НЕМЕСЕ ӘЗ-АҒА — ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР
Бұл естелік Әз-ағаның адами қасиеттері туралы толғаныс. Және бұл кездесулер Кеңес Одағы тарамай тұрғанда болған. Оның шығармалары қазақ, орыс, украин, чех және басқа тілдерде шыққан. Жалпы тиражы бір жарым миллион данадан астам. Бұл ұзақ өмірімде талай жақсы адамдар кезікті ғой. Жолдастардың да бірсыпырасы болады екен, бірақ, нағыз досы бір-екісі ғана болуы мүмкін. Сол жайсаңдардың мінездері біртоға, сөзі мен ісі бірге жүретін, адал ниеттерімен баурап алатын адамдар. Солардың бірі өзіміздің Әзілхан Нұршайықов ағамыз еді. Ол өзінің Ұлы Отан соғысы ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атты атақтарына мастанбады, көкірегін кермеді, менменсінбеді, әрда-йым біркелкі мінезімен келісімді болатын. Маған қызмет бабымен кездескен, соғыста бол-ған офицерлер мен азамат адамдардың адами жақсы қасиеттері бірдей болып көрінді. Оларда бос сөз жоқ. Отанға берілген, нақтылы істің адамдары болып келеді екен. |
Мені Әз-ағамен рухани жақындатқаны да осы қасиеттері. Әз-аға осындай адамдардың бірі болатын, ол арамызда жоқ болса да, өткен өмірге шолу жасап, оны еске алып, Алланың осындай адаммен кездестіргеніне тәубашылық етесің!
Шіркін, Әз-аға — Әзілхан Нұршайықов, сіздің өзіңізге ғана тән тембрі жайдарлы да қоңыр дауысыңыз, байсалды жүріс-тұрысыңыз еш естен кетпес. Сіздің ашық та қоңыр көздеріңізден, сымбатты сырт пішініңізден тұлғалықтың, ақылдылықтың, білімпаздықтың, терең ойдың, мейірімділіктің нышаны менмұндалап тұрушы еді-ау.
Мен онымен бала кезімде сырттай таныстым. Ол былай болған еді.
Соғыс жылдары, қолдарына «қара қағазды» алса да, тылдағы адамдардың көпшілігі туыстарының қайда және қандай жағдайда қаза тапқанын білмей дел-сал болатын. Бәрі туысының қалай мерт болғанын, қай жерде жерленгенін білгісі келетін. Сондайдың бірі біздің ауылдың тумасы Жүніс Ідірісов еді. Ол туралы хабарды Семей облыстық «Екпінді» газетінде жарияланған Әзілхан Нұршайықовтың мақаласы жеткізді. Майдангер, 100-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасының зеңбірек командирі сержант Әзілхан Нұршайықов қарулас Жүніс Ідірісовтің ерлікпен қаза тапқанын жазыпты, бірақ оның қай жерде жерленгені белгісіз. Соғыс аяқтал-ғаннан кейін автордың Семейде екенін естіген ағасы Мәмила газетті қолына ұстап, Әзілхан Нұршайықовты Семейден тауып, кездесіп, інісімен бір батареяда, артиллерист-барлаушы болғанын, жаралы бола тұра аман қалған бір қолымен жаудың танкісін жойғанын мақала авторының өз аузынан естіді. Інісінің Мәскеу қаласының түбінде қаза болғанына көзі жеткен Мәмила суық хабарды әке-шешесіне жеткізді. Жылап-сықтаған олар Жүніске қатынасты өлім дәстүрлерін жасады. Ол кезде мен кішкентаймын, бірақ бір ауылдан бір азамат соғыста қаза тапса, бүкіл ауыл болып жиналып, сол үйдің қайғысын бір кісідей бөлісіп, біріне-бірі мейірімді, жандары ашитын, сол үйге ауыл болып жиналатын.
Бұл хабар жауынгер Әзілхан Нұршайықовтың қан майданда жүріп, Жүністің отбасына айтқан жұбату көңілі болды деп есептедік. Оған Жүністің туыстары алғыстарын айтып, аманшылығын, ғұмырының ұзақ болуын тіледі…
1966 жыл. Львов облысындағы Самбор қаласынан Семейге кезекті демалысқа келгенмін, лейтенант кезім. Түсіп қайын атамның үйінен мұқабасы жоқ, қолдан-қолға ауысып оқырманынан көресінді көрген «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын көрдім. Оқиын деп үйдегілерден сұрасам, оған өшірет екен. Кезекті күтіп қолыма түскен кітапты күндіз-түні бірден оқып шықтым, соңғы беттері жоқ та екен. Бітірген соң келесі оқырманға бердім.
Осыдан кейін Әзілхан Нұршайықовтың кітаптарын әскери қызмет атқарған жерлерімде іздестіре жүретін болдым. Жоқ. Тіпті, Ленинградтан да кездестірмедім. Әйтеуір, Иркутскіден «Песня любви» кітабын тауып оқыдым-ау. Ол кішкене кітап әлі күнге дейін сақтаулы. Оны Алматыға ауысқанымда авторға көрсеттім. Ол сол кітаптың бірінші бетіне: «Құрметті Шәмен інім! Сіз де Совет Одағының Батыры туралы жазып жүр екенсіз. Шығармаңыздың сәтті болуына шын жүректен тілектестік білдіремін. Әзілхан Нұршайықов» деп жазып берді. Осылай жазушы Әзілхан Нұршайықовпен таныстым. Кітаптарының тілі жеңіл, оқығанға оңай болғандықтан, оның басқа шығармаларын құныға оқитын болдым.
…1974 жылы Сібірдегі Забайкалье әскери округінен Алматыға ауысып келгенімде Мир көшесіндегі үйіне арнайы жұбайым Дариға екеуміз Әзілхан ағаға сәлем бере бардық. Халима жеңгей екеуі де үйлерінде екен. Әз-аға: «Сержантқа майор сәлем бере келгені ме?» деп күліп, орнынан тұрып қарсы алып, өзіне майордың арнайы келгеніне риза болып, қалжыңдап күліп қарсы алды. Халима жеңгей төргі үйіндегі ұзын да кең үстелге дастархан жайып, бізді қошеметтеді, ұзақ әңгімелестік. Осы бірінші кездесуден кейін ара қатынасымыз үзілмеді. Осы жерде марқұм әке-шешемнің үлкендерді сыйлап, амандасып жүргенге үйреткендеріне мың да бір рахметімді айтамын.
Кейіннен ағалар осы үйден Құрманғазы көше-сіндегі үйге қоныс аударды. Әз-ағаның шығармашылық бөлмесі пәтер дәлізінің түкпірінде сол жақта, оң жағында төргі бөлмесі екен. Өз бөлмесінің кіре беріс оң жағында қабырғаға тіреліп диван, оған қарсы үлкен және одан аласалау үстелдер тұр екен. Үлкен үстелдің орта шеті ойылған, екі жағында екі қанаты бар, жұмысқа өте қолайлы. Ортасында орындық, үстел үстінде, қарсы алдында, портативті машинка, алдында, жан-жағындағы үстелдерде толып жатқан күнделік дәптерлері, көптеген кітаптар мен газеттер үйіліп жатыр, тіпті, сыймағандары еденнен орын алған. Бөлменің келесі қабырғасында үлкен терезе, екі қабырғасын ала кітаптарға толы сөрелер. Онда белгілі әлем классик жазушыларының, Одақтас республикалар және қазақ әдебиетшілерінің шығармалары. Оң жақтағы сөренің үстінде маршал Жуков пен ақын Олжас Сүлейменовтің және өзінің портреті, алған сыйлықтары мен марапаттау қағаздары, М.Горький мен М.Әуезовтің мүсіншелері жайғас-қан. Осындай арнайы бөлме әр жазушының арманы ма деп қалдым!
Мен Алматыға келе салысымен Кеңес Одағының Батыры, ауылдасым Айткеш Ибраев туралы ізденіс жасап, шығарма жаза бастадым. Осы туралы айтқанымды Әз-аға бірден құптады. «Қыршын жасқа белгі боп қалсын! Дұрыс. Жаз», — деп майдангер аға жылы ілтипатын білдірді. Бұл соғыс ардагерінің майдан шебінде қалған қаруласына құрметі. Ол осы бастамама көмек көрсететінін де айтты.
Айткеш аға қызмет атқарған 380-ші атқыштар дивизиясы туралы материалды КСРО Қорғаныс Министрлігінің Мәскеудегі және Подольскідегі Орталық мұрағаттарына барып, табандай үш жыл бойы демалыс күндерімді пайдаланып көшіріп алдым. Мектептегі қазақша білім жеткіліксіз болғандықтан, әдеби шығарма жазу қиынға соқты. Әйтеуір, менің өз бетіммен газеттерге үзбей жиырма жылдан артық жазып келе жатқан тәжірибемнің көмегі тиді. Қолға алғаннан кейін бітіру керек, қызметтен келе салысымен тамақтанып алып және демалыс күндерімді пайдаланып, жазбаға кірісіп кететінмін. Қоймай жүріп бітірдім. Әзілхан аға ке-шікпей үйіне шақырды. Барсам қараторы уыздай жап-жас жігіт отыр.
Жылы жүзді, орта бойлы қағылез жігіт екен. «Мына отырған жігіт Нұрдәулет Ақышев. Жазушы. Осы жігіт саған көмектеседі», — деп таныстырды. Қуанып кеттім. Осы кездесуден кейін қолжазбамды Нұрдәулет ініме бердім. Менің түзетілген қолжазбамды Нұрдәулет інім Әзілхан ағаның үйіне алып келіпті. Әз-аға Нұрдәулеттің тапсырманы орындағанына риза болып көтеріңкі көңілмен:
— Өстіп жүріп Шаймардан ағаңнан жазушы шығарамыз-ау деймін, — деді күлімдеп Нұрдәулетке қарап, машинкаға басылған менің қолжазбамды ұсынып тұрып. Нұрдәулет Әз-ағаның бұл сөзін қабылдағандай басын изеп, жымиып тұр. Сол Нұрдәулет қазір филология ғылымдарының докторы, профессор, Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтының бірінде мамандығы бойынша істейді, қаламы ұшқыр елімізге белгілі жазушы.
Өңделген шығарманы баспаға тапсырдым. Ол 1988 жылы «Қазақстан» баспасынан «Курск шайқасының қаһарманы» атпен жарық көрді. «Жақсыдан шарапат» деген осы. Осылай Әзілхан аға менің бірінші кітабымның шығуына көмегін тигізді. Кітап шыққаннан кейін Әз-аға, Нұрдәулет үшеуміз кездестік. Серуендеп көше бойлап жүріп келеміз. Аға менің отбасым мүшелерінің аттарын таяуда ғана білсе де ұмытпапты, атап сұрап келеді. «Есі-не сақтау қабілеті қандай күшті» деп таңғаламын. Аға бір бригадада болған, соғысқан Мәншүк Мәметованың басына барып қайтқанын, оның ерлігі туралы, Мәлік Ғабдуллин туралы айтып келеді, егер ол көтермесе, Батыр қыздың елеусіз қалуы мүмкін екенін айтты. Біз майдангер ағаның әңгімелерін мұқият тыңдап келеміз. Аласа бойлы, ашық түсті киім киген, тіпті, аяқ киіміне дейін аппақ, бойы тіп-тік Әз-ағаның жүрісі ширақ, ойы сергек. Әңгімесінде бір артық сөз жоқ. Ойды қысқа да нақты айта білген қандай жақсы!
Сол жылдардан бастап Әз-аға менің сырласыма, ақылшыма айналды. Тәжірибелі әдебиетшінің бірінші кітабымды жазуға кірісер алдында: «Шаймардан, шығарма жазар алдында кем дегенде бір-екі көркем шығарманы оқып шық» деп кеңес бергені әлі есімде. Бұл білген адамға дер кезінде ай-тылған, табылмас ақыл ғой. Мен үшін ойламаған, тың кеңес еді.
Кейіннен Әз-ағаға «Зауал шақ» әңгімемді апардым. Оқып шыққан соң, ұнаған болуы керек деп ұқтым, менің көзімше сол кездегі «Жұлдыз» журналының редакторы Мұхтар Мағауинге телефон шалып, «Зауал шақты» журнал бетіне шығаруды өтінді.
Сол әңгіме оқырмандардың көңілінен шықты, білем. Семейде көру қабілеті төмен мүгедектер соны кәсіпорнында жұмыс істеп отырып, жергілікті радиоторабынан біреудің оқуымен бірнеше мәрте тыңдапты. Осылай болғанын мүгедектердің өздерінен естіп едім. Жазғаныңның кәдеге жарағаны қандай жақсы!
…Әз-аға ауырып бірнеше рет Министрлер Кеңесінің ауруханасына түсіп емделгені есімде. Ести салысымен барып жүрдік. Бір барғанымда Әз-аға аурухананың ауласында жазушы Зейін Шашкинмен әңгімелесіп жүр екен, мені сол кісімен таныстырды. Біраз әңгіме құрдық. Тағы бір барғанымда қасында өзінің жақсы достарының бірі Мырзабек Дүйсеновпен таныстырды. Әз-аға досының баласының Ауғанстанда қаза тауып, Мырзабекті шөктіріп кеткенін айтып, өзі де қасіретке ортақтасып, өңі қуарып, көзі күңгірттеніп кеткені бар. Ке-йіннен Әз-аға оның «Ғасырлар сыры» кітабын маған сыйға берді.
Кейінгі бір барғанымызда ауырғанының қаттылығы сонша, тіпті, төсек тартып жатып қалыпты. Халима жеңгейдің күндіз-түні қасында отырғанын көрдік. Осыдан кейін: «Ұзақ бірге өмір сүрген ерлі-зайыптылар біріне-бірі берілген, жұптарын бұзбайтын аққулардай болады екен ғой» деген тұжырымға келесің.
Хал-жағдайын сұрағанда:
— Қанымның құрамы дұрыс емес екен. Соны емдеп жатыр, — деген. Халима жеңгей ағаш орындықта қасында отыр.
— Күндіз осылай. Түнде аяқ жағына жатып мыз-ғып аламын, — деді ол кісі.
Соғыс ардагерлері құдды бір майдандағы алғы шептің блиндажында жатқандай болып көрінді маған. Екеуінің де түрлерінде абыржу жоқ. Сауығудың амалын ойластырып, сенуде. Қиындықтарды бастарынан кешіріп, шыныққан адамдар, деп түйдік.
Дәрігерлердің көмегінің және жеңгейдің күтуінің арқасында Әз-аға жазылып шықты. Осыдан кейін бірсыпыра өмір сүрді. Зайыбы оны тастап, мәңгілік сапарға аттанып кетті. Жан жолдасынан қапыда айырылып қалғанына Әз-аға қатты қиналды.
Ерлі-зайыптылардың ұзақ, баянды, үлгілі өмірі бүкіл қазақ жұртына өнеге болды. Жан жолдасынан айырылған Әз-аға жұбайына берілгендігін білдіріп, ескерткіш ретінде сүйікті жары Халимаға арнап артында үлкен шығарма жазып қалдырды.
…1985 жыл болатын. Ол соғыстың аяқталғанына 40 жыл толар алдында Бауыржан Момыш-ұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беруді ұсынып, Орталыққа хат жазғандарын айта келе:
— Мен жүгіріп жүріп, Мәскеуге жіберілетін қағазға қол қойдырттым. Оның ішінде Талғат Бигелдинов, Әмина Мәметова, Ғабит Мүсіреповтер бар. Болған жағдайды айтып, Баукеңнің үйіне бардым. Осындай адамдар қолдарын қойды деп аттарын атап жатырмын. Ғабеңе келгенде: «Жоқ», — деді. Мен: «Неге?» — деп едім. «Сенің жұмысың қанша?» — деп басып тастады. Мен: «Сіз туралы кітап жазып жүрген адам, сырыңызды түгел білуім керек», — дедім. («Ақиқат пен аңызды» жазып жүрген кезі). Ол тілін шығарып, оны сұқ саусағымен басып көрсетті. Сосын: «Егер Ғабең мені қолдап қолын қойса, оның өзі маған Совет Одағының батыры атағын алғанмен бірдей», — деді. Міне, осылай Әз-ағаның өзі үшін емес, өзге адам үшін әділдікке жүгінудің керек екендігін, күрескенін өз аузынан естідім.
…Әзілхан аға бір әңгімелескенімізде: «1976 жылдың 31 декабрінде Баукеңе мемлекеттік сыйлық берілуімен құттықтап, телефон шалдым. Ол маған «нешеуе» деп жауап берді, — деп Баукеңді есі-не түсіріп ойланып қалды. — Тірі жүрсе: «Бауке, Совет Одағының Батыры атағы құтты болсын!», — дер едім. Ол маған баяғы қалпында: «Нешеуе» деп жауап қатар еді», деп езуін тартып еді Әз-аға. Оның жүзінен мейірімділік лебізі білініп тұрды.
…1988 жылдың 19 қарашасы. КСРО батыры Айткеш Ибраев туралы шығарманы жазып бітіріп, енді жоспарға енгізбек болып, қызмет бабымен бұрыннан таныс Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке хат жазғанмын. Сонымен, ағаны таныстырайын деп үйіне бардым. Хатпен танысқан соң: «Хаттың мазмұнына қарағанда, Өзекеңнің өзіне жететін сияқты. Қазір Францияда жүр. Келгесін көмектесетін шығар», — деді.
Өкінішке орай, он табақтық қолжазба баспада қысқартылып, көлемі төрт табаққа да толмай кітап болып жарық көрді. Қолжазбаның түпнұсқасын баспадан алайын деп іздестіргенімде, «жауапты кісі отпускіде», «бір айдан соң келіңіз», «подвалда жатыр», «архивке өтіп кетті» делініп, түрлі сылтаулармен жоғалып кетті. Өкінішті-ақ. Қайткенмен де Айткеш аға туралы ескерткіш шықты!
Денінің саулығын сұрағанымда:
— Лечебная гимнастикаға барып жүр едім, шамам келмей құлап қалдым. Енді, бармаймын. Дәрігерлер түк жұмыс істемеңіз, жазбаңыз да, — деп жатыр.
— Беріліп жазасыз ғой. «Махаббат, қызық мол жылдардан» бастап жүрегіңізге салмақ түсе бастаған шығар, — деп жорамалдаған едім. Өйткені, ондай жағдай қыршын жас Айткеш туралы жаз-ғанда басымнан өткен.
— Иә, онсыз болмайды. Әйтпесе, оқырман қабылдамайды. Шынында да, «Махаббат, қызық мол жылдарды» жылап отырып жазғаным рас, — деп сырын ашты Әз-аға.
Өзінің денсаулығы нашарлап, дәрігерлер жазушылыққа рұқсат бермейтінін тағы да айтты, бәйбішесі қайтыс болып, өмірден қатты соққы алды. Сонда да еңбектенуді тоқтатпады.
…Халқымыздың арманы болған Тәуелсіздікті қуана қарсы алды. Ол туралы газеттерге жазып, телеарналардан сөйлеп жүрді. Президентіміздің рухани көмекшісіне айналды, сөйтіп жүріп сүйген жары Халима жеңгей туралы сирек кездесетін әдеби туындыны жазып шығарды.
Осы жолы өзінің университеттен бері досы болған Мырзабек Дүйсеновтің қазасына көңіл айтып едім: «Оның және Жұбан Молдағалиевтің қайтыс болғандығы да ауыр тиді, жүрегім қатты ауырды. Мырзабек аварияға ұшырап, бір өкпемен қалған. Сонысы жаман ауруға ұшырады. Баласының Ауғанстанда қаза тапқаны да әсер етті», — деп қиналып достарын мұңайып есіне түсірді.
…Ол майдандас достары туралы көптеген ізденістер жасады. КСРО Қорғаныс Министрлігінің Подольскідегі Орталық мұрағатынан оның 100-ші атқыштар бригадасының құжаттарынан қойған қолын көрдім. Әз-ағаның құжатпен танысқан қолынан кейін мен де белгі салдым. Сонда көкірегіме мақтаныш сезімі орнап еді.
Осы жолы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қабірінің басына барғандағы суретін, М.Дүйсеновтің «Ғасырлар сыры» кітабын сыйлады.
Әз-аға бес томдық материалын баспаға бергенін айтқанда мен:
— Өз жинағыңыз келесі жылдың ортасына таман шығып қалса, ол бір үлкен жетістік болар еді, — деп едім:
— Біздікі тура жүріс қой. Абайдың тәрбиесі. Сол тәрбие қанымызға сіңген, — деп өзін ұлы Абайдың шәкірті екенін тағы бір дәлелдеп берді. Осы ойын Әз-аға: «Орыс жазушылары «бәріміз Гогольдің шекпенінен шықтық» деп айтатындай, біз – ХХ және ХХІ ғасырдағы қазақтың ақын-жазушылары Абайдың анау кең шапанынан шықтық.
Мен Абайдан адам болуды, азаматтыққа көтерілуді, адамзатты сүюді үйрендім. Мен Абайдан ұлтты ардақтауды, ұрпаққа қызмет етуді үйрендім. Мен Абайдан достық пен махаббатты үйрендім. Мен Абайдан адалдық пен әділдікті үйрендім. Адамгершілік пен парасаттылықты үйрендім. Мен Абайдан адамзат анасы — әйелді ардақтай білуді үйрендім» деп жазды және мұның бәрі оның өмірлік қағидасы болды, олардан танбады. Шынында нағыз шығармаларды осындай рухани таза жазушылар ғана жаза алады, деп түйіндеймін.
Кетер алдында қасыма келіп:
— Полковник — офицердің ең жоғарғы шені ғой. Соғыс кезінде қазақ полковниктерін көрмеп едім, — деп иығымдағы жұлдыздарымды сипап өтіп, шинелімді сыртымнан түзеп жатты.
Кеңес Одағындағы әскери училищелер мен академияларды тәмамдаған офицерлерінің бес-он пайызы ғана полковник дәрежесіне жете алатын. Бейбітшілік жылдары да қазақ офицерлерін өсірмегендерін біз басымыздан кешіріп, көзімізбен көрдік.
Екеуміз құшақтасып қоштастық. Шығарып салып тұрып:
— Үйдің телефонын білесің ғой, хабарласып тұрсаңшы, — деп туған ағамдай жылы мейірімімен қоштасты.
…1990 жылдың 28 тамызы болатын. Нұрдәулет Ақышев інім үйге телефон шалып, осыдан төрт күн бұрын «Қазақ әдебиетінде» жариялан-ған Қазақ ССР-і Президентінің 16 тамыздағы №34 Жарлығымен Әз-ағаның халық жазушысы атағын иеленгені туралы айтып, құттықтап баруымызды ұсынды.
Ағаның үйіне барып оны құттықтап, жеңгейдің еңбегін қоса айтып, мәз-мейрам болып жатырмыз. Нағыз халық жазушысы екенін, енді оның ресми жарияланғанын, ағаның Ел азаматы екенін айтып, бар ақ ниетімізді білдіріп отырмыз. Аға болса, сол Жарлық шыққан күні Ұзынағашта болғанын, Президенттің өзі телефонмен құттықтағанын, осының бәрі кенеттен болғанын айтып жатыр. «Сасқаным соншалықты, — деді аға өткен күнді есіне түсіріп: – Тіпті Президенттің аты аузыма түспей қалды емес пе. Әйтеуір, аузыма орысша аты түсіп, Нурсултан Абишевич дедім», — деп күлдіргені бар Әз-ағаның.
Бұл мәліметтер Әз-ағамен кездесулердің біразы ғана.
Кейіннен әскери қызмет аяқталып келе жат-қанда Алматыны Семейге ауыстырдым. Туған өлкемді аңсап, оралғым келді. «Енді Семей өңіріне қолымнан келген жақсылығымды атқарайын» деп ойладым.
Алматымен қоштасарда өзіме жақын кеңесші, ақылшы болған ардақты аға-жолдастарымды Алматы төрінде соңғы жайылған дастарханымызға Қазақ ССР-і Азаматтық Қорғаныс штаб бастығы генерал-лейтенант Есет Әлібеков, тарих ғылымдарының докторы, Қазақ қыздар педагогикалық институтының профессоры Керейхан Аманжолов, Шар ауданындағы Новоталбинканың тумасы, қимас ағам Әнияр Жауынғаров, жолдастарым Совет Жантеміров, Мұхит Құлымғариев, Серік Күзденбаев және Ділдән Рахимовтарды шақырдық. Бұлардың бәрі полковниктер, біртуар азаматтардың арасында құрметті ағамыз Әзілхан Нұршайықов пен Халима жеңгей екеуі болулары керек еді, бірақ бір жағдайлармен олар келе алмады.
Әз-ағамен дастархандас болып жүрген Есет пен Керейхан ағалар Әз-ағаның бола алмағанына өкінген сөздерін айтты. «Әңгімеміз жарасып, қалжыңдасып қалар едік», — десіп жатыр ағалар. Әрине, нар ағаларымыздың әр кездесулері бір ғанибет қой. Қамшының сабындай қысқа, қас-қағым өмірде әңгімелесіп, қауышып қалудың өзі құнды екен ғой.
Керейхан Аманжолов запастағы подполковник, Ортаазиялық округтің штабынан зейнеткерлікке шыққан. Запаста жүріп докторлық диссертацияны жазып, қорғады. Керейхан ағаның соғыс кезінде Қазақстанда құрылған құрамалар туралы жинақтаған материалдары көп болды. «Ерліктің жарқын беттері» аталып кітап етіп шығарды да. Ол Қазақстанда жасақталған құрамалар туралы, ондағы азаматтардың ерліктері туралы жазды. Керейхан ағаның еңбектері осы салада шұғылдан-ған Ш.Уәлиханов атындағы Археология және тарих институтының қызметкері Павел Степанович Беланнан кем болған жоқ деуге болады.
Бірде маған ол:
— Шаймардан, тағы 2-3 дивизия туралы материал жинап ал да ғылыми еңбек жаз. Өзім басшылық етіп, бір жылдың ішінде ғылым кандидаты болып шығасың, — деп ұсыныс жасады. Бірақ мен оған барғым келмеді. Өйткені, ол үшін Подольскіге қайта бару керек еді. Ондағы жұмыс бір аймен шектелмейтін болатын.
Полковник Әнияр Жауынғаров аға да менің сойылымды соғып жүретін жоғары лауазымды, Алматыда беделі жоғары аға болатын. Советте, Белорусияда әскери қызмет атқарған. Артиллеристер сайысында оның батареясы бүкіл округте бірінші орын алған батарея командирі болған.
Мұхит Құлымғариев болса, КСРО Стратегиялық маңызды Ғарыштық әскерде болып, Байқоңырда зымырандарды ғарышқа ұшыруға қатынасқан офицер.
Серік Күзденбаев та ракетші. Куба кризисі болғанда әскери корабльдің трюмасында жатып, Кубаға жеткен. Әскерді жасырып солай апарған ғой. Сөйтіп Американың қолтығының астына барып, Кеңес Одағының Қарулы Күшінің күштілігін көрсетіп қайтқан офицер.
Ділдән Рахимов Моңғолияда әскери қызметін атқарған. Өте тәжірибелі, бүкіл Қазақстан бойынша орналасқан азаматтық қорғаныс штабтары офицерлерінің мінез-құлқын, білімін, әскери мүмкіншіліктерін білетін, сондықтан, генералдың алдында олар туралы ұсыныс жасай білетін, соның арқасында біздер, офицерлер, кезекті шендерімізді алып, өсіп отырдық. Тәжірибелі, ақылды кадровик болатын.
Бұлардаң бәрі КСРО Қорғаныс министрілігінің құрамаларында тарыдай шашылып жүрген қазақ жігіттері болатын. Бәрі де ұлттың өкілі бола жүріп, қазақ намысын жоғары ұстады. Қызметтерінде алда жүрді. Сондықтан, мақтан тұтатынбыз.
Семейге қоныс аударсақ та Әзілхан ағамен байланыс үзілмеді. Хат жазысып, мейрамдарда құттықтасып тұрдық. Телефонмен хабарласқанда: «Шаймардан, сенің осы хатыңды пәленше нөмірмен тіркедім» деп өзінің нәзік дауысты күлкісімен айтатын. Осындай қатынастардың арқасында Әзілхан Нұршайықов туған ағамдай болып кетті. Нағыз ер азаматтар арасындағы достық осындай болар!
Ол орыстардың Овечкині сияқты халқымыздан шыққан танымал очеркист болғаны белгілі. Солай жазылды да. Кейіпкерлерінің ішкі дүниесін ашып, олардың мінездерін көсемсөздігімен көрсете білді. Жазған адамдарының бәрін өз көзімен көрген. Бәрі де өзі сияқты адал, өзі айтқандай «Абай сияқты тура жүретін адамдар» болатын.
Өзімнің Әз-ағаға істеген бір жақсылығымды айта кетейін.
Бірде үйдің телефоны шылдыр ете түсті. Трубканы көтерсем, сымның арғы жағында Әз-ағаның қоңыр дауысы. Өзара аманшылықты сұрасқан соң:
— Шаймардан, наступление может заглохнуть. Нужна огневая поддержка, — деді.
— Было бы сказано, огневая поддержка будет оказана в полном объеме, — деп екеуміз қалжыңдасып күлісіп алдық. Сөйтсе, ағаның шығарамын деп жүрген шығармасы жоспарға кірмей қалған көрінеді. Әйтеуір, көмек керек.
— Менің қандай көмегім болады? – деп едім.
— Сен әскери адамсың, полковниксің ғой. Өз атыңнан Орталық Комитетке жағдайды айтып, ұсыныс жасап, хат жаз, — деді. Кімге, қалай жазу керектігін анықтап алған соң, кешіктірмей хатты салып жібердім.
Сол «огневая поддержкамның» көмегі тиген болуы керек, «Семей таңы» газетінде «Жазушы» баспасы Әзілхан Нұршайықовтың қазақ тілінде шығатын төрт томдық шығармалар жинағына жазылу жүргізіледі» деп жазылыпты. Кейіннен Әз-ағаның жинағы түгелдей шықты да.
Әз-ағаның кітаптарына анда-санда бір қарап қоятын ғадетім бар. «Тоғыз толғауын» келесі бір қарап отырғанымда біздің ауылдан хабарсыз кеткен Биған тәтенің жолдасы, жауынгер Уәшевтің 1943 жылдың 13 қыркүйегінде қаза тапқанын білдім. Ауылдастары мұндай мәліметті таба алмай жүрген.
Өзімді Алланың Әз-ағамен таныстырғанына бақыттымын деп санаймын. Оның жарқын шығармалары «Махаббат, қызық мол жылдары» мен «Ақиқат пен аңызы», басқа да шығармалары халқымен бірге жасай беретініне күмән келтірмеймін. Бүгінде Әз-ағаның — Әзілхан Нұршайықовтың көзі жоқ болса да, келешекте оның шығармалары хал-қының рухани азығы болып қала бермек.
Әзілхан аға Нұршайықов туралы естелігімді оқырман қауымға ұсынуды інілік борышым деп санадым. Менен басқалар да орталық басылымдарда жазып жатыр. Бұл Әз-ағаның екінші өмірінің аяқ басуы ғой.
Шаймардан ҚАЛИАҚПАРОВ,
отставкадағы полковник, Семей.