Қытымыр қыстың сарышұнақ аязында «Intellectual» білім беру орталығы апта бойы ерекше акция ұйымдастыру үстінде. Аязда бизнес орталықтың есігін айқара ашып, тоңған тұрғындар үшін тегін ыстық шай ұсынуы акцияның ерекшелігі десек болады. Ыстық шай ішіп, бойлары жылынған семейліктер әңгіме-дүкен құрып, ұялы телефондарынан мобильді қосымша арқылы қажетті қоғамдық көліктердің кес-тесін, бағытын бақылап отыруға мүмкіндік алды.
— «Intellectual» бизнес орталығы орталық сау-да үйі (ЦУМ) алаңында орналасқан. Бұл акция жөнінде барлық семейліктер мен қала қонақтары құлағдар болуы үшін арнайы хабарландырулар жасадық, жақын арадағы аялдамалардағы адамдармен жүздесіп, оларды өзімізге шақырамыз. Бұл жерде ыстық шай бар, жайлы орында асықпай қажетті қоғамдық көлікті тосып, бойын жылытып алуы үшін, тұрғындарға жағдай жасап отырмыз,- дейді акцияны ұйымдастырушы, «Intellectual» білім беру орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.
Акцияны жүзеге асыру еш қиындық тудырмаған. Олар бұл ізгі шара өзге ұйымдар мен ұжымдарға үлгі болады деп есептейді.
— Күннің суық болуына байланысты біз балалармен жұмыс жүргізіп жатқан жоқпыз. Сондықтан адамдарға көмектесуге уақытымыз жеткілікті. Оның үстіне шай мен тәттілер сатып алу да аса қиын емес қой. Қазіргі қоғамда әрбір адам өз жұмысымен әуре, өзгеге қол ұшын созуға құлықсыз. Бұл акция сәл де болса жағдайды өзгертіп, қаламыздағы өзге ұйымдардың да осы сияқты ізгі істерді қолға алуына себеп болады деген үмітіміз бар, — дейді жақсылыққа жаны құштар Еркебұлан.
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ, «Семей таңы»