Инвестор жобаға кедергінің болып тұрғанына ренжулі. Бөдене ауылының тұрғындары өздерінің пікірімен санаспай, мұсылман халықтарына жат кәсіптің ауыл іргесінен салынатынына алаңдаулы… Сонымен…
Риза АСАНҚЫЗЫ,
«Semeı tańy»
Осы аптада Шағандағы шошқа өндірісін қолға алмақ болған ресейлік EMA Ltd. компаниясының өкілдері Абай облысының әкімдігіне келіп, жобаны жүзеге асыруға кедергілер туындап жатқанына реніш білдірді. Инвесторлар жоспарланған өндірістің іркіліп қалғанына ренжулі… Олардың ойынша, билік жергілікті халықты қолдап отыр… Инвестордың да өз мүддесі, өз есебі бар. Омбы — Майқапшағай тас жолының бойы, темір жол қатынасына қолайлы. Қытайға шикізат жөнелтуге бұдан ыңғайлы жерді инвесторлардың таба алмасына дау жоқ. Облыс әкімі бастаған билік инвесторлар ренішін ықыласпен тыңдады. Алайда бір сұрақтың басы ашық қалды: билікке ренішін арқалап келген инвесторлар ауыл халқының қарсылығын дәл сондай ықыласпен тыңдады ма? Естеріңізде болса, «Semeı tańy» газетінде және әлеуметтік желілерде жарияланған «Доңыз дипломатиясы» мен «Ар аукционы» атты мақалаларымыз қоғамда қызу талқыға түскен еді. Жұрттың алаңдаушылығы бір күндік дақпырт емес. Бұл — ауылдың болашағына, қоршаған ортаға, қалыптасқан өмір салтына, ұлттық және діни құндылықтарға қатысты мәселе. Сірә, осы қоғам қарсылығы жобаны жүзеге асыруға ниетті тараптың көңіліне кірбің түсірген тәрізді. Доңызға қарсы дабыл қаққан біздің мақалаларымызға да ренжулі екендерін байқадық. Бірақ халық көкейіндегі сұрақты қойғаны үшін төртінші билікке ренжуін қалай түсінеміз? Инвестициялық жобаның жолында тұрған кедергілерге бір жақты қарауға бола ма? Әлде инвесторлардың жобасына, жергілікті жұрт үнсіз келісім беруге міндетті ме?
ЖИЫРМА МИЛЛИОНҒА АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУГЕ БОЛА МА?
Біздің білуімізше, Шаған ауылында осы жобаға байланысты қоғамдық тыңдау өткізіліп, инвестор мен ауыл әкімдігі арасында меморандум жасалған. Келісім бойынша, жоба иелері ауылдың әлеуметтік қажеттіліктеріне жыл сайын шамамен 20 миллион теңге бөлуге уәде берген. Әлеуметтік қолдау көрсетуге ниет білдіргені – бөлек мәселе. Алайда сол қаржының есебінен қандай нақты жұмыс атқарылмақ? Бұл қаржыға қанша көше жөнделеді? Қай ғимарат қалпына келтіріледі? Ауылдың қандай түйткілдері шешімін табады? Бүгінгі бағаны есепке алғанда, жиырма миллион теңге ауылдың қанша жылдық мәселесін еңсереді? Бұл қаржының көлемі мен одан күтілетін нәтиже жұртшылыққа ашық көрсетілді ме? Инвестор мырзалар, ауылдың қажеттіліктерін тізіп, нақты есеппен сөйлесеңіздер. Қоғамға құрғақ уәде емес, нақты нәтиже керек. Дегенмен әңгіменің ең маңызды тұсы ақшада емес. Ауылға бөлінетін қаржы – халықтың келісімін сатып алатын төлем емес. Меморандумға қол қою – елдің ар-ожданын саудаға салу деген сөз емес. Әлеуметтік көмек көрсетуге уәде берілді екен деп, жобаның барлық салдарына жұртшылық көз жұма қарауға тиіс пе? Ауылға жол салып, бірер ғимаратты жөндеу арқылы адамдардың сенімін, діни ұстанымын, өмір сүру кеңістігін аяққа таптауға бола ма? Инвестордың өз есебі бар шығар. Ал халықтың есебінде денсаулық, тұрмыс, ұрпақ тәрбиесі, ата-бабадан жалғасқан таным мен түсінік тұр. Бұл екі есептің таразысы бірдей емес.
ШАҒАН КЕЛІСІМ БЕРДІ ДЕЛІК. АЛ БӨДЕНЕ ШЕ?
Енді мәселенің ең түйінді тұсына келейік. Шаған ауылында қоғамдық тыңдау өтіп, белгілі бір келісімге қол жеткізілді делік. Алайда жобаға қатысты мәселе Шағанның әкімшілік шекарасымен ғана шектеле ме? Өндірістің ықтимал экологиялық, санитарлық және әлеуметтік әсері көршілес ауылдарға жетпей ме? Бұл сұрақтарға тиісті мамандар мен жауапты мекемелер нақты жауап беруге тиіс.
Ал көрші Бөдене ауылының жайы не болмақ? Бөдене – картадағы бос нүкте емес. Ол жерде де ел бар, болашақтан үміт күткен халық бар. Олардың да өз түсінігі, өз ұстанымы, өз болашағына қатысты жоспары бар. Шағанмен меморандум жасалғанда, Бөдене тұрғындарының мүддесі қалай ескерілді? Олардың алаңдаушылығы зерттелді ме? Жобаға байланысты ықтимал залалдар жөнінде толық ақпарат берілді ме? Ең бастысы, Бөдене халқының пікірі билік шешім қабылдайтын деңгейде тыңдалды ма? Шағанның келісімі Бөдененің келісімі болып есептеле ме? Бір ауылдың атынан екінші ауылдың тағдырына қатысты шешім қабылдауға бола ма?
Міне, жауап күтіп тұрған сауалдар — осылар. Егер жоба көрші ауылдың да тіршілігіне ықпал етуі мүмкін болса, онда сол ауылдың тұрғындарын да талқылаудан шет қалдыруға болмайды. Мұнда мәселе біреудің жобаға қарсы немесе жақтас болуында емес. Мәселе шешім қабылдау барысында әр тұрғынның құқығы мен мүддесі ескерілуінде. Халықпен санасу дегеніміз – дайын шешімді жариялап, артынан меморандумға қол қойдыру емес. Халықпен санасу – шешім қабылданбай тұрып, оның салдарын түсіндіру, күмәнді сұрақтарға жауап беру, қарсылықтың себебін зерттеу және жұртшылықтың пікірін шын мәнінде есепке алу.
Бұған кім қарсы?
«ШОШҚАНЫҢ АТЫН АТАУДЫҢ ӨЗІН КҮНӘ САНАЙТЫН» АУЫЛДЫҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАЙДА ҚАЛАДЫ?
Бөдене – қазақ ауылы. Мұнда шошқаға қатысты діни тыйымның мәні мен салмағын түсінетін, оны күнделікті өмір салтымен сабақтастыратын адамдар тұрады. Мұсылмандық дүниетанымында шошқа етіне қатысты тыйымның орны бөлек екені белгілі. Кейбір отбасылар үшін бұл жай ғана тағам таңдау мәселесі емес, сенім мен ұстанымның ажырамас бөлігі. Әрине, қоғамда әртүрлі көзқарас болуы мүмкін. Біреу инвестициялық жобадан экономикалық пайда күтеді, енді біреу оның қоршаған ортаға әсеріне алаңдайды. Ал тағы біреу үшін мұндай өндірістің туған ауылының іргесінде орналасуының өзі дәстүрлі дүниетанымымен үйлеспейді. Бұлардың қай-қайсысын да елемеуге болмайды. Біз халықтың сенімін инвестициялық жобаның жолындағы елеусіз кедергі ретінде қарастыруға қарсымыз. Инвестиция – экономикалық ұғым. Ал ар-ождан мен діни сенім – адамның ішкі дүниесіне, қоғамның рухани болмысына қатысты құндылықтар. Экономикалық тиімділік рухани құндылықтарды автоматты түрде жоққа шығара алмайды. Ендеше, Шаған мен Бөдене халқының алаңдаушылығын «жобаға кедергі» деп қана бағалауға бола ма? Ауыл тұрғындары өздері үшін маңызды мәселені көтерсе, бұл инвестицияға қарсы шығу ма, әлде халық сеніміне қатысты шешімге байланысты талап па? Біреулер үшін шошқа шаруашылығы бизнес-жоба болғанымен, бөденеліктер үшін өздерінің сеніміне, ұлттық болмысына қайшы келетін құбылыс. Осы айырмашылықты түсінбей тұрып, жұртты бір ауыз сөзбен иліктіру мүмкін емес. Халықтың көзқарасын өзгерту қажет деп санасаңыздар, әуелі оның уәжін тыңдаңыздар. Ал тыңдағыңыз келмесе, жұртшылықтың үнсіздігін келісім деп қабылдамаңыздар.
«АУЫЛДАРЫҢЫЗ ТОЗЫП БАРАДЫ…»
Біз қатысқан кездесуде ресейлік инвесторлардың басшысы ауылдардың жағдайына қатысты: «Ауылдарыңыз тозып барады, жергілікті халықтың жағдайы аянышты», — деді. Көңілге ауыр тиетін сөз. Рас, ауылдың шешілмеген мәселелері бар шығар. Жөндеуді күткен ғимараттар, асфальт төселмеген көшелер, жаңартуды қажет ететін инфрақұрылым болуы мүмкін. Мұны ауыл тұрғындары да біледі. Олар өз ауылдарының жағдайын ешкімнен жасырмайды. Бірақ ауылдың тұрмыстық ахуалын сөз ету мен сол ауылдың қадір-қасиетін төмендету – екі бөлек нәрсе. Ауылдың тозғаны – онда тұратын халықтың намысы тозды деген сөз емес! Жолдың жөнделмеуі – сол елдің рухани жұтаңдығының белгісі емес. Ескі ғимарат – халықтың арзанға бағаланатындығының дәлелі емес. Әлеуметтік қиындық жергілікті жұрттың өз тағдырына қатысты шешім айту құқығынан айырылғанын білдірмейді. Ауылдың мәселесін шешуге көмектескісі келген инвестор болса, оған ешкім қарсы болмайды, бірақ көмек ұсынған адам сол көмекті жергілікті халықтың көзқарасынан жоғары қоймауға тиіс. “Ауылдарыңыздың жағдайы аянышты екен…” деген сөз көңілімізге ауыр тиді… Қатты сөзді біздің де айтқымыз- -ақ келді… Бірақ қонақтардың алдында ұстамдылық танытып, үнсіз қалдық… Дегенмен ұстамдылықты үнсіз келісіммен шатастыруға болмас. Әдеп сақтау – өз ұстанымыңнан бас тарту емес. Қонаққа құрмет көрсету – өз ауылыңның қадірін аяқасты етуге жол беру емес. Іштей «талпақ танаусыз да таңымыз атқан» деп ойлағанымыз рас. Бұл сөзді біреуді кемсіту үшін емес, қарапайым ақиқатты еске салу үшін айтып отырмыз: ауылдың өмірі бір ғана инвестициялық жобамен басталмайды және бір ғана жобамен аяқталмайды. Қазақ даласында талай ұрпақ өз тіршілігін өзі түзеп, өз еңбегімен күнін көрген. Ауылды жақсартудың жолы осы жоба ғана емес. Ендеше, инвестициялық жобаны ауылды дамытудың жалғыз мүмкіндігі етіп көрсету қаншалықты дұрыс? Әлеуметтік қолдаудың басқа жолдары жоқ па? Ауылға жұмыс орны, инфрақұрылым, тұрақты табыс керек екені рас. Бірақ халықтың құндылықтарымен санаспауы қалай?
ИНВЕСТОРДЫҢ РЕНІШІН БИЛІК ТЫҢДАДЫ, ЕНДЕШЕ, ОЛАР ХАЛЫҚТЫ ТЫҢДАСЫН
Облыс әкімдігінің инвесторлармен кездесуі – қалыпты жағдай. Инвестордың мәселесін тыңдау, заңды кедергілер болса, оны анықтау – мемлекеттік органдардың міндеті. Бірақ биліктің міндеті мұнымен шектелмейді. Билік инвестиция тартуға ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық мүддені ескеруге, шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге де жауапты. Сондықтан әкімдік алдында тұрған міндет – инвестордың ренішін басу ғана емес. Ең алдымен, халықтың сұрақтарына жауап беру. Біріншіден, Шағандағы жобаға байланысты қоғамдық тыңдаудың қорытындысы қандай? Тұрғындар қандай пікір білдірді, қандай қарсылықтар айтылды, олар қалай ескерілді? Екіншіден, Бөдене ауылының тұрғындарына жоба туралы қандай ақпарат берілді? Олардың пікірін тыңдау және мүддесін бағалау бойынша қандай жұмыс жүргізілді? Үшіншіден, өндірістің ықтимал экологиялық және санитарлық әсері қандай зерттеулерге сүйеніп бағаланды? Жобаға қатысты құжаттар мен қорытындылар жұртшылыққа қолжетімді ме? Төртіншіден, Шағанға жыл сайын бөлінеді делінген 20 миллион теңгенің жұмсалу тәртібі қандай? Қаражат нақты қандай жұмыстарға бағытталады және оның орындалуын кім бақылайды? Бесіншіден, жобаның әлеуметтікэкономикалық пайдасы мен ықтимал тәуекелдері салыстырмалы түрде бағаланды ма? Жергілікті халықтың пікірі осы бағалауға қалай енгізілді? Бұл – орынсыз талаптар емес. Бұл – ауыл тұрғындарының өз өміріне қатысты шешімнің қалай қабылданып жатқанын білуге деген заңды қажеттілігі. Билік пен инвесторлар осы сұрақтарға ашық жауап берсе, қоғамдағы күмән де азаяр еді. Ал инвесторлар өз наразылығын алға тарту арқылы халықтың алаңдаушылығын одан әрі күшейтіп отыр.
АР АУКЦИОНҒА ТҮСПЕУІ КЕРЕК
Біздің ұстанымымыз қарапайым: инвестицияға қарсылық емес, қоғамдық мүдде ескерілсін деген талап. Ауылға инвестиция қажет. Жұмыс орындары, салық түсімдері, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау – мұның бәрі маңызды. Бірақ инвестицияның құны тек қаржымен өлшенбейді. Оның қоғамға әсері, жергілікті жұрттың өмір сапасына ықпалы, табиғатқа келтіретін ықтимал салдары да есепке алынуы керек. Ең бастысы, халықтың сенімі ескерілуге тиіс. Сенім бұйрықпен орнамайды. Оны меморандумға қол қою арқылы сатып ала алмайсың. Ол ашық әңгімеден, әділ шешімнен, уәдеге беріктіктен және жергілікті жұрттың пікіріне деген құрметтен қалыптасады. Шаған тұрғындары белгілі бір келісімге келген болса, оның шарттары мен нәтижесі жұртқа түсінікті болуы керек. Бірақ сол келісімді Бөдене ауылының үнін елемеуге негіз етуге болмайды. Бөдене халқының барлығы бірдей қарсы немесе барлығы бірдей қолдайды деп те ешкімнің атынан сөйлеуге болмайды. Олардың пікірі қандай екенін өздерінен сұрау керек. Қолдай ма, қарсы ма – оны ашық әрі еркін айтатын мүмкіндік берілуге тиіс. Халықтың келісімі алдын ала болжанбайды. Ол тыңдау, түсіндіру және шынайы диалог арқылы анықталады. Әкімдік инвестордың ренішін тыңдады. Ендеше, ауыл халқының уәжін де дәл сол деңгейде тыңдасын. Инвестордың жоспары қағазға түскені үшін ғана оны өзгермейтін ақиқат деп қабылдауға болмайды. Ал халықтың қарсылығы жобаға қолайсыз болғаны үшін ғана елеусіз қалмауға тиіс. Талпақ танаудың жыры бітпей тұрғаны да содан. Әңгіме бір шаруашылықтың төңірегінде ғана емес. Әңгіме – ауыл тағдырына қатысты шешімді кім қабылдайды, сол шешімнің салдарын кім көтереді және халықтың дауысы қай кезде естіледі деген мәселеде. Біз тағы да сұраймыз: Шағанның келісімі бар делік. Ал Бөдененің үні қайда? Бір ауылдың келісімі екінші ауылдың үнсіз қалуына негіз болмауға тиіс. Инвестордың ренішін ескерген билік халықтың алаңдауын да ескерсін. Жиырма миллион теңгенің есебін көрсеткен тарап қоғамдық сенімнің есебін де ұмытпасын. Өйткені ауылдың жолын жөндеуге болады. Ескі ғимаратты жаңартуға болады. Ал халықтың сеніміне сызат түссе, оны жөндеу әлдеқайда қиын. Инвестиция келсін. Бірақ елдің мүддесі мен ұстанымын аяққа таптау арқылы емес. Ауыл дамысын. Бірақ ауылдың үнін өшіру арқылы емес. Ар аукционға түспесін!






