласының №2 емханасының психологы Айгерім Балағазинова «зардап шеккен баламен сөйлесу тәсілдері», «полиция және өзге құрылымдармен үйлесім», «мамандардың эмоционалды күйіп қалуының алдын алу» жөнінде дәріс оқыды.
Қатысушылар практикалық сұрақтарына нақты жауап алып, талқылауға белсенді қатысты. Шара соңында кофе-брейк өтіп, тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.