Semeytany.kz — Абай облысы, Аягөз ауданы Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Бейсен Бертан сынып тазалығын жеңілдетуге арналған шағын құрал жасап, оны мектепте сынақтан өткізді.
Құрылғы парта үстіндегі және едендегі ұсақ қоқыс пен шаңды жедел жинайды. «Әдетте еден жуылады, бірақ ұсақ қоқыс парта арасында қалып қояды. Сол мәселені шешкім келді», – дейді Бейсен.
Оқушы сызбасын өзі қағазға түсіріп, батарея мен қосқыштың орнын анықтаған. Корпусы пластик қораптан жасалып, ішіне айналмалы щетка мен қозғалтқыш орнатылған. Қозғалтқыш батарея арқылы іске қосылады. Жоба жетекшісі – Құралай Ерали.
Бұл жұмыс Бейсенге тұрмыстық қалдықты қайта пайдалану, электр тізбегін құрастыру және шығармашылық ойлау дағдыларын меңгеруге мүмкіндік берді. «Алдағы уақытта қуатын арттырып, құрылғыны басқа сыныптарда да қолдануға ыңғайлы етемін», – дейді ол.