Ядролық атом саласындағы жетістіктерді талқылау үшін жыл сайын Курчатов қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында ғылыми конференция өтеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» тақырыбын қамтыған VIII Халықаралық конференция Жапония, Беларусь, Қытай, Германия, Франция, Чехия, Ресей сынды алпауыт мемлекеттердің жетекші ғалымдарының басын біріктірді. Олар 11-ші қыркүйекте бастау алған конференция жұмысында ядролық сынақтар мен апаттар орын алған радиациялық қауіпті нысандардың радиоэкологиялық жай-күйін талдап, медицина мен өнеркәсіптегі радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін ғылыми жолмен шешуді қарастырды. Еліміздің Энергетика министрлігі, ҚР Ұлттық ядролық орталығы (бұдан әрі — орталық), Радиациялық қауіпсіздік және экология, Атом энергиясы, Геофизикалық зерттеулер, Ядролық физика институттары, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ, Қазақстанның ядролық қоғамының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған ауқымды шара орталықтың негізгі құрылымдық бөлімшелері болып саналатын Атом энергиясы институтының құрылғанына 60 жыл, Радиациялық қауіпсіздік және экология институына 25 жыл толуымен орайластырылды.
Конференция Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақановтың алғы сөзімен басталды. Мінберге көтерілген әкім конференцияны өткізу үшін Ұлттық ядролық орталықтың таңдалғаны тегін емес екенін жеткізді.
– Себебі бұл шара Семей ядролық полигонының осы жерге тигізген зиянын, зардабын ғалымдардың күшімен жою, ғылыми жобалар арқылы халыққа пайда келтіруді көздейді. Сондықтан конференцияның мән-мағынасын кем-артық бағалауға болмайды,- деді Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің құттықтау телеграммасын жеткізген Алмас Оңдақанов. – «Ұлттық ядролық орталықтың бейбіт атом жолындағы жұмыстары бүкіл қазақ елі үшін, әлем үшін маңызды екенін білеміз және бейбіт елдің келешегін жарқын етуге бағытталған бүгінгі жұмыстарыңыздың республиканың атом саласының инновациялық әлеуетін көтеруге септігі мол. Тұп-тура 27 жыл бұрын, 1991 жылы, қаржылық және әлеуметтік сипаттағы қиындықтарға қарамастан, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды өндіруді қамтамасыз еткен әлемдегі үш ядролық полигонның бірі болған Семей сынақ полигонын жабу туралы шешім шығарды. Бүгінде Ұлттық ядролық орталықтың ерекше сараптамалық базасы мен жоғары білікті қызметкерлерінің арқасында орталық дүние жүзі елдері бойынша атом саласын ғылыми зерттеуді ұйымдастыруда алдыңғы орында тұр. Осы жылдар ішінде орталық мамандары қазақстандық кооперациялармен және халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, Семей сынақ полигоны аумағында радиоэкологиялық жағдайды зерттеу жолында ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырды. Радиоактивтік ластанған аумақтар туралы толыққанды мағлұматтар алынды, ғылыми-техникалық халықаралық, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл мақсаттағы жұмыстар ары қарай да жалғаса береді деген сенімдемін. Барлықтарыңызға жемісті жұмыс, кәсіби жетістіктер тілеймін»,- деп жазылған хатта.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жіберген хатты да тыңдадық. «Құрметті қонақтар және конференцияға қатысушылар, қымбатты әріптестер! «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» атты VIII Халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Ағымдағы жылы өткізіліп отырған конференция жұмысы, ғылыми мәселелерді талдап-талқылаудан бөлек, Атом энергиясы институтының 60 және Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының 25 жылдығына арналып отыр. Қос бірдей айтулы мереке конференцияның маңызын аша түспек. Мерейлі дата – бұл кезекті кезең, атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, жаңа межелі міндеттер қоюға себепкер болмақ. Екі институттың мамандары Қазақстанның атомдық энергетика және радиоэкология саласының құрылуына, дамуына үлкен үлес қосты. Мықты мамандардан құралған ұжым көп жылғы тәжірибесінің, кәсіби түрде жаңа технологияны енгізудің арқасында реакторлық және ректорлық емес зерттеу құрылғылары арқылы қарапайым әрі қиын міндеттерді шешуде. Олар тек Семей сынақ полигоны аумағында емес, Қазақстанның басқа да стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор нысандарда радиоэкологиялық зерттеу жүргізіп келеді. Биылғы конференция тақырыбының мән-маңызы кеңінен талданып, өз жемісін береді деп, осы жерде айтылған ұсыныстар, тәжірибе алмасулар қолданбалы физика, атомдық энергетика және радиоэкология салаларындағы болашақ жобалардың жүзеге асырылуына негіз болатынына, шет мемлекет ғалымдарымен арамыздағы әріптестік қарым-қатынасқа тың серпін беретініне кәміл сенемін»,- деп жазылған министрдің құттықтау сөздерін «Қазақстанның ядролық қоғамы» ассоциациясының атқарушы директоры Наталья Жданова жеткізді.
Құттықтау хаттары оқылғаннан кейін, Атом энергиясы институтының директоры Мәжін Сқақовтың Ұлттық ядролық орталықтың реакторлық кешендерінің құрылу тарихы мен дамуы жөнінде баяндамасы тыңдалды.
— 1958 жылдан бастап КСРО Министрлер Кеңесі ядролық ракеталық қозғалтқыштар мен ядролық энергоқозғалтқыш құрылғыларды құру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде қаулы қабылдады. Осы мақсатта 1961 жылы термиялық нейтрондарында ИГР — импульстық графиттік реакторы пайдалануға берілген-ді. Қаулы «Луч» деп аталатын мекеменің, үкіметтік емес ұйымның құрылуына тікелей қатысы бар мемлекеттік деңгейдегі алғашқы құжат болды. Біріккен экспедиция Кеңес Одағы кезінде елдің қорғаныс қабілеттілігін нығайтудағы міндеттерді шешумен айналысты. 1992 жылдың 15 мамыры күні біріккен экспедиция Ұлттық ядролық орталықтың құрамына енді. 1993 жылы ҚР Министрлер кабинетінің «ҚР ҰЯО құрамындағы институттарды ұйымдастыру жөніндегі» №1082 жарлығымен, «Луч» үкіметтік емес ұйымы біріккен экспедициясы базасы негізінде, ҚР ҰЯО-ның Атом энергиясы институты құрылды. 2013 жылы Атом энергиясы институты филиалын ҰЯО-ның еншілес мекемесі ретінде құру туралы шешім шығарылды. Қазіргі күні институт елімізде атом энергетикасын дамыту, атом энергетикасының қауіпсіздігі мәселелері бойынша ядролық және термоядролық техникалардың конструкторлық материалдарына сараптамалық зерттеулер жүргізу, радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу сияқты жұмыстарды атқаруда,- дейді М.Сқақов.
Атом энергиясы институты директорының баяндауынша, институт қарамағында эксперименттік базалар бар. Базалар ИВК, ИГР, Токамак реакторлары, Лава-Б, EAGLE стендтерімен жарақталған. ИГР зерттеу реакторы кешенінің құрылысы 1958 жылы басталып, қысқа мерзім ішінде аяқталды. 1960 жылы реактор физикалық тұрғыда іске қосылды. Бұл КСРО-ның ең мықты ядролық зерттеу реакторы болды. Осы жылдың көктемінде ғалымдар мен мамандардың бастамасымен «Байкал-1» зерттеу реакторларының кешенін құру жөнінде шешім шығарылады. Ядролық ракеталық қозғалтқыштарды сынау үшін құрылған кешеннің құрылысы 1964 жылдың қыркүйегінде басталған-ды. 1961-1966 жылдар аралығында ИГР реакторында 450-ден астам іске қосу жұмыстары жүргізіліпті. М.Сқақов атап өткендей, ИГР реакторының интегралды қуаттылығы жоғары. Оның эксперименталдық қуысындағы термиялық нейтрондардың диаметрі 228 мм болса, биіктігі 3825 мм. Байкал-1 кешенінде 1960-1970 жылдары реакторды қайта жөндеу жүргізілген екен. Ал 1971 жылы ИВГ.1 реакторының монтажы аяқталып, бір жылдан соң оның физикалық қосылуы, 1975 жылы наурыз айында тәжірибелік алаңда энергетикалық іске қосылуы орын алған.
Осыдан кейін Франциядан келген Ф.Серре (F.Serre) мен Жапония елінің ғалымы Т.Ятцуянаджи (T.Yotsuyanagi) Ұлттық ядролық орталықпен бірлесе қолға алған ғылыми зерттеулер, жобалар турасында айтып берді.
Конференцияның ашылуынан кейін тілшілер қауымына сұхбат берген ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков үш күндік конференцияда қаралатын атом, термоядролық энергетика салаларын қамтыған өзекті тақырыптар, ұсыныстар мен тың жобалар орталықтың жұмысын жандандыра түсетінін айтып, Атом энергиясы институты мен Радиациялық қауіпсіздік және экология институы жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды.
— Жоғары нәтижелерге жету жолында қос институт мамандары, ядролық орталық қызметкерлері аз тер төккен жоқ. Біз мақтанышпен айта алатын істер атқарылды. Ол – атом станциясы мүмкіндіктерін зерттеу, Семей сынақ полигонына Ақтаудан ядролық жанар-жағармай тасуға байланысты жобаны жүзеге асыру. 3050 шақырым жерден отын әкелу — Гиннестің Рекордтар кітабына енгізуге болатын ерекше тәжірибе. Сондай-ақ зор жетістік деп шетелдік әріптестермен тығыз байланысымызды айтуға болады. Қазақстандық материалтану Токамагы қондырғысын физикалық іске қосу, Семей сынақ полигонында жасалатын зерттеулер, оның нәтижелері — мұның бәрі көп жылдар бойы маңдай термен келген үлкен жетістік,- деді Эрлан Ғадлетұлы.
Бас директор Эрлан Батырбековтің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні ядролық қару сыналған барлық дерлік инфрақұрылым жойылған. Сынақ алаңының 10 мың шаршы километріне радиоэкологиялық кешенді зерттеу жүргізілген. Бұл полигонның жалпы аумағының 60 пайызын құрайды. Зерттелген жерлерді қайта оңалту кезеңі келесі жылы басталмақ. Радиоактивті қалдықтар шығарылатын арнайы кешен салынады деген жоспар бар. Сонымен бірге жыл аяғына шейін токамак қондырғысы физикалық іске қосылады. Физикалық іске қосу күрделі іс болғандықтан, әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бірегей жоба Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанның атом ғылымын дамыту және әлемдегі ITER-дің бірінші термоядролық реакторы халықаралық жобасын қолдау мақсатында Ресей Федерациясымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып отыр.
Қазақстандық Токамак — термоядролық реактордың жоғары температуралы режімінде жұмыс жасайтын материалдарды зерттеу және сынауға арналған әлемдегі жалғыз қондырғы. Токамакта зерттеулер жүргізу еліміздің дүниежүзілік термоядролық бағдарламада жетекші орынға ие болуына мүмкіндік береді. Естеріңізде болса, бүкіл әлем көз тіккен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі шеңберінде 2017 жылдың 11 маусымында «Тұрақты энергетиканың дамуын қамтамасыз ету» конференциясы барысында ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков пен ITER халықаралық ұйымының бас директоры Бернар Биго арасында қазақстандық токамакта бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде келісімшартқа қол қойылған болатын. Мұндай энергетикалық термоядролық реакторларды құру дүние жүзі халқын экологиялық таза энергия қуатымен қамтамасыз етуге жол ашпақ.
Семей сынақ полигонында кешенді радиоэкологиялық зерттеу жұмыстары алдағы үш жылда аяқталуы тиіс. ҚР Ұлттық ядролық орталығы Радиациялық қауіпсіздік және экология институты жанындағы оқу-ақпараттық орталығының жетекшісі Юрий Стрильчук зерттеу нәтижелері полигон аумақтарының шаруашылықпен айналысуға жарамсыз я жарамды екенін анықтауға мүмкіндік беретінін айтады.
— Кешенді зерттеулерге сүйенсек, қазірдің өзінде сынақ алаңының 2 мың шаршы километрі түрлі шаруашылық қызмет үшін берілмейтіні белгілі болып тұр. Себебі мұндағы радиациялық қауіптілік жоғары. Полигонның басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамыту және пайдалы қазбаларды өндіру үшін қолданыла бермек,- деп ойымен бөлісті Ю.Стрильчук.
Иә, биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 27 жыл толды. Бірақ жойқын жарылыс жаңғырығы халық санасынан өшкен емес. Қолдағы бар нақты деректерге сүйенсек, КСРО Қорғаныс министрлігі мен атом өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен құрылған сынақ алаңында 1949-1989 жылдар аралығында 456 қуаттылығы әртүрлі ядролық жарылыстар жасалды: әуеде — 116, жер үстінде — 30, ауада — 86. 1961 жылы жер астында барлығы 340 ядролық жарылыс сыналды. Жер бетінде сыналған бомбалардың қуаты Хиросимаға тасталған зарядтардан 2,5 мың есе асып түсті. 1991 жылы 29 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, ядролық қарудан бас тартқан алғашқы ел ретінде тарих беттерінде алтын әріппен жазылды.
— Соңғы бес жылда атомдық энергетика және радиоэкология салаларында, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруына қарсы саясатты қолдау мақсатында бірегей ірі ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімдер жасалып, меморандумдарға қол қойылды,- дейді Э.Батырбеков. — Орталықтың материалдық-техникалық базасы біршама нығайды. Жаңа зертханалар, механикалық жөндеу шеберханалары ашылды, радиоэкология және атомдық энергетика саласында зерттеу жүргізу үшін заманауи құрылғылар сатылып алынды, автопарк жаңартылды. Халықаралық әріптестік туралы айтар болсам, біз жапондық әріптестерімізбен бірге іске асырып жатқан жобаларымызды ерекше атап өткім келеді. Бүгінде бірнеше жылды қамтитын EAGLE жобасы қолға алынып, оның аясында ауқымды шаралар жасалуда.
Қазір TOSHIBA және Marubeni Utility Services компанияларымен CORMIT жобасының екінші кезеңі шеңберіндегі жұмыстарды жалғастыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Тағы бір бірегей жоба ретінде ИВГ.1М және ИГР зерттеу реакторларының жанар-жағармайын үнемдеуді айтуға болады. Халықаралық әріптестік шеңберіндегі бұл жұмыстар 2017 жылы басталып кеткен. Жоба АҚШ Ұлттық зертханаларымен, Ресей Федерациясы кәсіпорындарымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық ядролық орталықтың ендігі мақсаты — Қазақстан Республикасының 30 жылдығында, яғни 2021 жылы полигон аумағын толыққанды кешенді зерттеп, қолдануға жарамды жерлерді жекеменшік иелеріне қайтару.
Үш күн бойы бір-бірімен тәжірибе алмасып, ой-пікірлерін ортаға салған тәжірибелі һәм білікті мамандар, білгір профессор-ғалымдар конференция тамамдалғаннан кейін реакторлық кешендерді аралап, тәжірибе алаңына, «Балапан» сынақ алаңында орналасқан Атом көліне, Семей сынақ полигоны және ҚР Ұлттық ядролық орталығы мұражайларына, зертханаларға экскурсия жасады.
Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы».